Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Есенгелді Сүйінов. Түсімде көрген қыз...

17.02.2019 5079

Есенгелді Сүйінов. Түсімде көрген қыз

Есенгелді Сүйінов. Түсімде көрген қыз - adebiportal.kz

Тамылжыған тамыз айының шуақты күні. Төңірек жасыл желекке малынған. Оқтай түзу теректер мен ақ қайыңдардың бұтақтары самал желмен тербеліп, жапырақтар сыбдыр қағады. Бозторғайлар шырылдап, көгершіндер ұшып жүр. Бәріне құштарлана көз саламын. Әйелімнің апасы көз жұмып, Бурабай ауданының орталығындағы мешітте берген жылдық асына қатысып, вокзал басынан үйге қайтуға бет алғам. Пойыздар кеш кетеді екен. Астанаға баруға такси іздеуге кірістім. Әзірге көлік табылмады.

Кенеттен орта жастар шамасындағы бір келіншек кездесті. Жанары еліктей жәудіреген, қасы қиылған, ерні шиедей үлбіреген, шашы сары түске боялған, ұшын желкесіне түйіп қойыпты. Аққұба өңді, сұлу келбетіне қарап «Мынау Бурабайдың орманынан шыққан хордың қызы шығар» деп таңданып, аузым ашылып қалыпты. Сол сәтте орыс ақыны Александр Пушкиннің:

Я помню чудное мгновенье:

Перед мной явилась ты.

Как мимолетное виденье,

Как гений чистой красоты.

- деген өлең жолдары есіме түсті. Бұл шумақ осы қызға дәл тауып айтылғандай.

Аяқтары түп-түзу, талдырмаш денелі көгілдір джинси шалбар, қызыл кеудеше киген. Өзіне құйып қойғандай, сән береді. Иығында ақ сөмке, қолында смартфон.

- Сіз Астанаға барасыз ба? - деп сұрайды даусы сыңғырлап.

- Иә, иә, - деймін сасқалақтап.

- Онда Инстаграм арқылы көлік іздеймін. Тағы екі жолаушы керек, - дейді келіншек күлімсіреп. Тістері аппақ маржандай, қыпша белі де нәп-нәзік, жіп-жіңішке, үзіліп кетердей.

«Өңім бе, түсім бе? Ай десе аузы бар, күн десе көзі бар, мүсінінде бір міні жоқ. Спортпен айналысатын болар, өзін-өзі күтіп, емдәм ұстап жүр-ау. Япыр-ай, мұндайда сұлу болады екен-ау. Аспаннан түсті ме, әлде жердің астынан шықты ма?», - деп қайран қаламын.

Қасында мұртты жігіт шыр көбелек айналып, қас-қабағына қарап, бабын табуға тырысуда. «Сұлу қыз Алматыдан, не Астанадан Бурабайға демалуға келген киноактриса, не әнші ғой. Жанындағы күйеуі, не сүйген жігіті де.

Үрлеп ауызға салғандай, тал шыбықтай бұралған сұлу әйелі бар жігіт не деген бақытты!», - деп болжам жасаймын.

Келіншек ерсілі-қарсылы жүріп, ұялы телефонмен біреулермен сөйлесуде. Жүрісі ширақ, бойын тіп-тік ұстайды. Көзіне күннен қорғайтын қоңыр көзілдірік киген. «Шіркін-ай, Қыз Жібек секілді осындай хас сұлумен тұратын мына жігіттің арманы жоқ қой» деп қызығамын. Осылай ойға батып тұрғанда «Жаңа ғана жеңіл көлік таптым. Бір кісі қосылды. Тағы бір адамды жолда ала кетеміз. Әр адамға Астанаға дейін 3 мың теңге сұрайды. Қарсы емессіз бе?»-деген келіншекке ықыласым ауып, «Жарайды, жарайды» дей беріппін. Маған не десе де сол сұлудың жетегінде қай жаққа болса да кете беруге дайынмын.

Щучье қаласынан Астанаға қарай бет алдық. Жол тақтайдай теп-тегіс, асфальт төселген, үш жолақты, кең. Көлік ішінде сұлу келіншекпен танысқанша асықпын, дегбірім кетіп, мазасызданып біттім. Әңгімені неден бастарымды білмеймін. Күмілжіп, кібіртіктеп сұрауға оқталдым.

- Қайда барасыз?

- Астанаға, сосын Қарағандыға, одан әрі Қарқаралы ауданына.

- Алысқа барасыз ғой. Пойызға неге мінбедіңіз?

- Пойыз кеш жүреді. Маған тез жету керек. Машинамен ыңғайлы.

- Бурабайға демалуға келіп пе едіңіз?

- Жоқ. Осында Кадет корпусында ұлым оқиды.

- Атыңыз кім?

- Гүлнұр.

- Менің атым – Еркін.

- Бурабайдың ауасы таза ғой, - деген даусы құлаққа жағымды естіледі. Осылай басталған әңгіме желісі Астанаға барғанша тоқтаған жоқ. Алғашында тосырқап, жатырқап қараған келіншекпен сөзіміз жарасып, шүйіркелесіп кеттік. Гүлнұр Қарқаралы ауданында мектеп директоры, үш ұлы бар екен. Үлкені Алматыда әскер қатарында, екіншісі бүгін өзі болған Кадет корпусында, кенжесі мектепте 7-сыныпта оқиды. Күйеуі төрт жыл бұрын үлкен кәсіпорында жұмыс істеп жүргенде кездейсоқ өндірістік жарақат алып, дүниеден өтіпті. Кінәлі – кәсіпорын басшылары, сақтық шаралары ойластырылмаған. Гүлнұр басшылармен ұзақ уақыт айтысып-тартысып, Жоғары Сотқа дейін барып, кінәларын дәлелдеп, мойындатып, күйеуінің өлімі үшін, моральдық залалы бар, бірнеше миллион теңге ақша өндіріп алыпты. Әділдік үшін қаймықпай күрескен нәп-нәзік әдемі әйелдің өжеттігіне, табандылығына риза боласың.

Жол бойы екі ұлының аяқ астынан бір күнде ауруханаға түсіп, екі қабатқа орналасқан екеуін емдеуге жаны шығып, алқынып, зыр жүгіргені жайлы, күйеуінің әскери адам болуды армандап, бола алмай қалғаны, екі ұлы әкесінің асыл арманын орындау үшін әскер қатарына барғаны жөнінде тәпіштеп, жан сырын маған ақтарып тастады.

-Ой, айыпқа бұйырмаңыз, бәрін сізге бір көргеннен жайып салыппын, - дейді алдыңғы орында отырған Гүлнұр екі беті алаулап.

- Айта беріңіз. Мен сырыңызды ешкімге шашпаймын, - деймін оған аңсарым ауып. Артқы орындыққа жайғасқан мен алма мойнына, желке жағына жақындасам, сары шашынан хош иіс шығады. Француз әтірінің иісі ме, әлде мойнына жаққан шетелдік кремнің жұпары ма, білмеймін не екенін, әйтеуір керемет аңқыған иіс өзіне тартады.

Мана бір көргеннен ұнатқан қыздың мөп-мөлдір, қарақат көздерінің тұңғиығына батып, ес-түссіз ғашық болып қалдым. «Үш баланың анасы деп кім айтады? Жап-жас бойжеткен секілді сымбатты, инабатты, биязы. Әке-шешесі мәпелеп, дұрыс тәрбиелеген, өнегелі отбасында өскені байқалады. «Еркін» деп сызылғанда, тырнақтары қызыл, күлгін түске боялған сүп-сүйрік салалы саусақтарын қозғалтып, ақ маңдайы жарқырап, жебе кірпіктерін жыпылықтатып, күлімдеген бота көздерімен сүзіле маған бұрылғанда жан-дүнием астан-кестен болып, басым айналып кетті. «Ойпырмай, қызық болды ғой. Өзі өзен-көлде мекендейтін су астындағы пері қыз ба, не ертегі-аңыздардағы ғажайып періште ме? Осындай жайқалған гүл сияқты түрленген арулар Алматы мен Астанада ғана тұра ма десем, шалғайдағы ауылдарда да болады екен-ау!-деймін аңтарылып.

Гүлнұрға өзім туралы, әйелімнің де төрт жыл бұрын көз жұмғаны жөнінде айтқан жоқпын. Ол да мен жайлы дәнеңе сұраған жоқ, әдептен аспайын деген сыңайлы. Тек қызмет орным, атақ-дәрежелерім көрсетілген сапарнама карточкасын ұсындым. Келіншек сұраған соң маған электронды поштасын, ұялы және үй телефон нөмірін жазып берді. Әйелім Марал кенеттен бақилық болып кеткеннен бері ешқандай қыз-келіншекке қырындап, жақындап көрмеппін. Қаншама сұлу, дәулетті әйелдермен, жалғыз басты қыздармен таныстырса да, үйлену төңірегінде сөз қозғалып, ұсыныстар білдірсе де біреуіне де көңілім аумады. Ешкім ұнамады, ешқайсына илікпедім. Біреуі де сүйген жарыма ұқсамайды, оған жан жетпейтін секілді.

Бурабайға барып, жолда кездейсоқ ұшырасқан сұлуды көргеннен-ақ есімнен айырылып, оған ынтық болып келе жатқан түрім мынау. Он сегіз жасымда қыздай қосылған қосағыма алғаш рет өстіп өліп-өшіп, есімнен танып ғашық болып едім. Енді міне, өмірімде екінші рет сондай алабұртқан сезімге беріліп тұрмын. Гүлнұрға жақындап, алдыңғы орындыққа сығылысып барып бірге отырғым келеді. Құшақтап, жан сырымды жайып салғым келеді. Шие ернінен сүйіп, самал желмен желбіреген қолаң шашынан сипап, нарттай жанған ақша бетін, ақ тамағын аймалағым келеді. «Басы бос, үйленіп алуым керек шығар, менің де әйелім жоқ» деп ойлаймын. Бірақ бір көргеннен бас салып, қалай құшақтаймын, қалай сүйемін? «Мұныңыз не, шектен шығып, неге әбестік жасайсыз?» деп ашуланса қайтемін? Оңашада жолықсақ бір, сірә. Қасымда кісілер бар, ұят болады. Әдептен аспайын деп өзімді әзер тежеп, есімді жидым.

Әрі-сәрі күйде отырып, Астананың ортасынан өтіп бара жатқанымызды да аңғармаппын. «Встреча» сауда үйінің іргесіне келіп тоқтадық.

- Еркін, мен осы жерден түсемін. Бүгін танысымның үйіне қонып, ертең ары қарай жүремін. Хабарласып тұрайық,-деп жымиып, қолын ұсынды. Жып-жылы алақанын қолыммен қысып, босатқым келмейді.

- Гүлнұр, сау болыңыз! Телефонмен байланысып, араласайық. Сізді қимай тұрмын, - деймін амалсыз қоштасып. Оған қайта-қайта қарайлаймын. «Біздің үйге жүріңіз, қоныңыз» десем қайтеді? Қой, шошып кетер. Жанында қалып, сөйлесе тұрсам ба? Жаңа ғана таныстық, басқаша ойлар.

- Еркін, сәтін салса тағы кездесерміз. Сау болыңыз, - деп Нұргүл көліктен түсті.

«Батырлық, байлық кімде жоқ, Ғашықтық жөні бір басқа» дегендей, Гүлнұрға ғашық болғаным соншалықты, оның сұлу бейнесі жатсам да, тұрсам да көз алдымнан кетпейді. Жұмыста да, үйде де ойлаймын. «В Контакте», «Мой мир», «Фейсбук» әлеуметтік желілеріндегі парақшаларынан қызғалдақтай құлпырып, жайнап түскен сан алуан суреттерін көріп оған деген ынтықтығым бұрынғыдан да арта түсті. Бәрі, көбі жігіттер «Кереметсіз, сұлусыз, супер, француз киноактрисасына ұқсайсыз, не деген әдемісіз, сізді жақсы көрем, сүйемін» сияқты сөздерді жазып, қошемет, қолпаштау білдіріпті. Шыдамай электронды поштасына «Сіздің әсем суреттеріңізді желілерден көріп, қызықтым. Киноактрисадан аумайсыз кей суреттерде» деп хат жаздым.

Келесі күні тағатсыз күткен жауап келді. «Сәлеметсіз бе, Еркін! Менде бәрі жақсы. Қолым тимей жүр біраз шаруамен. Іссапарларда болдым. Арасында ауырыңқырап қалдым. Айып етпеңіз. Уақыт болған кезде міндетті түрде жауап жазамын. Сізді құрметтеуші қарындасыңыз Гүлнұр». Төбем көкке екі елі жеткендей қуандым. Екі-үш күн өткен соң «Фейсбук» арқылы байланысқа шықтым. Алдында Астанаға, Кардиохирургиялық орталыққа келіп, жүрегіне ота жасайтынын ескерткен. Соны сұрағам. «Айдың аяғына қарай жүрегіме ота жасайды. Сіз маған жамандық ойлайды дегем жоқ, олай ойламаймын да. Біреудің алдында әлсіздік танытып, мені мүсіркегенді қаламаймын. Тек өзіме қатысты нәрселерді де басқаларға айтпаймын, айтқым да келмейді. Ренжімеңіз маған» деп жауап берді. Қыркүйек айының аяғына қарай Астанада Кардиохирургиялық орталықта Гүлнұрдің жүрегіне ота жасалды. Хал-жайын білейін десем, баруға жасқанам. «Менің мүшкіл халімді ешкім көрмесе екен деймін. Аяғанды жақтырмаймын. Әуре боп маған келмей-ақ қойыңыз. Өзім хабарласам» деген сөздері есімде.

- Сәл ауырлау болды операция, әлі өз-өзіме келе алмай қойдым. Ауруханадан шыққан соң екі күн өткесін тағы ауырып, екі ортада жүрмін. Неге бірден ренжи кетесіз? Бірінші адамның жағдайын біліп алу керек қой. Телефон алмаған себебім, ол дыбыссыз режимде тұрған. Мен ұйықтап кетіппін. Жаңа көрдім. Сізге, басқаға да өкпем жоқ. Бір басымда қаншама жауапкершілігім бар. Жұмыс, бала-шаға, арасында денсаулық сыр береді. Ойнап жүргем жоқ. Өзім әйел, өзім еркек, ошағымның түтіні сөніп қалмасын деп әйтеуір жанталасып, дамыл таппаймын. Жүрекке қан апаратын күре тамырға зақым келген. Жүрек тұсынан күйдірді, аорта, күре тамырларды тесіп, абляция жасады.

- Бізге сіз керексіз, сізді сыйлаймын, жақсы көремін. Біз ересек адамдармыз, жақсы көрсек ешкім де кедергі жасамайды. Сізді көргім келеді, сағынып жүрмін, аңсап жүрмін.

- Осы тақырыпты қозғамаса екен деп жүргем. Мен енді махаббаттың барына сенбеймін. Сезім, сағыну, жақсы көру...Жалған бәрі. Бұл мен үшін жабық әңгіме. Қозғағым да келмейді. Оның өз себебі бар, тек «Неге?» деп сұрамаңызшы.

- Ренжіп қалдыңыз ба? Қой десеңіз көнеміз. Мен сізді алып қашайын деп жүргем жоқ, немесе алдап, арбау маған жат. Жақсы көруге тиым салынбайды ғой. Суреттеріңізді көріп таңдандым. Үш бала тапсаңыз да сымбаттысыз, әдемісіз. 18 жасыңызда талай жігіт соңыңыздан жүгірген шығар. Қазір де сізге ғашықтар аз емес сияқты. Бурабайда алғаш көргенде қасыңыздағы жігітті сүйген адамыңызға баладым. Шынын айтсам, қызғандым да.

- Бурабайда жүрген кісі ешкімім емес, жай шығарып салушы. Досым тапсырып қойған. Мен жас күнімде жігітпен жүріп көрген жоқпын. Марқұм күйеуіммен танысып, екі жыл жүрдік. Соған тұрмысқа шықтым. Ал маған қазір кім ғашық, кім сөз айтады деп ойланбаймын да. Менің өз проблемаларым мен алға қойған мақсаттарым бар. Соған қол жеткізу үшін өмір сүремін. Сізге еш ренішім жоқ. Күйеуім риза ма, жоқ па, ол бір Аллаға аян. Бірақ қолымнан келгенше атына кір түсірмей, ошағының түтінін сөндіріп алмайыншы деп тырысып-ақ жүрмін. Бұлай жасау кез келген әйелдің міндеті және осылай істейді емес пе? Мен кеш жатамын, кішкентай ұлымыз екеумізбіз. Ұйқыға сергекпін.

- Сіз жабық әңгіме деп өзіңізді жақсы көруіме, ғашық болуыма тиым салмайтын боларсыз? Француз жазушысы Жорж Санд «Өмірдегі ең бақыт-сүю және сүйікті бола білу», - деген. Мен үшін сізді сүю үлкен бақыт деп санаймын.

- Иә, сүю-ол керемет сезім. Астанаға қараша айының басында барамын. Кардиохирургиялық орталықта тағы тексеруден өтемін. Мүмкін сол уақытта жолығып, әңгімелесіп, шәй ішерміз. Сезім оянады деп айта алмаймын. Дос ретінде араласамыз. Одан өзге ештеңе ойламаңыз.

- Сіз «Әйелді жаулап алу үшін төзімділік керек» деп жазыпсыз. Бәріне төзем. Бір көргеннен бәрі болады деу бекер ғой. Қалай аралассақ та маған сіздің амандығыңыз қымбат.

- Мен де сіздің амандығыңызды тілеймін. Сізбен танысқаныма қуаныштымын, ары қарай араласып тұруға қарсылығым жоқ.

Екі арадағы сөйлесулер осындай. Содан «Сүйемін сені» деп шығарған бес шумақ өлеңімді жібергем. Енді маған қарсылық көрсетпейтін шығарсыз, арамыздағы достық мөлдір, таза махаббатқа ұласар» деген сөздеріме Гүлнұр: «Қалайша басқаша қараймын? Бірақ мен сізге сүю жағынан үміт бергім келмейді. Мына шумақтар керемет екен, құдды бір періште қызға арналғандай. Әдемі тілектеріңізге рахмет! Абзалы мені мүлдем ұмытыңыз. Солай дұрыс болар. Түсімде көрген қыз деп ойлаңыз. Тәкаппар емеспін, болмысым осындай. Иә, мені жас күніңізде жолықтырмай, сізді құдай сақтаған екен. Әйтпесе шашыңызды ағартып, жүйкеңізді жұқартушы едім. Мен сізді ер азамат ретінде құрметтеймін. Тек маған сезім туралы айтпаңызшы, өтінемін. Мен сізге тек жақсылық тілеймін.» деп жауап беріпті.

- Не деген мазасыз, шыдамсыз, сабырсыз жігітсіз. Айттым ғой әзірге қолым тимей жүр деп. Өлеңдер керемет, оған сөз жоқ. Бірнеше рет оқыдым, тіпті мақтанып құрбыларыма жібердім. Бірақ кім жазғанын айтқам жоқ. Өнеріңізге бас иемін.

- Мен сізге ешқандай жамандық жасағам жоқ, ерсі сөздер айтқан емеспін. Біресе сізбен сөйлеспеймін, біресе мені мүлдем ұмытыңыз, мені түсімде көрген қыз деп ойлаңыз дейсіз. Не қылған қызсыз? Сізді мен жоғалтқым келмейді, сізден айырылғым келмейді.

- Не қылған қызсыз деп қайта-қайта айта бересіз. Мінезім осындай көнсеңіз де, көнбесеңіз де. Не істе дейсіз сонда? Менде бүгін приступ (шабуыл) болды тағы, системада болып жаңа келдім үйге. Ептеп тәуірмін, сізге көп рахмет. Ренжіткен кездерім болса кешіріңіз. Еш арам ойым жоқ сізге деген. Менің сыйлы досым болыңыз. Кейде көңілім құлазығанда өлең жазамын.

Өмір ғой, өмір сүріп келем,

Менің кемем батпасын деп жүзіп келем.

Алланың берген сынағына,

Қайыспай, қазықтай тұрып берем.

Осындай өлеңді өзім үшін жазамын. Іштегі мұңымды тарқатамын, бір жеңілденіп қалам. Тұрмысқа шығуға сөз салғандар қаншама... Ештеңеге зауқым жоқ, ешкімді сүйе алмаймын. Сүйгім де келмейді. Менің көңілімді қалай тапсам деп бәйек болып жүрсіз. Қызметіңіз бар, беделдісіз. Ал мен еш құрметіңізге, махаббатыңызға лайық емеспін. Мен сізді бақытты ете алмаймын ба деп қорқамын. Мені кешіріп, түсінесіз деп ойлаймын. Қазір қиын жағдайда жүрмін, күйзеліс...Өмір болған соң проблемалар кездеседі.

Тіпті түсімде де қиналам, құбыжық, шайтан кіре ме, шошып кетем. Тілім бисмиллаға әрең келеді. Әзер оянам, ұйықтамауға тырысам. Көзімді жұмуға қорқам кейде. Айтпасқа болмады. Мен әлсіз жағымды білдіргім келмейді. Тек мені түсінуге тырысып көріңіз.Сіздің өз өмір жолыңыз, мақсатыңыз, жоспарларыңыз бар. Мен сіздей адаммен дос болғанымды мақтан етемін.

Гүлнұрмен осылайша сөйлескесін көңілім біртүрлі, алай-түлей болып, оны аяп кеттім. Сыңарынан айырылып, күйзеліске түсіп, жүрегі ауырып, азаптанса да емделіп, үш ұлын өсірем деп, шаңырағын шайқалтпай, отын өшіргісі келмей тыным таппай еңбек етіп жүргеніне сүйсіндім. Осыдан бес жыл бұрын күйеуі бақилық болған соң жүдеп-жадаған, ауыр халдегі енжар суретін көргенде жүрегің ауырады, аяп кетесің. Қазір Гүлнұр мүлдем өзгерген. Бурабайда алғаш рет кездескеннен де сұлу болып кетіпті.

Бота көзі жәудіреп, беті нұрланып, әртүрлі шаш үлгісін жасап, ақжарқын, жайдары қалпымен, бекзат болмысымен басын асқақ көтеріп, күлімсіреп түскен көрікті суреттеріне қарап, «Қандай таңғажайып сұлулық!» деп ауызың ашылып, жанарыңды алмай қадаласың. Ақылы мінезіне сай, көркі өзіне сай сымбатты, сұлу қызға қалай ғашық болмайсың, қалай оны сүймейсің?! Әйтеуір аман болса екен деп тәңірден жалынып сұраймын. Менің түсімде көрген, жүрегім қалаған, армандаған қызым осы ғой.

Астана қаласы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар