Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Еркінгүл Солтанаева. Айттаймыз...

07.07.2022 4747

Еркінгүл Солтанаева. Айттаймыз 12+

Еркінгүл Солтанаева. Айттаймыз - adebiportal.kz

«Бастық келе жатқан айт мейрамына 5000 адамға сыйақы беріпті!» деп тақиясын аспанға атып, қуанған жұрт қарасы көп екен. Гу-гу әңгіме:

- Премия құтты болсын!

- Үкіметке рақмет!

- Жыл он екі айда бір келген, жарықтық – ораза айт қой бұл! Бұл күнді көрген де бар шығар, көрмеген де бар шығар...

- Айттан айтқа аман жетейік! – деген тілектер қаңтардағы бір оқиғаны еріксіз есіме түсірді..

***

Тұман. Лоқсимын. Қолқамды суырып жатқандай, бүкіл іш-құрылысым сыртқа ақтарылатын сияқты. Аузымнан қара суым ағып, көзім ашып, қақалып-шашалып қашып барамын. Жанымдағы құрбымның жайы тіпті мүшкіл. Оны бір жас жігіттер жетелеп, Саин көшесіндегі көпірдің астына бас сауғаладық. Көзім ашып сүрткілей бердім.

- Су, су бар ма? Су беріңіздерші! Өтініш, су беріңіздерші...

- Апай, жумаңыз! Шыдаңыз! Улы газ ғой, бұл! Көзіңізді жусаңыз, одан әрмен ашытады.

- Мә, жауыздар ғой, мыналар! Халықты қыра ма? Полицияға біз не істеппіз?! Үкіметке не істеппіз! Газбен атқан деген осындай болады екен ғой!

- Тыныш тұрыңыздар! Бізді де жайратып салмай тұрғанда! – деді зілдене бір егде тартқан кісі.

Жым болдық. Көк түтін сейілгенін күтіп, мойнымыздағы орамалмен мұрнымызды тұмшалап, біраз тұрдық. Дүрсілдеп атылған оқ дауысы естілгенде мүлдем зәре-құтымыз қалмады.

Көпір астындағы жылу құбырлары тартылған жертөлеге қашып бірақ кірдік. Қанша уақыт болғанын білмеймін. Әйтеуір өз үрейін жеңгендер көпір үстіне көтеріліп, тұманға сіңіп жоқ болды. Төрт-бес адам үрпиісіп, түрегеп тұрмыз. Ауа тарылып, мүңкіген иістен демалу қиындап кетті.

- Мынаның да ішіне газ толып кеткен ғой. Ауа жоқ, шықпасақ өлеміз! Жүріңдер! Көпірдің астында кішкене жел соғады,-деді біреу.

Әзизаның халі кеткен секілді. Жүзі бозарып, көзінің асты көкпенбек болып, ақ пальтосының арқасына жұққан кірді де елемей құбырға сүйеніп отыр. Қарасам, көзі алайып, басы атқа сылқ түсіп, шалқайып кетіп бара жатыр.

- Көмектесіңдер! Жігіттер! Мына қыз талды. Сыртқа шығарайық,-дедім жанталаса айқайлап.

Жас жігіттердің бірі қолтығынан демеп, Әзизаның былқ-сылқ еткен денесін көпір астына сүйреп шығарып, жерге жатқыза салды. Былғаныш қар суының шалшығына қолымды малып, құрбымның бетінен шапақтай бастадым.

- Шыдашы жаным! Қазір жәрдем шақырамын!-деп жатырмын.

- Қайдағы жедел жәрдем! - дейді бір кісі. Ауа жұтсын, әрі тұрыңыздар! Кеудесін кішкене ашып қою керек! Қуарып жатқан құрбымды көргенде менен тіпті ес кетті.

- Өлмеші, Әзөк! Сен өлсең мен шыдамаймын! Өлмеші, құдай үшін!-деп жалынып жылауға көштім.

Қабағы дір-дір етіп, өздігінен қыбырлап тірі екендігінен белгі берді де, көзін ашты.

Қайда жатқанын түсінбей жан-жағына алая қарап біраз жатты да:

- Суық екен! – деп тіл қатты.

- Жаным, күнім - деп айналып-толғанып пальтосын қайта қымтап түймелеп жатырмын.

- Қазір жәрдем келеді. Алып кетеді, жылынасың!

Көзін қайта жұмды. Мен:

- Әзөк өлмеші! Көзіңді ашшы! Әлі жаз шығады, айт болады. Біз әлі бір-бірімізге айттаймыз! Айттаймыз! Өлмеші!-деп жалынып жыларман болдым. Жақсы бір сөз айтып жұбатып, өмірге құлшындыруым керек екенін түйсігіммен сезіп бірдеңелерді айтып жатырмын әйтеуір.

Қар аралас, балшық жерде жатқан басының астына сумкамды төсеп жатып, құрбымды көтерісіп шыққан жігіттің аяғына көзім түсті. Ақ қар үстінде жаздық мыж-мыжы шыққан кедымен тұр екен.

- Шақырма ! – деді әлсіз Әзиза.

- Кімді?

- Жәрдемді... Көтеріліске шықтыңдар деп ертең жұмыстан шығарып жібереді.

- Есің дұрыс па, осында жатып өліп қалсаң, қайдағы жұмыс саған!

- Өлмеймін, шыда. Қазір... басылған соң, бір көше жүріп, Нұргүлдікіне жетеміз - деді нықтап. Оның дауысындағы зор сенім, қайрат маған да күш бергендей. Күйгелектеніп, жылап, жалынуды бірден тыйды.

Біраз дамылдап алып, ес жиып, үстіде жұрт аяғы басылған соң, Әзизаны демеп, жүре беріп едім.

- Ей, ана тортыңда алсаңшы, обал ғой, ақшаға келген! – деп саңқ етті Әзиза. Мен мырс етіп, домалап жатқан тортты көтердім.

Аяғымыз дірілдеп, таяқ тастам бір көше жердің түбі секілді көрініп, Нұргүл құрбымның үйіне әрең жете бергенде көшеде, ақ қарға сіңе,жайылған қызыл қан үстінде жатқан бір кісіні көзіміз шалды.

- Қарама! Қарама! Ол жаққа! – деп денесімен көлегейлеп, жылап жіберді Әзиза.

- Тоқташы! Жәрдем шақырайық!

- Қанша жедел болса да, көмектесе алмайды-ау, енді оған! Обал ғой!

- Тоқтама! Обалшылын! Қазір сені де қылжитса, шиеттей сенің балаларыңа обал емес пе? Ойбай, полиция келеді!

Тапырлап тағы жүгірдік, үй жақтауына айнала бергеніміз сол, алдымыздан екі полиция атып шықты. Олар да, біз де күтпеген жерден кездескенімізге үрпиісе қалдық. Бірақ, біз ойланып үлгергенше білегімізден шап беріп, тас қылып ұстап алды. Қазақ екен әйтеуір.

- Құдай үшін, жіберіңдерші! Менің үш балам бар! - деп қинала, дәл осы сәтте толғатып тұрғандай тіл қатты Әзиза.

- Менің төрт балам бар! Жіберіңдерші! Сендердің де біз сияқты аналарың бар шығар? – шырылдап, көп нәрсенің айтып, жалынып тұрмыз. Көзім полицей жігіттің етігіне түсті. Етігінің басы қан. Қатып үлгермеген, қошқыл, қою қан. Етігіне де, жеңіне де қан жұғыпты.

Басым айналып, теңселіп кеттім. Жіберді.

Ары қарай үнсіз жүгіре басып, көп қабатты үйге зытып кірдік. Ақ польтомыз қап-қара, бетіміз сағал-сағал кір, мыжылған тортымызды көтеріп, ентігіп кіріп барып, Нұргүлді құшақтап-көрісіп, ұзақ жылап едік сонда.

Терезеден төнген тұман барлығын күрделендіріп жіберді. Бұлынғыр. Белгісіз. Түтінге оранған байқұс қалаға қарап, ақкөңіл халқымызды аяп, қаңтарда, ақ қарда жаздық аяқ киіммен жүрген жастарымызды аяп, жазықсыз төгілген қанды ойлап, кез-келген жағдайда обал-сауап деген нәрсені қағидат етіп сүріп келе жатқан ғазиз өміріміздің астаң-кестеңі шыққанына налып, кір шалған көңілімізді жумақ болып ұзақ-ұзақ солқылдап жылаған едік.

***

Айттан айтқа жанымыз аман жетсін ...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар