Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ербол Бейілхан: Көшім хан - Сүзге (поэма)...

10.03.2016 5218

Ербол Бейілхан: Көшім хан - Сүзге (поэма)

Ербол Бейілхан: Көшім хан - Сүзге (поэма) - adebiportal.kz



І


Білініп көктен күз демі,

Құстардың қайтып тізбегі.

Ақ балтыр қайың қия алмай,

Жапырақтарын үзгені.

Сағыныш кернеп кеудесін,

Жүректің шертіп пернесін,

Өткеннің ойлап Көшім хан,

Сүзге ханымды іздеді.


Асау жүрегі бұлқынып,

Қыран бүркіттей сілкініп.

Қайдасың, қалқа Сүзге деп,

Сағыныш кернеп түзге кеп!

Қос жанарына шық тұрып,

Орнынан тұрды ұмтылып.


- Сібірім қайда баяғы,

Баққа оранған алабы.

Атымды естісе үркетін,

Дұшпаным қалай таяды?

Бағымды Алла қайтар деп,

Ек(і) қолын көкке жаяды.


Есілді ойлап егілді,

Тобылды аңсап төгілді.

Атаңа нәлет "Ермак" деп,

Тістерін қайрап кіжінді.

Дұшпанның өткен қолына,

Сібірді ойлап бүгілді.


Ай туып көктен кекілді,

Ой қамап алды не түрлі.

Зайсанның көлін айналып,

Қорғап тұр сан қол Көшімді,

- Алдиярлап бас ұрып,

Баста деп алға көшіңді.

Сезбейді-ау, мынау көп сарбаз,

Көшімнің хәлі дәл қәзір,

Жаралы арыстан секілді.


Жол таппай Көшім торықты,

Бұл күйге қалай жолықты!?

Сібірдің ханы боп жүріп,

Қазақтың жерін қорыпты.

Алтайға қарап ақ басты,

Көшім хан міне, соны ұқты.


Жігіттің болды арланы,

Тұлпардың болды тарланы.

Дүбірлетіп мың қолмен,

Талай қамалды алғаны.

Есілден көшіп сұлтан боп,

Қиялап ұшып сұңқар боп,

Есіне түсті тағы да

Сібірді жаулап алғаны.


ІІ


Сөзімнің болсын тұнығы,

Алтынның жатпас сынығы.

Күміспен күптеп қойсаң да,

Жалған өмірдің бір күні -

Бітеді екен қызығы.

Баяндап енді айтайын,

Хандық құрыпты Сібірде,

Қазақтың текті бір ұлы.


Айдарын желге тосыпты,

Атынан жауы шошыпты.

Сібірден жауы өте алмай,

Қазақ жеріне жете алмай,

Көшімнен үркіп босыпты.

Айбарлы ханның ерлігін,

Ақындар жырға қосыпты.


Жауынан қайтып ықпаған,

Дұшпанынан бұқпаған.

Қазақтың байтақ жеріне,

Жібермей жауын ұстаған.

Мұсылман етіп бар халқын,

Алланың жолын нұсқаған.

Көшім хансыз ай батып,

Сібірдің күні шықпаған.


Мұқаммедқұл - бас бегі,

Көкжалдай олда жас пері.

Қазақтар екен жауыңгер,

Көшімнің барлық әскері.

Өз дәуірінде Көшім хан,

Сұлуды таңдап сүйетін,

Әділетсіздікке күйетін,

Болып өтіпті нақ сері.


Қазақтан екен ханымы,

Терең болыпты танымы.

Тегіне тартып қайсар боп,

Ержеткен дейді әр ұлы.

Талайға үлгі болыпты,

Күлзипа бәйбіше сабыры.

Талай ақынға жыр бопты,

Сүзгенің ерлік жалыны.


Сарайы бопты алтыннан,

Өше ме естен нар тұлғаң.

Сібірден жауды асырмай,

Дұшпанына бас ұрмай,

Айналдың туған халқыңнан.

Күміс ердің қасындай,

Алыстамадың нарқыңнан.


Асау өзеннің арнасы,

Мұнартқан сен бір шың басы.

Мысырды билеп басқарған,

Бейбарыстардың жалғасы.

Дұшпанын салған табанға,

Ізгіліктердің жолдасы.

Еркіндік кезде Ер Көшім,

Тасада жатып қалмашы.


Астана еттің "Искерді"

Искерде елін түс көрді.

Ислам дінін жайып ең,

Жаратқан өзі күш берді.

Сібірде сермеп құлашты,

Атқардың қанша істерді.


Аңызға толы ерлігін,

Айтатын соны келді күн.

Халқынның жоқтап теңдігін,

Көрсеттің қазақ өрлігін.

Шіркін-ай, әттең амал не,

Болмаған екен дариға-ай,

Қазақ хандықпен бірлігін!..


Жер сақтау екен мұратын,

Ғасырға жетті ұлы атың.

Қазақтай текті ұлт барма,

Әр жерде хандық құратын.

Біз сондай еркін халықпыз,

Қалаған жерде тұратын...

Туған жеріне жау тисе,

Тұқымына дейін қуатын.


Тегінді тарих тектеген,

Уақыт үрікті көшпенен.

Жақсының жүрген ізіне,

Бақыттың гүлі көктеген.

Көшімнің салған жолынан -

Ормандай орыс сескеніп,

Екі жүз жылдай өтпеген.


Алысқа кетті-ау, атағын,

Рухты бабам, жаса мың.

Адал жар болды айтулы,

Сүзгедей сүйген қосағын.

Ақылды қазақ қызы деп,

Сүзгеге арнап хан Көшім,

"Сүзге-тура" деп ат беріп,

Жеке қалашық жасадың.



ІІІ


Жауынан асқан айласы,

Жаныңнан қымбат Әз басы.

Ерлігін айтсам Сүзгенің,

Аттиллаға сіңілі -

Томиристердің жалғасы.

Әйел боп туды демесең,

Бір өзі дара қолбасы.


Дидары күндей көрікті,

Ай жүзін самал өбіпті.

Әуелден шебер Жаратқан,

Ақыл мен көрік беріпті.

Он екі құлаш бұрымын,

Он екі ару өріпті.

Серуенге шықса керіліп,

Көргеннің бәрі иіліп,

Салтанатын келтіріп,

Тоқсан қыз соңынан еріпті.


Тал біткен "сіз" деп иіліп,

Сүзгенің тілін гүл ұғып.

Гүлзарды еркін аралап,

Жүреді екен шынығып.

Ақ қайың, жасыл желектен,

Тұрады екен сыр ұғып.

Ару Сүзгенің сырына -

Көшім хан іштей сүйініп.


Дидары айдан әрі асып,

Шұғыла таңмен таласып.

Ақылмен елді билепті,

Көшім мен Сүзге жарасып.

Сүзгедегі бұл мінез,

Дәстүрлі болып бағзыдан,

Ақжүністерден жалғасып.

Қыз Жібек пен Баяннан,

Сүзгеге жеткен алмасып.


Құртқа сұлудай кешегі,

Сүзге де өнер жетеді.

Еділге салып қайықты,

Ескекті өзі еседі.

Садақты тартса шіреніп,

Көздеген жерін теседі.

Желаяқ бопты жүгірсе,

Шапқан атқа жетеді.

Оқ жыландай атылса,

Бойындағы серпіні,

Жолбарыстай деседі.

"Саянның сүйрік құсындай"

Көкке де ұшып кетеді.

Бес жасынан ойнақтап,

Ат құлағында өседі.

Қазақтың қызы аяулы,

Арғы тегін айтайын -

"Жалайыр-Табын" деседі.


Түбекте екен сарайы,

Орманға толы маңайы.

Шығыстан шыққан алтын күн,

Арқан бойы биіктеп,

"Сүзге-тура" қалашығына -

Шұғыла шашып тарайды.

Қаланы қоршап қорған тұр,

Қалаға кірер қақпаны,

Жауыңгерлер қарайды.


Сүзгедей ханым ақылмен,

Ай менен күндей толыпты.

Сарайды салар кезде өзі,

Төңірегін шолыпты.

Қалашықтың ішіне -

Жүз жауыңгер қойыпты.

"Сауысқан мүйіс" деп атап -

Сарайдан шығар қайықпен,

Құпия есік қойыпты.

Көрегендігін артынан,

Тірі қалғандар көріпті...



ІV


Тарих тағы құбылды,

Көрші жатқан елдерге -

Ресей келіп ұрынды.

Алдыменен жаулады -

Татар, Еділ, Қырымды.

Отыз жылдай жауласқан,

Талай тұтқын алмасқан,

Сібірдің ханы Көшімнің,

Дұшпаны еді бұрыңғы.


Сібірге салды ойранды,

Көшім хан қатты толғанды.

Бейғам жатқан қалың ел,

Сібірді бермей қорғанды.

Атаман Гроза көп қолмен,

"Искерді" басып қолға алды.

Казактар еді әскері,

Қалаға салды ойранды.

Жеңіліс тапқан Көшім хан,

Қаша соғысып қорғанды.

1582 жылы,

Осындай оқиға болған-ды.


Қара бұлт басып аспанды,

Талай көзден жас тамды.

Көшімнің болмай хабары,

"Сүзге-тура" қалашығы,

Қорғаусыз иен бос қалды.

Мұхаммедқұл тұтқын боп,

Көшімге болды бас қайғы.

Иван Гроза әскері,

Сүзге ханым басқарған,

Қалашыққа лап қойды.


Қаланың мықты қорғаны,

Сібірді бұлт торлады.

Санаулы ғана қолменен,

Қаланы Сүзге қорғады.

Мұхаммедқұл тұтқында,

Көшімнен хабар болмады.

Иван Гроза айқасып,

Жиырма бір күн шайқасып,

Сүзге ханымды алмады.

Қолданды небір айланы,

Сонда да Сүзге болмады.


Қаланы қоршап жау тұрды,

Қорғалап көктен ай туды.

Алыса-алыса жауменен,

Сусын мен азық таусылды.

Көмек келмей сырт жақтан,

Сүзгенің амалы таусылды.


Сүзгеден солай бақ тайды.

Жауының мықты қақпаны,

Түнеріп Сібір аспаны.

Халқын жинап Сүзге де,

Адал сырын ақтарды.

- Қаладан сендер шығыңдар,

Жасырын жолмен қайықпен,

Айтқанымды ұғыңдар!

Шақырып жақын құрбысын,

Көшім ханға бергей деп,

Қайтсеңде оны көргей деп,

Кір шалмаған параққа,

Жалғыз сөйлем хат жазды.


Құрбысы қимай түсінді,

Сүзге ару, ауыр күрсінді.

Бекемдеп ішкі ойларын,

"Халқымды аман жібер!" деп,

Қайтадан Сібір түлер деп,

"Берілемін тірі" деп,

Үшбұрыштап хат жазып,

Садақтың байлап басына,

Иван Грозаға ұшырды.


Шуылдап Сібір орманы,

Қара бурадай түнеріп,

Қара бұлт торлап алғаны.

Найзағай ойнап аспаннан,

Маңайды түнек торлады.

Қара жаңбыр сіркіреп,

Қара жер жылап болмады.

Жебемен бірге желге ұшты,

Сүзгенің аппақ арманы...


Сүзгенің хатын оқыған,

Иван Гроза тасынды.

Жылай-жылай аспанның,

Көз жасы да таусылды.

Қаланы қамап қоршаған,

Шақырып алды қосынды.

- Тірідей түссең қолға деп,

Көрсем деп аққан жасыңды.

Армандап көп қол тұрғанда,

Қақпаның есігі ашылды.


Күдік пен үміт алмасты,

Қанша күн бұлар арбасты.

Қанша күн көкке күн шығып,

Сібірде жарты ай батты.

Ашынып тұрған қалың қол,

Қылышын көкке ойнатты.

Сүзгені ұстап тірідей,

Қалаға ойран салмақшы.

Иван Гроза бір оқпен,

Ек(і) қоян атып алмақшы.


Құтқарып барлық халықты,

Сарайда Сүзге қалыпты.

Тәнімді кәпір сипар деп,

Биік ағаштың түбінде,

Иван Гроза жеткенше,

Өзіне қанжар салыпты.

Текті боп туған қайран қыз,

Тектілік солай танытты.

Казактың барлық әскері,

Ерлігін көріп Сүзгенің,

Есінен танып қалыпты.



V


Алтайға түсті ақ қырау,

Зайсанның көлі суыды.

Ауыспалы екен бақ мынау,

Арландар жортқан Сібірде,

Шиебөрілер ұлыды.

Көз алдында Көшімнің,

Жау қолында мерт болған,

Сүзгенің қос бұрымы.

Есіне түсті тағы да,

Тәнін жауға қорлатпай,

Ерлікпенен мерт болған,

Сүзге ханымның қылығы.


Сауырдан самал ескені,

Хан Көшім кімге өкпелі?

Қараөткелден кеткелі -

Басынан нелер өтпеді.

Жеңіс болып білгені,

Шынар ағаштай көктеді.

Дәурені жүріп тұрған да,

Сібірге кімдер беттеді.

Бағы тайды ма кім білсін,

Басынан қырсық кетпеді.

Сүзгенің хатын алғалы,

Сібірден айырылып қалғалы,

Жүрекке түсіп қайғы-мұң,

Хан Көшім өзің кешпеді...


Көшім хан ойдан тосылды!

Кешегі қалың әскері,

Сайдың тасындай шашылды.

Қалғаны ханның қасында,

Азғана ғана қосынды.

Сарыарқаны бетке алып,

Туған жерін еске алып,

Бір үлкен ойға бекініп,

Өткен бір іске өкініп,

Қараөткелге жосылды.


Тұлпарлар шапты ағылып,

Күміс ердің үстінде -

Келе жатыр хан Көшім,

Күмістен кісе тағынып.

Арғымақ үсті еркіндік,

Көп мұңнан қалды арылып.

Қамшы басты атына,

Туған жерін сағынып!..


Алтайдың қалды көк белі,

Арқаға Көшім беттеді.

Соңынан ерген батырлар,

Ханына сірә өкпелі!?..

Жау қолына қалдырып,

Сібірді тастап кеткелі?

- Бағытымыз қайда деп,

Қолбасшыға беттеді -

Қаһарлы екен қағаны,

Он оқталып сұрауға,

Ешкімнің дәті жетпеді.


Күз жаңбыры құйылды,

Шапқан аттың тұяғы -

Жер апшысын қуырды.

Ат шалдырғаны болмаса,

Суыт жүрген Көшім хан,

Алмады еш тыным-ды.

Алты айлық алыс жол еді,

Алты күнде ілінді.

Аңсаған жерге жеткізген,

Арғымақтарға сүйінді.


Қорғалжыннан құс қайтып,

Құспенен бұлттар көшеді.

Жапырақ ұшып желменен,

Күрең күз мұңын төседі.

Арқаның керім самалы,

Нұра менен Есілден,

Бетіңді өбіп еседі.

Балалығы өткен бұл мекен,

Көшімнің елі кешегі.

Қасиет деген осы ма?

Қасірет деген осы ма?

Бір түп жусанын иіскей де,

Жүрегін ұстап теңселіп,

Қазақтың ұлы Көшім хан,

Дүниеден мәңгі көшеді.

Көшім ханның сүйегі,

"Бытығай кесенесінде" -

Жатыр деген сөз барды -

Оны кімдер шешеді?

Арқада аңыз еседі,

Тарих осылай деседі...




Ғасырлар өткен тұмандай,

Шындығым үркіп бұландай.

Айларым өткен жылыстап,

Күндерім қашқан құландай.

Ақиқат жолын нұсқаған,

Алладан түскен төрт кітап,

Төрт кітаптың біреуі -

Жаныма жақын Құрандай.

Бодан ұлт болып басқаға,

Тарихты жаздық сыңарлай.

Шындықты айтпай жүргенде,

Көктегі күн тұтылып,

Бетін басып ұялды Ай.

"Сүзге ханым" дастанын,

Қасына алып достарын,

Тыңдаған дейді, Құнанбай.

Орыстың небір ақыны,

Сүзге ханымды жырлапты,

"Қазақ қызы" деп, ұялмай.

Мың жылға жетер даңқың бар,

Атилла менен Тұмардай.

Сөз бастайын көнеден,

Көнені кімдер елеген?

Ғұлама туған Шоқаным,

Өзінің ғашық Нарқызын,

Сүзге ханымға теңеген.

Уәйіс Шондыбаевқа,

"Сүзге дастанын аудар!" деп

Тапсырған Абай көреген.

Бекназар ұлы Қойлыбай,

"Сүзге биін" билеумен,

Қызыққа жұртты бөлеген.

Сүзге ханымға күй арнап,

Даулескер күйші Байжігіт,

Даланы сазға бөлеген.

Ірі ойлы Ақыт қажыда,

Көшімнің көшелі ерлігін,

Жырына қосып елеген.

Ұлт үшін туған ұлылар,

Рухтас болып ойлары,

Бір-бірін солай демеген.

Алаштан туған Көшімді,

Жинаған сәтте есімді,

Маңайлатпайды асаудай,

Тарих мына тебеген.

Көшімнің жолы тағдырлас,

Бодандыққа ұлтын бермеген,

Қайыс ноқтаға көнбеген,

Көкжал туған Кенемен.

Арыстан туған ерлердің,

Алатаудай атағы -

Рухымен елді демеген.

Бәйтерек тамыр қазақты,

Аллам тұр көкте жебеген!


Айналайын, Азаттық!

Қазаққа жаңа күн туды.

Ашаршылық боп сон-ау жыл,

Ақсүйек болған дала еді -

Ақ жусан болып сілкінді.

Ақбұлақтардан тауып алдық,

Ақжүніс ару күлкіңді.

Ақ сақалды аталар,

Ақжаулық киген әжелер,

Көрікке салып қыздырып,

Сүйекті бізбен кестелеп,

Оралтты дәстүр-ғұрпымды.

Құрық ап менде қуамын,

Уақыт деген жылқымды.

Өткен мың күнге өкініп,

Келешегіме талпынбай,

Өткізе алмаймын бір күнді.

Айналып қонған бақ құсы,

Бақытқа бөле ұлтымды!




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар