Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

24.03.2019 4723

Француздар

Француздар  - adebiportal.kz

Айтқали Қуат Рахатұлы - 1993 жылы 31 қазан ШҚО Жарма ауданы Белтерек ауылында дүниеге келген. Республикалық байқаулардың жеңімпазы.

Француздар
(Əңгіме)

- Өй, әкеңнің аузы.. МТЗ – 80 нің астынан ұшып шыққан 19 гайкалық кілт есік іргесінде қалғып жатқан қоңыр күшікті қаңқ еткізді. Қораға қарай қаша жөнелген күшікке қара кілт тіптен тиген де жоқ еді. Есесіне моторын осымен үш рет шашып, төртінші рет жинап жатқан Әбеннің ызасына бұл итаяқ әбден тиген-ді. Күн жеген күпәйкенің бұлындай қай болтын қатайтсаң да дар – дар етіп резбадан кетеді. Міне, тағы да муфтаның болтымен алысып отырып бәлеге қалды. «Өзіңнен көр» деп өгізше қырсыға қалған көк тракторды сықпырта боқтап алды да, Әбен есік алдындағы ағаш орындыққа жайғасты. Аппақ көйлекті «Қазақстан» темекісінің бір талы тракторшының май-май сүйір саусақтарының арасына жаншылып, көзі қызарды. Баяу билей көтерілген көк түтінмен бірге көкке қарай Әбеннің ашу-ызасы да түтінге айналып, ұшып жатқандай.

Ауданнан жетпіс шақырым қашықтықта, жағалай таулардың арасына жайғаса кеткен Бестерек ауылында небәрі жетпіс-ақ үй бар. Совхоз құламай тұрып екі мың шаңырағының айдарынан жел есіп, елу мың қоймен айды аспаннан шығаратын Бестеректің бақытты шағы жоқ қазір. Ондай совхоздағы ауылдың келбетін сол совхоз көрген үлкендер ғана тамсана жырлайды. Сеть тұрмақ, светтің өзі кейде бар, кейде жоқ ауыл тұп-тура бір аяғы көрде бір аяғы жердегі қаусаған кемпір-шалдан аумайтынын қайтерсің. Отыз оқушы, қырық мұғалімі бар жалғыз мектептен кейінгі тіршілік көзі мал болған соң елдің де негізгі шаруасы сол төрт-түліктің күтім-азығына кеп тіреледі. Жазда шөбі, қыста боғы дегендей. Арман қуып қалаға кеткен ұл-қызға ет-сүтін жіберіп тұратын кемпір-шал да, арманының сырғасы тайып ақсаған, амалсыз қалған жігіт ағасы да, отырған қыз бен отсыз ұл да бар бұл ауылда. Осы қоңыр ауылда жасы қырықтың ішін қыдырып кеткен Әбен де қоп-қоңыр тіршілігін кешеді. Орта бойлы, толықша денелі, қайратты қара шашының әр жерінен ақ талдар байқалатын Әбеннің отыз шақты сиыр, бір үйір жылқысы бар. Арғы аталары жылқышы болған. Сол атадан тараған қаннан ба, өзі де жылқы десе ішкен асын жерге қояды. Трактордан кейін қолы босай қалса, қайыстан жүген, қамшы өретін. Жүйрік тазыға да жаны құмар. Қараша соңы қансонарда салбурындатып жұмалап жоғалады. Ондайда жары Айтолқыннан маза кетеді. Күншығыстан Бестерекке кіре берістегі бірінші үй – Әбендікі. Қызыл қақпалы, темір шарбақпен қоршаулы қамыс үй анау айтарлықтай салтанатты болмаса да бір мәрте құда күтуге жарап-ақ тұр. Маңайында артық тұртық түгі жоқ, Әбеннің өзіндей жып-жинақы.

...Орындықта отырып Әбен көк тракторға қарайды. Екеуінің ерегесі ерте көктемде басталып, жаз бойы алысып, күзге қарай ит жығыспен бітетін. Қойшыбек шал қызын ұзатқан жылдың жазын қоспағанда тұп-тура 18 жыл. 18 жыл бойы көк тракторды жөндеп болмады. «Жөнделе қоям» деген көк трактор болмады. Тырна тараулап көкте көшін тізген шақта көрместей боп қоштасып кеткенмен, қар ерігенде қайта табысады. Табыспай кетпеске тағы амал жоқ. Шарқыш та болсын Әбеннің шаңырағын асырап отырған осы. Етегіне жабысып, етігін сүйсең де еріншек бұрылмайтын заман. Әбенсің-ау деп жерін шауып, шөбін тасып беруге қайбір сеніскен серігі бар дейсің?! Өз шөбін ыңғайлап тастаған соң елге көтерме бағамен шөп сататын құрығы ұзындар да жоқ емес. Ауылдағы кемпір шалдың қалтасындағысын қағып, дүкендегі Динараның қазынасына құяды дағы. Мәмен шал айтпақшы «бықи-тықи заман».


Қыс аяғы созылып қар жатып алса, көк трактордың құны артады. Екі көпе болсын артығымен үймесең, қауіп деген аяқ асты. Қорадағы малды қырып алғаннан артқан сор бар ма. Осындай қилы-қилы ойлардың құшағында отырып Әбеннің өне бойы дір етеді. Дір етеді де көк тракторға аяңдайды. Күндіз жан-жаққа ашумен лақтырып тастаған кілттерін жинастырады.
Бүгін мардымды іс болмағанын іші сезіп тұр. Күн еңкейіпті. Қой да өрістен қайтатын шақ боп қапты. Кенет қорғанның алдына аппақ жол талғамайтын көлік кеп тоқтады. Шаң бұрқ етті. Ішінен мұртты біреу сыртқа дік етті. Әбен танымады. Әлгі бейтаныс жанына аяңдап келгенше, ауылдағы ақ машинасы бар әркімге теліп еді, ұқсата алмады. Үстіне кигені де ала бөтен. Состия қарап қалған Әбенге қол бере:

- Бонжур, мюсие! А эм Джери. Ай гоу ту Ралли! Ралли!- деп шығысты көрсетті. Одан сұқ саусағын шошайтып, «бай, бай» дейді тағы.
- Уаликсалам! Ол кімнің атасы ?

- Ралли, Ралли. Бай, бай! Оныншыдан кейін орысшамен қоштасып кеткен Әбенге мынаның тілі тіпкен түсініксіз боп барады. Ауылдан алты қыр алыс жатқан Рәми шалдың қыстағы бар еді. Соны айтып тұр ма деп қалды. Бірақ ол батысқа қарай еді, мынау шығысты нұсқайды. Алдындағысы қаладан көріп жүрген аққұлақтардың бірі емесі анық. Кім де болсын дастархан басы анықтап алмақ. Әмбе, Әбеннен бойы әлдеқайда биік алтын кірпік, алтын қас жолаушының жағы суалып, жолсоқтының кейпін танытады. Созбақтамай үйге сүйрей жөнелді. Әлгі тағы бірдеңке деп самбырлап келеді. Жалтақтап көлігіне қарайды.


- Өй алмайды ешкім, жүр үйге!

- Ралли, ралли! Хоме бай, бай!

- Ой, Давай-давай! Кір төрлет. Көлігіне жалтақтай бергені, жанында серігі бар екен. Ол да адасқан лақтай анадайдан аңтарылып тұр.

- Әй, бері кел,- деп Әбен айғайлады.

- Дени, Дени! - деп жанындағысы да қол бұлғап, серігін шақырды.


Келесі сәтте екі шет елдік қонақ дастархан төрінде қымыздан ұрттап қойып қызарақтап отырды. Қолдарындағы французша – ағылшынша аударма кітапшадан ұққаны, әрі Әбеннің өз топшылауымен бұлар – француздар. Ал, Ралли, Ралли дегені Қытайға қарай бет алған Бестерек ауылының іргесімен өтетін жол талғамайтын көліктер сайысы. Бұл екеуі сол жарысқа қатысып сапар шеккен екен. Ұзынтыра, мұрттысының аты – Сэм, орта бойлы толықша келгені- Дени. Қытайға жетіп жүлдені бөлісіп алған соң, Францияларына қайтатын көрінеді. «Берді, Құдай» деп ойлады Әбен. Көптен бері көршісінің анамен ана жерде бір жарты іштім, мынамен мына жерде екі жартыны бауыздадым деген бір сыдырғы әңгімесінен жалығып жүр еді. Шет елдіктердің қызылды-жасылды әңгімелерін тындайтын болды. Түн өзіміздікі. Екі французға ағылшынша тіл білетін ауылдың бір жүгірмегін шақыртып ап, «қазақ деген – осы» деп талай дүниемен таң қалдыру керек деген ойы да бар. Тәк, алдымен Бестеректің тарихынан бастау керек. Одан кейін жалпы қазақтың салт-дәстүрі туралы. Жылқыны да жырға қоспаса болмас. Айта берсе әңгіме таусыла ма? Екі француз: «осылай да осылай, Қазақстанда болдық, Бестерек деген ауылда қондық, Әбен деген мәрт қазақпен дәмдес болдық» - деп ертең Францияның пәленше қаласында сайрап отырса қандай тамаша! Қазақтар деген әлемдегі ең бір қонақжай халық екен, осындай да осындай дәстүрі бар екен деп дүйім французды екеуі таң қылдырса, Әбеннің төбесі көкке екі-ақ елі жетпей қалмай ма?!

Ауылда сөз жатқан ба, Әбеннің үйіне француздар келіпті дегенді ести сала алдымен көрші Ғазиз жетті. Дәм үсті екеу ара сөз алмасып отырған екі шет елдік қонақ Ғазизге шет планеталықтардан ауыр соқты. Дым ұқпаса да дымы құрып екеуінен көз алмайды. Ғазизден кейін де жұрт Әбендікіне ағылды дерсің. Басым көпшілігі сөз іздеген Әбеннің құрдастары. Есік алдында темекісін бұрқыратып отырған Әбенге келіп, «Француздар қайда?» дейді. Үйде дейді, бұл. Келгендер осылайша зообақтан әлдебір жануарды тамашалауға келгендей үйге кіреді. Екеуіне амандасады баяғы, бастарын шұлғып, қысық көздің ар жағынан қутыңдай «Ассалаумағалейкум» дейді. Екі бейбақ жымияды, жылы шырай танытып «Уағалейкумсалам» дейді. Французша әрине. Осымен әңгіме бітеді. Содан не керек кеш батты, бағылан сойылды, қазан бұрқылдады. Келушілер таусылды. Аяқ асты екі аяқты бір етікке тыққан мына қонақтарға Әбен әлі таңданыс үстінде еді. Бағана ұят болмасын деп бір жүгірмекті жіберіп жылқышы Қалидің үйінен қымыз алдырған. Дәм татсын деп бағылан етіне қазы қосып асқызды, бағылан басын үйітіп және асқызды. Құдайы қонақтың жолы құданікінен кем емес дегені де. Төртеуі болып қымыз ішіп отырғанда сағат тоғыздан әрі қаңғып бара жатқан. Үнсіздікті алдымен Әбен бұзды:

- Ауылда оқу соққан кім бар осы?

- Құрекеңнің жалғыз ұлы екінші курс бітіріп келген. Қала көрген, ағылшынша біледі деген жылпостың бірі сол - деді Ғазиз екі мейманнан көз алмай.
- Е, оның ағылшынша шариттай ма? - деді сеніңкіремей.
- Енді, оқығанның аты оқыған ғой, білетін шығар. Тем более үш тұғырлы тіл деп телевизор күнде сайрайды. Қазір бәрі ағылшынша.


Әбеннің «тез жетсін» деген сәлемін арқалап алтыншы оқитын баласы «Құрекенің үйі қайдасың» деп шауып кетті. Бәтірдің өзі де хабаршы тосып жүрген болу керек көп күттірмей оқымысты Ілияс та екі кітапшасын қыстырып үйге енді. Екі қазаққа амандаса салысымен екі французға бірден мәртебесін көтере:

- Бонжур – деп сәлем берді.

- Әне, оқығанның аты оқыған, деп Ғазиз қозғалақтап қойды. Қабағы түнеріп, жүгіне отыра қалған Ілияс алдымен қос кітапшасын парақтап сүт пісірім уақ үнсіз қалды. Әлден соң ғана ағылшыншалап самбырлап кетті. Екі қазақ қандарын ішіне тарта қалған. Ілиястың әлін байқап «Әй, бір сайратшы екеуін» дегендей өздерінше қуанып отырғандары да өтірік емес. Жарты сағат алай - бұлай тіл сындырып қара терге түскен Ілиястың бар білгені екеуінің жарысқа қатысып жүргендігі, Европаның пәленбай деген қаласынан басталған бәйге Қытайда бітетіндігі, жеңген экипаж пәленбай мың доллор ақша алатындығы ғана болды.

- Ауылдың атын айт!

- Бестерек, Бестерек!

- Үй, Бестерегің не? Бір екі ауыз ағылшыншамен кішкене жабулап

жеткізсеңші.

- Қазір, деп Ілияс кітапшаларын қопара жөнелді.
- Әй, Қазақ деген ұлтпыз, ата-бабамыз аттан түспеген жауынгер болған де!
- Қазір..

- Жылқыны қолға біз үйреткенбіз де!

- Қазір..

- Бір екі күн қонатындай болса киіз үй тігіп, саятшылыққа алып баратын

едік де!

- Айтамын..

Әбен мен Ғазиздің тарапынан жауып кеткен осы тектес сөздерді аударамын деп Ілияс әбден қара терге түскен сияқты. Не деп бастарын білмей тек «Экскюзми, экскюзми» деді кібіртіктеп. Шыдай алмады білем:
- Үй, сенің экскюзмиіңді біз де ұғамыз, басқа бірдеңе айтсаңшы! - деп Әбен гүр ете қалды.

- Қазір, қазір, деп, құтылды интелегент.

- Қалғанын артынан айтарсың, деп, осы сәт Әбеннің әйелі Айтолқын да етті түсіріп дастархан жайды.

- Сөйтейікші, деп интелегентің те қосыла кетті. Етпен бірге арқасынан ауыр жүк түскендей.

Ал, ет жемей лаң қыла ма, деген Айтолқынның қауіпі бекер екен. Екі қонақ етке қасқырша тиді. Бірдеңелерін айтып бас бармақтарын шошайтып қояды ара-тұра. Әбен оқымыстыдан түк өнбеген соң ет үстінде күйші Болатбекке ұлын жіберген. «Аға мас екен» деп қайтып келді. Не керек ет желінді, бас мүжілді, қымыз ішілді. Тек Әбен ғана іштегісін айта алмай біраз айналсоқтап қалды. Тым құрығанда екеуіне тартқан бастың қадірін екі қонаққа түсіндіре алмаған оқымыстыға да шын ашулы. Оқыды деп жүрген қаладағылардың бәрі осындай ма сонда, деп өз-өзінен сұрап қояды. Енді екеуін мазалай берудің қажеті шамалы. Ғазиз де үйіне аяңдады. Ағылшынша қоштасып оқымысты Ілияс та тайып тұрды. Төсек салынып, француздар ұйықтап қалды.

Есік алдында темекісін бұрқыратып отырып қалған Әбен ғана ұйқыдан жеріді. Ауыл ішінен асып қиял желдіртіп көрмеген оған бүгінгі екі қонақ ту алыстағы Парижді санасына көлбеңдете ме, қалай?! Раушан гүлдердің жұпары аңқыған Париж көшелерімен Әбекеңнің алшаң басып жүруі тым оғаш та сияқты. Десе де бір сығалап көруге ол қарсы да болмас еді. Кенет өз ойынан өзі ұялғандай есін жинап ала қойды. Әбеннің ойынша қазір ұлттардың соғысы қарумен емес әдет-ғұрып, дін мен тілде жүріп жатыр. Әр мемлекет өз тілін өзге бір ұлттың санасына құйып жіберуге құштар.Сосын отырсам дейді жарты әлемді жамбастап ап. Анау Америкаң – өзге ұлттардан ғасырға озып кетті де, енді басқаларға да «американдық» бол дейді. Тілімді үйрен,тірлігімді қайтала дейді. Үйреніп ал да, басқа біреуге үйрет дейді. Мұндай басқыншылықтың түйір дәні әр ұлтта да бар. Басқа басқа, қазақ тілінде өзге ұлттың біреуі сөйлей жөнелсе әй кеп жанымыз сүйсінетіні рас қой? Шет елде біреу домбырамен өнер көрсетіпті, тағы мәз боламыз. Демек, біз де басқа бір мемлекетке дәстүрімізді сіңіргіміз , тілімізді ұғындырғымыз келеді. Қасірет сол- сиырдан -бұзау, биеден- құлын туатынын ұққымыз келмейтінінде. Орысқа отыз жерден күй үйретсең де, ол өзінің балалайкасын құшақтап дарылдап әнін айтар. Қазақ та сол. Әбен бұны жақтыра қоймайтын. Жер шарында адам деген жалғыз ұлт болса қайтер еді? Ұлттар жойылды дейді. Оны өзге ғаламшардан келіп біреу жұтқан жоқ. Ұлтты жойған – өз ұлты. Өз ұлтының қадірін өз халқы түсіне алмаған соң жойылды. Байқамыстап отырса, осы Бестеректе өзінен басқа қайыс илеп, қамшы өретін де азамат қалмапты. Жаз бойы жүген өріп жұртқа таратып беретін мәрттігі кімге дауа. Ұлттың тағы бір саласы жойылып барады. Дәтке қуат етіп бірнеше жүгірмекке үйрете қойса қолын кім байлаған. Көк тракторымен алысып жүріп ондайды мүлде ойламайтын боп шықты. Ертеңгі күн қазақ атқа мінуден қалса, не болар екен? Әй, бағана аналарға жылқыны біз алғаш қолға үйреткенбіз, деп бөскісі келді емес пе. Күнделікті өмірде қолданысқа қолайсыз дүниелерді уақыт шіркін жұтып отырады. Бұл заңдылық. Тек осы бір заңдылыққа Әбеннің көңгісі жоқ. Түптің түбі ауыл да жер бетінен жоғалатынын іші сезеді. Ауылмен бірге қазақтың аңқылдақ мінезі де жоғалады...

Осындай ойлардан кейін Әбен бүгінгі екі жолаушыға жалп еткізіп бәрін жайып тастамағанына қуанды. Тіпті оқымысты Ілиястың шала оқығаны қандай жақсы болды десеңші! Болатбектің де ішіп кеткені дұрыс болған. Бұл екеуі жолаушы. Әбен де жолаушы. Адамзат та жолаушы. Көк әтештің айдарындай боп көкшіл аспанда күннің көзі қызара көтеріліп келеді. Қора жақтан қозысы сойылған ақ саулықтың зарлы маңырағы естіледі. Бестеректің іргесіндегі күре жолмен шығысқа қарай әлде жеңіс, әлде жүлдеге деген құштарлық жетелеп, ақ түсті көлік зырлап бара жатқан еді...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар