Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Фридрих Ницще. «Заратустра былай деген»...

15.08.2018 4878

Фридрих Ницще. «Заратустра былай деген»

Фридрих Ницще. «Заратустра былай деген» - adebiportal.kz

(Үзінді)

Заратустра отызға толған шағында өзінің туған жері мен өзен-көлдерін тастап, тауға қоныс аударды. Мұнда жаны мен жалғыздығынан рахат тапқандықтан, он жыл бойы зеріккен де емес. Ақыры жүрек қағысы өзгеріп, бір күні атқан таңмен таласа оянып, күнге үңіле былай деді:

«О, Ұлы Жарық! Мынау әлем болмағанда сен шуағыңды қайтер едің?!

Он жыл бойы күн сайын сен менің үңгіріме дейін көтерілумен болдың. Егер мен, менің есегім мен әпжыландарым болмағанда, өз шуағыңды өзің ғана қорек қылып жүрер едің. Бірақ біз әр таңда сені күтіп, шамадан тыс нұрың мен шуағыңды қабылдай келе, соңыра саған алғыс білдіретінбіз.

Қара! Мен өте көп бал жинап қойған ара сынды өз даналығыма өзім қарық болдым!

Адамдардың арасындағы даналары – өз ақылсыздығына, кедейлері – байлықтарына қуанбай тұрып мен оларға өз даналығымды бөліп-жарып бергім келеді. Ей, Ұлы Жарық, сен әр кеш сайын төменге түсіп, терең теңізге сүңгіп кетесің де, өз шуағыңды әлемнің екінші жағына апарасың. Мен де адамдарға даналығымды беру үшін төмен түсуім керек.

Кеудемдегі даналық кесесінен алтын сұйықтық төгіліп сенің нұрыңның нәрін адамзат жүрегіне жұқтыру жолындағы сапарымда жарылқай гөр!

Қарашы, бұл кесе тағы да босап қалғысы келіп тұр, ал Заратустра тағы да адамға айналмақ».

Заратустраның күнінің батуы осылай басталды...

Ол таудан жалғыз төменге түсіп, жолшыбай ешкімді жолықтырмады. Бірақ орманға аттай бере алдынан шөп тамырларын теріп жүрген шал шығады. Ол Заратустраға былай деп тіл қатты:

«Маған бұл жолаушы жат емес, бұл Заратустра бірнеше жыл бұрын осы жерден өткен. Бірақ ол өзгеріпті.

Ол кезде сен өз күліңді тауға әкетіп едің, енді шынымен отыңды жазыққа апармақсың ба?! Сен оянғансың, ұйқыдағылардың арасына не үшін оралмақсың? Теңіздей жалғыздықта өмір сүріп, енді құрлыққа шықпақсың ба? Тағы да өз мүрдеңді өзің тасығың келді ме?!»

Заратустра: «Мен адамдарды жақсы көрем».

Шал: «Мен де дәл сол себептен ормандар мен шөлдерге кеткен жоқпын ба? Адамдарды тым қатты жақсы көргендіктен емес пе...

Ал енді адамдарды емес Құдайды сүйемін. Адамзатқа деген асқан махаббат мені өлтіріп тынар еді... »

Заратустра: «Мен махаббат жайлы не айттым! Бар болғаны адамзатқа сый беру үшін келгенмін».

Шал: «Оларға ештеңе таратудың қажеті жоқ. Одан да олардан бірдеңе тауып өздерімен қоса алып кет, әрине егер өзің қаласаң. Ал бұл оларға көбірек ұнаған болар еді. Ал шынымен де бірдеңе бергің келсе, аздап қайырымдылық жасауыңа болады, және олар оны өзіңнен жалына сұрайтындай қыл».

Заратустра: «Жоқ. Қайырымдылық жасауға қолым тым қысқа».

Шал: «Онда қазынаңды қабылдайтындай қылып көр. Олар біз секілділердің сый беруге келетініне сенбейді. Оларға біздің көшедегі әр қадамымыз жалғыздық жалмауызындай естіледі. Және түнгі көшені таңның атысына дейінгі уақытта жаяу кезген адамды көргенде, өз төсегінде жатып алып «Бұл ұры қайда бара жатыр?» -деп қана ойлары анық! Сен адамдарға бармай-ақ орманда қалып жыландармен күн кешсеңші! Неге мен секілді аюлардың арасында аю, құстардың арасында құс болып өмір сүргің келмейді?!»

Заратустра: Әулие, ал сіз орманда не істеп жүрсіз?!

Шал: «Мен жадымнан әуен жасап, орманды кезіп ән салам. Ән шығарғанда бірде күліп, бірде жылап көзімнен жас ағызамын. Осылайша үнемі Құдайды бір сәтке де есімнен шығарған емеспін... Әндету, жылау, күлу арқылы өз Құдайымды есіме ала отырып, мадақ келтіремін. Ал бірақ сен бізге сыйға не әкеле жатырсың?»

Бұл сөздерді ести келе Заратустра Әулиеге бас иіп: «Мен сізге не берер дейсіз! Қайта сізден бірдеңе алып қоймай тұрғанымда кетуге рұқсат беріңіз!»-дейді. Солай екеуі екі бағытқа жүріп кетті...Шал мен адам...екеуі де кетіп бара жатып балаша мәз болып күлген тұғын.

Бірақ Заратустра жалғыз қалған сәтінде өз жүрегіне: «Мүмкін емес! Бұл әулие қарт өз орманында жүріп әлі күнге дейін Құдайдың қайтыс болғанын естімеген бе?!» - деп үңіле берді...

Заратустра былай деген.

****

Әлемдегі ең керемет құндылықтар оларды насихаттамаса ештеңеге де тұрмайды. Бұл насихаттаушыларды халық «Ұлы адамдар» деп атайды.

****

Халық пен даңқ комедианттарды қоршайды. Әлемдік заңдылық солай. Өкінішті...

****

Өз досыңның алдында киім киіп жүргің келмей ме? Сен оған өзіңді табиғи қалпыңда ұсынғандығың досың үшін үлкен абырой саналуы керек. Бірақ ол сені көкірегіңнен итереді. «Кто не скрывает себя, возмущает этим других».

****

Ұзақ уақыт бойы әйелдердегі құлдық пен билеушілік қасиеттер жасырынып келді. Сондықтан әйелдер достыққа дәрменсіз келеді. Олар тек сүюге жаралған. Әйел махаббатында әділетсіздік пен көрсоқырлық бар. Ал сезімдері әрқашан найзағайдай кездейсоқтыққа толы немесе таңға жақын түн секілді. Оларда жолдастық бар шығар, бірақ достық болмайды.

****

Мен сендерге жақыннан қашып, алысты жақсы көруге кеңес беремін. Өйткені адам өзін мақтағысы келгенде куәгерлерді шақырады. Ал жақындарыңа сен тек жақсы жағыңнан көрінгендіктен олар сен жайлы жақсы ойда болса, өзің туралы өзің де тек жақсы пікірде қалып, өзгеріс пен даму процессі баяуламақ.

*****

Адамдармен ара-қатынас жасау табиғи қалып пен мінезді құртады.

****

Бірде маған шайтан: «Тіпті Құдайдың да өз тозағы бар. Ол – оның адамдарға деген махаббаты. Құдай қаза болды. Ол адамдарға деген аяныш сезімінен өлді»,-деді.

****

Сенің маған жасағандарыңды мен кешіремін. Бірақ мұның бәрін сен өз-өзіңе жасаған болсаң, мен сені ешқашан кешірмес едім. Міне, бұл – достық!

Заратустра солай деген.

Аударған: Қарлығаш ҚАБАЙ


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар