Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Ерлан Жүніс. Періштелер жүр түсе алмай жерге......

07.11.2018 12871

Ерлан Жүніс. Періштелер жүр түсе алмай жерге...

Ерлан Жүніс. Періштелер жүр түсе алмай жерге... - adebiportal.kz

Тыныш дүние

Тыншымаймын. Тыным таппан мен тегі,

Түскен емес тағдырымның желкені.

Дамыл таппай кеземін де жүремін,

Дамылдаған мынау байтақ өлкені.

Жердің жүзін ой қанаты айналдым,

Жұлдыз құштым, күнді көрдім, ай бардым.

Кеземін де жүрем мыңжылдықтарды,

Кезегінде жүрем ұлы ойлардың.

Күнге қарай бұрғам баста-ақ бетімді,

Күн түбіне мұрат еткем жетуді.

Қас-қағым сəт тынып қалсам қимылсыз,

Бүкіл əлем тұрып қалар секілді.

Ең бір ұлы ырғақтарға құштармын,

Ең бір ұлы ырғақтардан күшті алдым.

Жолаушылар қалмауы үшін сапардан,

Қанаттары талмауы үшін құстардың,

Жұлдыздардың сөнбеуі үшін жарығы,

Гүлдерімнің сембеуі үшін тамыры,

Мен бір ұлы ұмтылуды тудырам,

Тудырамын бұлқынуды жəне ұлы!

Менің сұлу армандарым өр кезде,

Аттанамын, атанамын елкезбе,

Бір сəтке де жұма алмаймын көзімді,

Бір жаманат болмауы үшін сол кезде.

Үндемеуден сақтап қалды сөз мені,

Жүрегімде – заманалар безгегі.

Мен бір ұлы қозғалыстан жаралғам,

Жердің шары жаралатын кездегі.

Еркін жүріп, ерек ойлап ержетіп,

Жүріп келем, шығып келем өрге тік!

...Жер бетінде бір тыныштық туғанда,

Отырармын тыныштықты тербетіп.

Даңқ

Ақын да бір ел еркесі,

Еншісі елден бөлінбейтін.

Даңқ – таланттың көлеңкесі,

Күн түспесе көрінбейтін.

Шыққан күндей өлең келсе,

Кейде сыймай кең өлкеге,

Біреуіне көлеңке ерсе,

Бірі ереді көлеңкеге.

Өмір өтер, өлең қалар,

Кеш пе, мейлі, қалды ма ерте.

Қыранда да көлеңке бар,

Құзғында да бар көлеңке.

Қол ұстасып қыз-арманмен,

Жүрдік талай,

Қыз – арбайды...

Көлеңкесі ұзарғанмен,

Кісі бойы ұзармайды.

Артар азап, артар қайғы,

Жырақтар күз, жырақтар қыз...

Көлеңкелер қартаймайды,

Қайта алмайды бірақ жалғыз.

Көлеңкесіз жарық қана,

Күнге болар кім көлеңке?!

Көлеңке бар табытта да,

Сол көлеңке – шын көлеңке!..

***

Уақыт баяу... тез өтеді,

Жылап аққан жылға сынды,

Бізді жылдар сөз етеді,

Сөз етеміз біз ғасырды.

Қандай еді парқы, білсең,

Біле алмасаң –

сорың дағы.

Өмір деген – жарты күлше,

Жетім ұлдың қолындағы.

Бəлкім соны көз етеді,

Оң мен теріс – ызба сынды.

Бізді жылдар мезі етеді,

Мезі етеміз біз ғасырды...

Келері – жұп, кетері – тақ,

О, не деген бейқам адам?!

...Жан жұмбағы – көне кітап,

Соқыр ойың сипалаған.

Ана жайлы ең жақсы сөз...

"Əке, əке, сен айтатын жақсы сөздер көп еді,

Айтшы енді, ана жайлы ең жақсы сөз не?" деді,

Ана жайлы...

Ана жайлы пайғамбарлар сəлемі,

Ана жайлы ақындардың өлеңі.

Ана жайлы - қара жердің төзгені,

Ана жайлы - уақыттың безбені,

Ана жайлы айтылмаған бір сөз болса əлемде,

Ол да ананың айта алмаған сөздері.

Ана жайлы жақсы сөзді есту үшін тыңда, ұлым,

Тыныштықты,

Тауды,

Көлді,

Ай сəулесін,

Күн нұрын,

Ана жайлы сенің тəтті қиялдарың, арманың,

Ана жайлы менің барлық шындығым.

Мен айтатын жақсы сөздер көп еді,

Мен де анамды жақсы көрем, себебі!

Білесің бе, бұл əлемге адамдар,

Ана жайлы айту үшін келеді!

Адамзаттың ең бір асқақ бар əні,

Жыр еткенмен, пір еткенмен ананы,

Бұл өмірді қалай сүріп өткені -

Ана жайлы айтқан сөзі болады.

Ана жайлы – кең дүние – бесігің,

Ана жайлы аманат пен кешірім,

Анаң үшін ең жақсы сөз дүниеде –

Ұлым, сенің есімің!..

Қарөлең

(триптих)

1.

Əппақ қар,

Аспаннан қалықтап келеді,

Бұлттан да биік бір əлемнен.

Ол соған сенеді –

Сенем мен!

Сенеді ол,

Күтер деп бір адам,

Бір адам – сенетін арманға,

О, мейлі ол таза емес күнəдан,

О, мейлі ол ақ емес қардан да,

Бір адам – үмітке сенетін,

Көнетін, сол үшін, көнсе де,

О, мейлі ол кітаптай көне тым,

О, мейлі ол отызға келсе де.

Сенеді ол,

Күтер деп көз ілмей,

Өзіндей, жүрсе де қай маңда,

О, мейлі ол жабайы – сезімде,

О, мейлі ол ақымақ – ойлауда.

Бір адам – сенетін жаңаға,

Келетін жол кешіп қаншама,

О, мейлі ол ұқсайды балаға,

О, мейлі, ол ақын болса да.

Əппақ қар,

Шалықтап, қалықтап келеді,

Періште тұратын əлемнен.

Ол соған сенеді –

Сенем мен!

2.

Ақ қардың,

алқызыл жүрегі болады,

Сұлудың жүрегі сыңайлы,

Сондықтан кейде олар тоңады,

Кейде олар сондықтан жылайды.

Жап-жасыл жаны да болады,

Шайырдың жанындай шалдыққан,

Сондықтан кейде олар жаралы,

Кейде олар ериді сондықтан.

Бар оның аспан түс жанары,

Сəбидің көзіндей арайлы,

Сондықтан бəріне ол жауады,

Сондықтан бəріне ол қарайды,

Алалап бөлмейді ешбірін,

Кетпейді ешкімді қалдырып,

Жауады – секілді кешкі мұң,

Жауады – секілді таңғы үміт.

3.

Қалықтап келеді –

Құстардай, көліне оралған,

Ұлдардай, еліне оралған,

сəттердің бəрі үшін жоғалған,

сəттердің бəрі үшін тоналған,

Қалғандар үшін де оралмай!

Келеді,

келеді асығып,

Азырақ тұрады қона алмай,

Азырақ аптығы басылып,

Жəутеңдеп жоқ күткен жанардай,

Кешіккен көп күткен адамы,

Қанаты талса да қона алмай,

Тауларды, көлдерді, даланы

Айналып ұшады əппақ қар,

Өзінің ұясын таба алмай,

Талдарға, шатырға, соқпаққа,

Мүсінге, сымдарға қона алмай,

Сұлудың шашына қона алмай,

Қона алмай қолына баланың,

Мылтықтан үріккен маралдай,

Төсінде дүркіреп даланың,

Ұшады əппақ қар төбеңде,

Ұшады ең көркем сəлем боп,

...Бір кезде қонады өлеңге,

Жауады содан соң өлең боп!

Қарадым

Бір інжу,

Іңкəрлік теңізі түбінде сақталған –

жүрегің,

Шəкірттей, пірінің алдында ақталған

жүрегім.

Пəкзада гүлдері бағында лаладай

келбетің,

Дүниеге ең алғаш таңданған баладай

келбетім.

Парасат аспаны жаратқан бір жұмбақ –

болмысың,

Ғашықтар адасқан ымыртта тұнжыр бақ

болмысым.

Гауһардай - сұлулық перісі қолында –

саусағың,

Иілген сəмбі тал секілді жолыңда

саусағым.

Сағыныш түндерін нұрлы еткен ай сынды

ерінің,

Сол жайлы шексіз бір ой сынды

ерінім.

Мəңгілік сиқырдың тарқамас дуасы –

жанарың,

Сен сүйген əлемнің ең үлкен күнəсі –

жанарым...

Жиырмасыншы қараша

Бүгін күнім босқа өтті,
Сол бостықтан діл де азды...
...Қанша сұлу жас төкті,
Қанша шайыр жыр жазды,

Қаратауға қар түсті,
Қара Ертіске мұз қатты,
Қанша жұлдыз шарпысты,
Қаншама адам дыз қақты,

Тұман басты Алтайды,
Қарт Хазарға кеш кірді,
Жер бір күнге қартайды,
Күн бір күнге ескірді,

Бір елде жер қазылды,
Бір елде ер ашынды,
Жаңа тарих жазылды,
Ескі қабір ашылды,

Қанша тағдыр түйісті,
Қанша жолдар ұзарды,
Бозбала алғаш сүйісті,
Қызбала алғаш қызарды,

Біреу таққа ұмтылды,
Біреу байрақ көтерді,
Бір ауылда ұл туды,
Бір ауылда əке өлді,

Біреу бақыт тілерде,
Біреу қарғысты ойлады,
Оқ атылды бір елде,
Бір елді аштық жайлады,

Бір сəуле ойнап жанарда,
Бір от ойнап қандарда,
Бір тіл өлді аралда,
Бір ұлт өлді орманда,

Менің күнім текке өтті,
Бəрінен тыс қалғаным,
Мені қызық жеп кетті,
Мені, қала, алдадың!..

Сағыныш

Ұлы күндей бір сағыныш бар менде,

Ыстығы оның сезіледі əр демде.

Соның қалай тоңдырарын білсең ғой,

Жүрегімнің домбығарын кеудемде.

"Өлең қалай жазыларын айт" дейсің,

"Жанның қандай назы барын айт" дейсің,

Алапат өрт жүрегімді аяздай

қарығанда - өлең жазбай қайт дейсің?!.

Көк нөсердей сағынышым бар менің,

Жанардан ол жас боп ағар хəлдемін.

Оттай болып жанып тұрып - жаураймын,

Көк нөсерде қалып тұрып - шөлдедім.

Не істе дейсің, айтшы енді, айт емін,

Қара жұмбақ айтшы менің қай теңім?!

Тұнжыраған көзді не етем мені іздеп,

Батылсыздау созған қолды қайтемін?!.

Отты жерде ормандай боп ой қалып,

Ұйықтарға желқайықтай байланып,

Сағыныштан қаша-қаша ақыры,

Барам өзім сағынышқа айналып.

Қиялшаң таңның бұлттары

Ертең тағдыр қандай күн сыйлар екен,
Ертең тағдыр қандай күн сыйлар екен,
Қанша құстың даусына жаным елтіп,
Қанша гүлдің шырынын жинар екем?

Мен білмеймін, бəріне ілесем бе,
Ілесем бе, жоқ, əлде тіресем бе,
Бір əділет үшін деп шайқасам ба,
Бір махаббат үшін деп күресем бе?

Баршылықты көрем бе, тапшылықты,
Аса ма екен, алам ба жоқ, сырықты.
Мен жақсылық көрмеуден қорықпаймын,
Жасамаудан қорқамын жақсылықты.

Бұл дүние кімге шын, елес кімге,
Соны айыра алмадым, тек өстім де.
Өтірікті келеді кейде естігім,
Естіртпеуім үшін де оны ешкімге!

Əрбір жанға бар жанды өпкізем бе,
Бір бақыттың хабарын жеткізем бе,
Мылтықтарды қойғызып мұражайға,
Мұрағатқа заңдарды өткізем бе?

Қандай жүгін заманның иыққа алам,
Қандай нұрын ғаламның жиып барам,
Қандай жанды байқаусыз өкпелетіп,
Қандай жанды абайсыз сүйіп қалам?

Сүю деймін, құрғыр-ай, бала ма екем,
Бұл балалық қай күні қалады екен,
Қай ғасырдың атынан сөз айтамын,
Қай ұрпақтың өкілі болады екем?

Арашалап қалам ба құрбан ұлды,
Бөлеймін бе жесірді сырға нұрлы,
Сөйлер ме екем Нобельді алып тұрып,
Жалықтырып қартайған бір ғалымды?

Мен білмеймін, білмеймін, нені білем,
Бұл бір аңыз ақынның өмірінен.
...Адам ұлы оқитын асқақ тұрып,
Бір ұлы өлең жазамын,
Соны білем!

Күйзеліске түскен ақын ініні қайрау

Сен əлі жас баласың,

Жастықпен, мастықпен де дос боласың,

Ұрылар тауларға да, тасқа басың,

Бəрі де біткендей боп тұрған сəтте –

Басталасың:

Басталған дəуір секілді данышпандардың демінен,

Дауыл секілді теңіздерді сапырған,

Жердің шегінен,

Көктің түбінен,

Дұға секілді мыңжылдар бойы оқылған!

Соғысы секілді жарық пен түнектің –

Ешқашан бітпейтін,

Қағысы секілді жүректің,

Ағысы секілді алапат өзеннің,

Кезеңнің –

Ешкімді күтпейтін!

Басталған мейрамдай мəңгілік тойланатын,

Жұлдыздар секілді Күнді айналатын,

Тіпті Күн секілді,

Ешкімді алаламайтын,

Ешкім де жақындай алмайтын,

Хат секілді оқылмай қалмайтын...

Жебедей – ешкімді жараламайтын,

Шексіздікке атылған,

Сүйісі секілді ғашықтың таңдарға ұласқан,

Азаншының дауысындай мінəжатқа шақырған,

Өзгелер есімін сұрасқан беймəлім жолаушыдай,

Алаушыдай – Олимпке ұмтылған!

Өмірдей – тастың да ішінде бұлқынған,

Ой дауысы секілді марғау ғасырды оятқан,

Қараңғы дүниені оятқандай Күн!

Аспандай жай атқан,

Өлеңдей –

Ешқашан аяқталмайтын!

11.02.2015

Ех, Е. Жүніс...

Осы біздің Өлең деген кезіміз,

Дон Кихоттық емес пе өзі кейде осы?!.

Бұл кітапты жазған болса Е. Жүніс,

Тозған болса тағы өзінің жейдесі,

Бір сөз үшін мың жылын да сарп етсе,

Сол мың жылы татымаса "сəттерге",

"Поэзия" деп бір ойы жарқ етсе,

"Пəтерақы" деп жазылса ол дəптерге,

Кімге керек ол ақының тілегі,

Кімге керек сағынышы, арманы,

"Махаббат" деп солқ еткенде жүрегі,

"Машақат" деп сыбырласа қалғаны,

Ғұмыр кешсе ол ертегідей түсімен,

Түс көруге асықса егер кеш кірсе,

"Əділет" деп айқай салса ішінен,

Ол сыртына "Əбігер" деп естілсе,

Кімге керек көрген түсі ақынның,

"Құдай-ау" деп құлазыған кезіміз,

...Неменеге тағы жазып отырмын,

Неменеңе ақын болдың, Е. Жүніс?!.

("Шəкəрімді жоқтау" бойынша)

Арғымақ ер-тоқымын бауырға алды,

Артында пұсырман мен кəуір қалды,

Қара аспан қызыл етке қамшы тиген,

Қазақтың арқасындай жауырланды.

Жануар ор түбінен оттамайды,

Жазған күн –

барға қайғы, жоққа қайғы.

Бейуақ оқ даусынан озған даусы,

Тауларды тітіркентпей тоқтамайды.

Қара адам жоқ хақысын даулай келді,

Қажының көрген түсі аумай келді.

...Артына ақырғы рет қарағанда –

Көзінен заманалар аунай берді...

***

Ұзақ қарап тұрсаң егер жаңбырға –

бір тамшының көлеміне сыяр күн:

...Тіл тигізіп көргенім жоқ тағдырға,

Тəңірімнен ұялдым.

Жер бетіне тамшылармен тамар күн –

шұғыласы секілденіп қиялдың:

...Жамандығын айтқаным жоқ жаманның,

Жақсылардан ұялдым.

Əр тамшыға сыңар еттім сезімді,

Содан оны жүрегіме құя алдым:

...Сұлулардан алып қаштым көзімді –

Сүйген жардан ұялдым.

Періштедей енген таңғы түсіме,

Табиғаттан таңғажайып сый алдым:

Қатты дауыс көтермедім кішіге –

Үлкендерден ұялдым.

Биіктен кеп, батып жатты тереңге –

Соны көріп, өлімді еске жиі алдым:

...Мен өтірік айтқаным жоқ өлеңге –

Болашақтан ұялдым.

Бозторғай

Тілге таңба басқандай,

Сөз де айта алмай... таусылам.

Үркіп ұшты бозторғай,

Қызыл мылтық даусынан.

Атқан оғы қаңғырды,

Қара жұртты даң қылды,

Алтай тауы жаңғырды,

Алатауым жаңғырды.

Ертіс бойлап қан ақты,

Жайық бойлап жас ақты,

Өз бауырын талатты,

Өз жүрегін асатты.

Ұлы жұрттан ұл кетті,

Ұлытаудан құс кетті,

Өз əкесін тілдетті,

Өз бармағын тістетті.

Жанарға от басқандай,

Жас ағады мөлдіреп,

Əлі ұшып жүр бозторғай,

Əлі ұшып жүр сол бір оқ!.

Құралайдың көз жасы

Қасқа ма еді, білмедім, төбел ме еді,

Көзден кетті сол күннің көп өрнегі.

Құралайдың нөсері құйғанымен,

Құла түзден, құдайым, лақ өрмеді...

Көздеріңді, қайтейін, қараймаған,

Сирағыңды, қайтейін, сораймаған,

...Жапан түзден талықсып жететіндей,

Жетім лақтың дауысы жел айдаған.

Өлі ме еді енесі, не біледі,

Бəлкім, мұздай емшекке емінеді,

Өршелене жауады лақөргізер,

Екіліне соғады ебі желі.

Қасқа ма екен тағдыры, төбел ме екен,

Биыл нөсер жауды екен неге бөтен,

Ұйқыда адам - баласын құшақтаған,

Кімді оятып алғысы келеді екен?!.

Елегзи ме даланың еркін ұлы,

Жонда қалған иіскелеп елтіріні,

Лақ өрмеген астында сол нөсердің,

Қыңсылай ма қасқырдың бөлтірігі...

Көктем күні созылды ғасырдай боп,

Ішімдегі лаулаған басылмайды от.

Құралайдың нөсері құйып жатыр,

Жетім лақтың өтеусіз жасындай боп...

***

Қыз отызда қартая ма,

Мұның не?!.

Тіземнің дірілдегені есімде,

Даусымның дірілдегені,

Күлімдегені есімде құрбыңның,

Құрбыңның күлімдегені.

Гүл сатып ала алмағаным,

Сұлулық сатылмайды!

Құрбыңның сыбырлағанындай,

Бозбала ақын жайлы...

Сен оны неге саттың,

Жылдарға неге саттың,

Мұңдарға неге саттың,

Құрбыңа неге саттың?!.

Құрбыңның күлімдегенін,

Үндемей өткеретінім...

Сол сəтте білінбеп еді,

Күлкіні жек көретінім!..

Қоштасқан бір көктемім,

Білмедім, көктеміңнің бірге өткенін,

Сұлулық қартаймайды,

Бұл не еткенің, құрбыжан?!.

***

Адамдар түнде ұйықтайтын болса:

Естілер еді үнсіздік демі,

Малынып əлем сиқырлы нұрға,

Ең ұлы жыр да жазылмас еді,

Айтылмас еді ең ұлы сыр да.

Қаңғалақ ұрып, қыр кезген жанша,

Теңізі ойдың толқымас еді,

Ең ұлы əуен шалқымас еді,

Адамдар түнде ұйықтайтын болса.

Балбырап дүние сəбидей мұңсыз,

Қызылды жасыл толқындап көшкін,

Ұғыспас еді ғашықтар үнсіз,

Ұрыспас еді оларға ешкім.

Көрінер еді айдың да меңі,

Естілер еді ғарыштың əні,

Ешқандай қылмыс жасалмас па еді,

Ауырмас па еді ешкімнің жаны.

Періштелер жүр түсе алмай жерге,

Оу, қала, ояу боласың қанша?!.

...Ұйықтайтын ба едім о, бəлкім, мен де,

Адамдар түнде ұйықтайтын болса.

Ерлан ЖҮНІС


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар