Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Есенғали Раушанов. Теңіз жаққа асығамын қу маңдай

16.06.2019 861

Есенғали Раушанов. Теңіз жаққа асығамын қу маңдай

Тоғыз қайық

Кәрі Каспий, кәрі айдын,

Көзімді алмай көкжиекке қараймын.

Тоғыз қайық қай жаққа алып кетті екен?

Викингтерін Адайдың.

Күте-күте соңын сол бір сапардың,

Мұнда ылғи да мұңаяды батар күн.

Ең болмаса ей, қара бет, қанды су!

Сүйегін бер, атамның!

Қай тұста олар бауырын жерге төседі,

Дүлей дүние-ай, не шеті жоқ, не шегі

Түнде жүрген кемелерге әлі күн

Тоғыз қайық көрінеді деседі.

Күнектейді өңшең батыр қол бұлғап,

Тайызға емес, ту тереңге тор құрмақ.

Тоғыз шамға ұқсайды екен кейде олар,

Адасқанға нұсқайды екен жолды ымдап.

Демім бітіп, батып ұйма тереңге,

Енді өлдім-ау дегенде.

Аласұра атып тұрам айқай сап,

Көз ұшынан тоғыз қайық көрем де.

Кәрі Каспий, түн қандай,

Теңіз жаққа асығамын қу маңдай

Толқын қуған тоғыз қайық болдырып,

Жағаға кеп мені күтіп тұрғандай.

****

Дария жақтан көтерілгенде ⠀
Қып-қызыл болып қалқан ай, ⠀
Өбісіп тұрар от еріндерде ⠀
Бар еді-ау бір күш, қалқам-ай. ⠀

Егілгем мен де сол шақта мұңды, ⠀
Сол шақта мұңды көңілмен. ⠀
Жұта бермеп пе ем моншақтарыңды, ⠀
Моншақтарыңды төгілген. ⠀

Жылама, сәулем, алаңдағанда ой, ⠀
Жаныма ем бол жаралы. ⠀
Жас төгу үшін жаралмаған ғой ⠀
Жас арулардың жанары.⠀

Сүйеді таңдар әуелі шыңды, ⠀
Жапырағын талдар үзбепті. ⠀
Сен айтқан әннің әуені сынды ⠀
Себездеп ақ нұр бізді өпті. ⠀

Сыйладым шуақ жанарларыңа, ⠀
Санасыз ойға сапы ұрдық. ⠀
Сұлулық та жоқ ғаламда мына, ⠀
Жоқ болса егер ақындық.⠀

Сыйладым шуақ жанарларыңа, ⠀
Тәк, кәні, соны жылу ғып. ⠀
Ақындық та жоқ ғаламда мына, ⠀
Жоқ болса егер сұлулық!⠀

Төрт жыл өтті...

Төрт жыл өтті алды жөн, арты сырдаң,
Қарғын ақты қаншама жалқы шыңнан.
Қоңырауын төрт рет қағып өтті
Сенің есіл жылдарың дәл тұсымнан...

Қоңыраулы жылдардың үнін бөліп,
Жыр оқыдым мен саған бүгін келіп.
Ерте түскен сол күзге қайта барып,
Сол күз болып өртендік... дірілдедік.

Тұңғиыққа шым батып лағыл арман,
Тарам-тарам жол шықты тағы да алдан.
Ақ жүзіңді күні ертең сағынам-ау,
Ерінімде бал тәтті табы қалған.

Жағасына жағалай ел қонбаса,
Көрікті боп көрінбес көлдер де аса.
Бір-бір тамшы ащы жас үзейікші,
Сол екеуі қосылсын ең болмаса...

Қазақи әңгіме

«Мен кеше «халық жауының» баласы едім,
Бетегеден биік, жусаннан аласа едім.
Өкпелесе, біздейлер өкпелесін,
Сталинге не өкпең бар, аға, сенің.

Біздей де ғаріп аз ба екен,
Өкпе де ме екен, наз ба екен?
«Беломорканалды» сен шектің,
Беломор каналды қазды әкем.

Түтін де ме екен, өрт пе екен,
Біздейлер әлде жоқ па екен?
Айналып сахна, орындар
Ауысып қалай кетті екен?

Өкініш пе екен, кек пе екен,
Біздейлер әлде көп пе екен?
Тісіңді басып сен жүрдің,
Tic жармай саған өтті әкем.

Tic жармай өтті неліктен,
Ойланам бүгін келіп мен.
Ол үшін өлік едің ғой,
Кек алып қайтсін өліктен.

Заманның желі өкпек-ті,
Көмусіз қалды көп текті.
«Халықтың жауы» — сары шал
«Халық аман болсын» деп кетті.

Ғаріп пен ғасыр бағына,
Сірескен көк мұз жарыла,
Айналып уақыт сахнасы,
Ауысты орындар тағы да.

Қайтеміз наз деп, өкпе деп,
Өкпеден, аға, жоқ көмек.
Сахнадан түсіп барасың,
Жолықсам деп ем бетпе-бет.

Жас ұрпақ мынау — жаңа әлем,
Жалқы емес екем, аға, мен.
Ұзайсың үнсіз сахнадан,
Ұзайды үнсіз қара мең.

Көкіректерді от қарып,
Тұрамыз біздер топтанып.
Қайтамыз сосын баяғы
Сахна жақты бетке алып.

****

Өзім шөлдегем жоқ, жүрегім шөлдеді,
Жүрегім шөлдеді менің анам өлгелі.
Біздің ауыл аспанында бір бұлт бар,
Келген сайын қарсы алады ол мені.

Анам жоқ енді, өшті, сөнді үміт.
Бір бұлт бар, менің бұлтым - сол бұлт.
Қабір жаққа бірге барып менімен,
Тұрады ылғи байғұс шаршап, болдырып.

Тұрады ол тас төбемде қабарып
(Басқа бұлттар кетіп жатыр әрі ағып).
- Мама, - деймін, - мен келдім ғой...
Даусымды
Естиді тек сол бір бұлт - бала бұлт.

- Мама, - деймін, - бәрі жақсы, дін аман.
Жылама деп айтып ең ғой, жыламан.
Бәрі ойымда - ата мінез, салт-сана,
Елдің салтын естен неге шығарам.

Білем, енді оралмайды бал күнім,
Менің бұлтым тежеп әрең жаңбырын,
Аулақ барып, ішкі шерін тарқатып,
Өксіп-өксіп жылайды бір зарлығым.

- Мама, - деймін, - бәрі жақсы, дін аман,
Елдің салтын естен неге шығарам.
Мен шыдаймын, шыдай берем, шыдағам,
Бұлт қой анау жылаған...

Әдеби жыл қорытындысы баяндамасына қосымша

Мына шалдар кетеді ертең, дау бар ма?
Біз өзіміз айналамыз «тауларға».
Мейірхандар қартаяды қудай боп,
Есенқұлға ақсақалдық ауғанда.

Мүлде бөлек ұлысы да ұраны,
Ойхой, шіркін, ел боламыз мұралы.
Өтежандар шығады ертең бізден де,
Енді, әрине, өзгелер де шығады.

Шығады өрге жүйріктер мен жабылар
Бүркіті бар,
Жапекеңі тағы бар,
Өзіміздің Олжасымыз болады,
Бір Олжасқа бір тәржіман табылар.

Бүгінгі күн Қадекеңде тұрған бақ
Ауысайын қайсыңа деп жүр барлап.
Н. Рубцов болам дейді Аманхан,
Сонда біздің Тоқашымыз кім болмақ?

Қазірден-ақ шаруасына тас, мығым,
Сейтқұлдар шығар, бәлкім, бастығым.
Байбота шал отырады балконда,
Қай пәтерде калды екен деп жас күнім.

Өрекпімей, байқай шабар ма екенбіз,
Өрге қарай шайқай салар ма екенбіз?
Қырық жастан асқаннан соң біздер де
«Атақ бер» деп айкай салар ма екенбіз?

Ұсақ емес, сақалар ма екенбіз,
Атан бермей, ат алар ма екенбіз?
Қазақ үшін жан қинамай жүріп-ақ,
Қазақ жазушысы атанар ма екенбіз?

Мұрагерің біз боламыз, жарық күн,
Сен де бізге басқа емессің, ғаріп түн.
Қасиетің де, қасіретің де – еншімде,
Қара өлеңі қазақ деген халықтың.

Әңгіме ме, болмас, бәлкім, болар шен,
Туады өлең – сене бергін, оған сен.
Жұлдыздардай самсап өлі тұрамыз,
Жұлдыздардай сирейміз біз содан соң…

Содан соң ба?
Күледі жел жындана,
Күрсінеді жасыл қала, гүл қала.
Содан кейін… отырады ойланып,
Біздер жайлы өлең жазып бір бала…

Еркек

Тасырқағанда тас жауған,
Тау болды ұйықтар айлағым.
Қасқырдан анау, қас жаудан
Тартып ап апан жайладым.

Жетіп бір құлан қайырып,
Желкеден алдым жеміт деп.
Тағыдан олжа айырып,
Тарпаңды міңдім көлік деп.

Батырша күліп, түрегеп,
Отырдым жылап ақынша.
Жанымды тостым, міне, деп
Жолбарыс тағдыр атылса.

Суықта суыр асым боп.
Сусынын бастым мұзбенен
Жатыры мұның асыл деп.
Жандастым қабылан қызбенен.

Қасқайып өстім шынымда,
Қара да беріш қайың боп.
Ендігі қалған ғұмырда,
Езілетұғын жайым жоқ.

Ақыры барып жатам бір,
Сен айтпа маған тамұқты.
Тапқан екенсің, а, тағдыр,
Талқыңа көнер ғаріпті!

Кетеді шаһит сорласа,
Несі бар қорқар заты ұлдың, —
Ып-ыстық жасы болмаса,
Ана бір қабылан қатынның...

"Бақыт құшағында"


Ол кезде басқа ел деген,
Бұл сөзім шын деп ұғыңыз.
...Бесігін қыдыр тербеген
Берекелі үйдің бірі - біз.

Жүреді әжем "құрғырлап",
Асыр да салып жатамыз.
Білдірмей келіп, бір күнде-ақ
Бойжетті екі апамыз.

Монтиған өңшең ботақан
Көреміз пана оларды.
Сол жазда менің екі апам
Бір әнге әуес боп алды:

"Кел, билейік, кетпе менің қасымнан,
Қызғалдағым таң нұрымен ашылған.
Сезім шіркін ақ жаңбырға ұқсайды
Алматыда жаңа жауып, жаңа жауып басылған".

Жауатын жиі жаңбыры
Алматы не ол? Қала ма?
Билей ме онда барлығы? -
Бәрі де жұмбақ балаға.

Кімдікі мынау бөлек ән,
Самалы басқа, сазы өңге?
- Үкіметтікі, - деді анам,
- Ұқсайды, - деді әжем де.

Екі қыз елең етпеді,
Жақпайды-ау, әсте, дау мына.
- Шәмшінің әні, - деп мені
Басқан-ды бірі бауырына.

Қашты да кетті ертесін,
Ән болды ғажап міне бұл.
- Мен жамылам, - деп, - көрпесін,
Таласып жаттық кілең ұл.

Айтты да аз күн сол әнді,
Келер жыл көктем шығарда,
Кіші қыз тағы жоғалды,
Не болды, ей, тегі, бұларға?!

Жылады қимай шешеміз,
Ал әкей сыртқа жөнеді.
Тып-тыныш едік кеше біз,
Кім өзі Шәмші дегені?

Қапа боп "қатал" әншіге,
Қыс өтті, көктем оралды.
Өкпелеп жүріп Шәмшіге,
Өзім де салдым сол әнді.

...Еске алсам бала шағымды,
Күлемін іштей осы күн.
Екі апам - екі үй кәдімгі,
Тербеткен қыдыр бесігін.

"Ағалап" көп ұл қосыла,
Шығады алдан күлімдеп,
"Ел болмас жиен" осы ма?
О, тәубе, - деймін, - құдірет!

Саламыз әнге тағы біз,
Ол әннің, досым, бар сыры.
...Отырып алып бәріміз
Мақтаймыз сосын Шәмшіні.

***

Несiн қазбаладың,
Өшкем де жоқ, жоқ және маздағаным,
Қателердi жасауға мен жасаған
Бiр кiсiнiң ғұмыры аз, қарағым.

Ақталам не деп бүгiн,
Бақа уайымым көп болды, бөлек мұңым.
Жаңсағым мен мiнiмдi түзетерге,
Мен бiлмеймiн қанша өмiр керектiгiн.

Сатпаған құстар ғана,
Әсiресе, бозторғай ұшқан дара.
Менiң ессiздiктерiмдi қайталауды
Тiлемеймiн дос түгiл дұшпанға да.

Көлден өтiп, көлденең шөлден өтiп,
Өлмегенмен өзiңдi өлмелi етiп,
Ел жадынан тезiрек ұмытылсаң,
Ешкiм бiлмес, танымас жерге кетiп.

Бiзде нендей алысқа самғар күш бар,
Бәрi өтпелi – арзу, ой, арман құштар.
Қалатыны түк те емес – бiр құлпытас,
Қонып ұшар қанаты талған құстар.

Шоқанның елге келуі

Жүдеп жүрген кезі еді ойлап елді,
Шоқан бірде ауылға тойға келді.
Сары қымыз, саф ауа, бағлан еті,
Темекі мен шарапты қоймақ енді.

Күмбір-күмбір, күмбір су, күлгін алап,
Күлгін бояу көшеді қырды қамап.
Туған ауыл, туған тіл, тума-бауыр...
Ауру жүрек шым етті, тұрды қонақ...

Қапелімде айрылып сабырынан,
Қыз қадалды боз үйдің жабығынан.
Қара бала, қара шал, қара кемпір -
Әрі таныс, әрі жат бәрі бұған.

- Бәріңді де сүйем мен, - деді кенет,
Күлді кемпір:
- Төрем-ау, мені ме? - деп.
Тұнық кезін іздеді ол тұма кешіп,
Құлын кезін іздеді ол желіге кеп.

Тау жаңғыртып дауысы құлан ащы,
Қайран Шоқан құшақтап тұл ағашты:
- Сол күнімді қайтар, - деп айғай салды,
- Алғам жоқ, - деп асаба тұра қашты.

Алғам жоқ деп ол қашсын тұра келе,
Гуледі сөз ауылдан шыға бере:
- Атақты ұлы осы ма атекемнің,
Шоң деуші еді,
Жынды ғой мына неме!!!

Сыпсың, сыпсың, сыпсың сөз ел арасы,
Төрде жатып ойланды төре басы.
- Мырзам, ұят болды ғой, - деді жеңге,
- Қала адамды бұзады, - деді ағасы.

Пәуескенің соңынан жүгіріскен
Ел-жұртына қарамай, тынып іштен,
Ертесіне калаға қайтып кетті,
Дала жатты миықтан күліп үстем...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар