Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Ербол Тілешов: Алаш ұранды әдебиет – ренессанстық құбылыс

22.02.2017 3807

Ербол Тілешов: Алаш ұранды әдебиет – ренессанстық құбылыс

Еліміздің егемендік алуы – халқымызға қымбат, ұлтымызға ұлық ұғымдардың жиі және құрметпен айтылуына да жол ашқаны баршамызға белгілі. Сондай ұғымдардың бірі – «Алаш». Бұл «Алаш» сөзінің астары, мағынасы жөнінде көптеген пікірлер бар. Осы тұста мәселе олардың барлығын да түгелдеп шығу емес. Ең бастысы «Алаш» сөзі бар қазақтың баласына аяулы, қымбат, құрметті болуында. Сонау тарихи дәуірлерден жеткен осы ұғымның бойында барша қазақты тұтастыратын қуат, біріктіретін күш, бауырластыратын құдірет жатқандығы ақиқат. «Алаш» сөзі тіліміздегі өзге сөздермен тіркесе келіп, кеше де, бүгін де сан ұғымдарға ұйтқы болғандығы да шындық. Осындай ұғымның бірі – «Алаш ұранды» деген тіркес. Қазақтың рухани тарихында осы «Алаш ұранды» деген тіркесті ең алдымен данышпан Абай қолданған екен. «Алаш» сөзінің шығу тарихына үңілген дана Абай бабаларымыздың жауынгерлігін айта келіп: «Сондықтан «алаш-алаш» болғанда, Алаша хан болғанда, қалмаққа не қылмап едік деп, алаш ұранды қазақ атанған себебі сол екен» - дейді /1,157/. Сол алаштың ұрпағы Алла жар болып, өзінің егемендігін алды, азаттықтың арайлы таңын көрді. Абай Алаш ұранды қазақ атаған елдің ұрпағы Абайдан кейінгі дәуірде ел мен жердің бостандығы үшін күресті. Сол күрестің ұранына ұлы Абай айтқан Алаш сөзін алды. Алаш қайраткерлері 1917 жылдың 21-26 шілдесінде Орынборда Бірінші жалпықазақ сиезін ашып, партия құру туралы қаулы қабылдады. Сол күндері Алаш қозғалысының үні «Қазақ» газеті: «Партия ұраны десек, бабамыздың «Алаш» ұранынан артық ұранды іздесек те таба алмаймыз. Сөйтіп қазақ саяси партиясының атын «Алаш» қою ойлап әуре болмастан ауызға түсіп тұр» - деп шабыттана жар салды /2, 414/.

eb0e7bb8ad80ead7c6ada5afb180d7e0.jpg

Алаш қозғалысына тек жалпылық тұрғыдан ғана баға беру тарлық етеді. Қозғалыстың өз дәуіріндегі тарихи мәні айқындалып келеді дей отырып, оның рухани жаңғырығының дәйектей түсер тұстары мол. Мәселен, оны аса ірі рухани-мәдени құбылыс ретінде кешенді түрде қарастырып, осы құбылыстың әлеуметке, жеке тұлғаға ықпалын анықтаудың концептуальды жолдарын қарастырғанымыз абзал. Ең алдымен, Алаш қозғалысының қазақ баласына, адамға, тұлғаға, содан шығып, әлеуметке деген көзқарасын дәйектеуіміз керек. Алаш қайраткерлерінің, қаламгерлерінің еңбектерімен танысқанда, олардың ой-пікірлеріндегі гуманистік аңсарды аңғармау мүмкін емес. Әрбірден соң, қозғалыстың өзі – адамға, ұлтқа деген жанашырлықтан туған гуманистік әрекет. Ұлттың еркіндігі мен азаттығы, оны құрайтын жеке адамдардың бақыты мен теңдігі ұранын көтерген қозғалыс – білімі кемел, ой-өрісі кең, мәдениеті жоғары, адам мен қоғамның мәселелерін жетік білетін ұлтшыл ғана емес, гуманист азаматтардың белсенділігінен туғанына күмән келтірмесек, онда бұл тарихи-саяси құбылыстың асыл діңгегі – елжандылық пен адамсүйгіштік екендігіне шүбә келтірмегеніміз жөн. Алаш қаламгерлері шығармашылығында қазақ әдебиетінде толымды түрде ана тақырыбы, әйел теңдігі мәселесі – басты тақырыптардың біріне айналды. Ізгілік пен адамгершілікке құрылған осы туындыларда гуманистік идеал, гуманистік ой негізгі өзекке айналып, ұлттың адамсүйгіштік қасиеттері бейнеленді.

Қазақ ғылымында «Ренессанс» мәселесі жүйелі түрде зерттелінген емес. Бұл Жаңғыру немесе Қайта өрлеу құбылысының қазақ топырағындағы болмысы жөніндегі пікірлерде, біздің пайымдауымызша, осы құбылыстың туу негіздері, өрістеу арналары, дәстүрлері мәселелерін жіліктеуден гөрі, ренессанстық сыбағаны жекелеген тұлғаларға сыйлау жағы басым болып отыр. Ренессанс жеке бір адам шығармашылығының жемісі емес, ол – тұтас шоғыр еңбегінің табысты нәтижесі. Қазақ Ренессансының басы Абай екендігі академик С.Қасқабасовтың «Абай поэзиясының ренессанстық сипаты» атты мақаласында ғылыми тереңдікпен дәлелденген /3/. Ең данышпан қазақ бастауында тұрған ұлы гуманистік аңсарды дамытқан, нағыз ренессанстық деңгейге жеткізген – Алаш қайраткерлері. Қазақ баласына Абайды ең алғаш таныстырған да Алаш зиялылары, Алаштың Әлиханы, Ахметі, Міржақыбы. Елі мен жерінің тәуелсіздігі жолында іздене отырып, сол күрес жолында Алаш зиялылары өздерін де, өз замандастарын да, өзінен кейінгілерді де қайраткерлік жағынан да, қаламгерлік жағынан да дайындады, жетілдірді деуге болады. Алаштың ренессанстық сипаты Ұлы ұлтшылдық дәуір ғана туғыза алатын Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мұстафа, Халел, Мұхаметжан, Жанша, Ғалел, Әлімхан, Уәлитхан, Айдархан, Ыбырайым т.б. қайраткерлерді, Жүсіпбек, Мағжан, Сұлтанмахмұт, Мұхтар сияқты алып талант иелерін қалыптастырды.

Алаш қайраткерлерінің ұлтшылдығы – замана халі туғызған, қазақ ұлтының алдына сол дәуірдің өзі қойған сауалдарға пікір жүзінде де, әрекет барысында да берген ең қажетті, тиісті жауабы еді. Бұл жөнінде Алаш қозғалысы қайраткерлерінің бірі Мәннан Тұрғанбайұлы осы құбылыстың сырын: «Ұлтшылдықты, кісішілдікті айыра білмеген, бас пайдасынан басқаны ойына алмаған, дін хұқымі шариғатқа бас иіп іске асырмаған, әдебиеттен жырақ жатқан қазақ секілді жұртты салғаннан көпшіл қылам демей, әуелі ұлтшыл қылу керек», – деп кезеңнің ақиқатын дәл айтқан еді /4, 58 /. Осы тұста жазылған Алаш қаламгерлерінің туындылары Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп...» деген ұлы гуманистік декларациясын жалғастырған, оны жаңа ұлт-азаттық мазмұнмен өрістеткен көркем дүниелер болды. Олардың негізгі арқауында адамның ішкі жан дүниесі бейнелене отырып, оның күйзелісіне рақыммен қараған шынайы адамсүйгіштік пафос жатты. Алаш зиялыларының гуманизмі – олардың қайраткерлік әрекеттерінің де өзегі еді. Мұндай гуманизм болмаса, олар ұлт тағдыры жолындағы жанкештілік әрекеттерге де бармас еді. Алаш қайраткерлерінің осы тұстағы ұлт мүддесі жолындағы әрекеті мен мақсатына беріктігін шынайы әрі терең көрсеткен «Қалам қайраткерлері жайынан» мақаласында А.Байтұрсынұлы дәуір куәгерінің көзімен былай деп жазады: «...қазақ қалам қайраткерлері жұртшыл, ұлтшыл, яғни халқына жаны ашитын, халқының жаны ауырғанда жаны бірге күйзелетін, бауырмал болмасқа тағы мүмкін емес» /5,87 /. Ахаңның айтып отырғаны адам баласының өз ұлтының тағдырына деген табиғи жанашырлығы, адамгершілігі. Осыны советтің оспадар саясаты бейнебір адамға тән емес теріс әрекет ретінде бағалады. Ар білімін насихаттаған Шәкәрім қажының, «Адамдық диқаншысы» болған Ахаңдар тобының ұлы гуманизмін көруге әлгі саяз советтік саясаттың өресі де жетпеді, бағыты да келіспеді.

Алаш қозғалысының – қазақтың Жаңғыру дәуірі болғандығын, оның «елім» деген, «жұртым» деген азаматтардың басын қосқандығымен де дәлелдеуге болады. Ол Жаңғыру құбылысының жалпы елдік, бүтін ұлттық, тұтас халықтық ірі құбылыс екендігін айғақтайды. Абылай заманында сыртқы жаудың қауіп-қатерінен басы қосылған қазақ, Кенесары, Махамбет, Абай дәуірінде «Бас-басына би болған» қазақ Алаш тұсында бас біріктірді, ой біріктірді, қимыл біріктірді. Оның негізінде Отанына, сол Отанының ұрпағына деген ұлы жанашырлық жатты. Бұл нағыз Ренессанстың тамыры боларлық гуманизм еді. Алаш қозғалысының қазақ Ренессансы болғандығына бұл құбылыстың мәнінен бейхабар адам ғана келіспейді. Алаш қозғалысын Ренессанс ету – біздің қалауымыз бен еркіміз емес. Ақиқаты солай.

Алаш қозғалысы қалыптастырған ұлттық ірі Ренессанстың ең басты сәулетшілері де, құрылысшылары да ұлтын шексіз сүйген, еркін ойлы қаламгерлер болды. Қазақтың сөз өнері ұлттың мұңын айтуда қай заманда да алдыңғы қатардан көрінетін. Өйткені, саяси билігі отаршыл империяның қолында кеткен, адамы кемсітуге, жері талауға түскен қазақ даласында елдікті аңсау, азаттыққа ұмтылу сарындары – ұлттың сол тұстағы ең дамыған қоғамдық ойы, өнері сөз өнерінен көрінбек. Дулат, Махамбеттен замандарынан келіп, Нарманбет, Ғұмар Қараштар тұсына дейінгі әдебиеттің басты пафосына айналған азат күнді аңсау, бодандықтан туған торығу көңіл-күйін Алаш қозғалысының қарқынды серпіні сейілтті. Серпіннен сенім туды, содан халықты ояту, еркіндікке үндеу идеялары жарыққа шыға бастады. Сондықтан да қозғалыстың өрістеуіне ақын-жазушылардың қаламгерлік те, қайраткерлік те үлестері айрықша болды. Біздің ойымызша, Алаш қозғалысы дәуірі – ұлттық жазба әдебиетінің тарихындағы ерекше жылдар. Қазақтың жазба әдебиетінің өмірге келуінің бастапқы кезеңі Абай заманымен байланысты болғанымен, оның буыны бекіп, бұғанасы қатуы ХХ ғасырдың алғашқы онжылдықтарына келеді. ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы жазба әдебиетке Ыбырай Алтынсарин, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, Нарманбет Орманбетұлы т.б. кейбір жекеленген әдебиет өкілдерінің шығармашылығы мысал бола алса, келесі ғасырдың басында жазба әдебиет өкілдерінің саны еселеп артты. Жазба әдебиеттің жарық көретін қалыптары – баспасөз, кітап басу ісінің дамуы жазба әдебиетті өркендете түсті. Ендігі жерде әдебиет оқырманға арнала бастады. «Айқап» журналы, «Қазақ» т.б. газеттер көркем ойды мыңдаған оқырманға жеткізушіге айналды. Үшіншіден, көркем проза, драма, әдеби сын үлгілері туып қалыптасты. Әдеби сынның қалыптасуы, оның шығармаға, әдеби мұраға, әдеби процеске баға беруі – жазба әдебиеттің есейе бастағандығының айғағы болды. Абай шығармаларының тұңғыш жинағының жарық көруі – жазба әдебиеттің қалыптасуына игі ықпал етсе, Міржақыптың «Оян, қазағы!», Ахаңның «Масасы» әдебиеттегі ұлтшылдық, елшілдік ұрандарды күшейтті. Сөйтіп, бұл жаңашыл дәстүрді Жүсіпбек, Мағжан, Сұлтанмахмұт, Мұхтар, Бейімбет секілді жас дарындар соны көркемдік сапада, тың қырынан жалғастырып әкетті. Соның нәтижесінде, Алаштың қалам қайраткерлері қазақтың тұңғыш романдары мен драмалық шығармаларын, алғашқы әдеби-сын мақалаларын дүниеге келтірді. Қазақтың сөз өнерін жанрлық жағынан да, идеялық-көркемдік жағынан да байытып, жазба әдебиетін қалыптастырды. Шамасы он-он бес жылдың ішінде Алаш қаламгерлерінің ерен қабілеті, ұлтына деген ерекше махаббаты, туған жұртының бүгінгісіне көңілі толмаған күдігі мен азат болашағына сенген үміті кейінгілерге үлгі боларлық әдеби туындыларды өмірге әкелді. Алаш ұранды әдебиеттің беті мен екпіні, бағыты мен мазмұны Ахаң бастаған қазақ ақын-жазушыларының ұсталып кеткен кезеңіне дейін, яғни 1920 жылдардың соңына дейін жалғасты. Сол екпін, сол бет, сол бағыт қашанда ұлтына перзенттік сүйіспеншілігі мен адалдығын сақтаған қаламгерлердің шығармашылығында баяу болса да қан тамырындай бүлк-бүлк соғып жатты. Алаштық саралы жолдан ауытқыған советтік әдебиет әсіре қызылдың тез оңатынын сезбестен, адамға емес, саясатқа қолбалалық, құлдық сапарын айғай-шумен, беттен алумен бастап, бір кісінің ғұмырындай ғана өмір кешті. Әуелден таза, әуелден көркем, әуелден адамға, ұлтқа деген жанашырлық пен ізгілікке, шуақ пен мейірімге толы «Алаш әдебиеті» аталатын алып бәйтерек қайта жаңғырып, ізгілік тұқымдарын шаша бастады. Ендігі жерде қазақ баласы жасағанынша жасайтын оның байтақ та баянды мәңгілік өнегелі сапары басталды.

Қандай ұлттың болмасын мәдени деңгейін көрсететін факторлардың бірі – театр өнерімен байланысты екендігі мәлім. Бұл жолда да Алаш зиялылары «тұңғыш деген» атаққа ие. Айталық, Б.Серкебаев, М.Әуезов, Ж.Аймауытов қазақтың алғашқы драмалық шығармаларын жазса, М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегі» тұңғыш театрлық қойылым болғаны белгілі. Ал, Қ.Кемеңгерұлының «Алтын сақина» пьесасымен мемлекеттік ұлт театры тұңғыш шымылдығын ашқан болатын. Жалпы өз заманында Алаш өкілдері ұлт мәдениетін, өнерін танытуға, насихаттауға қатысты бірқатар тағылымды шаралар атқарды. Бұлар ұлттық Жаңғыру ауқымындағы игі де, ізгілікті жұмыстар болатын.

Қазақ Ренессансы жазба әдебиетін қалыптастыра отырып, жазу мәдениетін де, көркем тіл мәдениетін де өсірді. Олардың өсуі мен өрлеуі – бастапқыда жазба әдебиеттен байқалатыны белгілі. Абай заманында өмірге келіп, өркен жая бастаған жазба әдебиеттің нағыз бағбаншылары Алаш ұранды әдебиет өкілдері болды дегенде, ең алдымен, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Ғ.Қараш, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, С.Торайғыров, М.Әуезов есімдерін атай отырып, «Алаш» қозғалысының осы белді, белсенді мүшелері қазақтың жазба әдебиетін тақырыптық-идеялық, жанрлық, көркемдік тұрғыдан байытқандығын әдебиет тарихы жүзінде байыптауымыз қажет. Яғни, негізінен, ауызша айтылып, тыңдалып жүрген көркем сөз үлгілері хатқа түсіп, жазу түрінде газет, кітап беттеріне көше бастады. Бұл әдебиеттің өмір сүру, таралу типін ғана өзгертіп қоймай, ең бастысы, жазудың мәдениетін арттырды. Көркем ойды жеткізудің тілдегі стилистикалық мүмкіндіктерін еселеді. Соған орай жаңа көркем түрлер пайда болды, тың сөз тіркестері мен сөйлемдер жасалды. Туған тілінің осы мүмкіншіліктерін тумысынан талантты, ұлтына ұлы махаббаттары табиғи Алаш ұландары ұтымды пайдалана алды. Сөйтіп, қандай да бір қасаңдықтан ада, адами құндылықтарды ту еткен, халқының халіне, ұлтының ұйысуына зерек ой, адал ниетпен көмкерілген көркем туындылар дүниеге келді. Бұл «Алаш әдебиеті» деп аталатын жаңа әдеби дәуірдің бастапқы кезеңдерінде ұраншылдық, насихатшылдық басым болғанымен, шамамен жас дарындар Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, М.Әуезовтердің шығармалары жазыла, жарық көре бастаған тұстан бері қарай көркемдігі кемел дүниелер бой көрсете бастады. Осы эволюциялық жол – Алаш әдебиетінің тез өсіп, жедел ілгерілегенін көрсетеді. Оның мысалы, «Оян, қазақ!», «Маса», «Бала тұлпар» мен «Батыр Баян», «Қорғансыздың күні», «Ақбілек» аралығы.

Алаш қозғалысы қазақ Ренессансын тудырса, осы Жаңғыру дәуіріндегі көркем әдебиет ұлттың жазба әдебиетін қалыптастырды. Ол ұлт санасының өсуіне, халқын азаттық пен ізгілікке үндер ұрпақтың өсіп-толысуына бастады. Алаш ұранды әдебиеттің бәйтерегі ұлтжанды сөз өнерінің дақылын сеуіп үлгерді. Кеңестік саясат Алаш қаламгерлерін қудалап, есімдері мен шығармаларын халық көзінен қаншалықты аластағанымен, ол бәйтерек өз жемісін берді. Қазақ тәуелсіз ел, терезесі тең жұрт болып болашаққа тартып бара жатқан шақта Алаш қайраткерлері, қаламгерлері тұрғызған Ренессанс мұнарасы бүгінгі ұрпаққа да, келесі ұрпаққа да баянды бағдар бола бермек.

Әдебиеттер
1. Абай. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. Екінші том. Алматы: Жазушы, 2005.
2. «Қазақ» газеті. Құрастырушылар Ү.Сұбханбердина, С.Дәуітов, Қ.Сахов. Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 1998.
3. Қасқабасов С. Абай поэзиясының ренессанстық сипаты // Абай мұрасы – тілдік өрістің негізі. Алматы, 2005.
4. Тұрғанбайұлы М. Ұлтшылдық // Тәбәрікұлы С. Қайран, Мәннан. Алматы: Қағанат, 2002.
5. Байтұрсынұлы А. Қалам қайраткерлері жайынан // «Алаштың» тілдік мұрасы. Алматы: Кие, 2009.

1dc9a09d827174500f60902c1e5fcfde.jpg

Ербол Тілешов


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар