Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ербол Бейілхан: Мұңаймаңызшы, жүрек, Сіз!...

16.02.2016 3910

Ербол Бейілхан: Мұңаймаңызшы, жүрек, Сіз!

Ербол Бейілхан: Мұңаймаңызшы, жүрек, Сіз! - adebiportal.kz

 

*** *** ***


Мазасыз бұлттар маңады,
Тиянағы жоқ, тірексіз.
Мөлдіреп бота жанары,
Жыламаңызшы, жүрек, Сіз.


Арқаның керім самалы,
Ақ селеу толқын - ақ теңіз.
Шұғыла төксе таң әні,
Жанымыз жұпар баққа егіз.


Жасыл түс ауса жиренге,
Құс әні қалған Күз шығар.
Күп-күрең ұяң сиренге,
Сырын шертеді қыз - шынар.


Қазбауыр бұлттар көшеді,
Тіреу жоқ Аспан, тиексіз.
Кеудеме қонған көшелі,
Мұңаймаңызшы, жүрек, Сіз!

 


Күзбенен қоштасу


Қара суға қаймақ түсті, қараша ауыл қи жақты,
Боз қырауға бозайғырдай аунап түсіп қыр жатты.
Қайтқан қаздың қаңқылынан келе-келе бұлт үркіп,
Қоңыр аңды жота-жонды аппақ ұлпа қар жапты.


Аппақ қарға, аппақ болып салар ертең құр ойнақ,
Жолаушыны жүргізбейді пыр-пыр ұшып шіл ойнап!..
Күп-күрең боп, алма-кезек күреседі күз бен қыс,
Тәкаппарлау таутекенің мүйізінде күн аунап...


Қайтқан құспен жоннан үркіп, ойға түстің, Қараша,
Жапырағың тоналған күз жаныңа кім араша?..
Қоштаса алмай біз секілді жылай-жылай жүдеген,
Үйір-үйір бұлттар көшкен, күз аспаны аласа ә!..

 


*** *** ***


Көбелек қар, жерге қонған көбелек,
ақ қанатын қаға кеп.
Ақтың бәрін бұл күндері аяймын,
қоғам күйе жағар деп...


Дүние аппақ, қар жамылған дала аппақ,
Ұшқындайсың далақтап.
Ертең біздер топыраққа сіңеміз,
...күнтізбені парақтап...


Көбелек қар, қонба жерге ұшып жүр...
жерде көбі ісіп жүр.
...Жанымның бір көбелегі бар еді,
Түсімде кеп құшып жүр...

...Көбелек қар...

 

 

Музаға сыр...

 

Күрсінейін...
жирен күзге барайық, жүрші деймін!
Ай нұрына шағылған дидарыңнан,
Қайың - тағдыр жүрекпен бір сүйейін!

 

Қайың - жүрек...
Көңіл сынық, жүрме екен Айым жүдеп!
Өкпе артып тірлікке не қыласың,
Жорға өмірде жүрістен жаңылды көп?!

 

Жорға өмір...
Жабы көрдім жол бермес жолда небір!
Сен ақсұңқар құс едің қақ қанатты,
Тоты құсқа жарасар тордағы өмір.

 

Кейіпкерім...
Көктем іздеп, күзім де еліткенім!
Өлең болған жылдарға өкінбеймін,
Есімді ал, есер ет, еліт мейлің!..

 

 

Өлең барма деп сұрадың...

 

Мұратхан Шоқанға!

 

 

- Өлең барма? деп сұрадың, Мұратхан,
Асыл сөз ед(і) жанымызды жұбатқан.
Тарғыл-тарғыл таутекелі тауда ойнап,
Сен де, мен де елге оралдық жырақтан.
Көсем сөзге мәйектенген ұл едік,
Қара өлеңді қанып ішкен бұлақтан.

 

Ортасында «өмір» деген дауылдың,
(Естісі жүр арқаланып ауыр мұң.)
Сен өлеңге он жасыңда ен салып,
Мен өлеңмен отыз бесте ауырдым.
Өлеңсіз-ақ, өтер ме едім тірліктен,
Білесің бе, бір сәулені сағындым!..

 

Үкі тағып кекіліне үміттің,
Сырлас болды бізбен қанша түбіт түн.
Некелі Айға ғашық боп ем, ессіздей,
Бізді арманға жеткізбеді елік - күн!..
Шашаларын қызыл-жасыл гүл бояп,
Өлең-жырдың арғымағын мініппін.

 

Су төгілмес, жорға мінген есілген,
Аттың үсті мерейіңді өсірген.
Ғашық болған «өрімталдар» иіскейді,
Жусан иісті дала аңқыған төсіңнен.
«Өлең барма?» деген сол бір жылы сөз,
Неше күндей шықпай қойды есімнен.

 

Тәңір қолдап, жүрегіме гүл ексе,
Жүрек гүлі адалдықты ту етсе.
Мыңды қойшы, миллиондар кешпеген,
Жүрегімде сезімім бар ерекше!
Өлең деген - сол сезімнен туатын - 
Сары күздей сар(ы) сағыныш емес пе?!

 

- Өлең барма? - деп сұрадың, Мұратхан,
Асыл сөз ед(і) жанымызды жұбатқан.
Тарғыл-тарғыл таутекелі тауда ойнап,
Сен де, мен де елге оралдық жырақтан.
Көсем сөзге мәйектенген ұл едік,
Қара өлеңді қанып ішкен бұлақтан.

 

 

Сетер Қыз

 

Былтырғыдан биыл мүлде бөтен күз,
Күздей мұңлы, күздей қоңыр екенбіз!
Жазды аяқтап жайлаудан ел көшкенде,
Жаздай болып сен жолықтың, Сетер Қыз!

 

Жаздай болып сен жолықтың, Сетер Қыз,
Балдан тәтті, тәттіден бал шекерміз!
Бал күндерді дөңгелетіп қаңбақтай,
Көз алдымда көшіп жатыр шетен күз.

 

Көз алдымда көшіп жатыр шетен күз,
Шетен күзге шер төгумен өтерміз.
Жаһандағы жалғыз ағаш секілді,
Біз адамдар бөлек-бөлек екенбіз!

 

Бөлектенбей, мені өмірдей сүйген қыз,
Сағыныш қой жапырақтар күйген түз.
Өтпек желдей өткінші бұл ғұмырға,
Сен екеуміз сағыныш боп келгенбіз!

 

Сенде қалай? 
Менде тағы Жалғыздық!
Жан дертімді ұрттап ішем жалбыз қып.
Күңіреніп күз аспаны жылайды,
Жүрегімді тамшылары айғыз қып.

 

Былтырғыдан биыл мүлде бөтен күз,
Күздей мұңлы, күздей қоңыр екенбіз!
Жазды аяқтап жайлаудан ел көшкенде,
Жаздай болып сен жолықтың, Сетер Қыз...

 

 

*** *** ***

Дін, діл, рух, шежіре, сөз аралас,
Бес діңгексіз адам аш.
Сөз сөйлейсің түрлендіріп əй, пендем, 
ісің неге жалаңаш!?

 

Обал, сауап, иман, ұят төртеуі,
Қазақтықтың өлшемі.
Ұлытаудай биік ойлар еңселі, 
жақсы көрем мен сені!

 

Бес діңгекті, төрт қасиет толтырып, 
Тұма-тұма ой тұнып.
Пенде болмай - адам болып қалсақ қой, 
Іштегі итті өлтіріп...

 

*** *** ***

Ойладым ба сағынам деп осынша?
Сыр айтушы ең досымша.
Торғыннан мұң жамылмаса деп тұрам,
екі жүрек қосылса.

 

Күту, аңсау, тауыса-тауыса тағатты,
Құланиек таң атты.
Жасымды ұрлап бара жатыр уақыт,
сыртылдатып сағатты.

 

Өмір бізге қарап және қарамай,
желіп кетіп барады-ай!
Көлдей көңіл шөл кешеді кей сәтте,
жаңбыр күткен даладай.

 

Шымыр-шымыр сыздап сыршыл жүрегім,
Ой еліне түнедім.
- Өлеңіңіз әдемі екен- деседі ел,
-Кейіпкерім ғажап қой,- деп күлемін...

 

 

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар