Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Фариза Оңғарсынова: Аққайыңға айналып соққан жүрек...

08.02.2016 5503

Фариза Оңғарсынова: Аққайыңға айналып соққан жүрек

Фариза Оңғарсынова: Аққайыңға айналып соққан жүрек - adebiportal.kz


mfi.jpg

Мен соңғы кездері Мұқағали Мақатаев жайлы еске алған сайын екіұдай сезім құшағына бөленіп, өзімді қарсы ағыстар тоғысқан тұстағы шырқ үйірілген жел қайықтай сезінемін.


Біріншісі - күні кеше кездейсоқ кездесе қалса, көңіліндегісін көл-көсір етіп айтуға батылы бармай жасқаншақтаған бозбаладай, тек күлімдеген қой көздері ғана аппақ ниеті мен шалқар ықыласын көрсеткен кейпінде қолымды қысып тұратын сәттерде, немесе дидары қып-қызыл шапақтай албырап, Алатаудай төніп келе жатқанда алып тұлғаның жанында мысым құрып бейкүнә көжектей бүрсиген менің ұсынған қолымды алмастан, кермиық дала-алақандарымен иығымнан қапсыра ұстаған күйі: «Бала, шеңберден шығу керек!» - деп жүрген күндерде, мен оның поэзиясына кереметтей табынатынымды, өзін ынты-шынтыммен жақсы көретінімді неге айтпадым екен; «ойдан мүсін орнатып, қиялымен болмасты болдырам деп» қайран күшін сарқып, «көтерілмей жүргенде еңсем менің, армандадым, біреуді көрсем дедім» деп ағыл-тегіл сезіммен асау шабыттың тынымсыз тоғысқан тасқындарынан бас ала алмай:


«Мәңгілікке өзіммен ала кеткен

Менің нәзік жанымды кім түсінер?» -


деп шарқ ұрып жүрген күндерінде оның поэзиясына деген жүрек жылуымды қипалақтап айта алмай, көңілдің қызуы мен алақандардың жылуына да селт етпес шағында - жүрегіне жақын едім, дос едім, таныс едім деп бебеу қаққаным не деген сараң сезімділік, не деген жарғақ маңдайлық деп өзімді-өзім жыламсырай жазалаймын.


«Жанарымды тұманмен тұмшаладым,

Серіппесі үзіліп тұр садағым.

Жігітінен қазақтың дос таба алмай,

........................................................................

Ауырлар деп ойлап па ем мұнша халім?..» -


деп, көңілі сәл жабырқау тартқан сәтте шілде кешінің саумал самалын қара қатқақ қыстағы маңдайдан соққан ұштырма желдей, жаны шуақ шашқанда қаңтардың үскірігін жұпарлы даланың айлы жаз кешінің құшағындай сезінетін алып ақын жанын көл-көсір қуанышқа тоғытар - мендейлердің ақ сезімі ғана емес пе еді; өз кезінде көрсете алмаған ықылас-ниетімнің, оның шетсіз-шексіз шалқарлығының бүгін Мұқағалиға қандай қуат, нендей медеті тиіп жатыр; аяулысын аялай алмаудан адамзаттың жүрегін жарға соғумен күн кешіп келе жатқан ғасырлар бойғы тәжірибесінен тағылымды тәлім ала алмай, жалғыз атын жайратып алып жапан далада жылап отырған жолаушыдай, әлі күнге көңіл көрлігінен арылмауымыз тегі пендешіліктің болмысы шығар...


Екіншісі - дүниеде мәңгі ештеңе жоқ: сезім де, сұлулық та, бақ-дәулет пен бал-дәурен де баянсыз. Демек, жаратылыс перзенті - ақын жүрегі де мәңгі соғуы мүмкін емес. Бірақ ақынның (мен бұл жерде Мұқағали сынды жүздеген жылдарда бір рет туып, адамзаттың рухани байлығына, мәңгі жасар рухани перзентіне айналатын бірегей дарындар хақында айтып отырмын) жүрегінен шыққан жырлар бар емес пе?! «Жүз жыл жасап жүретін жаман қарғаның» қансоқта бейшара тірлігін поэзияның көгілдір әлемін мизамдағы найзағайдай жарқ еткізіп, «шоқ жайнап, от бүріккен Қасымдайын» зулап өткен ақынға тілеп не жынымыз бар?!


Жалғыз сәтімен-ақ әлемді шуақты шапаққа бөлеп өткен өмірді көксеген көңіл көкжиегінің кереметтей алыс еместігінің нышаны емес пе! Ендеше әлемнің көгілдір көк-жиегіне бет алған Мұқағали жырының топан тасқыны тонна-тонна қорғасын салмағындай екпінмен қолаңса сасыған көлдер мен көлденең жатқан қой тастардың бейшаралығын тағы бір паш етіп, өмірдің өзекті өзеніндей жаратылыс сусынына айналған кезде, біз, пенделер, ащы мен тұщының дәмін ажыратудан қалып бара жатқан таңдайымызды тамсантуға, талғампаздық пен тоқмейілсудің шекарасын шатастырып жүрген шағымызда таңдануға мәжбүр еткен аққу жырларға қол соғамыз. Енді қол соқпауға қақымыз жоқ. Мәңгілік өнердің құдіреті тек осылай мойындатады. Енді Мақатаев жүрегінің екінші ғұмыры - мәңгілік ғұмыры басталды!


Бұл - поэзия салтанаты.


Мені желқайықтай шыр айналдырған екі ұдай сезім осы еді.


Мұқағали - біздің заманымыздың поэзия дүниесіндегі құбылыс.


Егер ол құбылысты біз бірден байыбына барып, дөп басып, тани алмасақ, өз дәрежесінде қабылдай алмасақ, бұл - өнердегі заңдылық. Ұлы Пушкинді орыстың талғамды оқырманы туғанына жүз жылға жуықтағанда танып, ұлылығын мойындай бастаса, данышпан Абай мен семсер жырлы Махамбеттің өзегін өртеген ортаның болмысы ой мен сананың биіктігіне бой бермейтін тірлік қағидасы болса керек.


«Поэзия!

Менімен егіз бе едің?

Мен сені, сезесің бе, неге іздедім?

Алабұртқан таңдардан сені іздедім,

Қарауытқан таулардан сені іздедім.

Махаббаттан іздедім, сағыныштан,

Арманымнан іздедім алып-ұшқан!

Сәттерімнен іздедім жаңылысқан,

Сені іздедім, жадырау, жабығыстан», -


деп тіршіліктің жұрт көзіне көріне бермес сәттерінің бәрінен сезімге талшық іздеп шарқ ұрған ақынның жырлары жыл өткен сайын өзінің терең иірімдеріне тартып, бойлатпай, байсалды қалпыңды быт-шыт қылып, біресе «бастаулар мен жылғаларға», біресе «арман қуған желаяқ сағымға», енді бірде, «таңсәріде найзадай шыңдарға шыға алмай қадалып қалған күнге», «қыранның қанатынан ұстап алып, көкке ұшып бара жатқан бір ғаламатқа» айналып, сан қырымен құбылып бара жатыр.


Ол - әсіре қызыл бояудың жылт етпе құбылуы емес, жақындаған сайын алыстап, жақындаған сайын жан дүниеңді сан күйге бөлеп, жүрек лүпілі мен сезім құдіретінен құйылған қанық бояуымен құпиялана түседі.


Поэзияның әрі таймас сұлулығы да, барған сайын ынтызарыңды құрта түсетін құдіреті де осы болуы керек.


Біз, көбінесе, «азамат ақын» деген тіркесті қолданамыз. Меніңше, бұл тіркес «ағаш өскен орман» дегенмен бірдей: ақын деген ұғымның өзінде сан қилы мән-мағына жатыр. Азаматтық үні жоқ адам ақын да болмайды, әшейін өлең ұйқастырғыш деп қабылдауымыз керек. Ақынның шынайы махаббат сезімі жайлы жырларынан да оның адамгершілігі мен азаматтығы - бірден айқайлап көзге ұрып тұрмаса, тереңіне үңіле алмайтын жыр «түсінгіштерге» ғана болмаса - аңғарылады.


Мұқағали поэзиясы - азаматтық пен адамгершіліктің симфониясы. Әр шумақ, әр өлеңнен шындық пен ақиқат жеңісі үшін тауға да, тасқа да жар салған ақын жүрегінің жанталас үні естіледі.


«Ойым бар менің, ойым бар менің ерекше,

Жақсылық жауып, дүниені мынау сел етсе.

Жауыздықтардың, жамандықтардың барлығын

көрге алып кетем, керексе.

Бүкіл дүние жамандықтарын артыңдар маған, көтерем!

Қарызым болсын өтеген.

Жауыздық біткен менімен ғана бірге өлсе,

Бүгін-ақ алып кетер ем».


Дүниедегі пасықтық пен жауыздық атаулының бәрін жалғыз өзі ғана арқалап кетуге бел шешкен ақын адам баласы жер бетінде енді жамандық іздеп таппас болса, сонда өзі үшін бұдан артық бақыт жоқтай сезінетініне сіз де сенесіз. Мейлі ол зымырап бара жатқан өмірінің бір ғасырға жетпейтініне өзегін өртеп өкіне ме, жыр мен уақыттан бар жан азабын қан жоса болған жүрегімен көп кешкеннен өзінен де, кезерген ернінен де үрейленіп дөңбекши ме, мейлі, ол жел тербеген Қарасаздың балаң шыбығын Аршалы сайда байқаусыз сындырып алғанына өмір бойы аспандай күрсініп өкси ме, келмеске аттандырған керемет күндерімен солтүстіктің суына бастаған суындай салқын тартқан жанның қайта жалын ататынына күмәнданып жүрген қадірін сезбес мынау кезде қайта кездескеніне жанына қыл бұрау салғандай шыңғыра азаптана ма, жұрт тыныштыққа тұншығып жатар тымық түндерде от тұяқты, орақ мүйіз ор теке-жыр санасында сайран салып сенделткен сәтте, «біреудің кербестісін ұрлап алып» кең өлкені кезіп кеткісі келетін ұрымтал көңіл құшағына беріле ме - ақынның жарамсақ жалғандыққа беттетпеген өртті жүрегінің дүбірлі дүрсілін оқтын-оқтын халқына қарап байқап алып, туған елдің тұңғиық намысын ақиқат пен шындық шыңына ту етіп қадамай құрдымнан құласа да тынбайтынына, басқаша тыныстамайтынына сенесіз.


«Сағындым ғой,

дедің-ау, жаным, маған...

Бұлт көрдің бе,

тауларда мамырлаған?!

Сол менің ақ жанымның ақ жалыны,

Аулақта ауылымнан дамылдаған.

Мен деп ойла самал боп, есіп өткен,

Мен деп ойла нөсерді, есі кеткен,

Мен деп ойла өзіңді,

әр түн сайын,

Төсегін сағынышқа бесік еткен...»


Тіршіліктің сарсаң сергелдеңінен сезім пырағы да шығандай бастаған заманда тек Мұқағали сынды табиғаттай жан тазалығын тал қармап жүріп тағылым етер тау тұлғаларға ғана осылай сүю, осылай сағыну бақыты бұйырмақ. Ал азаматтық, адамгершілік деген ұғымдардың өзінде өрелі ой, биік сезім, жан мөлдірлігінен өрілетін болса керек.


Поэзия - азапты әлем.


Барса келмес сапарға араласып, Абайлардың жайлауында жайылып жүрген поэзия пырағын іздеген ақынның:

«Өміріммен өтер болды-ау бұл өлең,

Бір маза жоқ, кілем тоқып, гүл өрем.

Асқар тауға ақша бұлттай қонақтап,

Қара жерге қара аспандай түнерем,

Өміріммен өтер болды бұл өлең», -


деп, шабыт пен шаттық, ашу мен мұң әлемін шарлап, «кесілмеген тұсауы нәрестедей кездескеннің бәрінен құлай беретін» ақынның дүние тылсымдарынан тыныштық таба алмай, сүйте жүріп кейде қиялдағы құланға құрық салып, кейде Алпамыстай күштілік қуат арынымен Геркулеспен арпалыса кеткісі келетін алапат сәттері:

«Еш нәрсенің керегі жоқ!

Керегі жоқ, шаршадым!

Басымда ұйып тұрып алды әлемдегі бар сағым.

Өніп-өскен топырағыма апарыңдар,

Тастаңдар,

Тауларымды,

Қара суды, Қарасазды аңсадым», -

деп, күйзеле күрсінген көңілімен алмасуы жыр дүниесінің жанға жай таптырмас мазасыз болмысын ақиқаттайды.


Мұқағали поэзиясында «күңіренген қасірет, көгілдір дүние күлге айналғандай күрсініс... осынау жан-жануар жадыраған шат заманда аяғының астынан жер ауғандай трагедиясы несі» деген пікірлер көн көңілдердің қасаңси-қасаңси тарылғанын ғана дәлелдейді.


Рас, Мұқағали жырларының табиғатына «өмір деген - мөлдіреген ақ бұлақ, Алатаудан ағып жатқан шапқылап» деп дүниенің бәрін уралаған ұранды қызыл-жасыл алаңдай керетін бірыңғай шаттану немесе «ойбой бауырым, жарығым, айырылып сенен арыдым» деп жүрек көзінен қанша тырысса да, жасы сорғаламай солқылдаған сияқты болатын бірыңғай өтірік жылау атымен жоқ.


Мұқағали жырындағы трагедия - жан трагедиясы - «жапан түз бен теңіздерді кезіп, тырналардың тізбегіне арман толы жанарын қадап жүрген» ақынның:

«Ақыры мына Бақ қондың,

Қастарымменен қақ бөлдім.

Достарым, бірақ жоқ болдың,

Жалғыздық деген құрғырға,

Бақ қонды-дағы тап болдым...»

немесе,

«Соқ, соқ, соқ, жүрек!

Соқ, жүрек, қозғал, миым.

Ми қозғалмай, ойды да қозғау қиын.

Жырсыз өмір - мен үшін өмір емес,

Жырсыз өмір - мен үшін тозған бұйым», -


дегізген жырдың - өнердің трагедиясы. Ал өнер де, өмірдің өзі сияқты, ылғи қуаныш пен шаттықтан тұрмайтыны белгілі. Бірақ ол трагедия - биік арман, мақсат-мұратына үндейтін, тіршілікке етене, зорлық пен қорлықтан, өгейсіту мен өктемсудің, арамдық пен бақастықтың қасіретті өткелдерінен қан кешіп өтіп Жеңіс тұғырына ту қадататын оптимистік трагедия. Ол - ақын тілімен айтқанда мәңгілік поэзия трагедиясы.


«Қарасаз, қара шалғын өлеңде өстім,

Қырға шығып ырысқа кенелмеспін.

Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев,

Өлтіре алмас, алайда өлеңді ешкім!»


Мақатаев жырлары - тіршілік тамырындай өміршең, мәңгі жырлар.


Ол сүйіктісінің күн қақтаған қолаң қара шашынан есетін қырдың, қырманның, жаңбыр мен аңызақтың иісін аңсай ма,


«Кім күтсін, кім жоқтасын онда мені,

Күтетін бір махаббат болған еді,

Күте-күте күдерін үзген шығар,

Күреңіткен мына күн сол ма, тегі?» -


деп, сол бір балауса күндерде ауған аңсары әлі күнге басылмай көрік көкірегін күрсіндірген сәтін жырлай ма, бусанған жердің керімсал келбетінен босанған Ана тұлғасын елестете ме, туған жердің төсінде тұнық көлдерін кешіп, өзендерімен жарысып алқынған ақын беткейдегі гүл төсіне дамылдай ма - осының баршасынан Ана табиғаттың иісі аңқып, көкірегіңді қытықтайды, жапырақ пен жердің бояуы көз жауыңды алып жаратылыс жасағандай өлеңнің табиғи сұлулығына сұқтандырады.


«Жапырақ-жүрек, жас қайың!

Жанымды айырбастайын.

Сен адам бола бастасаң,

Мен қайың бола бастайын.

Келісесің бе, жас қайың?

(Көрінер мүмкін, кімге ерсі)

Өміріңді маған бір берші!

Дүрбелең мына дүниені,

Адам көзімен бір көрші.

Қайың боп мен де бағайын,

Орманнан орын табайын.

Беймәлім маған өмірге,

Қайың көзімен қарайын.

Сен-дағы жерден нәр алдың,

Мен-дағы жерден нәр алдым.

Біреуден сен де жаралдың,

Біреуден мен де жаралдым.

Тілің жоқ, жанды қайың сен,

Айырмашылығым - адаммын.

Мендегі бары бір жүрек.

Беріпті жүрек саған мың,

Сондықтан ұзақ жасайсың –

Құрдасы келер заманның.

Бар-жоғы менде бір жүрек,

Ол өлсе мәңгі кеткенім.

Сендегі семсе мың жұрек,

Келгенде жасыл көктемің,

Тірілер қайта дүркіреп».


Табиғаттай сұлу жыр тек осылай құйылса керек-ті. Тіршілік дүниесінің кейде марғау, кейде дүлей құбылмалы құшағында тарих шыңын шұбатып жөңкілген жылдардың екпініне ілесіп, мәңгілік өмір салтанатының жасыл жайлауын бетке алған осынау жампоз жырлардан тау мен теңіздің, жусан мен жаңбырдың иісі аңқып, біздің даланың лебі еседі.


Бұл - мәңгілік жырлары.



БІРІНШІ ЛИРИКАЛЫҚ ШЕГІНІС



Мен Алматыға «Қазақстан пионері» газетіне редактор болып келдім. Келгім келмеді: бұрын газет-журнал редакциясында басшы қызметте болмағасын, жүрексіндім, әрі ауыл-ел шалғай - Гурьев қайда, Алматы қайда?! - анам болса, жасы келген адам, Айбар кішкентай, әйтеуір не керек, жалғыз өзім шіріген жұмыртқадай сезініп, астанаға келдім. Бар танитыным - «Лениншіл жас» газетінің ұжымы. Ең алдымен өзім меншікті тілшісі болып істейтін «Лениншіл жастың» жаңадан келген редакторы, яғни өзімнің бастығым Сейдахмет ағаға (Бердіқұлов) сәлем бердім. «Сені Қазақстан пионеріне» редактор болса деген ұсыныс бар», - деп, ағай өзі бұрын басшылық еткен пионер газетінің қызметкерлерімен сырттай таныстырды. «Алматыдан адам табылмағандай, түу Гурьевтен әкелулеріне қарағанда, республика басшыларының біреуінің бірдеңесі болды ғой шамасы», - деп, тосырқағандар да кездесті. Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков пен идеологиялық хатшы Кеңес Аухадиев - екеуі де өте жылы ниетпен қарсы алды.


- Сенің «Лениншіл жастың» батыс облыстардағы меншікті тілшісі қызметінде жүріп жазған мақала, очерктерің, көтерген мәселелерің бізді де ойландырды. Республиканың пионер, комсомол баспасөзінде басшы қыздар жоқ, сондықтан өзіңді ұсынып отырмыз, - десті.


Сонымен, астанадағы өмір басталды. Жаңа ортаның психологиялық салмағы жеңіл емес екен. «Лениншіл жастың» тілшісі бола жүріп, біраз өлеңдер жазғам, олар республикалық «Жалын», «Жұлдыз» журналдарында басылды. «Мазасыз шақ» деген өлеңдер жинағымды «Жазушы» баспасына тапсырдым. Бір күні Ақұштап (Бақтыгереева) келіп:

- Сенің кітабыңның редакциялық талқылауы болатын көрінеді, соған келсін деп жатыр, - деді. Екеуміз бардық. Баспаның поэзия бөлімінің меңгерушісі Қадыр Мырзалиев те, менің кітабымның редакторы Сағи Жиенбаев екен.


Менің редакциялық кеңес, талқылау дегеннің не екенінен хабарым жоқ. Ол кезде «Жазушы» баспасы Коммунистік проспектісінің бойында, Қазақстан Жазушылар одағы үйінің бірінші қабатында болатын. Менің кітабымды талқылау басталды. Марқұм Шәміл Мұқамеджанов, Ғафу ағамыз келді. Бір кезде есікті айқара ашып, еңгезердей, қызыл шырайлы жігіт кіріп келді. Бұған дейін көрген емеспін, бірақ тани қойдым - Мұқағали Мақатаев. «Жұлдыз» журналында қызмет істейді деп Ақұштаптан естігем. «Қарлығашым, келдің бе?» кітабы арқылы сырттай жақсы көретінмін. Отырды. Жұрт сөйлеп жатыр. Сағи ағамыз:


- Фаризаның өлеңдері тым анайы, ой, сезімін тым ашық айтады, ал бұл шығыс әйеліне жат қылық. Мысалы:

«Адам деген бақыттан тұншығады, ә –

шырын сәтте бойында қан тасыған.

Біздер жаққа қарауға қымсына ма –

Ай жатыр шалқасынан», -

дейді. Яғни, Айдың қымсынуына қарағанда, лирикалық екі кейіпкер кісі қызығарлық іс істеп отырмаған болу керек, - деп, тағы көп-көп мысал келтірді. 


Бір кезде Мұқағали орнынан атып тұрып:

- Әй, Қадыр! Сағи! Мына қыз (бұрышта адамдардың арасына түскен тағы мысықтай бүрісіп отырған мені сұқ саусағымен шұқшия нұсқады) күні ертең сендерді ұрып кетеді (шамасы, «жер соқтырады» деп тұрғаны-ау деп ұқтым). Бетің құрсын, кәпір! - дегені! Сүйтті де: - Әуелі осы қыздай өлең жазып алыңдар! - деп есікті тарс жауып шығып кетті. Не жыларымды, не күлерімді білмей, бетің құрсын дегені несі деп аласапыран ойлармен мен отырмын.


 Ақұштап:

- Сен көңіліңе алма - оның жақсы көргені солай, «сүйген құлын шұнағым дейдінің» кері ғой, - деп сыбырлады.


Менің Мұқағали ақынмен алғашқы кездесуім еді бұл.




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар