Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЭССЕ
Ғаббас Қабышұлы. Көрікті сөзбен көркемсурет салған...

18.01.2019 5456

Ғаббас Қабышұлы. Көрікті сөзбен көркемсурет салған

Ғаббас Қабышұлы. Көрікті сөзбен көркемсурет салған - adebiportal.kz

«...Қоңыр күз еді. Ақ жауын себелеп тұр. Жол лайсаң. Алтай өңірінің ең бір жүдең шағы, көңілсіз шағы. Соқыр тұман оның биік сілемдерін жым-жылас қып жұтып қойыпты. Енді бөктерлеп келіп қанат жайып, күргейлеп алған. Тау да бірте-бірте аласарып, адырлы жота-қыратқа айналып, шөгіп бара жатқандай. Әр жерде селдіреген ойдым-ойдым шоқ ағаштар болмаса, етекте бұрынғыдай ну орман да жоқ, үркіп барып, сонау жоғарыдағы алқым-алқымдарға тығылып қалыпты...»

«...Бейуақ. Қарағайлы шатқал арасындағы ауыл үстінебұлтүйіріліп, ығы-жығы үйлері алакеуімденіп қана көрінеді. Аула тандырларынан от ұшқыны жылтылдайды. Анда-санда иттердің мыңқ-мыңқ үргені, әлдеқайда аухаулап сиыр іздеген жалғыз-жарым дауыс болмаса, ауыл жым-жырт...

...Кешкі тымық ауаны жара шыққан ән мені елітіп әкетті. Қоңыржай, баяу үн... Самарқау самал еседі. Желектің тар- қатылған ұшындай жаңа түлеген селеу басы әлсіз лепке изең-изең етіп бас шұлғиды да, қалтырап барып тына қалады...»

Сұлу сылдыр сөзге емес, жанды суретке толы бұл үзінділер біздің буынға «Қоңыр күз еді» хикаятымен жол бастап келген Қалиханның қарға аунаған сайын құлпыратын алтайы қызыл түлкі сынды көркем теңеулерінің бірер мысалы.

«Қоңыр күз еді». «Қоңыр күз» қазақтың көне сөзі болса да, бұл хикаяты Ысқақұлы Қалиханның қазақ әдебиетіндегі төлқұжатына айналып, мысалы маған Қалихан мен Қоңыр күз егіз тәрізденгелі қашан!.. Бірін естігенімде екіншісі есіме еріксіз түсетін, бірін көргенімде екіншісі көз алдыма келе қалатын.

Әкім Тарази, Әзілхан Нұршайықов,

Тұрсынбек Кәкішев, Қалихан Ысқақ

Қайран құрдасым Қалихан мен уәй, шіркін, Қоңыр күзді қантамырым лүпілінен жаңылғанша бір-бірінен ажыратпас- пын!

Құрдастар фәниге бір жылда келсе де, бақиға бірі ерте, бірі кеш кететіні – өкінуге болса да, жазғыруға болмайтын жазмыш. Айрылудың ауыр салмағын фәниде қалғаны көтереді. Тақырып тере әңгімелесуіміз де, шымшып-шаншып әзілдесуіміз де жарасқан құрдастарым: Жүнісов Сәкен серіден, Мырза Әли Қадырдан, Молдағалиев Тұманбайдан, қыранқабақ ақын інім Иманасов Сәкеннен, «кәриялап» қалжың ағытып жүретін Ілиясов Қажытайдан... көз жазғаннан кейін кеудемді кеулеген кезекті суық құйын Қалиханның тынысы тоқтағанын естіген сәтте болды...

Екеуміздің ақырғы жүздесуіміз 2014 жылғы шілде айының алғашқы аптасына белгіленген екен...

Әдеміше ақсақал кейпінде күрек тісі ақсиып ортамызда жүруі сирей бастағанында жаз шыға «Нива» автокөлігіне бұт артып, Топқайыңына тартып кететінін білдім. Әлбетте, жаз шыға. Онда інілері тұрғызып берген самалалы сәнді үйі тұр. Кейде бәйбішесі Дәмеші екеуі, кейде бала-немерелерімен барып, жайлауға бергісіз жасыл әлем төрінде аунап-қунап, бетінде түйіршік май қалқыған сары да дәрі қымызға бөгеді екен. Алматыға келген соң хабарласып: «Қара шалды жоғалтып алдың ба?» деп күлетін. «Ондағы ескікөздеріңнің бірімен ымдасып қалып, кемпірің дертеңді қайырған жоқ па?» дедім бірде. Ол қырылдап күліп алып: «Құдекең маған ондай «талант» бермеген, так что кемпөшкем әрқашан алаңсыз ұйықтайды» деді.

Келесі жолы ауыл сапарын әңгімелеп отырып: «Бұл – бір қызық дүние. Мен маусым туа барып, Қатынқарағайдың қарын қайтып келместей етіп қуып тастаймын, бірақ ол бәтшағар да беріспейді, қазан туа мені Алматыға қайтарып жібереді», деп рақаттанып күлді.

Екеуміздің анда-санда пікір таластыратынымыз бар-ды. Сол жолғы себеп ресми «Катон (катун) қарағайды» оның «Қатын қарағай» дей бергені болды. «Неге олай дейсің?» десем, ол: «Қарағайы қатындай сымбатты болған соң, біздің қазақ жалпы «әйел» демей, «қатын» деген ғой, содан «Қатын қарағай» деп атаған» дейді. Мен: «Басқа жақтағылардан қатты болған соң «Қаттықарағай» деген, немесе үйірлеп өскендіктен қотанға ұқсатып, «Қотан қарағай» деген шығар?» деп едім, ол: «Әй, қысқа жігіт, сен де Алтайдан болғаныңмен, қатынқарағайлық емессің, менімен саудаласпа! Жарайды, ерінбей жөнін айтайын: көне скиф-сақтардың «катуны» – қазақтың «қатыны». Білгің келсе, тағы айтайын: бүгінгі «Лена» – оларша «Ана», ал «Обь» – «Апа», «Енисей» – «Анасай» болған деді. Қазақтың тарихы, жер-су аттары «мәжілісіміздің күн тәртібіне» қойылғанда, Қалиханмен «саудаласып» үстем болу қиын еді, ол, сірә, бұл жағынан да ешкімге есесін жібермеген шығар.

Денсаулығы иықтап, әсіресе бар болғыр аяғы бәлденіп, ырқына көнбей, үйден шығуды қойғанын естіп, иә, шілденің бас шенінде үйіне барып, Дәмеші үшеуміз бірер сағат шамасы анау да мынау жеңіл-желпі жайттарды әңгімеледік. Сонау бір жылдары Дәмешінің: «Жігітімді «Үйден шықпа, романыңды жазып бітір!» деп қалдырып, есікті сыртынан бекітіп, өзім круизге кетіп барамын» деп қалжыңдағаны бар еді, сол жігітінің енді бәйбішесі: «Бір уақ сыртқа, таза ауаға шығып келсеңші!» десе де, үйден өздігінен шыға алмай отырған күйі жүйкемді шабақтады.

Екі күннен кейін Қалихан телефонымды қоңыраулатып: «Әй, қысқа жігіт, саған бір поручение бар», дей бергенінде: «Ау, қара шал или кетік жігіт, тоқтай қал. Алдыңды орай айтайын, саған қой сойып, апарып тастауға тіпті уақытым жоқ» дедім. Ол ғадетінше қырылдап күлді де: «Осы қалам ұстағандардың қатарында біз, отыз бесінші жылғылар, жиыны нешеу жүр екенбіз, соны анық- тап, маған ертең доложить қылшы» деді. «Ертеңі бітпейтінді тапқан екенсің, екі минөтте есебін беремін, кідіре тұр» дедім. Ол тағы күлді. Жазушылар анықтамалығын дереу сүзіп шығып, деректі қағазға түсіріп алып: «Ау, кетік жігіт, осмелюсь доложить, біз жиыны жиырма жеті екенбіз, бүгінде жетеуіміз бармыз» дедім, көңілімнің құлази қалғанын аңғартпауға тырысып. «Солай ма... е, әзірше осы да жетеді ғой, сау бол!» деп телефонын жапты...

Қадыр Мырзалиев, Қалихан Ысқақ

Сол жолы қоңырқай өңін соңғы рет көріп, қоңыр дауысын соңғы рет естіппін-ау!..

Мен оны әншейінде: «Қалихан» деп атап, қалжыңға кезек тигенде: «қара шал», металмен қаптаған маңдай тістерін «малсынбай» «кетік жігіт» дейтінмін. Ол мені «қысқа жігіт» дейтін.

Қалихан Мемлекеттік сыйлық алғанда құттықтап үйіне барып, жаңа кітабымды мына бір «жырымды» тіркей сыйлаған едім:

«КЕТІК» ЖІГІТКЕ

Қалихан ЫСҚАҚҰЛЫ Мемлекеттік сыйлық алғанда

Әзіл

Әлі есінде: әзілдесіп «ДОС...» жүрді,

Ал «АҒАЛАР...» ақыл айтты иықтап.

Сыр ұқтырды «БҰҚТЫРМАНЫҢ САРЫНЫ»,

Басқа тұрғай, тауқыметті «ТҰЙЫҚҚА».

«ҚАРА ОРМАН» қалың ойдан серпілді.

«ҚОҢЫР КҮЗІ» қиқулатты аққуды.

«ҚАРАШ-ҚАРАШ»... кино көші жөңкілді,

Бетке алып «ЖЕР ЖАННАТЫ – АҚСУДЫ».

Бәйібішекең, тауып табар баласын,

«Круиз!»–деп шарлап кетті жер-көкті,

Өзі болса, оңашада қалған соң,

Терең толғап қара сөзбен жыр төкті.

Үкімет пен Жазушылар одағы

Оянды да (оятқан соң!) басқан қалың ұйқыдан,

Он жыл бұрын алатұғын сыйлығын

Он жыл кейін алды бүгін ҚАЛИХАН!

ЫСЕКЕҢНІҢ ырысты ұлы, сөз расы:

көксемеді, тілемеді, сұрамады «құдайлардан» сый-құрмет!

О, бауырым! Әрқашанда аман болсын отбасың!

ТАЛАНТЫҢ бар!

ТАЛАНТЫҢДЫ ТАНЫҒАН:

АЛТАЙЫҢ бар, ХАЛҚЫҢ бар,

АЗАМАТҚА ОДАН APTЫҚ НЕ KEPEК?!.

Ғаббас Қабышұлы.

1993 жыл, қаңтардың 24-і.

Алматы

(Алғашқы екі шумақта бас әріппен жазылған сөздер – Қалихан кітаптарының, әңгімелерінің аттары, – автор.)

Жайсаңбек Молдағалиев, Жұмекен Нәжмеденов, Қалихан Ысқақ

Қалиханның қара сөзбен жыр төккені оқырман қауымға аян. Ол құдай берген түймедей талантының, өзі таңдаған таудай талабының арқасында ана тілінің уызына жарып, қыр-сырына қанып, «қазаққа қара сөзде дес бермеген» Қаламгер болды. Үлкен-кіші шығармаларының қайсысына үңілсең де, тіпті орыс, шет елдер классиктерінен жасаған аудармаларын оқысаң да, көнермес көркем тіл құнарына тәнті боласың. Мысалы, «Ақсу – жер жаннаты» романы қара сөзбен жазылған дастан. Оны әлқиссасынан-ақ аңғарасың. Оқып көрелік:

«Наурыз туысымен белгі беретін Алтай жылымығы томар қалпағын қисайтып, қысқы жолдың күнқағар езуін науалап тастағанымен, қар әлі семіздің сүбесіндей: жел қаққан жазық- тың кірі, қысы-жазы қылау жатпайтын Үшқоңырдың найзасы болмаса, ұлытаудың теріс қапталы шаңқайып-ақ тұр.

Мұз астында тып-тыныш қыстап шыққан Күлмес өзені әр жерінен үзік-үзік тесіле бастаған екен, жар жағасындағы жалғыз көшенің біркелкі ағаш үйлері бір түннің ішінде шатырлары мыжырайып, ескіріп қалыпты. Қыштан соққан екі қабат қос орда қоймен бірге жайылған бозқасқа есектей одырайып көрінген, – олардың ауданның ақсүйек мекемелері екенін Бекет «штукатурлы» кәрі келіншектей сәнқой сырт пошымынан-ақ танып отыр. Ел-жұрттан екі-үш шақырым қашып шығып, ұлтарақтай жазықтың дін ортасына жалпая кеп қонған аэропорттың қортық тамы да жым-жырт жусап тұр. Енді қайтып ешкімді шығарып салмайтындай, енді қай- тып ешкімді қарсы алмайтындай екі арадағы суыртпақ жол уәһәм дүниеден күдерін үзіп бара жатыр. Өзек талдырып, өмір өксіткен уәйімшіл бір тыныштық, бар қуатыңды құ- марлығымен қоса қақтай сауып тауысқан нәумез шақ. Жұрт саған, сен жұртқа жексұрын көрінетін сияқтысың».

Сөз кестесі дейсің бе, ой ажары дейсің бе, нені іздесең – бәрі бар! Суреткер Қалиханнан айрылып қалған кейбір дос-жолдасы оны:

«Қазақ әдебиетінің қара нары» десіп жоқтады. Олай емес, Қалихан тұтас қазақ мәдениетінің қара нары болды. Әңгіме, романымен ғана танылған жоқ, пьеса, киносценарий көгіндегі жұлдызды еңбегі де – мол дүние. Ол сөз бен ойға талғампаздығын, танымпаздығын, тіл жүйріктігін аудармада да көрсетті. Өзі пір тұтқан Л.Толстой мен И.Тургеневтің, А.Чехов пен И.Буниннің, А.Куприннің толағай туындыларын мал табудың тәсілі етпеді, әлемге әйгілі бұл классиктердің шығарма шырайларын қазақ оқырмандарға, әсіресе жас таланттарымызға шұрайлы, дәмді қалпында жеткізіп беруді көздеді және сол мақсатына жетті де!

Қалиханның жазушылық қасиет-құдіреті қазағының бесігі болған Алтайындай асқаралы. Ол – Классик!

Дос-жолдас, аралас-құралас болғандар Қалиханның әді-летсіздікке төзбеген азаматтығын, шамырқанғанда көкейіндегісін кімге, қашан болсын қаймықпастан шапшаң, тура айтатынын атап еске алысып жүр.

Өзіне жарасатын ондай мінезі маған да жақсы мәлім. Батылдығының еселеніп, кейде алдында тау тұрса да теуіп-таптап өтердей өжетігін де көргенім бар. Бір ғана мысал. Жазушылар одағы басқармасының 1-хатшысы Әнуар Әлімжановтың басшылықтағы әуелгі төрт жылы өтіп, енді Одақ жарғысына орай, екінші төрт жыл мерзімге сайлануы шешілмек құрылтай ашылып, онда Әнуардың есеп беру баяндамасы тыңдалды. Дәстүрлі жарыссөз басталысымен, уәйда, оңды-солды сынауға төселген «классиктер тобы» шабуылға шықты: «Әлімжанов төрт жылда одақты омақа астырды, әдебиетті тұралатты! Бізге мұндай орыс тілді басшының қажеті – беш тиын! Қайтадан сайламауымыз керек!» деп бірі бастап, бірі қостап қиқулады. Шабуылшы топтың «комиссары» делінетін денелі, «көзі тірі классик» ағамыз (бүгінде арамызда жоқ, аты-жөнін атамайын) буырқанып сөйлеп-сөйлеп, қалың шашы дудырап мінбеден түсе бергенде Қалихан жүгіре басып мінбеге жетті де: «Мен сөз сұраған жоқпын, бірақ айтпасқа болмайтын сөз сүйреп шығарды. Мен әдебиет туралы да дәнеңе демеймін, Әлімжанов жолдас барымыз бен жоғымызды, керегіміз бен жарағымызды жүйелеп, саралап, тәптіштеп түгел айтып берді. Ал менің айтарым, осы бізде өздерінен басқа өзгенің еңбегін көздеріне ілмейтін, жоғарыға ұйымдаса арыз жазғанда алдарына жан салмайтын, сыңаржақ сынның иін қандыратын бір топ бар. Мына мінбеден жаңа ғана менің алдымда түскен ағамыз сол солақай топтың сойылын соғып, сөзсымағын боратты. Егер, жолдастар, осы ағамызды бүгін одақтың бірінші хатшылығына сайласақ, ертең өзінің үстінен өзі арыз жазбаса, мен мұрнымды кесіп берейін!» деді де мінбеден түсіп кетті. Залдағы көпшілік: «Дұрыс айтты!», «Бәрекелді!» десе, дуылдатып қол соқты.

Шабуыл сонда да тоқтамады, ашықтан жасырынға көшті. Әлімжановты іске алғысыз еткен, «Талейран», «Пиночет», «Тақ құмар» деген сияқты сасық теңеулер бар өлең таратылды.

Үзіліс кезінде құрылтай делегаттары әдеттегіше далаға шыққан. Бәрінің де, шағын-шағын топ болып, баяндама, Қалихан Ысқақовтың қылығы, айтыссөз туралы өзара пікір алыса бастағандары сөзсіз. Біз – бес-алты жас жазушы – Қалиханды ортаға алып: «Уай, жарадың!» деп қауқылдаса бастағанымызда жанымызға жалпақ жатаған бойлы аудармашы бір ағамыз екпіндеп жетіп келіп (ол да марқұм болды), Қалиханға бір көзін аса, бір көзін баса қарап, сұқ саусағын безеп: «Сен дұрыс жасамадың! Оның көргенсіздік болды!» деді. Менің де кейде кезексіз суырыла қалатыным болушы еді: «Көркем әдебиетті насихаттау бюросын бос сөздің құм құдығына айналдырғаныңыз үшін орныңыздан отап алып тастаған Әнуарды атарға оғыңыз болмай жүр-ау!» дедім. Жолдастарымыздың бір-екеуі мырс-мырс күлді. Қалихан оң қолының сұқ саусағын ағамызға туралап тұр, ал ағамыз маған төменнен зілдене ырсиып қарап: «Тауып айттым демексің ғой?!» деген сәтте Қалихан: «Әй, шал!» деп зірк етті, шалы селк етіп, жалт қарады. Қалихан: «Сен маған біздің ауылдағы кержақ шалдарша қыдиып ақыл айтып құр шаршама, әгәрәки қазақтың шалы болғың келсе, сандалмай қартаюыңды ойла! Болды! Әнеу-әнеу қоқыс кәрзеңкелеріңде жатқан «поэмаларыңды» теріп ала кет, бар!» деді, нығыздап қатқыл сөйлеп. Ағекеміз төменшіктеп, бірдеңе деп міңгірлей бұрылып, бүкеңдеп кете барды. Тобымыз өсе қалған екен, бәріміз қарқылдап күліп жібердік. Әнуар Әлімжановты жамандап, арамтер болған байғұс «ақынның» кім екенін де білдік...

Баққожа Мұқай, Қадыр Мырзалиев, Қалихан Ысқақ, Әкім Тарази

Қабдеш Жұмаділовтің «Таңғажайып дүние» романының бір тұсында: «...Ақын өлген күні жедел жиналыс ашылып, мүшелігін қалпына келтірді» делініпті. Әңгіме Мұқағали Мақатаев жайында. Ол - ағат тұжырым.

Мұқағалидың қайтыс болғанын ести сала (1976-жылдың көктемі) одаққа жеткен қаламдастарының жасы үлкені Әбділда Тәжібаев бірден: «Ол Жазушылар одағының мүшелігінен шығарылып тасталған емес пе еді?! Хатшылар қайда?! Дереу секретариат өткізу керек те, Мұқағалидың мүшелігін қалпына келтіру керек!» деді. Мен:«Әбеке,олай болған жоқ қой, ол жай сөз ғой», деп едім, Әбекең: «Сөзді қойыңдар! Ол солай болған, болған! Давайте, секретариатты жинаңдар!» деп ашуланды. Бірінші хатшының бөлмесі алдында ошарылған топ ішке кіруге беттеді (бірінші хатшымыз Әнуар Әлімжанов кезекті шетелдік сапарында, Египетте жүрген-ді). Екінші хатшы Шерхан Мұртазаев бөлмені аштырды. Қалихан екеуіміз кірмей, дәлізде қалдық. Мен: «Бұлары несі?» дедім, еріксіз таңданып. «Өлім үстіндегі концерт» деді Қалихан, қыжылды салқын үнмен.

Хатшылардың қай-қайсысы қатысқаны жадымда қалмапты, «шұғыл мәжіліс» жиырма минөт шамасында өткізіліп, «Мұқағали Мақатаевтың мүшелігі қалпына келтірілді». Әлбетте, ол «мәжілістің» шешімі қалтарыста қала берді. Өйткені, Одақ мүшелігінен шығарылмаған жазушының «Одаққа мүшелігі қалпына келтірілгенін» кім көрген?!

Бөлмеден дәлізге шыққандар бытырай бастағанда Қалихан маған: «Жүр, ана шалға бір ауыз сөз айтайын» деді де, Әбділда ағаны қолтығынан алып, терезе жаққа бұра оңашалай беріп:

- Әб-аға, сіз қателестіңіз, Мұқағали Одақ мүшелігінен шығарылған жоқ, – деді. Әбекең оған ежірейе қарай қалып:

- Е, сен оны қайдан білесің?! – деді.

Қалихан бөгелмеді:

- Мен Одаққа мүше қабылдау жөніндегі комиссияның хатшысымын. Кімді болсын мүшеліктен шығару Мәскеудің қолында, ал оған керекті документті жіберу менің қолымда. Мұқағалиға қарсы бір әріп те түртілген жоқ. Мәскеуге ешқандай қағаз жөнелтілген жоқ. Мұқағалидың мүшелік билетін тартып алған да ешкім жоқ! – деді, «жоқ» деген сөзін ұста дүкеніндегі балғашының солқ-солқ еттіре балға соққанындай нық-нық айтып.

- Мұныңды бағана... неге айтпадың? – деді Әбекең. Қалихан үшін мен жауап беріп:

- «Олай болған жоқ», деп едім, тыңдамадыңыз ғой, – дедім.

Әбекең астыңғы ернін бір жалап алып:

- «Жоқ, жоқ» деп... жарайды, Шерхан тосып тұр, оның вертушкасымен әлгі кіммен... министр Мүсілім Базарбаевпен сөйлесуім керек, – деп бұрылып кете барды.

- Барсын, айтарымды айттым, ұяты өздеріне, – деді Қалихан, тісі ақсия күліп.

Мен кейін 1999 жылы, Әнуар марқұмның 70 жылдығына арнап

«Әлем таныған Әнуар» деп кітап шығаруды қолға алысымен Қалиханға:

- Әй, кетік жігіт, Әнуар туралы естеліктер жинағын шығармақпын, жазып беруге қалайсың? – дегенімде ол «бәрекелдісін» риза көңіл күлкісімен «айтып»:

- Сен ғана пионер болған жоқсың, жолдас қысқа жігіт, мен пионер болғанмын, так что «Всегда готов!» – деді. Естелігін төрт күннен кейін әкеліп берді. «Кемел ойлы, кешірімді болды» деген тақырып қойыпты.

- Мұның авторы Қалихан Ысқақов екені тақырыбынан-ақ көрініп тұр. Күндіз бізге, түнде келіншегіңе сұлу сөйлеймін деп, көркем сөздерің отыз тісіңнен шығуға таласып, күрек тістерің содан кетілді-ау, ә? – деп едім, «қара шал» маған сұқ саусағын безей қарқылдап күліп, балаша мәз болды.

Ол естелігінде Мұқағали «мәселесіне» де тоқталып, Әбділда Тәжібаевқа айтқан сонау сөзін де келтіріпті...

Қалихан Ысқақ, Оразбек Сәрсенбай, түрегеліп тұрғандар: Жақау Дәуренбеков, Молдахмет Қаназов

Алдыңғы 2012 жылы-ау деймін, Әдебиетшілер үйіміздегі бір жиында жасы тоқсанға ер-тоқым салған Әсіпов Сапабек ағамыз, сексеннің сауырын сипалаған Қалихан екеуміз бар төртеу-бесеуіміз залдың бірінші қатардағы орындығына жайғастық. Сонда «Қара шал» мені шынтағымен түртіп қалып, сыбырлай сөйлеп: «Қысқа жігіт, бір кезде бұл қатар Сәбең, Ғабең, Ғабаң, Баукең, Әбекеңдердің меншігі еді ғой, енді, міне, оларға ұқсай алмай, қойқиып-шойқиып біз отырмыз... «Алдыңғы толқын – ағалар, кейінгі толқын – інілер...» деді. Ал жиын тарқап, Жазушылар одағы ғимаратынан шыға бергенімізде білегімді қыса ұстап: «Қысқа жігіт-ей, елге кетейікші... ауылға барып тұрайықшы... мен осы... шыным... айдалада жүргендеймін» деді. «Сен шынында шал бола бастаған екенсің» деп қағыттым.

Ол талбесігін тербеген Топқайыңын сағынып, аңсап жүріпті-ау!..

Ата-бабасының, әке-шешесінің дауысы, иісі тұнып қалған, өзінің ізі өшпес өрнек болып жатқан ауылына жетпіс тоғыз жасында біржола барып, жер бесігіне бөленді...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар