Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Ерболат Қуатбек. Ең мықты өлең – жоқ өлең.

14.09.2019 668

Ерболат Қуатбек. Ең мықты өлең – жоқ өлең. 12+

ЖОҚ ӨЛЕҢ

Әлденені сезетіндей отты ішім:
Бұл қаламда еш құдірет жоқ, түсін!
Көргенің не, ей, ақыным, ардақтым
Отты сұм да, боқты – сын?!

Түнде оның серігі емес, жары да
Туған жоқ ол жұрт біткеннің бағына.
Шаң жуытпас жандарға бұл, өмірдің
Жұқпаған ба дағы да?

Теңесе алар жасың болса жермен де,
Бұл не деген майырылмас өр кеуде?
Еш адамның салы суға кеткен жоқ,
Ақын туып, өлгенге.

Мені сөксең, тек сен ғана сөкші, үміт
Қаруымнан кетсе-дағы оқ шығып.
Білесің ғой жыр емесің ақынға,
Тоқшылық пен жоқшылық.

Біз де сіздей бола алмадық сіз біздей,
Жүретін ек үміт жібін үзгізбей.
Түнді іздеп шаршағаным бар еді,
Енді тоқтау салып жүрмін күнді іздей.

Қандай сиқыр мына күйге бөлеген?
Білсем егер арбауыңа көнер ем.
Бір білгенім, ақыным-ау, ардақтым
Ең мықты өлең – жоқ өлең.

АНА

Шыңдықты баптап – «Өтірік»
«Өтіріктің» ең бір арығы.
Ұртыма толған көпірік,
Әжемнің иіс сабыны.

Жер иіскемеген жамбасым,
Жантаймай кеткен – Жастығым.
Көзімнің күңгірт таңбасын,
Анықтап берді, састырып.

Беліме қонған «көк таңба»
Анамның болды тұтқыны.
-Келу керек қой тоқтамға
Жасыңды енді сүрт, күнім!

Әнімнің қайырмасыңдай,
Айнала бердім шеңберді.
Самайдағы аппақ шашыңды-ай
Аппақ «арыма» теңгердім.

Иіс сезбейтін анамның,
Бетімнің дәйек қызылы.
Сынық кірпіш боп қаландым,
Бұзылмас жерде бұзылып.

Кешірім сұрап нешінші,
Дұшпаным дедім, «өтірік»
Тағы да мені кешірші,
Отырмын иттей опынып.

Күндерім әйтеу, «өтет» – деп,
Өмір сүріпті «уды» ішкен.
Анасы мықты детектив,
Баласы осал қылмыскер.

СҮЮ

Сәби! Бала! Әке! Ана! Қарт! Әже!
Лүпілдейді жүрегімдей әр меже.
Құлаққа ұрған сағаттардың тықылы,
Төңкерілген тар көзе.

Шайтанмен де есендесіп қойдық па?
Итаяқтан асты да ішіп тойдық та.
Тостағаннан қанын сөйлеп тұрса егер,
От сөйлеген бойды ықта.

Жанарыма бір уыс қан ұйыпты,
Жан кешкеннен пышақ жүзі тиіпті.
Күллі адамды ең сүйікті құлың қыл,
Мен күнәһар – Сүйікті.

Кеудеме алғаш қырсыққан бір түн кірді,
Ей, адамдар үрлемеңдер үлбірді.
Кірпік – талшық сынып кетер жасыммен,
Күлкің үшін сыңғырлы.

Көз алдымда тарам-тарам тарам бел,
Бесігіңе тербейді әлі балаңды ел.
Жалығармын тозақтан не жұмақтан,
Ең дұрысы Қалам бер…

ӨМІРГЕ КЕЛШІ, ӨТІНЕМ!

Өмірдің басы, шетімен
Ғажайып болып бекіген.
Шын айтам, балам, ант берем
Өмірге келші өтінем!

Махаббат пенен рақым бар,
Сүюге сенің хақың бар.
Бұ дүниедегі үлестен,
Өзіңе ғана жақынды ал.

Жақсылық өлген жоқ мұнда,
Жаны бар су мен оттың да.
Өмірге келіп, әлде сен
Кетіп қалдың ба, соқтың да?

Өмірдің түн мен таңынан,
Бір мін таптың ба, жаным-ау?
Қайта алмай қойдың ба әлде сен,
Балалық ғаламшарымнан?!

Қырсықсың сен де қыңырсың,
Батпай-ақ қойды күнім, шын.
Өмір айтқандай болмаса,
Сол сәтте әкеңді жын ұрсын.

Анаңды аяшы, күрсінген
Менен қалғаны құр сүлде.
«Өмір опасыз» дегенді,
Естіп ап келмей жүрсің бе?

Ауа орнына жел жұттым,
Тауды орнынан жылжыттым.
Тіл ала қою жоқ сенде,
Баласы құсап ел-жұрттың.

Жер мендік балам, жер сендік
Махаббат болып өлшенді.
Ғаламат мынау әлемге,
Келе ғой балам, келші енді.

Ң

Ң-ға тілім келмегені несі екен?
Бала құсап Р-ға тілі келмеген.
Әлдекімнің ыңылдаған кеші екен,
Жалғыз қаріп ғаріп жанға бер – деген.

Сол әріпке діңкем құрып жүргені,
Сол әріптен құралатын сүйген қыз.
Мысыр асқан күҢ-ге барып күН – дедім,
Күлімсіреп бір-ақ шықтық биден біз
(Оқылмай тек, тыңдалатын күй мен күз)

ӨлеҢімнің соңғы әрпін «өлеМ» — деп,
Алфавиттің көшесінде адастым.
Енді тіпті үйренетін дәмем жоқ,
Не амал бар…осындай бір бақ астың.

Маған ешкім Ң-ды үйрен деп жүктемес,
Бұл шешімді жарқыным-ау құп дегін.
Ң-ға тілім келмегені түк те емес,
Ымға тілім келмей қалса біткенім.

Сурет zakazposterov.ru сайтынан алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар