Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ерболат Баятұлы: Түрлі-түсті дүние көзді алдаған.....

06.06.2016 4057

Ерболат Баятұлы: Түрлі-түсті дүние көзді алдаған...

Ерболат Баятұлы: Түрлі-түсті дүние көзді алдаған... - adebiportal.kz

11071520_1567404663527644_9086770172212075116_n.jpg

Ақ түс!


 

Ақ түс жайлы қандай өлең жаза алам, 
Ақ түс көрсем жуынамын, тазарам?! 
Аппақ нұрға ұмтылғанда іңгәлап, 
Ақ жөргекке орап алған әз анам.


 

Аппақ әлем керемет ең сен неткен, 
Ақ сәулені іздеп келем жер- көктен! 
Аруана жыр әлдилесе үнімен, 
Ақ бесікте анам ұзақ тербеткен.


 

Асқар тау да, ақша бұлт та аппақ- ақ, 
Ақ боз атпен әкем кетті жоқ қарап. 
Алғаш рет аттап едім өмірге, 
Арманымдай ашылды кеп ақ парақ.


 

Аппақ түстен өзге түстер жат маған, 
Ақ мұнардан адасқанын таппаған. 
Адалдықты, ардың сөзін ту ет!- деп, 
Ардақты әкем сыйлап кетті ақ қалам.


 

"Ақбақайды" салсам бір саған арнап, 
Ажарыңды кетеді- ау жамал алдап. 
Айқай өмір жақсы еді жүрген кезде, 
Ақ жаулығы анамның ағараңдап.


 

Ақ жеңешем жүруші еді қысылып, 
Ақ шымылдық!.. алған енді ысылып. 
Ақ жаулығын алмай жүрген ай жеңгем, 
Ақ тостаған тұрды маған ұсынып.


 

Алай- дүлей ақ кепешті ұшырып, 
Анау жонда аш бөрінің іші ұлып. 
Ақ түтекте ала төбет бүрісіп, 
Ақ сақал шал тұрды қырда құшынып.


 

Ақ кебінге оранып ап ақ қардан 
дала жатыр. Қарды аядым тапталған. 
Азан айтқан таң сәріде апырмай, 
Ағараңдап біреу шапты қапталдан.


 

Ақ періште дұға қылар елжіреп, 
Аппақ нұрға бөлер сені тоңды деп. 
Ақтық демің біткен сәтте ақырғы, 
Ақ сапарға аттанасың соңғы рет.


 

Айқай өмір, қызығыңа қайранмын, 
Ақ түс сені, көріп бір сәт ойландым. 
Ақ нөсердей жаусын Көктен дұғалар, 
Аңқылдаған АҚ ЖҮРЕКтен айналдым!!!


 

19.01.2016

 

 

Сары түс!


 

Сары жұлдыз айтады таңға арманын, 
Сары сәуле сызықтың жалғар бәрін. 
Самал желмен ырғалған сахарада, 
Саған қашан жетемін, сарғалдағым.


 

Сайын далам, асығып алып ұштым, 
Сары түске боялған жалын ұшқын. 
Сарыала күз жылайды көңілімде, 
Сары шекпенін жамылып сағыныштың.


 

Сарғаймашы сәл шыда әттең жаным, 
Сезесің бе самала шақтар барын. 
Сарыала қаз қонатын жазда келіп, 
Сарыжайлауда қалған ба тәтті арманым.


 

Самал неге еспейді мақпал, майда, 
Сезім сырын аймаңдай ақтармай ма?! 
Сары қағазды сарғайған кім оқиды, 
Сағынышпен жазатын хаттар қайда?


 

Сары шекпен бойымнан жел өтпеді 
Сары уайым жаныма керек пе еді. 
Санам ауыр, ой батпан, қиял терең, 
" Сабыр түбі - сары алтын" демеп пе еді.


 

Сәскем ауып бесінім жетпеді ме, 
Сағынышым- ертеңім, өткенім де. 
Сыбызғы сыр төгеді сәл мұңайып, 
Сағым ойнап сары бел, бөктерінде.


 

Сарша құстың шошынба қарасынан, 
Сарыарқаға жеткенше аласұрам. 
Сабат сайым, сарқылмас салқын ауа, 
Сары қымыз сапырған сабасынан.


 

Сары түс қайта келер күзім бе еді, 
Сары жел білдіресің ызың нені. 
Сарылып ұзақ күтіп сары төсекте, 
Сарқылып қанша ғұмыр үзілмеді.


 

Сары уайым басымда үркектеген, 
Сағыныштан туады жыр текті өлең. 
Салқам шабыс неге жоқ мына бізде, 
Сары желіс ғұмыр- ай бүлкектеген?!.


 

19.01.2016

 

 

Қызыл түс!


 

Қырдан тердім бір шоқ гүлді сізге арнап, 
Қыз ғұмырдың аңсағаны қызғалдақ. 
Қыдырады көк жүзінде нарттай Күн, 
Қызыл іңір қара түнді тұр жалғап.


 

Қаламқасты біз де талай сүйгенбіз, 
Қызыл түске малынады жирен күз. 
Қимай- қимай қоштасып ед әнеу жыл, 
Қырмызыдай қызыл көйлек киген қыз.


 

Қызыл сәуле жұтылатын гүлге еніп, 
Қыр басына асылатын күн келіп. 
Қытықтайтын бозбаланың сезімін, 
Қызыл бантик шашыңдағы түрленіп.


 

Қылығың да гүлмен бірге ашылар, 
Қара көзде махаббаттың жасы бар. 
Құлағында жарқырайтын сырғасы, 
Құлпынайдай титтей қызыл тасы бар.


 

Қыр беткейге жан құрбыңды ала шық, 
Қызыл нұрмен күн де батар таласып. 
Қалқатайдың ақ жүзіне айшықты, 
Қан қызыл шыт тұрушы еді жарасып.


 

Қайдан болсын сол бір шақтай сәт тегі, 
Қызыл тысты болушы еді дәптері. 
Қолың созып үзіп алған ағаштан, 
Қызыл алма шіркін сондай тәтті еді...


 

...Қабыл неге әз Әбілге жауықты, 
Қанішерлер сезінбеді, сауы ұқты. 
Қызғаныштың кигені де қып- қызыл, 
Қызыл жарық көшеде де қауіпті.


 

Қызыл түске алданбаңыз аса тым, 
Қызыл арай- қызыл маржан шашатын. 
Қызықтырар қу дүние ұстатпай, 
Қызыл түлкі сияқтанып қашатын.


 

Қызыл бәрі- ғайбаты да, өсегі, 
Қыздырманың қызыл тілі кеседі. 
Қыздың көзі... Түр- түсі де сайтанның, 
Құрып кеткір қызыл болған деседі.


 

21.01. 16

 

 

Көк түс!


 

Көктен бізге бұйрық жетті әмірің, 
Көбік шашқан көк теңіз, көк дауылым. 
Көк Түріктің баласы ек көктен мінген, 
Көк аспанға көтерген Көк Тәңірін!


 

Кербестіні келмеді қақпайлағым. 
Кермесіне бәйгенің ат байладым. 
Көкжал бөрі жебейтін Рухымды, 
Көз ұшымда желкілдеп көк байрағым!


 

Көктің жүзін бұлтты ашып түріп көрем, 
Көлмекөлді бетке алып жүріп келем. 
Күмбір- күмбір күреңді кісінетіп, 
Күн астына жортқанмын күлікпенен.


 

Күн шыққанда райы күлді аспанның, 
Көл жағалай керіммен сырласқанмын. 
Күркіресем жауатын бұлттай болып, 
Көк найзаны жауыммен ырғасқанмын.


 

Көк аспанда күміс бұлт сырғанаған, 
Күлімсіреп төбеңнен Күн қараған. 
Көрнеу жерден өзіне шақырады, 
Көк күмбезі мешіттің мұндалаған.


 

Көк қаршыға қу ілген көк көлдерден, 
Көк иірім көп өттім өткелдерден. 
Көсем- көсем сөйлестім төрде отырып, 
Көкке мұртын шаншыған бектерменен.


 

Көкала үйрек көлде жүр майпаңдаған, 
Көш бойында ән қалды- ау айта алмаған. 
Көк жорғаны күмістеп мінген сері, 
Күлімкөздің көңілін қайтармаған.


 

Көкшіл сәуле ойнайтын түңілдіктен, 
Келіншек көлде ауылым ұрын күткен. 
Көкке шаншып күлтелі құйырығын, 
Көк шалғында шабушы ед құлын біткен.


 

Көмекейге келтіріп әнді бұрап, 
Көл жағалай оңаша келді бір ат. 
Кербестіге мінетін Ақан сері, 
Көкжендетін қолына қондырып ап.


 

Күміс сәуле көл бетін аймалады, 
Көк мұнардан сығалап Ай қарады. 
Көрмегенім көп екен әлі менің, 
Көкше мұзда көк атан тайғанады.


 

Көктем келді көкшулан бұлақ күлді, 
Көкшіл перде қымтады бірақ қырды. 
Көк көйлекті бір ару көріп қалдым, 
Көк терекке сүйеніп жылап тұрды.


 

Көрінбейтін бір құс бар көкек деген, 
Көкек көңіл әр жерде секектеген. 
Көрмегімді көрем деп жүргеніңде, 
Келмес өмір осылай өтед деген...


 

Келмесіңе кетеді- ау ғұмыр ағып, 
Көкек отыр бұтаққа шығып алып. 
Көкжиекке көңілім сыймай кетер, 
Көк дөненге шапсам бір мініп алып!


 

22.01.16

 

 

Жасыл түс!


 

Жасыл өзек жан бітер сағақ әлі, 
Жасыл нуға дүние қамалады. 
Жап- жарық мынау әлем жазым шықса, 
Жап- жасыл бояуымен жаңарады.


 

Жатқандай- ақ қыс болса тұншығып күн, 
Жаны мұздап тұрады- ау тіршіліктің. 
Жасыл өмір ұя сап көктем келсе, 
Жаны бүрлеп қалады бір шыбықтың.


 

Жарық сәуле жазбенен ұласады, 
Жалпақ әлем түрленіп, гүл ашады. 
Жаз жайлауға қонғанда ауыл келіп, 
Жайраңдаған қыз- жігіт қыр асады.


 

Жас шалғынға төл біткен тояр анық, 
Жасыл дөңде қойшы тұр таяқ алып. 
Жалаң аяқ жүгірер жас балалар, 
Жасыл шөпке табанды бояп алып.


 

Жүгермектер асыққа таласасың, 
Жүгіресің тал мініп бел асасың. 
Жазық маңдай жеңешем жайраңдайды, 
Жасыл жіпке көмкеріп алашасын.


 

Жасыл түске балайды ғұмырлыны, 
Жақсы көрем ескіні, бұрынғыны. 
Жеңешемнің жасауы жайнап тұрар, 
Жасыл торғын төгілген шымылдығы.


 

Жан анамның кілемдей әр сырмағы, 
Жасыл бояу өмірі таусылмады. 
Жаз жайлауда апамыз тойға барса, 
Жасыл бешпет киетін қаусырмалы.


 

Жан біткенің құмар- ау азғанаға, 
Жақсы қыздар сынықсып наздана ма. 
Жасыл бояу, жап- жасыл тіршіліктің, 
Жайнап аз күн тұрары жазда ғана.


 

Жасыл түсің сөнбейтін шырақ па екен, 
Жасыл бояу- жайлы екен, тұрақты екен. 
Жаз өмірдің ғұмыры келте болса, 
Жасыл миуа мәңгілік Жұмақ Мекен!


 

23.01.16

 

 

Ала түс!


 

Алтай жақта өсетін дара шынар, 
Ала көздеу заманның қарасы бар. 
Алмағайып дүние ала бажақ, 
Айбақ- сайбақ бет жүзі ала шұбар.


 

Айырмасы көп пе екен ақ, қараның, 
Айдап салып алаш тұр жатқа малын. 
Абыройын жоғары қойған қазақ,, 
Ала жіпті деуші еді аттамағын.


 

Ала құнан озар ма ед кім біледі, 
Алдап соққан ала аяқ құрғыр еді. 
Ала қойды ақшалы бөле қырқып, 
Ала тайдай ел ішін бүлдіреді.


 

Алалама адамды тірісінде, 
Алты бақан ала ауыз жүр ішінде. 
Ауыздағы кетеді жат қолында, 
Ала болса алтауы үй ішінде.


 

Айдаушы еді жылқыны аламенен, 
Ала тайым шабандау қала берем. 
Ала шұбар бұлтпенен бірге көшіп, 
Ала щыңның басына қонады өлең.


 

Ақшам ауса басардай даланы мұң, 
Ала тайға мінгескен балалығым. 
Аян түс пе шіңгірлеп кісінеді, 
Айдалада адасқан ала құлын...


 

25.01.16

 Ерболат Баятұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар