Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ер Жәнібек батырға арналған мүшәйраның жеңімпазы -...

06.08.2014 3365

Ер Жәнібек батырға арналған мүшәйраның жеңімпазы - Жүрсін Ерман

Ер Жәнібек батырға арналған мүшәйраның жеңімпазы - Жүрсін Ерман - adebiportal.kz

Ер Жәнібек.jpg

Ер Жәнібек баһадүрдің 300 жылдық тойына арнап ШҚО әкімшілігі жариялаған аламан жыр бәйгесі мәресіне жетті. Мүшәйрада еліміздің белгілі ақындарынан бастап, жас таланттарға дейін бақ сынасты. Жыр додасында сексеннен астам үміткердің қатарында Моңғолиядан, Қытайдан танымал ақындардың болуы мүшәйра деңгейін көтеріп, ауқымын кеңейте түсті.

Бәйге қоржынына келіп түскен туындылардың ішінде батыр болмысын жан-жақты сомдаған көлемді поэмалар да, толымды толғаулар да, өрнекті өлеңдер де болды. Алайда, бәйге жеңімпаздарын анықтау қазылар алқасына оңай болмады. Себебі көпшілік ақындар батырға қатысты көне аңыздардың аясынан шыға алмай, тарихи оқиғаларды баяндаудан аса алмай, бірін бірі қайталауға ұрынған. Айталық, Көкдөнен мен Ақ туға қатысты өлеңдердің өзі 30-дан асты. Сарапшылар мұндай бірсарынды өлеңдердің ішінен таңдаулыларын ғана сұрыптап алды. Ер Жәнібектің тарихи тұлғасын жырлай отырып, бүгінгі күннің биігінен сөз айта білген, заман тынысын, қоғам келбетін тереңнен қозғаған көркем туындыларды басты назарда ұстады.

Сонымен, білікті ғалымдар мен танымал ақындардан құралған, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын Несіпбек Айтұлы төрағалық еткен қазылар алқасы сараптап саралай келе төмендегідей ұйғарымға келді:

Бас жүлдені (темір тұлпар) – «Ерлік жыры» атты өлеңімен Қазақтың арқалы ақыны, Алаш сыйлығының иегері Жүрсін Ерман жеңіп алды.

Бірінші орын алматылық танымал ақын Бақытбек Бәмішұлының «Рух жыры – Ер Жәнібек» поэмасына берілді.

Екінші орындарды «Ер Жәнібек» өлеңімен өскемендік Азамат Тасқара және «Жәнібек – Ер Жәнібек – Би Жәнібек» дастанымен жезқазғандық Кенжебай Ахметов еншіледі.

Үшінші орындарды моңғолиялық Сұраған Рахметұлы «Жарқа Эльбрусі», «Кие» атты өлеңдері үшін, астаналық Ақберен Елгезек «Ер Жәнібек, Ер Жәнібек!» толғауы үшін, өскемендік Әскерхан Ақтай «Қырлаулы найза қолға алған» толғауы үшін иеленді.

Ынталандыру сыйлықтары ШҚО-тық Айжарық Әбілхасымовтың «Ел қорғаны – Ер Жәнібек» поэмасына, маңғыстаулық жас ақын Еділбек Дүйсеновтің «Ер Жәнібек» толғауына, астаналық Бауыржан Қарағызұлының «Ер Жәнібек рухына» өлеңіне, атыраулық Әлия Дәулетбаеваның «Жәнібектің ақ туын жоқтау» өлеңіне, алматылық Мақсұтхан Баркөл-Дәлейдің «Аруағың аунасын» терме-толғауына бұйырды.

Сонымен бірге Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімов, Шәкәрім атындағы Семей Мемлекеттік университеті және «Ер Жәнібек» қоры тағайындаған арнайы сыйлықтарды Егеухан Мұхамәдиқызы (ШҚО), Қайрат Кәмей (ҚХР), Ерлан Жүніс (Астана), Адалбек Ақмәдиұлы (Алматы), Толыбай Абылаев (Қызылорда) қатарлы ақындар қанжығасына байланды.

Жүлдегерлерді марапаттау рәсімі Өскемен қаласында өтеді. Уақыты қосымша хабарланады.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар