Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Ескерусіз қалған есімдер...

17.07.2017 6374

Ескерусіз қалған есімдер

Ескерусіз қалған есімдер - adebiportal.kz

Табыл Құлияс… Кешегі игі жақсылардың көзін көріп, көп дүниені көңілге түйіп жүретін қаламгер. Сексеннен асса да сергек. Бірде «Ақмола атырабынан талай қаламгерлер шықты. Солар елеусіз, ескерусіз қалып барады» деп күрсінді. Айтып беріңіз, жазайық дедік. Содан өрбіген сырлы сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Аға, әңгімеңізді өзіңіз жақын араласқан жазушылардан бастасақ?

– Ақмолаға 1988 жылы қоныс аудардым. Содан бері осында тұрамын. Міне, отыз жылға тақап қалды. Осы елдің талай тұғырлы тұлғаларымен жақын араластым. Қараөткел – ертеден тарихы қалың жер. Көптеген әйгілі адамдар ғұмыр кешті. Тың дәуірін де бастан өткерді. Сол кезде жаппай қазақ мектептері жабылды. Соның ұлт руханиятына залалы көп тиді. Бірақ соған қарамастан осы елде қара сөздің туын жықпаған қаламгерлер болды. 1990-2000 жылдары Ақмола облысы бойынша Қазақстан Жазушылар Одағының филиалын басқардым. Ол уақыт белгілі. Еліміз Тәуелсіздік алып жатқан тұс. Өте ауыр кезең десе де болады. Сол бір қиын шақта белгілі балалар жазушысы Мәдіхат Төрежанов дүниеден озды. Туған жұрты қаламгерді арулап жөнелтті. Ол кісі іргедегі Ақкөл ауданында өмірге келген. Ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарды. КСРО Жазушылар одағының мүшесі. Әсіресе, жеткіншектер тақырыбына қалам тербеді. Кезінде «Бітпеген ойын», «Тең ойын», «Шегіртке мен ара», «Қанатбек пен Жанатбек», «Кім ақылды?», «Түйе қалай өз көлеңкесін жоғалтты?» секілді прозалық кітаптары жарық көрді. Балалар әдебиетінің дамуына үлес қосты. Кейбір шығармалары орыс, белорусь тілдеріне аударылды. Былайғы тіршілікте араласып, әңгімелесіп жүрдік. Сондай кездері: «Менің әкем молда болды. Онысы қызыл үкіметке жақпады. Содан үркіп, жазған шығармаларымды дәріптей алмадым. Жасқаншақ болдым» деп айтатын. Қазір Мәдіхат туралы ешкім айтпайды. Асыл азаматтың аты ұмытылып барады.

Ақын Рысты Шотбаева апамыз да көп айтылмайды?

– Иә, ол кісінің есімі де ескерусіз қалды. 90 эпикалық поэма жазған ақын. Он бала тәрбиелеп өсірген ардақты ана. Көп жылдар Степногорск қаласында тұрды. Мектепте мұғалім болып жұмыс істеді. Көз тірісінде «Ереймен етегінде», «Нұра – бақыт өзені», «Толқынды Нұра», Арайлы таң» деген жұп-жұқа кітаптары жарыққа шықты. Балаларға арнап шағын өлеңдер жазды. Шығармашылықпен тынымсыз айналысқан адам. Бірде ақын туған еліне барады. Сол кездегі аудан басшысы: «Біздің жазушылармен кездесетін уақытымыз жоқ» деп қабылдамай қойыпты. Осыны апамыздың өзі жаны күрсініп отырып, маған айтып еді. Қаламгерді қадірлеу де, бағалау да қызық қой. Көп әкімдер сенің атақ-дәрежеңізге қарайды. Атағыңыз болса, аспандатады. Ал қатардағы көптің бірі болсаңыз қадіріңіз жоқ. Кеңес заманында ақмолалық ақын-жазушылар керемет құрмет көрді деп айта алмаймын. Ел тізгінін ұстағандардың дені өзге ұлт өкілдері болды. Олар қазақ әдебиеті мен мәдениетін елемеді. Ақынның ақырғы «Қарашаш» деген поэмасы облыстық «Арқа ажары» газетінде басылды. Ағыл-тегіл төгілген туынды еді. Өмірінің соңғы жылдарында қалаға көшіп келіп, осында дүние салды. Әлі де баспа бетін көрмеген шығармалары бар деп ойлаймын. Алдағы жылы тоқсанға толады. Ең құрығанда мерейтойы қарсаңында бір кітабы жарық көрсе деймін.

– Абай көшесінің бойындағы көп қабатты тұрғын үйдің қабырғасындағы мемориалдық тақтадан «Бұл үйде жазушы Мәди Хасенов тұрған» деген жазуды оқып едім. Осы қаламгердің есімі де көп айтыла бермейді…

– Қазақта «Көзден кетсе, көңілден кетеді» деген сөз бар. Мәди Хасенов – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Табиғаты көркем Зерендіде туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері. Өмір бойы облыстық «Арқа ажары» газетінде жұмыс істеді. Журналистиканың қара қазанында қайнап жүріп, прозалық шығармалар жазды. Көзі тірісінде «Алғашқы ән», «Тұлпардың дүбірі», «Қайсар»,«Тайталас» секілді оннан астам кітабы басылды. «Нар тәуекел» деген романы жарыққа шықты. Олардың бәрі өз кезінде оқырмандардан жылы бағасын алған. «Менің замандастарым» атты очерктер жинағында сол кездегі республикаға танылған Наталья Геллерт, Нұрғабыл Мәлғаждаров, Сұлтанхамит Балғожин секілді майталман азаматтардың еңбегін арқау етті. Өмірінің ақырғы жылдарында «Қиянат» деп аталған роман жазып жүрді. Тіршілікте қарапайым, біртоға, сырбаз адам болатын. Былтыр сексенге толды. Оны ешкім білген де жоқ. Кітаптары да қайта басылмады. Ауырып жүргенде ауруханаға барады. Дәрігерден ем алып жатқанда «мен кеттім» деп ың-шыңсыз жөнеле берген. Соңғы сөзі сол болған. Әйтеуір, бүгінде Мәди тұрған үйге мемориалдық белгі қойылды. Соның өзі – көңілге жұбаныш.

Майдангер жазушы Әскен Нәбиев атамызды көзіміз көріп еді...

– Әсекең алтын адам ғой. Екінші дүниежүзілік соғыстың жауынгері. Білікті журналист, белгілі прозашы. Әсіресе, әңгіме жанрында ерекше қолтаңбасы бар. Соғыс тақырыбына терең үңілді. Жалпы, әдебиет те өнімді еңбек еткен жазушы. «Бел-белестер», «Шынығу шағы», «Алдыңғы толқын», «Майдан әңгімелері», «Шерулі жылдар» деген бірқатар кітаптары жарық көрді. Оның кез келген туындысы өмірдің өзінен алған. Содан ба, бірден жүрекке жылы тиіп, жүрдек оқылады. Ағамыздың 85 жылдығында «Фолиант» баспасынан екі томдық таңдамалар жинағы шықты. Әсекең – ұзақ жылдар Қазақстан Жазушылар одағының Целиноград облысаралық бөлімшесінің әдеби кеңесшісі болды. Талай талапкер жасқа қолдау білдіріп, батасын берді. Соның кезінде осы өңірдегі жас қаламгерлер Жазушылар Одағының мүшесі атанды. Ағамыздың үйіндегі жеңгеміздің дастарханы қандай еді. Берекелі шаңырақ болатын. Ақмолаға Алматыдан келген жазушылардың бәрі сол үйге түсетін. Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин секілді әдебиет алыптары жеңгеміздің қолынан дәм татты. Сонда Фарида апай: «Сол ағаларды күткеннің өзі – маған бақыт қой» деп сыпайы жымиятын. Міне, сол Әскен ағамызға көше берсек те артық болмайды.

Тағы қандай қаламгерлер болды?

– Облыстық Қазақ радиосында бас редакторы болып Нөгербек Мағзұмов деген азамат жұмыс істеді. Тәп-тәуір прозаға қалам тербеді. Жеке мұрағаты өте бай еді. Бірде мен соның үйіндегі магнитаспадан Жақып Ақбаев пен Әлімхан Ермековтің дауыстарын тыңдадым. Сондағы асыл дүниелер әлі көз алдымда тұр. Нөгербектің өзі 1997 жылы өмірден өтті. Сол архивтің бәрі балаларының қолында қалды. Кейде асыл азаматтың артында қалған мұраларын жинақтап, кітап шығарса деймін. Содан кейін марқұм Жомарт Әбдіхалық деген көрнекті қаламгердің есімі көп айтылмайды. Ол ұзақ жылдар бойы «Арқа ажары» газетінің бас редакторы болды. Өткен жылы өмірден өткен белгілі ақын Нұрғожа Ораз ағамыздың да еңбегі зор. Одан бөлек, Ақмола өңірінде туып, Алматыда тұрған Қажымұрат Рахимов пен Ермек Өтетілеуұлы секілді ақын-жазушылардың есімдері де туған елінде ардақталса артық болмайды.

– Сөзіміз жалаң болмасын. Өзіңіз сөз еткен азаматтарды есте сақтау үшін қандай ұсыныс айтар едіңіз?

– Өткен жылы Уфа қаласында болдым. Сонда олар ақын-жазушыларды қатты құрметтейді екен. Төбелеріне көтереді. Қайран қалдым. Әрбір мектепте өмірден өткен сөз зергерлеріне арнап шағын музейлер ашылған. Олардың шығармалары жайында оқырмандар конференциясы өтіп тұрады. Қысқасы, әрбір суреткерді қадірлей біледі. Бізде де осы үрдісті жандандыруға болады. Олар тұрған үйлерге мемориалдық тақта орнатайық. Көшелерге есімін берейік. Тіпті, қиын болмаса, кітаптарын шығаруға ұйытқы болайық. Қолжазбаларын жинап, мұрағатқа тапсырайық. Бүгінде елордада жүзден астам талантты жазушылар тұрады. Бірақ біз сөз еткен қаламгерлер сол кезде орыстанып кеткен қаладағы қазақы рухты сақтап қалды. Сол үшін де оларға алғыс айтуымыз қажет. О дүниеге кеткендер енді ешкіммен таласпайды. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында тұлғаларды дәріптеу туралы терең ойлар айтқан. Адам мың жыл өмір сүрмейді. Асыл сөз ғана мәңгілік. Біздің де жасымыз ұлғайды. Сондықтан ақмолалық қаламгерлердің есімдері ескерусіз қалмаса екен.

Азамат ЕСЕНЖОЛ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар