Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Есенбай Құли. Музыка сезімге әсер етсе, сөз ойды орайды

01.07.2022 2235

Есенбай Құли. Музыка сезімге әсер етсе, сөз ойды орайды 12+

Есенбай Құли. Музыка сезімге әсер етсе, сөз ойды орайды - adebiportal.kz

Асылында, саз өнері сөздің құдыреті жетпес ішкі құсни-сағынышымыздың, арзу арман-аңсарымыздың, ең бір нәзік сезімдеріміздің, тәтті мұңымыздың тамырын басып, жүрек хәлін жеткізе алар қауқар-қасиетке ие ғой. Маңғыстау өлкесінде талантты бір ағамыз өмір сүреді. Шынайы саф өнерді бағалап, қадіріне жете алар қазақ тыңдарманына «Мәжнүн тал», «Жалғыз жиде», «Есентай өзені», «Жастықтың жазғы бағы», «Достықтың теңізі - Каспий», «Дәурен көшкен», «Талға түнеген Ай», «Ай қалқа», «Кетті көктем» әндері арқылы танылған ағамыздың есімі – Есенбай Құли. Ол кісінің жібектей мінезі, өнерге деген адал көзқарасы, нәби көңілінің кеңдігі өнерпаз іні-қарындастарына үлгі боларлықтай. Өзі де жарқыл-жұрқылға аса жоқ. Орталық сахналарда бой көрсете бермейді.

Қазір халықтың жүрегі мөлдір әндерге сусап жүргендей. Эстраданы жаулаған қызылды-жасылды әндер көп ретте жан шөліңді қандыра бермейді. Міне осындайда табиғаты тұнық, алпыс екі тамырыңды иітіп, құнар-дәмі таңдайыңа татитын әндерді іздейсің. Ал, ондай әндер – әсте өміршең келеді. Осындай өміршең әндерді дүниеге әкелуші сазгерлердің бірі Есенбай аға Құлимен жасаған сұхбатымызды оқи отырыңыз, мәртебелі оқырман.

- Армысыз, Есенбай аға! Жазушы Мұхтар Мағауин өзінің «Мен» атты роман-хамсасында шығармашылық иелеріне тән шабыт ұғымын жоққа шығарады ғой. Бәлкім, бұл сөздің жаны бар да шығар. Әдебиет әлеміндедегі жетістікке жету ісі қалыптасқан дағды мен машақатты ізденістің нәтижесінде келері сөзсіз.

Әйткенмен, кез келген қаламгер өзінің жазу үстеліне отырған сәтте рухы ғаршыға самғап, бүкіл сана-сезімі ғарыштық толқын ақпараттарын қабылдайтынын жоққа шығармаса керек. Бұны ақын-жазушыларға тән тылсыми құдыретке балайық. Ал, сазгерлер шабытты шағында қандай да бір хәлге түсе ме?

- Өнер киелі дүние ғой. Жаңа әннің сазына елтіп жазғаныңда бойыңды қызу кеулейтіні рас. Асылында, бұл – тегіннен-тегін шалық я әсер емес екенін өзің де жақсы білесің. Құдды бір сөзбен жеткізе алмас күй... Мысалы, Құран аяттары оқылып жатқанда ұйып, беріліп тыңдасам, иә өзім беріліп оқысам, тура осындай хәл кешетінім жасырын емес. Гитара немесе синтезатор аспаптарымен әуен шығарып, айтып отырғанда, өзіңді бір сәт тыңдарманның орнына қойып көресің. «Мен тыңдаушы көрерменмін, енді ән қалай бұрылғанда маған әсерлі тиеді?..» - деген сауал іштей мазалайды. Төрешің – жүрек. Сазды әрқилы қайталап, қаншама уақыт отырып, иіп алып келгенде керемет кілтең, тың иірімдерге тап боласың. Соны ұстап қалуың керек. Әйтпесе, қайта қайталағаныңда басқаша болуы мүмкін.

Мақтанғаным емес, мен өзім кітапты бір кісідей жақсы оқитын адаммын. Үйде де, жұмыс орынымда да, іссапарға шықсам да бір кітапты өңгере кетемін. Соның пайдасы шығар, өлең таңдауға келгенде талғаммен қарайтын жанмын. Ақын Өтежан Нұрғалиев ағам айтушы еді: «Кітап – көмілген адамдардың көзі. Іңірде жердің бетінде қаптаған көз жатса, қандай қорқынышты. Және жәй жатпай жыпылықтап жатса... Сен үстімен келе жатырсың. Басасың. Міне, кітап – сол. Кітап – дос, кітап – жыр, кітап – ғашық, кітап - ілім» - деп. Жақсы өлеңнің қуаты әсте әдемі саз шығуына жетелеп отырады. Жақсы өлеңнің, мөлдіреген поэзияның өзі музыка ғой. Жақсы өлең, жақсы ән деген бірден белгілі, жарықтық жүрегіңе қона қояды. Әбден жаңа ән жобаға келгенше, кейде кідіріп, үзілістерден соң бауырыңды сыздатқандай ынтығып қайта қарайсың. Басқа бір сәулелі саз жалт ете қалады, қауып түсуің керек.Үлкен еңбекті, жүрек тазалығын, аса нәзік сезімді қажет етеді.

- Сазгерлік қабілет сізге кімнен дарыған? Өмірбаяныңыз жайлы қысқаша ақпарат алсақ деп едік?

- Туып-өскен жерім Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Сағыз ауылы. Осындағы Кенбай орта мектебінде оқыдым. Арғы бабаларым атақты Қараш Ыбырай ахун жырлайтын: «Ай мүйізді қошқардай, қуғанын алған құбарлан. Адайда байлық өткен жоқ, Қалнияз бен Жұбаннан» - деп, дәріптейтін жиырма мың жылқы біткен Қалнияз, Жұбан, Зәкәрия, Шам, Талпақ сынды атақты жомарт сақи байлар. Ауылымыздан сөздің, саздың, жырдың киесі дарыған тақ-тақ шешендер, сейістер, қажылар көп шықты. Нағашы жұртым Бәйімбеттің Байпағынан шыққан Есенгелді балдары Боран, Төлектен тарайды. Төлек те, баласы Көктен де ақын болған. Екі жұртымда да осындай жақсы адамдар бар, Айтман ағам айтқандай, «жан-жағы шынжырлы тұқым» - деп...

Бай деп, молда деп, аталарымды репрессияға ұшыратты, яғни, «зар заман зая ғұмырдың» теперішін көрді. Талпақ, Зәкәрия, Бейіш кәкелерім түрмеде қайтты. Зәкәрия Сағындықұлы керемет ақын, жыршы болған адам. Құл атам мен Қама әжем Ақтөре деген кішкене қызын жарты дорба талқанға сатып, екі ер баласын Ізтөре мен Уәлиді балалар үйіне өткізіпті. Өздері ашаршылық жылдары қайтыс болды. Әкем соғыстан келгеннен кейін, інісі Уәлиді көп іздеді. Әкем Ізтөре, анам Қоңырау жоғары білімі болмаса да, өмірлік тәжірибелері зор болатұғын. Мамам әнді тәуір айтатын, киіз үйдің көлеңкесінде «Ауыл кеші көңілді» деген шағын кітапты ашып, «Ләйлім шырақ», «Дедім ай - ау» әндерін сызылтып отыратын. Сөзге шешен, бір сөзбен өзегіңді суырып алатын. Әбіш ағаға Кекілбайұлы бөле туыстығымыз бар. Әкемнің ағасы Бейішұлы Сұпығали бапам Абдолла хазіреттің «Ай қондырған Көкмешітінде» оқыған діндар, ғұлама адам. Сол өңірдің, Сағыздың дұғагөйі әрі қасиеті, киесі болды. Бала кезім төрт түлік малдың ортасында жаз жайлауда киіз үйде, қыс қыстауда өтті. Он баланың кенжесімін. Екінші сыныптан бастап гитара аспабына, кітап оқуға көңілім ауды. Алтыншы сыныпта «Шығыс жұлдыздары» кітабын сабақта оқып отырғанда, «мұндай кітапты оқуға саған әлі ерте» - деп, Таразы апайымыздан оқсатып таяқ жедім. Жөнді гитара да, оның ішегі де тапшы. Балаң саусағым пернеге жетіңкіремей жүрсе де, ауыл үйдің тойларында жеңгелерім ән салдырады. «Цитрусовый», «Шипр» деген иіссуларды тартулайды. Үйдің үлкені белгілі ақын, журналист Жұмабай Құлиев туған ағам көркем әдебиет пен поэзияға құмартуыма бірден – бір себепкер болды. Содан кітап көрсек, қағып түсетінге душар болдық. 1993 жылы Ғаппар Темірхановтың жетекшілігімен төрт жігіт болып, «Наурыз» тобын құрдық. Топтың әншісі болдым. Клавишті синтезатор мен гитарада аянбай дайындалып, меңгеріп алдым. Бірнеше альбом кассетамызды шығарып, атағымыз шықты. Қай қалада, қай ауылда болмасын, біздің кассетамыз автобустарда, жазғытұрым кешке қарай үй ауласындағы магнитофондарда, базардағы дыбыс дүңгіршектерінде бұрқытып жататын. Әлі күнге шейін 30 жыл бұрынғы сол кассетадағы жазылған әндерді қайдан табамыз деп сұрайтындар бар. Жоқ, өшіп кеткен. Қызық үшін, табылса, тыңдап көргім келеді. 1997 жылы екінші ағам Ғинияттың ұсынысымен Киелі Түбек, Ұлы мекен Атамның ақ жұрты Маңғыстауыма келіп, «Қайнар» университетінің Ақтаудағы филиалына оқуға түстім. Сабағымыздың көбі, ол кезде орыс тілінде жүретін. Осынау ұлтымызға деген әрқилы әлеуметтік әділетсіздіктің кесірі қанымызды қайнатып, оқу орынында өтетін наурыз шарасынан кейін ұлттық киімімді шешпей, қолымдағы қамшыны тастамай, үйге дейін жаяулатып жүретін едік. Университет ішінде кітап сататын дүкен болды. Содан алған кітаптарымның ішінде, В. Сухановтың «Самоучитель игры на шестиструнной гитаре» деген еңбегінен романстарды, музыкалық білімім болмаса да, әсіресе, нотаны өздігімнен үйреніп алдым. Ардақты Бауыржан Момышұлы: «Жиырма жас - тарихи ерліктер жасайтын жас» - дейді. «Мен күшті болуым керек» деген жалғыз – ақ, намыс пен арман қайрап, өз – өзімді дамытуға тырысып, шама – шарқымша кітап пен музыкаға құныға ден қойдым. Осындай өнер берген Құдай - Тағалама сансыз шүкір, ата – бабаларыма, алдымдағы рухани ұстаз болған ағаларыма мың тағзым!

- Сіз алғашында қазақтан шыққан тұңғыш бард әнші Табылды Досымовтың репертуарындағы әндерді орындаумен танылдыңыз. Яки, сізді осы жанрдағы Табылды Досымовтың ізбасары деуімізге бола ма?

- Алдымен Тәкең туралы аз-кем тоқтала кетейін. Табыл ағамыз Жұмабай, Светқали ағаларыммен Алматыда бірге оқыған. Бір күні қақаған қыста оқудан келе жатып, Сағыздағы біздің үйге келді. Үй іші мамыражай думанға бөленді. Қыстың кезі болса да, шұбат ішіп бірнеше күн болды. Менің қораштау гитараммен Табыл аға небір бипыл ырғақты әндерді төкті дейсің. Әнге жаны құмар сіңіргіш жүрек балалау кезіңде, мұндай шуақты сәттің әсері зор. Алдымдағы үш апамның, яғни, қыздың арасында өскен мен пақырдың биязылығым ұстаңқырайды ма, жаңағы дулаған дүрмектің маңына жууға қымсынам. Шіркін, гитарамды мына бөлмеге оңаша алып шықсам, мол олжаға кенелерімді біліп отырмын. Содан ән саябырсып, ағаларым демалуға көшкенде мысықтабандап жәймен барып, гитарамды сүйрелеп алып келіп, манағы діңкеңді құртып отырған әндердің әуенін сүтпісірім уақытта қағып аламын. «Адамды Алла кездестіреді» - деген бар. Табыл әндерінің мән – мағынасын ерте түсіндім. «Наурыз» тобындағы әндерімнің көшбасында Тәкеңнің «Биіктік», «Гурий Назарьевқа ашық хат», «Күн астындағы Күнікей қыз», «Сәйгүлік» т.б. әндері тұрды. Табыл ағамен әр кездесудің өзі бір ғанибет болатын. Тәкең не айтса да, мен үшін заң. Шаң жуытпаймын. Жаны кіршіксіз таза, жүрегі елбіреген бауырмал болатын. Көңілі даладай кең, баладай майса. Өте нәзік сезімтал, білімдар, кең парасаттың иесі. Қазақтың мәйегі, ұлт үшін жан алысар есіл ер еді - ау! Кейде ән айтқанда немесе әңгіме айтқанда шарасына мына әлем сиып кететіндей көзі тұңғиық мұнарға тұнып тұратын еді. Дәл сол сәттерде, мүмкін, Тәкең бақылауы биік бөлек әлемді сезініп отырған болар ма дейсің... Бала болса да, өзімен тең тұтып әңгімелесетін. Қабағымен ықтырып, әрі ұқтырып отыратын. Дәл теңеумен, әрі тура айтатын. Тәкеңнің әзіл әңгімелеріне келсек, ол бөлек әңгіме ғой... Оны естісең ішек-сілең қатып, томармен ұрғандай жапсырады. 2000 жылы маусым айында Сағызда өткен үйлену тойымызда, 2008 жылы сәуір айында Маңғыстауда өткен шығармашылық кешіме қатысып, жан тебіренер тілегін арнады. Әр келген сайын жаңа шыққан әндерін үйретіп, сөзін жазып беріп кететін. Сағат Әбдуғалиевтің сөзіне жазған «Тәтті мұң», Қазыбек Исаның сөзіне жазған «Шыңғырлаудағы шырайлым», Тұманбай Молдағалиевтің сөзіне жазған «Кешір мені» әндерінің қолжазбалары менде сақтаулы тұр. Әнін бұзып айтқан әншінің «әкесін» танытып, «емін» беретін. Бұл өте керек қасиет. Тәкеңнің сөйлем соңындағы әуезін бардтық сипатта дірілдете, бунақ-бунақ лекітетіні әнді аша түседі, сонысымен рухты. Бұл сыры, тек, мына жалғанда Қазақтың тұңғыш бард ақыны Табыл Досымовқа ғана тиесілі. Әншілер көбіне осыны келтіре алмай, шұнтитып алады. Жүйесі күрделі, сатырлаған жойқын әнді, былайғы әндердей ғып сала алмайсың. Ал, лирикалық әндеріне тұңғиықты жүректің мұңы мен сағынышы, үлбіреген нәзіктігі керек. Бірқатар әншілер көбіне үстірттеу айтады. Жеткізе алмайды. Түсініп, сезініп айту жоқ. Олай болса айтпаған жөн, қажеті жоқ. Менің әнімді де сол. Асылы, тимеген дұрыс, нағыз орындаушысын табады ақыр.

- Демек, Табылды ағамызды рухани ұстаз тұтасыз ғой?

- Әрине. Әндерінің өзі рухани жан дүниеңді толтырады. Алқалы орындарда кей ағайындар Табылдың төл шәкірті деп таныстырып жатады. Осының өзін зор ықылас, құрмет деп санаймын. Біздің адам боп жүруімізге Әбіш, Өтежан, Әнес, Светқали, Сабыр, Жұмабай ағаларым мен Фариза апамның көлдария ізгі тілектері мен үміттері орасан зор.

- Жалпы өнердегі қадау тұлғалар кейде өз мақсатына жете алмай, өмірден өтіп жатады ғой. Олар өздерінің аяқталмай қалған өмірлік миссиясын жердегі ізбасарларының түсіне аян беру арқылы, ой-түйсігіне әсер ету арқылы жүктейтіндей көрінеді. Сіздің басыңызда осындай жағдаяттар орын алды ма? Немесе әлі орындала қоймаған миссияларыңыз бар ма?

- Ғұмыр берсе мақсат, мұраттар жетеді ғой. Жалпы түс көру дегенге қатты сенемін. Ертеден келе жатқан түс жоруларды газет-журнал беттерінен қиып алып, оқып жүремін. Бір көрген түсімді айтайын, Жүсіп пайғамбарым жорығай! 2005 жылы Шәмші аға Қалдаяқов түсіме енді. Бейнесі бұлдырап көрінді, оянып кеттім. Ойланып отырдым, түске енгені жақсы ғой деп. Қайта көз ілсем, тағы да жаңағы бейнесінде маған жан – жағы бұрышты бас киімін берді. Қос қолдап алып, танауыма басып иіскедім де, басыма кидім. Бала кезімде әкемнің басынан тастамай, бөркінің ішінен киіп жүретін терсіңді тақиясының иісін иіскеп жүретін едім. Оянсам, сол иіс танауымды жарып бара жатқандай күйде екенмін...

- Кемеңгер Әбіш Кекілбаев сізге сазгер ретінде жақсы баға беріпті ғой, аға. Талғам таразысына тартсаң тозаң құрлы салмағы жоқ қазіргі «қаңбақ әндерге» қатысты пікіріңізді білуге бола ма?

- Әбіш аға ғұлама, абыз сипатты данышпан адам ғой. Даналықтың иесі Әбекеңнің ықылым замандарды тірілтетін дария біліміне аса тәнті болған Еуропаның өркениетті елдерінің мүйізі қарағайдай ғалымдарының тамсана, тебірене айтқан пікірлерін оқыдым. Жазушы Герольд Бельгер айтады: «Бірде мені Әбіш Германияға алып барып, арғы-бергі тарихын қопарып айтып, туған ауылы Онды ғұсатып аралатты ғой» - дейді, жарықтық, таңғалып. Ағаның 70 жасының қарсаңында «Дүние ғапыл» кітабынан «Дәуренім менің» деген сөзіне ән жазғанмын. Әбіш аға Маңғыстауға келген сайын, кездескенде, осы әнді бірнеше рет орындап бердім. «Айналайын» деп, бетімізден сүйіп ризашылығын білдірді. «Болмайтыннан дәметіп мерт тауып, сенбейтінге сеніп дерт тауып жүрмейік» деген даналық сөздері жадыма жиі оралады. Сондықтан Әбіш ағаның саз әлемінде маған білдірген телегей тілегі теңдессіз қазынам, ендігі жерде Абыз Ағаның артқан үмітін ақтай алсам, шіркін, деп үнемі уайым ғыламын...

Қазіргі кезде сөзі мен сазында мән мағына жоқ желбуаз, желетек әнсымақтардың көбейіп тұрған кезі. Бірақ бұл уақытша деп ойлаймын. Бәрі қалады. Жүсіпбек Аймауытов былай дейді: «Әншілердің көбі түр шығарам деп әуре болады: жақсы әнді бұзып жібереді. Қиқылдай ма, шиқылдай ма, әупілдей ме.., есіл әнді бейберекет қылады. Күшеніп отырып салған соң, ән бола ма? Әнді еркіне жіберіп, қысылмай салған ғой қызығы. Әннің кілтең жерлері болады. Жұрттың көбі соны келтіре алмайды, бірақ «әу» дегеннің бәрі ән болады деп ойлайды. Ол ән бола ма? Кейбіреу орысқа еліктейді, кейбіреу ноғайға еліктейді, сөйтеді де қазақ әнін бұзып жібереді. Қазақтың нағыз өз әнін салшы, қалай тыңдар екен бұл жұрт!» («Әнші» әңгімесінен) Бұдан асырып не айта аларсың?.. Бірде әнші Жоламан Көшкінов екеуміз әкесін жанына қосарлап жүретін бір жұлдыз болып жүрген әншімен Ақтаудағы тойда оңаша кездесе қалдық. «Ауызыңнан айналайын Кенже Ақтан» - деп, Әбіш ағам айтқандай, Ақтанның: «Мен Адайдың Ақтаны, сөйлесем сөзім тақталы, бөгесе бөгет бермейтін, Қаратаудың ақпары. Сөз дегенің бұйым ба, сөйлегенім қиын ба? Талай да талай сөйледім, сатырлаған жиында» - деп, келетін жырына өздері бір жарымес шумағын қосып, «Мен Қазақтың Ақтаны» - деп, өзгертіп айтқанына қанымыз қайнап жүрген. Әкесі де жанында екен, тарпа бас салдым «неге өзгертесің?» - деп. Жаңағы шырақ айтады: «Мен Қазақтың Ақтаны десек, үлкен масштабта болар дедік» - дейді. «Адай Қазақ емес деп кім айтты саған? Сұрасаң руымды Қаракесек дегендей, руын жырға қосқан жалғыз Ақтан ба?» - деймін. «Енді, Аға, ол Құранның сөзі емес қой өзгертілмейтін» - деп, қарап отыр шіркінің. «Құранның сөзінен басқаның бәрін өзгерте беруге болады деп кім айтты саған? Әрі-беріден кейін сен неге айтасың, кім боршықтырды сені, ертең авторлық құқығы бар ұрпақтары сотқа берсе, мына отырған әкеңді танытады ғой» - деп, әкесінің көзін бақырайтып қойып сыбадым. Артыңда қалған киелі мұраңды 100-150 жылдан кейін қайдағы бір дүбәралар итсілікпеге салып, тулақша сүйретіп жүрсе, ол қалай болады? Осындайлар бар.

- Сіз марқұм Есенғали Раушановтың «Жалғыз жиде», «Есентай өзені», «Мәжнүн тал» секілді бірқатар әніне саз шығардыңыз. Осы аталған әндердің тарихы, қалай шыққаны жайлы айтып беріңізші?

- 1999 жылы Светқали (Айтман) ағамнан Есағамның «Қара бауыр қасқалдақ» кітабын оқуға сұрап алғанмын. «Жалғыз жиде» (Бекер болды...) мен «Мәжнүн тал» (Мұнар жапты сары белді...) әндерін осы кітапқа қарап, 23 жасымда шығардым. Классик Есенғали ағамның өлеңінің құдіреті сұмдық қой, жаныңды тербетеді, осы әуендерді өлеңнің өзі суырып алды... «Жалғыз жиде» әніне қайырма керек болды. Қайырмасын Светқали аға былай деп мөлдіретіп жазып берді: «Солды барлық гүлдер, семді барлық бүрлер, келді Зарлық түндер! Іздер бізді кімдер?.. Жалғыз жидем ділгер, сәлем жолдап үлгер!». Керемет қой. Дарыны деңгейлес адамдар құлпыртып жібереді ғой... «Мәжнүн тал» өлеңіне синтезатормен бір күн, бір түн отырып, әуенін жазып шықтым. Шумағынан қайырмаға өтерде, ішімнен оңай өтемін, ал дауысымды шығарып айтсам, дәл түсе алмай екі сағат толассыз, тек қайырмаға өту үшін дайындалдым. «Ішкен асын жерге қояды» - деген осы екен ғой. Жарықтық Шәмші айтқандай, «мен керемет әншімін, әнді тек ішімнен саламын» - деп. Ақыры жеңдім. Ол көпірді музыка тілінде «затакт» - дейді. Жаңа туындыны қайталай беремін, оңаша, рахаттанып жылаймын. Есағам айтушы еді: «мен көп жылаймын, бірақ көз жасымды ешкімге көрсетпеймін» - деп. «Есентай өзені» өлеңін «Қазақ әдебиеті» газетінен қиып алып, сазын жаздым. Қоржынымда көп жылдар жатты. Бірақ, дауысымды жаздырып, шырқай қалсам, біртоға дүние екендігін жақсы білдім. Сөзін жоғалтып алып, 2007 жылы Есағамнан сұрасам, факспен былай деп жіберіпті: «Есенбайға Есентайдың авторы Есенғалидан есен – амандық тілеп» - деп. Жақсы өлең, жақсы ән деген уақытпен бірге асқақтайтынын білдім. Әлі күнге дейін тыңдармандар «Мәжнүн талды», «Жалғыз жидені» айтшы деп, қолқа салады, тоймайды. Тағы да айтамын, осы ағаларыммен жүздестіріп, замандас қылғанына, саф алтындай өлеңдеріне көзімізді түсіргеніне бір Аллаға шексіз шүкірлік етемін.

- Келесі сұрағым да осы тақылеттес. Сіз сол секілді ақын Светқали Нұржанның «Айқалқа», «Жастықтың жазғы бағы», «Кетті көктем» жырларына саз шығарып, өзіңіз орындап жүрсіз. Бұл әндердің шығу тарихы турасында аз-мұз мағлұмат беріп өтсеңіз?

- Қазір Айтман ағаның сөзіне шығарған әнім онға жуықтап тұр. Бұл әндерді тек тыңдау керек. Атақты «Шахнаме» эпикалық поэмасын жазған Фирдоуси: «Ән – саз, сөз – оның мән - мағынасы» - дейді. Орыстың композиторы Михаил Глинка: «Музыка сезімге әсер етсе, сөз ойды орайды. Қарлығаштың қос қанатындай бұл екеуін бөле-жара қарауға болмайды» - дейді. Ақын сөзіне деген алғашқы әнім 1998 жылы «Жастықтың жазғы бағы» деп аталды. Осы әнмен Ақтау қаласының 35 жылдығы мерекесінде гитарашылар сайысынан бас жүлдені иелендім. «Айқалқа» маңғыстаулықтардың сарыарқасы Жем, Сағызға арналды. «Айқалқа атың мәлім Жем, Сағызға, Жем, Сағыз арқау дейді қанша аңызға. Қараойын Маңғыстаудың әнмен арбап, Хат жаздым қырда қалған қалқа қызға» - деп келеді. Ән жазбай селтеңдеп жүріп алсам, ағаның кереметі, телефон шалсам болды, «ән қайда, ән туды ма?» - деп, салған жерден босбелбеу боп жүрген мен пақырды жазу үстеліне, яғни, музыка аспабына бағыттайды. Содан жуырда «Кетті көктем» деген ән дүниеге келді. Бір шумағы: «Көкте айым тұр керім, кірпігі дымданып. Көрдім қайың күлгенін, жүрегін мұң қарып. Қалды күз кеп, қарағым, Әні – ау тырнаның, тізбек қағады үн...» Аса құрметтегесін артық-ауыс шалыс жүрісімізді осы ағам көрмесе деп, рухани інілері бұқпантайлап жүреміз. Бірақ ағам жымиып, жер түбіндегіні біліп отырады. Нендей дерекке тосылсақ, сұрап аламыз. Асылында, арқалансаң Алатаудай, қайысқанда Қаратаудай Ағаңның бары қандай керемет! Басқаны былай қойғанда күнделікті отырып-тұруымыз, ішіп-жемнің, киім кигендегі қасиеттің, не керек, Қазақтың Құдай сүйер байырғы әмсе ұлағатын осы ағамнан ұғындым. Ағамыздың поэзиясының өзі музыка. Мысалы, Ана тілі туралы талай елдің талай ақыны жырлаған шығар-ау, бірақ, мынадай жойқын селдей сұрапыл сөзді олардан кездестіре аламыз ба, айтыңызшы: «...Сорлап қалма, ақиқат таңы атқанда, менің Ұлы Тіліме тілің келмей?!». Айтман ағамыз тек маған ғана емес, біле-білсек, иман нұры мен ақындық қуаты, білімдарлығы жөнінен Түркі жұртына, тіпті жер-жүзінің арғы-бергі дарындарының көшбасында тұрған Тұлға!

- Біздің білуімізше, Қазақстандағы сазгерлердің тағдыры ақын-жазушыларға ұқсас. Бір жақсысы авторлық құқығы сақталады екен. Үлкен сахналарда орындалған әндеріңіз үшін гонарар төленді ме?

- Бұрындары іздеп, газетке жариялап, осындай аз-кем қаржыңыз бар, аударайық дейтін. Кейін дауласып, телеарнадағы ақпараттардан білуімізше, бір-бірін сотқа берді ме, білмеймін. Жақында бір қызметкеріне хабарласып едім, 2019 жылдан беріде қайтадан келісімшарт жасасып жатырмыз деп, бірталай мәліметтер сұрады. Енді оңатын шығар. 2019 жылға дейінгі құжаттар жоқ болып кеткен. Мысалы, қаншама ақын-сазгерлердің әндерінің қаламақысын кім жоқтайды? Сұрауы қайда?..

-Қазір ықыласыңыз ауып, назарыңыз түсіп, өнеріне риза болып жүрген сазгер іні-қарындастарыңыз бар ма? Жалпы, шәкірт тәрбиелеу ісіне қалай қарайсыз?

- Ән шығарып жүрген жастар көп-ау, бірақ жаныңды жадыратар ән шығарған жастар табылса, жолында жүрер едім. Өкінішке орай, сазгерлер саусақпен санарлық болып тұрғаны. Мен жастар жағын айтып отырмын. Ал, керемет ақын жастар баршылық. Гитара немесе басқа аспаптарды үйретуге болады. Үнемі жақсы өлең, жақсы ән іздеймін. Кейінгіге білгенімізді қылғынып тұрып айтармыз-ау, ақиқатында, нағыз ақын, нағыз сазгер боп туу қажет! Және қай топырақта туасың, оның да сыры бар...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 13 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар