Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҚСЫНЫҢ КӨЗІ
Есенғали Раушанов. Жапандағы жалғыз ағаш...

20.01.2023 8981

Есенғали Раушанов. Жапандағы жалғыз ағаш

Есенғали Раушанов. Жапандағы жалғыз ағаш - adebiportal.kz

...Əлқисса, Майлықожаға ақындық, Мəделіқожаға батырлық дарыған деседі. Екеуі туыс адамдар. Тегі бір. Мəделіқожа елге түрлі салық салып, қара қазақты өзі бір талап, күйеу балалары екі талап, құдалары тағы талап əбден ай кəпір атанған Қоқан бегін тал түсте қорқыратып қойша бауыздайды. Сол ісімен тарихта қалды. Бейіті Бадамның жағасында. Майлықожадан ше? Майлықожадан не десеңіз өлең, кім десеңіз Аманхан қалды. Менің досым Аманхан Əлім. Əлбетте, басқа да ұрпақтары бар. Тікелей ұрпақтары! Бірақ арасында бізге қымбаты Аманхан болған соң сөз соған арналмақ. Ол:

Маған жаман жазуға еш болмайды,

Əруағы бағып тұр Майлы атаның,–

десе, бұны жауапкершілікті сезіну деп бағалаймыз, əрине.

Қоқан бектерімен айтыс-тартыста өктем шығып отырған Мəделіқожа Бадам өзенінің жағасынан «пайғамбар алайһис салам уə нəби мұхтарам ауладларына» яки қожаларға деп түгін тартсаң майы шығатын шұрайлы да шырайлы бір кең қолатты алады. Ол кезде Бадам қазіргідей емес болса керек. Майлықожа қалай деуші еді.

– Дегенде Бадам кедей, Бадам кедей,

Аттыны ағызасың адам демей.

Келгенде саршатамыз əлің құрып,

Жатасың ағуға да шамаң кемей,

– Атақоныс дейтін кəдімгі Бадам өзені. (Ия, келмей емес, кемей. Гəп ұйқаста емес, гəп түстік қазақтарының сөйлеу ерекшеліктерінде. Мысалы, болмайды емес бомайды, қалмайды емес, қамайды, келген шығар емес, кегент тə, баратын болар емес, баратынт тə, жаңағы емес, жəңелдегі, бағанағы емес, бəңел- дегі т.б.) Жə, тақырыбымызға оралайық. Хош, деңіз, тақырыбымызға оралсақ, тағы бір жылдары сол қанмен, термен келген кең қонысты тастап қожекеңдер дария жаққа ауады. Оның дағы себеп жəне салдарлары бар. Ауып келіп, Қосжарсуат деген жерге тоқтапты деседі. Заман тағы бір аунаған- да Қосжарсуат Қожатоғай боп өзгереді. Оны өзгерткен кім десеңіз, Əлімқожа деген кісі. Ал Əлімқожа кім еді десеңіз, Аманханның əкесі еді. Ауыл атының осылай өзгеруі туралы құжат бар.

Арыс шəрінен шыққан қара жол ешқайда бұрылмастан дарияға қарай тартады да отырады. Қайқая шапқан Қарагер деген секілді. Ұзақ жүресіз. Оңтүстіктің қарға миын қайнатар сары шілдесінде жол өнбейді. Адыр-белес, қырқа-қыраң деген атымен жоқ, қарасаң көзің талатын сарыжазық. Бір- өңкей көрініс, біркелкі дала. Кенет тегі өмірде таусылып болмайтын шығар деп іштей кіжініп келе жатқан күре жолыңызға мінер жақ бүйірден келіп бір айдау жол киліге кетеді. Оған түсіп біраз жүргеннен соң мұрныңызға ызаның исі келеді. Күңсіген дала, қолқаны қапқан шаң мен тозаңнан кейін баяғы Иван Бунин жазатын «жұмақтың елесі» секілді салқын сабаттың жұпары жанға қандай жəйлі екенін айтып жеткізу қиын. Тағы аздан соң жолдың жиегінде өсіп тұрған жалғыз ағаш көрінеді. Маңай тұлдыр жазық. Шөп атаулыдан итсигек пен изен, ал тал атаулыдан мүлде ада мына далада бұл нағылған ағаш? Қайдан уə қалай келген? Ботаниктер мұндай ағаштарға орнитохорлы өсімдік деп ат беріп, айдар тағып зерттейді. Онысы құстың жемсауында əлдеқайдан жазатайым кеп, ғайыптан тайып тамыр жайған ағаш тұқымы Аманхан Әлімұлы деген сөз. Осы ағашты мен Аманхан Əлімге ұқсатамын. Дара бітімімен! Жалғыздығымен. Қорықпайтындығымен. Не көрсем де өзім көремін дейтін жанкештілігімен! Өлеңде де, өмірде де.

«Ақынды ақын ететін бір-ақ өлең болады. Қалғандары соның дақпыртымен кетеді» дейтін де сөз бар. Бұрынғы қазақтардың «жылқы қойдың шаңына ілеседі» дейтін сөзін еске түсіретін үшбу пікірге, əлбетте дау айтуға да, келісуге де болады. Келісеміз десек, Аманханның алғашқы өлеңдерінің бірі «Əкеме» деп аталатын. Шағын ғана жыр.

Кеткенің бе деп хабарсыз

– Ұрысты əжем

Жиырма жыл жүрген жанарсыз.

Безесің бе деп үйден сен

– Ұрысты ағам,

Төрт-бес жыл бұрын үйленген.

Қарындасым да айтты өкпесін,

Ұрысты анам

Хабарсыз ұлы кеткесін.

Сəлден соң сөнді шырағдан..

Жаттым мен жылап,

Ұрыспағаны үшін бір-ақ жан!

О, əке!

Бар болғаны осы.

Кезінде Əбділдə Тəжібаевтың алғы сөзімен жарық көрген топтамасындағы осы өлең оның ақындық болмысын ашып тұрғандай еді. Сол қайсарлық, сол кезбелік, сол жалғыздық. Оның өмірдегі жолы да, өлеңдегі жолы да жеңіл бола қойған жоқ. Өмірдегі демекші... Алыс Маңғыстауда Тамшалы деген керемет бір қолат бар. Шілденің шіліңгір ыстығында ақ тер, көк тер боп таңдайың кеуіп келе жатып, тастан тамшылап тұрған мұздай суға тап боласыз. Ішсең тура шекеңнен шығады. Бірақ, шелегің оңайлықпен тола қоймайды. Күту керек. Бір тамшы, екі тамшы, үш, содан кейін зарықтырып барып төрт, жалықтырып барып бес дегендей... Сөйтіп əзер жинаған шəрбетке бергісіз суыңызды аяқ астынан ақтарып алмауға тырысасыз ғой, əлбетте. Аманхан маңдайына əу баста тостағанын əзер деп толтыра бергенде талай рет өз қолымен төгіп тастай салатын ақындық ғұмыр жазыларын білсе де саналы түрде азат басын құл ғып осы жолға түсті. Мектепті тамамдаған соң құрылыста жұмыс істеді. «Неге оқуға түспедің?» деп сұрасаңыз «пəре беретін шамам болмады» деп шынын айтады. Пара демейді, пəре дейді. Онысы бəле деген секілді естіледі. Сөйтіп жүріп əскерге кетті. Əскерден аман-есен оралған соң да КазГУ-ге қатарынан кейін түсті. Кітабы да қатарынан кейін шықты. Шықпай қалуы да мүмкін еді. Себебі, ол кезде кітаптың беташар өлеңдері міндетті түрде Коммунистік партия не Ленин, тіпті болмаса Тың игеру туралы болуға тиіс еді. Аманхан Ленинді қайтсін, компартия Аманханды қайтсін-ау? «Жоқ ондай өлеңдер менде, жаза алмаймын» дейді бұл шорт кесіп. «Кітабым Күлəй дейтін қызға арналған өлеңмен ашылса деп едім. Ол жақсы қыз. Мына өлеңді тыңдаңызшы» дейді де оқи жөнеледі:

Қас пен көздің, бауырым, арасында,

Асқақ кеуде соңына қарасын ба?

Басым кетіп барады білегінде,

Санам кетіп барады санасында.

Жаулап алған жанымды талма кеште,

Керемет күн кешегі қалмады есте.

Ернім кетіп барады ерінінде,

Шайқалады шаттығым алма төсте.

Кеш ұғынған қадірін тірегім бе, С

ол қыз қазір мұратым, тілегім де.

Көзім кетіп барады бұрымында,

Өзім кетіп барамын жүрегінде.

Баспа қызметкерлері өлеңді жатып кеп мақтайды. «Бірақ, басқа кезде Күлəйға арнайсың ба, Құдайға арнайсың ба, шаруамыз жоқ кітап шығу үшін партия керек, тамыр» дейді Заңды ойлап. Енді қайтпек керек? Көмекке Байбота келеді... Сонымен өлең жазылып, кітап шықты. Кейін Аманхан жұртқа қолтаңба берерде кітабының алғашқы бетін жыртып тастап беріп жүрді.

Өлеңге адалдық. Бір мақтасақ Аманханды осы үшін мақтаймыз.

Күлəй демекші, ол өзінің ең тамаша өлеңдерін жан жарына, балаларына арнап жазды. Арнау өлең дегенде қай-қайсымыз да шошып қаламыз. Бізді мезі еткен ана бастыққа, мына бастыққа, Үкіметке, ісі түсетіндерге арналған жəдігөй, жарамсақ өлеңдерді оның шығарма-шылығынан таппайсыз. Меніңше, ол өмірде бəрінен де Өлеңді биік қояды. Бұрылу, ыңғайға жығылу, үндемей қоя салу деген қасиеттер Аманханға мүлде жат. Өлең үшін (өлең мен Ұлт Аманхан үшін бір ұғым) кіммен болса да жаға жыртысуға дейін барады. Ұлт деген ұғым ол үшін бөлек бір əлем. Аманханның арғы аталары қазақ даласына ислам таратпақ боп келгенде жергілікті халық күндіз-түні мұсылманшылық, мұсылманшылық дей беретін сəлделілерге қарап бір ойға сонша берілуге бола ма деп таңқалған көрінеді. Замандастары Аманханға Ұлт мүддесі деген ойға осыншалықты жан жүрегімен берілгеніне қарап таңғалады. «Қазақ жалақорларына» дейтін өлеңінде (Пушкиннің «Клеветникам России» дейтұғын жыры есіңізге түсті ме?) Демеймін мен саған туыспын, Қайталап айтамын іштей мың. «Руыңмен у ішкін»

Мен ішпеймін.

Сен күлгін, мен кейін күлемін,

Дін аман ай, күнім.

Қазаққа ортақ деп білемін,

Кеудемді жайлаған қайғы-мұң,–

деп жырласа, бұл ойлар оның принципі. Əдеби жыл қорытындысында өзінің бір жерлес ақынын қатты сынағаны сонша, əлгі «Аманхан, сен əруақтан қорықпайсың ба?» дегенге дейін барған.

Ойнайсың қазақылықпен... Ағысқа қарсы жүзу – Аманхан өлеңдерінің айнымас тақырыптарының бірі. Мұқағалидың «Сəби болғым келеді» дейтін өлеңі кезінде көптеген жас ақындарға еліктеу өлеңдер жазғызды. Анығында тура осы аттас, осы аттас қана емес, осы мағыналас өлеңдер əлем əдебиетінде жиі кездесетін. Мысалы, «Хочу быть ребенком» ағылшын ақыны лорд Бай- ронда бар, «Хочу быть отроком» орыс ақыны С.Есенинде бар, Қуандық Шаңғытбаевта «Мен пендеңді тағы бір ая, Құдай, Бала қылшы балдырған баяғыдай» дейтұғын бəйіт бар т.б... Қысқасы, сол жылдары сəби болғысы келетін ақындар көбейіп кетті. Аманхан болса соларға қарсылық танытқан секілді «Сəби болғым келмейді» деген өлең жазды. Гəп өлеңнің атында емес, затында десек те бұдан ақының модашыл емес екенін, өзінің бұлжымас бағыт бағдары барын аңғарар едік. Бұл, сөзсіз құрметке лайық қасиет.

Марқұм Қасым Қайсенов ағамызды Жазушылар Одағының басшылары бірде жанжалдасып қалған ерлі-зайыпты екі кісіні қайта жарастыруға жібереді. Қаскең мəн-жəйді көзімен көрген соң, керісінше «мынадай аю қатынмен тұрғанша бойдақ жүргенің жөн» деп еркекті қайрап, ажырастырып келеді. Сол сияқты Аманханға бір ақынның кітабы туралы мақтап сөз сөйлеу тапсырылады. Аманхан баспа басшылығы айтқан соң келісе кетеді. Қолжазбаны алып үйіне келген соң, асықпай əр өлеңге тоқталып талдай бастаса, ылғи бір нашар өлеңдерге тап болады. Ертеңіне поэзия бөлімінің отырысына кітаптың бір қайнауы ішінде жатқан шикі дүние екенін дəлелдеп толыққанды рецензия жазып келеді. «Мұның не, шырағым-ау?» дейді кітап редакторы сасып, бұның артында пəленшекеңдер тұрғанын білесің. Құртады ғой бізді». «Ну и что, оның артында пəленшекең тұр, сіз менің артымда кім тұрғанын білесіз бе?». «Жоқ, білмеймін». «Біліп алыңыз, менің артымда Қожакең тұр. Өтірік жазсам, сол кісіден ұят болады». «Қожакесі кім тағы да?». «Қожа Ахмет Ясауи». Осы оқиғадан соң Аманханды баспа бірсыпыра уақыт бойы рецензенттер қатарынан аластатып, жақын жолатпай қояды. Кейде мынадай бір эксперимент жасалса деп ойлайсың. Осы қаламгер қауым «ұзын санымыз сегіз жүзге тақап қалды, қадырымыз жоқ, қаламақымыз аз» дегенді жиі айтады ғой. Онысы рас та. Ал енді алда-жалда «қаламақы мүлде төленбейтін болды, атақ мүлде берілмейтін болды, кітап шығару деген шаруа да тоқтады» деген қарар шығып, жүзеге аса бастаса қалай болар еді? Қазіргі қатары сирегені сиреген бе, əлгі сегіз жүзден əдебиет майданында сексені қалар ма еді, сегізі қалар ма еді? Қаншасы жазуды сол мезет тастап кетер еді? Сол кезде мына егемен Қазақстан елінде қаламақы үшін де, атақ-мансап үшін де, кітап шығару үшін де жазбайтын екі ақын қалса бірі Аманхан боларына сенемін. Ол кешегі Кеңестің кең заманында да қаламақы алып жарытпады. Өйткені өлеңді аз жазды. Сөйте тұра, бір жыл кітабы жоспарға енбей қалса баспаның директорының үстінен арызды қарша борататын кейбір ағалары секілді өлеңнің жыртысын жыртады, өлеңнің отымен кіріп, күлімен шығады. Аналардың ғой есіл-дерті ақша мен атақ, біздің Аманхандікі не, Алла-ау? Революцияны Аманхан секілділер жасайды. Пайдасын басқалар көреді. Көріп қана қоймайды, айдап салады. Өз есебін түгендейді. Көп ақындарға тəн қандай кемшіліктер бар десе, оған жауап та көп болары анық. Соның бастыларының бірі – ермелік. Кім не айтса соған сену. Мұндай адамдардың тұрақты жауы болмайды, болмай-ақ қойсын, өкініштісі ол емес, өкініштісі тұрақты досы да болмауы мүмкін.

Аманханның дұшпандары да жиі ауысып тұрады. Оның жауларының арасында Америка Құрама Штаттарының Президенті мен Израил Прьемер-Министрінен бастап, Қожатоғай жолында қол көтергенде тоқтамай кеткен автобус шоферіне дейін бар. Кейде жағаңды ұстатып, əлі əдебиетке келмеген бір «жазғышбайды» жер-көкке тигізбей мақтап, қосыла мақтамағандардың бəрін «сендер оны көре алмайсыңдар» деп түгел күстəналап, есесіне классик ақсақалдарды «əдебиетте түк бітірмеген» деп əңгіме айтып отырса, таңқалмаңыз. Ертеңіне əлгі жас «талантты» түгін қалдырмай сыбап, əлдекімдерге қосылып кеше ғана бірге талаған жасы үлкен ағасынан кешірім сұраудың жөнін таппай шыжбалақтап жүретіні тағы бар. Бір қызығы əлгі айтақшылдарға бір рет еремін деп азғантай абыройды айрандай төгіп алдым демейді, араға бір жыл салып баяғы баланы қайта мақтап, баяғы шалды қайта сыбап мақала жазуы əбден мүмкін. Осылайша бір қарағанда аумалы-төкпелі, бəлкім кейбіреулердің көзіне тұрақсыздау көрінетін мінезі бар десек те, ақынның жүрегінің түу түбінде қорғасындай бір салмақ бар. Ол беті толқығанмен түбі қозғалмайтын терең көл секілді. Бұлжымайтын, өзгермейтін, бір орнынан жылжымайтын принциптері екінің біріне ұнай да бермейді. Жалпы Аманханда біреулерге ұнау керек деген ой мүлде болмайтын сияқты. Не дейсіз бұған? Марқұм Тəкен Əлімқұлов қызық кісі еді. Бірде ағамызды ортаға алып сыра ішіп тұрдық. Не шайтан түрткенін білмеймін, Аманхан алым жоқ, берім жоқ, аяқ астынан «Көке, гəптің қысқасы нашар ақынсыз. Өлеңді қойсаңызшы» десін. Маңай құлаққа ұрған танадай тына қалды. Алматыда оған дейін де, одан кейін де дəл сондай тыныштық болған емес. Аманхан сыраны бір жұтты, ағамыз екі жұтты. Ағам бір жұтып аспанға қарады, Аманхан екі жұтып ағама қарады. «Жас жігіт, мен мəдениетті ақынмын» деді Тəкен ағамыз көктен көзін алмай... Кейін не болды? Кейін түк те болған жоқ. Аманхан Тəкен көкесінің хикаялары туралы табақтай мадақ мақалалар жазды. Олары жылдың үздік материалдары атанып, абыройға бөленді. Екеуі Тəкен өлгенше керемет дос боп кетті. Қазір де жастарды жинап Тəкен Əлімқұлов прозасы туралы лекцияға бергісіз əңгімелер айтады. Жастар демекші, мен жасырақ кезімде ағаларымыздың өзінен кіші ақындарды неге сонша мақтай беретініне таңданатынмын. Ал қазір түсінемін. Шындықты айтсам жаңа өспірім жас шыбықты сындырып аламын ба деп қорқады екен ғой қайран ағалар. Арамызда қорықпайтын жалғыз адам Аманхан. «Сен өсе келе мынауский ақын боласың, əттең надандаусың, оқуың журфактың деңгейінде қап қойған, орыстарды оқу керек» деді бір жас ақынға. Мен ондайды айта алмас едім, айтсам ана жігітті ауыртып алуым мүмкін ғой, ол бірақ Аманхан ағасына ренжіген жоқ. Керісінше «рахмет» деді. «Ал мынау нағыз алаяқ болады, неге десең өлең де жазады, проза да жазады, əнге сөз де жазады. Айтысқа да кет əрі емес. Композиторлығы да болуы мүмкін. Əн шығарасың ба ей?» деп сұрады соңғы модамен киінген бір бозбаладан. «Жоқ, аға» дейді ана байғұс көзі жыпылықтап. «Шығарма, ұят болады!» деді Аманхан қадап. Несі ұят болады, бəтір-ау?! Орыстарды оқу керек дегеннен шығады, қандай заманда да Аманхан орыс əдебиетінен қол үзген жоқ. Мəскеудің əдеби басылымдарын жаздырып алудан жалыққан емес. Мəскеулік, Вологдалық ақындармен халықаралық телефон арқы- лы сөйлесемін деп ақысына бір айлық жалақысын төлеген кездері де болды. Олармен достығы М.Горький атындағы əдебиет иниститутының екі жылдық курсында оқыған жылдарында басталды. Бір қызығы Мəскеуде оқығаны туралы еш жерде жазбайды да, айтпайды да. «Несіне мақтанамын?» дейді. Бізге қарағанда бүгінгі орыс қоғамында өлеңнің қадырі бар. Яки ақындардың айтқанына құлақ салынады. Біздегідей ақын өз алдына, саясат, билік өз алдына ауа жайылып жатқан жоқ, саясат қанша дегенмен қоғамдық пікірден аяғын тартады. Орыс əдебиеті дегенде айылын жимайтын Үкімет орыста болған емес. Қазақстандағы секілді бетімен кеткен саясатшылар, білгенін оттайтын саясат, жел қайдан тұрса солай қарай құлай кететін ғалымдар, билікке лəппəй тақсырлап күн кешкен жазушылар оларда Қазақстандағыдай бағалы емес. Мүмкін, ғалымдарының алды Нобель сыйлығына ие боп (Ж.Альферов), ақындарының алдын бүкіл христиан əлемі пайғамбардай (Ю.Кузнецов) ардақтайтыны да содан болар. Əлде, Ресей сияқты алып империяны ұстап тұру үшін ұят-иманды да ұмытпау керек пе екен…

Аманхан Мəскеуден оралған соң өлеңге басқа көзбен қарай бастаған секілді. Аз жазатын, аз жарияланатын болды. Əттең, сол М.Горький атындағы əдебиет институтынан қол үзіп қалғанымыз дұрыс болмады. Орыс шовинизімін, орыстардың кейбір салт-дəстүрлерін жек көруіміз керек, бірақ оның əдебиетінен үйренуді жоққа шығарып не береке табамыз? Орысты білу керек, содан кейін жек көрсең сені тыңдауға болады. Білмейсің, түсінбейсің, оқуға сауатың жетпейді, қарадан қарап жек көремін дейсің, кешіріңіз мұныңыз Абай заманындағы надандықтың өзі. Аманханның «орысшылдығы» осылай дейді. Қыза-қыза келе орыс ұлтшылдарының «держиморда» қылықтарына да еліктеп, онысы сол кездегі Үкімет басшысы Əкежан Қажыгельдинннің құлағына тиіп істі бола жаздағаны да бар. Содан бері Қажыгельдиннің Қазақстанға қайта оралуына жан-тəнімен қарсы екі кісі болса, бірі – Аманхан. Бірақ, одан Əкежанның хабары жоқ секілді. Содан соң Аманханның лирикалық «мені» ресми билікті қолдай бастады, қазақтың табанына кірген шөңге менің маңдайыма қадалсын деп тіледі, ресми билікке екі адам шын берілген болса бірі Аманхан еді, əттең ресми билік соны білмейтін секілді. Ресми билік демекші, біздің көбіміз Үкімет жаққа елеңдеп отырамыз. Баяғы Кеңес Үкіметі тұсындағыдай алақанға салып аяласа, құрметтесе, тіпті болмаса беделді жиындарға шақырып елеп-ескеріп отырса екен дейміз. Шақырылмасақ өкпелейміз. Анадан гөрі мен жақсы жазамын ғой, ол неге құрметтеледі, мен неге сыртта қала беремін дейміз. Ренжіп мақала жазамыз. Оппозицияға кетемін деп қорқытамыз. Аманхан Үкіметпен арасын əлдеқашан ашып алған сықылды. Екеуі бірін бірі іздемейді. Тап бүгін Министрлер Кабинетінің төрағасы немесе Министр кім екенін сұраңызшы, Аманхан білмеуі əбден мүмкін. Бұл жағынан ол кешегі Тəкен Əлімқұлов, Бердібек Соқпақбаевқа ұқсайды. Расында, кімнің бастық екені Аманханға неге керек, бастық бұған өлең жазып бермейді ғой. Міне, сізге позиция! Оның қай кезде де сынап-мінеп жүретін қаламгерлері – Əбдіжəміл Нұрпейісов, Олжас Сүлейменов, Мұрат Əуезов. Үшеуі де оның ойынша «əдебиетке бергені жоқтар, қазаққа жаны ашымайтындар, орысқа бүйрегі бұрып тұратындар». Мұрат Əуезовке тағар қосымша кінəсі «мұсылман дініне қарсы қайдағы бір шаманшылықты (шамандықты демейді) насихаттайды». Мұрат Мұхтарұлы исламға қашан, қалай қарсы шығып жүр – естіген емеспін. Өз əкесі Мұхтар Омарханұлы, арғы аталары Бақсайыс əулиеден тараған əулет болса Мұрат қалай дін дұшпаны болмақ – түсініксіз. Жалпы Атақоныс 14 Аманханда бірден түсінуге қиын көзқарастар көп. Асылы, ол туралы сөзді Аманхан жəне Темірбек Қожакеев деген тақырыптан бастап, Аманхан жəне бүкілəлемдік сионизм торы, Аманхан жəне мемлекетшілдік, Аманхан жəне Асқар Сүлейменов, Аманхан жəне Тоқаш Бердияров, Аманхан жəне жас- тар, Аманхан жəне заң журналистикасы секілді арналарда таратып айтса əңгіме толық болар еді. Көріп отырғаныңыз- дай, тақырып көп салалы. Күрделі. Жүдə қиын да. Бір мақалаға сыймайды.

Аманханның ең аз жазатыны Махаббат жəне Дін тақырыптары. Махаббатты неге аз жазатыны өз ісі, ал енді ата- бабасы сонау ата қоныс Араб жерінен біздің сахараға ислам дінін насихаттаймын деп келіп тұрақтап қазақ боп кеткен ауылдың баласының дінге салқындығын қалай түсінеміз? Пайғамбардың хадистерін тəржімалауға шақырамыз Аманхан келіспейді. Діни кітаптарды аудар дейміз тағы да мойыны жар бермейді. Жұма намазға баралық дейміз уақыты болмайды. Сөйтсек оны дін саласындағы жасандылықтар мен жəдігөйліктер жиіркендіреді екен. «Иман келтіру, бес уақыт намазын оқу, ораза тұту, садақа беру, қажыға бару... Мен оның ешқайсысына дайын емеспін. Кезі келеді, дайын боламын, сол күннен бастап дін қағидаттарын дұрыс ұстауға көшемін. Оған дейін өзімді де, өзгені де алдайтын жайым жоқ. Басқа күнəларым да жетеді» дейді. Дін жолындамын дейтін екіжүзді еркектер мен əйелдер оның өз тілімен айтқанда «кісінің жынын келтіреді». Жазушылардың өздері жасап алған «жекеменшік жер- ұйықтары «яки сүйікті бір мекендері болады. Мысалы ма, мысалы У.Фолкнердің Йокнапотафасы, К.Паустовскийдің Мещеры, Ə.Нұрпейісовтың Аралы бар. Бұл дағы суреткердің өзі ғана түсінетін жəне өзін түсіндіре алатын өз əлемін іздеуден туатын болса керек. Аманханның Йокнапотафасы дария. Сырдария. Жыл он екі айдың қаншасын дарияда өткізеді оны өзі ғана біледі. Менің білетінім жиі барады. Сөйте тұра оның туған жер туралы түсінігі басқа. Ол Алматыда, Астанада тұратын кейбір ақындар мен жазушылардың туған жерін, туған елін сағынуын «фальшивая тоска» дейді. Мұнысы, əсте кезінде Мəскеуден үйреніп келген орысшасы болса керек. «Фальшивая тоска» иелерін иттей жек көреді. «Əужеке-ау, адамды туған елін сағынғаны үшін жазғыруға бола ма?» деп ара түсе бастаңызшы, дереу «сенің айтып тұр- ғаның марксизм үйреткен мəтібилік қой» деп өзіңізге бас салады. Кейін білсем, таяқ тастам жердегі ауылын сағындым деп өлең жазатындар, біріншіден, өтірік жылайтындар, екіншіден, өзіне дейінгі ақындардың ауыл туралы өлеңдеріне еліктеп варияция жасайтындар (мықты болса өзінше жазбай ма?), үшіншіден, ең жаманы ауыл туралы өлеңдерден көбіне тар шеңберде қалып қойған надандықтың исі мүңкіп тұрады (мұнысын өзі орысшаға «ограниченность» деп аударады), одан да жаманы жершілдіктің, рушылдықтың құлағы қылтиып тұратыны тағы бар деп түйеді. Құй келісіңіз, құй келіспеңіз əңгіме осы.

«Ауылымды аңсап жыласам, етегім жасқа толады» деп жазған ақынға телефон шалып, «Не басыңа күн туды, қатындарға ұқсап жылағанша автобусқа билет ал да барып кел!» деп ұрысты. Трубканы қойған соң тағы да «адамның жынын келтіріп» дегенді қосты. Қожатоғай ауылының тұсында дария жайылып барып, иін жасап оралып ағады. Бейне ертедегі орыс пейзажшы- ларының суреттеріндегідей бір əдемі көрініс. Жарқабақта Майлықожа ақынның үйінің орыны бар. Ақын сол биіктен төменде лайтып жатқан жойқын өзенге қарап отырғанды ұнатады. Топ тораңғылдың теңге жапырықтары тынымсыз сыбдырлайды. Тораңғылдың бұл түрі тек Сыр бойында ғана өседі. Басқа аймақтарды жерсінбейді. Бұл өзі қызық ағаш. Ескекті қайықпен жүзіп барып ортадағы аралдан шөп орып жүрген ауылдың балалары айқайлап сəлем береді. Бір кезде өзі де осындай желқайықпен арғы бетке талай қатынаған. Ол кезде дария арналы да еді, асау да еді, көктем сайын таситын. Бұрынғы шалдар тасудың екпініне қарап «мына тасу қазан төңкерме» немесе «жын буған» деп ат қойып жататын. Көктем жəйлі келіп, мамыражай жазға жалғасса жергілікті халық «гүл тасу келді» деп қуанады. Ілгеріде қазақтар жоғарыдан салды, қайықты жақсы пайдаланған. Қайықшылық əкеден балаға мұра боп қалатын кəсіп еді, бүгінде екі үйдің бірінде моторлы қайық бар. Сал серуен ғана емес, керек-жарақ жеткізіп алатын тасымал құралы, көлік. Аманханның Майлықожа атасы ақындығына қоса он саусағынан өнері тамған шебер де екен. Бірде салмен артынып тартынып кеп осы иінде тоқтап, жүгін түсіріп жатса керек. Жағада орысша оқыған баласы əкесіне көмектесудің орнына қолын артына ұстап əрі-бері жүрген көрінеді. Соны байқап тұрған қу жақ ақынның бірі атпен шауып барып «Дат, тақсыр!» депті. Сөйткеңше Майлықожаға ес жиғызбай тұтқиылдан екпіндетіп: «Тақсыр-ай, жоғарыдан сал ағыздың, Салға артып бір-екі үйлік тал ағыздың. Өзіңізге істетіп қарап тұрған Тап енесін ұрайын балаңыздың»,– депті де атын борбайлап кері қашады. Мақсат – Майлы ақынның жауабын тоспау, тосса жеңіліп қалуы мүмкін ғой. Бұрынғылар да қулықты жаман меңгермеген секілді. Есесіне «пəлен жылы көктемде Майлықожаға былай дегенмін» деп айтып жүруге жақсы... Сол дария, сол жағалау... Ана қол- тықта бала кезінде балық аулады. Мына жерде əкесі Əлім- қожа ақсақалға қолқабыс жасап шөп шапты. Ал əне бір жерде тұңғыш рет көршінің қызының күлкісі сұмдық сұлу боп естілген... Қариялардың көбі жоқ. Достары да жан-жақта.

Ауыл сыртындағы көне қорымның етегі созылып бірталай жерге жетіп қапты. Қабырстанға барған сайын жүрегі шаншиды…

Бəрі де өзі білетін адамдар. Əке кесенесі, ана бейіті, туған туыс, ағайын жекжаттар…

Əр барған сайын жаңа өлеңдер жазып келеді. Енді бір сəт Аманхан «жасаған» дарияға құлақ түріп, Аманхан салған суреттерді тамашалап көрелік:

Жанымның жабырқаса сүйенері,

Не деген су сылдыры киелі еді,

Толқыны бұйраланып баяғыдай

Түсіме Сырдария жиі енеді.

 

Білмеппін көкке сіңіп кетерін мен

Сондағы бір түтіннің жеке өрілген,

Жылтылдап көзге ұратын Сырдария

Көкжалдың жонындай боп көтерілген.

 

Арбайтын жанарымды сағым кешкі,

Сағымда қанша бала бағым көшті.

Ойымды бұзды кенет апам дауысы,

Жоғалған кешегі, əсте табылды ешкі.

 

Немесе мына бір суреттерге қараңыз:

Құс шалған лашындай жеткен едім,

Ұстатпай кетті бірақ ұяң көктем.

Алыста Ай алтыбақан тепкендей ме,

Тербеліп дарияның түбінде тұр.

Тораңғыл төбесінен түскен сəуле,

Аумайды бойжеткеннің шалмасынан.

Қызылқұм үрлей соққан үрме құмды,

Көтердің кеудемдегі сірге мұңды.

Сағыныш саған деген сары белдік,

Шеше алмай, білесің бе, жүргенімді.

Қоздаған шоқ секілді ойымды үрлей,

Соқты жел ішін тартып тойым білмей.

Жағада жүрмін ертіп көлеңкемді,

Миямен пісіп толған бойым бірдей.

Оқырман осы тақылеттес жырларды оқығанда миямен бойы бірдей балалық кезін аңсаған ақынның жүрек дүрсілін естіп отырғандай күй кешеді. Бəлкім ақын бақыты деген сол болар. Дарияның түбінде тербеліп тұрған Ай да керемет сурет.

Дария Аманхан үшін географиялық бір нысан ғана емес, жоғалтқанын табатын, келмесін сағынатын, өткенін ой елегінен өткізетін, келешегіне сынкөзбен қарайбілетін, күнделікті күйкі тірліктің шаң тозаңынан арылатын, арылып қана қоймай қаршығаша сілкініп өмірге жаңаша бір ұмтылыспен, тың бір күшпен қарайтын рухани əлем. Адамда осындай бір ішкі əлем болуға керек. Əйтпеген күнде жұтаңдық, жүдеулік қамыты мойныңнан түспей қояды. «Ақындар провинцияда туады, Парижде өледі» дейді екен француздар. Қазақ жазба ақындарының соңғы төрт-бес буынының тағдырлары ұқсас. Ауыл, ауыл мектебі, Алматы, Университет, газет редакция- лары не баспа маңындағы жұмыстар…

Жұтаңдау өмірбаяндар екені көрініп-ақ тұр. Тіпті, жасы отыз-қырыққа келгенше ауылы мен Алматыдан басқа жер көрмеген ақындар қаншама? Əрине, ондайлар саусағын сорып өлең жазады, онысын саусағын сорып отырып өзі сияқтылар оқиды. Арасында əскерде болғандары, өндірісте, шаруашылықта, əдебиетттен басқа салада жұмыс істегендері, өмір көргендері аз болды. Əдетте, əскерде болған азамат пен болмаған азаматты бірден тануға болады. Аманхан «Еске түсті жастығым əскердегі» деп басталатын цикл өлеңдерінде үлкен азаматтық ойлар түйеді. Сөйтіп əдебиетке келмес бұрын өмірдің неше түрлі баспалдақтарынан өтіп табанының бүрі бар, əйел өсектен, қыбыр-жыбыр ұсақтықтан, ішінен қыл айналматын қызған- шақтықтан, бақай есептен, ынжықтықтан, достың жетістігін көреалмаушылықтан ада, тік мінезді, бірбеткей, ерік күші мықты азамат болып қалыптасты да, бұл қасиеттер өз кезегінде оған ешқашан жылаңқы, бұлдыр, босбелбеу, жағымпаз, жасық өлеңдер жазғызбады. Оның əйелдер поэзиясына бөлектеу көзбен қарайтыны, ақынмын деп алдына келген жас жеткіншектен əуелі өлеңнің шеберін емес, ер азаматқа тəн қасиеттерді іздейтіні, ол қасиеттерді таппаса жатып келіп ашуланатыны туралы талай алыпқашпа əңгімелер бар.

«Өлеңді ит те, құс та жазады, ең алдымен еркек бол» дейтінін жастар түгілі қатарлары да түсінбей түрлі-түрлі баға беріп жатса да Аманхан өз принципінен айнымады.

«Жылаңқылық сатқындықтан да жаман» деген ой түйіні əдемі айтылған əсем сөз ғана емес, өмірлік кредосы екенін екінің бірі біле бермейді. Оның тірліктегі де, өлеңдегі де көп қылықтары Тоқаш Бердияровты еске түсіреді. Марқұм Тоқаш ағамыздың өмірдегі ең жек көретін нəрсесі жасандылық бо- латын. Оны кейбір естелік жазғандар «ылғи бастықтармен, атақтылармен айқасып жүретін» деп əжуалағысы келеді. Олай емес. Əңгіме қызметі өскен адамның өтірікке біртабан жақын тұратынында. Əңгіме атақ алу үшін кейбіреулердің арын сататынында. Аманхан бір ақын ағамыз жөнінде «оның махаббат туралы өлең жазуға моральдық құқы жоқ» деп кесіп айтқаны бар. Бұны біз күлмекке жақсы қысыр сөз деп қабылдадық та қойдық. Тағы бір ақын апамыздың кітабының соңына «Сенбеймін!!!» деп үш бірдей леп белгісін қатар қаздитқанда да күлдік. Осы бір күлкі Аманханға емес, өзімізге өзіміз берген баға емес пе?

«Ал сен»,– деді бірде маған, «неге Қожатоғайға жиі кетіп қала бересің?» деп сұрайсың. Біраз үнде- мей тұрды да «адамның жынын келтіріп...» дегенді қосты. Əлбетте, өнер адамының қанша ерік күші мықты болса да іштей жаситын, өкінетін, опынатын, кейбір достарының сатқындығына, бейшаралығына, атақұмарлығына зығырданы қайнайтын кездері болатыны анық. Содан соң «тағы да Қожатоғайға ма?» деп сұрамайтын болдым.

Аманхан ешкімге ұқсамайтын азамат, сондықтан да ешкімге ұқсамайтын ақын. Не десек те оның осы күнге дейін шен-шекпен, қызмет, атақ-даңқ деген керуендерге қосқан жетім тайлағы да жоғы рас. Ортамызда осындай ақынның барына өз басым қуанамын. Əлбетте, мұндай ақындар көп болса нұр үстіне нұр. Бірақ, Аманхан жалғыз. Қожатоғай жолындағы жапандағы жалғыз ағаш секілді.

Жақсылардың аз болатыны, жалғыз болатыны несі екен осы?

Есенғали Раушанов

Аманхан Әлімұлының "Атақоныс" кітабынан алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар