Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Есенғали Раушанов: Өлең туған анаңдай қадірлі болу...

17.10.2017 6377

Есенғали Раушанов: Өлең туған анаңдай қадірлі болуы керек

Есенғали Раушанов: Өлең туған анаңдай қадірлі болуы керек - adebiportal.kz

Ақын Есенғали Раушанов бүгінгі қоғамның, шығармашыл ортаның барометрі сияқты. Ойын іркімей айтып жүреді. Бұрындары ағамызға ара-тұра болсын кіріп, әңгімесін тыңдап тұратынбыз. Екі жылдай уақыт ат ізін салмай кетіппіз. Мерейтойының қарсаңында ақын інілерінің бірімен кеңсесіне құттықтап барып едік, көтеріліп қалды. Рухани ортаның беталысы туралы біраз әңгіме айтты. Сосын қарап отырмай, «Сұхбат беріңізші» деп қолқаладық. Бұл кісі шетелдің басылымдарына, ағылшын тіліндегі газеттерге көбірек үңіледі ғой. Алғашында сұхбат бергісі келмеді. «Ол сұхбатты қайда бересіңдер?!» деп сұрады. «Қолай көрсеңіз, еліміздің бас басылымы «Егемен Қазақстанға», сосын бүгінгі жастар көп оқитын бір журналға берейік» дедік. Көнді. Арада екі күн өткен соң ел мен жер, қазіргі қоғамдық мәселелер мен рухани ортаның жай-күйі жайлы осы сұхбат алынды.

– Бұрындары «Мен кеш өткізсем, өзгелердікіне ұқса­май­тын етіп жасаймын. Иы­ғы­­ма шапан жаптырмаймын,­ мақ­тау мен мадақтау айтқыз­баймын. Менің тілегім – ол жас­­тардың кеші болғай» дей­тін­сіз. Шынында да Астана тө­рін­­дегі шығармашылық ке­шіңіз өзге ақындардың ке­ші­нен өзгешелеу болды. Осының себебі неде?

– Ол кешке де, кештің ұйым­­дас­­­тырылуына да менің аса­ бір­ қатысым бола қойған жоқ.­ Сол­ қарсаңда ЭКСПО көрме­сі­не орай, Маңғыстау облысы күн­дері өтті емес пе?! Біздің өңір­де өнердің маңында жүрген Свет­қа­ли Нұржан, Сабыр Адай,­ Пәния Сармурзина, Са­мат Мұ­са­баев, Ақерке Оразо­ва, Ән­уар Бимағамбетов, Сұл­тан­бек­ Құдайберген деген бауыр­лар­дың жасағаны ғой. Менің кеш­ өткізуге келіспейтін, ондай­ды ұнатпайтын «ауруым»­ бар. Жаңағы жігіттер мен қарындас­тарымның бетін қайтарғаным қа­лай болды өзі деп, екі ойлы болып жүргенде, облыс әкімі Ера­лы Лұқпанұлы Тоғжанов хабар­ласып: «Ақын інілеріңіздің ай­туын­ша, көнбепсіз. Шығар­машылық кешіңізді өткізейікші, аға?!», – деген соң, ел басқарып отыр­ған азамат, Елбасының өкі­лі, әрі өзін бұрыннан сыйлаймын, келістім. Жұмекен Нәжімеденов бір өлеңінде: «Оңаша бір кешімде жыр жазар, Қашан ғана тарқар екен бұл базар?!», – дейтін еді ғой. Сол сияқты, мен­ де той-топыр, ырду-дыр­ду­­дан гөрі оңаша қалып кі­тап оқып, қағаз қарағанды ұна­тамын. Жаңағы жігіттердің алқа­лауымен 20-қазанда атақоныс Маңғыстауда 60 жылдық тойым өтпекші. Сосын «Алматыда да есеп беру кешін өткізсеңіз» деп жүргендер көп. Оны уақытында көрерміз...

Әке-шешемнің жоғалтқан дүниелерін таптым

– Бір сұхбатыңызда «Мен же­ті атамнан бері жілік майы үзіл­меген жердің баласымын»­ дегенсіз. Осы тұста өскен орта­ңыз туралы айтып беріңізші?!

– Сен соны дұрыстап қайта бір қарашы, «мен» емес, «біз» де­ген шығармын. Ол рас, ата-бабамызға кең болған Тәңірі маған келгенде тарылып қалған жағ­дайы бар. Және мұнысы дұ­рыс та. Байлық бітер-ау, оны ұстап тұруды айтсайшы, адамның іші пысып кетеді ғой. Асы­лы, ол кімге не беруді жақсы біледі.

Бір қызық жағдайды әң­гіме­леп берейін. Біздің үйде ар­­ғы аталарымыздан қалған кү­міс ер, жиегі алтын жіппен әдіп­­телген ақ жабу, кемер белбеу,­ неге жаупері дейтінін әлі­ күнге білмеймін, жаупері пышақ, күміс құндақ бесатар мылтық, шешемнің алтын біле­зігі мен балдақты сырғасы, сал­пыншақ күміс өңіржиегі болды. Жасауымен келген екен. Сол заттарды 1970 жылдардың басында, мен ол кезде мектепте оқимын, Ал­матыдан Құлахмет Қожықов деген суретші бастаған топ келіп «Ұлт­тық музей ұйымдастырып жа­тырмыз» деп қолқаласын. Құ­лахмет ақсақал біздің елге күйеу екен, кезінде КазЦИК-тің төрағасы болған Жалау Мың­баев көкеміздің қызына үй­ленген. Соны бұлдап әкеме: «Әбе­ке, күйеу мен жиеннің назасы жаман болады, бермесеңіз өкпелеймін», деп жатып ал­ды. Бауыры Сұлтанахмет Қожы­қов «Қыз Жібек» деген фильм түсір­мекші екен, соған керек деп тағы айт­ты. Фильм жарыққа шыққан соң ол заттардан біз көз жазып қал­дық. Алматыда ешкімнің ад­ресін де алмаппыз. Содан ауылы­мыз атақоныс Маңғыстауға қай­та көшті. Кімнің қолында ненің кеткенін білмейміз. Әкей қай­тыс болды. Мен болсам сол бұйымдарды ұзақ уақыт іздеу­мен жүрдім. Әсіресе, күміс ерді. Кей­де түсіме кіретін. Сондайда анам: «Қойшы, іздеме. Керек емес. Бар пәле сонымен кетсін. Үкі­метке тиіспе, құрысын. Сол шаруаға басыңды сұқпашы, тыныш жүрші» дей беретін. Кәм­пескені көзімен көрген шай­лықпалы жүрек қой ол. Музей­лерден сұрап жүрдім, ұшты-күй­лі жоқ. Бірде тәуекел деп Құл­ахмет ақсақалды іздеп барып: «Мен баяғы Раушанов Әб­діжаппар деген кісінің баласымын» деп жөнімді айттым. Ол бол­са маған: «Сенің әкең сол жо­лы деңмент белбеуді бермей қалды. Милиция жіберіп алдыртам. Оның тоғасынан ілдір­месіне дейін ішкі қабатына қа­тарлап хантеңге деген қызыл алтын тыққанын білеміз» деп қыңырайды. Орысшалап «контра» деп қойды тағы. Шешеме айтып келдім. «Күйеу деп, аяқ ас­тынан туыс тауып едіңдер, туыс­тарың осылай деп жатыр» демеймін бе? «Айттым ғой, саған тыныш жүр деп. Басың пә­леге қалады дегенім жоқ па? Атаңа қайырсыз болған мал саған қайдан абырой әпереді?!» деп сарыуайымға салсын-ай келіп. Содан қайтып ол заттарды біз іздемедік. Балалық қой, аңқаулық тағы бар, шешем менен өткен аңқау, күйеудің қайын жұртына қалжыңы болатынын қайдан білейін, шынымен бір пәлені бастап отыр деп сеніппін. Оны маған тағы бір жездеміз, профессор, түрколог Ғұбайдолла Айдаров айтты. «Әй, ол әзіл ғой, баламысың деген, сен соны шын көргенсің. Жарайды, мен өзім сөйлесемін» деп жұбатқан. Сөйтіп жүргенде екі жездекем де қайтыс боп кетті. Сұрайтын ешкім қалмады.

Бір есімде қалғаны, сол жо­лы Қожықовтың жанына ай де­се­ ауызы, күн десе көзі бар сұ­л­у қыз еріп келген. Аты Баян се­кіл­ді еді. Енді мен Баянды іздейін. Министрліктен бастап, осы біледі-ау дегендердің талай мазасын алдым. Өнердің маңындағы жігіттер музей саласында білікті өнертанушы Баян Әсембайқызы Алдабергенова деген кісі бар деген соң іздеп жүріп оны да таптым. Жолықтым. Сөйлестім. «Иә, сендердің үйле­ріңе Құлахмет ағаға еріп барған мен болатынмын» дегенде, жү­ре­гім жарылып кетер ме екен деп ойладым. Өзі орыстілді екен. Қазір 72-ге келіпті. Бірақ, бәрі­ есінде, адамның көзі өзгер­мейді ғой, тани кеттім, ойы бұл­дырамапты. «Құранды ер, ал­тын білезік, күміс өңіржиекті сендердің үйден алғанбыз. Барлық құжатты өз қолыммен тол­тырғам. Ештеңе жоғалған жоқ. Ол заттар қазақтың сол за­ман­дағы асыл бұйымдары ретінде Ә.Қастеев атындағы му­зейге апарып қойылды. Қа­зір сол музейдің қорында сақ­­таулы тұр. Астындағы әй­некке «Әбдіжаппаровтардан алын­ды»­ деп жазылған», - дей­ді. Суреттері альбомдарға да шығыпты. Қырық жылдан ас­там уақыттан соң әкем тіріліп кел­гендей қуандым. Бір кезде ренжіген Құлахмет ақсақалға іштей рахметімді айттым. Баян тәтеміз мені заңды мұрагер ретінде құнды дүниелерді өзіне қайтарып алғысы келеді деп ойласа керек, маған ол енді халықтың мүлкі екенін түсіндіре бастағанда, күлдім. Мамамның «атаңа қайыр бермеген мал саған қайдан бұйырсын» дегенін есіме түсірдім. Неге қайыр бермеді, халыққа қайыр бергені маған да қайырлы болғаны емес пе? Оны даулап қайтем мен? Ол - енді елдің мүлкі. Музейге келушілер бір кезде қазақтың Әбдіжаппар деген шалы мен Әуехан деген кемпірінің ата мұраларын көріп қуанса, менің де қуанғаным. Ал сен байлық дейсің, айналайын...

Ақынның көңілі көне бесіктің қоңырауы сияқты...

– Жақында жарық көр­ген «Амал деген айыңыз» ат­ты кітабыңыздағы «Поэзия» деген өлеңіңізге қатысты сауал қоя­йын. Осы уақытқа дейін өлеңге адал болдым деп айта ала­сыз ба? Принципіңізді сат­қан кезіңіз болды ма?

– «Поэзия» – ертеректе жа­зылған өлең. Кітаптарыма енбей қалып жүрді. Жоғалып кет­ті, кейін қайта тауып алдым. Басқа себебі жоқ. Жоғалтқаны көп адаммын ғой мен. Басқасын қайдам, өлеңге адал болдым. Егер шынымен жастардың ме­ні жақсы көретіні рас болса, ол бәлки, менің ғажап ақын бол­ғандығымнан емес, өлеңге адал­дығымнан шығар деп ойлай­мын. Жастар адалдықты бірден сезеді. Үлкендердей емес. Ал өмір­де «вариацияға» барған кез­­дерім болды, ол рас. Бала-шағаны асырау үшін, өзіңе сеніп тапсырылған ұжымды жұ­мыссыз қалдырмас үшін, аға­йын-туманың есен-түгелдігі үшін кейбір тұста аттайтын жерден аттадым, оны өзім білемін. Бі­рақ, күйкі өмірді өлеңге ара­ластырған жоқпын. Оның үс­тіне алдымдағы ағаларым өмір­ден өтіп, үйдің үлкені боп қа­лып жатырмын. Соңымнан ерген іні-қарындастың жоғын жоқ­тап, мұңын мұңдау менің мойнымда. Сол мақсатта кейде бар­ғың келмейтін бір адамдарға ба­расың, ашқың келмейтін есік­терді ашасың, айтқың келмейтін бір әңгімелерді айтасың. Күткің келмейтін жерлерде отырып, күтесің. Ол өмір... Қырыққа, ел­уіме дейін ондайға бармайтынмын.

– Әйел ақындарды онша­ түсінбейтініңізді білеміз. Сіз­ бұл сұрақты жауапсыз қалды­рып та көрдіңіз, ал мен сауалды сәл басқаша қояйын... Сіз оқи­тын Гүлнар Салықбайдың қа­тарына қазіргі ақын қыз­дардан қосыл­ға­ны бар ма осы?!

– Бар шығар. Мен екі бастан ­Гүл­нардың өлеңдерін жақсы көре­мін ғой. Менің қатарларым және менен кіші Шәмшия Жұ­батова, Баян Бекетова, Гүлнар Өмір­зақова, Гүлнар Шәмшиева, Гүл­баһрам Жебесінова, Жанат Әс­кербекқызы, Танакөз Толқын­қызы, Құралай Омар, Жанна деген ақын қыздар бар. Ертерек қайтыс болып кеткен Гүлзакира Әбілдаева да жақсы жазатын. Мен олардың қай-қайсысының болсын өлеңдерін оқып отырамын. Айтпақшы, Атырауда Әлия мен Бақытгүл бар. Кейінгі жастардың арасында да ақын қыздар жүр, тек есімдерін мен­ білмеуім мүмкін. Менің біл­меуім – олар жоқ деген әңгіме емес қой. Ол – менің кемшілігім. Об­лыстарға, аудандарға, әр жер­дегі кездесулерге барғанда қыз балалар өлеңдерін оқып жатады. Аттары есімде қалмайды.

Тарихта Коперникті «Жер айналады» дегені үшін отқа өр­темек болғанын білесіңдер ғой?! Сон­да «Жоқ, кешіріңдер, мен жаң­сақ айтыппын, жер айналмайды екен» деп, діншілдерден құ­­тылады ғой. Бірақ, соттан аман-есен шығып бара жатып: «Нет, все таки оно вертится» де­генге ұқсайды. Сол айтпақшы, мен қалай болған жағдайда да, поэ­зияның таза сақталғанын, былғанбағанын қалаймын. Мен қадірлеп, қастерлейтін, құр­меттеп, басымды иетін дүние ол – Өлең. Поэзияның асқақ бол­ғанын ұнатамын. Өлең деген туған анаңдай қадірлі болуы керек.

Тұмшаланған жас­тарды ақтай алмас едім...

– Коперниктің діншілдер­ге қарсы тұруы дегеніңізге байланысты бір сұрақтың ре­ті келіп тұр. Елімізде «Дін ту­­ралы» заң­ға түзетулер қа­рас­тырылды ғой.­ Сіздің «Мар­ғұланда пә­рен­жі жамыл­ған қызды ақ­тау»­ атты өлеңіңіз бар.­ Осы­ өле­ңіңіздегідей біз­дегі жағдай­ды, ніл қарадан тұм­ша­ланып киі­нетін жастарды ақтай алар ма­ едіңіз?

– Жоқ, ақтай алмас едім. Әде­­биет деген – protest, яғни қар­сылық. Әсіресе, менің өлеңдерім іштегі қарсылықтан туады. Бірде Кеңес өкіметі тұсында Орталық Азия­ны аралайтын «Өзбекстан комсомолы» дейтін үгіт-наси­хат пойызына Қазақстаннан Ұлық­бек екеуміз шақырылдық. Со­дан Хиуаның, Марғұланның көшелерін қыдырып жүрсек, бір өзбек шалы келіп, екеумізді қуалап мешітке апарып салды. Кірсек, жұма намазы оқылып жатыр екен. Жас кезіміз ғой, намаз оқуды да білмейміз, араларына тұра қалдық. Бір-бірімізді мазақтап, мешіттен ішек-сілеміз қатып, күліп шығып келе жат­қанбыз, пәренжі жамылған бір қызға жергілікті милицияның қыр­ғидай тиіп жатқанын көрдім. Қалай киінсе де, ол қыздың өз хақы ғой деп ойлағам сонда. Бұл 1984-1985 жылдар болатын. Ал қазір қыздарымыздың қап-қара көйлек киіп, мөлітіп-төгілтіп алғанын түсіне алмай­мын. Ол әрі-беріден соң қазақта жоқ нәрсе. Ғафур Гұлам деген өзбектің жазушысы болды.­ ­Біздің Сәбеңнің, Сәбит Мұ­­­­қа­­новтың досы. Ғафурдың қызы­ның өзі бүгінде 80-нен асты. Ха­бар­ласып тұрамын. Ғафұр ака пәренжі жамылған әйелдердің қандай сұмдық істер жасағанын жазған. «Сұм бала» деген һіка­сын оқыңыз. Тіпті, «Өйтіп тұм­шаланғанша, ашық жүргені жақ­сы емес пе?!» деген түйін де жасаған. Қыз балалардың оранып алып жүргенін қабылдай алмаймын. Біз діннен алысырақ өстік. Десе де, Бекет атаның ұр­­пағы болғандықтан, мен Ис­лам дініне міндетті түрде құр­­метпен қараймын, оның қа­ғи­­даларын үйде де, түзде де ұс­тауға тырысамын. Дей тұрған­мен, дінге бассыз, көзсіз кеткен жас­тардың «әке-шешем намаз оқы­майды» деп ата-анасына қарсы шығуы немесе «мені талақ етті» деп әйелдердің бір күйеу­ден екінші, үшінші күйеуге ке­те беретінін түсінбеймін. Ол – біз­дің қазақтың әдеп+ахлағында жоқ нәрсе. Мен Қожа Ахмет Яса­уи­дің ұстанған бағытын қол­дап, қуаттаймын. Ол – Ислам дінін қазақтың менталитетіне ың­ғайлаған адам. Қазіргі кейбір жастар қазаққа арабтардың жаңағы «дәстүрін» қайтып әкелгісі келетін сынды. Тұмшаланып оранған қызының ата-анасы бет жүзін көрмей жүр­се, оны қалай түсінеміз? Қазақ­тың қызы әке-шешесіне еркелеп, жайраңдап, әкесінің мойнында өс­уі керек емес пе?!

«Рухани жаңғыруды» ұлы Мұхаңның мақаласындай қабылдадым

– Елбасының «Рухани жаң­ғыру: болашаққа бағдар» ма­қа­­ласында айтылған ел мен жер, қоғамдық, елдік, ұлттық мәсе­лелер туралы пікіріңізді біл­сек...

– Президенттің бұл мақаласы дер кезінде жарыққа шыққан, қазақтың рухани әлеміне үлкен сер­піліс әкелген дүние болды. 1961 жылы ұлы Мұхаң, Мұх­тар Әуезовтің «Жыл келгендей­ жаңа­лық сезінеміз» атты мақала­сы жарық көрген. Ол рухани ортаны дүр сілкіндірген, жаңалыққа үндеген мақала болатын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мақа­ласын дәл осы Мұхаңның 1961 жылғы мақаласындай жақсы қа­былдадым. Ондағы ұлттық бір­лік, тұтастық, туған жер туралы айтылған ойларын құптаймын.

– Күні кеше сол мақалада ай­­тылған латын әліпбиіне кө­­­­шу ұсынысы жаппай тал­қы­­лаудан өтіп, Елбасына ға­лым­дар тарапынан латын гра­фикасының үлгілік жобасы ұсы­­нылды. Латын әліпбиіне өту­­­ге ойыңыз қалай?

– Жаңа Елбасының мақаласы дер кезінде шыққан дүние болды дедім ғой, отқа түсіп бара жат­­қан баланы анасы етегінен тар­­тып, шап беріп ұстап алады емес пе?! «Рухани жаңғыру» да сол сынды қазақты рухани бағдарынан айырылмауға үн­деген мақала, Темірқазық дер едім. Латын әліпбиіне ауысу ке­рек. Мен одан біреулер айтып жүргендей қорықпаймын, қайта құптаймын. Әлдекімдер «латынға көшсек, қазақ қоғамы бір-бірін түсінбей, екіге жарылады» дейтін көрінеді. Мен олай ойламаймын. Ол өз ішіміздегі мәселе. Латын әліпбиіне ауысу не үшін қажет?! Ұлтты ұлт ре­тінде сақтап, қалыптастыру үшін де осындай бір жаңашыл қадам болғаны дұрыс. Ең бастысы, рухани жігімізден, тамырымыздан ажырамасақ болғаны.

Басы артық кітаптар қаптап кетті

– Сіздің осыдан біраз жыл бұрын «Егер мен кітабымды жа­рыққа шығарсам, өз бас­памнан шығармаймын» дей­тініңізді естіп қалғаным бар. Бі­рақ жақында жарық көр­ген «Амал деген айыңыз...» «Жа­зушыдан» шықты. Бұл қалай?

– Менен бұрын бұл­ мекемені басқарған дирек­торлардың көбі жұртты қойып, өзінің кітабын шығарыпты. Содан проблемалары болған... «Өз кітабымды өзім басқаратын баспада басқыз­баймын» дегенім содан еді. Осы 20 жылда бірде-бір рет өз өлеңдерімді шығарған емес­пін. Алпысқа келгенде де шы­ғар­мас едім. Мәдениет және спорт министрлігі әдебиеттің әлеу­меттік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тара­ту кіші бағдарламасы бо­йынша менің кітабымды «Жа­зушы» баспасына бөліп қо­йыпты. Оны мен жыл аяғында, яки басылатын кітаптардың ті­зімі мен тақырыптық жос­пар бекіп, қолыма құжат келгенде ғана көрдім. Қаржы министрлігі мен Салық коми­тетіне тіркеліп қойыпты. Әл­бетте, менің жағдайыммен, мүм­кіндігімменен жинағымды басқа баспадан шығаруға да болады. Тіпті болмаса, менің орныма басқа ақынның кітабы жарыққа шы­ққаны мақұл болар еді. Қыл қысқасы, заңды бұза алмадық. Кейде заң адамгершіліктен бөлек тұрады. Көне латындарда «dura lex sed lex» деген қанатты сөз­ бар. «Заң қатал, бірақ не де­сең де, заңның аты заң» деген ма­ғына береді. Ағаларым мен іні­лерімнің кітабын шығарудай-ақ шығарып келдім ғой. Әлі де шығарамын. Тіпті артық шы­ғарып жіберген кезім болды.

Бүгінде басы артық кітаптар қап­тап кетті. Поэзияда көп ақынның өлеңдер жинағын басудың қажеті жоқ еді. Мен осы жинағыма әдеттегі дәстүрді бұзып, жастардың редактор болғанын қаладым. Кітабымның редакторлық, корректорлық жұмыстарын Шерхан Талап, Асылан Тілеген, Айбол Ислам­ғали, Бекзат Смадияр деген­ жігіттер атқарды. Сосын Свет­­қа­ли Нұржанға, Жанат Аймұ­хамбет қарындасымызға қа­рат­тым. Әбең Нұрпейісов секіл­ді «Аямаңдар!» дедім. Олар оқы­ды. Қай-қайсысының да сын-ескертпелерін ескеруге­ тырыстым. Келіспеген тұста­рым да бар. Жалпы, мен өлең­де өз ақылым болмаса, өз­генің айтқанына жүрмейтін бірмойындаумын. Ал сендер плюреализм дейсіңдер. Ал­ғашқыда осы кітапқа енуі тиіс біраз өлеңім белгілі бір объек­тивті-субъективті себептермен кірмей қалды. Өкінішті. Ор­нына «Аида» (Дж. Верди) мен «Гамлет» (Шекспирден еркін аударма) деген аудармаларымды салдық. Мен анығында тәржімандығы шамалы адаммын. Солай болды. Жаңағы редакторлардан Шерханның принциптілігіне риза болдым. Өлеңдерімді оқып: «Жоқ, аға, мұныңыз болмайды», – деп, ойын батыл айта алатын бала екен. Бұл жақсы ғой. Жас кезімде мен өзім сондай едім. Қазіргі жас ақындарға қарап отырып, бір кездегі өзімді көремін.

Әңгімелескен Қарлыға ИБРАГИМОВА
egemen.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар