Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Есболат Айдабосын: «Әрбір сын-пікірді бастан ұрған...

04.09.2015 3013

Есболат Айдабосын: «Әрбір сын-пікірді бастан ұрған дойыр емес, сауырға салған қамшы деп білейік»

Есболат Айдабосын: «Әрбір сын-пікірді бастан ұрған дойыр емес, сауырға салған қамшы деп білейік» - adebiportal.kz

                                      

 


«Әдебиет порталы» бүгінгі әдеби үрдіске тамшыдай болсын септігін тигізу мақсатында белгілі бір қаламгердің жарияланбаған шығармасын екінші бір қаламгерге автордың аты-жөнін көрсетпей ұсынып, пікір жаздырып жариялауды жалғастырады. Бүгін назарларыңызға жазушы, журналист Ғанибет Ғалымбекұлының әңгімелеріне жазушы, журналист Есболат Айдабосынның  жазған пікірін ұсынамыз.

 


www.adebiportal.kz



10014947_639240586123930_1100648702_o.jpg




КҮДІК



 

Айдын үйге қатты ашуланып кірді. «Қап, бәлем, сол Айдосты ма! Бір күні сазайын тарттырайын мен оның. Әлі кішкентай ғой деп аяп жүрсем... Әйгерімнің көзінше ұятқа қалдырғаны-ай...» деп, қабырғаға ілінген әйдік айнаның алдында тұрған орындыққа отыра кетті. 


Әйгерім – осы ауылдағы ең сүйкімді, әдемі қыз. Айдын 3-«А» сыныбында, ал Әйгерім 3-«Б» сыныбында оқиды. Осы қызды алыстан көре қалса болды, Айдынның кішкентай жүрегі дүрс-дүрс соғатынды шығарды. Онымен жөнді тілдесе алмай, сөйлесе қалған жағдайда қызарақтап, төмен қарай беретін болды. Мана өзінен үш жас кіші Айдос үйінің төбесіне шығып алып, Айдынды көре сала: «Айдын, қонжық! Қонжық келе жатыр...» деп айғайлап қоя берген. Тап сол мезетте, қырсық қылғанда, таяқ тастам жерден Әйгерімнің де көріне қалғаны... Үйіне екі шелекпен су әкеле жатыр екен. Ол Айдостың «қонжық, Айдын, қонжық!» деген ащы айғайын естімеді ғой дейсің бе? Әрине, естіді. «Енді оның мен туралы не ойлайтыны белгілі болды. Тілазар Айдостың да шығармайтыны жоқ. Өзі тілазар десе, тілазар неме. Өткенде Әдешті мазақтаймын деп итке талана жаздап еді. Мен де Әдеш құсап Құтжолымды айтақтасам қайтеді?! Міне, табылған ақыл!» деп бір ойлаған Айдын, кенет: «Жә, – деді. – Соны қойшы, ол ертең-ақ сазайын тартады. Бәрінен де Әйгерімді айтсаңшы! Мүмкін ол өзінің құрбыларының бәріне болған оқиғаны айтқан шығар?! Бәрі мазақ қылатын болды-ау... Енді Әйгерім менімен сөйлеспек түгілі, сәлемдеспейтін болуы да мүмкін...


Жо-жоқ! Мұным қате, ол ондай ақылсыз қыз емес! Меніңше, ол сол тілазар Айдосқа мені жақтаймын деп ұрысып тастауы да ықтимал ғой?.. Әлде... мені көре қалса, жанындағы қыздармен бірге: «Айдын, қонжық! Айдын, қонжық!» деп шуласар ма екен?..»


Айдын осындай екіұдай пікірде еді. Қайсысына тоқталарын білмей дал болды.


Бота көзді, пісте мұрынды Әйгерімнің томпақ бетінің ұшы ылғи да қызарып тұратын. Сол сүйкімді көрініс Айдынның көз алдына келіп тұрып алды. «Қой, мұным жарамас, не де болса бір-ақ көрейін» деп ойлап, тысқа шықты.


«Мәссаған, безгелдек! Жаңа айттым ғой, ойлағаным айна-қатесіз келді. Енді біттім, құрыдым... Қазір мені бәрі мазақ қылады, қара да тұр! Мен жақты нұсқап: «Қонжық шықты! Айдын, қонжық» деп бас салады. Өзім дәл ойлағандай Әйгерімнің үйінің маңайына бір топ бала жиналып қалыпты. Әне, әне, Әйгерімнің өзі де көрінді. Балаларға қолын сермеп, бірдеңе айтқан болады. Әне, әне, біздің үй жақты нұсқап сөйлеп жатыр» деп шыр-пыры шықты Айдынның.


Үйден шығуын шыққанымен, жаңағы көріністерден кейін басын төмен салбыратқан бойы кері бұрылған.


Кенет, ту сыртынан:

– Айдын, әй, Айдын! – деген өзіне таныс дауыс естілді.

«Иә, иә, таныс дауыс. Өзімнің досым Орал ғой мынау. Бірақ ол аналардың арасында неғып жүр?! Сонда ол маған өтірік дос болған екен ғой. Бәрі бірігіп мені мазақтамақ қой ойлары. Бәрі түсінікті болды... Қазір мен сендерге мазақ қылғанды көрсетейін» деп Құтжолға қарай беттеді. Ол иесінің босатуға келе жатқанына қуанғандай бір-екі рет арс-арс етіп үріп қойды.


– Әй, Айдын, сен не істейін деп жатырсың?! – деді иттен қорқатын Орал. Екі көзін итке қадап, жалтақ-жалтақ қарап қояды.

– Жүр, кеттік! Тез бол, балалар күтіп қалды. Кеше өзің емес пе едің «жидек теруге барайық» деген...

– А-а, иә, иә, кешір, Орал, мен ұмытып кетіппін... Иә, иә, кешір, – деген сөзін екі қайталап айтқанын өзі де сезбей қалды. – Мен итті босатайын деген жоқпын, қайта сен келе жатқан соң, мықтап байлаулы ма екен деп тексеріп жатқаным. Оның кейде өзінен өзі босап кететін әдеті, – деді Айдын сездіргісі келмей.

– Ал, ендеше, кеттік, неге тұрсың, жылдам! – деді Орал тағатсыздана.

– Мен қазір, тобатайымды алып шығайын, сен бара бер. Мен қазір, тез, – деп Айдын үйіне кіріп кетті.


Қанша барғысы келмегенімен, мұның бойын еріксіз бір күш билеп, толқып кетті. Жүрегі құрығыр тағы да лүпілдеп соға бастады...


Лезде тобатайын алып шыққан ол «тілазар Айдос» (ауылдағылардың бәрі де солай атайды) үйінің жағына ұрлана көз тастады. Абырой болғанда, ол әзірше көрінбейді. Сондықтан да іштей «Айдос шығып қалмай тұрғанда балаларға тез барып қосылайын» деп жүгіре жөнелді.


Айдын Әйгерімнің нәзік даусымен «Сәлем, Айдын!» деп амандасқанын әрі түк болмағандай шүйіркелесе кеткенін көргенде, өзінен-өзі қысылып, жайсыз күй кешті. Әрі таңғалды. Манағы өз ойының бәрі бекер болғанына енді көзі жеткендей еді...


Сол-ақ екен, тал арасынан «Қонжық, Айдын, қонжық!» деген дауыстар жамырай шықты. Алайда, Айдыннан басқасы бұларға онша мән бермейтін тәрізді. Құдды естімеген адамдарша өздерімен өздері... «Ау, бәрінің естімеген адамша бұлай үндемеулерінің себебін қалай түсінуге болады?! Мені жақтап бірауыз сөз айтса, бірдеңелері кете ме екен бұлардың?! Жә, басқасын айтпағанда, өзімнің досым санап жүрген Орал, өзіме жақын тұтып жүрген Әйгерім ше?! Олар неге үн-түнсіз қалды екен?!» деп шамданды Айдын ішінен.


Әне, «қонжық, қонжық!» деген дауыстар енді тіптен жақын естіліп, екі бала тал арасынан шыға келді. Біреуі сол «тілазар» Айдос. Ал екіншісі кім?! Даусы неткен ащы еді, шіркіннің... Е-е-е, түсінікті, Айдостың қабырғалас көршісі Қайпен екен. Оған да үйретіп қойғаны-ау, пәтшағардың!


«Таяқ жейсіңдер!» дегендей, жұдырығын түйіп, екі бала тұрған жаққа қолын көтере бергені сол еді...


– Айдын, сен оларға ренжіме, қайта естімеген болып жүр бер. Олар әлі кішкентай ғой. Сен бүйтіп қыр көрсете берсең, олар саған ерегеседі. Әсіресе, «тілазар» Айдосты өзің жақсы білесің ғой. Олар есейген соң, ертең-ақ бәрін түсінеді, – деді Әйгерім нақ үлкен адамдарша сөйлеп. Әрі Айдынға қарап жымиып қойды.


Айдынның жүрегі тағы да шым ете қалды...


«Мұны айтып тұрған Әйгерім бе?! Мәссаған! Мен одан мұндай сөздерді күтпеп едім. Бірақ оның айтқандарының бәрі дұрыс секілді. «Олар әлі кішкентай ғой» дейді. Иә, иә, олардың кішкентай екендері рас. Менен бақандай төрт жас кіші. Мен тоғыз жаста болсам, олар небәрі бес жаста. Мен өзімді олардан үлкен сезінуім керек. Өзімді салмақты ұстап, Айдосқа ақыл айтудың орнына, жұдырығымды түйіп, сес көрсетіп қоямын. Әйгерім: «Сен бүйте берсең, олар саған ерегеседі» дейді. Айтқаны айдай келген жоқ па?! Иә, қу басым-ай, шынашақтай Әйгерімнің айтқанын енді ұққандаймын. Рақмет саған, ақылды қыз Әйгерім!» деп іштей күбірледі.


Ол өзінің аңқау қылығына өкініп әрі теріс ойынан қатты ұялып, ләм деместен жүре берді. Кенет, «Қап! – деді іштей. – Мана Құтжолды босатып жіберіп, айтақтасам ғой, масқара болатын едім. «Не үшін айтақтадың, Айдын?!» десе, не дер едім?! Өзімнің досыма сенімсіздікпен қарауға қалай ғана дәтім барды десеңші. Бәрінің анық-қанығына көзімді жеткізей, асығыс шешім қабылдай жаздауым ұят-ақ! Осылай кері ойлағаныма сол «тілазар» Айдостың тікелей қатысы бар! Бірақ ол осылай жасамаса, бәлкім, осы күйіммен жүрер ме едім бала болып...»


 

 

2004 жыл

 



  

САЯТ ЖАҢА ЖЫЛДЫ ҚАЛАЙ ҚАРСЫ АЛДЫ?

 


Жаңа жыл мерекесі жақындаған сайын 6-сынып оқушысы Саяттың мазасы қашқан еді. Өйткені, өзге балалардың ата-аналары мейрам қарсаңында үйлеріне әдемі шырша құрып қойғандары қаш-шан.


Саят ата-әжесімен бірге ауылда тұрады. Ал әке-шешесі болса – Астанада. Саяттың қаладан келіп, бұл үйде тұрып жатқанына биыл бір жыл. Ал былтырғы жылды ол қалада, өз үйінде қарсы алған. Әдемі шыршамен. Әкесі – Аяз ата, анасы – Ақшақар болып ойнайтыны есінен еш кетпейді.


Саяттың мазасызданатын себебі де бар. Өткенде бір шай үстінде ол:

– Ата, әже, Жаңа жылды шырша сатып алып қарсы аламыз ба? – деп сұраған болатын. Сонда атасы:

– Тәйт, әрі, Жаға жылға әдейілеп шырша сатып алады дегенді кім айтты саған?! Біздің Жаңа жыл, біле білсең – Наурыз тойы! – деп дүрсе қоя берген-ді.

– Білемін ғой, ата, сонда да Жаңа жыл мерекесін шыршасыз атап өтсек, оның несі қызық?! – деген Саят. Атасы да, әжесі де тырс үндемеді. Шамасы, немерелерімен іштей келіскен сыңайлы ма, қалай?.. Бұдан кейін шырша туралы әңгіме еш айтылмады.


«Қайтсем де Жаңа жылға арнап шырша сатып аламын. Оны әрі әсем етіп безендіремін» деп, Саят өз-өзіне іштей серт беріп қойған еді.  


Өздерімен көрші тұратын саудагер Қайыржан аға көшеде ойнап жүрген бір топ қарасирақ баланы жинап алып: «менің тауарларымды дүкенге қарай тасып беріңдерші!» деп өтініш айтқанда, кейбір балалар ерініп, жалқаулықтары басты ма, әйтеуір, жан-жаққа тым-тырақай қашып кеткен.  Ал Саят олай істеген жоқ. Үлкен адамның өтінішін жерге тастамады. Бұны атасы мен әжесі үйреткен.


Міне, енді ол Қайыржан ағасына көмектесіп жүр.


Айпақшы, Саяттың әжесі немересінен еш нәрсені аямайды. Бірақ шырша сатып әперуге келгенде отағасының қас-қабағына қараған болуы керек. Тырс үндемегені сондықтан шығар...


Дегенмен, әжесі дүкенге барған сайын сауда жасағаннан қалған ақшаны немересіне беруді әдетіне айналдырған. Міне, бүгін де солай істеді. Саяттың қолына 200 теңгені қыстырды. Бірақ бұл ақша шырша сатып алуға жете ме?!


Әрине, жоқ. Бірақ Саяттың бұрыннан жинаған ақшалары бар еді. Қойшы, әйтеуір, не керек, Саят саудагер ағасына көмектесіп болып, үйіне қарай аяңдап бара жатқан.


– Саят, бері келші, – деді Қайыржан аға. – Сен бүгін үлкен ерлік жасадың. Әрқашан үлкендерге қолғабыс етіп, батасын алсаң, үлкен азамат болғаның! Осы есіңде болсын! Қолыңнан келгенше жақсылық жасауға тырыс!

– Иә, – деп басын изеді Саят.

– Айтпақшы, Саятжан, келе жатқан Жаңа жылың құтты болсын! Мынау менің саған берген сыйлығым болсын... – деп Қайыржан ағасы 1000 теңге ұсынды. Саят ыршып түсті.

– Жо-жоқ! Аға, керегі жоқ! Мен ешқашан еңбегімді сатпаймын! Рақмет! – деп артқа шегіншектеді.

– Жоқ, мен айттым ғой, бұл менің аздаған сыйлығым болсын Жаңа жылға! Ала ғой. Көп еңбек еттің ғой...

Алғашында тартыншақтаған Саяттың шырша сатып алатыны есіне түсе кетті. Содан соң да ағасының қолын қайтарған жоқ.

– Көп рақмет, аға!


Саят үйіне бара сала ақшаларын есептеп көріп еді, тура 3200 теңге екен. Ол қуанғанынан дүкенге қарай құстай ұшты. Шағындау шырша іздеді. Оны көп уақыт өтпей тапты да.


– Апай, мына шырша қанша тұрады? – деп сұрады сатушыдан.

– Бұл – 2000 теңге. Ал саған 1500 теңгеге берейін, – деп сатушы апай күлімдеді. Саяттың ата-әжесін ол жақсы танитын-ды.

– Рас па?! – Саят қуанып кетті. Шыршамен қоса оған ілінетін түрлі жылтырауық ойыншықтар да сатып алды. Қараса, 800 теңгесі артылып қалыпты.

– Апай, маған анау жұмсақ ойыншық – Аюды беріңізші...


Саят бұл ойыншықты қалада тұратын кішкентай қарындасы Айшаға сыйлық ретінде сатып алды.


Үйіне көңілді оралған Саят ата-әжесіне өзінің Қайыржан ағаға қалай көмектескенін, содан дүкенге қалай барғанын, тү-у, әйтеуір, болған оқиғаны бүге-шігесіне дейін қалдырмай айтып берді.


Атасы да, әжесі де дән риза кейіпте:

– Міне, Саятжан, азамат болды деген осы! Тіфә-тіфә-тіфә! Өркенің өссін! – деп баталарын берді.


Сөйтіп, Саят Жаңа жылды шыршамен қарсы алып, қояр да қоймай атасына Аяз ата, ал әжесіне Ақшақар болыңдар деп, үлкен қуанышқа кенелді...

 

2008 жыл


Ғанибет Ғалымбекұлы

           






«Әрбір сын-пікірді бастан ұрған дойыр емес, сауырға салған қамшы деп білейік»


 

1012622_10200573383754879_8606473_n.jpg



«Айдын үйге қатты ашуланып кірді. «Қап, бәлем, сол Айдосты ма! Бір күні сазайын тарттырайын мен оның......»



Әңгіме осылай басталады. Алғашқы сөйлемнен-ақ Бердібек Соқпақбаевтың «Өлем-ау, өлем!» деп аталатын туындысы есіме түсе кеткені.... Онда да шығарма, бала кейіпкердің басқа біреуге кіжінуімен басталатын. Тамаша тәсіл, сәтті форма. Телевизиядағы ақпараттық бағдарламаларда «алғашқы бес секундта көрерменді еліктіре алмаған бейнесюжет- сәтсіз сюжет» деген тәмсіл бар. Сол секілді біз сөз етіп отырған қос әңгімеде ешқандай кіріспе жоқ. Оқырманды оқиғаның ішіне бірден топ еткізеді, жетелей жөнеледі.




Негізі, кез-келген заттың іші мен сырты болатын секілді көркем шығарманың да пішіні(форма) мен мазмұны бар. Бұл әңгіменің пішіні келіскенін әлгінде айттық. Мазмұны да жаман емес, күдікшіл-күмәншіл баланың психологиясы көрініс тапқан. Тентек Айдостың мазақтауынан қорқып, айналасына күдікпен қараған Айдынның әрекеті баланы ғана емес, ересек адамның өзіне ой салады. Күмәндәнамын деп жан жолдасын итіне талата жаздаған Айдынның прототипі біздің қоғамда жетерлік. Сырттай тон пішіп, өзгенің пікірін өзінің ой-өресіне салып долбарлап, айналаға достықтың дүрбісінен бұрын күдіктің көзілдірігімен қарайтын, соның салдарынан достан да ағайын-туғаннан да ірге ажыратып, соқыршектей сопайып жалғыз қалып жатқан адамдар біздің арамызда аз емес. Мына әңгімеде, Айдынның образы арқылы автор соларды сойылдап алады. Жас оқырманға жөн сілтейді. Мәселенің мәнісіне бармай жатып, асысығыс шешім қабылдауға болмайтынын айтады. Қысқасы әдебиеттің, оның ішінде балалар әдебиетінің ұлы миссиясы-тәрбие десек «Күдік» әңгімесі бұл үдеден шығатын дүние. Шығарманың пішіні мен мазмұны келісіп тұр, тек аздаған әттегенайы бар. Автор сөзбен жұмыс істеу керек. Егер әңгіменің тілі төгіліп тұрғанда «Күдіктің» қазақ балалар әдебиеті қорынан ойып тұрып орын аларына біздің де күдігіміз болмас еді. Мысалы автор бүй дейді: « Мана өзінен үш жас кіші Айдос үйінің төбесіне шығып алып, Айдынды көре сала: «Айдын, қонжық! Қонжық келе жатыр....»деп айғайлап қоя берген. Тап сол мезетте, қырсық қылғанда, таяқ тастам жерден Әйгерімнің де көріне қалғаны.....Үйіне екі шелекпен су әкеле жатыр екен. Ол Айдостың «қонжық, Айдын қонжық!» деген ащы айғайын естімеді ғой дейсің бе? Әрине, естіді.......»


 Осы тұстағы әрбір сөйлемде олқылық бар. Артық-ауыс тұрған тармақтарды айтпай негізгілеріне ғана тоқталайық:

Біріншіден «қырсық қылғанда» емес «қырсық шалғанда» деген тіркес біздің құлаққа сіңісті. Қырсық- қылмайды, шалады. Қастық, жаулық- қылынады. Оны атам қазақ «қас қылғанда» деп атаған. Автор бұл тұста «қырсық шалғанда» немесе «қас қылғанда» деп екі варианттың бірін алу керек еді, екеуін будандастырмай....


Екіншіден «таяқ тастам жерден Әйгерімнің де көріне қалғаны». Таяқ тастам деген автордың өлшемінде қандай жер? Біздің білуімізше таяқ тастам - алыс емес, жақын, жақын болғанда да тура қасыңда, бірер қадам жер дегенді білдірсе керек. Ендеше ондай қашықтықтағы адамды «көріне қалғаны» дегеннен көрі «таяқ тастам жерден шыға келді», «таяқ тастам жерде кетіп бара жатқан» деген дұрыс. Өйткені көрінді,көзге шалынды, көріне қалғаны дегендер алыстағы дүниеге қатысты айтылса керек. Мәселен, «көшенің арғы басынан Әйгерімнің көріне қалғаны» десе жарасымды.


Үшіншіден «Ол Айдостың «қонжық, Айдын қонжық!» деген ащы айғайын естімеді ғой дейсің бе? Әрине, естіді» дейді автор. Ащы айғай деген не? Біздің танымда оқыс жағдайда, әлдекімнен зәбір көргенде немесе ұрыс-керіс барысындағы айқайды ащы айғай деуші еді. Ал бір баланың екінші баланы мазақтап, көшені басына көтере айқай салғаны ащы айғайға жатпас деп білеміз. Тағы бір жерде «Әйгерім менімен сөйлеспек түгілі, сәлемдеспейтін болуы да мүмкін....» деген сөйлем бар. Әңгімені оқып келе жатып, тілің осы тұста өзінен-өзі сүрініп кетеді. «Сәлемдеспейтін болуы да мүмкін, сәлемдеспейтін болуы да мүмкін» деп қайта-қайта оқысаңда тұтығып қаласың. Осыны автор неге ғана «сәлемдеспеуі де мүмкін» немесе «сәлемдеспейтін шығар» деп қолдана салмады екен басы артық «болуы мүмкінді» неге қосақтады деген ойға қаласың. Басты бір шайқап, ары қарай жылжисың. Бір сөйлем аттап тағы да кібіртіктеп барып тоқтайсың. «Меніңше, ол сол тілазар Айдосқа мені жақтаймын деп ұрысып тастауы да ықтимал ғой?...»деген сөйлемге жолығасың. «Ол мен солды» қатар қойғанына қынжылып, болымсыз мәнге ие «меніңше» мен  «ықтималды» қосақтамай, біреуін ғана алса да жарар еді деп іштей күбір етесің. Жадыңды іске қосып, сөздік қорды қопарасың. Берілу формасы мен мазмұны келіскен сюжетті автордың сөзбен байыта алмағанына қынжыласың. Қараптан-қарап отырып М.Мағауиннің «Жармағы» секілді іштей екіге жарыласың. Шығармада сөзден бұрын, оқиға мен идея маңызды деген батысшыл пайымың авторды ақтап алуға тырысады. Бірақ тереңге тамырын жіберген дәстүршіл танымың оған ырық бермейді.  Оның да дәлелі орынды. Тіл- шығарманың тірегі емес пе еді деп өзеурейді. «Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, теп-тегіс жұмыр келсін айналасы», «бөтен сөзбен былғанбасын сөз арасы» деп Абайдан мысал келтіреді. Тіпті сөзге салақ автордың адвокаты болғың келген болмысыңды келмеждейді, тілазар Айдосша мазақтайды. Ақыры екіұдай күйде ары қарай ілгерілейсің. Әңгімені оқып біткенше замандас жазушың енді қателеспесе екен деп тілеуін тілейсің. Сүрініп-қабынып жүріп соңына да жетесің. Сол сәт бұл шығармадан қандай  әсер алдыңыз?- деп әлдекім сұрай қалса, ой-тұжырымың олпы-солпы, бей-берекет шығар еді, осы әңгімедегі орынсыз қолданылған сөздер секілді......  

 

Қорыта айтқанда «Күдік» әңгімесін автордың өзі көп оқымаған, редакторлық сүзгіден өткізбеген деген тоқтамға келдік. Оқылған шығармада әлгіндей ұсақ кемшіліктер болмас еді. Шығарманың басында Айдыннан үш жас кіші делінетін Айдос соңына қарай төрт жас кіші болып шыға келмес еді. Бізде оқушының диктантын тексергендей, ақ қағаздың бетін қызыл сиямен шимайламас едік....

 

 

****

                

 


Саят жаңа жылды қалай қарсы алды? Бұл әңгіменің атауы шұбалаңқы болғанмен өзі қып-қысқа. Сюжеттік желі бойынша Саят деген бала, ата-әжесінің қолында тұрады. Жаңа жыл қарсаңында ел қатарлы үйге шырша орнатып, оны ойыншықтармен безендіруді армандайды. Бірақ оның бұл әрекетіне атасы қарсы болады. Атасы «біздің жаңа жыл Наурыз тойы» деп немересіне шырша сатып алуға рұхсат етпейді. Бірақ Саят алған бетінен қайтпайды. Ауыл саудагеріне жәрдемдесіп, ақша тауып, ақыры шырша сатып алады. Немересінің пысықтығына разы болған ата-әжесі оған батасын береді, әрі бірі аяз ата, екіншісі ақшақар болып киінеді. Әңгіменің қысқаша сюжеті осы. Бірақ осы шағын әңгімеде автор, бірнеше мәрте шалынып жығылады. Біріншіден сюжетте кереғарлық бар. Образдар ашылмағаны былай тұрсын, олардың әрекеті түсініксіз. Мысалы баланың атасын алайық. Бастапқыда ол кісі:  -«Тәйт әрі, жаңа жылға әдейілеп шырша сатып алады дегенді кім айтты саған?! Біздің жаңа жыл,біле білсең-Наурыз тойы!-деп дүрсе қоя берген» дейді автор. Бірақ  әңгіме соңында шыршаны өз ақшасына сатып әкелген немересіне батасын беріп, одан қалды Аяз ата болып киініп шыға келеді. Сонда оның әуелгі қарсылығы қайда қалады? Көз алдымызда «хамелеонша» құбылғаны несі? Шығарма басында Григориян күнтізбесімен келетін жаңа жылды мойындамайтын, Наурыз тойын жыл басы деп танитын, дәстүрге берік ақсақалды көреміз де соңында соны жоғалтып аламыз. Сонда ол қария, қаршадай бала қиылып сұрағанда неліктен шыршаға ақша бермеді? Ешбір логикалық қисын жоқ.  


Бұл бір, екіншіден әңгіменің алғашқы сөйлемінен бастап, соңғы нүктесіне дейін жасанды. Оқырманды сендіре алмайды. Диалогтар шынайы емес. Сөздері жұтаң.  Мысалы, «былтырғы жыл»  дегеннің «былтыр» болып қана жазылатынын, «жыл» дегені артықтау екенін, «жұмсақ ойыншық» орыстың «мягкий игрушка» сөзінен тікелей аударылғанын қалам ұстаған адамға түсіндіріп жату артықтау. Оны сол күйінде қолдану басқаға болатын шығар, ал жазушыға жараспас. Сол секілді екі мәрте қолданған  «тырс үндемеді» деген тіркесі де күмәнді. «Тырс етпеді», «Үн қатпады» дегенді естіген едік, «тырс үндемеді» деген «сөзжасамды» осы жерден жолықтырдық. Бәлкім Қазақстанның бір аймағында говор ретінде қолданылар, бірақ әдеби шығармаға әрбір сөздің әдеби баламасы түскені ләзім... Өйткені әдебиет ана тілінің алтын сандығы. Біз сандықтағы саф алтындардың қатарына тот басқан қарабақырды салмауымыз керек.


Қорыта келгенде бұл әңгімені көркем шығарма ретінде қабылдай алмадық. Не іші, не сырты (формасы мен мазмұны) еліктіре, еліте алмады. Жазушы емес тоғызыншы сыныптың оқушысының қолынан шыққан шимайға ұқсайды. Бірақ, бір қызығы идеясы тәп-тәуір «Күдік» әңгімесін автор 2004-жылы жазыпты да, мынаның соңына 2008-жыл деп белгі соғыпты. Арадағы төрт жылда шығармашылық шыңдалса керек-ті, бірақ оны байқай алмай тұрмыз. Керісінше шегініс бар. Сондықтан замандасымызға сілкініс қажет секілді. Жүйрік атқа да қамшы керек. Әрбір сын-пікірді бастан ұрған дойыр емес, сауырға салған қамшы деп білейік! Артық айтсақ кешіргейсіз! Сізден шын жүйріктің шабысын күтеміз! Сөз соңында  Ғабит Мүсіреповтың жазушы беретін үш кеңесін ұсындық, бәлкім ой салар:

 

1. Қызыға жаз, қыза жаз, қыздыра жаз, қызықтыра жаз;

2. Ойланып жаз, ой сала жаз, ойлы жаз, ойландыра жаз;

3. Ызамен жаз, кекпен жаз, кектендіре жаз.


 

 Есболат Айдабосын

 

  


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар