Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Есенгелді Сүйінов. Сезім пернелері...

25.05.2020 4029

Есенгелді Сүйінов. Сезім пернелері 12+

Есенгелді Сүйінов. Сезім пернелері - adebiportal.kz

АЛМА АҒАШЫ ГҮЛДЕДІ

Көктем келді. Алма ағашы гүлдеді,

Жапырақ жайып, ақ матадай түрге енді.

Жердің беті көк шалғынға малынып,

Түкті кілем секілденіп түрленді.

Алма ағашы ақ мақтадай үлбіреп,

Жайқалады, аппақ болып тұр гүлдеп.

Аппақ дүние-тереземнің алдында,

Тербетеді ақ гүлдерді жел үрлеп.

Ақша бұлттар аспанымда қалқиды,

Қиялдайсың, ойлар келіп әрқилы.

Сән береді алма ағашы гүлдеген,

Төңірекке, ойхой көңіл шалқиды.

ЖАН ПИДА

Елімді сүйем!

Өз елім үшін жан пида,

Жіберсін мейлі қорғауға шепке, қиынға!

Жазиралы шексіз, даласын сайын аңсаймын,

Кеткенде ұзап саяхаттап шетке, қиырға.

Күлсем де шалқып Каирде көне, Дубайда,

Жусанның иісін сағынып жүрек тулайды, ә?!

Алатауға шығып, биікті көздер текті ұлың,

Арғымақ мінген даңқты атаның жолын қумай ма?

Шуағына шомылып арайлап атқан ақ таңның,

Бұлбұлдың үнін сайраған тыңдап жатқанмын.

Елімді сүйем, сұлулығын сүйем жайнаған,

Тамашалап тұрып қызарып күннің батқанын.

АЛАТАУДАЙ АСҚАҒЫМ

Қазақтың көрнекті жазушысы, академик

Уәлихан Қалижанға

Жан таба алмай мұңайып, торыққанда,

Жүрсе дағы адамдар толып маңда.

Бұйығы едім, жөн сілтеп, жігер бердің,

Парасатты қалпыңмен жолыққанда.

Кезім еді бар еңсем түсіп кеткен,

Жаным сірі, япыр-ай, шыдам неткен.

Пейілің жазиралы кең даладай,

Жабыққан көңілімді көктем еткен.

Жайымды бірден ұғып, қалыс қалмай,

Күрмеулі өмірімнен алыстамай.

Өзгемен өзім үшін тайталасқан,

Көріндің айбаты үстем арыстандай.

Жанымның кең сарайы ашылғандай,

Уайым көкке ұшып, басылғандай.

Ағатай, Алатаудай асқақсың ғой,

Қайсарсың, нұр дидарлы, жазық маңдай.

Жалғайсың екі жақтың аралығын,

Білінер ақылдылық, даралығың.

Сүйенер ағам бар деп асқар таудай,

Мақтанып туған жерге барам бүгін.

Ғалымсың, жазушысың, байыптысың,

Халқыңа құшағыңды жайып тұрсың.

Ұлысың туған елдің қадірлеген,

Әрқашан жақсы атқа лайықтысың.

БІР НҮКТЕ

Буырқанған теңіз... өмірлік осы тұрағым,

Капитан болып кемемді қайда бұрамын?

Теңіз дегенім – теңіз емес, тура тағдыр ғой,

Күндерім қамсыз тоқтаусыз аққан бір ағын.

Өмірдің өзі сұрақтан ғана тұра ма,

Әділдік деген салтанат алда құра ма?

Дүние мүлгіп, ашпайды неге тылсымын,

Тербелді неге қайыңдар, бәрін сұрама.

Беймезгіл шақта мінезім асау, тыз етпе,

Ағалық жолға түстік пе енді біз текке?

Сәулеңді шашшы, өмір-ай, сенен сұрарым,

Махаббатым адал, сүйгенімді менің жүдетпе.

Рахат-ау жарқын күн кешу тату, бірлікте,

Таусылмай қойды сұрақтар бірақ тірлікте.

Леп белгісі аз, жолдарда үтір қаптаған,

Қоя алмай келем шешімін табар бір нүкте.

СЕЗІМ – ОТ

Сенімен ұшырастым бір-ақ рет,

Қалғанда оқшау, жалғыз жылап жүрек.

Өзіңдей ақылды қыз іздеп едім,

Тәңірден күндіз-түні сұрап, тілеп.

Дидарың көз тартарлық көрікті еді,

Құштарлық пайда болды көріп сені.

Бас изеп, танысуды бастап кеттік,

Жарасып әңгімеміз көліктегі.

Отырмын кібіртіктеп, тағат таппай,

Қалам ба жақындасам саған жақпай.

Ерке үнің сыңғырлаған құлағымда,

Оралмас бірге өткізген сағаттар-ай!

Ұнаттым, қалтыраймын, ұяламын,

Сезім-от, қайтіп оны тыя аламын?

Көзіңмен мөлдіреген ынтықтырып,

Шоқ тастап, жүрегіме ұяладың.

Қимаймын, қалай енді қоштасамын,

Қол беріп, сабыр сақтап, достасамын.

Алда ғой күндер, тағы кездесерміз,

Сен мені жат адамға қоспа, жаным!

Өзіңмен жолықтым мен бір-ақ рет,

Уайым түскен кезде шыдап, жүдеп.

Ып-ыстық саған деген махаббатым,

Жанады кеудемдегі шырақ үдеп.

МОНА ЛИЗА

Тудырып ең әуелі бір қиялды,

Тудырып арасында мың қиялды.

Сұлулық періштесі-Мона Лиза,

Көргенде маған қарап жымияды.

Не сыр бар бұл жымиыс астарында,

Дұрыс па, білмес істі бастадым ба?

Аршын төс, алма мойын хас сұлуға,

Сансыз жан ғашық болған қас-қағымда.

Қараймын көзімді алмай суреттен,

Түртемін, саусақтарым дір-дір еткен.

Сенімді өз-өзіне, қиғаш қасты,

О, Мона Лиза, әлемдегі құдірет пе ең!

Жұмбағын ғасырлардың шеше алам ба,

Шешпесем мен өзімді кеше алам ба?

Ашса ғой ішке бүккен жан сырларын,

Айтпаған ешқашан да еш адамға.

Қылымсып, күн секілді күлімдейді,

Армандап не ойлайды, білінбейді.

Жеткендей даусы маған сыңғырлаған,

Естімей жүрсем дағы үнін мейлі.

Биязы, инабатты, тым зиялы,

Жанары жарқыраған нұр құяды.

Әлемді көркіменен таң қалдырған,

Мона Лиза бейкүнә жымияды.

КӨНЕ КІТАП

Халықтың таңданысын тудырған кітап астанадағы Ұлттық академиялық кітапханасында «Ерекше кітаптар мен қолжазбалар» көрмесінің бөлігі ретінде қойылды. Осыған ұқсас кітаптар XVII ғасырда көп таралған екен. Адамдар өз терісін оқу құралын қаптауға пайдалануға рұқсат берген. Әсіресе медициналық басылымдар осындай әдіспен тысталыпты.

Кітаптарды қаптау үшін бар өмірін ғылымға арнаған зерттеушілер немесе өлім жазасына кесілген жандар терісі алынған. Ескі латын тіліндегі қолжазбадан тұратын осы кітап 1532 жылы ғалымның өз терісін пайдалануға рұқсат бергенінен кейін қапталған. «Жібек жолындағы» Қазақ елінің билік өкілдеріне көне кітапты шетел журналисі тапсырыпты. Мамандардың айтуынша, адам терісінен жасалған ерекше басылымдарды Англия, Франция, АҚШ пен Франция кітапханаларынан кездестіруге болады.

(Ұлттық академиялық кітапханадағы түсініктемеден).

Кітап бар...өзгеше, керемет те,

Қоймайды жанарыңмен елемеске.

Ежелден сөз асылын әспеттеген,

Қазақтар құрметтеген ел емес пе?

Бұл кітап құнды, қымбат, аса мықты,

Көтермес салдыр-салақ, қасаңдықты.

Ерекше көмкерілген мұқабасы,

Адамның терісінен жасалыпты.

Кітаптың сырты көне, қоңыр түсті,

Толқыдым, қалшылдадым, әсер күшті.

Адамның терісінен жасайтындай,

Соншама не болды екен, зәрем ұшты.

О, ғалым, нені өмірде армандадың,

Өлерде осы болды таңдағаның.

Теріңді сыпырып ап, кітап қаптап,

Қалдырды ұрпақтарға, таңданамын.

Сипаймын кітап сыртын қолдарыммен,

Жеткізген «Жібек жолы» жолдарымен.

500 жыл белесінен асып келген,

Кітапты киелі деп қолдадым мен.

Балаймын бұл кітапты асыл затқа,

Түсірдім өлең қылып осы хатқа.

Мәңгілік сақталады жәдігердей,

Қалдырған мұра қылып адамзатқа.

Бағалы, құн жетпейді-аңдағаным,

Көтерер жүгі ауыр, аңғарамын.

Зымырап мың жыл өтер,

Сақталады-

Алтын бір бұйымындай ханзаданың.

ҚЫЗЫҚ ӘЛЕМ

Кітап оқып отырамын бас алмай,

Кей тұстарда тамақ ішпей, ас алмай.

Ғашықтардың аңсап күткен сәттерін,

Мүмкін емес оқу кейде жас алмай.

Аянышты беттерін де де аша алмай,

Оқиғаның желісінен қаша алмай.

Отырамын кейіпкерлермен сырласып,

Әсерімді әсем алған баса алмай.

Қызық әлем мені әкетер жетелеп,

Таңнан тұрам, айтса дағы «ерте» деп.

Кітаптағы бір кейіпкер енсе үйге,

Бір бойжеткен сылаңдайды еркелеп.

Ажырамас өмірімнің бөлшегі,

Кемеңгерлік, даналықтың өлшемі.

Жан-дүниең кенеледі байлыққа,

Уа, досым, кітап оқып көрші енді.

ХОР ҚЫЗЫ

О, жаратқан,

Сұлуды маған неге кезіктірдің,

Есімнен танып қалдым, сезіп тұрмын.

Үзіліп кететіндей жіңішке белі,

Қиялдап шартарапты кезіп тұрмын.

Хор қызын маған неге жолықтырдың,

Үмітті үміттермен толықтырдың.

Япыр-ай, бұрын өзі қайда болған,

Кеш көріп, өз-өзіммен болып тұрмын.

Қолаң шаш, ақ тамағы, жазық маңдай,

Таң қалып, келбетіне қақтым таңдай.

Тұңғиық жәудіреген көздерімен,

Арбайды баурап алып, сұлу қандай?!

Сұқтанып бейнесіне қарай берем,

Сәнденіп айналаға арай берген.

Албырап екі беті алмадай боп,

Хор қызы біздің жаққа қалай келген?

Қайтайын жалтақтамай, тынышын алмай,

Бәйек болған қылығымнан қымсынардай.

Сұлуға аласұрған жүрегімді,

Аша алмай кетіп барам, ұсына алмай.

Есенгелді Сүйінов, ҚР Жазушылар одағының мүшесі


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар