Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Естай Мырзахметов - ел есінде...

14.02.2022 3252

Естай Мырзахметов - ел есінде 12+

Естай Мырзахметов - ел есінде - adebiportal.kz

Биыл белгілі жазушы, журналист, аудармашы Естай Мырзахметұлының туғанына 95 жыл толды. Жазушының «Медет» романы, «Хайроштың аманаты» хикаяты т.б. туындылары кезінде оқырман қауымға кеңінен танымал болды. Тоқсан бес жылдығына орай жазушы Естай Мырзахметұлының өмірі мен шығармашылығы туралы аз-кем тоқталуды жөн санадық.

Жазушы, журналист, аудармашы, өлкентанушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Естай Мырзахметұлы 1927 жылы 15-қаңтарда бұрынғы Көкшетау облысы Щучье ауданы (қазіргі Ақмола облысы Бурабай ауданы) Жаңажол аулында Мырзахмет Нұрғожаұлы мен Рақыш Ғаббасқызының отбасында дүниеге келген. Ата-ана қолында тәрбиеленіп, 1934 жылы Жаңажол колхозының бірінші сыныбына барады. 1938 жылы бастауыш мектепті бітірген соң Кіндікқарағайдағы орталау мектепке түсіп, оны 1941 жылы бітіріп шығады. Соғыс басталған кезде он төрт жастағы жасөспірім майданға аттанған ересектердің орнын басып, тылдағы еңбекке араласады. Бастабында колхозда есепші болып жұмысын атқарып, 1943 жылдан трактор руліне отырып егін себу, ору жұмысына араласады. Осы жылы жазатайым трактордың астына түсіп қалып, бір ажалдан аман қалады. Қабырғалары сынып, көп қиындық көреді. Ұзақ науқастан айыққан соң, 1947 жылы Қотыркөлдегі ауылшаруашылығы механизаторларын даярлайтын мектепке түсіп, комбайншы куәлігін алып шығады. Жастайынан өлең-сөзге құмар жігіт осы қалпында ауылда қалып, қатардағы ауылшаруашылық маманы болудан гөрі қаламгерлікті жаны қалағандықтан, оқуға түссем деген арман жетегінде ел астанасы Алматыға жол тартады. Сәті түсіп, 1949 жылы С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дің (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) журналистика факультетіне оқуға қабылданады. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ алғашқы очерктерін жазып, қаламгерлікке машықтана бастаған Естай Мырзахметұлының алғашқы туындылары республикалық «Пионер» журналына жарияланады. Университет қабырғасында жүріп, сабақтан тыс уақытнда әңгімелер мен мақалалар жазумен тұрақты түрде шұғылданады. 4-курсте оқып жүргенде Естай Мырзахметұлының журналистік қалам қарымын таныған «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің бас редакторы Абай Бейсенбаев қызметке шақырады. Сөйтіп журналистік қызметін «Лениншіл жас» газетінің спорт және дене шынықтыру, бөлімінің меңгерушісі болып бастайды.

1954 жылы университетті бітірген соң Естай Мырзахметұлы Солтүстік Қазақстан облыстық «Ленин туы» (қазіргі «Солтүстік Қазақстан») газетіне әдеби хатшы болып жұмысқа орналасады. 1955 жылы жас күнінде трактор апатында алған жарақаты салдарынан ұзақ уақыт бойы аурухана төсегіне таңылуға тура келеді. Ақыры еңбекке жарамдылығына байланысты 1955 жылы ІІІ, 1956 жылы ІІ топтағы мүгедектік санаты беріледі. Тәніне батқан сырқат сыр беріп, жанына батса да, өмірге құштар жас журналистің жігері мұқалып, сары уайымға салынып отырып қалуды жөн көрмейді. Журналистік қызу еңбекке араласады. Сөйтіп 1954-1966 жылдары «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің Көкшетау және Солтүстік Қазақстан облыстары бойынша меншікті тілшісі, 1966-1968 жылдары Көкшетау облысының бас газеті «Көкшетау правдасы» газеті редакторының орынбасары болып журналистика саласында көп жылдар бойы жемісті қызмет істейді.

Естай Мырзахметұлының шығармашылық ғұмыры негізінен журналистика саласындағы қарбаласта өтеді. Денсаулығының дімкәстігіне мойымастан, қажыр-қайратпен, ұмтылыспен өмір сүрген қаламгер ауыр науқасқа шалдығып, кей кездері ұзақ уақыт бойы шығармашылықпен шұғылдануға, еркін жазу жазу мүмкіндігі мүлде қиындаса да мойымастан жазумен шұғылданады. Естай Мырзахметұлы шығармашылық ғұмырында «Он бес жыл өткен соң», «Медет» романдарын және «Хайроштың аманаты», «Қара жолдың бойында» повестерін, жүзге тарта әңгімелер мен новеллалар, естелік-эсселер, зерттеу мақалаларын жазды. Біздің халқымызда қаламгерлерді кей жағдайларда орыс жазушыларының тағдырына ұқсастырып атайтын бір әдет бар ғой. Осыған орай, жастайынан денсаулығына байланысты қиынылықты көп көрген, ауру азабымен арпалысқан тағдырларына байланысты «қазақтың Корчагині» аталатын бірнеше қаламгер бар. Замандас, қаламдастары Естай Мырзахметұлын да осылай атап жататыны бар. Себеп – жоғарыда аталған, дене саулығы үшін арпалысқан жылдары.

Естай Мырзахметұлының өлкетану мәселелеріне қатысты көптеген мақалалары мен эсселерінің өзі - бір төбе. Туған өлкесі Көкшетаудың арғы-бергі тарихына, онда әр кезеңде өмір сүрген әйгілі тұлғалар, өз тұстас-тұрғыластары мен өзінен кейінгі буын өкілдері туралы әдеби туындылар, зерттеу мақалалар, танымдық дүниелер мен эсселер жазып, оларды кезінде мерзімді басылым беттерінде жазды. Ол еңбектері кейіннен жинақ болып жарияланды (Е.Мырзахметұлының «Көгалдайдың көк шақпағы», «Жолда қалған таяқ» кітаптарын «Әдебиет порталынан» онлайн оқуға мүмкіндік бар).

Естай Мырзахметұлы өзінің шығармашылық ғұмырында аудармамен де айналысып, дат жазушысы Мартин Андерсен Нексенің «Жаннета» романын, дат балалар жазушысы Ханс Кристиан Андерсеннің «Сандық-самолет» ертегілер жинағын, татар жазушысы Шәміл Умановтың «Торғай даласында» атты повестер мен әңгімелер жинағын, орыс жазушысы Юрий Корольковтың «Кио ку мицу!» роман-хроникасын қазақша сөйлеткен.

Жазушының Абылай хан, Кенесары хан, Қанай би, Наурызбай батыр, Тілеміс батыр, Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Сабыр Шәріпов т.б. әдеби, тарихи тұлғалар, белгілі шығармашылық иелерінің өмірі мен шығармашылығы туралы құнды дүниелер жазды. Горбачевтік «қайта құрудан» азаттықтықа ұласқан кезеңде, өмірінің соңына дейін ұлт тарихындағы ақтаңдақтардың орнын толтыруға аянбай үлес қосып, ұлы тұлғаларды ұмытпауға, ұлықтауға күш-жігер жұмсаған қайраткер. Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы.

Естай Мырзахметұлының шығармашылығы қаламгердің өзінің көзі тірісінде-ақ әдебиет зерттетушілер тарапынан лайықты бағасын алды. Қазіргі таңда да жазушының туындыларының жаңа буын оқырмандары бар.

Көкшетау қаласында жоғары оқу орнында оқып, бітірген соң жұмыс істеген жылдарымызда жазушы Естай Мырзахметұлымен түрлі кездесулерде жиі жүздесіп, әсерлі әңгімелерін тыңдайтынбыз Ол кездегі оқушылар мен студенттердің, жалпы халықтың жазушыға, жалпы әдебиетке деген ықыласы ерекше еді. Жұқалтаң селеу шашты, ақсары ашаң жүзді, айтар сөзін байыптап сөйлейтін жазушының әр тақырыптағы әңгімесі әсерлі, тыңдаушысын бірден баурап әкететін. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары қазақ жазушыларының шығармашылығын қадағалап оқитын оқырмандар қатары қалың, сонымен бірге қалам иелеріне деген халықтың ықылас-ниеті де қаз қалпында болатын. Заманның сұраныс-талабына сай қазіргі қазақ қоғамындағы қаламгердің орны мен ықпалы да, оқырмандардың талғамы мен танымы да көп өзгерген. Кеңестік заманның өзінде «Бейресми ұлттық партия» атанған Қазақстан Жазушылар одағының өз құрамындағы қабырғалы қаламгерлердің болып-толып тұрған шағында мәртебесі де бік еді. Қаламгер қауымның ел-жұрт, іш-сырт пен жоғарғы-төменгі билік баспалдақтары алдындағы атақ-абыройы, бет-беделі асқақ тұрған заманда заманда ұлттық мұратты ұлықтау, жинақтап, хаттап бастырып, болашаққа аманаттау тұрғысында көп істер тындырылғаны анық. Тәуелсіздік жылдарындағы әдеби тыныс-тіршіліктің деңгей-лепесін жоққа шығару емес. Қалай айтсақ та кеңестік дәуірдегі қаламгер мен оқырман арасындағы тығыз байланыс арқылы салтанат құратын әдеби кеңістіктің көкжиегі тәуелсіздік жылдарында тынысы кеңеюден гөрі біртіндеп тараюға бағыт алғаны рас. Бұл - бүгінгі заманның ақиқаты. Әлемдегі экономикасы дамыған елдердің бәрі де мәдениетіне көңіл бөле отырып, руханияты кемел елдердің бәрі кітап оқитындығын ескерсек, Қазақстанның да алдағы кезеңде сол қатардан табылуына күш салуымыз керек. Қазіргі аға буынның кешегі дәуірдегі кітапқұмарлық дәстүрі жалғасын табуы керек. Естай Мырзахметұлы сияқты аға буын қаламгерлердің еңбегі дәріптеліп, оқылуға тиіс.

Естай Мырзахметұлы шығармашылығында «Медет» романының орны ерекше. Қол ұстасып жаңа өмір бастаған жолына тап келген қиыншылықтарды қалтқысыз достық, шынайы махаббаттың күшімен бірлесіп жеңе білген қос кейіпкер Медет пен Айнұрдың тауқыметті тағдырына құрылған романды кезінде оқырман қауым жылы қабылдайды. Қазақ есімнамасында Медет, Айнұр атты есімдердің көптеп қойылуына «Медет» романының белгілі дәрежеде әсері болғандығы айқын. Қазақ жастарын кіршіксіз, адамгершілікке, айнымас жан достыққа, өмірге деген шексіз құштарлыққа ұмтылдыруға, адам бойындағы іштарлық, көре аламушылық, т.б. жағымсыз мінез-қылықтардан жиренуге, шамасынша аулақ болуға үндейтін «Медет» романы жарық көрген соң жазушыға оқырмандардан екі мыңнан астам хат келген екен. "Медет" романы - Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат қызық мол жылдарынан» кейінгі оқылымды кітап ретінде жастардың сүйіп оқитын туындысының бірі болған. «Медет» романы – ақпаратты заманауи ұсыну форматтары арқылы таныстырып, қызықтыра насихаттап бағыт сілтей білсе, бүгінгі буын жастары үшін де қызыға, әсерлене оқитын туынды ретінде қабылданары сөзсіз. Себебі, жастарға тән албырттықпен алмасар ақыл тоқтатушылық, өзара сенім, төзімділік, адалдық, ата-анасы мен жан жары, қоғамы алдындағы жауапкершілік – қай дәуірдің болмасын жастары үшін өзекті болып қала бермек. Осы тұрғыдан алғанда, «Медет» романы мәңгілік жастықтың туындысы. Романдағы кейіпкерлер әлемі, жазушының сюжет пен композиция тұтастыру шеберлігі, тілдік қолданысы т.б. тұрғысында жазылған зерттеу еңбектер, мақалалардың саны да біршама, іздеген адам ғаламтор қорынан-ақ тауып ала алады.

«Медет» романы дегенде Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті қабырғасында білім алып жүргенде ұстазымыз Таңсық Жұрынқызының жетекшілігімен осы романды курс бойынша түгел оқып талқылап, роман желісімен сахналық қойылым әзірлеген болатынбыз. Сөйтіп әбден дайындалған соң роман авторы Естай Мырзахметұлы мен жары Гүлжәмила Нұрмұхаммедқызын арнайы шақырып, кең дәрісханада кездесу ұйымдастырылған еді. Реті келгенде сханлақы қойылымымызды көрсеттік. Арбаға таңылып жаны қиналған Медеттің (рөлдегі курстасымыз Ерғалидың) сүйген жары Айнұрға жан сырын шертетін тұсын көріп тыңдаған Гүлжәмила анамыздың көзіне іркілген жасын сүрткені, жазушының да қатты толқығанын аңдаған едік сол сәтте. (Бейнекамераға түсірілген сол кездесудің кассетасы Таңсық Жұрынқызы отбасының мұрағатында болуы тиіс). Жазушы мен жарының бұл жан толқыныстарының себебі, тікелей мемуарлық туынды деп қабылдамасақ та, «Медет» романындағы Медеттің басынан өткен өмірдің кейбір арпалысты кезеңдері – автор мен жарының өз бастарынан өткен жағдай екенін оқырмандары жақсы білетін. Жалпы алғанда, расымен барлық дерлік қаламгер қауымы әдетте, ең әуелі өз басынан кешкен, өз ой елегінен, жүрегінен өткізген тағдырды жазбай ма? Мұндай кездесулер, шығармалары бойынша сахналық қойылымдар – жазушы өмірінде жиі болатын, әдепкі жағдай еді десек қателеспейміз.

Жазушы Естай Мырзахметұлы – Көкше өңірінің өткен-кеткенінің шынайы жоқшысы болды. Оған жоғарыда атағанымыздай, әдеби көркем туындылары мен зерттеулері, жоғарғы-төменгі билік орындарына ұлт руханиятын ұлықтауда қозғау салу тұрғысында жазылған, басылым беттеріндегі мақалалары мен үндеулері куә. Осы тұрғыдан алғанда жазушы ел тарихында елеулі көптеген есімдерді ақ қағазға мәңгілік таңбалап кетті. Мысал үшін, сондай тұлғалардың бірі – әнші, сал-серілігіне қоса, ересен күш иесі Балуан Шолақтың өзіне тартып туған қызы Бәтен әже туралы деректері. «Бәтен ақ білегін түрініп, аш белін буынып топқа да талай түскен. Соның бір де бірінде не сүрінген, не жығылған емес. Ақырғы рет топ алдында шыққаны – 1936-жылы. Еңбекшілдер ауданы бойынша Қазақстанның 15 жылдық тойы өткізіледі. Ұланғайыр той тамашасы бір кезде балуан күресіне ұласады. Сонда бас балуан күресіне бір жақтан Бәтен шығып, алқалы топтың ортасында отырады. Қарсы жақтың балуаны одан қорқып көрінбей бұғып қалады. Бәтен бас бәйгені күрессіз жеңіп алады. Сонда ол дәл қырық сегіз жаста екен. Осыдан кейін күресті тоқтатқан ғой», - деп жазады қаламгер «Балуан Шолақ» атты еңбегінде.

Қаламгер жазбаларында өзі өмір сүрген дәуірдің қуанышы мен күйініші қатар өріліп жатады. Естай Мырзахметұлының өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары мен жаңа мыңжылдық басындағы кезеңдерде жазған толғаныстары, эсселері, т.б. турасында дәл осылай айтуға болады. Солардың біріне кеңінен тоқтала кету дұрыс болмақ.

Жазушының «Азалы хикая» атты естелік-эссесі – жазушының азалы жан жоқтауы. Мынау пәни жалғаннан қапияда ерте кеткен ұлы Абайы туралы өкінішке толы сағынышты жазбасы. Тек жан жоқтау ғана емес, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында біздің елімізде жүріліп өткен шым-шытырық оқиғалардың шынайы көрінісі. Айта кетерлігі: Абай Естайұлы Мырзахметов – жақсы аты ерте шыққан азамат еді. Кеңес Одағы күйреп, Қазақстан тәуелсіздік алған жылдары ел шынымен дағдарып, абдырап қалған еді. Осы тұста елім деген ерек ерлер туып шыға бастады. Мемлекет байлығы, жылдар бойы жинақталған халық дәулеті жекешелендіру деген науқанның желеуімен ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп, аласапыран басталған. Міне, осы тұста іскер азамат Абай Мырзахметовтің «Тұмар» атты фирма құрып, азық-түліктен, отын-судан тарыққан елдің жыртығына жамау болмаққа талпынып, жабайы капитализмнің салдары сансыратқан жұртқа аз да болса демеу, сүйеу болған еді. Абай Естайұлының ел дегенде еміренген атпал азамат болғанын Көкшетау халқы жақсы біледі. Есағаңның ұлы ғана болмай, қалың елдің ұлы болған, ертеңінен халқы көп үміт күткен сол есіл азамат небәрі отыз бес жасында көлік апатынан қайғылы қазаға ұшыраған еді. Төтеннен келген бұл қазаға ел күйзелді, үміт еткен көзінің нұрынан айрылу - жаны нәзік жазушы Есағаңа қайдан оңай соқсын. Ұлы туралы жалын ата аһ ұрған жазбаларынан бұл шерлі хал айқын аңғарылатын. Ұлының өмірге келген, құлдыраңдаған балалық базарлы күндерін, ат жалын тартып азамат болған, ел тауқыметін көтерген нар тұлғалы кезеңін сағына еске алады. "Аман жүріп, әлі де біраз жас жасағанда қалың елін биік белеске бастар еді-ау", - деген қамырықты хал. "Азалы хикая" - жастайынан санасы сергек, көзі ашық, көкірегі ояу жан болған Абай Естайұлының биік парасатын, ұшқыр да аңғарымпаз ойлылығын танытады. Автор-әке ұлымен әр түрлі мәселеде жиі сырласып, ой бөлісіп отыратындығын айта отырып, былай деп еске алады: «1995 жылы. 12 желтоқсан. Кешқұрым келгеніңде көңілсіздеу көріндің. Кейпіңе үнсіз барлай қарадым. Жүйрік ойың әкеңнің көңіліндегіні сол сәт шала қойды.

- Шетелге кеткелі жүрмін, – дедің самарқау ғана.

- Оң сапар, балам. Қашан жүрмексің? – Қай елге екенін сұрамадым да».

Ұлы өзінің біржола кетуге шешім шығарғандығын айта келе, мұның мәнісін, себебін сұраған әкесіне былай деп жауап береді: «Себеп жетерлік, әкежан. Еліміз қаншама ғылым, өнер адамдарынан айырылып жатыр. Қандай милы, білімді, өнерлі жастар шетелге кетіп қалды. Әлі де кетеді. Көп кетеді. Кетпегенде қайтсін, керексізге айналды. Ал ғылымсыз, білімсіз, өнерсіз елдің ертеңі жоқ дей бергейсіз. Артта қалады. Мешеу. Кедей. Сол аксиоманы түсінбеу үшін қандай миғұла болу керек? Мүлдем түсінбеймін».

«Бұл күнге бүгін емес, көптен келдік», - демекші, бүгінгі күні еліміздің бүкіл-тыныс тіршілігін шырмауықтай шырмап алып, ең басты проблемаға айналған сыбайлас жемқорлықтың сол кезеңнің өзінде осыншалықты түңілдірерлік екпін ала бастағанының көрінісі әке мен бала арасындағы диалогте айқын көрініс тапқанын аңғарамыз. Өзара пікір алмасу барысында баласы әзіл де болса, әкесіне мынадай ойын айтады:

– Әй-йй, әкежан-ай, Сіздің үлкен бір кемшілгіңіз бар-ау бойыңызда.

–Ойбай, тағы не таптың аяқ астынан?

Сықылықтап тұрып күлдің: «Қалай шошыдыңыз!.. Сіз өзіңізше еш кемшілігім жоқ деп мардымсыйсыз, ә? Кемшілігіңіз үй жапқандай... Жұрттың бәрін біртекті деп ойлайсыз. Адал көресіз. Рас па осы? Рас қой. Сол кемшілігіңізбен маған қаншама зиян жасайтыныңызды білесіз бе өзі?... «Адал болыңдар. Әділ болыңдар. Қайырымды болыңдар.» Толып жатқан «болыңдар... болыңдар». Сол «болыңдардың» әсері мені қатырып тастаған».

Кеңестің, Қазақстанның аумағынан шығандап, алыс шетелдерді аралап, олардағы экономикалық еркіндікті көріп көзі ашылған бизнесмен ұлы жазушы әкеге осыдан болып талай опық жеп жүргенін ашына айтады, түңіле дағдарады. Ақыры, бекінген шешімі: Канадаға кету болып отыр. Мұның мәнісін сұраған ұлы әкесіне ондағы рухани азаттық, жұмыс жүргізе білген адамға біздегідей кедергілер жоқтығын түсіндіре отырып, «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген халық даналығымен өзінің келіспейтіндігін айтады. Жас бизнесменнің қарсылық уәжі шынымен де ойға қонымды:

«Па, ш-шш-шіір-рркеенн, айтқан-ақ аталарымыз. Патриотизмді насихаттаған-ақ. «Ұлтан бол»... Табанның астында езіліп жүретін. Тасты да, саз-батпақты да, дәретхананы да басып жүретін... Былғаныштан басқаны білмейтін, көрмейтін... ұлтан. Жоғары қарау бұйырмаған. Аспан, күн, ай, жұлдыз, барлығы да оған қараңғы. Айналасында не болып жатқанын сезбейтін. Ит қорлық. Сол дағы өмірге саналып па?.. Аталар сөзіне мен ой жібергелі қаш-шшаанн... мына ұлағаты да көңіліме қонбайды».

ХХ ғасырдың соңындағы, тәуелсіздікті жаңа қолына алған жас мемлекеттің жалын жүрек кәсіпкері Абай Естайұлының бұл ойымен толықтай келісе отырып, ХІХ ғасырдың соңында қазақтың бас ақыны, ойшылы Абай Құнанбайұлының да қазақ мақалы мен мәтеліне сын айтқаны ойымызға оралады. Иә, қай дәуірге де болмасын, сыни тұрғыда ойлау керек-ақ. Ескі дәстүр мен наным догманың шырмау-құрсауында меңзығыр күй кешу қай жұртқа опа берген еді өзі? Жазушы өзінің ұлының ойын былайша жалғастырғанын жазады: «Мен былай деймін. Өз еліңде ұлтан болғаннан... кісі елінде сұлтан болғаның мың есе артық! Әрине, сатқын болмай. Өз елінің патриоты болып. Ақылыңмен, қабілетіңмен халқыңды танытасың. Сыйлатасың, өз отаныңа пайдаңды тигізіп тұрсаң. Бейбарыс сұлтан сияқты. «Бейбарыс сұлтан» фильмін екі қайтара көрдім. Ой, рақаттандым-ау!... Айтыңызшы, егер Бейбарыс өз елінде ұлтан боп жүрсе қайтер еді, ә?»

Елдің бәрі Бейбарыс еместігін айтумен бірге, тағы да болса ойланып, бекінген шешімінен баст тартуынан дәме еткен әкесіне бизнесмен ұлы былай деп жауап береді. Бұған да келіспеу қиын, әрине:

– Дұрыс айтасыз. Дұрыс! Бейбарыс емес. Бірақ та әркім өзінше Бейбарыс болуы керек. Айталық, мен Канадаға бардым дейін. Елімізге тиімді инвестиция тартайын. Жаман ба? Жаман емес! Зиян ба? Зиян емес! ...Соның бәрі жиналып келгенде Көкшетауға жыл сайын жүздеген мың доллар көмек беріп тұрсам... Канадалық технологияны еліміздің пайдасына жаратса. Бүкіл Қазақстан халқы нанға кеңірдектен келе тоқ болар еді. Бұл жаман ба?.. Мен мұндағы: әкім, прокуратура, сот, ГСК, КНБ, салық... тағы сол сияқтылар күн көрсетпейтін ұлтан болып жүргенше Канадаға барып, өзімше Бейбарыс болып, өзімше сұлтан болып жүрсем, әділін айтыңызшы, жаман ба? Сосын, сіздер қит етсе-ақ «аталарымыз айтқан..., аталарымыз айтқан»... Мен сізге сан айттым ғой, аталарымыз айтқанның бәрін бірдей алтынға баламайтынымды. Ақылыма қона ма, ойыма орныға ма – қабылдаймын. Әйтпесе қабылдай беруден аулақпын. «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол»... Не сөз? Патриотизм бе? Басқа халықтар мұны өліп жатса да айтпайды. Қайта «бар, сұлтан бол. Сөйтіп өз еліңе пайдаңды тигіз» дейді. Дұрыс! Дұрыс!.. «Туған жерге туың тік!» деген сияқты шын патриотизмге шақыратын сөздерді айтпай-ақ қояйық, «өз еліңде ұл бол» десе әңгіме басқа. Адам болып тудың ба, ұлтан болма, ұл бол!.. Менің критерийім осы!.. Өзіңіз ойлаңызшы, әділін айтыңызшы, ұлтан құлдан да жаман ғой? Солай емес пе? Құл әйтеуір адам қатарында. Ал ұлтан?.. Мен тіпті өз еліңде де ұлтан түгіл құл да болма, ұл бол! – дер едім... Қысқасы, әкежан, мен кісі елінде сұлтан да болмаймын, өз елімде ұлтан түгіл құл да болмаймын! Халыққа пайдам тиетін ұл боламын! Менің идеалым осы!... Менің критерийім осы!»

Шынымен де есіл азамат дұрысын, турасын айтқан екен-ау! Иә, қазақ – шешен халық. «Өзінен сөзі ұзын қазақтан айтылмаған сөз қалмаған. Қазақтың мақал-мәтелдерінде өмірдің сан ғасырлық тәжірибесінің түйіні жатыр. Оны қай заманда кімнің қалай қабылдап, түсінетіні – өз еркіндегі іс қой. Расымен де, жазушы мен ұлының арасындағы пікірлесуді оқи отырып, еріксіз ойланып қалады екенсің. Жазушы өз ұлының аузынан шыққан: «Өз халқыңның құлы болма, ұлы бол» деген сөзін зерделеу отырып, бұл пайымды әзірге қазақ баласы айтты деп естіп-білмегендігіне іштей шүкірәна ризашылығын айта отырып, былай деп ой қосады: «Жарайды, ұлтан ұнамайды екен. «Сұлтан болғанша, ұл бол» мәнер-кестесі келісіп тұрған жоқ. Әгәрәкім, «ұлға» екі әріп қоссақ иә немесе «ұлтаннан» «т»-ны алып тастасақ, сөйтіп, «ұланды» шығарып, әкелі-балалы екеуіміз «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлан бол», - деген жаңаша сипат берсек ше? Қонар ма еді көңіліңе?»

Ұлы әкесінің бұл пікіріне қуана келіседі. Әкем мен бала арасында мұндай ой жарыс, пікір алмасудың бұған дейін де сан мәрте болғандығын жазушының мына бір жолдарынан аңғарамыз: «Сөз парқын біліп, нарқын таныр ағайын қалай ұғып, қалай баға береді? Өз көңілінің қазылығына жатады да. Әгәрәкім, өз басыма келсем, аталардан жеткен, осымен үш нақыл тарапындағы сенің пайым-парасатың әкеңнің зерде жетесіне мықтап орныққан еді, Абайжаным менің!... Әуелі «Көппен көрген ұлы той», одан соң «Жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен жүріп адас» сөздік қорымнан із-түзсіз жоғалған болатын-ды. Енді, міне, «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» бір әрпінен айырылып, мән-мағынасы сәл-пәл өзгеріп, «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлан болға» айналып еді ғой, Құлыным!»

Иә, расымен де «өз еліңде ұлтан болғанша, ұлан болу», «ұлттың табанынан кірген шөгір маңдайыма кірсін» деп тәрбиелеген де дұрыс шығар. Ұлтанның мағынасы қаншалықты айқын болғанымен, азат ойлы ұрпақ «ұлтан бол» дегенді «Ұлтан құл бол» деп ұғынып қалуы да мүмкін-ау? Демек, өсер жұрттар сияқты, біздің де еңсеміз тік болғаны жөн екен. Абай арыстың ойына қосыларымыз анық. Естай Мырзахметұлы ақыл-парасатты ұлымен өткізген шуақты күндердің тағылымды сәттері жайлы осылай қалам тербеген екен.

2007 жылы жазушы Естай Мырзахметұлы сексенге толды. Көкшетаудың «Жастар сарайы» көрермендерге лық толып, жазушы Ғаббас Қабышұлы бастаған қаламдас інілері арнайы келіп құттықтаған еді. Осы жылы күзде Көкшетау биігінің бірі түстігінде, бірі шығысында, көршілес дерлік екі ауылда, бір жылда өмірге келген екі төл құрдасты, жазушы Естай Мырзахметұлы мен көрнекті әдебиеттанушы ғалым Тұрсынбек Кәкішұлының 80 жылдық мерейтойына арналған тамаша кездесу «Көкше» академиясында өткен еді. Қос құрдастың жарасымды әзіліне жиналған жұрттың жадырай күлгені есімізде. 2008 жылы қайсар жазушы мәңгілік мекеніне аттанды.

Жазушы Естай Мырзахметұлының өмірі мен шығармашылығы туралы аз-кем тоқталған жазбамызды қаламгердің 85 жылдығына орай, сан-дерек, атауларға құрылған «кезекшілік» бипаздай еске алу немесе пәлен шығармасындағы түглен кейіпкердің типтілігі, прототипі, сөз саптауы т.б. әдеби курстық, дипломдық жұмыс қалпындағы талдау түрінде құрмай, жазушының көзін көрген оқырмандық пікір-пайымға, жазушы мұраларындағы кешелі-бүгінгі шынайы өмірдің өзіне құра отырып жазуды мақсұт еткеніміз еді.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар