Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Есболат Айдабосын: Тұлпар серті (хикаят)...

09.12.2015 4892

Есболат Айдабосын: Тұлпар серті (хикаят)

Есболат Айдабосын: Тұлпар серті (хикаят) - adebiportal.kz



Жуырда өткен «Алтын тобылғы» әдеби байқауының «Мәңгілік ел» аталымы бойынша жеңімпазы болған Есболат Айдабосынның «Тұлпар серті» хикаятын назарларыңызға ұсынамыз.




«Ұрлық түбі қорлық» (Халық даналығы)

1. Сөз басы

Қозыбасының көк желкесінен шығып, өз сүрлеуімен өрлеген көктемнің күні Қоңыртөбе тауына жеткенде, мезгілсіз жортқан қарақшы бұлттардың қоршауына түсіп, малтығып қалды. Тоң қатқан дала болмашы сәулеге маңдайы жіпсіп, бусана бастаған еді, мезетте суық шалып, қанын ішіне тарта сұрланып кетті. Күншуақта бой жылытып жатқан арық-тұрақ қайтадан қалтылдап жаурап, ойнақ салып жүрген қозы-лақ терістіктен соққан ызғырыққа шыдас бермей ықтасын іздей жөнелді. Ырғайтының аузындағы жалғыз үйдің адамдары да бүгінгі ауа-райы құсап түнеріп алған, түнімен төбелесіп шыққандай бір-біріне тіл қатыспайды. Тіл қатысса да үй сыртында айдахар ұйықтап жатқандай сыбырласып қана сөйлеседі. Қашаннан мал баққан қауымға қиындығын ала келетін Отамалының амалында үйдегілердің құтын қашырып, жауар бұлттай қайнап отырған Оғланды шалдың өзі. Өзгелер таңғы асын ішкенде шарт жүгінген күйі, жайнамазынан тұрмады. Қолында қайда барса тастамайтын Тәшкендік қара тәсбісі, басбармақпен тәсбінің әрбір тасын сырғытқан сайын, мұрын астындағы мұрт пен иектегі сақал ептеп қана жыбырлайды. Анда-санда кеберсіген ерінін жалпақ тілімен дымдап қояды. Одан басқа бет әлпетінде қозғалыс жоқ, көзін жайнамаздың маңдай соғар нүктесіне қадап, балбал тастай безеріп отыр.

Бүгіндікке оразасын ашқан жоқ. Кеше де жегені шамалы. Әншейінде екі адамның несібесін місе тұтпаушы еді, жатар орынға жарты жанан жылытпа ішті де қисая кеткен. Содан нәр сызбады. Алпысты алқымдаса да ауылдағы ешбір жігітті тең көрмейтін алпамсадай қария, айналасы бір айдың ішінде сылынып түсті. Ертеңгілік таң намазына да әзер тұрды, қалтасыз шапанын жамылып, қалтылдап жүріп дәрет алды, парызды оқып жатқанда тіпті қалбалақтап құлап қала жаздады. Екінші рәкәтта сәждеге жығылғанда көзі қарауытып кеткені бар емес пе, «әй болған шығармын» деген іштей, не ат үстінде, не намаз кезінде өлсем шіркін деп армандайтын, ажалым жетті деп ойлады. Бірақ қателесіпті, көрер жарығы бар екен. Басы зеңіп, құлағы шыңылдап барып басылды. Содан кейін қайталанбады.

Жалпы Оғланды туғалы ауырып көрмеген жан. Тек бір рет ұшынып қала жаздаған. Осыдан бес жыл бұрын үш немересін қатар сүндетке отырғызып, ат шаптырып, көкпар берген. Көк жигилуиінің артында теңкиіп жатқан қасқа марқаны көріп, көңілі марқайған хирург жігіт кемпіріне «апа балалардың насыбайы жазылмай жатса, мына бір дәріні жағып қоярсыз» деп, бір құтыны ұстатып кетіпті. Онысын кемпірі шыныға шетінен құйып, борбайларын әркімге бір көрсетіп, көрімдік жинап жүрген үш тентектің шыбығын күнде кешкілік сылап жүретін. Түр-түсі әппақ қоймалжың дәріні бір күні жылқыдан ашығып келген Оғланды кілегей екен деп жеп қойғаны бар. Қалайы қасықпен аузына көсіп салып, дәмін сезбестен артынан көмбеш нанды нығарлап тыға салған еді. Сол кезде асқазаны аздап қыжылдады, бір аптаға дейін кекіріп жүрді. Қазір де осы бір әпенділігі есіне түссе, аузына әлдебір кермек дәмнің келетіні бар. Одан басқа сырқаттанып көрмепті. Денесіне ине шаншытпақ түгіл, дәрі ішкен емес.

Таң атқалы қалың ойды ғана қорек етіп отырған Оғланды кенет басын көтеріп алды. Шалт қимылдап, тәсбісін төс қалтасына салды. Теңселе басып, далаға шықты. Онсызда сүреңсіз көрінетін жылқышы қора-жайының бүгін тіпті сұрқы қашып кеткен секілді. Алыста мал жайғап жүрген жұмысшылардан өзге көзіне ешкім шалына қоймады.

-Ақарыс, әй, Ақарыс! - деп айғайлады..... Мыналар қайда кеткен өздері деп күйгелектік танытты.

Екі ұлдан туған еркек кіндікті үш немереге Ақарыс, Бекарыс, Жанарыс деген атты өзі қойған. Соның ішінде осы Ақарыс атасына жақын. Қалған екеуі ойын қуған далабезер. Бүгінде малға қарайласып, кәдімгідей қолғанат болып қалған Ақарыс атасы ауырғалы әжесін төңіректеп, өзінше томсырайып жүр еді. Қора жақтан етігін тарпылдатып, ентелей жетті.

-Ракетаны ертте.

-Ата!!! Қайдағы Ракета.....Бала Ақарыс, аппақ қудай болып бозарып кеткен Оғланды шалға таңдана қарады.

-Өй, Астапыралла!!!Жаның жай тапсын жануарым, Қоңырауды ерттеші. Өзің де Шегіркөзді жабулап мін. Кетеміз!!

Ақарыс қос қолымен құйрығын шапалақтап, шапқылай жөнелді. Шаттанып бара жатқаны байқалып тұр. Оғланды елгезек немересіне іштей риза болса да жібіген жоқ. Шалының даусын ести сала, өкпек желді пайдаланып бидай ұшырып жатқан Бижамал да бері қозғалыпты. Мама қаздай тербетілген оның сұлбасы байқалған бетте Оғланды түсін одан сайын суыта түсті.

-Таң атқалы дүңкілдетіп не қылып жүрсің өзі, деді іштегі зілін сыртқа шығарғандай болып.

-Не істеуші едім, келі түйіп жатырмын да.... Наурыз көжені бірінші болып беретінімізді ұмыттың ба?! Бижамал күбірлей сөйлеген күйі самауырды құлағынан ұстап, қазан-ошақ жаққа бет алып барады. Шәй қояйын дегені...

-Шәй ішпеймін, ашымал болса құйшы деді Оғланды. Бұл сөзді жүре тыңдаған бәйбіше «тегі жақсы» дегендей самауырды, сол жерге қоя салып, үйден бір көстрөлді көтеріп шықты. Оғланды екі жанан бидай көжені төңкеріп тастап, кемпіріне жөнін айтпастан, қораға қарай беттеді. Келер сәтте екі салт атты Құрқойынды төске алып, суыт жүріп бара жатты.


***

2. Асаумен арпалыс

Ракета - Оғландыны бүкіл Жетісуға танытқан ерен жүйрік. Құлын күнінен қолында өсті. Ол кезде совхоздың жылқысын жаңадан қабылдап алған кезі. Он үйірді алдыға салып, жаз болса Қоңыртөбенің жон арқасындағы Желсаз, Жамбас жайлауларын, күз бен қыс айларында еңістегі Қопаның бойын қоныс қылады. Қатты аязда жылқылар қар теуіп, Доланқараның бергі беті мен Мәтібұлақ, Аңырақайға дейін жететіні бар.

Бір күні совхозға сонау Қостанайдағы жылқы зауытынан екі жирен айғыр алып келді. Екеуін ауылдағы екі жылқышының иелігіне бермек. Тұрқы биік, омыраулы қасқа айғырға Оғланды көрген бетте қызықты. Бірақ ауылдағы ардагер жылқышы, Ленин орденін алып, дүркіреп тұрған Бекбосын ақсақалды аттап кете алмады. Жолы үлкен, таңдағанын алуы тиіс. Жылқы баласын жазбай танитын Бекбосын шалда ойланбастан оқыранып тұрған қасқа айғырға шалма тастаған еді. Ал Оғландыға бөкен тұмсық жұмыр жирен бұйырды. Несібесіне көңілі толмаса да, сол жолы Оғланды бір қулықты ойластырып қайтқан. Үйіне келген беттен сол жоспарды іске асыруға кірісті.

Бекбосынның жылқышы деген аты болмаса, салпақтап малдың соңында жүрген жан емен. Азамат болған үш ұлы бар, шетінен малсақ, қарт жылқышының қарауына берілген он үйірді солар бағады. Бірі Желсазбенен Текшелінің аузына раскөл құрып ерте көктемнен қарашаның қарасуығы түскенше бие байлайды. Сауыншыларға бас-көз болады, аудан белгілеп берген саумалдың жоспарын орындайды. Екіншісі үнемі ат үстінде, Қоңыртөбенің қос қапталына ақбөкенше жосылып жайылатын жылқыларды көзден таса қылмай қадағалайды. Ал кенжесі Бекбосыннан бір елі ажырамайды, шопыры секілді, өкімет берген ақ волгамен ары-бері әкесін тасиды да жүреді. Бар жұмысы сол...

Бекбосынның өзі баяғының сал-серілеріндей сыланып қалған, кербез адам. Сусар бөркін киіп, қазақы шапанын жамылып шыға келгенде қапсағай денелі қара шал тіпті айдынданып кетеді. Жас кезінде қандай болғанын кім білсін, қазір үйге тұрақтамайды, жүріс-тұрысы көп, қыдырымпаз. Ауыл арасындағы той-томалақ, ас-бәйгеден қалмайды, ел сұраған талай мықтымен тамыр, соларға қыдырыстап жүріп-ақ жазды өткеріп, қыстан шығады.

Мықты жекжаттарының ықпалы болды ма, әлде кемпірінің мол дастарханымен алды ма, «Герой» атағы аудан бойынша алғаш өзге емес Бекбосынға берілді. Ақтерек қой совхозынан Мәскеудегі ауылшаруашылығы жәрмеңкесіне барған, Жоғарғы кеңеске депутат болған жалғыз адам да осы.

Аудандағы жиналыс мұнсыз өтпейтіндей, екі күннің бірінде кілегей түстес боз волгасы Ұзынағаштағы ұлықтар отыратын үйдің алдында қаңтарылып тұрады. Бұл аймаққа орталықтан сыйлы қонақтар келе қалса да, солардың қасында күміс сақалын желеңдетіп, Бекбосынның жүргені. (Шамасы аудан басшылары, еліміздің ақсақалы деп арнайы алдыратын болу керек) Өзінен жиырма жастай үлкендігі бар жылқышының осындай ырыс-бағын Оғланды бұрындары кәдімгідей күндеуші еді, қызығатын, қызғанатын. Айналдырған екі жылқышыны алалап, біріне бар жағдайды жасап бұлғаңдатып қойып, енді біріне көз қырын да салмайтын өкімет адамдарына өкпелейтін. Енді сол реніштің бәрін ұмытып, Бекбосын үшін қуанып отыр. Қарт жылқышы кезекті бір «гәстрөлге» кеткенде, ойластырған қулығын жүзеге асырып алмақ.

Қостанайлық қасқа айғырды Бекбосынның балалары бір айдай қолда ұстады, шамасы жерсінбей қашып кетер деп қауіптенген болуы керек, әуелгіде шідерлеп жүрді, кейіннен мініс аттарымен бірге қайырмалап бақты. Тек бір айдан соң ғана таңдаулы жиырма биесіне қосып, жайлауға айдады. Мұның бәрін сенімді кісілерінен біліп отырған Оғланды да сол күннің кешінде атқа қонған. Өзінің құнан-тайында бәйгеге түскен бес биесін қасқа айғыр жатқан Шолақсайға түнделетіп апарып тастады. Келе сала, бес басым, үйірінен бөлініп кетіпті деп ел арасына қаңқу таратты. Арада бір апта өтпей Бекбосынның балаларынан хабар келген. Жоғалған жылқысы бізге қосылыпты, тезірек бөліп әкетсін деген сүйіншіні Оғланды салқын қабылдады. Белімнің құяңы ұстап, қозғала алмай жатырмын, келер апта өзім бармасам, басқалар түстеп тани алмас деп қайтарған. Ақыры келер аптасы арғысына ұласты, одан тағы созбалақтатты, ақыры бес байтал Бекбосынның үйірінде бір айдай жүрді.

Бойжеткен қыздай қылық көрсетіп, күйі келіп тұрған бесеудің барлығы қасқа айғырдан қашып кеткенін Оғланды бір қарағаннан-ақ білді. Келер жаз бесеудің төртеуі қатар құлындады да тек Тоқпақтың базарынан құлынды биеге айырбастап алған жылан қарагер кенжелеу туды. Биыл алтыға аяқ басқан қарагердің бұл бірінші тумасы. Жабағы күнінде алдына жан салмаған деседі. Ақыры дамылдатпастан бәйгеге қосып, тайдан құнан шығар жылы аяқтан қалдырыпты. Тұқым алмақ болып үйірге жібергенмен екі жыл бедерінде қысыр қалған. Ұзын бойлы сары қырғыз саудаласар сәтте қарагердің бедеулігін жасырған жоқ. Оғланды да қызыққан атын алмай тынбайтын әдетіне салып, көп ойланып жатпады. Бәйге байталдарының көбінде кездесетін «шыжың» дерті шығар азар болса деп тәуекел еткен. Бірақ Жылан қарагер Оғландыға келгелі үш жылдан асты, соңынан құлын ермеді, қарын да байламай қаншырдай қатқан күйі жүрді де қойды. Бастапқыда соғымға сойып жібермек те болған, көпті көрген Бекбосын шал тоқтатып еді. Тұмағын шекесіне қисайта киген күйі, ыңылдап әндетіп жүріп есік пен төрдей қарагерді алыстан бір орағытып өткен. Етсіз қалсаңда мұны сойма деген, өзінен әлеуеті күшті айғыр ғана тоқтата алады, мынау көк долының нақ өзі екен анау-пынауды үстіне шығармайтын деп насыбайын аузына атып ұрған.

Бұл сөзден кейін Оғланды әдейілеп Жылан қарагерді балаларына аңдытты. Артына алтын жасырып алғандай, айғыр біткенді тепкілеп жолатпайтын шайпау деп келді барлығы. Қос аяқтап тепкен кезде кеуделеген бір айғырдың төсін қақырата жыртып, енді бірінің тісін сындырыпты. Қандай мықты айғырды қосты ешбірінің шамасы келмеді. Құдайдың құдыреті сол қарагерді Қостанай қасқа жеңіпті. Жайлаудағы қойшылардың айтуынша, қасқа айғыр басқаларды үйіріп қойып, қарагер биені бір апта қуалаған. Яғни арқадан келген айғырдың бойына симай тұрған алғашқы ұрығы осының құрсағына құйылып, қалғандарына сарқындысы бұйырды деген сөз.

Жылан қарагер буаз, құймышақ қылшығы көтеріліп қалыпты дегенді естігенде, Оғланды сенер-сенбесін білмеді, өзі арнайы барып көріп, көңіл демдеген. Сол күннен бастап көзден таса қылмады, ай санады, күн санады. Желін тастасына қарап туатын күнін болжады. Бірақ нақ бошалайтын мезетте қара басып, көз жазып қалды. Ерте қашса да, кештеу туған биені үш күн сабылып іздеп, бүкіл Қоңыртөбенің жықпыл-жықпылын сүзіп шықты, таппады. Тек төртінші күні қалың қорыстың ішіннен ақтанау кер құлынын ертіп шығып келе жатқан жерінен жолықты.

Оғландының сол кезде қуанғанын көрсеңіз. Қатыны ұл тапқандай үйіне бара сала, көкпар беріп, бүкіл Ақтерек пен Сұлутөрдің малшыларын бір шулатқаны бар. Содан беріде Оғланды ақтанау құлынды айрықша күтімге алды. Қыста қасқыр тартып кетпесін деп қорадан шығармай бақты, бірақ шешесінен ажыратқан жоқ. Өзге құлындарды күзде-ақ бөліп тастаса, бұл жабағы жүні түсіп, тай болғанша арда емді.

***

Ақтанаудың құйрық-жалын Оғланды тайдан құнан шығар жылы бірақ күзеді. Асау биелерді қамап сауатын расколге кіргізіп, алғаш рет дір-дір етіп шошынған денесіне қолын тигізіп, сыннан өткізді сол кезде. Көз шарасы шығыңқы, жанары шақырайып қаһар шашады. Жұмыр мойынға біткен киік бастың төбесіндегі қос құлағы найзадай шаншылып тұр. Селт еткен дыбысқа елеңдеп, таным таппай құлақ қайшылығанына қарағанда дүбірге төзбес, намысқойдың нақ өзі. Баланың жұдырығы еркін сиып кетердей кең танау, алқынбай шабар арғымақтың белгісі. Ерініне насыбай қыстарған шал құсаған салпы ауыз, үңгір сағақ. Жабағы жүні үрпиіп байқатпай тұр екен жақтың асты етсіз әрі безсіз болып шықты. Оғланды асау құнанның бас сүйегінен мін таба алмады. Тек жал-құйрығы жас жылқыға жараспайтын арпаның сабағындай сойда-сойда ірі, әрі қайратты екен. Қырықтық қайшының жүзін қайта-қайта қайрап қиқалауға тура келді. Бұрынғы көрген жүйріктері құлан жал, майда қылшықты болушы еді, мынанікі басқаша жаратылыс.

«Бала нағашысына, құлын жатырына тартады» демекші дене бітімі, енесінен аумай түсіпті. Шығыңқы шынтақ, қабырғалы кеуде, қарынсыз құрсақ, ақсүйегі қысқа, шоқтық пен жамбастың ортасына ертоқым әзер сиярлықтай шолақ бел. Екі шаттың арасы алшақ біткен, талтақ аяқ. Оғланды асау құнанның жон арқасын алақанымен ептеп сипалап келіп, мықынына келгенде кідіріп қалды.

-Қабырға қалбағайға жабысып қалған ба немене? деп күбірледі. Қайтадан қол жүгіртті. Бітеу секілді көрінгенмен екі еліге жетер-жетпес саңылау бар екен. Оғланды дереу арғы қапталды өлшеді, екі жақтың да қабырғасын санап шықты. Жылқының бір жақ қабырғасы кем болады деуші еді, мынаныкі тең ғой деп аз-маз абдырап тұрды. Бәлкім семіздіктен қабырғаларын дұрыс болжай алмаған шығармын деп қайта санады, тағы бірдей шықты. Жүйрік аттың қабырғасымен жанаса өсетін қанаты болады дейтін, бәлкім сол ма екен деді іштей. Неде болса ешкімге тіс жармау керек, тек Бекбосынға бір көрсетіп алған артықтық етпес деп ұйғарды.

Сол күннің ертеңіне Оғланды байыз тауып отыра алмай аттарымды сынап берсін деп Бекбосынға баласын шаптырған. Бір марқаның басын мүжіген қарт жылқышының алдынан бәйгеге қоссам деген төрт-бес тай-құнанын қатар өткізді. Әрқайсысын жеке-жеке айналшықтап шыққан Бекбосын Ақтанаудың қасында көп бөгелді. Оғландыны оңаша шақырып алып, әлденені айтты. Екеуі күбірлесіп-сыбырласып сөйлесті. Бірақ олардың не дегенін ешкім естіген жоқ. Сұрағандарға екеуі де бедірейген күйі сыр алдырмады. Тек Бекбосын кеткен соң Оғланды, бір тоқтыны сойып көрші-қолаңға құдайы таратты.

Арада апта өтпей Оғланды Ақтанауды енесінен бөлектеді. Ауылдың асау үйреткіш балаларын алдыртты. Қолда өскен малға ұқсамайды, жануар шайпау. Шадырайған көзінен-ақ таскөтен жігіттердің жүрегі шайлығып, екпіні қайтты. Тек Оғландының кәрінен қорқып, бір жағы намысқа шауып бірнешеуі тәуекел етіп, кеуделеп көрді. Бірақ қос аяғын қолтығына тығып үлгерместен, жалпасынан ұшты. Боскөтен деген табаға қалмас үшін, құлаған балалар ызалықпен қайта ұмтылған, бұл жолы Оғланды жолдарын бөгеді.

Асау үйреткіштерді ертең келіңдер деп түгел қайтарып жіберген. Ондағысы бір жерлері майып боп қалар деп қауіптенгені..... Олар кете сала екі ұлына қоржынның қос басына қойдың жүнін суға малып, кептеп салуды тапсырды. Қоңырау жорғасын алдырып, өзінен басқа ешкім отырып көрмеген құранды ерді төргі үйден көтеріп шықты. Құйысқан, өмілдірігін тағып, қос тартпаның бірін төстен, бірін шапқа таяу салып шірене жұлқығанда иесінің көңіл-күйін қимылынан жазбай танитын Қоңырау да, ұзақ шабыстың боларын сезгендей шиыршық атып кеткен. Оғланды қонышы тізені соғар хром етігіне сұға салған тобылғы сап дойырын шығарып, салмақтап ұстап тұрды да, киіз үйдің белдеуіне қыстыра салды. Сол белдеуде қаз-қатар тізіліп тұрған құрық, бишік, қамшылардың ішінен сабы жіңішке, өрімі қысқалау бірін алып мама ағашты шыр көбелек айналып, есік алдын шаң қылған жорғасының қасына келді. Артынша көз ілеспес шапшаңдықпен Қоңырауға секіріп мінді. Екі аяқтың үзеңгіге кіргенін біліп тұрған ақылды жануар, тебінуді күтпестен тепсеңдегі қораға қарай тепеңдей жөнелді.

Оғланды да аттың басын тартып, аяңдатайын деп ойлаған жоқ, керісінше, аударыспаққа шығар алдында астындағы қылқұйрығын шықпыртып алатын шабандозша, сауырға бірер мәрте қамшы жүгіртті. Ауылдың асау үйреткіш балаларын құлатып, масайрап тұрған Ақтанаудың қасына сол екпінмен алақұйын боп жеткен. Қораның қапталындағы электр бағанына қыл арқанмен байланған асау құнан қасына атты адам емес, арыстан келгендей үркіп, қалшылдап кетті. Сенің әуселеңді көрейін дегендей Оғланды Ақтанаудың шадырайған көзіне мелшиіп қарап тұрды да, жалғыз қолымен бір тартып, арқанның күрмеуін шешіп алды. Талай қашағанды аттатпай жетіп, тентек айғырларды тізгіндеуге атсалысқан Қоңырауда бұл кезде құлағын жымырып, жанаса берген. Сол сәтті пайдаланып Оғланды «әп біссімілла» деп шылбырды тақымға басып алды. Асау құнан қос аяғын көкке шаншып секіріп қайрат көрсетпек болды. Көткеншектей шегініп, ары-бері бұлқынбаққа талаптанды. Бірақ еңгезердей жылқышы мен оның астындағы белі жуан буырыл жорғаны шайқалтуға да шамасы жетпеді. Бағанағы балалардай емес, мынаның көзі сұсты, қолы қарулы екенін сезгендей кер құнан құлындағы дауысы шығып, кісінеп кеп берген. Бұл оның асаулық, тарпаң ғұмырымен қош айтысуы еді.

Бұл кезде арқанның ұшын қос тақымнан өткізіп алған Оғланды Ақтанауға жанай бере, нығарланған жүнге толы қоржынды үстіне зірк еткізіп тастай салды. Арқасына әлдененің қонжия кеткенін сезген құнан тіке секіріп, құйрығын көтеріп екі-үш рет мөңкіп қоржынды жерге тастап кетті. Әудем жерге барып, өзінің үстіне жабысып алған жансыз затқа шошына қарап тұрған. Оғланды атын оңтайлап келіп, қоржынды жерден іліп алды. Арқанды бір тартып, құнанды өзіне жақындатты да қоржынды қайта мінгізді. Ақтанау бұл жолы да көп әуреленбеді, көкала қоржынды ақ қардың үстіне қалдырып сытылып шыға берген. Оғланды іліп алып, қайта салды, қайта құлатты.

Осылайша шу асау менен әккі жылқышы ет пісірім уақыт бойы ырғасып, ауылдан қозыкөш жерге ұзап кеткен. Қоңыраудың шатының арасы ақкөбікке толып, Оғландының самайынан аққан тер омырауына құйылған кезде Ақтанаудың да сілікпесі шығып, жүні жығылған еді. Қайта-қайта үстіне мініп алатын жансыз шүберекке көндіккендей кейіп танытып, мөңкуді тоқтатты. Бірақ шоқтай жанған жанары әлі де жыны басылмағанын аңғартып тұр, сәл есін жинаса сойқанды тағы салары анық. Оғланды аттың басын қыстауына бұрды. Борбайлап шапқан күйі үйіне жете бере:

-Әй қайсың барсың деп айғай салды. Әкесінің қарасы шалынғаннан-ақ мәселенің мәнісін ұққан үлкен ұлы Айбын қамшысын білегіне ілген күйі жүгіріп шыға келді.

-Мін! - деді Оғланды жауын жеңген адамдай масаттанып.

-Құлақтан бас! Құлақтан бас!

-Өй есек болып қалыпты ғой, құлақтан баспай ақ міне берсін, деп дабырлап жатыр қора тазалап, көң тасып жүрген жұмысшылар. Оғланды Қоңырауды бір тебініп, екі бүйірінен дем алып тұрған Ақтанауға тақап барды. Шылбырды қысқартып, ердің басына орады. Қос қолымен құлақтан алып тұқыртқан сәтте Айбында жарау құнанның жалына жармаса бере, лып етіп мініп үлгерді. Әуелгіде Оғланды тақымдап алып, қатарласып жүріп отырды. Артынан Ырғайтының өріне қарай бағыттап, баласын жалғыз жіберді. Сол кеткеннен Айбын Ақтанаудың қан-сорпасын шығарып қас қарая бірақ оралған.

-Ә боласасы, болыпты....

-Енді қойға мінсең де қыңқ етпес, - деп ел мақтау айтқанмен Оғланды сыр алдырмады. Бұл жылқының бір күнгі міністен момақансып қалатын мәстектер тұқымынан емесін, әке мен шешенің қанына тартса әлі біраз қиғылық саларын қаумалаған жұртқа түсіндіріп жатуды артық көрді. Күткеніндей шайпау құнан ертеңіне тағы шатақ шығарды. Қоңырауға құранды ерді және салуға тура келді. Жас балалар игере алмас деп аяғын салаңдатып тағы да Айбынды мінгізді. Туғалы ат арқасынан ажырамаған Айбын ары-бері шапқылап жынын қағып келгендей болған, бірақ бүрсүкүні қайтадан түлен түртті. Құлақтан басып қайта мінгізді, балғын денеге ащы қамшы тие сала құйындатып шапты, кешқұрым жуасығандай болып қалды. Бірақ ертеңіне тағы әбігерге салады. Осылайша Оғланды мен Ақтанаудың арпалысы бір айға созылды. Асау құнан қиғылық салған сайын өзгелер ашуланып, кіжінсе де Оғландының ішін ерекше бір қуаныш сезімі кеулейді. Кәріқұлақ шалдардан естіген «дүлей жүйрік» деген осы болар деп топшылайды. Бірақ іштей ырым қылып, ол ойын ешкімге ашып айтпады.

***

Ақтанау - алғашқы бәйгеге де асаулығы басылмаған күйі қосылып еді. Екі иінінен дем алып, есі ауып тұрған шағында солығын баспастан құнан жарысқа салып жіберген. Өмірі топқа түсіп көрмеген асау неме, басында жатырқап тұрды да, қиқу шыққанда қосылып шапқансыды. Бірақ амал нешік, алғашқы бұрылыстан-ақ, алып қашып кетті. Өзгелер солға айналғанда бұл тікесінен тартқан. Ауылдағы қарулы бозбаланың бірі керең Еділді мінгізген, көкпарда екі орап тақымға басқан талайдың серкесін үзеңгісімен қоса жұлып алатын оны құрдастары қалжыңдап «Дүлей» деп атаушы еді. Бірақ ол «Дүлейің» де, мына «дүлейге» дәнеме істей алмады. Ауылдан бес шақырым жердегі қырманды қара тартып, еңіске қарай ұрып барады. Еділдің жалға жармасып, оң қолын қайта-қайта шошаңдатқанына қарағанда шірене тартқанға шыдамай, тізгіні үзілген секілді. Жандалбасалап енді қамшымен басқа сабалап тоқтатпақ. Бағана басы мен бауырынан ұрушы болма деп ескертіп еді, керең неме елемеген болды ғой.

- Әй ұрма басынан..... Майтөбенің үстіне аткөрпелерін жайып жіберіп, малдас құра жайғасқан шалдардың арасында отырған Оғланды қалай атып тұрғанын өзі де сезбей қалды. Дауыс жетер жерде емес, дауыс жеткен күннің өзінде құлағына келіп айқайламасаң мәңірейіп отыра беретін кереңнің естімесі белгілі. Оқыс қылығына ыңғайсызданып қалған ол, ұялған тек тұрмастың керімен онсызда далбалақтап шауып бара жатқан қос ұлына ұрысқансыды.

- Ноқай немелер, бағанадан бері ай санап жүрсіңдер ме, бұрылманың қасына барып, қақпайлап тұрмайсыңдар ма?! Өй шіріктер.... деп күбірлеп, орнына қайта жайғаса берген. Сол сәтте артқы жақта тұрған сөзуарлардың бірі

- «Ойпырмай-ау!! Мынау ат емес, ракета ғой, ракета» деп дабырласқанын құлағы шалды. Алдыға көз тіккен Оғланды енді байқады, бір-бірімен алысқан екі «дүлей» бағытын өзгертіпті, шамасы Еділ қамшылар жақтан ұрып-ұрып, басын солға бұрып алған ау, енді көлденеңдей салыпты. Артынан кеткен қуғыншылар алдынан орағытпақ болып, төтелей шауып барады. Бірақ жеткізуі неғайбыл. Совхоздың күздік бидайы себілген аңызға қарай аңыратып бара жатқан Ақтанауды көргенде Оғландының да аузы ашылып қалды. Байқаса елдің бәрі құнан жарысын емес, Ақтанаудың шабысына қарап, сілтідей тынған екен. Мұндай аяқалысты өзге түгіл, неше жыл жылқы баққан Оғландының өзі бұрын-cоңды көрмеген еді, біреу шықпыртып сабап жатқандай, созылуын-ай жануардың...

Оғланды жон арқасы жыбырлап, көзі жасаурап кеткенін сезді, әлгінде естіген «ат емес, ракета» дегенді іштей қайталай берді, қайталай берді. Бұрын бәйгесіз қалса, сыбағасын ит жегендей берекесі кетуші еді, бұ жолы, Майтөбеден мерейі өсіп қайтты. Ауылдағы жалғыз сауығы ат жүгірту болып қалған жұрт та кешкілік шәй үстінде бүгінгі жүлде алған жүйріктерді емес, бас білмейтін шайпау құнанның шабысын сөз етті. Елдің бәрі ат емес, ракета екен. Оғландының Ракетасы деп жатты. Содан беріде Ақтанаудың жаңа есімі пайда болған, Ракета деген.

***

Ракетаны үйрету оңай болмады. Асаулығы өз алдына, бас білмейтін тарпаң. Әуелгі бәйгеде алып қашып кеткен соң, топпен қатарласып жүруге дағдылансын, шеңберді айнала шабуға үйренсін деп жексенбі сайын болатын жабағылар жарысына қосып жүрді. Бірақ бастапқыда қарасүйеп, жап-жақсы келеді де, құлақ түбі терлеп, ет қызған соң бас бермейді. Шабандоздар қайта-қайта шеңбердің ішін алуға тырысқанмен мойнын бір сүзіп, қыңырайып алған күйі тартып кетеді. Тіпті болмаған соң Оғланды әрбір бұрылысқа құрық ұстаған адамдарын қойып көрді. Бәрібір нәтиже шықпады. Қақпайлаған сайын екілене түседі, әріберіден соң ешбіріне жеткізбей кетеді. Ауылдағы атқа шапқыш балалардың Ракетадан көңілі қалып, түрлі сылтауларды айтып, жоламайтынды шығарды.

Сөйтіп бір құнанға әлі келмей Оғланды абдырап жүргенде қыс бітіп, көктем жетті. Қарашадан бері әппақ көрпеге оранып, қымтанып жатып алған Қоңыртөбенің етегі түріле бастады. Қылаулап көк шықты. Төрт түлік төлдеп, ел-жұрт ағарған ішіп жырғап, қыстай қорада қамалып тұрған арық-тұрақ өріске шыққан берекелі шақ басталды. Алда Наурыз мейрамы келе жатыр. Көршілес жатқан жеті-сегіз совхозға ортақ той биыл Ақтеректе өтпек. Әдеттегідей аламан бәйге болады.

Оғланды басқа аттарымен қоса, Ракетаны да жаратты. Бірақ көңілі күпті. Басы қатты дүлей неме тағыда алып қашып кетсе қайтпек, досқа күлкі, дұшпанға таба деген осы. Әрі бұл жексенбі сайын болатын тай жарысы емес, ұлыстың ұлы күні, үлкен бәйге. Жүлдесі де тәуірлеу, анажылы күрең байталы екінші келіп, магнитофон ұтып алған. Былтыр ат бәйгесінде кілем өңгеріп қайтты. Жалпы атжарыс сайын Оғландының қанжығасы құр қайтпайды, тек соңғы жылдары бас бәйгені ала алмай дымы құрып жүргені болмаса... Біресе Дегерестегі Нәркен шал мен Оңталаптың тазақандары, біресе Қордайдан келген қылқұйрықтар топ жарады.

Аламан бәйгеде атыңның алғашқы жетілікке ілігуінің өзі де жаман емес, бірақ кеуде шіркіннің кейде көнбей кететінін қайтесің. Ондайда өзінен-өзі қорланып, терісіне симай, құтырған бурадай көзі қанталап шыға келетіні бар. Алдыңғы жылы сондай ызалықпен бәйгеден соңғы көкпарға араласып кеткен. Доданың ішіне долданып кіргені сол еді, әлдекімнің қамшысы мойнын осып түсті. Іздегенге сұраған деген осы, әкеден бір жіберіп, қамшының иесін жон арқадан бұл да екі тартты. Абырой болғанда тоғыз өрімдік дойыры үйде қалған, қолындағы төрт өрімдік, қысқа сапты бәйге қамшы болатын. Соның өзі тіліп түскен болу керек, қайыстай қатқан қара баланың белі қайқайып барып, атынан ауып түсе жаздаған. Көрші Беріктаста Әнәпия деген қойшы болатын. Соның помчабаны екен. Мұны көрген Ақтеректің жастары қарап тұрсын ба, Еділ бастатқан есерлер едіреңдеп шыға келді. Ештемені естімеген, тек елдің ауыз жыбырлатысып жатқанын, әрі Оғландының әлем-тапырақ түрін көрген «Дүлей», тақымындағы көкпарын тастай сала, әлгі қара балаға ұмтылды. Ақыры Ақтерек пен Беріктастың балалары сабасып, Оғланды өзі бастаған сойқанды әрең тоқтатып еді. Артынан осы әрекетіне іштей ұялып жүрді.

***

Ауылдың атағы мен абыройы сыналатын Наурыз тойында Оғланды қалайда бақ асыруды жоспарлап отыр. Ракетадан басқа үміт артары жоқ. Ол үшін Ракетаны қалайда шеңбермен шабуға үйрету шарт. Бірақ қалай? Қайтіп? Әбден басы қатты. Сөйтіп жүргенде бір күні контордан Бекбосын шалды жолықтырып қалмасы бар ма.... Ракетаның шабысы мен шайпаулығы туралы ел ішіндегі әңгімені естіп жүр екен, қай айғырдан туғанын да білетін болып шықты. Оғланды мұны естігенде қара терге түсті, ұрлығы әшкерелендей қысылды. Бірақ Бекбосын сыр алдырмап еді, «аттың сідігін сататындардың сойынан емеспіз» деп салалы алақанымен арқасынан қаққан. Состиып тұрып қалған бұған қарамай тұмағын қисайтқан күйі Кененнің «Көкшолағын» айтып ыңылдап кете барған.

Ертеңіне Оғланды баласын жіберіп, Бекбосынды үйіне қонаққа шақырды. Кемпірі екеуіне соғымнан қалған сүрленген қазыны бұзбай салып, құрмет қылды. Кетерінде Бижамал шапаныңыз деп Бекбосынның алдына бір шибарқыт кездеме тастап, кемпірінің иығына былтыр құдалықтан келген түбіт орамалды жапты. Осынау құрметтің бәрі не үшін екенін бұл үйде екі адам ғана білді, Бекбосын мен Оғланды. Қалғандары бірі кигеніне, бірі бергеніне риза болып тарқасқан. Тек кетерінде Бекбосын Оғландыға қарап, сен менің Қыңыр қасқа деген жүйрігім болғанын білуші ме едің деп сұраған.

Қыңыр қасқаның даңқы ата сақалы аузына түскен Оғланды тұрмақ бұл өңірдегі өндірдей балаға дейін мәлім. Қырғыздың қойшыларымен бәстесіп көкпар тартқанда, Бекбосын көкпарды өңгеріп алып Ақтастының құламасынан құйғытып түскенін көрген адамдар әлі күнге жағасын ұстап, шошына әңгімелейді. Ат тұрмақ жаяу адам қалтылдап әрең жүрер қия беткейден Қыңыр қасқаның қалай құламай өткені бір Аллаға аян. Әйтеуір содан соң өркеуде қырғыздар Бекбосын Қыңыр қасқамен келіпті десе, түрлі сылтау айтып көкпарға бармайтын болыпты деседі.

Енді Бекбосын сол бір аты аңызға айналған тұлпарды білесің бе деп, басқа біреуден сұраса бір жөн, осы ауылдағы екі жылқышының бірі Оғландыдан сұрағаны несі? Не ойлағаны бар мұның? Оғланды осы оймен арпалысып, қапелімде айтар сөз таппай кібіртіктеп қалды. Бекбосын да осыны сезгендей, жауабын күтпестен көлігіне бет алған. Қоштасып жатып, ертең бізге келіңдер деп қонаққа шақыра кетті.

Бірдемені жұмбақтамаса жүре алмайтын қарт жылқышының бұл қылығы Оғландының қытығына тиді. Кербезденбей айта салса несі кетер еді, деп іштей бір сыбап алғанмен сұңғыла шалдың бір жоспары барын сезіп-ақ тұр. Бірақ ұшығына жете алар емес. Бекбосынның көлігі көзден тасаланғанша ол орнынан қозғалған жоқ.


***


3.Қыңыр қасқа


Бекбосын шал неліктен Қыңыр қасқа туралы сұрады. Оғланды күні бойы осы жұмбақтың күрмеуін тарқата алмай қойды. Көкейдегі жалғыз сауалдың жауабы табылмаған күйі кешкілік Бекбосынның үйіне қарай бет алған еді. Қарт жылқышы қонақтардың көлігі келіп тоқтағанда қора жақтан келе жатқан. Қолына ұстаған жүгені бар. Екеуі кеше ғана бір табақ етті бірге жесе де бүгін көптен көріспеген құдаларша құшақ айқастырды. Әуелгіде ауыл арасындағы ұсақ-түйек жаңалықтар сөз болды да, артынша әңгіменің ауаны жылқыға түбегейлі ойысты. Көбіне тізгін Бекбосында, бірақ қарт жылқышы Қыңыр қасқаның қызықтарын айтуға асығар емес. Ет желініп, сорпа келгенде Оғланды шыдамады.

-Осы жасыңызға дейін қанша жүйрік жүгірттіңіз? - деп әңгіме арнасын негізгі тақырыпқа жақынырақ бұрып қойды. Бекбосын сәл ойланып отырды да:

-Тай-құнандарды есептемегенде, сегіз бәйге атын жаратыппын, - деді, тағдырына риза адамдай шалқайып.

-Ішіндегі ерен жүйрігі қайсы еді?

-Ә, негізгі әңгімеге әйтеуір алып келдің бе? -дегендей Бекбосын қыран қабақ астындағы өткір көзін сығырайтып Оғландыға күлімсірей қарады.

-Әрине өзгелері де осал емес, десе де Қыңыр қасқаның даңқы мен дақпырты қазақ пен қырғызға қатар таралды ғой...

Оғланды атақты жүйрік туралы әңгіме тыңдауға дайын екенін сездіріп, қолтығындағы жастығын ыңғайлап, шынтақтап жатты. Бекбосын көп тостырмады, сорпа толы кесені бір төңкеріп бәйбішесіне ұсынды да, әңгімеге кірісті. Оғланды бұл ат туралы бір кісідей білемін деуші еді, білмейтіні көп екен. Ара-тұра сұрақ қойып, әңгімені қыздырып отырды. Бекбосын әрбір сұрақтан шабыт алып, аңға түсер бүркітше қомданып алып, көсіледі.

-Осы Қыңыр қасқамен көкпар әкеле жатып Ақтастының құламасынан қанша мәрте сорғаладыңыз?

-Ел екеуін ғана көрді, негізі үш рет түстім. Біреуі қараңғыда болатын. Күңгейдегі Әбдірәсіл жекжатымның үйінен түнделетіп қайтып келе жатсам, бір топ атты алдымды кескестеп өте шықты. Дуылдасып барады, сөз ауанынан байқадым, қырғыздар көрінеді, көкпардан қайтып келеді екен. Шамасы қазақ қойшылары қас-қарайғанда көз жазып қалған. Тұмағымды бастыра киіп, ақырындап соңдарына түстім, аздап қызулау секілді, мені ерен-санайтын ешбірі жоқ, кейбірі ат үстінде қалғып келеді. Көкпарды өңгеріп келе жатқан атақты Сәбден, он адам жабылсаң да жалаң тақымындағы серкені бермейтін нағыз сабаздың өзі. Көкпарды, алдына бос тастай салыпты. Жармаса кетуге жүрексіндім. Сәбден ұстап үлгерсе, айрылмасы белгілі.

Бір кезде Сәбден қасында келе жатқан көк аттыға, көкпарды ала тұршы, түзге отырап алайын деді. Анау қапталдасып жақынырақ барды, Сәбден анаған өңгерте бергенде мен де тебіндім, Қыңыр қасқа лып етіп екеуінің ортасына кіре кетті. «Я жаратқан» деп барқ ете қалғанымды білем, жануар жыланша ирелеңдеп топтан сытылып шықты. Қырғыздар «бұл кім», «бұл кім» десіп, ойбайлады да қалды. Артымнан қуғын салды. Зулап келемін. Астымдағы атыма сенемін, жеткізбесімді білемін, байқасам тура Ақтастының тұсына келіппін. Қырықтан жаңа асқан, лапылдап тұрған жас кезім, желігім әлі басылмаған шақ.

-Әкесін...., маңқа қырғыздарды тағы бір таңғалдырайын дедім де тізгінді еңіске қарай бұрдым. Жануарда жерді танып келеді екен, іркілместен ылдиға салды да кетті. Бір қарасам, Ырғайты өзенінің жағасында кетіп барады екенмін. Ат басын тартып, тың тыңдадым, дыбыс жоқ. Қырғыздар жердің астына түсіп кетпесе қайда деп, сол маңнан іздеп, қалған көрінеді.

-Cонда жануар жолды білетін болып тұр ғой….

-Өзім де солай ма деймін. Өйткені ол құлынынан осы тауды көріп келеді ғой. Жазық жерде, таудағыдай көсіле алмайды, талай рет байқадым. Ал ой мен қырға салсаң ортекеше безетін. Жас болдық, қымызға мас болдық, талай мәрте әдейі сынап көрейінші деп, тастақпен шабамын, сонда бір тасырқаған емес, әрі аяғын ұрмайды. Осы күні бәйге аттары борпас топырақпен жарысса да аяғын ұрып, мертігіп жатады ғой, Қыңыр қасқада ондай жоқ еді, мысықша епті еді жануар.

-«Таста туған құлын тасырқауды білмейді, ата көрген ұл мен қыз жатырқауды білмейді» деген қанатты сөзді содан кейін шығарған екенсіз ғой.

-Ә, оның рас. Қыңыр қасқа мен анабір тентек жиеніме қарата айтқаным ғой. Сөйтсем, соным бүгінде ел аузындағы мақалға айналып кетіпті ғой.

-Жалпы сіз атты тағаламай мінесіз?

-Ал сен менің мінгі аттарымның ақсап жүргенін көрдің бе? Бекбосын қарсы сұрақ қойды да, Оғланды ауыз ашып үлгергенше, өз сұрағына өзі жауап беріп кетті.

-Мен бір сараңдығымнан тағаламай жүр ғой деймісің деп тақиясын шешіп, тершіген маңдайын сүртті. Маңдай терін сылып түскен сұқ саусағын жоғары шошайтты, - «ат тағалағанша, жол жағала» деген бабаларымыз. Аздап тасырқады екен деп, добалдай темірді тұяғына шегелеп тастаған атқа жаны ашығандық емес. Ол малды қорлау біле білсек деп тері сорғалап тұрған әлгі дымқыл саусақты қынапқа қылыш салғандай, сол қолына умаждап ұстаған бетормалдың ішіне сүңгітіп жіберді. Ойбай-ау аттың тұяғы деген адамның қолы емес пе? деп жаңа ғана сүртініп шыққан сұқ саусақты, қалған төрт серігімен бірге тарбита жайды. Тырнағыңды апта сайын алуды ұмытпағанда, мініп жүрген көлігіңнің тұяғын айына бір кесіп, майтабанын тазалап тұруға болады ғой. Жоқ, біз қашан атымыз алжыған кемпірдей кібіртіктеп қалғанша тұяғын көтеріп қарамаймыз ғой, қарамаймыз. Содан кейін жүреміз, атым шекіп қалды, тасырқап тұр, таға соғып берші деп ұсталарға жалынып.

-Әйтеуір, тұяғын жерге тірей алмай тұрған аттар, тағалағаннан соң жортақтап кетеді ғой, содан кейін тағаға үйірсекпіз деп Оғланды ақталғансыды.

-Әй!!! Сен шекіп тұрған атың, тағаның арқасында құрдай жорғалап кеткенін қайдан білесің деді Бекбосын Оғландыға алара қарап. Өзіне қарсы келгенді онша жақтыра қоймаушы еді, даусы ашуланғандай тарғылданып шықты.

-Тағаламас бұрын тұяғын тазалап, артық жерін жонып, кеспеуші ме еді. Бәлкім соның арқасы шығар. Ойпырмай сендер осы таға жасайтын ұсталар ақша төлеп қойғандай, тағаға шаң жуытпайсыңдар. Тайынан бастап тағаға үйретсеңдер, аттарың тағасыз жүре алмағанда қайтеді екен?

-«Тағаны шеге сақтайды, таға жүйрікті сақтайды, жүйрік жігітті сақтайды, жігіт елін сақтайды» деген бар емес пе?

-Ол да бос сөз, - деп Бекбосын қолын бір сілтеді. Мықты болсаң атты тасырқатпай мін, күтімде, бабын келтір. Біле білсең тек бәйге аттарына емес, қойға мінер жабының өзі бап тілейді. Атты аптасына бір ауыстырып міну керек, белі талады, тұяғы тозады. Сенікін қайдам, талай атқұмардың қорасын көрдім. Олардың атқорасынан менің сиыр тұратын сарайым таза шығар. Жылқы жарықтық тазалықты жақсы көреді ғой, асты былжырап жатса, тұяғын күс басып, майтабаны сыздамағанда не қылады. Атының тұяғы өсе-өсе шәркей секілді майрылып, опырылып сынып жатқан нақұрыстарды көргенде қояншығым қозады-ау менің. Анажылы Әткеннің анабір бақырауық баласын сабап жүргенім де сол ғой.... Өзі де шешесінен теріс туған пәле екен, айтқанды ұқпайды, сөзге қонақ бермейді. Әй қайдан шықсаң, оннан шық деп жон арқасынан екі тартып едім, жаман құнанына міне салып безіп жоғалды. Бірақ сонда да тілін тартпай боқтап кетті атаңанәлет...

-Беке!! Қыңыр қасқа қалайша аяқтан қалып жүр сонда? - деп Оғланды басқа тақырыпқа ауысып бара жатқан Бекбосынға әңгіменің негізгі жүлгесін ескертіп қойды.

-…........??

-Таспен шапқанда аяғын ұрмаса, қалайша аяғы шор болып қалды? Үстемелете қойған қос сауал, қарт жылқышының жүрек жарасын тырнап кеткендей, ауаны тереңнен тартып, бір күрсінгенде ішінен өзекті өртеген жалын шыққандай болды.

-Қырғыздардан келді бәленің бәрі. Мұны ешкімге айтпап едім, сенің білгенің жөн деп сыбырлай сөйледі.

-Қыңыр қасқаға қырғыздар қатты қызықты. Көкпарда ат жеткізбеймін, бәйге сайын жүлде бермеймін. Әрі ол кезде аламан бәйге қазіргідей шыр көбелек айналып шаппайды. Жарты күншілік жерге айдайды, тікеге жібереді. Қырғыздың даласының бәрі тау мен тас. Ал ондай жерде Қыңыр қасқа киікше безеді. Қалың қырғыздың ортасына жалғыз барамын да, бас бәйгеге тігілген ірі-қарасын жетелеп кетемін.

Қырғызда қазақ секілді намысқой халық. Әбден қорланды. Ақыры бір емес, бірнеше мәрте бізге сат деп, қолқалады. Сәбден бес ту биесін жетектеп әкеліп, белдеуіме байлап кетті, көнбедім. Соған кектенді білем, Қордайдағы бір бәйгеде сіңірін қиып кетіпті.

Бәйге болар күні таң асырып қойғам, ертеңгілік терезеден қарасам көзі кіртиіп қалыпты. Бір аяғына салмақ салып тұр екен, екіншісін ауырсынады, бір бәленің болғанын сезе қойдым. Қасына жетіп барсам, ит тістегендей сіңірінің дал-далы шығыпты. Пышақпен де кеспеген, кемпірауызбен жаншып жіберген, шамасы тасқа шауып алдым деп ойласын деген сасық қулығы шығар.

Бәйгеге қарайлағам жоқ, жетекке алдым да ауылға тарттым. Сұрағандарға түнде суытып жүріп, аяғын құрттым деп қойдым. Қастандық жасалғанын естісе, ауыл азаматтары көтеріліп кетер еді, оларды тоқтата алмасымды сездім. Бір атқа бола екі елдің арасына от жаққым келмеді. Үйге келген соң жасамаған ем-домым қалмады, бірақ оңалмады жануар. Аяғы ісіп, артынан шор болып қалды. Өзінің де жасы келген еді, сол жылдары. Шаппақ түгіл жүрістен қалып барады. Бір ғана амал бар, ақадал бауыздап алу керек. Өзім союға дәтім шыдамайды, біреуге берсем жанын қинап малға мініп алса қайтпекпін. Ақыры екі айдай соғымға байлап, сатып жібердім.

-Қаскөйлерді іздестірмедіңіз бе?

-Іздеп қайтем, онсызда білемін. Сәбденнің қасында атжалманша сумаңдап жүретін Алым дегені болатын, соның істегені. Құдай есебін табады дедім де қойдым. - Әй солардың ешбірі жақсы болмады. Сәбден асау үйретемін деп аттан құлап өлді, аяғы үзеңгіден шықпай қалып шу асау тепкілеп өлтіріпті. Алым ұрлық жасап сотталды. Қазір шыққан көрінеді, алқаш болып кетіпті дейді, Тоқпақтың базарында жерге домалап жатқанын біздің қойшылар көріпті. Ешбірі жақсы болмады, аттың киесі жібермейді ғой...

-Ал мұны неге басқа есім таппағандай Қыңыр қасқа деп атадыңыз?

-Ә, сен негізгі әңгіменің сорабына енді түстің. Сені шақыртуымның да бір себебі осы болатын. Бұл ат, менің қолыма құнанында келді. Жамантыдағы қойшы Сағындықты білесің ғой, соның есік пен төрдей кер биесі болатын, сүтті еді жануар. Содан туған. Әкесі қайсы айғыр екенін білмедім, Сақаңнан сұрап едім, ол да нақты ештеме айта алмады, бәленшенің үйірінде жүретін, түгеншенің айғыры қайырыпты деуден ары аспады.

Бір күні жайлауда мал қарап жүріп Сағындықтың үйіне бара қалдым, желі басында қатыны екеуі бие сауып жатыр екен. Сақаң екеуміз нағашылы-жиен болып қалжыңдап, ойнайтынымыз бар еді, көз қиығымен мені көре салып, көпе-көрнеу байқамағансып айқайға басты.

-Атаңанәлет мына кер биені нағашы болмай кеткір Тасқашағандар (рудың аты) беріп еді, солар секілді тышқақ. Сиыр құсап жапалап тышады әкең.... Қарашы міне деп, шөмеледей төңкеріліп түскен жылқы тезегін күрекпен іліп алып, маған қарата атып кеп қалды. Сол кезде ғана мені көргенсіп: - Ойбай тағы бір Тасқашаған келіп қалыпты ғой, - деп қарқылдап күлді. Мен де қалжыңына қалжыңмен жауап қатып, құшақтасып, жұлқыласып, алысып жатырмыз. Бірақ есіл-дертім кер биенің тезегінде. Ақыры шыдамай барып көрдім. Расымен де сиырдың жапасындай бүтін түскен. Ылғи осылай ма десем, осылай дейді. Менің қызыға қалғанымды аңғарған Сағындық: «ол аз десең бір сигенде жарты шелек сиеді, шаптырғанда фонтанша шашады зәрін, тезегінен салып, сідігінен құйып берейін керек болса» деп одан әрі қылжақ қылады.

Хас тұлпардың көтен ішегі кең болады, тезегін бөлшектемей бүтін тастайды, зәрін алысқа төгеді дегенді естуші едім, мынау сондай болды ғой деп қоямын іштей. Бірақ ол ойымды Сағындыққа айтқан жоқпын. Ақыры «тышқақ, шыжың» деп тілдейді екенсің кер биені маған сат деп қолқаладым.

-Сатпаймын! - деді, бір өзі бес биенің сүтін береді. Алдыңдағы совхоздың жылқысын түгел айдатсаңда сатпаймын деп едіреңдей қалды.

-Ондай болса жақсы айғырға қосып құлын алайық дедім. Оған да көнбеді, ұрлап кетті деп жоқ қылғалы тұрсың дейді. Тасқашағанның барлығы ұры деп кекетеді. Жарықтық қиқар адам еді ғой. Көңіліне жақпаса бет-жүзіңе қарамай айта салып, түк болмағандай бақырайып тұра беретін. Аудандағы талай жиналысты, тастап шығып кеткенін көрдім. Әкім-қаралардың бірі ауыз аша алмаушы еді. Еркелететін, ол да соны біледі, жөнімен еркелейді. Қойшы әйтеуір Сақаңды бірер сағат қажап отырып, кер биенің бір құлынын алатын болып келістім.

-Әне жүр былтырғы құлыны. Өзі секілді түйедей дәу. Осы қазір андағы жорғаны таста да мініп кетсең, кеттің. Әйтпесе айнып қаламын деген соң, құрық бауына күміс сағатымды беріп, астымдағы атымды қоса байлап, Сақаңның балалары қойға мініп жүрген жирен құнанды тепеңдетіп үйге қайттым.

-Негізі Қыңыр қасқа аттың аты еді ғой жануар, - деді Бекбосын әлдене есіне түскендей, езу тарта жымиып. - Бар айыбы-қырсықтығы. Жабағы кезінде дұрыс үйретілмеген секілді, бар бәле содан жабысқан ба деймін.... Жылқы малы, әуел баста қандай адам ауыздықтап мінеді, соның мінезін сіңіріп алады. Бір қырсық баланың тақымы тиген болу керек, қырсықтығы өле-өлгенше қалған жоқ. Маған келгенде сыңарезу болатын, шапқанда да оңға қарай ауыздықсүйеп тұратын. Әрі қолтығы ашылмаған қолау еді. Сағындықтың помчабаны тай кезінде орыс ерді салып, қойға оңдырмай мінсе керек кібіртіктеп әзер шабатын. Тапырақтап келе жатып, кішкене арық кезіксе секіре алмай, сүрініп жығылатын. Сағындық тап бір тұлпарын тегін бергендей көрген жерде «жирен құнан қалай» деп сұрайды.

-Өзің үйреткенсің ғой деймін, саған тартқан қырсық, мешеу баладай бұты-бұтына шалынысқан қолау деп қалжыңдайтынмын. Ол да қалыспайды, қырсықтардан бірдеме шығады деп. Қойшы әйтеуір жорға беріп алған жирен құнаным мал біткеннің қырсығы болды, қамшы салсаң құйрығын көтереді, басын қоя берсең бір жағына бұрылып кетеді. Басында Сақаң қасқа деп жүретінмен, кейіннен Қыңыр қасқа аталып кетті ғой..... Енді сен менен мұның қолауын қалай жазып, қырсықтығын қалай түзедің деп сұра...

-Еее, қалай үйреттіңіз бәсе?

-Қолаудың жалғыз емін білесің, көсіліп шабу ғана... Бір айдай бөккен бидай мен көк жоңышқаға еркін қойдым, домаланып семірді. Қораға симай, ойнақтайтынды шығарды. Бір күні балаларға жайдақ мінгізіп, бірнеше аттылы боп, Сарықойынның өріне шықтық. Ылдиға қарай алдымен жалғыз жібердім, еті қызып, бусанды-ау деген кезде артынан қиқулай ілестік. Жете бере қиқуды үдетіп, қамшының астына алдық. Жалпы қандай қамшысүйер шабан ат болсын артынан дүбір шыққанда, кемінде бірер ұмтылып шабысына шабыс қосады. Семіздіктен шиыршық атып тұрған жануар жанталасып, алға ұмтылды. Көз алмай қарап келемін, тапырақтап аяқты кеңінен сермегендей болды. Кәдімгі бел омыртқаны үзгендей «бырт, бырт» еткен дыбысты естідім, сол кезде, бірер сүрініп, барып оңалды. Содан өзімізге қарасын көрсетпей ақты да кетті ғой. Ал сыңарезулігін кертілген ауыздық салып қана тежедім.

-Кертілген ауыздығы қалай?

Қарт жылқышы жауап берудің орнына жан-жағын сипаланып, әлденені іздеп кетті. Таппады.

-Әй кемпір, деген даусы қарлығыңқы шықты. Дастарханның шетінде Бижамал екеуі әлдеқандай әңгімеге қызу кірісіп кеткен, кемпірі жалт қарады.

-Әлгі жүген қайда?

-Қай жүген?

-Қыңыр қасқаның жүгені. Осында әтейілеп алып келіп едім жаңа ғана, қайда кеткен?

-Е, тәйірі!! Бәсе, төргі үйге кім әкеп тастаған деп жаңа далаға шығара салып едім деп кемпірі жүре сөйлеп барып, қайыс жүгенді әкеп берді. Қолына жүгенді алып, Бекбосын әңгімесін қайта жалғады.

-Әлгінде ауыздықсүйеп шабады, еті қыза келе солға тартып кетеді дедім ғой, алдым да ауыздықтың оң жағын төске салып, үш жерден кертіп қойдым. Бұрын басын бұра алмаушы едік, анау езуін қажаған соң өзі ақ дегеніңе көне кетеді. Тек бәйге сайын аузы қызыл ала қан боп келуші еді жануардың.. деп қарт жылқышы жүгенді Оғландының алдына тастай салып, тағы бір рет терең күрсінді.

Оғланды үндемеген қалпы, жүгенді ары-бері төңкеріп қарады. Қыңыр қасқадан кейін, ешбір аттың басына салынбағаны байқалып тұр, қайысы ағаш құсап серейіп қалыпты. Оғланды кертілген ауыздықты бас бармағымен сипалап біраз отырды. Ал Бекбосын осымен бүгінгі әңгіме таусылды дегендей, қалта сағатын шығарып қарады. Сағат тілі түнгі он бірге жетіпті. Бата жасап, барлығы дастарханнан тұрды.

Күркіреудің аузындағы жылқышы ауылынан аттанған Оғландының нивасы қара жолмен жүйткіп келе жатқанмен, оның көңілі аспанда шалқып жүрген болатын. Ырғайтынының өріне табан іліктіргенде «енді құдай абырой бере көр» деп күбірледі. Қасында келе жатқан Бижамалды сөзге тартпақ болып, көз қиығын тастап еді, көлікке мінсе болды көзі ілінетін әйелі шайқалған мәшинемен бірге тербеліп, ұйқыға кетіпті.


***

4. Дүлей жүйрік

Сол күннің ертеңіне Оғландының Қоңырау жорғасы ауылдағы МТМ-ның алдында азанмен байлаулы тұрды. Совхоздың бүкіл техникасын жөндейтін ұсталардың станогына салып, бір емес, екі жүгеннің ауыздығын үш жерден кертіп із салды. Сонымен қатар қалың қайыстан алақандай қылып қиып, сағалдырықтың қарсы тұсына қалқитып көзқалқан тікті. Бұл тәсілді қайбір жылы Дегерестегі жылқы зауытына Мәскеуден келген ғалым айтып еді. Сонда басы қатты жүйріктер, тек алдындағы жолды ғана көріп отырады деген ұлты қарашайлық қауға сақалды кісі. Ат жайлы білмейтіні жоқ екен. Бір күн бойы дастархандас болғанда біраз жайтқа қанықты. Әсіресе Оғландының таңғалғаны, әлемде атқұмар жұрт бұл ойлағаннан көп болып шықты. Бұрын тек қазақ пен қырғыз, түрікпен ғана ат жүгіртеді деп білетін, сөйтсе еуропада да бәйгелер болады-мыс, бірақ олар біз секілді ұзаққа айдамай, қысқа қашықтыққа жібереді екен. Сол ғалымның қолындағы кітаптан небір аттардың суретін көріп таңғалып еді, бірінен бірі өткен сұлу еді, шіркіндер...

Ауыздығы кертілген жүгенді кигізгелі Ракета жөнге түсті. Әуелгіде қасарысып, аузын қара қан қылып еді, ертеңіне жараның орны сыздаған болу керек, бұрған жағыңа жүйткіп отырды. Оғланды енді, алаңсыз баптауға кірісті. Бүкіл шаруашылықты балаларына табыстап, Ракетамен тікелей өзі айналысты. Сұлыны саумалға бөктіріп атдорбамен мөлшерлеп берді, жоңыршқаны бір қарыстай қылып турап, суға шылап ақырына уыстап қана тастады, күн аралатып суытып таң асырды.

Бекбосын бір көргенде еті қалыңдау екен деп еді, екі рет киіз үйге от жағып, қамаутерін алды. Ракетаға арнап Алматыдан арнайы ипподромдық ертоқым әкелді, Бижамалдың жасыл түсті жеңіл алашасы болатын, соған ою салып, жабу істетті. Бұ жолы жаратқан жар болса Оңталап пен Нәркеннің алдына шығармын деген сертпен келді бәйгеге.

Майтөбедегі наурыз тойының биылғы сән-салтанаты ерекше. Айналдыра оншақты қазақ үй тігілген. Шамасы әрбір совхоз өзінің ішіп-жемі, сойыс малы мен сауынын арқалай жеткен секілді. Бір қапталға сахна орнатып қойыпты, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары мен ауылдық клубтардың жастары концерт қойып жатыр. Аулағыраққа алтыбақан тігілген. Қазақша киінген қыз-жігіттердің сұлбасы байқалады. Бір-бір жабағыға жайдақтай мінген, бір есекке бірнешеуі мінгескен қараборбайлар мөшек көкпар тартып қызылшеке болып жатыр. Жалауша мен түрлі түсті шарды ұстаған оқушылар, кішкентай балалар асыр салып, қуаласпақыл ойнап жүр. Әрбір жерде бәйге аттарының құйрық жалын сүзіп, тынымсыз жетектеп, боқ тастатпақ болып атымен бірге жүгіріп жүрген сейіс жұрттың қарасы қалың.

Оғланды көпшілікке араласпай шеткері шығып кетті. Ракетадан бөлек балалары жаратқан үш тай, бір атты бәйгеге қоспақшы. Олардың жалпы бабын қадағалағанмен бүгін онша жолаған жоқ. Тіпті алдымен жарысқа шыққан тайлар сөреден өткенде де сауықшыл топқа жақындамады. Ақарыс далбалақтап шауып келіп, Қарақасқаның үшінші, Керқұланың бесінші келгенін қуанышпен айтқанда да сүлесоқ қабылдады.

-Бекбосын ақсақал қайда екен? - деп сұрады, артынша.

-Бастықтармен бірге төбе үстінде отыр.

-Барып құлағына ақырын ғана сыбырлап айт, Ракетаның құйрық-жалын сүзіп берсін.

Ақарыс Майтөбеге қарай құлдыраңдап шаба жөнелді. Оғланды жолда төңкеріліп жатқан кебісті көрсе де атынан түсіп аударып тастауға еренбейтін, ырымшыл еді. Бүгін тіпті әрбір қадамын санап жүр. Таң намазында жарты сағаттай отырып тәсбі тартты, тағы жарты сағат бата жасап, тілек қылды. Бабаларының аттарын түгел атап, әруақтарға иман тіледі, балаларына береке-бірлік сұрады. Әсіресе бүгінгі бәйгеде досқа күлкі, дұшпанға таба қыла көрме дегенді бірнеше мәрте қайталады.

Үзеңгіге аяқ артпас бұрын да дәретін жаңартып, мұнтаздай таза киінді. Екі ұлы мен шабандоздарға да сондай тапсырма берген. Барлығы тобымен Майтөбеге бет түзегенде, кенет күтпеген жағдай болды. Қарсы алдынан қызылды-жасылды киінген бір топ қыз-келіншек шыға келгені бар емес пе.... Қоңырауды сипай қамшылап қойып, қалың ойдың құшағында келе жатқан Оғланды селк ете қалған. Әйел баласы жолды кеспейді деуші еді, қапелімде не істерін білмей қалды. Ат басын іркімекке бекінгенде, аналарда бұларды көріп, кідіре қалғаны. Шамасы ішінде жөн білетін біреуі болғаны, ер азаматтардың жолын кеспейік деп тоқтап тұр бәрі.

Оғландының риза болғаны соншалық, алыстан айғайлап жастармен өзі амандасты, «бақытты болыңдар, айналайын!» деп пейілін танытты. Қыз-келіншектер де құр қалмай, «ата, атыңыз бәйгілі болсынды» жаудырып жатыр. Осындай жақсы көңіл-күймен Оғландының тобы сар желдіріп отырып, Майтөбеге жеткен еді. Енді заманында небір жүйріктің жалынан ұстаған Бекбосын шалдың батасын алмақ. Бұлда ырымға жақсы.

Шақыртуды ести сала омырауындағы алтын жұлдызды орденін сыңғырлатып Бекбосында елпең қағып жеткен. Атынан жас жігітше секіріп түсіп, Ракетаны бір айналып шықты. Жабудың астына қолын жүгіртіп, әр жерін сипап көрді. Содан кейін ақ матаны бір тарқатып:

-А, құдайым менің қолым емес, Бәйдібек бабамның қолы, бабымыз бен бағымызды сай қыла көр, абыройымызды асыра бер! - деп күбірлеп жүріп Ракетаның құйрық-жалын сүзді. Ракетаның құйрығы басқа жүйріктердікі секілді сирек емес, қалың әрі қайратты болатын. Соның жалғыз тарамын бөлек алып, қалғанын қайыра бүктеп, ақ матамен шандып орады. Ұзынша шүберек жыртындысымен кекілін түйді. Тура сондай көлемде үзіп, шабандоз баланың оң жақ білегіне байлады да қалған матаны белбеу құсап шиыршықтап, белін шарт байлады.

-Мынау, - деді Ракетаның құйрығындағы орамға ілікпей қалған жалғыз тарам құйрық қылын жан-жақтан анталап тұрған жастарға көрсетіп, - жалғыз келсін деген ырым. Бұйыртса бүгінгі бәйге біздікі. Ал қол жайыңдар! - деп батасын беріп, қайта атына қонған.

Бұл кезде бас даяшылыққа сайланған, совхоз зоотехнигі Ерғазы құнандарды жарыс жолына шығарыңдар деп, дыбыс күшейткішпен хабарлап жатқан. Ірі бәйге болған соң барлық ат тізімделіп, шабандоздарға нөмірі бар кеудеше берілді. Ракетаға тоғызыншы нөмір бұйырған екен. Тоғыз киелі сан, Оғланды мұны да жақсы ырымға балап қойды. Майтөбе басына келгенде де бұрынғыдай елдің арасына кірмей, оқшаулау тұрып жан-жағына көз жүгіртті. Әрбір ауылдың азаматтары өздерінше шоғырлана жайғасыпты. Жаңа ғана тай бәйгесінде екі жирені қатар келген Оңталаптың жағасы жайлауда секілді. Бүкіл Дегерестік атбегілердің ортасында тұрып алып, әлденені сампылдап соғып жатыр. Ат бәйгеде алдына қара салмай жүрген Қарлығашпен жатырлас, сойқан қарасы бар деп естіген. Соны әкеліпті деп еді әлгінде біреулер...Шамасы құнан бәйгені де шаппай бер дейтін секілді.

Қордайлық Кеңесхан, балуан Серіктердің көңіл-күйлері пәс көрінді. Шамасы жаңағы тай жарысында ілінбей қалған болу керек. Кеңесхан күйгелектеу адам еді, бәйге болар күні ұйықтамайды, әрі тамақ та ішпейді деседі жұрт. Аламан атты байталы бар болатын, былтыр құнан бәйгенің бәрін сыпырды, биыл дөнен, атқа қосылатын шығар, әйтпегенде жүлдеге таласар жүйріктің бірі сол еді.

Оғланды төңіректі шолып келіп, төрдегі төрелерге көз тоқтатты. Өңшең мойындарына қылғындыра галстук байлаған тоқ қарындар жайғасыпты, арасында совхоз директоры Темірлан да бар. Қақ ортада қаққан қазықша қаздиып Бекбосын отыр. Үстінде қазақы шапан, басында сусар бөрік. Бекең айналасындағылардан анағұрлым көрікті, айбынды көрінді.

-Әй Бекем-ай! - деп сүйсінді ішінен. - Адамзаттың сұңқарысың ғой.... Онымен қатарласа көрші ауылдың озат шопаны Жақып жайғасыпты. Аттан көрі қойды жақсы көретін Жақып дәл қазір бәйгені емес, туып жатқан саулықтарын ойлап отырған болар, ала көзін төңкеріп жан-жағына самарқау қарап отыр. Ал ана бір ақ орамалды әйелді танымады. Тарғапта елден озған комбайншы қатын бар деген еді, дәуде болса сол шығар деп топшылады.

Оғланды осылайша өз ойымен әлектеніп тұрғанда, жұрт қопарыла жылжып алға қарай ұмтылысты. Енді байқады құнандар жіберіліпті. Көппен бірге кеңірдегін созып бұл да қараған, жарысқа шыққан қырық құнан екі топқа бөлініпті, соңында шуатылып қалғандары да бар. Алдыңғы топ сөренің қасынан өтті. Ракетаны байқай алмай қалды. Шамасы қалың топтың ішінде кеткен болар.

Майтөбедегі атшабар шеңбердің жалпы ұзындығы төрт шақырым, жердің батпақтығы ескеріліп тайлар екі, құнандар төрт, ат алты айналымға жіберіледі. Екінші айналымға өткенде сонадайдан байқады. Ракета, басымен алысып келеді. Оның соңынан Оңталаптың қарасы мен Отардан келген сары байтал түсіпті. Олармен құйрық тістесіп тағы бес құнан кетіп барады. Екпіндері сұмдық. Ракета алып қашып кетер ме екен, деп Оғландының іші қылпылдап тұр, жоқ ылдиға айналар бұрылыстан жақсы өтті, енді астыңғы айналымнан дұрыс өтсе екен деп әрбір бұрылыс сайын өзі атқа шауып келе жатқандай, қопаңдап отыр. Иесінің мінезіне әбден үйренген Қоңырау Оғланды қанша қопаңдаса да, былқ етер емес.

Құнандар сол құраммен үшінші айналымға кетті, Отардың сарысы төртке түсіп, оның орнына құйрығын көкке шаншыған қаракөк шықты. Ешкі бас, бұттары сидаң, еліктің лағындай сүйкімді екен жануар, шамасы арабы тектес. Ракета әлі ауыздықсүйеп алдыда бара жатыр. Дыбыс күшейткішті ұстап алып, шапқылап жүрген Ерғазы енді алдыңғы бестіктегі құнандарды таныстыра бастады, бірінші келе жатқан өзіміздің ауылдың құнаны Ракета, иесі Тоқмолдаев Оғланды дегенде Майтөбеге жиылған жұрт, араның ұясындай гуілдеп кетті. Оғландының да бойын мақтаныш сезімі кернеп, құлағы дыңылдап барады. Айналадағы адамның бәрі қызыға қарап тұрғандай сезінді, өзіне тесілгендердің ішінен Оңталаптың көзі өңменінен өтіп барады. Жалт қарап еді, жанарын тайдырып әкетті бәлекет. Бағанағыдай емес, басылып қалған, шыжбалақтап бір орында отыра алар емес. Құнандар төртінші айналымға кетті, бүкіл Ақтеректің тілеуі Ракетада.

- Әруақ, әруақ, Жабағы атамның әруағы қолдай көр деп барқырай ұран салған біреудің даусы шықты. Оғланды мойын бұрып қараған жоқ. Жамағайыны Жөкен екенін таныды. Аздап қышқылсуға жақындығы болмаса жақсы жігіт. Бағана ауылдың бір топ тракторисімен бірге қылжақтап жүргенін көрген. Сол Жөкен арақтың қызуымен қазір Ракета үшін күйіп-пісіп тұр. Әншейінде мас адамды көрсе қояншығы қозатын Оғланды бүгін керісінше Жөкенге риза болды. Бір нәрсеге көңілі толғанда жасайтын әдетіне басып, қалтасынан тарағын алып сақалын саумалады.

Құнандар астынғы айналымнан өтіп, өрге бет алыпты. Осы жерден аттың басын жіберерсің деген шабандозға.... Көп қамшылама, еті өліп кетеді. Өте сақ отыр, шайпау неме кез келген сәтте бірдемеден үркіп, жалт беруі мүмкін деп қатаң ескерткен. Өзінің Үтай әкпесінің немересі Айдос еді шабандоз бала. Жиеншарын өзіме тартқан деп жақсы көретін, бала да айтқанды екі етпейтін пысық.

Оғланды бәрін көріп тұр. Шабандоздар аттарын қамшылай бастады. Айдос әлі ұрған жоқ, сауырына қамшы тисе Ракета дүлей шабысына салар еді, көсілер еді, әлі көсілмеді. Бірақ артына ілескен Қарабайталдан оқ бойы озық келеді. Ағылшын мен ақалтекенің буданынан шыққан Қарабайтал-Қарлығаштан аумай қалған екен. Қап-қара, төрт аяғы алаяқ, жылқы біткеннің сұлуы. Шабысы да әсем. Бірақ бұл жолы сұлулықты дүлейлік жеңді. Қанша ұмтылса да алдындағы Ракетаға жете алар емес. Бүкіл Майтөбеге жиылған жұрт шулап кеткен, құнандар сөреге бастар тіке жолға шыққанда тіпті әруақ шақырған, ысқырып қиқулаған, «бас!! бас!! ұр!! қамшыла!!» деген дауыстан құлақ тұнды. Елдің бәрі сөреден қай ат бірінші өткенін көрмекке ұмтылғанда Оғланды қозғалмады. Ол Ракетаның озарына сенді, озғанын сезді.

***

Наурыз тойындағы бәйгеден соң Ракетаның дәурені жүрді. Оңталап бір суытылуы кемшін болып, атым ісініп кетті, келер жолы Қарабайталды оздырмасам Оңталап болмай кетейін деп серт беріпті деген сыбыс тараған. Бірақ 9 мамыр жеңіс мерекесінде Мәтібұлақта болған бәйгеде тағы да Ракета жеке келді. Денесінің ірілігіне қарап, сол бәйгеде әлдекімдер тісін тексереміз, мынау дөнен деп дауласты. Бекбосын болмағанда шынымен де бәйгені тартып алар ма еді кім білсін, аудан ғана емес облысқа беделді Бекбосынның сөзінен кейін-ақ бәрі жым болған. Мұның қалай туғанын, қай жылы Қостанай айғыры келгенін бәрін тәптіштеп айтып, тісіне дейін құнан жарып тұрғанын көрсетіп даукестердің мысын басқан.

Құнанында ат аяғы жетер жердегі бәйгенің бәрінде Ракета, алдыға қара салмады. Тіпті Алатаудың арғы бетін жайлаған қырғыз барып, айырқалпақты ағайынды әлденеше сан соқтырды. Құнаннан дөнен шыққан жылы, бәйгеге қоспады, денесі босаңсиды деп, сол бір жыл уақыт Оғланды үшін ғасырдай ұзақ көрінді. Ақыры өтті-ау. Бір жылда Ракета едәуір тұлғаланып өсті, айғырлық танытып кәдімгідей арқырайтын болды. Жайлауда жүргенде азулы айғырлардан қаймықпай шайнаса берген соң, әрі айғырлығын әлдекімдер пайдаланып тұқым алып қалмасын деген қызғанышпен Оғланды көбіне-көп қолында ұстады.

Бестісінде көктемгі бәйгілерге салмады, күзден бастамақ неде болса. Биыл күзде халық ақыны, әйгілі сазгер Кенен Әзірбаевтың 110 жылдығы тойланады, ірі бәйге болады дегенді естіген. Ракетаның бағын осындай республикалық жарыста бір сынамақ. Көптен күткен Кененнің тойы да дүркіреп өтті. Мұндай тойды Оғландының алғаш көруі. Қордайдың етегін ала қоныстанған Киров совхозына Алматыдағы дөкей бастықтар бастап, қазақ пен қырғыздың игі жақсылары жиылыпты. Бұрын кітаптарын оқып, теледидардан ғана көрген ақын-жазушылардың талайымен осы тойда қол алысып амандасты, біразымен табақтас болды. Әншілер өнер көрсетіп, ақындар айтысы өтті. Ақыры аламан бәйгенің күні де тақады. Әдеттегідей тай, құнан жарысы, жорға салысы өтті. Ең соңында аттар шықты. Бас-аяғы елу қаралы ат, ішінде өңірге аты шыққан Ракета, Аламан секілді жүйріктерден бөлек қырғыздың жүйрік қара биесі, бақанастық шабдар қасқа, шымкент, әулиеата өңірлерінен келген небір саңлақтар бар. Оғланды бұл жолы Ракетаны Бекбосын екеуі бірлесіп дайындады, тек бәйге болар алдында сексеннен асқан қарт аяқ астынан сырқаттанып қалған еді. Ауылдан аттанбас бұрын Бекбосынға барған, төсек тартып жатқан жылқышы жастықтан басын әзер көтеріп батасын беріп еді. Ақылын айтқан.

-Бас бәйгені алсаң, ырым үлестіруді ұмытпағайсың, тарылма деп еді Бекбосын Оғландыға бажайлап қарап.

-Баяғыда жүлденің бірін үйге әкелсек бірін сол жерде елге таратып кететінбіз, жүйрік жеке адамның емес жалпы халықтың қазынасы, кең болсаң, кем болмассың деген. Сонымен қатар жылқы малы өте сезімтал, адал бол, сыбай-салтаң жүрісті көтермейді дегенді айтты. Бұл бапкер қарттың Ракетаға берген соңғы батасы, Оғландыға айтқан ақырғы ақылы екен.

Кененнің тойында бас бәйгеге тігілген түйені Оғланды жетектеп қайтарына сенді, бірақ ол түйені үйіне емес, Бекбосынның шарбағына барып байлайтынын, байлағанда да құр емес, ат қойып барып байлайтынын білмеді. Оғландылар бәйгеге кеткен күннің ертеңінде абыз қарт ана дүниеге аттанып еді. Бекбосынның қазасы Оғландының жанына қатты батты. Сойыс малына дейін өзі көтеріп, тік тұрып қызмет етті. Ел, «азаматым-ай десті, ағаны сыйлау осындай болса керек» деп кемпірлер жағы кемсеңдеді, қатарластары қызғана қарады. Оғланды Бекбосынға ат қойып келіп, түйе байлапты деген дақпырт елден елге тарады.

Келер күзде Ақтерек ауылы бірігіп, Ленин орденінің иегері Бекбосынға ат шаптырып, ас берді. Бұл аста бас жүлдеге былтыр Оғланды берген қоңыр бура тігілген еді. Ракета дара келіп, бір түйені екінші рет ұтып алды. Соңғы кезде Ракета бірінші айналымнан бастап алдыға шығып алып, соңына дейін ешкімді оздырмай келетінді шығарды. Мұны біреулер Оғландының мақтаншақтығына балады, шабандоз жиеншарына солай деп қойған ғой деген көреалмас өсекті бықсытты. Бірақ шайпау жүйріктің өзі еді, соңынан тықыр сезілсе болды, мойнын сүзіп үстіндегі Айдосқа ырық бермейді. Бір жолы Талдықорғандағы бәйгеде Айдос арықтан секіргенде ауып түсіп қалып, Ракета қалған үш айналымды шабандозсыз шауып шыққан. Бірақ баласыз атқа бәйге берілмейді деген дәстүрді алға тартып, Жалайырдың шалдары қысастық қылғаны бар. Оғланды атадан жалғыздығын, Бекбосынның жоқтығын сонда бірінші рет сезінді.

***

5. Қырсық

Ракетаның әрбір бәйгесі Оғландының көз алдында. Бәрі керемет, жақсы басталып еді, тек соңында қырсыққа ұрынғаны жанды жегідей жейді. Сол жылдары Қазақстанда ат спортына ерекше көңіл бөліне бастаған болатын. Алматыда тұңғыш рет «Тайбурыл» телебәйгесі өтетін болды. Бәйгеге түсер жүйріктер кілең мықты. Телеарнадан күнде көрсетеді. Түп негізі Дегерестен шыққан Талисман, бірнеше көлік ұтқан Қаратөбел, Көкдауыл, Бақторы, Сарыгүл деген жүйріктердің жарнамасы жер жарды. Бірі англоараб, бірі ақалтеке, енді бірі қазанат.

Оғланды Тайбурылдың бірінші бәйгесіне қатыса алмай қалды. Кеш естіді, тіркеу мерзімі өтіп кетіпті. Ол бәйгеде Талисман чемпион болған еді. Қаратөбел екінші, Сарыгүл үштікті түйіндеді. Сол жылдың күзінде, Қаскелеңде өткен үлкен бір бәйгеде Ракета, Сарыгүлмен бірге жарысқа түскені бар. Әдеттегідей топ бастап, алдына жан салмай келді де, ақырғы айналымның орта тұсына барғанда өз-өзінен кілт тоқтамасы бар ма? Дүрбімен бәрін қадағалап отырған Оғландының жүрегі де бір сәтке тоқтап қалды, денесінен суық тер бұрқ еткенде ғана есін жиды. Әншейінде іркіліссіз шабатын Ракета бірдемеден үріккендей алдыға баспай, қамшы салса құйрығын шыжбаңдатып, қырсық есекше қасарысып тұр. Бас-аяғы үш минуттай тұрды.

Елдің бәрі «аяғы сынды, аяғы сынды» деп шулап жатыр. Бірі аяғы сынса, құлау керек еді ғой, жоқ сынбаған деп даурығысады. Бір кезде барып ептеп қозғалды, шоқырақтап шапты, артынан қайта көсілді. Бұл уақытта алдыңғы топ ұзап кеткен. Сөреге дейін қуып жетуі неғайбыл. Оғланды қалш-қалш етіп, дегбір табар емес. Ракета дүлей шабысына салып ұшып келеді, сол дәтке қуат. Қашықтық сәл ұзақтау болғанда барлығын басып озары сөзсіз еді, мәре тым жақын қалды. Жоқ жететін түрі бар, әне алтыншыға түсті, бесіншіден өтті, төрт, үш, екі, сөреге тақап қалды.

-Я Жасаған ием, деп Оғланды жүгіріп шықты, мәреге қарай. Жоқ. Сарыгүлдің мойны озып келіпті. Оғланды біреу сойылмен салып жібергендей тұрған орнында тәлтіректеп барып отыра кетті. Атты сүйемелдеген көпшілік бәйгеге ілінгендерді жетектеп апарып, жүлдесін алып жатыр. Ол бармады. Баласын жіберген, елден жырақтап Ракетаны айналшықтап, Айдостан қайта-қайта не болғанын ежіктеп тұрғанда, жетпістен асқан бір қария келді қасына. Сарыгүлдің иесі екен. Күректей алақанымен Оғландының арқасынан қағып, басу айтты.

-Атың жүйрік екен бауырым деген. Осы уақытқа дейін талай дүлділді жүгірттім, мұндай мінезді жылқыны бірінші көрдім, бірақ бір қырсық айналдырып тұрған секілді деп кете барған. Оғланды бас изегеннен басқа ләм дей алмады. Айтары да жоқ еді. Содан бергіде бәйге сайын, Ракета екі-үш рет тоқтайтынды шығарды. Ауыздығымен алысып алдымен бір-екі айналым бойы елді соңынан шұбатады. Үшінші айналымда кілт тоқтайды. Басқалар екі-үш шақырым ұзап кеткенше тұрады да қайта шабады. Қайта басып озады, сосын тағы кідіреді. Егер сөреден өтер тұс құдай қолдап, шабатын кезіне сай келсе жүлде алады. Керісінше шықса құр қалады. Оғландының жасамағаны жоқ. Шабандоздың қамшысына салапан байлап берді, тоқтай қалса үркітіп орнынан қозғап аларсың деп, қалтасына қой айдайтын сылдырмақ салды. Бәрі кәдеге жарамады. Бір тұрса, қасарысып, қашан өзі қалағанша қозғалмайды. Жарыс ұйымдастырушылары келіссе, Оғланды арнайы адамдарын дайындап қоятын болды, олар шеңбердің ішінде ойқастап шауып жүреді, Ракета тоқтай сала тұс-тұстан құйғытып барып, қамшылап, құйрығынан бұрап, қозғап жібереді. Бірақ ірі бәйгелерде ондайға рұхсат бермейді көбіне. Бір білгіштер сөйтіп тоқтаған кезде, құлағының түбінен мылтық ат деп ақыл айтты, оны да көрді. Бірақ нәтиже жоқ.

Осылайша салған құсы тасқа түсіп, иті қырын жүгіріп тұрған шақта Тайбурыл жарысы тағыда өтеді деген хабарландыруды естіген, Алматыға барып тіркеліп келді. Жорға салыстыру болады екен, Қоңырауды да қоспақ ниеті бар. Бірақ осы шаруаның барлығын біртүрлі көңілсіз атқарды, бұрындары бәйге десе түлкі көрген тазыдай жұтынып тұрушы еді, бұл жолы бәрі сылбыр. Үміттен көрі күдігі басым. Ракета бұрынғыдай шапса, озары сөзсіз, Оғланды бір сәтте бүкіл республикаға әйгілі адам болар еді. Бірақ жануар жын соққандай қырсығады да қалады. Осындайда ақыл айтатын Бекбосын да жоқ қасында, шақшадай басы шарадай болды. Балалары елге күлкі болғанша қоспай-ақ қойсақ қайтеді деп, қайта-қайта күңкілдеген, бірақ Оғланды алған бетінен қайтпады. Соңғы рет Ракетаны бәйгеге салмақ, жануар арманда кетпей, өзі қатарлы шын тұлпарлармен де бір жарыссыншы деген ішкі есебі бар.

Оғланды Алматыдағы ипподромды бұрында бірнеше мәрте келіп көрген, бірақ мұндағы жарысқа тұңғыш рет ат қосып отыр. Жорғалар жарысына үлкен ұлын мінгізіп, Қоңырауды жіберген, он бес аттың ішінде бесінші болды. Бірақ жүлде үш атқа ғана тағайындалған, бәгеге ілінбеді.

Құнан жарыстан кейін, ұлы бәйгеге кезек келді. Қазақстанның әр өңірінен жиналған отыз екі сәйгүлік, арнайы сап түзейтін қоршауға кіргізілді. Ракета басын ала қашып, мінез танытып еді, даяшылар әбден ысылған екен оның да жөнін тапты. Дәстүрлі белгі қағыла сала, әлгі қоршаулардың есігі бір мезетте сарт етіп ашылды да, аттар қатарласа жүйткіді. Оғланды көзімен Ракетаны іздеп еді, соңын ала келеді екен, шамасы темір қоршаудан бәрі лап бергенде үркіп шықпай қалған болу керек. Бірақ өзінің туа бітті тентектігіне салып, өршелене алға ұмтылып барады. Алда әрқайсысы екі жарым шақырымнан он айналым бар. Шын жүйріктің көсіліп шабуына жеткілікті қашықтық.

Келесі айналымда Ракета топ бастады. Ат жарысын жүргізіп тұрған диктор саңқылдап Ракетаны елге таныстырып жатыр. Арасында Оғландыны Алматы облысының белгілі бапкері деп асыра мақтап қояды. Бірақ Оғланды мұның бәрін сүлесоқ қабылдады. Ракетаның тоқтайтын жерін шамамен көздеп отыр. Күткендей-ақ екінші айналым бітіп, үшіншіге кеткен кезде Ракета кілт тоқтады. Артында келе жатқан Көкдауыл мен Қаратөбел соқтығысып, арандап қала жаздады. Айдос үсті-үстіне тебініп, қамшылап әлек. Ел ду ете түсті, бұл жерде мұндай боларын Оғландыдан басқа ешкім күтпегендей. Диктор да әңгімесінен жаңылысып, айтар сөз таппай далбасалап жатыр.

Ракета орнынан қайта қозғалғанда алдыңғы топ, жарты шеңбердей ұзап кеткен еді, төртінші айналымға кеткенде қуып жетіп қайтадан алдыға түсті, бәйгені тамашалап отырған елдің барлығы таңдай қағып, таңырқап жатыр. Бесінші-алтыншы айналымда тағыда алдыңғы топты бастап жүрді. Оғландының есебі мен Ракетаның әдеті бойынша енді жетіншінің ортасына барғанда кідіріс жасауы тиіс. Содан сегіз бен тоғыз қайта шабады, оныншы айналымда тағы тоқтайды. Он емес он бір, он екі айналым болғанда бас бәйгені алар еді, әттең деп іштей опынып та отыр. Болжағаны дәл келді. Оныншы айналымға келгенде Ракета тұрды да қалды. Ол тұрғанда, Оғланды да орнынан көтеріліп, сыртқа бет алған.

***

Ракетаның ащы тері алынбағанына бір айға жуықтады, күні-түні қорада қамаулы тұрады, Оғландының өзі де малды ауылынан ұзаған жоқ. Ел көлемінде ат спорты енді жанданған тұста, бас бәйгеге бұрынғыдай жылқы, түйе тікпей автокөлік беріле бастаған кезде жүйрігінің жолы байланғаны жанына батады. Бұрынғыдай шешіліп сөйлемейді, томаға-тұйық. Ақтерекке келуді де сиретті. Жиын той, бәйге дегенге баруға тіпті құлықсыз. Өстіп құса боп жүргенде Бижамал бір әңгіменің ұшығын шығарды. Былтыр қайтқан бөлесінің асына барған. Сонда қазан-ошақ жақтағы жеңіл ауыз қатындардан естіпті.

-Жылқышы жәкем, қайда, өзің ыздиып жалғыз жүретін болыпсың ғой деп жабыса түскен бір топ абысын.

-Е, малдан шыға алмай жатыр деп ақталмақ болғанмен, олар тоқтамай бастырмалатқан ортаға алып....

-Білеміз, деп қос бүйірін таянып мысқылдапты, жас болса да, адуынды мінезімен елге мәлім Индира келін. Ракетаның күйігі ғой. Жәкемнің не білгені бар, жата бергенше Шилібастаудағы молда шалға барып үшкіртпей ме?

-Үшкірткені несі деп шоршып түскен Бижамалға бәрі таңданып, күліпті. Ойбай!! әлі естімегенсіз бе, елдің бәрі Ракета дұғаланған екен, әлдекімдер оқытылған қантты жеміне араластырып кетіпті деп шулап жүр ғой деп, ел арасындағы өсекті жеткізген. Мұны естігенде Оғланды елең ете қалды.

Ертеңіне Шилібастаудағы шалға кетіп бара жатып, екі ұлына Ракетаға жем-суды тарта беруді тапсырды. Жетпістен асқан молданың руы Еламан екен. Оғландының шешесі осы Қопаның бойын жайлаған Еламанның қызы болатын, нағашы деп жабыса кетті. Өрістен мал қайтқанша ғана дұға оқимын деген соң түс ауа көлігіне салып, Ырғайтының аузына алып келді. Молда алдымен өзеннің тереңдеу тұсына Ракетаны қозғалмастай етіп байлатты, үш шелекке су толтырып алдына қойды. Содан кейін шарт жүгініп отырып, дұға оқи бастады. Оқып болған соң, әлгі үш шелектен бір бір ұрттап, аттың көзіне үш рет бүркіді, артынан күбірлеп жүріп, тастай суда қалшылдап тұрған жануардың үстіне әлгі үш шелек суды шашты.

Бірақ Ракетаның қырсығы қалмады. Молдаға оқытқан соң ауылдағы кішігірім бәйгеге апарып көрген, сол баяғы әдеттен арылмапты. Оғланды енді аймақтағы көріпкел, бақсылардың табалдырығын тоздырды. Бәрінің айтары бір: бойында көз бар, сөз тиген, дұғаланған. Бірақ ешбірі емін таба алсайшы... Сөйтіп жүргенде Дегерестегі Оңталап, Ракетадан тұқым алайық деп кісі салыпты. Оңталаптың оң қолы саналатын Сапар Мараттың өзі келген.

- Сасық биелеріне секірте бермей күшін бойында ұстасын, көктемде Қарлығаш бастатқан төрт жүйрікке қосақтайық депті.

Анажолы Қарлығаш аяқтан қалыпты деп естіген, біреулер аяғына жем түскен десе, енді бірі лайсаңда сіңірі созылған дегенді айтатын. Енді әйгілі жүйрікті бие қылмақ.

-Е, Қарлығаштың да дәурені өткен екен ау, деп Оғланды сақалын тарағыштап, ойланып отырып қалды. Қайбір жылы Оңталаппен сөзге келіп қалғаны бар, содан бері бір-біріне оншалықты жақындаспай сыртақтап жүрген. Жүйрік аттардың бәсі замандас екі бапкердің арасын алшақтатып еді, енді қайта табыстырмақ.

-Құдай бізді құда қылмақ. Оғланды өз ойына өзі мырс етіп күліп жібергенін байқамай қалды. Бір тамақ жеп Сапар Марат үйіне қайтты, ерте көктемде Оғланды, Ракетаны Дегереске апаратын болып келісті, шарт бойынша төрт биенің төлі теңдей бөлінбек екеуіне.

***

Оғландының үйі қыстаудан көктеуге көшіп келген. Ырғайтының аузын бір ай жайлап, ары қарай жайлауға тартпақ. Биыл қар қалың, қыс қахарлы болды. Жылда қар теуіп шығатын жылқылар қатты боранда қолға қарап қалды. Бір мезгіл шөп шашып, жем бергенмен аузымен жұлып жемегеннен кейін жылқы баласының күйі болмайды екен. Биелердің көбі құлын тастаған, ит құста ерекше құтырды. Бір қыста төрт басын қасқырға алдырған Оғланды енді оның орнын қалай толтырмақ, жоспарды қайтіп орындамақ? Әбден басы қатты. Совхоз бастықтары бар мағлұматтан хабардар болса да, сазарып-безеріп әлі ләм демеді, не ойлағанын кім білсін. Алда-жалда сөзге келетіндей болса, өздерің бағыңдар деп жылқыны өткізіп бермек ниетте. Бірақ одан кейін не тіршілік қылмақ. Оғландының көңілі күпті. Көктем шығып, жер көгере бастағанмен сондықтанда еңсесі көтеріле қоймады. Бүгін тіпті төсектен салыңқы тұрды. Ат соққандай денесі ауырлап қалған.

Таң намазынан соң қисая кеткені сол еді, шым-шытырық түс көрді. Өңшең бір-бірімен қабыспайтын дүниелер әйтеуір, есіне түсіре алмай біраз әлектенді. Үлкен ұл келіп, сөзге тартпағанда түске дейін түсін іздеп отырар ме еді, кім білсін.

-Көке Ракетаны қашан алып қайтамыз деген дыбыс шыққанда ғана басын көтерді.

-Ә, не дейсің, қайдағы Ракета деп сонда да мәңірейген қалпынан айный алар емес.

-Дегерестен Ракетаны қашан алып қайтамыз, деп баласы тағы қайталады. Сонда ғана Рактенаның Оңталап ауылына жігітшілікке жібергені есіне түсті.

-Қанша күн болды кеткеніне?

-Үш аптадан асты ғой...

-Ә, онда әкелу керек екен.

-Бүгін барайын ба, әлде өзіңіз барасыз ба?

Оғланды, баласының соңғы сұрағын естісе де жауапсыз қалдырды. Кешегі көрген түсі есіне түскендей. Көңілі басқаға ауса, тағы ұмытып қалармын деп жалма-жан баласына қолын ербеңдетіп, «бар, бар» дегенді ымдап түсіндірді.

Әкесінің бүгінгі қылығын ұқпаған, үлкен ұл иығын қиқаң еткізіп, сыртқа шығып кетті. Ал Оғланды кешегі түстің шетін ұстаған секілді, енді соны ақырындап тарқатып отыр.

Қас қарайған кез екен дейді. Майтөбенің атшабарында Ракетаны шілдеге салып, суытып жүр. Бір кезде салт атты біреу пайда болды. Шоқырақтап бара жатқан мұнымен қатарласты. Үзеңгі қағыстырғанда таныды, Бекбосын екен. Астындағы Қыңыр қасқа секілді.

-Оу Беке!! деп бұл амандасуға ұмтылып ат тізгінін тарта бергені сол еді. Бекбосынның даусы саңқ ете қалды.

-Әй Оғланды! - деген, басын оңды-солды шайқап. Адал бол дегенім қайда, бәйгеге қосар жүйрікті ұрлыққа мінгенді қай атаңнан көрдің деп атын тебініп жүріп кеткен. Cәлемін де алмады. Бұл қолын ұсынған күйінде состиып тұрып қалыпты. Артынан қумақ болып, тебініп еді Ракета қырсықтығына басып қозғалмай қойды. Арғы жағы есінде жоқ.

Бекбосының түсінде айтқаны, өңіндегідей қазірде құлағынан кетпей тұр, қайдағы ұрлық, нені меңзегені, басы жетер емес. Біреуге жорытпаққа бекінді де, артынша ол ойынан бас тартты. Күні бойы әлгі түстің жұмбағын шешуге тырысты, бүкіл өміріне ойша көз жіберді, еш жерде қия баспаған секілді. Біреудің ала жібін аттамап еді, қайдағы ұрлықты айтып тұр. Түс түлкінің боғы деп ешкімге сыр алдырмай қоя салайын дегенмен ішкі бір ой түртпектеп маза бермейді. Түскі асты ішкенен соң әдеттегідей көз шырымын алмақ болып, төрге құрақ көрпе тастатып қисайып жатқан. Көзі ілінсейші, тағы да сол түсін жори алмай әлектенді. Ары жатты, бері жатты, бір кезде ұшып түрегелді.

-Cол! Нақ өзі! Соны айтып тұр! - деп есалаң адамша айғай салғанда, ауызғы бөлмеде нан ашытып жатқан Бижамал есі шыға жүгіріп келген.

-Астапыралла! Оғылан не болды, не болды деп асты-үстіне түсіп бәйек боп жатыр. Оғылан деп еркелетпек түгіл, одан арғысын айтса да оған қарайтын шамасы жоқ, шалық тигендей еліріп алған.

-Айттым саған сол саулықты жетім-жесірге таратып жіберейік деп, көнбедің. Сол менің жолымды байлаған деп бәйбішесін, итере-митере далаға шықты.

-Айбын, Айбын!! деп айғай салды. Иесінің даусын ести сала қора жақта жатқан ұялас екі төбеті жүгіріп келді. Баласы көрінбейді. Үлкен ұлды бағана Дегереске жібергені енді есіне түсіп, үйге қайта кірді. Жаны жай табар емес, қуаныш пен өкініш араласқан әлдебір сезім, санасын тұтқынға алған.

***

Содан бері екі жылдай уақыт өтіпті-ау. Ракетаның атағы дүрілдеп тұрған кез болатын. Жуықарада бәйге болмаса да, Оғланды жүйрігін бабында ұстау үшін тыным бермейтін. Уақтылы қаңтарып, бойына артық ет байланбауын қадағалайды. Бұлшық еттерін жетілдіремін деп аптасына екі мәрте Құрқойынның беткейіне желіп шығып, желіп түседі.

Халық Құрқойын атап кеткен, қойнауында өзен тұрмақ бұлағы жоқ жалаңаш таудың басына әдеттегідей сар желіспен көтеріліп бара жатқан. Бір кезде Ракета әлденеден үркіп жалт берді. Оғланды бос отыр еді, ауып түсе жаздады. Осқырынып бес метрдей жерге барып, әзер тоқтаған Ракетаны қайта қамшылап жаңағы тұсқа тақап келді. Тобылғының түбінде бірдеме теңкиіп жатыр, сыр-сыр етіп демалады. Анықтап қарағанда байқады, қой екен. Күндіз бұл маңда бірнеше отар жатқан, қайсысынан қалғаны белгісіз. Қырдың шөбіне әбден тойынғандықтан, шұңқырға үйелеп қалған болу керек, іші тегештей болып ісініп кетіпті, бірақ тірі.

Енді болмаса өледі екен, Оғланды жан қалтасынан тастамайтын бәкісін алып бауыздап жіберді. Ракетаны бір тобылғыға байлап, әлгі саулықтың ішек-қарнын ақтарып тастады да, өзін өңгеріп үйіне әкелді. Бір-екі рет ауылдағы кембағалдарға садақа қылып үлестіріп жібермек болып ниеттенді де, Бижамал еті әппақ қардай семіз екен деп тамсана берген соң, тұздап кептіріп ал деген. Іздеушілер болса, орнына бір қойды бермекші.

Ертеңіне ешкім келе қоймады. Тек арғы күні хабар жеткен. Завсклад маңқа Мұқанның қойы екен. Көшенің кезегіне қосып бағатын көрінеді, содан қалып қойған. Завсклад дегенге Оғланды кірпіше жиырыла қалды. Совхоздың шолақ белсенділері жоспарды артығымен орындамадың деп әбден зәрезап қылып еді, іздегенге сұраған, бір мұқатайын деген ой көңіл түкпірінен атойлап шыға келді. Қырсықтығы ұстап, бермеске бекінді. Жоқ іздегендерге көрген жоқпын деп шығарып салды. Күйеуінің мұнысын түсінбей, бетіне таңғала қараған әйелін тырп етпе дегендей санынан шымшып алды.

-Мұқан осыны еңбек қып тапты ғой дейсің бе, маңқаның мұртын балта шаппас деп мырс еткен артынан.

Мұқан совхоз қоймасының кілтін неше жылдан бері ешкімге бермей келе жатқан шынжыр балақ, шұбар төстің бірі. Тірі қойды өлгендер санатына қосып, ауданға жалған ақпар беретінін, өзге бастықтарымен ауызжаласып, ешкімге құйрығын ұстатпайтынын талай естіген. Жемқор деп сырттай жақтырмай жүретін. Енді соны бір нұқып қалудың реті келді деп, пенделікке салынып іштей қуанған. Бірақ Оғланды ол күнгі қой кезегін Ғайни шалдың кемпірі баққанын артынан білді. Білді де өкінді. Күйеуі ерте қайтқан, қолында екі жиен немересімен ғана тұратын кейуана қанша жыласа да Мұқан бойбермей қойын төлетіп алғанын естігенде, өзінің әбестігіне тіпті опынды.

Қойды мен сойып алып едім деп баруға бір жағынан бет шыдамайды, кеуде жібермейді. Елдің сөзінен де қорқады. Кейінірек сорпа-суыңыз деп бір тоқтыны апарып берермін деп өзін-өзі жұбатқансыды, бірақ әне-мінемен жүргенде ол да “тарс» есінен шығып кетіпті. Сол екі арада Ғайнишалдың кемпірі қайтыс болды, Алматыдағы қыздары бүкіл малын сатып, екі немересін көшіріп кеткенін бірақ естіді.

Енді мінекей, сол ұрлығы алдынан шығып отыр. Өкінгенмен не пайда, болар іс болды, бояуы сіңді. Дегенмен мойнындағы қарыздан қалай құтылмақ? Құныкері кім? Кеудесіне нан піскен Мұқан ба? Ол зәлім кәрі кемпірдің қойын шырылдатып тұрып тартып алған жоқ па? Ал малдың иесі әлдеқашан ана дүниеге кеткен. Кімнен кешірім сұрамақ. Әлде Ракетадан ба? Тентек болса да текті жануар иесінің қараулығын кешпеген болып тұр ғой...

Оғланды үйдің еденін ойып жіберердей дүрсілдетіп, ары-бері теңселіп жүрді де қойды. Осыдан Ракета аман-есен келсе кешірім сұрамақ. Бір қошқарды өңгереді де, тура Құрқойынның қапталына тартады. Анажылы үйелеген қойды тауып алған шұңқырға барып, Ракетаның көзінше құрбан шалады. Етін жетіге бөліп таратады. Одан Алматыға Ғайни шалдың қыздарын іздеп барып, кешірім өтнеді. Керек болса бүкіл елдің алдында тұлпарының тұяғын сүйіп, аттың алдына бас ұрады. Тек кешсе болғаны.....

***

Сәскеге қарай, ауылдағы шопыр Жұманның көлігімен Дегереске аттанған Айбын кешке дейін келмеді. Қайта-қайта дүрбі салып, жол тосқан Оғланды қас қарайғанша әзер шыдады. Малды қоралай сала кенжесі екеуі қызыл нивасына мініп, алдынан шықпаққа аттанды.

Жүрегі әлденені сезгендей, біртүрлі атқақтап соғады. Ақтерек пен Дегерестің арасы қырық шақырымдай жер. Алматы-Бішкек тас жолымен барып, Дегереске бұрылар тұста Басбатыр асуы бар. Кезінде Шапырашты Наурызбай үш жүздің әскеріне қолбасшы болып сайланғанда осы жотаға шатырын тігіп жатыпты деседі. Содан бері бұл тау Басбатыр аталады. Оғланды Басбатырдың етегіне іліне бере, жол жиегінде қараңдаған адамдарды байқап қалды. Жарым түнде жол бойында тегін адам жүрмесі анық. Жылдамдықты азайтып, анықтап қарады. Автокөлік соқтығысқан секілді. Жүрегі зырқ ете түсті. Дереу тоқтай қалып, далаға атып шықты. Бірден таныды. Жұманның мәшинесі, төрт дөңгелегі аспаннан келіп, аударылып жатыр. Бірнеше адам, айналшықтап жүр, тағы бірқатары арғы жақта дабырласып, тоңқаңдап бірдеме істеп жатыр.

Оғландының көзі ештемені көрер емес, құлағы да естімей қалған секілді. Бір кезде «көке, көке» деген Айбынның даусы шыққанда ғана өз-өзіне келді, өмірі балаға мейірленіп көрмеген қатал әке көзіне жас алып кемсеңдегенін сезбеген еді.

-Не болды? Не болды? - деп сұрай берген. Арғы жақтан тәлтіректеп жеткен Жұман мен Айбын, екеулеп әлденені айтып жатыр. Оғланды олардың сөзінің бірін ұқса, бірін ұғар емес. Ара-арасында Ракета, Ракета дегенді құлағы шалып қалды.

-Айтпақшы Ракета қайда?

-........

Ешкім жауап бермеген соң - Ракета қайда? - деп қайыра сұрады.

-Бәріне мен кінәлімін аға, деп Жұман жерге қарады.

-Кінәлісі несі? Оғланды ызаланғанда сүзеген бұқа құсап, мойнын күжірейтіп алушы еді. Сол әдетіне басып, Жұманға тақалып барып, гүжілдеді.

-Ракета қайда?

Арақтың иісі мүңк ете түсті. Ішкен секілді қызталақ. Өзіне төніп келген еңгезердей шалдан қаймыққандай Жұман артқа жылжи берген. Әкесі ашу үстінде бірдемені бүлдіріп ала ма деп баласы Ракета мына жақта дегендей қолынан тартты. Оғланды баласы жетектеген жаққа жүрді, жүрді деген аты болмаса тәлтіректеп буын-буыны ұстар емес.

-Ракета қайда? Ракета қайда? - деп сандырақтай берді. Бір кезде теңкиіп жатқан тұлпарын көргенде тіпті есінен айырылды. Не істеп, не қойғанын білмейді. Тек боздалада бозарып таң атқанда өз-өзіне келген. Ракетаның басын құшақтап, мылқау адамша тілі байланып, булығып отыр екен. Алқымы шылқыған су, шамасы көздің жасына шыланған болу керек. Аяғында жан жоқ секілді, ұйып қалған. Қос қолымен жер тіреп тұруға ыңғайланғанда, ту сыртынан біреу келіп қолтықтай алды. Кенжесі екен, өлген тұлпарын жоқтап өкірген әкені түні бойы көз ілмей, күзеткен секілді.

Оқиға орнына милициялар келіпті. Бір топ адам жабылып, Жұманның мәшинесін тұрғызғалы жатыр екен, Оғланды ешкімге де, ештемеге де қарамады, көлігіне отырып ауылға тартты. Тек бәріне өзін кінәлі санап, күйгелектеп жүрген Айбынға Ракетаның денесіне пышақ тигізбеуді тапсырды. Өзі ауылға келген бойда, күрегін ұстап Құрқойынды бетке алған. Болған жәйтті Ракетаны жерлегеннен кейін ғана естіді.

Қырсық шалғанда Ракетаны алуға барған күні Оңталап үйінде болмапты. Малға бас-көз болуды Сапар Маратқа жүктеген. Оңталаптың көзі тайса болды, жүз граммды қағып салып отыратын Марат қу, мыналар барғанда қутыңдап шыға келеді. Жұманда салынып ішпегенмен бір тартары бар жігіт. Содан екеуі отырып екі жартылықты босатады. Ымырт үйіріле, қоныңдар дегенге көнбей жолға шығады. Басбатырдан түсіп келе жатқандағы кілт бұрылыста ләйліп келе жатқан Жұман көліктің тізгініне ие бола алмай қалады. Ары шайқалақтап, бері шайқалақтап барып, жолдан шыққан ГАЗ-53 екі аунап тұрыпты. Жолдың оң қапталы терең құз болатын, абырой болғанда оған жетпей жазыққа қарай домалаған. Өздері аман, бірақ телешкідегі Ракетаның мойны үзілген.


***

6.Тізгін тартар

Құрқойынды бетке алған қос атты жол-жөнекей аялдаған жоқ. Тек таудың ортан беліне дейін өрмелеп барып, тоқтаған. Екеуі аттарын айқастыра байлады. Алыстан қарағанда топталып өскен тобылғы секілді көрінетін, қоян жон төбенің қасына барып жүрелей отырды. Қыбырлап ары-бері жүрді. Бұл Оғланды екенін беткейде мал жайып жүрген қойшылар бірден таныды. Аптасына осында бір соғатынын жақсы біледі. Зерігіп отырған олар, Оғландылар кетер-кеткенше дүрбімен кезек-кезек қарады. Құрқойынның беткейінен қос жолаушы, құлдап түскенде бұл қойшылар да аттарына мінген. Артынан бірі шақшасындағы насыбайын қағып, екіншісі газет қиындысына махоркасын орап жатып: - Ракета десе, Ракета еді ғой жануар! - десті....

20. 10. 2014 (Бейжің)


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар