Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ербол Тілешов: Әдеби үдеріс: дәстүр мен жаңашылдық...

12.04.2016 12473

Ербол Тілешов: Әдеби үдеріс: дәстүр мен жаңашылдық

Ербол Тілешов: Әдеби үдеріс: дәстүр мен жаңашылдық - adebiportal.kz


 

 

Ербол Тілешов

Әдебиет тарихын дәуірлеу әдеби-көркем дамудың бірқатар компоненттерін ғылыми-теориялық тұрғыдан саралауды қажет етеді. Осылардың ішінде дәстүр мен жаңашылдықтың алатын орны ерекше. Дәстүрсіз даму, дамусыз жаңашылдық болмайтыны белгілі. Жаңашылдық әдеби-көркем дамудың белгілі бір фазасында құнарлы дәстүрден барып өркен жаяды. Сондықтан да біз әдеби дәстүрді өткен дәуірде жасалған жалпыұлттық, жалпыадамзаттық маңызы бар бүгінгі заманның рухани қажеттіліктері мен сұраныстарын өтей алатын, көркемдік қуаты айрықша құндылық деп санаймыз. Яғни, әдеби дәстүр – өткен дәуірлердің бүгінгі күнге жарайтын, өзектілігімен ерекшеленетін құндылығы. Таратыңқырап айтсақ, ілгері дәуірлерде қалыптасқан дәстүр жаңашылдықтың өзегіне айналуы үшін оның бойында өзекті идея, өміршең көркемдік болуы шарт. Философиялық тұрғыдан алғанда адамзаттың даму жолы дәстүр мен жаңашылдықтың үздіксіз сабақтасып тұруымен байланысты. Уақыт пен кеңістік ауқымында дамитын өзге де рухани үдерістер секілді әдеби-көркем үдеріске де диалектиканың үзіліссіз және үзілмелі қозғалысы ретінде қарауымыз қажет. Жалпы тіршілік диалектикасындағы осы үзіліссіз және үзілмелі қозғалыстың сипаты әдеби көркем дамудың кезеңдік табиғаты болатындығын және ол әдеби дамудың ажырамас әрі міндетті құрамдас бөлігі екендігін аңғартады. Диалектика заңдылығы бойынша қандай да болмасын рухани үдерістің басталуы, шарықтау шегі, дағдарысқа ұшырауы, өзге бір келесі кезеңге өтуі, яғни алмасуы болмақ. «Бәрі де өзгереді...» - дейді дүниенің даму дидарын түсінген ақылмандар. Өмір өзгерістер арқылы дамып, тіршілік сипаты алмаса отырып дүние дөңгелемек.


 

Тіршілік көші тоқтамай өмір жалғасу үшін ескінің орнын жаңа баспақ, жаңа ұрпақ өз дәуірінің рухани-көркем сұраныстарын жаңаша қанағаттандырмақ, дүние дидарын жаңа оймен өрнектемек, жаңа сөзбен сомдамақ. Адамзат ойының дүниені көркем игеруінің жолы болып табылатын сөз өнерінің даму тарихында дәстүр мен жаңашылдықтың осындай сабақтастығын жиі аңғарамыз. Белгілі бір дәуірде қалыптасқан әдеби-көркем мұраның баршасы кейінгіге жарар жоралы жолға, игі дәстүрге айнала бермейтіндігі түсінікті. Дәстүрге дәуірдің озығы, кезеңнің үздігі ғана айнала алмақ. Дәстүрге айнала алған әдеби туындылар ғана кейінгіге жетпек. Айталық, ХІҮ-ХҮІІІ ғасырлар аралығында өмір сүрген 10-15 жырауды ғана білеміз, олардың бізге жеткен шығармалары 80-90 ғана. Бірақ осы бес ғасырдағы жыраулардың саны бізге жеткен жыраулардан әлдеқайда көп болғандығы күдік тудырмайды. Соған орай, біз білетін шығармалардан бізге жетпеген шығармалардың саны әлденеше есе көп екендігі де күмәнсіз. Дегенмен, біздің дәуірімізге олардың озығы мен асылы ғана жеткен. Осы озығы мен асылы дәстүр жасаған көркем дүниелер. Жыраулар ХІҮ-ХҮІІІ ғасырларда қалыптастырған осы дәстүр ХХ ғасырдың ортасына дейін сақталып келді. Қазтуған мен Доспамбеттің, Асан Қайғы мен Ақтамбердінің, Үмбетей мен Бұқардың дәстүрлері ХІХ ғасыр әдебиетінің идеялық бағдарына, жанрлық құрылымына, стилі мен тіліне, өлең құрылысына әсер етіп келді. Бірақ, жыраулық дәстүр қазақ әдебиеті үшін мәңгілік бұлжымас құбылыс емес еді. Өйткені, кең сахараны жайлаған қазақ тұрмысының сол ғасырлардағы көші, өмір сарыны, ұлттың ой-өрісі, қам-қаракеті өзгеріске түсетіні жаңа заманның жаңа талаптарына бейімделетіні анық болатын. Соған орай, оның сөз өнері де жаңа өріс таппақ. Жаңа өріс жаңа соқпақ салмақ.


 

Дәстүр де халықтың ой-өрісі сияқты, ол ұлттың рухани дамуында үнемі жаңғырып тұрады. Біз мұны, яғни, дәстүрдің жаңғырып тұруын өзектілік категориясы арқылы түсіндіргіміз келеді. Егер оған сұраныс болмаса, онда ол жаңғыра да қоймас еді. Жалпы қандай да болмасын жаңғыруды тудыратын оның қоғамға қажеттілігі, яки зәрулігі. Әдеби дәстүр – кейінгі дәуірлер үнемі рухани қуат алатын құнды қазына дегенде, біз оның осы өзектілігін айтамыз. Қазіргі кезде әлем әдебиетінде, соңғы жылдары өзіміздің әдебиетімізде де фольклорлық сюжеттердің, әсіресе, мифтік оқиғалардың осындай өзектілікке ие болып отырғанын көреміз. ХХ ғасырдың соңғы ширегіндегі ең ұлы тұлғалар Габриэль Гарсиа Маркес романдарындағы, Шыңғыс Айтматовтың повестері мен романдарындағы, қазақ әдебиетінде Оралхан Бөкей повестеріндегі, Есенғали Раушанов, Тыныштықбек Әбдікәкімов, Жанат Әскербекқызы поэзиясындағы мифопоэтиканың жандана, белсенді түрде көркем мәтіндерден орын алуы, - дәстүрдің осындай өзектілігінен туындап отыр. Әрине, аталған қаламгерлердің қай қайсысы да мифтік мазмұнды дайын күйінде ала салмайды, мұнда шығармашылықпен игерілген дәстүр жөнінде әңгіме болғаны абзал.


 

Әдебиеттегі өзектілік пен көкейкестіліктің көрінісі, әсіресе, жаңашылдықтан байқалады. Сондықтан да көкейкесті тақырып пен идея, тіпті көкейкесті жанрда болмақ. Сөз өнеріндегі көкейкестілікті тудыратын қоғамдық ойдағы өзекті мәселелер. Әлеуметтік дамудың белгілі бір дәуірдегі өзекті ойлары тақырыптың, идеяның өзектілігін тудыра отырып, жаңаша дәстүрдің қабырғасын қалайды. Өзекті мазмұн көркем мазмұнға айналу барысында әрқашан жақсы шығарма тудыра бермейді. Бұл арада өзектілікпен әуестену құбылыстары да ұшырасып жатады. Мұндай көріністер кеңестік саясатты мадақтау заманында көп кездескен. Бұл адамды, адамның әрекеті мен жан дүниесін шынайы суреттемеуден, адамнан гөрі саяси ұрандар жетегінде кетуден туатын құбылыс десек, бүгінгі күнде де осындай арзанқол, үстірт жазылған шығармалар орын алып отырғаны белгілі. Өйткені, өмірдің өз философиясына, дәуірдің иірімдеріне бармаған шығарманың айтары қашанда арзан болған. Сондықтан сөз өнеріндегі өзектіліктің арқауында қашанда мазмұн мен пішіннің табиғи бірлігі мен үйлесімі тұруы шарт.


 

Дәстүр де, жаңашылдық та әдеби үдерістің генераторлары. Кемел дәстүрге сүйенген жаңашылдықтың ғұмыры ұзақ болмақ. Әдеби үдерісте дәстүрді жемісті әрі шынайы жалғастыру – көзсіз еліктеу емес. Ол қашанда шығармашылықпен қабылданып игерілген жалғастық. Бұл шығармашылық жалғастықтың нәтижелі қорытындысы – жаңашылдық құбылысы. Ал жаңашылдық – көркем өнердің, оның ішінде, сөз өнерінің де қозғаушы һәм дамытушы күші. Жаңашылдық арқылы әдебиеттің бейнелеу мүмкіндіктері артады, жаңа көркемді концепциялар мен жүйелер туып қалыптасады. Жаңашылдық әдеби үдерістің өзегі мен арқауы бола отырып, ұлттың ойлау жүйесінің тереңдігі мен көп қырлылығын және ұлт тілінің көркемдік әлеуетін де байқатады. Дәстүр мен жаңашылдық диалектикасы қай кезде де алға қадам жасаудың, дамудың кепілі.


 

Әдеби үдеріс ауқымында тек әдеби-көркем факторлар ғана емес, сондай-ақ, оған қоғамдық сананың саясат, философия, дін, құқық, мораль, ғылым сияқты формалары да айтарлықтай ықпал етеді. Мәселен, Абай өнернамасының арқауында ислам дінінің, Мағжан поэзиясының мазмұнында саяси-тарихи әсер ретінде Алаш қозғалысының, Сәкен шығармашылығының өзегінде кеңестік идеологияның ықпалы бар екендігі белгілі. Әдеби дәуір аясында дүниеге келген қандай да болмасын көркем шығарма белгілі бір қоғам шындығының жемісі әрі көрінісі, қандай да болмасын қоғамдық ойдың көркем сұлбасы. Бұл ретте көрнекті орыс оқымыстысы В.М.Жирмунскийдің: «Әдеби дамудың тарихи үдерісінде объективті және субъективті қырлары болады. Объективті қыры – әдебиетке сәулесін түсіретін қоғамдық шындықтың өзінің төл өзгерістері болса, субъективті қыры – болмыстың өзгерістерінен өріс алатын қоғамдық сананың өзгерісі» /1,419 / деген пікірін айта кетудің реті бар. Сондай-ақ, бұл арада біз әдебиет қоғамда орын алып отырған саяси, қоғамдық, әлеуметтік оқиғалар мен құбылыстардың тікелей көшірмесі емес, қорытылған белгілі бір суреткерлік дүниетанымнан туған көркемдік таным екендігін естен шығармағанымыз абзал. Бұл оқырман үшін де, жазарман үшін де терең түйсінуді қажет ететін талап. Оқырман әдеби дүниеге шындықтың көркем көрінісі ретінде қарауы қажет болса, жазушы әлдебір саяси-әлеуметтік құбылыстың жаршысы, ұраншысы, көшірмешісі, хатшысы емес, тамыршысы екендігін ұмытпағаны абзал. Бұл туралы Асқар Сүлейменов Мұхтар Әуезовке арналған «Болмыспен бетпе-бет» мақаласында өзіне тән білгірлікпен былай депті: «Өнертаныс пен өміртанысты туа бітті бөліп қарай алмаған Әуезов сирек жазушыға да, қалың жазғышқа да етікшінің өкше бізіндей кірш батырып алдымен осыны ұқтырды – ел сүюдің, идея сүюдің жаттығулармен репетициялармен келетін салдар емес, бар болса бар, жоқ болса жоқ қан екенін, жан екенін ұқтырды, суреткердің кернейші емес, қобызшы екенін ұқтырды,суреткердің атының аһтаққұл емес, Барыпкелді, Шауыпкелді, Шалыпкелді, тіпті Алыпкелді емес, Семсер, Сарын, Түз, Асу, Тарпаң, Арна атаулыға керектігін ұқтырды» /2,103/. Жазушының қоғамдағы орны, белсенділігі сол қоғамның өзімен байланысты болып, үнемі біркелкі бола бермеген. Оған хандық дәуірдегі жыраулардың мәртебесі, отаршылдық дәуірдегі ақындардың орны, кеңес дәуіріндегі қаламгерлердің функциясы куә боларлық.


 

Әдебиеттегі дәстүр мен жаңашылдықтың өзара байланысы мен ерекшеліктері – әдебиет тарихын дәуірлеу барысында айқын аңғарылады. Өйткені, дәстүр мен жаңашылдық әдеби үдерістің жүрер жолын, барар мекенін көрсетерлік құбылыстар. Сондықтан да әдеби-тарихи үдерістің өрістеу жолдарын жүйелеу – әдебиет тарихын дәуірлеумен тікелей байланысты. Бұл үдерістің сипатын анықтау үшін белгілі бір дәуірде көркемдік жүйе жасайтын, қалыптастыратын критерилерді табу қажет. Мұндай көркемдік критерилер әдебиет тарихының белгілі бір уақыт аралығындағы кезеңіне тән ортақ ерекшеліктерді көрсете алатындай болуы тиісті.


 

Әдебиеттің тарихын дәуірлеу оның даму динамикасын белгілі бір қисынды нобайға түсіру, үдерістің басты сипатын айқындау. Сондықтан да дәуірлеу барысында әдеби үдерісті белгілі бір уақыттық бөліктерге жіктеу арқылы дамудың жалғастығын, дәстүр мен жаңашылдықтың табиғатын, ұлттың көркем ойлауының әр кезеңдердегі сипатын айқындауға қол жеткізуге болады. Осы арқылы әдеби идеялар мен формалардың табиғатын танумен бірге ұлттың көркем ойлауындағы өзекті мәселелерді тануға боларлық.


 

Әдебиет тарихының ішінара әдеби дәуірлерге бөлінуі, бір дәуірдің бәсеңсіп, келесі бір дәуірдің белең алуында дәстүр мен жаңашылдықтың орны айтарлықтай. Егер бұл екі іргелі категория болмайтын болса, әдебиет тарихы өзіндік дәуірлерге де бөлінбес еді. Әрбір әдеби дәуір өзіндік дәстүр қалыптастырады. Ондай дәстүрдің басы жаңашылдық болып, ол бірте-бірте дәстүрге айналады. Содан соң ол дәстүрдің ең таңдаулы үлгілері келесі дәуірдің қажетіне жарайды да, олар жаңа дәуірде бұрынғыдай жолбасшылық рөлге емес, толықтырушылық қасиетке ие болады. Жаңа дәуір өзінің жаңа идеялық-эстетикалық талаптарын орнықтырады. Мұндай жаңа талаптар да бірте-бірте дәстүрге айнала бастайды. Бұл дәстүр де қалыптасады, дамиды. Ары қарай жаңа кезеңге орын бере бастайды. Сөйтіп, дәуірден дәуір алмасады. Ұлттың рухани дамуы оның көркемөнерін де, оның ішінде, сөз өнерін де үнемі дамытып, әр дәуірде оны жаңа рухани-мәдени өріспен ілгерілетіп отырады. Егер мұндай кезеңдік даму болмаса, жалпы қазақ поэзиясы Бұқар, Дулат, Абай, Мағжан, Қасым, Мұқағали сияқты әр қайсысы өзінше көркемдік әлемін қалыптастырған ірі тұлғаларды білмес еді. Әдебиеттің кезеңдік дамуы оның жаңарып, жаңғырып тұруының көрінісі. Сондықтан әдебиет тарихындағы әрбір кезеңнің маңызы мен орны дәйектеліп, сол кезең ауқымында туған идеялық болсын, көркемдік болсын, жанрлық болсын бастамаларға тиісінше баға берілуі тиіс.


 

Жалпы әдеби-тарихи дамуда ірі суреткерлер шығармаларында бедерлене байқалатын жаңашылдық қырларының түп-төркіні олардың заманынан да ілгері кезеңде жасалған ақын-жазушылардың туындыларынан аңғарыла бастайды. Ол бір жағынан тарихи-әлеуметтік қатынастардың орнығу эволюциясымен, соған сәйкес қоғамдық пікірдің қалыптаса бастауымен байланысты болса, екінші жағынан әдеби-дәстүр жалғастығымен де түсіндірілсе керек-ті. Қоғамдық сананың бір түрі болып табылатын көркемдік сананың осындай заңдылығы сөз өнеріміздің сан ғасырлық тарихында бірнеше тұста мейлінше ерекшелене көзге түседі. Сондықтан жаңашылдық мәселесі сөз болғанда, оны ұлт әдебиетінің жалпы ұзынсонар тарихынан да, сондай-ақ, белгілі бір кезең ауқымынан да қарастырған абзал. Көрнекті орыс әдебиеттанушысы М.М.Бахтин «Новый мир» журналы редакциясының сауалына жауап» атты мақаласында «шағын тарихи уақыт» және «үлкен тарихи уақыт» деген ұғымдарды қолданған болатын. Ғалымның «шағын тарихи уақыт» дегені автор өмір сүріп отырған заман болса, ал «үлкен тарихи уақыт» дегені жалпы алдыңғы тарихи дәуірлер. Ол көркем шығарманы ғылыми талдау жөнінде айта келіп, оның барша қырларын үлкен уақыт ауқымында ашылатындығын айтқан болатын. «... шығарманың тамыры өткен дәуірлерге кетеді. Әдебиеттің ұлы шығармалары ғасырлар бойы дайындалады, ал олардың өмірге келу дәуірінде ұзақ та күрделі жетілу үдерісінің әбден піскен жемістері ғана алынады» дейді М.М.Бахтин /3, 330-333/. Орыс ғалымының осы ордалы ойын дамытар болсақ, жазушы еңбегінің негізінде бұрынғы бай дәстүрлердің ықпалы жатыр. Сондықтан да әдеби даму барысындағы дәстүрге келсек, дәстүр дегеніміз – кешегі мен бүгінгінің сабақтастығы, олардың түйіскен жері. Жай ғана түйіскен жері емес, бұрыннан бар ұлттың көркемдік санасының кейінгі ұрпаққа дәстүр арқылы берілуі, дұрысы - даруы. Бұл арада, біздің ойымызша, ұлттың тарихи һәм көркемдік жады тұрады. Осы дүниені көркемдік тұрғыдан қабылдау дәстүрі қандай да болмасын ұлтқа тән болып, сол ұлт әдебиетінің эстетикасы мен поэтикасын қалыптастырып жатады. Мұндай көркемдік қабылдауда тек әдеби дәстүрлер ғана емес, сонымен бірге жалпы мәдени дәстүрлердің ізі сақталып, ол ұрпақтан-ұрпаққа жетіп отырады. Оны өз мысалымызда таратып айтар болсақ, қазақ қаламгерінің көркемдік танымында таза әдеби дәстүрлермен бірге, фольклорлық дәстүрлер, шешендік өнердің дәстүрлері, сондай-ақ, діни-философиялық, философиялық және психологиялық дәстүрлер бар. Әлбетте, жазушы үшін бұлардың ішіндегі маңыздысы, жанына жақыны көркем-әдеби дәстүрлер. Сонымен бірге, жазба әдебиетінің дамуымен бірге ұлттың көркемдік танымына басқа халықтар әдебиеттерінің дәстүрлері де ене бастағандығын ұмытпауымыз қажет.


 

Ұлт әдебиетінің ұзынсонар тарихына үңіліп, ондағы дәстүр мен жаңашылдықтың сипатын қарастырар болсақ, онда ең алдымен қазақ сөз өнерінің қайнарынан саналатын жыраулық поэзияға үңілгеніміз жөн. Қазақ хандығы тұсындағы деп аталынып жүрген төрт ғасырлық тарихы бар жыраулар поэзиясында жауынгерлік пафостың орны айрықша. Дегенмен, Ақтамберді, Үмбетей, Марғасқа толғауларындағы әлгіндей идеяны бұл дәуір поэзиясының ең басты мазмұны дей алмаймыз, оған қоса ел бірлігі, өсиеттік-ғибраттық мазмұндағы толғауларды да атауға болады. Ал, жауынгерлік, күрескерлік поэзия дегенде санамызға Исатай бастаған көтеріліс, Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалыс төңірегінде туған әдебиет еске түседі. Осы тараптағы ақындардың бейнелеу арсеналында жыраулар дәстүрінің бірқатар көркемдік компоненттерін көруге боларлық. Жыраулар поэзиясының басты тақырыбы мен идеясы жөнінде сол ғасырлардағы қазақ мемлекетінің саяси-әлеуметтік дамуымен сабақтастырыла біршама жазылды. Мұхтар Мағауин зерттеуінде қазақ әдебиеті тарихының алғашқы кезеңі ретінде негізделген жыраулық әдебиет дәстүрдің дені – толғау жанрымен байланысады. Жалпы алғанда, жанрдың әдеби дамудағы орнын меңзегенде біз жанр – әдеби дәуірдің негізгі көрсеткіштердің бірі деген қағиданы орнықтыруымыз керек. Осыдан өрістете келе, жанрды әдебиет тарихын дәуірлеудегі басты әдеби – көркем мінездемелерден бірі ретінде танып, жанрдың құрылымдық-көркемдік қырларын дәстүр тұрғысынан да, жаңашылдық тұрғысынан да қарастырғанымыз да абзал. Сонда белгілі бір әдеби дәуірде туған, қалыптасқан немесе үстемдік еткен қандай да болмасын жанрдың ілгеріде айтқан құрылымдық-көркемдік тұрпатын тануымыз керек. Жанрдың құрылымдық-көркемдік тұрпаты дегенде, біз жанрқұрушы композиция, стиль деген сияқты мәселелерді көлденең тартып, оның осы ерекшеліктерін түбегейлі талдауды ұсынамыз. Сондай-ақ, жанрдың адресаты, жанрды туғызған өмірлік жағдаят, сол тұстағы әдеби тілдің деңгейі деген мәселелер де ұмыт қалмағаны абзал. Жыраулық поэзияның сақтаушысы һәм бізге жеткізуші әдеби қалыбы болған толғау жанры – ХІҮ-ХҮІІІ ғасырлар бойы бес ғасырдай уақыт қазақ әдебиетінің басты жанры болып келгені белгілі. Сондықтан әдебиет тарихының дәуірлеу сияқты ауқымды мәселеде, дәстүр мен жаңашылдық сияқты аса маңызды мәселеде де бұл жетекші жанр ұмыт қалмауы тиіс. Өйткені, әдебиет тарихындағы жанр мәселесі, яғни жанрдың тарихилығы мәселесі көркем ойдың көркем пішін арқылы берілуінің өзіндік амалы. Сондықтан жанр мәселесі сөз болғанда, шығарма тілі, стилі, композициясы компоненттері де әңгімеге арқау болады.


 

Асылы, бастапқыда әдебиетке енген идея болсын, тақырып болсын алдымен ойтүрткі пікір ретінде туады да, өзінің көркемдік қорытындысын келесі дәуірлерде тапса керек. Бұл әлгі идеялардың кең орын алуымен және көркем түрдің жетілуімен байланысты болады деп ойлаймыз. Сөз өнеріндегі белгілі бір идеяның әдепкі көрінісінде, бастапқы тәжірибесінде кемел көркемдік бола бермейді. Мұнда шынайы көркемдіктен гөрі идеяшылдық шығарманың бетінде бірден көзге түсіп қалқып тұрады. Яғни, автор бұл жерде белгілі бір идеяны мейлінше жалаң, мейлінше ашық жеткізеді. Мәселен, Ыбырай Алтынсариннің мектеп қабырғасынан белгілі:


 

Бір Аллаға сыйынып,

Кел, балалар, оқылық.

Оқығанды көңілге,

Ықыласпен тоқылық

деген қарапайым шумақта көркемдіктен гөрі идеяшылдық басым. Ыбырай қазақ әдебиетіне оқу-ағарту тақырыбын алғаш әкелген педагог ақын. Оның өзге өлеңдерінде де, әңгімелерінде де оқу-ағарту тақырыбы осылай, қарапайым түрде көрінеді. Ал, Абайдың ағартушылығында идея автордың субъективті пікіріне айналып, мейлінше сезімге әсер етерлік қуатқа ие болады. Сонысымен де, Абай өлеңдеріндегі оқу-білім мәселесі көркемдігімен ерекшеленеді. 


 

Оның:

Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім.

Ер жеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім.

Бұл махрұм қалмағыма кім жазалы,

Қолымды дөп сермесем, өстер ме едім?

Адамның бір қызығы бала деген,

Баланы оқытуды жек көрмедім.

Баламды медрессеге біл деп бердім,

Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедім

деп жазуында оқу-білім идеясы автордың жеке өмірімен өзектесіп, субъективті реңк тудырады, соның нәтижесінде ақынның ойы нағыз көркем идеяға айналған. Ал, Мағжан поэзиясында мұндай ағартушылық идея жас ақынның әсіре субъективтілігіне көмкеріліп, романтика-сентименталистік ыңғайда айтылды. Оның «Ләззат қайда?», «Мен сорлы» өлеңдерінде автордың ішкі әлемі арқылы бейнеленген оқу-білім тақырыбы алдыңғы дәуірде туған ағартушылық идеяның мүлде жаңа ыңғайда көркемдік шешімге ие бола бастағандығын байқатты. Қандай да болмасын дәстүр жалғастығы шығармашылықпен игеруді, автордың дәстүр ауқымының өзінде жаңа ізденістерін байқатады. Бұл жөнінде М.Поляков: «Жаңа поэтикаға енген дәстүрлі элементтер бастапқыға қарағанда жаңа функцияға ие болады. Тарихи қалыптасқан поэзияның модельдері басқа уақыттың поэзиясына енгенде жаңа әдеби және мәдени жағдаяттардың ауқымында түбірлі өзгерістерге түседі» - дейді /4,329/.


 

Әдебиет тарихындағы дәстүр мен жаңашылдық құбылысына көрнекі мысал боларлық әдеби деректердің бірі – поэзиядағы сыншылдық үрдісі. Сыншылдық, сынай отырып өнеге айту дәстүрі Абайға дейінгі дәуірде, арысы жыраулар поэзиясында, берісі Дулат пен Шортанбай замандарында молынан көрінгені мәлім. Алайда, қоғамдық қарым-қатынастардағы келеңсіздіктерді сынау, жеке адам болмысындағы кемшіліктерді мінеу, олардан қорытынды шығара отырып, игі, ізгі, иманды қасиеттерге қарай бейімдеу, бағыттау қазақ әдебиетінде Абай шығармашылығында толымды сипатқа айналғандығы мәлім. Сондай-ақ қазақ поэзиясында ертеден келе жатқан философиялық сарындар өзінің ұлы қорытындысын Абайдан тапты. Абайға дейінгі ақындық поэзияда әлеуметтік сында пессимистік сарынның қабаты қалың келіп, ол заман ақындары қоғамдағы келеңсіздіктерді көбінесе ел басқарған адамдардың жағымсыз типтерін көрсету арқылы бейнелейтін. 


 

Мысалы:

Хан кеткен соң, халықтан қақпа ашылды,

Қақпа ашылса, табанға хан басылды.

Батыр кетті – қорғанның құлағаны,

Қақпасы жоқ, қорған жоқ – ел шашылды.

 

Жуан қамшы қол бастар көсем болды,

Елермелі екіесті шешен болды.

Би кетті малдылардың айтағында,

«Бәленді мұқатып бер» десең болды.

Жанақ ақын

Қызғыштың даусы көбейді,

Көлден аққу сырылып.

Қайырымы кеткен соң,

Мырзадан қоңсы жырылып,

Елім дер ер қалмады

Артына қарар бұрылып,

Тырнадан би сайладың,

Ашпассың, елім, көзіңді

Дулат Бабатайұлы

Бұл саладағы Абайдың жаңашылдығы өлеңде суреттелген жағдаяттарға терең субъективтілікпен келе отырып, әлеуметтік қатынастарды талдауға барды. Сондықтан да Абайдың сынында әлеуметтік талдау, адамның мінезін тану, мәселенің себебін ашу жағы басым тұратын. Кемеңгер ойшыл суреткер сынай отырып, ақыл айтатын, оның бұл ақылы жайдақ пікірден ада, терең ойға құрылған пәлсапалық ойлар еді. Сол себепті де Абайдың әлеуметтік сынының астарында үлкен ой, ірі қорытындылар жататын. Абайдың сыншылдығы жөнінде Ә.Қоңыратбаев: «Абайдың реализмі анық сыншылдық сатыға жеткен құбылыс. Оның бір басы феодализмге, екіншісі капитализмге тиеді. Осы белгілерде Абай поэзиясының өмірмен шындап туысуы, жарты ғасыр ішіндегі дала өмірінің энциклопедиялық суреті ғана емес, оның өскен талабы мен ой-санасының да елесі бар» деп жазды /5, 193/. 

Данышпан ақынның:

Егіннің ебін,

Сауданың тегін

Үйреніп, ойлап, мал ізде.

Адал бол – бай тап,

Адам бол – мал тап,

Қуансаң, қуан сол кезде.

Біріңді, қазақ, бірің дос,

Көрмесең, істің бәрі бос

деп жаңа сөз айтуы, - жаңа заманның жаңа ақынының әдебиет сахнасына шыққанын айғақтады. Кемеңгер суреткер үшін өзінің алдындағы ауызша дамыған авторлық поэзия, әлбетте, құнарлы дәстүр болды, бірақ бұлжымас қағида, айнымас үлгі болды деп үзілді-кесілді айта алмаспыз.


 

ХҮІІІ ғасырдың ортасы ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі қазақ поэзиясында туған эстетикалық көңіл-күйдің үлкен бір арнасы – отаршылдыққа қарсылық идеясы. Отаршылдыққа қарсылық сонау Бұқар жырау заманынан, одан беріде зар заман ақындарынан құнарлы орта тауып, ХІХ ғасырдың І жартысында Дулат, Мұрат, Шортанбай т.б. ақындардың шығармаларында кеңінен айтылады. Дулат пен Мұраттағы, Шортанбай мен Нарманбеттегі отаршылдыққа деген сын – дәстүрдің бұзылуы, жердің тарылуы, діннің әлсіреуі сияқты қазақ халқына ауыртпалық әкелген жайттарды бейнелеу арқылы, өз заманына өткенді қарама-қарсылықта бейнелеу арқылы көрінді. Мәселен, Дулаттағы (Кешегі бір заманда,//Қайран қазақ, қайтейін,// Қасиетті еді хан, қараң.// Мынау азған заманда,// Қарасы – антқор, ханы – арам.// Батыры көксер бас аман).


 

Сондай-ақ, отаршылдық зардаптары, оған қарсылық ХІХ ғасыр соңында және ХХ ғасыр басында ағартушылық идеялармен сабақтастырыла бастады. ХХ ғасыр басындағы ұлтты ояту, рухани жаңғыруға үндеу бағытындағы А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов өлеңдеріндегі ағартушылық пен сыншылдықта Абайдың дәстүрі сезіліп тұратын. Дегенмен ол қазақ қоғамындағы Абай заманына түбегейлі айырмашылығы бар жаңа кезең еді. Жаңа кезеңінің жаңа сөзін дәстүр салтындағы жаңа қолтаңбасы қалыптасқан қаламгер емес, жаңа кезеңінің тарихи-қоғамдық жағдайында тәрбиеленген, қалыптасқан қаламгер айтуы тиіс еді. Ұлт-азаттық қозғалыстың идеялары Ахмет, Міржақып, Ғұмар т.б. шығармаларынан көрініс тапқанымен, оның көркемдігі, кемел көрінісі Мағжан шығармашылығына тән. А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатов саналы ғұмырларын ағартушық, қайраткерлік жолға арнады. Ал М.Жұмабаевтың ақындық қабілеті ұлт-азаттық идеяны көркем кестелеуге бейім тұратын. Жаңа дәуір ақынының «Тез барам», «Есімде...тек таң атсын», «Жер жүзіне», «Күншығыс», «Пайғамбар» өлеңдері отаршылдыққа қарсылықтың жаңаша жырланғанын байқатты. Ал, Алаш қозғалысы тұсында дүниеге келген Ғұмар Қараштың, Ахметқали Мәметовтың, Сәбит Дөнентаевтың, Жүсіпбек Аймауытовтың, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың жырларында бұл мәселе мүлде жаңа қырынан жаңа жігер, қызу қарқынмен жырланды. Бұл Алаш әдебиетінің игі дәстүрлері, тіпті Алаш қаламгерлерінің шығармаларына тиым салынған уақыттың өзінде қазақ ойында, сөз өнерінде өмір сүріп жатты. Сондықтан да Алаш мұрасы тәуелсіздік алған жылдары өзінің табиғи жетекші орнына келіп орнықты.


 

Әдеби дәстүрдің өмір сүруі қоғамдық-әлеуметтік жағдаяттардың ұқсас өрбуімен байланысты десек, жыраулық поэзияның кейінгі ғасырларға дейін жалғасуы осының айғағы. Бұған жыраулық дәстүрді арқау еткен ХХ ғасырдың бастапқы ширегіндегі әдебиеттің кейбір үлгілері айғақ. Бұл кезеңде жыраулық дәстүрді ұстанған Ақтан Керейұлы, Базар жырау, Қашаған Күржіманұлы тағы да басқалар өз шығармаларын тудырды. Классикалық кезеңі ХҮ-ХҮІІІ ғасырда өткен жыраулық поэзияның үлгілері ХХ ғасырдың басында сақталуы – жыраулардың әдеби-көркем дәстүрінің өміршеңдігін байқатады. Мәселен, Асан Қайғының:

Бұл заманда не ғаріп?

Ақ қалалы боз ғаріп,

Жақсыларға айтпаған

Асыл шырын сөз ғаріп.

Замандасы болмаса,

Қариялар болар тез шғаріп.

Ел жағалай қонбаса,

Бетегелі бел ғаріп.

Қаз-үйрегі болмаса,

Айдын шалқар көл ғарпі

деп келетін толғауының кейінгі дәуірдегі үлгісін Қашаған Күржіманұлынан көреміз. Кейінгі кезеңнің ақыны:

- Бұл дүниеде не жетім?

- Кім қажетсіз болса сол жетім.

Хакімі әділ болмаса,

Бұқара байтақ ел жетім.

Көк орай шыққан балқашы,

Жеусіз тұрып сорласа,

Ел қонбаған жер жетім.

Қаңғырған қарсақ таппаса,

Ащы дария көл жетім

деп классикалық жыраулар дәстүрін жалғастыра дамытады. Жалпы алғанда, басы сонау ХІҮ-ХҮ ғасырлардан басталатын толғау жанрындағы жыраулық дәстүр Мұрын жырау, Жамбыл жырау шығармаларына дейін жалғасты. Дегенмен, жалғасты деген сөз айна-қатесіз қайталады деген тұжырым емес.


 

Дәстүрдің өзінен соңғы әдебиетте белсенді орынға ие бола беруі әдеби-көркем дамудың өрістеуіне айтарлықтай үлес қоса бермейді. Ондай дәстүр жаңашылдықпен жалғаспаған тұста жаңа дәуірдің рухани сұраныстарын қанағаттандыра да бермейді. Мұндай мысалдар қазақ әдебиетінің бұрынғы кезеңдерін де, сондай-ақ, қазіргі әдебиетте де кездесіп қалады. Ұлттық әдебиеттану ғылымымызда оны алғаш аңғарып, 1918 жылы «Екеу» деген атпен «Абайдан соңғы ақындар» деп мақала жазған Ж.Аймауытов пен М.Әуезов болды. Осы мақалада: «Ғұмар Қарашта Марабай ақын, Бұхар жырау тағы сол сықылды бұрынғы ақындардың қалпымен кеткен ескінің сарқыты бар. Бірақ ескілік сөздер батырдың батырлығын, бидің шешендігін, ханның хандығын, салтанатын жетілдіріп, ескектетіп айтқанына келісуші еді; ол кездегі халықтың халықтың рухы да, тұрмысы да ескек, асқақ сөзге лайық келуші еді. Халықтың мінезін суреттеп, мінін айтып, терең пәлсәпа сөздерді желдіртіп, ескектетіп айту бұл заманда артық, ұнаспайды» - деп жаза отырып, авторлар бұрынғы дәстүрдің қазіргі заманған үйлеспейтінін айтқан болатын /6, 95 /. Бұл арада дәстүр мәселесімен бірге дәстүршілдік ұғымы туады. Қазақ әдебиетіндегі дәстүршілдік жөнінде айтқанда, біз ХІҮ ғасырдан бастап ХХ ғасырдың орта шеніне дейін өмір сүрген авторлығы бар ауызша әдебиет жөнінде айтамыз. ХІҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы қазақ өмірінде ерекше рөл атқарған ауызша әдебиет ХІХ ғасырдың соңғы ширегі ХХ ғасырдың алғашқы жылдарында қалыптасқан жазба әдебиет тұсында сақталып, ендігі жерде жаңа әдебиеттің дамуына көлденең келгені болмаса, бәлендей жаңалық болудан қалды. Сондықтан да жоғарыдағы Ж.Аймауытов пен М.Әуезов мақаласында «ұнаспайтын» құбылысқа айналды. Себебі, жаңа қалыптасып келе жатқан жазба әдебиет жаңа ой, жаңа идея, жаңа тақырыпқа сай жаңа жанр, соны стиль қажет еді. Ауызша дамыған әдебиеттің нормативті поэтикасы жазба әдебиеттің қалыптасуына үйлеспейтін. Сондықтан кезінде сан ғасыр үлкен дәстүр болған жыраулық одан беріде ақындық ауызша поэзия сөз өнерінің көшбасшылығын сан жанрлы, алуан стильді жазба әдебиетіне берді. Бұдан былай толғау, арнау, дастан жанрлары жетекші орыннан ығысып, оның орнына лириканың медитативті-субъективті түрлері, жаңа типтегі поэма, баллада, көркем прозаның әңгіме, повесть, роман сияқты жанрлары, драма жанры келе бастады. Бұл қазақ әдебиетінің жаңа кезеңінің қалыптасуы еді.


 

Аталған кезеңде жыраулық дәстүрмен бірге Шортанбай Қанайұлынан басталатын діни-ағартушылық дәстүр, Абайдың көркем реалистік дәстүрі де құнарлы орта тауып, ары қарай өрістеп жатты. Шортанбай мұраларында айқындала көрінген діни-ағартушылық дәстүрдің ХХ ғасыр басындағы дарынды ізбасарлары Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, Молда Мұса т.б. Шортанбай Қанайұлының жалпы мұрасында «Дін жолынан айнымас», «Бала зары», «Насихат сөздері», «Келер заман сипаты», «Қожа, молда» толғауларында дін насихаты жалпылық, дидактикалық сарында жырланса, ал, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы осы дәстүрді кеңінен дамытып, діни тақырыптағы өлең-толғаулармен бірге мысалдар, аңыздар, дастандар жазды. Мәшекеңнің бұл шығармаларында діни тақырып кеңейе түсумен бірге образдар жүйесі, көріктеу құралдары мейлінше дамытылды. Соның нәтижесінде, әдебиетіміздегі діни лексиканың көркем үлгілері және А.Байтұрсынұлы «Діндар дәуір» деп атаған кезеңнің өзіндік жанрлары да қалыптасты.


 

Ілгеріде айтылған жайлардан шығатын түйін – әдебиеттегі тақырып пен идея бір кезеңнің ғана жемісі емес, үлкен әдеби үдерістің өне бойында байқалатын, ауқымды, бай дәстүрлі құбылыс. Алайда, өмір шындығының әдебиетке көшуі, автордың оған берген эстетикалық тұжырымы уақыт өте келе басқа авторлар тарапынан өзгере, өңделе, дамытыла береді. Мұндай үдеріс идеяның пікір жүзінде тууынан бастап көркемдікке қарай жетіле түседі. Кезінде тікелей айтылған ойлар бейнелі байламдарға айналады. Міне, осындай көркемдік сапаның артуы кезінде Бұхардан, Дулаттан бір байқалса, Абайда ірі көркемдік деңгейде көрінеді. Ал, ХХ ғасыр әдебиетінде Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығы әлгіндей көркемдік өсудің алғашқы толыққанды үлгісі болды. Бұл жалпы алғанда қазақ әдебиетінің соны көркемдік олжасы еді.


 

Сөз өнеріндегі дәстүр мен жаңашылдық дегенде көркем әдебиет тілі мен стилі жөнінде де айтуды ұмытпаған жөн. Әдебиет тарихын дәуірлеуде тіл мен стиль сол дәуірлік межелерді анықтайтын көркем деректер. Біз бұл арада оның егжей-тегжейіне бара қоймаспыз. Өйткені, стилистика мен поэтиканың күрделі мәселелерінен саналатын көркем туындының тілдік-стильдік қабаты жеке бір еңбекке жүк болатын ғылыми тақырып. Бұл арада айтпағымыз, дәстүр мен жаңашылдық һәм әдебиет тарихын кезеңдерге бөлу мәселесінде көркемдік құралдардың баршасы саралануы тиіс. Әсіресе, ұлттық дүниетанымнан өрістейтін, сонысымен ұлттық поэтика жасайтын троптың түрлері, оның ішінде, қазақ метафорасы жайы айрықша айтылуы тиісті.


 

Жалпы, көркемөнердегі сияқты, сөз өнеріндегі жаңа бастаманың орнығуы адамды, адам мен қоғам арасындағы күрделі де, әр қилы қарым-қатынасты жаңа қырынан бейнелеумен байланысты. Жаңа дәуір, жаңа заман өзінің жаңа сөзін айтатын ұланын тудырады. Сөйтіп, әдеби дамудың жаңа кезеңі сапарын бастайды. Ол сапар өзінің жоралы жолын, құнарлы соқпағын қалыптастырады. Осы жолға өткеннің қажетін алып, дәстүрді ұстанады, бірақ, дәстүр ауқымында қалмайды, оны екшейді, қажетін ғана қолданады. Оның бұл істегенін одан соңғы кезеңде келгендер де қайталайды. Сөйтіп, дәстүр мен жаңашылдық арасындағы әрі күрес, әрі бітім жалғаса береді.


 

 

Әдебиеттер


 

1. Жирмунский В.М. Введение в литературоведение. Курс лекций. Санкт-Петербург. Издательство Санкт-Петербургского университета, 1996.

2. Сүлейменов А. Болмыспен бетпе-бет. Алматы: Жас қазақ, 2001.

3. Бахтин М.М. Эстетика словесного творчества. Москва: Искусство,1979.

4. Поляков М. Вопросы поэтики и художественной семантики. Москва: Советский писатель,1978.

5. Қоңыратбаев Ә. Қазақ әдебиетінің тарихы. Алматы: Санат, 1995.

6. Аймауытов Ж, Әуезов М. Абайдан соңғы ақындар// М.Әуезов. Шығ.елу томдық жин. І том. Алматы: Ғылым, 1997.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар