Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
Есенғали қаламынан тамып түскен қоңыр бояу...

16.03.2022 3357

Есенғали қаламынан тамып түскен қоңыр бояу 12+

Есенғали қаламынан тамып түскен қоңыр бояу - adebiportal.kz

Есенғали Раушанов - өз шығармашылығы арқылы ұлттық идеяны жаңа бір қырынан, жаңа бір биігінен, жаңа бір көркемдік ерекшелік тұрғысынан жырлай алған қаламы қарымды ақын, сұңғыла суреткер. Мәселен, «Саяси емес өлең» атты диалог түрінде құрылған төрт-ақ шумақ өлеңін алайық. Мұнда ақыннан әлдебір «жұмбақ сұхбаттасы» шетелдерде кімі бар екенін сұрайды. Әке-шешесі, екі әжесі, бір ағасы кеткен елге өзінің де тартып кеткісі келетінін, дегенмен анасы «әзірше қоя тұр» деп хабар бергенін, туыстарының түсіне жиі енетінін айта келе автор ол елдің «Аспанстан», яғни о дүние екенін білдіреді. Өлеңді Е. Раушанов:

Шошып тұрам орнымнан, үңілем де,

Несін айтып тұр деме мұңын елге.

Қазақстан жерінен кетер болсам,

Тек сол жаққа кетемін түбі мен де, – деп түйіндейді.

Ұлан-ғайыр атырапты, кең байтақ даланы көз алартқан дұшпаннан қайтсек сақтап қаламыз, қайтсек жерімізді жанға толтырамыз деп қам жеген қазіргідей шақта жақсы өмір іздеп шетелге көшіп жатқан қандас бауырларымыз Есенғали Раушановтың осы жырын жан-жүрегімен сезініп оқыса керек-ті. Осы ретте, атылатынын, асылатынын, қуғынға ұшырап, абақтыға жабылатынын біле тұра, осыдан бір ғасыр бұрын Алашордашылардың «Қaзaқтың – Қaзaқcтaннaн бacқa Отaны жоқ. Cондықтaн қaзaқ үкімeтінің мүшeлeрі қaзaқ ішіндe қaлуы тиіc», - деп бірауыздан шешім қабылдап, сырт елдерге қоныс аудармағаны еске түседі. Демек, Алаш зиялыларының рух-намысы бойына қонған Есенғали ақын да жүрекжарды жыры, төл туындысы арқылы қазақтың «Ит тойған жеріне, Ер туған жеріне» деген мақалын оқырмандардың есіне салады.

Алайда ел бастар көсемдері мен сөз бастар шешендерінің тілін алса, қазақ әлдеқашан алыс-жақын көршілерін аузына қаратқан алпауыт ел, күшті жұрт, іргелі мемлекет болар ма еді? Е.Раушановтың мұндай ойы мен күйінішін, шері мен шеменін «Қарға бойлы Қазтуған» атты жырынан көреміз. Аталмыш шығармасында бізге ақын Қазтуған жыраумен сырласқандай, мұңын шаққандай әсер қалдырды. Автор майлы қиян – Маңқыстау бойын, шаңды қиян – Еділ бойын Мысырға айырбастамайтынын айта келе, азын-аулақ сөз айтса, онысы «сабында саф алтынның буы бар, ұшында тіл тартқызбас уы бар» Қазтуған қамшысының от бүлдіргісіне жарап-жарамайтынын уайымдап тебіренеді. Одан әрі тегі осал болмаса да, есті сөзіне ел құлақ аспай, тірі өлік болып күйініп жүргенін тілге тиек етеді. Жырын автор:

Таң қаласың несіне,

Қарға бойлы Қазтуған,

Қазақ сені де тыңдаған жоқ уағында-ай...

деп оқырманға ой сала қорытындылайды. Бұл өлеңнен ұғатынымыз: топ бастар серкелерінің соңынан ергеннен халық ұтпаса, ұтылмайды. Ендеше, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарар бірліктің аса маңызды екенін «өз сөзінен басқа сөзді ұқпайтын қыртыңдар» мен «бас-басына би болған қиқымдарға» (Абай) ебін тауып түсіндіру керек!

Бірінші талданған өлең сияқты «Жат емес-ті» өлеңі де екі адамның арасындағы диалог түрінде жазылған. Онда автор көрші ақынның «Кіл саудагер ел тізгінін қолға алып, Сатып жатыр Отанды» деп ызаланғанын жазады. Әңгіме ары қарай былай өрбиді:

- Сатып жатса, алмайсың ба өзің-ақ?

- Кедеймін ғой, мен бейшара кедеймін. –

Ұйқы қысып зорға отырмын божырап,

Не деймін?

Негізінде, бұл жерде ақын өзін ұйқы қысып отырғанын емес, жалпы елдің әлі де ұйқыда екенін айтқысы келгендей. Яғни, өлеңде қазақ халқының атынан сөйлейді. Ұлан-ғайыр қазақ даласын жергілікті халық өзі игере алмай, шетелдік компанияларға ондаған жылға жалға берілуіне және пайдалы қазбалардың шикізат күйінде сырт елдерге арзан бағаға сатылуына деген наразылық көрініс тапқан. Автор «Отанды сату» деп осыны айтса керек. Мұны көріп-біліп отырған халықтың заманауи ғылым-білімді игеруге, озық технологияларды меңгеруге құлықсыздығына, самарқаулығына ашынып жазылған өлең деп топшылаймыз. Оқырман қауымды, қарапайым халықты жырмен белгілі бір іске, ұлттық идеяға жұмылдыру кез-келген шайырдың мұраты болғандықтан, аталмыш шығарманың да өзіндік маңызы бар деп есептейміз.

Дегенмен, Есенғали қазақтың мінін ғана емес, жақсы жақтарын да көре білгенін шығармашылығын мұқият зерделей отырып байқадық. Мәселен, «Әкемнің өлеңінде» «Тыңдар құлақ табылса, Әр қазақта он қазақтың зары бар» деуі арқылы халқымыздың бауырмалдық, жанашырлық, әрдайым өзгенің де қамын ойлаған көпшілдік қасиетін тілге тиек еткенін ұқтық. «Арғымақ ару аттар жалында» өлеңінде қаламгер «қазақ» сөзінің мәнін жаңа бір қырынан жырлайды, жаңа бір мағына беріп өлеңге қосады. Мұнда «Бабырнама» жырынан «...қазақтықта менімен бірге жүрді... ол...» деген үзінді алынып, «қазақ» сөзі «жауынгер», «әскер», «шайқас» деген мағынада қолданылған.

Арғымақ ару аттар жалында

Жел ұйықтайды бұл түнде.

Кешегі кескекті ерлердің барында,

Ол ұйқы он бұзылар еді бір күнде,

Ал айташым, айтар болсаң, сол ерлерді айт іркілме,

– деп «Дулығалы бас кескен, Ту түбінен ту алған, Жауды көрсе, қуанған» (Махамбет) ерлердің заманын еске түсіріп басталған жырды автор: «Қазақ өлсе – көмілер, Көмілмесе, иманы Хаққа аманат, Қазақтығың өлмесін» деп түйіндейді. «Қазақ» сөзі «әскер», «жауынгер» мағынасында айтылғанын ескерсек, демек, ақын адам бойындағы жауынгерлік рухты, қайсарлықты, жамандықпен күресте ауадай қажет табандылықты өлтіріп алмауды меңзеп отыр. Ұлы Абайдың өзі толық адамның негізгі үш қасиетінің бірі қайрат екенін айтқанын еске түсіре отырып, талданып отырған өлеңге өте құнды деп баға береміз.Өйткені, қандай салада болсын Отанға қызмет ету үшін қайтпас қайсарлық, түгесілмес төзім, асқақ жауынгерлік рух қажет.

Оқырман қауымды мұндай өр рухқа тәрбиелеу үшін ақынның өзі жігерлі, асқақ рухты тұлға болуы керек екені айтпай-ақ түсінікті нәрсе. Кезінде Қадыр ақын да бұл туралы «Ақынға керек ақыл көп, Асаулық керек аздаған» деген еді. Көзі тірі классик Есенғали ақынды жақын танитындар немесе көзбе-көз әңгімелескендер оның мінезді адам екенін біледі. Сондай-ақ, мұны шайырдың жырларынан да байқаймыз. Мәселен, «Еркек» атты өлеңін алайық. Онда автор нағыз еркектің, шын мәніндегі ердің атынан сөйлей отырып, өзінің «қасқырдан тартып алып апан жайлағанын», «тарпаңды көлік қылып мінгенін», «жолбарыс-тағдырдан жеңілмегенін», «жатыры асыл деп қабылан-қызбен қосылғанын», «шыңда қара беріш қайың боп қасқайып өскенін» жырға қосады. Осындай отты да рухты жыры арқылы ақын жігіттерді қайратты болуға тәрбиелеп, өмірдің сынақтарына сынбауға шақырып тұрғандай көрінеді. «Піл сүйек, нар қылықты» (Мұқағали) азаматтар уақыт өткен сайын азайып бара жатқан заманда бұл жырды әрбір жігіттің оқығаны абзал.

«Уа, жалт еткен, жалт еткен» атты өлеңінде Есенғали бұл ойын одан әрі өрбітіп, дамыта түседі. «Жай түссе де жасқанбайтын, қарт әкесі қарағайдың» қарсы біткен көп бұтағы алағай да бұлағай қарлы нөсер құйғанда, тамырына су тигізбей қорған болып, түбірімен жұлынып қалмауын қамтамасыз ететінін шабыттана жырлай келе:

Бері таман келелік,

Қарындас жұрт – қара орман.

Қарағайдай қалың өскен ел едік,

Тамырыңды көрелік...

деп оқырманға ой сала аяқтайды. Шынында да, Отанымыз алып бір қарағай болса, біз сол қарағайдың бұтақтарымыз. Ал тамыры – ұлттың салт-дәстүрі, тарихы, әдеп-ғұрпы, тілі, діні, бір сөзбен айтқанда – ділі. Тамыр болмаса, қарағай жоқ. Қарағай жоқ болса, бұтақтар да жоқ. Ал тамырды қарлы нөсерде сақтап қалатын қарсы біткен бұтақтар, яғни кескекті ерлер. Заманның бұрқасын-дауылдарында түп-тамырымыздың зиян шекпеуіне қаншалықты мән беріп жүрміз? Ұлттық рух, ұлттық намыс, ұлттық болмысымызды қорғай алып жүрміз бе? Орман ішіндегі көріністі суреттей отырып, ақын осындай сауал тастайды.

Есенғали Раушановтың «Сарыөзен» поэмасында ұлттық идеяны насихаттау анық байқалады. Аталмыш шығарманың ерекшелігі – автор бір-бірінен мүлде алыс жатқан екі дәуірдегі оқиғаларды жырлай отырып, ойын тарихи шындықпен шендестіре жеткізеді. Ұғынықты болуы үшін поэманың мазмұнын қысқаша талдап өтейік. Аландардың патшасы Батразд жер қайысқан қалың қолымен тұтқиылдан келіп, Томиристің елін шабуға келіспегені үшін сарматтардың бір ауылын қырып тастайды. Содан соң Томирис жағына сатылып кетті деп жала жауып, жан-жаққа хабаршы шаптырады. «Өліктердің денелеріндегі жебелерді суырып алу керек. Сармат патшасы Ларкион жебелерді танып, бұл ауылды кімнің қырғанын біліп қоюы мүмкін» – деген біреуге Батразд: «Қорықпа, бұлардың салтында моланы қазуға да, жаңғыртуға да болмайды» – деп гүр етеді. Арада мыңдаған жыл өткен соң тура осы жерде, яғни Сарыөзеннің бойында осыған ұқсас оқиға болады.

...1862 жылы Орынбор генерал-губернаторы Крыжановскийдің қабылдауында Ішкі Орданы басқару жөніндегі Уақытша Советтің кеңесшісі, сотник Мұхаммед-Салық-Қожа Бабажанов болып, қазақ халқының тағдырына байланысты екі мәселені көтереді: байлар мен помещиктер иеленіп алған Еділдің екі бетін де шаруаларға қайтару және қазақ даласында орыс-қазақ мектептерін ашу. Ұға білген адамға бұл ұсыныстар қазақ халқын ұйқыдан оятып, отаршылдыққа қарсы күреске шақырумен бірдей еді. Сондықтан генерал-губернатордың сотник Бабажанов шығып кеткеннен кейінгі ойын автор:

«Да-а, сөз жоқ, батыл ұлан, батыл ұлан,

Көз жазбау керек болды, заты, бұдан.

...Қазақта қарғыс атқан тағы бір ұл,

Қағынып туған екен жатырынан»

деп жырлайды. Арада біраз уақыт өткен соң, Ордаға өзі баратынын айтып хабаршы жібереді. Қазақ сұлтандары генерал-губернаторды құрақ ұшып, балаша емпең қағып қонақ қылады. Крыжановский осы сапарында Салық төреге ұсыныстарын қабыл алғанын айтып қуантқанмен, бұл айлакер әрі сұм генерал-губернатордың зымиян жоспарынан қазақ төресі секем алып қалмасын деген сақтығы ғана еді. Орынбордан келген «құрметті» мейманның қолынан у қосылған шарап ішкен. Мұхаммед-Салық-Қожа Бабажанов келесі күні ұйқысынан оянбай қалғанда, қылмыскердің өзі «аһ» ұрып, «қайғырады». Тіпті, алдын-ала келісім бойынша «жүрегі қуаныштан жарылып өлді» деп жалған қорытынды жасайтын дәрігерді өлікке сараптама жасауға алдыртады. Ал шындықты білетін Крыжановскийдің адъютанты болса, халық ақиқатты ешқашан анықтай алмайтынын біліп, «Өлікті тексерту де, қайта ашу да бұл елдің салтында жоқ» деп миығынан күлген екен.

Поэманы автор «Оба жыры» деп аталатын эпилогпен бітіреді: «XX ғасыр. Әлқисса, Сарыөзен арнасына сыймай буырқана тасыды. Асау толқындар қара оба жақ жердің арғы бетінде жасырынып жатқан әлденені жан сала іздегендей жапа-тармағай ұмтылды. Табанын толқын кемірген жарлауыттар гүрс-гүрс құлап жатты. Ақыры, жардың бетіне сансыз адамның сүйегі самсай шыға келгенде, Сарыөзен сабасына түсті. Қайыр сұрағандай созыла түсіп, қатып қалған қолдар, зұлмат тағдырды мазақтап сақ-сақ күле жөнелетіндей боп көрінетін қу бас, сыңарын іздегендей шошайып тұрған аяқтар, саусақтар, омыртқалар, қабырғалар, жапырақ бас алан жебелері қара жардың бетінде қатталып тұрды... Қатталып тұрды, қат-қат кітап секілді әлі оқыла қоймаған».

Иә, өзінің тарихын, өткенін зерттемейтін, құндамайтын халық ешқашан ақиқатты біле алмайды, кімнің жау, кімнің дос екенін бағамдай алмайды. Сарыөзеннің асау толқындары сияқты өмір де өз уақыты келгенде тарихтың шаң басқан, әлдеқашан ұмытылған беттерін қайта ашады. Дегенмен, сол кезде өткенді зерттеп, зерделейтін, ненің рас, ненің өтірік екенін анықтайтын ұрпақ табылса жақсы. Әйтпесе, «қара жардың бетінде қатталып тұрған алан жебелерінің» сыры ашылмайды. Міне, Есенғали ақын «Сарыөзен» поэмасы арқылы ұлттық тарихты қаузап зерттеуге үндейтін осындай идеяны насихаттаса керек.

Сонымен қатар, ақынның аталмыш шығармасы көркемдік жағынан өте жоғары деңгейде екенін міндетті түрде айта кету керек. Мәселен, мынадай теңеулерден көз алдыңда тұтастай картиналар елестейді:

...Беткейге шығып кеткен топ қызғалдақ,

Бейне бір секем алған үркек елік...

***

...Қылаң жол – қылыш ізі кеткен осып,

Етекте қара қорым көп төбешік.

Бүк түсіп, теріс қарап жатыр үнсіз,

Қалғандай бір-біріне өкпелесіп...

***

...Топ жыңғыл телміреді тораңғылға,

Салық тұр тораңғыл боп топ алдында...

***

...Қызарып Сарыөзеннің жарқабағы,

Батыс жақ бауырдай боп қанталады...

***

...Қараша ауыл шаруа қамын ұмытып,

Қара шекпен делеңдеді, күпінді.

Қара қазан қарнын отқа жылытып,

Қара шәугім отқа шырт-шырт түкірді...

***

...Үй толы Нұралының көп тентегі,

Дүр етті қоян жұтқан қаршығадай...

***

...Күйшіге аппақ мойнын бұрды ханша,

Ханша емес, тауға біткен бұл бір арша.

Жанарын мөлдіретіп келіп тұрды,

Желіде жалғыз қалған мұңлы нарша...

Міне, ақынның осындай теңеулерінен жырға қосып отырған құбылысы, көрінісі кәдімгі бейнежазба көріп отырғандай көз алдыңа елестейді. Бұдан шайырдың шеберлігін қапысыз аңдаудан бөлек, қазақтың тыныс-тіршілігін, ауыл өмірін жете білетіндігін аңғарамыз. Өйткені, әдеби әдіс-тәсілдері мен теңеулерінің барлығы ауыл өмірінен, табиғат құбылыстарынан алынған. Бұл да бір хас ақынның белгісі болса керек. Жоғарыда келтірген мысалдар Есенғалидың ақындық қабілетінің бір көрінісі, таптырмас теңеулерінің бір парасы ғана. Айта берсек, жоғарыдағы өлең жолдары жалғаса береді.

Сөзіміздің соңында, Есенғали Раушановтың поэзиясы ұлттық идеяға негізделгенін айтқымыз келеді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар