Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ербол Тілешов: Дәуірдің рухани-мәдени болмысы және...

20.05.2016 3101

Ербол Тілешов: Дәуірдің рухани-мәдени болмысы және көркемдік жүйе

Ербол Тілешов: Дәуірдің рухани-мәдени болмысы және көркемдік жүйе - adebiportal.kz


erbol_tleshov (1).jpg

Ұлттың өмірді тану, айналадағы қоғамдық құбылыстарды бағалау түсінігі әрқашан қордалану, жинақталу үстінде болмақ. Бұл көркемөнер түрлерінің ішінде ең алдымен әдеби шығармалардан көрініс табады. Бұл ерекшелік барлық халықтардың әдебиетіне тән құбылыс дей отырып, оның, әсіресе, қазақ әдебиетіне өте-мөте етене екендігін айтамыз. Қалай дегенмен де қазақ жерінде өнердің музыка, сәулет, сурет, мүсін сияқты түрлеріне қарағанда, сөз өнері ерекше дамығаны белгілі. Сондықтан да қоғамдағы әртүрлі саяси болсын, қоғамдық болсын, философиялық болсын ойларды бейнелеуде қазақ сөз өнері қашанда өзге өнер түрлерінен үздік әрі озық болып келді. Бұл арада басқа өнер түрлеріне қарағанда сөз өнерінің өзіндік ерекшелігін де айрықша атап өтуге боларлық. Ол жөнінде Ахмет Байтұрсынұлы өнер түрлерінің әрқайсысына сипаттама бере келіп: «Қандай сәулетті сарай болсын, қандай сымбатты я кескінді сүгіреттер болсын, қандай әдемі ән-күй болсын – сөзбен сөйлеп, сүгіреттеп көрсетуге, танытуға болады. Бұл өзге өнердің қолынан келмейді» - деген болатын /1, 7/. Ал, әдебиет теоретигі В.Е.Хализев әдебиеттің өзге өнер түрлерінен ерекшелігін оның сөз арқылы жасалатындығымен байланыстырып: «Сөз – адам санасы мен қарым-қатынасының басты формасы» екендігін келтіріп, сөз өнерінің айрықша рөлін атап өтеді /2, 114/. Шынында да көркемөнердің өзге түрлері дәл сөз өнері сияқты адамды, қоғам болмысын, оның өткені мен бүгінін мейлінше дәл, жете, жан жақты бейнелей алмайды. Осыдан келіп, өнердің басқа түрлерімен салыстырғанда, сөз өнерінің жеке адамнан, оның ішкі әлемінен бастап жалпы әлеуметтің, сәттік уақыттан бастап үлкен тарихи кезеңдердің көркем кескінін жасай алатындығын және бір атап өтеміз.


Қоғамдық сананың басқа түрлеріне қарағанда әдебиеттің ерекшелігі белгілі бір қоғамдық-әлеуметтік ортада өмір сүретін адам арқылы, оның көркем бейнесін жасау арқылы сол өзі суреттеген дәуірдің әлеуметтік-рухани келбетін танытады десек, онда әдебиет тікелей өмірдің өзін, ондағы қарым-қатынастарды емес, сол дәуірде қалыптасқан сананы, әлеумет пікірін зерделейді. Яғни, әдеби шығармаға арқау болатын тақырып, жазушының оны белгілі мақсатпен бейнелеуі (шығарма идеясы) сол қоғамдық сананың рухани-көркем игерілуінен барып жүзеге асады. Бұл турасында ірі ақындық дарын иесі, қазақтан шыққан тұңғыш жоғары білімді әдебиетші Мағжан Жұмабаев «Алқа» бағдарламасында: «Тұрмыс пен жаратылыс ақынға тек тиянақ. Осы тиянаққа таянып басып, осыны құрал қылып, көптің көргенін, көптің сезгенін жанап, бір топ қылып, сол топқа ақын өзінше түс беруге міндетті» деп дәл айтқан болатын /3,65/. Мағжан мұнда әлеуметтің ойын жинақтап, саралаудан өткізіп («көптің сезгенін жанап, бір топ қылып» ), қаламгердің көркем бейнелеуге түсіретін («ақын өзінше түс беруге») мегзеген.


Қоғамдық қарым-қатынастар, саяси оқиғалар, әлеуметтің жағдайы, елдің тұрмысы, шаруашылық деңгейі – қоғамның жалпы келбетін жасайды. Бұл – базис. Дәуірдің саяси, әлеуметтік жағдайы, қоғамдық қарым-қатынастар. Бір сөзбен айтқанда қоғамның болмысы - моделі. Қоғамның жалпы келбеті, яғни оның осы базисы – әлеуметтің ой-санасын, қоғамдағы көзқарастардың жиынтығын, яғни қоғамдық ойды түзеді. Осы қоғамдық ой ауқымында алуан саяси, әлеуметтік, діни, философиялық ойлар, тенденциялар өмір сүреді. Жазушы қоғамның бір мүшесі болғандықтан, сол базистің ортасында өмір сүргендіктен, қоғамдық ойды қабылдаушы, түсінуші, ең бастысы – суреткер болғандықтан оны қорытушы, көркемдік мазмұнға айналдырушы, көркемдік пішінге түсіруші рөлінде болады. Сонда бұдан мынадай қорытынды шығаруға болады: ең алдымен - базис, қоғамның моделі, содан кейін одан өрістейтін – қоғамдық ой, содан соң осы ойды бейнелеуші – көркем әдебиет болмақ.


Дін мен философия қоғамдық сананың түрлері ретінде сөз өнеріне жуық келеді. Сол себепті әдебиетте дін, философиялық ойлар мейлінше кең көрініс табады. Діни сана – имандылықты, ізгілікті құндылықтарды насихаттайтыны аян. Яғни белгілі бір идеалды қағида, үлгі ретінде ұсынады. Мұндай ерекшелік әдебиетте де бар. Әрбірден соң кез келген халық әдебиетінің, әйтеуір, бір дәуірінде діни әдебиет міндетті түрде басым бағыттардың бірі болады. Қазақ әдебиетінде діни-ағартушылық ағым біздің ойымызша, шамамен 1830-40 жылдардан бастап 1910 жылдарға дейін кеңінен көрінді. Дін мен әдебиеттің сабақтастығы, діни идеялардың әдеби-көркем идеяларға айналуы небір озық шығармалар тудырды. Мәселен, Абай, Мәшһүр-Жүсіп шығармашылығы. Қоғамның діни сауаттылығы, дінге қатысы, діни белгілері сол қоғамның санасында өмір сүреді. әдебиет осыны бейнелейді. Ал, философияға келсек, бұл өзі жалпы сөз өнерін ұстап тұратын ірі ұстындардың бірі. Адамды, жалпы өмірді тану, жаратылыс пен тіршіліктің мәніне үңілу, шындық пен ақиқатты іздеу, мейірім, парасат, парыз тағы да басқа құндылықтарды зерделеу – бәрі-баршасы философиямен бірге әдебиеттегі де басты тақырыптар қатарынан орын алады. Белгілі бір дәуірдің жоғарыда аталған құндылықтары жөнінде қалыптасқан ой-пікірлері болады, олар сол заманның қоғамдық санасының ажырамас, негізгі бөлігін құрайды. Қоғамның діни санасы жөнінде де дәл осылай айтуға болады. Жалпы қоғамдық сананы қалыптастыратын жағдаяттардың баршасы сол қоғам мүшелерінің пікірін қалыптастырады десек, онда өзге қоғам мүшелеріне қарағанда қаламгерлердің пікірі ерекше белсенділігімен әрі айрықша тереңдігімен, сондай-ақ айналадағы құбылыстар мен оқиғаларға рухани баға беруімен ерекшеленеді. Ахаңның, Ахмет Байтұрсынұлының: «Елде жоқ рух – ақын сөзіне қайдан келсін?!» деуі /1,/, Абдолла Байтасов пен Даниял Ысқақов 1920 жылдардың ортасындағы әдеби айтысқа үн қосқан «Көркем әдебиет туралы» мақаласында: «Әр заманда бір үстем пікір (идея), үстем ұран шығады. Әрине, оны ешкім ойлап шығармайды. Тұрмыс туғызады» - деп жазуы /4, 52/ қоғамдық сананың сөз өнеріне деген ықпалын анық аңғартса керек.


Қоғамдық сананы қалыптастыратын рухани-философиялық түсініктердің жиынтығы, атап айтқанда, әлеуметтің өмір мен қоғам жөніндегі ой-түсініктері бірте-бірте сол кезеңнің шығармаларында бейнеленеді. Яғни, қаламгерлерге ең алдымен өз дәуірінің рухани-философиялық, қоғамдық-әлеуметтік ойлары ықпал етпек. Сол қоғамда өмір сүріп отырған қаламгер сол кезеңнің саяси, қоғамдық, этикалық, эстетикалық, философиялық тенденцияларын жақсы ұғынып, сезініп оларды саралайды. Ол қоғамдық ойлар мен концепциялар кезеңнің ағымдағы әдеби үдерісіне шешуші ықпал етпек. Оны дәуірдің рухы, дәуірдің рухани келбеті, дәуірдің көңіл-күйі деген ұғымдармен белгілесе болады.


Дәуірдің осындай рухы көркем шығарманың тақырыптық-идеялық бағдарын айқындамақ. Ал, тақырып пен идея, яғни не жөнінде айту, оны қалай айту – осы айтқаныңды қандай жолмен беруді, яғни шығарманың формасын анықтайды. Шығарманың осы формалық қалыбына оның жанры, стилі, композициясы енеді. Әр кезеңнің рухани-философиялық түсінігі белгілі бір уақыт ауқымында өзінше, дербес көрініп, сол дәуірдің әдебиетінің қандай болмағын айқындайды. Дәуірлердің алмасуы әдебиетті қашан да жаңа ізденістерге апарып, сонысымен ілгерілетіп оған жаңа идея, жаңа форма дарыта бермек. Осыларды қаперге ала отырып, әрбір кезеңнің әлгіндей рухани-философиялық түсінігін, өз сөзімізбен айтсақ дәуірдің рухын тану арқылы біз сөз өнерінің даму арналарының табиғатын жете һәм терең түсіне алмақпыз. Мәселен, жыраулар поэзиясы тұсындағы дәуірдің рухы – елдік-жауынгерлік рух, зар заман әдебиеті тұсында – отаршылдыққа қарсылықты рух, Абай тұсында – сана рухы, Алаш тұсында – еркіндік рухы, кеңестік заманда – коммунистік рух. Бұл жалпы түсінік, шолғыншы ұғым. Осы ұғым-түсініктердің әр қайсысы жөнінде жеке-жеке тоқталып көрейік.


Қазақ тарихына «хандық дәуір», ал әдебиет тарихына «жыраулар поэзиясы» делінген атаумен енген ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы әдеби-мәдени үдеріс өзінің алдындағы және өзінен кейінгі кезеңдерден түбірлі айырмашылықтармен ерекшеленететіні қай қайсысымызға да белгілі. Дәуірдің осындай төл белгілерінің бірі – қоғамдағы сөз өнері мен шығармашылық иесінің орны мен мәртебесіне де тікелей қатысты. Зерттеуші ғалым, көрнекті қаламгер жыраулардың таза шығармашылық иесі ғана емес, мемлекет қайраткері, философ, қолбасшы болғандықтарын жан жақты дәлелдеп берген болатын. Классикалық көшпенді өмірдің үлгісі болған хандық дәуірде әдеби шығарма тудыратын тұлғалар, яғни жыраулар таза шығармашылық иесі болмаған. Олардың қоғамдағы мәртебесі – халықтың бірлігін сақтаумен, мемлекетті нығайтумен, ел билеушілеріне жөн айтумен тығыз байланысты болатын. Сондықтан олардың қоғамдағы орны, негізінен алғанда, жыраулығымен емес, қайраткерлігіне байланысты еді. Осы реттен келгенде, жырау – қазіргі көзқарастағы шығармашылық иесі, ақын, жазушы, көсемсөзші, суретші, сазгер сияқты мамандықтың болмаса кәсіптің емес, мемлекеттік мәселелерді шешуші орында болатын. Бұл кезеңде қаламгерлік кәсіп емес, мемлекетке, халыққа қызмет етуші болатын. Жыраудың осы қоғамдық мәртебесі оның өмірге, жалпы халыққа, жеке адамдарға деген қарым-қатынасын қалыптастырды. Осындай қатынас, әлбетте, олар тудырған әдеби туындылардан барынша көрініс тауып жатты. Біз жыраулар поэзиясының идеялық-тақырыптық мазмұны мен бағытын айтқанда, осы мәселеге мықтап көңіл бөлгеніміз абзал. Жыраулардың елшіл-мемлекетшіл тұлғасы әдебиеттің де этатикалық мазмұнын қалыптастырды. Сондықтан жыраулар поэзиясы тұсындағы әдеби дәуірдің ең басты, негізгі рухы – елдік-жауынгерлік рух болды. Осы елдік-жауынгерлік рух жыраулар поэзиясының әдеби-көркем лексикасын, стилін қалыптастырды. Осы кезде туған толғауларға көтеріңкі стиль тән.


ХІХ ғасырдың бірінші жартысында қазақ қоғамының рухани келбеті өзгеріске түсе бастады. Хандық дәуірдің орнына отаршылдықтың келуі, одан өрбитін өзгерістер – қоғамдық санаға ерекше ықпал етіп, ол әдебиеттен соған сай көрінісін тауып жатты. Жыраулар тұсындағы елдік-жауынгерлік рухтың орнына отаршыл үкіметтің саясатына қарсы отаршылдыққа қарсылықты рух қалыптаса бастады. Оның басты үлгілері Дулат, Шортанбай, Мұрат т.б. өлең-толғауларында кеңінен көрінгені бұрыннан белгілі.


Отаршылдықпен бірге орыстың, батыстың оқу-білімінің қазақ даласына келе бастауы ағартушылық идеяларды қалыптастырды. Орыстың оқу-білімін үлгі-өнеге еткен тұлғалар шыға бастады. Оның алғашқысы – оқымысты Шоқан болса, Ыбырай Алтынсарин орыстың білімін қазақ даласына таратушы алғашқы педагог-жазушы болғаны, ал, Абай заманның райын байқап, дәуірдің бет-бағдарын болжай келе орыс білімінің артықшылығы жөнінде ойлар айтқаны белгілі. Осы кезеңдегі әдебиетте ағартушылық рационализмнің нәтижесі ретінде сана рухы үстем бола бастады. Сондай-ақ сөз өнеріндегі сана рухын діни-ағартушылық әдебиеттің өкілдері де тереңдете түсті. Ақмолда Мұхамедиярұлы, Майлықожа Сұлтанқожаұлы, Мәделіқожа Жүсіпқожаұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, Әбубәкір Кердері, Молда Мұса тағы басқалар шығармаларындағы діни-ағартушылық ойлар осы дәуір әдебиетінің басты тенденцияларының бірі болды.


ХХ ғасырдың басы қазақ қоғамында ұлт-азаттық қозғалыс кезеңі болғаны белгілі. Біз бұл арада ұлт-азаттық қозғалыс ұғымының ауқымына тек саяси-қоғамдық мәселелерді ғана емес, сонымен бірге қозғалыстың мәдени-рухани құбылыс болғандығын да енгіземіз. Қазақ қоғамының ояну кезеңі болған бұл жылдарда азаттық идеялары, адам бостандығы мен құқығы, әйел теңдігі мәселелерінің алдыңғы қатарға шыққандығын білеміз. Ахмет Байтұрсынұлының, Ғұмар Қараштың, Мұхамеджан Сералиннің, Міржақып Дулатовтың, Спандияр Көбеевтің, Мағжан Жұмабаевтың, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың т.б. шығармаларындағы азаттық идеялары дәуірдің әдеби келбетін айқындады. Алаш ұранды әдебиет сол заманның еркіндік рухынан бастау алып, өрістеп жатты.


Төңкеріс нәтижесінде билік басына большевиктердің келуі, барлық салада қатал коммунистік режимнің орнауы – жалпы көркемөнерге, оның ішінде, әсіресе әдебиетке тікелей ықпал етті. Социалистік реализмнің совет әдебиетінің бірден бір көркемдік тәсілі ретінде танылуы мен таңылуы әдеби шығармаларды идеологияның нәтижесі, әрі осы нәтижеден туған саясаттың қаруы етті. Әдебиетті майдан, көркем шығарманы коммунистік идеялардың трафареті, жазушыны партия жауынгері ету белең алды. Барлық қоғам партияның уысына, коммунистік идеологияның құшағына енді. Сөйтіп, қоғамдық ойда коммунистік рух үстемдікке ие болды. Осы коммунистік рух советтік дәуірдегі қазақ әдебиетінің басты бағытын, негізгі жүрер жолын белгілеп берді.


Қоғамдық сананың өзгеруі – әдеби дәуірлердің алмасу, пайда болу, алыптасу межелерін айқындайды. Әдеби дәуірлердің өзара алмасуы дегеніміз, түптеп келгенде көркемдік жүйелердің ауысуы. Сондықтан біз әдебиет тарихын дәуірлегенде осындай көркемдік жүйелердің сипатын тануымыз қажет. Ең алдымен көркемдік жүйеге қандай компоненттер енеді деген мәселені шешіп алу қажеттілігі туындайды. Біздің ойымызша, жүйе құраушы компоненттерге: дәуірдің рухани-философиялық таным-түсінігі, содан өрістейтін әдеби-көркем тенденциялар, сонымен бірге дәуірдің моральдік-этикалық климаты, басты әдеби кейіпкерлер жүйесі, әдеби тілдің сол дәуірдегі басты ерекшеліктері, жанрлар жүйесі, шығарма композициясы, көркем стиль сияқты ерекшеліктер жатады.


Ешқандай жаңа дәуір бірден көркемдік жүйе жасап кете алмайды, бастапқыда барлығы да сол заманның көкейкесті мәселелерін жалаң, тіпті публицистикалық сипатта айтуға бейім тұрады. Бұл табиғи құбылыс. Сондықтан әрбір жаңа дәуір басталған тұста сол кезеңнің сипатын жасайтын шығармалар әсіре идеяшылдықпен ерекшеленеді. Бұл сол әдеби дәуірдің басында ерекше күшті тенденцияшылдықты қалыптастырады. Осы идеяшылдық бірден емес, біртіндеп барып қана көркемдікке бөленіп, бастапқы ұраншылдық бейнелі сипатқа ауыса бастайды да сол кезеңнің көркемдік жүйелерін қалыптастырып, соңынан дәстүрге айналады. Алғашқыда тікелей айту, жалаң білдіру бұдан былай бейнелілік бітімге ие болады да, соған орай кейіпкерлер жүйесі, жанрлық-құрылымдық, стильдік қырлар дәуірге сай даралана бастайды. Оны мазмұнның көркем пішінге айналуы десе де болғандай, осы үдеріс қашанда шынайы көркем әдебиетті қалыптастырады. Бастапқыдағы саяси, қоғамдық, тәрбиелік, яғни әдебиеттің идеяшылдығы шынайы көркемөнерлік сипатқа қарай ойысады. Сөз өнері ұраншыл емес, ой мен сезімге әсер етуші, әдебиет жұмсайтын саяси қару емес, сананы жаңғыртушы функцияға ие болады да, әуелгі көркемөнерлік мазмұнға көшіп, айқын бедерленген саяси, тәрбиелік міндетке емес, өзінің әуелгі табиғи мақсатына – ізгілікті гуманистік мақсатқа бұрылмақ.


Дәуірдің мәдени санасында сол уақытқа тән сөз-бейнелер, образ-идеялар, ассоциациялар, кейіпкерлер, ұғымдар, символдар өмір сүреді. Олар алдыңғы дәуірлерден осы кезеңге ауысуы мүмкін, оларды дәстүрлі әдеби-рухани қабаттар дейік. Сонымен бірге сол кезеңнің тарихи-мәдени қалпы туғызған әдеби-рухани қабаттар болады. Бұларға қоса, осы кезеңде енді тамырын жайып, нышан-белгілерін көрсете бастаған, бірақ келесі дәуірде өркен жаятын әдеби-рухани қабаттың алғашқы жоба-нұсқалары болады. Осыларды өз шығармаларына пайдалану ретіне қарай біз шығармашылық иелерін дәстүрлі, жаңашыл деп ажыратамыз. Дәстүрлі ақындар оны толықтырады, жетілдіреді. Ал, жаңашыл суреткерлер өз кезеңінің мәдени-рухани қабатын жасайды, сондай-ақ бұлардың шығармаларында келесі кезеңнің өкілдері тұғыр етерлік тілдік-стильдік белгілер байқалады.


Әдеби-тарихи дәуірді қалыптастыратын жүйеқұраушы компоненттердің бастысы, біздің түсінуімізше, ілгеріде айтылған дәуірдің рухани-философиялық танымы, дәуірдің рухы. Дәуірдің осы рухы жалпы қоғамдық сананың, оның бір бөлшегі болып табылатын әдеби-көркем сананың ұйытқысы болмақ. Сондықтан, біз дәуірлеу мәселесінде дәуірдің рухын жасайтын философиялық-танымдық концепциялардың табиғатын барлауымыз қажет. Дәуірдің рухында сол заманның рухани-философиялық, тарихи танымы жатады. Осы таным ағымдағы әдеби үдерісті қалыптастырады. Себебі, сол дәуірде өмір сүрген кез келген қаламгер сол рухты сезінеді, дәуірдің рухани-философиялық мәселелері оны толғандырып, шығармашылық тебіреніске түсіреді. Шығармашылық тебіреніс – қандай да болмасын шығармашылықтың бастауы, қаламгерді белсенді шығармашылық әрекетіне бастайтын қайнары. Бұл жөнінде кемеңгер Абай:

Тәңірінің күні жарқырап,

Ұйқыдан көңіл ашар көз.

Қуатты ойдан бас құрап,

Еркеленіп шығар сөз.

Сонда ақын белін буынып,

Алды-артына қаранар.

Дүние кірін жуынып,

Көрініп ойға сөз салар

деп шығармашылық тебіреніс үстіндегі ақынның бейнесін дәл әрі көркем бейнелейді.


Дәуірдің рухын ең алдымен сезінетін өнер адамдары, оның ішінде, әсіресе, сөз өнері иелері. Өнердің, әдебиеттің болмысында заманның райын жедел сезінетін, оған бірден реакция жасайтын, сөйтіп қалам иесін шығармашылық тебіреніске түсіретін қасиеттің бар екендігі жөнінде ғылымда айтылып келеді. Мәселен, орыс философы М.С.Каган көркем шығармашылық жөнінде: «дискурсивті емес, интуитивті таным болғандықтан ол көптеген материалдарды талдау мен жинақтауға құрылған ғылыми-теориялық ойлаудың қашанда алдында тұрады» – дейді /5, 396/. Өйткені суреткер адамға, қоғамға, әлеуметке бейжай емес, жанашыр жүрекпен, адами тілекпен қарайды. Ол қоғамдық-әлеуметтік құбылыстардың құпиясына, адамның пейіл-тілегіне, олардың қатпарлы тылсымдарына, сыр тұнған қойнауларына үңіледі. Сондай-ақ өткенді таразылайды, келешекке ой тастайды. Осыдан барып, суреткердің алғыр ойы, терең пікірі кеше-бүгін-ертең араларына көпір салып, жаратылыстың, заманның рухани дидарын сомдайды. Қоғам рухының ең алдымен сөз өнері иелері арқылы сезілуі, жарыққа шығуының көрнекті мысалдары қазақ әдебиетінің тарихында да баршылық. Мәселен, ХVІІІ ғасырда туған болжалдық өлеңдер жөнінде айтсақ та жеткілікті.


Әдебиет тарихын толық тануда, оның дәуірлерін межелеуде замана рухы немесе дәуір рухы категориясының ерекше маңызды екендігіне ең алдымен адамға әлеуметтік немесе қоғамдық тип қана емес, сонымен бірге ой-санасы арқылы өзін қоршаған орта жөнінде түсінік жинақтаушы – белгілі идея ауқымында әрекет етуші тұлға ретінде қарайтын болсақ, онда адам, жай ғана адам емес, шығармашылық иесі сол қоғамның басты рухани танымын іске асырушы болып табылады. Сондықтан, бұл тұста біз қаламгердің қоғамдық ойларды безбендеуші, қорытушы рөліне ерекше мән беруіміз керек. Әдеби дәуір – белгілі бір шығармалардың жиынтығынан құралады десек, онда осы көркем дүниелерді тудырған қаламгер болмысы, оның философиялық аңсары, рухани танымы мәселесі, әсте шет қалмауы тиіс. Бір дәуірдің ауқымында өмір сүрген қаламгерлердің шығармашылығының басын қосатын ортақ желі – олардың заманының ортақтығы ғана емес, ең бастысы – дәуірдің ортақ рухында жатыр. Сол рухты өзара ұқсас таным арқылы қабылдауларында жатыр. Сол себепті, дәуірдің рухы, осы рух қазанында қайнап жатқан рухани-философиялық таным қырлары – сол дәуірде өмір сүрген ақын-жазушылардың шығармашылық бағытын, суреткерлік бетін айқындайды. Заман тынысын сезінудегі, танудағы үндестікті аңғартады. Ал олардың өзіндік ерекшелігіне келсек, онда дәуірдің ортақ рухын олардың дербес түсінуімен, оны қалай қабылдағанымен, қабылдай отырып, қалайша бейнелегенімен ұғындырылады. Мұнда суреткерлік позициядан өрістейтін әр қаламгердің көркемдік танымы, көзқарасы шешуші маңызға ие болады. Осы ойлардан өріс ала отырып, әдебиет тарихын дәуірлеу мәселесінде, жалпы әдебиет тарихын зерделегенде әдебиеттің мазмұны мен пішінін қалыптастыратын әрбір дәуірдің рухани-философиялық танымын, яғни замананың рухын тануды мақсат етуге тиіспіз.



Әдебиеттер

1. Байтұрсынұлы А. Әдебиет танытқыш. Зерттеу мен өлеңдер. Алматы: Атамұра, 2003.

2. Хализев В.Е. Теория литературы. Москва: Высшая школа, 2004.

3. «Алқа» айқындамасы // Д.Қамзабекұлы. Руханият. Алматы: Білім, 1997.

4. Байтасов А., Ысқақов Д. Көркем әдебиет туралы //Алаш ақиықтары. Мақалалар. Құжаттар. Аудармалар. Алматы: Алаш, 2006.

5. Каган М.С. Философия культуры. Санкт-Петербург, 1996.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар