Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Ербол Алшынбай: Сын сындарлы болсын...

05.11.2017 13248

Ербол Алшынбай: Сын сындарлы болсын

Ербол Алшынбай: Сын сындарлы болсын - adebiportal.kz

Жуықта «Қазақ әдебиеті» газетінде «Біржан сал» киносы хақында «сын» мақала жарияланды. Авторы сыншы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Әмина Құрманғалиқызы. Әуелі қазақ киносының жылт еткен жаңалығын қалт жібермей бақылап отыруға тиісті сыншының кино көрерменге жол тартқаннан кейін он жылдан соң ғана көріп отырғанына таңырқадық. Себебі, кино 2008 жылы жарыққа шыққан. Әрине, «Біржан сал» сияқты сүбелі туынды, классикалық кино үшін жүз жылдан кейін де жазуға болады. Мұндай туындыға әр заманның ұрпағы өз ойын айтып, әр қырынан ашып жатса құба-құп. Бірақ, Әмина Құрманғалиқызы сияқты «сыншы, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі», ұлт мәдениетін жіті қадағалап отыратын зиялының өз заманында түсірілген киноны он жылдан кейін көріп, байбалам салуы шынымен де түсінбестік тудыратын жайт.

Жазбаны оқып шыққаннан кейін кино өнеріне қатысымыз болмаса да, үнсіз қала алмадық. Себебі, мақалада жөнсіз сөздер көп-ақ. Автордың мақсаты сынау ма, әлде, мінеу ме? Сын әділетті болса – сын. Авторда жазу мәдениетінің, сын мәдениетінің қалыптаспағаны анық байқалады. Мақаланың тұтас болмысынан дүрсілдеген, зіркілдеген эмоция мен өзі айтып отырғандай «Не болса да қамтып қалайын» деген ызалы кек көрініп тұр. «Адымдап жүрмеген, сақылдап күлмеген. Жылжып қана жүріп, жымиып қана күліп, сабырмен,сыбырмен ғана сөйлеген» қазақ қызы екенін білетін апамыздың өзі бүйткеніне жол болсын.«Киноның бүкіл өне бойында бір атүстілік, асығыстық бар. «Не болса да қамтып қалайын» деген бір қомағай өзімшілдіктің иісі аңқиды» деген сөзді шын мәдениетті өнертанушы айтпас болар. Он жыл ойланып тапқан міннің бағдары – осы.

Сыншымыз «Біржан сал» фильмін «Қыз Жібекпен» салыстырыпты. Қазақ кино өнерінің бір биік шыңы «Қыз Жібекпен». Әрине, заман ыңғайы мен уақыттың озуына орай, қазір киногерлерде техникалық мүмкіндік бай. Бірақ, жазба авторы осы фильм үшін кино режиссері Сұлтан Қожықовқа тырнақ астынан кір іздеген сан ғайбат тағылып, классик киногердің тіпті, бірнеше рет инсульт алғанын білмейтін болса керек. Бүгін «Қыз Жібекті» бәріміз ұлт киносының жауһары деп білеміз. Міне, уақыттың сыны. «Біржан сал» да сондай туынды.

Тағы бір күлкілі жайт, өз жазбасын тұтас этнографиялық мәселеге арнаған сыншымыз қазақтың «сал-сері» деп аталатын әлеуметтік әскери орденінің жайы мен жапсарын білмейтіні. «Сал» сөзін «сал ауыруымен» шендестіріп түсінетіні байқалады. «Ал, сал деген кім?» деп сұрақ қойған автор оған өзі жауап беріп, «Сал сөзі – қимылсыз, қозғалыссыз, әрекетсіз деген сөз. Сал – өмірге, дүние-малға, шешімтал әрекетке жоқ, қандай да бір соққыны терең қабылдап, үнемі өзгелерден мейірім, көмек, махаббат, еркелету күтеді. Жас баладай әрі қорғансыз, әрі шалдуар (шамасы шалдуар деген сөздің де мәнін білмейді). Салдың тағы бір сипаты бақсы-құшынаштау, дуаналау, арқасы, киесі болады» деген анықтама жасайды. Бұл бір қарағанда, бір дүмше молданың күлкілі жазбасы сияқты көрінгенімен, ұзақ ғасырлар бойы даламызда салтанат құрған «сал-серілік» дәстүр мен «жанболатсыз» жауға шапқан, самиян даланың төсінде қаны тамбаған жер қалмаған осы авангард әлеуметтік топтың, батыр бабаларымыздың аруағын қорлау. Көрнекті фолклортанушы ғалым, тақауда дүниеден өткен Едіге Тұрсыновтың зерттеулеріне сүйенсек, сал-серілер алғашқыда әскери ордендер болған, жаудың өтінде жүріп, ел қорғаған баһадүр сайыпқыран ерлер десе, Таласбек Әсемқұлов: «Қылышымның майын бер» деген мақал болғанын айтады. Яғни, сал-серілер дегеніміз кімдер? Сал-серілер – рыцарьлық орденнің қалдықтары. Ол – ертеден құрбаншыл, пидагер әскер болған. Яғни, жауға сауытсыз, кіреукесіз шабады екен. Әскерге ерліктің үлгісін көрсету, дем беру үшін. Сонда әскердің қолбасшылары «Аналар жауға сауытсыз шапқанда, сендер неден қорқасыңдар» дейді екен. Көп жағдайда сал-серілер түгелдей қырылатын болған. Былайша айтқанда, олар әскери әулеттен тараған.Ал Ресейдің қол астына өткен соң, сал-серілерге қару-жарақ асынуға тыйым салынады. Енді олар қылыш-найзаларын қойып, қолына домбыра ұстап, әртістік богемаға айналып кетті. Ән салып, күй тартып, ел қыдыратын болды» деген дәйек келтіреді.

Сал мен серіні бөлек категория ретінде қарастырып, салды аурулар қатарына қосқан зерттеушіміз, сері дүниеден баз кешпейді деген тұжырым айтады. Сөйте тұра, Ақан серіні мысалға алады. Ақанның құлагері мен базараласы өлген соң дүниеден баз кешіп, безіп кеткенін Мағжан қандай толқыныспен жазғаны бар оқырманның есінде. Мұны білу бастауыштық сауатқа жатады. Ал, белгілі ғалым Едіге Тұрсыновтың пікірінше, қазақта «сал» мен «сері» сөздері қатар айтыла береді. Жай адамдар түгілі, сал-серілердің өздері де бұл атауларды бір-бірімен қонысы аулақ атаулар деп есептемеген. Мысалы, Біржан сал бір өлеңінде «Сіз бұрын естіп пе еңіз Біржан серді» десе, Біржанның шөбересінің келіні Рахия деген кісінің айтуына қарағанда, Біржанның жұбайы Әпіш күйеуін «Сері» деп атаған. Ал, өз жанымыздан қосарымыз, сөзге себеп болып отырған Біржан салдың «Баласы Қожағұлдың Біржан салмын, Өзім сал, өзім сері кімге зармын» деген әнін біздің сыншымыз тыңдап көрмегені өкінішті.Сондықтан жарты ақпарат, жартыкеш біліммен өлі аруақты күңірентпей, тарих туралы сөз айтар алдында кезкелген ұстазсынған жазарман сауатын ашып алғаны абзал.

«Алдындағы олжасын атып кеткенде, тіксініп қалады. Осы жерде бір-екі болашаққа алаңдаған сөз айтуы керек еді» - дейді сыншымыз. Ақыл айтып үйреніп қалған ауызға не тыйым? Киноның тілі деген болады. Оны үгіттің, насихаттың жалынды сөзіне үйреніп қалған апам қайдан түсінсін. Даланың сал-серілерінің алдындағы аңын казак солдаттарының атып алуы – символдық эпизод. Оның мәні – киеңе қол көтерді, қасиетіңе қол сұқты деген сөз. Алдындағы несібін жатқа жегізбеген абадан бабаларымыздың сол он тоғызыншы ғасырдағы пұшайман күйін сидырған осы алапат лепес «Біржан сал» киносының көзге жас үйіретін әсерлі тұстарының бірі ғана. Осы жерде данышпан Асқар Сүлейменовтың «Өнердiң өмiрден айырмашы­лығы – өнер өмiрден үйренбейдi. Оның жаратылыстан болмаса, өмiрден алар дәрiсi жоқ. Өнердiң өз өткенi, өз бүгiнi, өз логикасы мен динамикасы бар» деген сөзін ескергеннің артығы болмас.

Мақаладағы тағы бір жосықсыз мін «Біржанда шешімтал әрекет жоқ», - деген айып. Есіңізге түсіріңіз, кинода көненің көзі би Маңғабыл «ұрғашы көп, ел біреу» дейді Біржанға. Жаны сүйген Ләйліден ел тыныштығы үшін бас тартып отырған Біржанның әркетінен артық шешімтал әрекет бола ма? Дәстүрдің қарымы қатты заманда ел егер болмасын, ағайын жау болмасын деген ниетпен Біржанның Ләйліден бас тартуы, өзегі өртенсе де өкінішсіз кетуі ел азаматына тән ірілік емей немене? Біржанның жолына жаны құрбан Ләйлінің «Қош, арыстаным, маһшарда күтем» деуі де осы ірілікке риза болған пейілден туған сөз еді.Апамыз жерден алып, жерге салған осы кино ұлт зиялылары тарапынан тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ киносының сүбелі табыстарының бірі ретінде бағаланғаны есімізде. Әрине талғамға талас жоқ. Сыншы апамыз мүлде басқа кино көрген шығар. Ұлт руханиятының абызы Әбіш Кекілбайұлының «Біржан сал» киносы туралы тебірене жазғанын кезінде бәріміз жарыса оқып, жан сарайымыз көркейгені бар. Сондағы Әбіш Кекілбайұлының «Еркіндікпен қоштасқан есіл дәурен… Көзден бұл-бұл ұшқан салдық пен серілік дәурен жайлы еліге де, еліте де әңгімелей­тін бұл фильм ұлттық кинокеңіс­тігіміз­дің ел сенімін молынан арқалай алатын тағы бір тұрлаулы тұлғаға байы­ғанын ба­яндайды. Бұл бір өнерпаздың екінші өн­ер­паз жан дүниесін қалай ұққан­дығы ту­ра­лы жан толғанысы. Жан тебіренісі. Ав­торлық фильм. Фильм-моно­лог. Тұтас та сом туынды. Ойланта да, толғанта да алады» - деген пікірі санамызда таңбаланып қалған. Иә, Әбіштей дананы толғандырған фильм еді бұл.

Біржанның рөлін Бекболат Тілеухан сомдауы керек еді дегені тіпті күлкілі. Жұрт алдында арқаланып ән айтқанның бәрі камера алдында аса тұлғалы образ сомдайды деп кім айтты? Кинода басты рөлді сомдау мен Біржан салдың әнінен концерт берудің арасын айырып алған абзал болар. Кәсіби актерлердің өнеріне көңілі толмай отырған сыншымыздың талғам деңгейі осы болғаны ма сонда? Жоғарыда сөз еткен мақаласында Әбіш Кекілбайұлы киноның актерлер құрамы турасында: «Фильм осындай ауыр оймен аяқ­талады. Оны қойған Досқан Жолжақ­сынов. Аса талантты актердің режис­сура­дағы дебюті. Соған қара­мастан, биік талантқа лайық аса биік талғам мен талапты ұдайы сезіп отырасыз. Фильмде шашау шыққан бір жер жоқ. Бәрі өз орнын тауып, үйлесіп тұр. Әйгілі актердің өзі ойнаған Біржан бейнесі мейлінше дүлдүл өнерпазға тән шынайы­лыққа, өзек өртерлік құштар­лыққа толы. Жастықтағы албырт арман­дарына адал болып өткен абзал адамның тоқтасқан шағындағы өкініштері мен мұң-зарлары аса сенімді. Дәурені өтіп бара жатқан серілік тақсы­рет­тері өте сәтті шыққан. Қал­­ған актерлер басты тұлғаға бағынды­рыл­ған. Аша Матай, Мәди Мұқашев, Гүлшат Тұрарова, Саят Мере­кенов, Асылбек Смағұлов, Сағындық Жүнісов, Айдос Бектеміров, Төлеген Қуанышбаевтардың әрқайсысы мық шегедей қадалып, өз орындарын тапқан. Жас драматург Таласбек Әсем­құловтың әркімдер білетін әндер тақыры­бынан иірімі мол келелі тағдырдың келелі сипа­тын жүйелі кескін­дей алғаны сүйсіндіреді. Сюжеттің дәлдігі, сурет­теменің шынайы­лығы, тілдік мінез­де­ме­лердің дөп түскен­дігімен таңырқатады», - деген болатын. Ұлт руханиятының ақсақалынан асып не дей алғандаймыз? Тек, рөлден жас жігіт іздеген сыншы апамызға кино сюжеті кезінде Біржан сал алпысты алқымдап қалған кезі. Ал, оның ролін сомдаған Досхан Жолжақсынов сол кезде 55 жаста болғанын ескертеміз.

«Жесір келіншек Мақпалға Біржан көңілі шапқан уақытта келіп-кетіп көңілдес болып жүреді-міс. Қазақ тарихында болмаған масқара іс. Әлі күйеуінің жылы өтпеген жас жесірді ауыл шетіне оңаша отау тігіп ойнап-күлдіріп отырғызып қояды екен ғой тегі. Қазақтың жесір жөніндегі заңы өте қатал. Ол енесі, қайны, қайын атасы, тіпті бүкіл ауылдың аңдуында болады. Аяғын шалыс басып, азғындыққа барса, аямай жазалаған. Тіпті өлім жазасына бұйырған» деген сөзді жазып отырған апамыз Мұхтар Әуезовтің «Қаралы сұлуын» оқымаған сыңайлы. Бұл да сондай өнер туындысы екенін ескермейді. Апамыз «Біржан сал» киносын деректі фильм ретінде қарастыратын сияқты.Кинодраматургия дегеннің не екенін білмейді.Киноны тек музыкалық спектакль түрінде елестетеді. Әр жерде уағыз сөйленіп, мақалдатқан нақыл сөз айтылып, алтыбақанның қасында ән шырқалып,сонымен фильм бітіру керек деп санайтыны көрініп тұр.

Ұзын сөздің қысқасы – «Біржан сал» фильмі драматургиялық жұмысы мен режиссерлік шешім шебер үйлесім тапқан үздік туынды. Ұлттық кино. Қазақтың қаздай қалқып еркін жүрген дәурені басынан бұлбұл ұшып бара жатқанын білдіретін шерлі шежіре. Ел еркесі сал-серінің де дәурені өткенін мойындағысы келмей, аласұрған Біржанның көңіліндегі бұлқынысқа күллі қазақтың күрсінісі сиғаны жұрт көңілін толқытты. Ал, Ләйліні Біржанға қимай отырған сыншымыз «Жұрт мақтаған жігітті қыз жақтаған» деген қазақ мақалын білмейтін болса керек. Артынан аңыз ерген алты алаштың еркесі Біржан салға Ләйлі сұлу көрмей-ақ ғашық болса несі айып?

Енді бір маңызды сұрақ туады, «Біржан сал ма, Біржан шал ма» деген мақала ұлт руханиятына қандай пайда әкелді? Жақсымызды қарақтап, көрдегі аруақты қозғағанда не таптық? Қазақ руханиятының оқшау құбылысы болған марқұм Таласбек Әсемқұловтың көзі тірі болғанда, бұл жазбаны қалай қабылдар еді? Шын ұлт руханияты мен мәдениетінің жанашыр жоқшысы болған адам осының бәрін ойламағы лазым. Жақсының атын басқа ұрғанымызға қуансақ, ертең көш алдына жабы мінген жаман шықпақ. Сондықтан саф алтын өнерге салиқалы көзбен қараған абзал. Бір мезеттік көңілдің тыз етпе әсері өнерге баға болмақ емес.«Тарихи киноға абай болу керек. Бүтін бір ұлттың наным-сенімімен, намысымен, ұстаным-заңымен, ар-ұятымен ойнамау керек. Артыңда қалың қазақ тұрғанын ұмытпа, киногер!» деп аяқтапты сыншымыз сөзін.

Біз оның Мұхтар Әуезовтың «Мəдениетті əдебиет болсын деген адам мəдениетті ғылыми сынға ұмтылсын» деген сөзін де жадына мықты тұтқанын қалар едік.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар