Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Есенқұл Жақыпбек. Өмір сүру керек еді...

26.01.2019 1395

Есенқұл Жақыпбек. Өмір сүру керек еді...

Өмір сүру керек еді өзімше,

Өмірді адам ылғи біздей сезінсе.

Қамсыз-мұңсыз жүріп алғың келеді

Қарбаласқан ел мен жұрттың көзінше.

Қаңғып-қаңғып келесің де түнімен,

Айтатының «аналармен жүріп ем».

Ұяласың бажырайған баладан,

Ұяласың аға тұрмақ ініден.

Өтетұғын өмір болды әйтеуір,

Өзге жұрттың ақылымен, тілімен.

Қайда небір өтті тойлар өзімсіз,

Қайран өмір өтіп кетті-ау шынымен.

Айым туып кетер еді солымнан,

Күнім туып кетер еді оңымнан.

Келген істі істемедім қолымнан.

Бар да, жоқ та күй кешемін балықтай,

Балықшының түрткішіне соғылған.

Бұл өмірде бір ақылды болсашы

«Бар, қаңғып қайт», – қалма дейтін, – жолыңнан».

Бір қылығым ұнамады сірә оған,

Білгеніңді істе дейді дүр ағам.

Білгенімді істер болсам ұнаған,

Бүгінгідей болмас едім кір адам.

Нұрлы өмірге жетелеген бізді ылғи

Бір амалын табар мүмкін Нұр-ағам.

Өмір сүру керек еді керемет,

Өз дегенім болмады ғой, не керек.

Өлкетану музейіне тапсырған,

«Өлкемізде болды бұл» деп жапсырған

Секілдімін коллекция көбелек.

***

Е, бауыр,

Біз де талай жынданғанбыз,

Жынданам деп бәрінен құр қалғанбыз.

Кезінде шындықпенен бір болғанбыз,

Қыздарға — арман, ініге – пір болғанбыз.

Алысып шаршай-шаршай «мыңмен жалғыз»,

Бұл күнде амалсыздан жым болғанбыз.

Ерте иіскеп білетұғын бар бәлені,

Бұл күнде мына біз де сұм болғанбыз.

Тез ысып, тез суитын құм болғанбыз,

Менікі бүгін жұртқа ілесу ғой.

Мен — айтпай-ақ өзің де білесің ғой,

Көңілде екендігін кімдер жалғыз.

«Әруақ азса жын болар» деген бабаң,

Құмырам қолында ойнап нелер жаман.

Құмырамды бір сыйпап қойса болды,

Желпілдеп жетіп келер жын болғанбыз.

Ол сұмдар шыбын екен быжынаған,

Алдымнан солар шықты құжынаған.

Өмірде болмайды екен сұмдар жалғыз.

Отырмын енді міне меңірейіп,

Иленген енді мені терідей үк.

Етегі ерте ашылған сұлу қыздай,

Қараймын әркімдерге бедірейіп.

***

Өмір, өмір

Жоққа да арман, барға арман

Қайран күндер, әр нәрсеге қор болған.

Құтыла алмай джунгли орманнан

Құтыла алмай ормандағы аңдардан,

Аңдар сол бір ойлап тапқан заңдардан

Өте шығар болдық ақыр жалғаннан.

Қайран өмір, біртін-біртін кетілген,

Біртін-біртін қасиетіңді кетірген.

Жақсы келін, жақсы әйелдер алдында

Жасқанамын ешкім қақпай бетімнен.

Жасқанамын, сұрай көрме негелеп,

Одан гөрі нұрың төкші себелеп

Жылы-жылы сөйлеші тек сен маған,

Жылылықтан басқа бізге не керек.

Біздің жақта, Суықтөбе тауында

Жылысайда қыста да ұшар көбелек.

Ей, өмір-ай, барға да арман, жоққа арман,

Күн жылыса көктем екен деп қалған.

Бір ақ көбелек көрдім кеше ақ қардан

Сен де менің сезімімді кешірші.

Дүр сілкініп, содан кейін жоқ болған,

Кешірші Сен, жан жүрегі әппақ жан.

БІЗДЕР СҮЙСЕК...

Біздер сүйсек,

Қор болып сүюші едік.

Хор қызына басты тек иуші едік,

Шүберекке қу жанды түюші едік.

Тар бөлмеде тағдырлас достар тұрған,

Сүйіп-сүйіп сүйіп ап тоқ балтырдан,

Сүйген қыздың аяғын жуушы едік.

Мен мақтансам Ай маңдай

Ақ тамағым.

Аяғыңды жудым деп мақтанамын.

Сол есіңе түсті ме кім біледі,

Жиіледі бұл күнде хат-хабарың.

Аяғымды сен де өзі жуушы едің,

Жуындырсаң қайтадан туушы едім.

Менің күңім сияқты ең сол жылдары,

Мен де ол кезде болыппын құлың сенің,

Байпаңдаған аюдың табанындай,

Табаныңды сағындым күңім сенің...

Біз сүйсек өліп-өшіп сүюші едік,

Жылы су аяғыңа құюшы едік,

Жуып ап сол аяқты сүюші едік,

Қи десе қу жанды да қиюшы едік.

Сен де мені баладай өбектедің,

Жүруші ең мейіріміңді үйіп-төгіп.

Сен есіме түскенде, кенет менің

Өтеді жүрегімнен құйын соғып.

***

Сен көрсең ғой!

Өмір мені жеді ғой.

Сен көрсең ғой,

Өмір деген жегі ғой.

Сен келсең ғой, саған ауып көңіл-ой,

Жаным құс боп,

Қалықтайтын еді ғой.

Келіп кетші!

Келіп жүр ғой ағарғым,

Келіп кетші!

Келіп жүр ғой жаңарғым.

Қарағаны секілді өз анамның,

Сен сияқты қабағыма қарар кім?!

Толқынында мынау топыр заманның,

Заты басқа, аты қасқа адаммын.

Алданышы көп болса да ағаңның,

Дүниеде жетер дейсің саған кім?

Қиял деген қалықтаған кептер ғой,

Кептер болып саған ұшып жетсем ғой.

Көңіліммен күнде саған жетсем де,

Өмір деген өткізбейтін өткел ғой.

Құп жарасып ойымыз бен бойымыз,

Шіркін, бір сәт келіп қана кетсең ғой.

Телефонмен...

Тым алыстан

Шертсең де ой,

Өзің маған көрсетпедің көптен бой.

Көрсемші бір дидарыңды ақсары,

Қызық, қызық бір әңгіме шертсем ғой.

Жүдеп кеткен жүрегімді көрсетіп,

Сені өзіме алар едім емші етіп.

Ойда жоқта келетінің бар еді-ау,

Бұлттан шыққан Ай секілді жарқ етіп.

Телмірдім ғой отбасына байланып,

Мен жүрмін ғой қазығымды айналып.

Кешке жақын,

Дәл қасында отымның

Жердің бетін жеті айналып отырмын,

Сен туралы, мен туралы ойланып.

Кешке жақын,

Пешке жақын отырып,

Мен туралы сен де ойлайсың өкініп.

Жетіп келші,

Қашып келші бір күні

Тас дуалдан қарғып түскен тай сияқты секіріп.

Жарым-жарты өмір кештік әйтеуір,

Ай сияқты жарым-жарты беті бұлт...

***

Құрғақ өмір,

Құрғақ сөз,

Құрғақ бәрі.

Құрбақадай талтайып құрғақтағы,

Жиналыстан шығамыз «жырғап» тағы.

Таршылықта көп азап көргеніммен,

Баршылықта ешнәрсе жырғатпады.

Қайда кеткен зым-зия,

Ой, дүние-ай

Көңілімнің әдемі ырғақтары.

Құрғап, қурап тұрған соң

Сірі төсің

Күнә жасап теріңді жібітесің.

Жапырағын жаныңның үгітесің,

Үгітіліп түседі ол.

Көктемейді

Ешнәрсе жоқ жаныңды тірілтетін.

Ертең ненің боларын жатқа білем,

Кездесеміз сөздердің қатқағымен.

Елеңдемес жүрегім ешнәрсеге

Телефондар безілдеп жатқанымен,

Шешендер де таңғалтпас, көсемдер де,

Тақылдаған таңдайда тақпағымен.

Жау да емеспін, ешкімге дос та емеспін,

Бәрі түгел. Мұңым жоқ. Бесте-беспін.

Естімейді құлағым. Саңыраумын

Естімейді өйткені ештеме ешкім.

Ешкім бүгін жүрмейді еміреніп,

Ешкім бүгін сөйлемес тебіреніп,

Құрғақ бәрі.

Құрғаттым дым қалдырмай,

Көңіл деген емшекті еміп-еміп.

Ешкім бүгін тұрмайды көңіл аулап,

Қағып, соғып кетеді омыраулап.

Жесір қатын сияқты желігемін,

Ары да аунап төсекте, бері де аунап.

Барлығына болса да мүмкіндігім

Барлығынан зеріктім.

Бір түрлімін

Кездеспеген ешқашан бір құбылыс

Көз алдымда тұрса ғой шіркін бүгін.

Соны көріп көңілім ұрандаса

Жан-жүрегім тыпырлап тұра алмаса

Сағындырып, сыңсытып, сұңқылдатып,

Төбемде бір тырналар тырауласа.

Марғау ғана мал жайған малшы болмай

Тыпыр-тыпыр етсем ғой жан шығардай,

Құрғақ бәрі, әзірге құрғақ бәрі.

Жаным, тәнім

Барлығы қаңсығандай

Жасы келген кәрі аттай бір күндері

Арам өліп қалам ба қан шығармай?

...Сенің осы орныңды ей, қарағым,

Ешнәрсемен қойдым-ау толтыра алмай.

ІШІҢ АДАЛ

Ақын қазір жарты ақымақ, жарты сау,

Шынайы ақын болудан ол қорқады.

Өмір бақи ұзын арқан, кең тұсау,

Сәл қозғалса аяғынан тартады.

Ішің адал, айуанша өмір сүресің,

Жаның таза. Ал өмірің көргенсіз.

Адамдардың айтқанымен жүресің,

Өйткені ақын жәндіктен де дәрменсіз.

Жүрсе де оның қызыл тілі байланып,

Ақ сәбидей тап-таза ғой жүрегі.

Жазар кезде

Жаны құсқа айналып,

Жаратқанға барып қайтып жүреді.

Өлеңімен оятып бір ізгі үміт,

Өзге жұртты нұр жұмаққа кіргізіп,

Бірақ өзі ит боп өмір сүреді.

САРҒАЙҒАН САРЫ ТЕРЕЗЕ

Таң алды,

Таңды бетке алып,

Ауылдан шықсаң аттанып,

Алыста...

Сары терезе

Сарғайып күтсе от жағып.

Дүние деген немене,

Қойыппыз бүгін көп жүріп.

Сарғайған сары терезе

Жеткізер бір күн деп жүріп.

Жете алмай сол бір межеге,

Қалдық-ау, әбден болдырып.

Сапарда

Кеуіп кенезе.

Келемін тағы жол жүріп.

Сарғайған сары терезе,

Сен тұрсың әлі сендіріп,

Сол үйді жаным сағынды.

Біресе жағып шамыңды,

Біресе тұрған сөндіріп.

Сарғайған сары сартаңда

Алыста көлік зырлатып.

Сарғайған әлгі саршамға,

Жеткенің түбі бір бақыт,

Жетпегенің де бір бақыт...

БҮГІНГІ ОРТА

Жарқылдамай кешегідей жанымыз,

Неге қасаң болып кеттік бәріміз.

Қажытады өзгені де, өзін де,

Өмір деген көпті көрген кәрі қыз.

Бәрін қойып, бәрін көріп заманнан,

Әркім бүгін өзіне өзі қамалған.

Қаңырайды қараң қалып барлығы,

Адам жаны жалыққанда адамнан.

Анда-санда той болады ауылда,

Арман билеп көңіліңді көк орман.

Тойға барсаң сезім билеп сені бір,

Жаны ортақтар жолықпайды өңі гүл.

Маңдайы тар маңыңдағы мәңгүртті,

Мас қылады топас мақтау, өлі жыр.

Шылпылдатып мастар сүйер бетіңнен,

Еркек құсап отырасың көгілдір.

"Адам күні адаммен" дер көңіліңді басатын,

Мақалыңа ештеңем жоқ қосатын.

Жеке қалсаң ешкім келмес жаныңа,

Ертең жалғыз қалмау үшін тағы да,

Екі бетті сен де әркімге тосасың.

ӨЗІМІЗ

Қиянатты көріп тұрып көзіміз,

Шеннен қорқып, шегіншектеп көбіміз.

Жылы жауып шектен шыққан қылығын,

Дейтін болдық өзіміз ғой, өзіміз.

Ол найсапқа өтпеген соң сөзіміз,

Дейтін болдық өзіміз ғой, өзіміз.

Екі қолын қанға малып тұрса да,

Көрмейтұғын болды оны да көзіміз.

Бірді де емес зар жылатқан мыңдарды,

Өзіміздің кісі дейміз сұмдарды.

Сондайларды бірақ сөзбен тоқтатар,

Осы біздің ел мен жұртта кім қалды?

Осы сұрақ мені ылғи да қинайды,

Осы сұрақ ақылыма сыймайды.

Басу айтып басқызбайды ағайын,

Ашына айтып ақын жазған шимайды.

"Өзімізге" енді мен де көнгемін,

Өзіміз деп көне берер пендемін.

Бұл өзіміз болды бүгін зор ұғым,

Ауыстырып алғандаймын орынын.

Маңдайдағы оң көз бенен сол көздің,

Өзіміз ғой...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Теги: #есенқұлжақыпбек
(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар