Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Ерлан Аманқожа. Қаламыңның ұшында тұрған өлең...

23.07.2022 4337

Ерлан Аманқожа. Қаламыңның ұшында тұрған өлең 12+

Ерлан Аманқожа. Қаламыңның ұшында тұрған өлең - adebiportal.kz

***

Алыстап ем қасыңнан аз күн көрмей,

Көңіліңді торлады наз мұң нендей?

Қаламыңның ұшында тұрған өлең,

Мен туралы...

Отырсың жазғың келмей.

Бір ашылмай тұнжырап қас-қабағың,

Кіргізбеді білемін аста дәмін.

Мен көрініп қалғанның кесірінен,

Қолайнаңды сындырып тастағаның.

Білесің бе?

Жоқ қазір сенің мүлкің,

Жаның менде,

Сезімге желінді рухың.

Менің жылап жүргенім сенің жасың,

Сенің күліп жүргенің менің күлкім...

Сәл мұңайсам күйзелтем, күрсіндірем,

Әнге салсам сыйлаймын тыслым бір ем.

Ұйықтамайтын болдым мен алатаңға,

Себебі сен көп ұйықтап жүрсің, білем!

Сағынышын өкпелеп әйгілеген,

Өкпесіне көл тоңып, ай жүдеген.

Жеті түнде аспанды жарып жеткен,

Сенің жазған өлеңің, әй, мына өлең!...

***

Ақын ба екем,

Жетпейтіні ақылым,

Өлмеспін деп қиялдаппын сар таңға,

Тереземді баспалап кеп ақырын,

Айдан бұрын асып кеттің арқанға.

Соңғы тост,

Оны саған ұсынам,

Көңілім ғой екіленбей ал, жаным.

Жалған емес,

Жүрегімнің тұсынан,

Жұлдыздардан бұрын тиді қанжарың.

Қателестім,

Шайырлардың күйін ұқ,

Жандары асау бола алмайтын кісі ұғып.

У құйылған кесеңді үнсіз қиылып,

Күннен бұрын кеттің ептеп ұсынып.

Періштелік ұғымдарға тән ойы,

Жазылмайды екен жырдың жарасы.

Өлтіргелі келгеніңді әдейі,

Өлгеннен соң білгенімді қарашы!...

***

Көк Тәңірі басқан мөрін,

Ақ періштем нұрлы кеуде...

Қалмағандай аспанда орын,

Сені жерге кім жіберген?!

Лаң салғалы өмірге осы,

Аңыз жазып өсегімнен.

Бекторының көңілдесі,

Әзәзілдің досы едім мен.

Кетсең, шіркін, сен жақтырмай,

Жынданбас ем қасіреттен.

Тағдыр дейтін кербаққырды-ай,

Есіңді алып ғашық еткен.

Дәруіш ем өлеңі ерек,

Өлтірді ғой уақыт бөтен.

Шексіз сүйем...

неге керек,

Сүйіп қалай бақытты етем.

Екеумізге өкпелі бақ,

Сезім бейбақ оты күшті.

Періштесің...

Көкке бірақ,

Ұшпайтының өкінішті!...

***

Өлең – ғұмыр...

Шыққа қонған құсым ең,

Нәзіктікті саған қарап түсінем.

Қандай қиын үнін есту бақыттың,

Күреңіткен күлкілердің ішінен.

Кешір мені!

Сорлы қыстақ қаңтары ән,

Адастырды жылан соқпақ сан тарам.

Жүрмін әлі серуен құрып, сенделіп,

Қасіреттің базарында...

Тарқаған...

Шайыр үшін көзе-көзе у ішкен,

Мерей болмақ...

Пенделіктен мың үстем.

Жетпейді екен саған жырдың ақылы,

Әттең қайғы ақындықпен туыс пе ең?!

Сапар шегіп...

Ғұмырымды мұздатып,

Кірпігіме қонақтатып мұз жаһұт,

Шаттығымды құйып кеттім сырғаңа,

Періштенің тынысына мызғатып.

Отар – Тағдыр

(досымның әңгімесі)

Ауру ақпан,

Хал-жағдайы сәл, бірақ...

Жыр оқыса жаңылмайды тіркестен.

Қарғалардың қарқылында қар жылап,

Қаратаудың қабағынан күлкі ескен.

Дел-сал отар,

Өкпелі жүз, мал, малшы,

Иен аңғар,

Мағынасыз ит үрген.

Бағып жүрген жанның өзі алдамшы,

Сайқал тірлік айырылған сүйкімнен.

Жұмбақ шоқы,

Мерекелеп мың ұлар,

Кәрі құлжа қорадағы қойды аңсап.

Тозақ оты...

Жоғалғандар жылынар,

Тамшы өксиді шопан жігіт тойған шақ.

Қорғасындай уысыңа құйылып,

Тасбастаудың кеудесінде Ай жанған.

Жетім бұғы жезтырнаққа бұйырып,

Таңға жақын тау өртенді...

Әй, жалған!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар