Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Ербол Бейілхан. Жаза (әңгіме)...

10.02.2017 5243

Ербол Бейілхан. Жаза (әңгіме)

Ербол Бейілхан. Жаза (әңгіме) - adebiportal.kz

Тық-тық...

Тық-тық еткен туфлидің дыбысы ұзын дәлізді басына көтерді. Шашын бұйралап, иығына тастай салған, екі көзі мойылдай қараторы қыз Ақбалшық ауданының бас дәрігері. Жасы отызға жақындады. Әлі тұрмыс құрған жоқ. Оқу, жұмыс, қызмет деп жүріп қалды. Дәрігер қыз бүгін ерекше көңілді. Туған күні. Таң атпай сүйген жігіті Сүлеймен қоңырау шалған. Түскі асқа шақырған. Тосын сыйы бар екенін де тұспалдап жеткізген. Мүмкін, үйленейік дер. Қыздың жүрегін қуаныш кернеді. Өткен шақты бәрін-бәрін ұмытқысы келеді... Жүзі бал-бұл жанып есікке жетті. Тық-тық...

0af1a437909895a5749bb8e9a3bfd52c.jpg

 Қолында гүлі бар Сүлеймен қарсы алды.

- Сәлем, күнім!

- Сәлеметсіз...

 - Құлпырып кетіпсің!

 - ...

 - Көп күттірдім бе?

 - Өмір бойы күтуге бармын.

 - Туған күніңмен! - деп жігіт гүлін ұсынып, бетінен сүйді.

 - Рахмет!..

- Қайда барамыз?

- Ресторанға...

Екі ғашық мектептің қасындағы шағын саябақтың ішімен ресторанға тартты. Әрнені айтып, жарасып келеді. Қыз сыңғыр-сыңғыр күледі. Жігіт жымияды. Екеуінің ойын шулаған балалар бөлді. Бір топ бала тас лақтырып бір адамды қуып жүр. Киімі жұлым-жұлым үлкен адам қорбаң-қорбаң етіп, балаларға қарап бір тоқтап, қайта қашады.

 - Кет, жынды!..

 - Ұрыңдар!.. Қуыңдар жындыны... Шу-шу етіп есірген балалардың қылығына Сүлеймен араласты.

 - Тоқтатыңдар! 

Балалар қатқыл үннен жасқанып тоқтай қалды.

- Кімді қуып жүрсіңдер?

 - Жындыны...

 - Неге?

 - Ол бізді мазақтайды!

 - Не деп?

 - Аузын ашып, бетін тыржитып...

 - Сөйлемей ме?

 - Жоқ. Онда тіл жоқ.

 - Есімі кім?

 - Аты - "Құрбан жынды!"

Күтпеген кездейсоқ оқиға дәрігер қыздың қуанышын астаң-кестең етті. Үнсіз бақылап тұра берді. Жанарына жас келді. Сол бір жиеркенішті күн есіне түсті... Дәл қазіргі көңілін Сүлейменге көрсетпеуге тырысты. Бұл жерден кетуге асықты. "Жүр, кеттік!" деп жігітті қолтықтап алға жылжыды. Бұлар байқаған жоқ. Осы кезде "жынды Құрбан" ағаштардың арасынан Ұлмекенге ұрланып қарап тұрған болатын...

...Қара суық әлі түсе қоймаған жирен күз. Адыр-адыр бел. Терең-терең сай. Өзек, жылға. Бір өр, бір еңіс. Кедір-бұдыр жол. Айналасын шөп басқан көне жолды басына көтеріп, тыныштықты бұзған урал мотоциклі. Бұл өлкеге жуырда қызметпен ауысқан Құрбан рульді бір қолмен мығым ұстап айналасына көз тастап, жаңа өлкенің табиғатқа тамсанып келеді. Үстінде драп сұр шинель, басында офицерлік қалпақ. Белінде қайыс белбеу. Белбеуге тапанша асып алыпты. Көзінде қап-қара көзілдірік. Сырт көзге сұлу... сұсты, суық. Жеке-жеке әрбір тау мен сайдың қуысын мекен еткен малшы ауылдарды аралап шыққан беті. Елмен таныспақ. Заңды таныстырмақ. Жалпақ мойнақты асып түсіп құлдилаған соң, шоқ ағаштың түбінен жол кілт оңға бұрылды. Жалғыз жолаушыны қойдай-қойдай қойтастар қарсы алды. Қойтастарды мекен еткен түйеқұлақтар жүгіріп шиқылдап індеріне кіріп жатыр. Қойтастарды шыр айналған жол жолаушыны атқылап жатқан тас бұлаққа алып келді. Құрбан бұлақ басына тоқтады. Беті-қолын жуды. Еңкейіп жатып су ішті. Қара тасты қақ жарып аспанға атқылап жатқан тасты бұлақ Құрбанды тез сергітті. Шөлін басып, демін алды. Көлікке қайта кілт салды. Жалғыз басып мотоциклді дүр еткізіп жолға түсті. Аласа белден шыққаны сол еді малшының үйі, қыстағы көрінді. Дөңбек үйдің мұржасынан шыққан қидың ақбұйра түтіні ашық аспанға еркелегендей биіктеп барып, ауаға сіңіп жатыр. Күзгі ауыл маңы әлі тың, жайқалып тұр. Дүрілдеген мотоцикльді қойшының ала мойнақ қаншығы қарсы алды. Үйдің есігін біреу сығырайтып ашты да, қайтып жауып алды. Үрген ит аз жүгірді де қалып қойды. Жолаушы тура есіктің алдына келіп, бірнеше рет қатты газ берді де мотоциклін өшірді...

...Екі құлағын қайшылап, басын шұлғи тастап қарагер ат Қасқа жолдың тақтасына еркін шықты. Құлағының түбі, сауыры терлепті. Межелі жерге жеткен Бөкен қарагердің басын тартты. Ер үстіне ыңғайланып отырды. Мойнындағы мылтығын дұрыстап қойды. Қойнынан дүрбі алды. Жан-жағына айналдырып дүрбі салды. Көз ұшында Көкалашоқы. Көкалашоқыны бауырлап бір топ арқар жусап жатыр. Көрді. Көрді де қуанып кетті. Иә, сәт! - Жолым болды-ау! Енді үркітпей тауды бауырлап үйірлі арқарға жақындау керек. Аттан түсіп қарагердің айылын тартты. АК47 автоматын іске қосып, магазинге оқ салды. Қарагерді қаңтарды да, жаяулап биіктеу жартасқа шығып қайта дүрбі салды. Арқардың алды өре бастапты. Жануарлар ай мүйіздері күнге шағылысып бірі жусап, бірі жайылып жүр. Топ арқардың қақ ортасында мүйізі қарағайдай болып, көкала құлжа жатыр. Бөкен дүрбімен анық көрді. Жануардың жатысын-ай! Бүгін осы құлжаны атсам, қуырдаққа қарық болар едік-ау, деп ойлады. Қасқа жолдың тақтасын асып түсіп, сайды бөктерлей Бөкен Көкалашоқыға тартты. Арасы бір шақырымдай жер. Алыс емес. Арқарлар бері қарай өрген болатын. Алдынан тосып алу керек. Қарагерге қамшы басқан Бөкен демін ішіне тартып отырып, Көкалашоқының бер жағындағы биік Сынтастың бауырына жетті. Аттан түсті. Айылын босатып, қарагердің алдыңғы аяғына тұсау салды. Мылтығын қолына алып, Сынтастың биігіне өрмеледі. Дәмесі арқарды осы жерден күтпек. Биік кезеңдегі бір үлкен тау Сынтас деп аталатын. Сынтасқа шығып сығалаған Бөкен арқарларды 500 метрдей жерден анық көрді. Өзіне бір ыңғайлы орын іздеді. Тапты. Ортасы айыр жалпақ қара тасқа мылтығын тіреп, өзі шегініп көсіліп жатты. Көздеп көрді. Ыңғайлы. Көкала құлжаны іздеді. Жарықтық, құнан өгіздей болып үйірдің ең басында шөпті таңдап жеп, тәкаппар басып бейқам келеді. Көкала құлжаны қос өкпеден дәл көздеп  шүрпені басып қалды. Арқар дүр етіп үрікті. Көкала құлжа омақасып құлады да атып тұрып, шауып барып тағы құлады, қайтіп тұрған жоқ. Қарагерге міне шауып Бөкен келгенде көкала құлжа қорқырап жатыр екен. Қынынан сарымойын кездігін суырып алып, бауыздап жіберді. Құлжаны бауыздап жатып, әкесінің "аңның басын атпа!" деген өсиеті есіне түсті...

...Үйдің сыртындағы мотоциклді көрген Бөкен құлжаның етін тошала үйге кіргізіп тықты да, тыста тұрған құманға қолын жуып, үйге кірді. Жасы кіші қонақ үй иесіне атып тұрып, жалпылдап сәлем берді.

 - Амансыз ба?

 - Аман, аман!

 - Жақсы жатырсыздар ма?

 - Жатырмыз, шүкір!

 - Ит-құс тыныш па, отағасы?..

 - Әзірге тыныш...

 - Қай жақтан жүрсің, полиция жігіт?

 - Орталықтан шыққан бетім, ел аралап келемін.

 - Жөн, жөн.

 - Сіздің елге жаңа қызметке кеп жатырмын, атым Құрбан.

 - Менің ныпсым Бөкен. Біз бұл жердің байырғы тұрғынымыз.

 - Жерлеріңіз тамаша екен!

 - Құт мекеніміз осы.

Құрбан мен Бөкеннің ұзаққа созылған танысуын алдарына келген ыстық тамақ бұзды. Қуырдақ қуырып едім, деді Торғын күйеуіне қарап. Әйелінің сөзі есіне түсіргендей Бөкен қызын сұрады.

 - Ұлмекен, қайда?

 - Қой бағып кетіп еді.

 - Бір қайырып кел демедің бе, қазір жер шөп, ешқайда кетпес.

- Келіп қалар, - деді Торғын. Ұлмекен деген сөзді естіген Құрбан елеңдеп қалды. Осы үйдің бойжеткен қызы болар деп топшылады. Бөкен де полиция жігіт туралы ойлап отыр еді. Ашық-жарқын жақсы жігіт секілді. Жатырқамайды. Тамыр боп алар ма еді. Көмегі де тиер. Қолында билігі бар азамат. Не болса да бір дұрыстап сыйлап аттандырайын деп ойлады.

 - Қонағым бол, мал сояйық, - деді.

- Рахмет! Ас дегеніміз осы ғой, - деді Құрбан.

 - Біз жаққа жолың түссе, бір үйің осы! Келіп-кетіп жүр.

- Әрине, ағасы, - деп Құрбан күлді. Орнынан тұрған Бөкен төрдегі сандықты ақтарып, бір бөтелке арақ шығарды. Бұл ауыл өте сыйлы қонақ болмаса мүлдем шарап құймайтын. Тіпті сандықтағы бірер бөтелке бірнеше жыл жататын да кездер болған. Үй иесінің ерекше құрметі екенін Құрбан да сезіп отыр, сондықтан бас тартып ішмеймін демеді. Үйдегілер тілегін айтып, шарабын сілтеп қызара бөртіп отырғанда қойдан Ұлмекен келді. Ұлмекен оқудан биыл қол үзген осы үйдің жалғыз қызы болатын. Шарапқа қызып қалды ма, әлде жұмысына өте тиянақты ма, он үш, он төрт жасар қызды көрген полиция нілдей бұзылып, қиғылық салды.

- Мына қызды неге оқытпайсыздар? Бұл мектепте оқуы керек? Орта мектепті толық аяқтамай баланы оқудан шығарып алуға болмайды! Ел аралауымның бір себебі мектептен қол үзіп, оқуды тастап кеткен балаларды қайтадан оқуға қайтару. Бұл аудан басшысының тіпті өкіметтің тапсырмасы. Қәзіргідей өркениетті заманда сауатсыз адам болмауы керек деп неше түрлі сөз айтып үйдегілердің үрейін алды.

Жан дегенде жалғыз баламыз! Ұлымыз да, қызымыз да осы. Қолғанатымыз. Қасымызда болсын деп биыл интернатқа жібермеп едік, - деген Бөкен мен Торғынның сөзін Құрбан тыңдамады. Бұлар түсіне бермейтін заңдарды айтып, баптарды алдарына тартып өздерін қылмыскер етіп жіберді. Сөздері өтпейтінін сезген Бөкен Құрбанды оңашалап, жұқалап ұзақ сөйлесті. Қолына біраз ақша ұстатып, аңқылдап шынын айтып құлжаның жарты етін мотоциклдің жәшігіне тиеп берді. Аяқ-астынан әбігерге түскен Торғын жарты қарын май, бір дорба құртын арқалатты. Құрбан мектеп директорымен келісіп, Ұлмекенді бір аптаның ішінде өзі алып келетін болып уәде берді. Аңқылдаған қыр қазағы полиция жігіттің сөзіне сенді. Бөкеннің шаңырағынан жол-жоралғыға қоржынын толтырған Құрбан Ұлмекенді мінгестіріп кеш түсе Ақбалшыққа аттанып кетті. Бөкен мен Торғын жалғыз қызын қимай ақ жол тілеп, көздері жасаурап қала берді.

Мотоциклге мінгескен екеу Шайтан төбеге жақындағанда кеш көзін жұмып, төңірекке түн салбырады. Жол ойлы-қырлы. Мотоцикл қайта-қайта секіреді. Мотоцикл секірген сайын Ұлмекен Құрбанға жабысады. Құлап қалмауы керек. Мана Құрбан өзі жол жаман белімнен мықтап ұстап отыр деген. Түн болған сайын Ұлмекен қорқып келеді. Шайтан төбе жайлы неше түрлі қорқынышты әңгімелер еститін. Интернатта балалардан естіген шәйтан туралы әңгімелері қазір есінде. «Жүргізуші бір қарағанда отыр екен дейді. Қайта қараса жоқ болыпты. Тағы бірде бір жолаушы келе жатса, жалғыз ешкі маңырап шығыпты иен даладан. Түн баласы Шайтан төбенің әр жерінен от жанып тұрады» дегенді де естіген. Бойын үрей билеген Ұлмекен Құрбанның белін қатты құшақтап алды. Зулап келе жатқан мотоцикл тура Шайтан төбенің беліне келгенде бір ойға бұрылып тоқтады. Екеуінен басқа жан жоқ. Түн. Меңіреу. Өзі үрейленіп келе жатқан Ұлмекенге Құрбан түс деді.

- Ағай, бұл жерге тоқтауға болмайды, - деді Ұлмекен.

- Неге?

 - Аты жаман бар?

 - Кім айтты саған.

- Балалардан естігем.

- Сөзді қой да түс! Мотоцикльден түскен қыздың бойын үрей биледі. Еркекті ес көріп тұр, одан еш күдіктенген жоқ. Үсті басын қағып тұрған Құрбан жын ұрғандай Ұлмекенге жабыса кетті. Үлкен ер адамның тосын мінезінен қорыққан Ұлмекен итеріп жіберіп тұра қашты. Қарулы жігіт қуып жетіп ұстап, мылтықпен қорқытып арам ойын жүзеге асырды. Түн ауғанша қызды ойыншық қылды. "Біреуге айтсаң аң атқан әкеңді түрмеге айдатам! Сені де оңдырмаймын" - деп қорқытты. Шайтан төбенің әр жерінен от жылтылдап тұрды. Оны Құрбан көре алған жоқ. Төбеден ұялып Ай сығалады. Таң ата Ұлмекенді Құрбан интернатқа әкеп, тәрбиешіге тапсырды...

...Құрбан уәдесін орындамады. Ұлмекен сол күйі интернатта қалды. Оқуы жақсы еді. Зерек болатын. Қыс қайтып, көктем келді. Жер тоңазып, мырс етпе көк шыға бастаған көктемнің бір май тоңғысыз түні болатын. Кеңседен Құрбан кеш қайтқан. Шағын қаланың шетіндегі үйіне келе жатқан. Үйге жақындағанда кішкентай арық бар еді. Сол жерден өтіп бара жатып байқады. Бір қыз жылап тұр. Кім екен? Жақындап көрді. Ұлмекен?.. Сасып қалды. Бұл қайдан жүр?

 - Ұлмекенсің бе?

Қыз үнсіз жылай берді.

 - Мені іздеп келдің бе?

Қыз басын изеді. Жігіт "жақсы көріп қалған-ау" деп ойлады. Үйіне апаруға әйелі мен балаларынан жасқанды.

 - Жүр қыдырып қайтайық!.. Қыз ырқына көнген сыңай танытты. Құшақтап өзенге қарай жүрді. Әр нені айтып, қылығына ақталып жүріп келеді, жүріп келеді... Жылап келе жатқан қыз енді сықылықтап күлсін!.. Қыздың сиқырлы күлкісін естіген жігіт те жадырап кетті. Құшағына қызды алған жігіт ағаштың түбіне келді. Қызды құшақтап қатты қысты. Екі қолымен бетінен ұстады. Нәпсісі оянды. Қараса қыздың көзі от екен. Жігіт бұған мән берген жоқ. Айға шағылысты деп ойлады. Ернінен сүйе бергені сол еді. Қыз «шәйтандай» ғайып болды! Жігіт ұйқыдан оянғандай селк етті. Есін жиса, көктеп үлгермеген қу қайыңды құшақтап тұр екен. Ешкім жоқ. Жалғыз өзі. Үрей биледі. Жүрегі аузына тығылды. Аузына "бисмилласы" түспеді. Құлап-сүрініп үйіне қарай жүгірді. Есі барды-жоқты үйіне жетіп жығылды. Қатты қорыққандықтан тілін жұтып қойыпты. Дірілдеп-қалшылдап қатты ауырды. Қанша емдетсе де қайтіп жазылмады. Жын иектеп бойын алып, шәйтан кірді ме екен!? Сол күйі жынданып кетті. Жұрт енді "жынды Құрбан" дейтін болды. ЖАЗА...



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар