Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
САРҒАЙҒАН ПАРАҚТАРДАН...
Ғабит Мүсірепов. Қарлы жаңбыр астында...

28.09.2023 12483

Ғабит Мүсірепов. Қарлы жаңбыр астында 14+

Ғабит Мүсірепов. Қарлы жаңбыр астында - adebiportal.kz

Қатысушылар:

Қалибек, Мyхтар, Елубай, мен.

Мен оқ жасап отыр едім, Қалекең телефон соқты:

- Уай, мен бүгін бара алмайтын болдым.

- Уа, не болып қалды?

- Қазияның он төртіне толмай құтырған қызы бар емес пе, сол ақ тоқтымыз бүгін кешке күйексіз қара қошқармен ми-палау жасайды екен. Ми-палау!..

Түсінбейтін ешнәрсесі жоқ. «Отелло» қойылатын болғаны да. Қыз әкесін ойнайтын Қалекең соны Шекспирдің өз сөздерімен айтып жатыр.

- Онда сен бyл жолы бара алмайтын болғаның ғой?

- Уай, сен не сандалып отырсың өзің? Тірі болсам – өзім, өлсем – сүйегім жетеді ертең Шабынды көлдің жағасына!

- Онда болды, Қалеке, болды!

Meн Мұхтарға телефон соқтым:

- Ана шал бүгін бара алмайтын болды. Бүгін «Отелло» екен.

Қап!.. Далаға шығып бой жазып қайтайық деп құтырынған өзі еді, бара алмайтын болғанын қарашы... – Мұхтар кәдуілгідей ренжіп қалды.

- Қынжылмай тұра тұр. «Тірі болсам – өзім жетем, өлсем – сүйегім жетеді,– деді – Шабынды көлге».

Мұхтар қуанып кеткен дауыспен:

- Онда жасай бер оғыңды. Көп жаса! Бір оғыңа бір үйректен аласың менен! – деді.

- Келістік! Одан арзанды Ташкенге барсаң да таба алмайсың!

Отан соғысының орта кезі. Жасаулы оқ жоқ. Уқалаған газет қағазымен тығындап оқты қолдан жасаймыз. Өзіме жүз, Мұхтарға елу оқ жасауым керек. Ол маған оқ басына бір үйрек атып бермекші... Сонда өзіне қанша үйрек қаларын екеуміз де ойлаған жоқпыз. Аңшыларға есеп-қисаптың керегі не? Аңшылардың арасындағы есеп-қисаптан еш уақытта алашақ-берешек туған емес. Аңшыға асырып айту айып емес, өтірік айту айып.

Кешке Мұхтар, Елубай үшеуміз вокзал басында кездестік. Еле-ағаң Мұхтар екеуміздің арқамыздағы рюкзагімізді басып-басып байқады да «Нешауа!» –деді. Алматы мен Іле арасында жүретін жергілікті поезд қозғала берді. Міндік те жүріп кеттік.

Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов

Біз «Жеті жиде» стансасына жетіп түсе қалғанымызда тас қараңғы түн еді.

Қарлы жаңбыр күшейе түсіпті. Бұлт қалың. Бұлт пен түнгі аспанның айырмасы сезілмейді. Бұл – біздің құдайдан тілеп келе жатқан жағдайымыз. Күннің қалпы осылай болып тyрса, топтанып келе жатқан үйрек-қаз төмендеген бойымен көлге құлай қонады. Жердің миы шығып жатыр. Қызыл асықтан батпақ. Барар жеріміз әлі бес-алты километр.

Шабынды – үлкен көл. Аспанда бір құс келе жатса, бұл көлге қонбай кете алмайды. Жемі мол, орталығында айдыны бар, ығы бар, тасасы бар. Көлге жақын ауылдарда бір аңшы жоқ.

Жүріп кеттік... Еле-ағаң алдымызға түсіп алды да, қақшаңдап тартып берді. Ол өмірінде май бітпеген қырық сіңір адам. Денесі тіп-тік. Бұлшық еттер мен сіңір, сүйек. Аяғында өгіздің жон терісінен тіктірген қос ұлтан, қос жұлық, аша бұттан келетін етік. Киімдерінің бәрі ықшам, нағыз аңшының киімі. Ең сыртынан киген жалбағайлы су өтпесі тағы бар. Біздің қауымда жиырмасыншы жылдардан бері аңшылықты үзбей келе жатқан нағыз аңшы жалғыз сол – Еле-ағаң. Мқхтар екеуміздің киінген түріміз түр емес. Мұхтардың үстінде қазақы қоңыр сырмалы шапан, аяғында қазақы қоңылтаяқ етік, бозға да, бозғылға да қосуға болмайтын күлдібадам күңгірт түсті кепке. Мұхтар әшейінде сол кепкесін былай мақтайды:

- Осы кепкенің астында Әуезов деген аңшы отыр деп бір құс ойламайды! – дейді.

- Құс түгіл мен де ойламас едім. Көріп жүрген соң амал не?

Менің киінген түрім одан да сорақы. Үстімде қызыл асығыма түсетін Ле- нинградтан шығарылатын құстаңдай тоқылған қоңыр драп пальто. Бұл су өткен соң құстың көзіне қап-қара болып күндік жерден шалынуға тиісті. Аяғымда ескілеу ботинка. Шалбарымның балағының аузы отыз сантиметр. Басымда күзгі қозықұйрықтай төрт құбылаға түгел жайылып кеткен қалпақ. Қалпақ бейнесі жоққа жақын.

- Аңға шыққанда осылай да киіне ме екен! – деп Елеағаң маған ұрсып қояды. Оңашада – саған ұрысқаным Мұхтарға да ұрысқаным... біліп қой! – дейді. Біз мылтықты отыз жетінші жылы қабына салып тастағамыз. Содан бері Ұлы Отан соғысының от нөсерлі бұлты неміс жеріне қарай біржола ауып болғанша аңға шыққан емеспіз. Ерсі көрдік. Сондай ауыр жылдардың кезінде аңшылық киімі қайдан сақталсын? Біз оған осы жайларымызды айтып болғанша Еле-ағаң арқан бойы ұзап кетеді.

- Аяңдаңдар, аяңдаңдар! Сен әй, Мұқаңды сөзге айналдыра берме!

- Еле-ағасы-ау, жүріп келеміз ғой…

Әрі киінген түрімізден қысылып, әрі жүрісімізден қорынғандай болып Мұхтар екеуміз Еле-ағаң не айтса да бас иіп бағынып, пенде болып келеміз.

- Менің етігім үйде кигенде аяғыма әрең сыйып еді, енді қолқылдап барады,– дейді Мұхтар.

- Су өткен жоқ па, әйтеуір?

- Қайдан өтпесін! Башпайларым жүзіп жүр…

Мен жүре келе Мұхтардан гөрі де мүсәпірлеу бола бастадым. Ұзын пальтоның етегінен сорғалаған су ботинкемнің ішіне құйылып келеді. Кең балақтарым мен пальтомның ұзын етегі аяғыма оралады…

Елубай Өмірзақов Амангелді рөлінде

Бір километрдей жүрген соң Мұхтар екеуміз Алматыдан оны-мұны алып кайтқан әйелдердің ортасында қалдық. Төрт-бес еркек поездан бізбен бірге түсіп еді, олар артына да қараған жоқ. Еле-ағаң да қара үзіп кетті.

- Ішімізде бір-екі еркек қалғаны жақсы болды-ау... Қымсынбай, қорықпай осылай ақыреен жүріп отырып, үйге де жетіп қаламыз, – деді мосқалдау әйел даусы. Мұнысы: «Бізді тастап кете көрмеyдер», – дегені ғой бізге.

Бұл қалжыңсыз дауыс еді. Мұхтар да солай түсініп:

- Иә, бізді «үй жолдас» деулеріңізге болады. Алматыдан бірге шықтық, поезда бірге келдік. Біздің баратын жеріміз де сіздің ауылдарыңыздың маңайы болар, – деді.

- Е, бәрекелді, көңілім жаңа орнықты ғой, – деді жаңағы әйел.

- Апа-ау, жол-жөнекей кездескенге сене берме деген сөз де бар емес пе? – деді екінші бір әйел даусы. – «Үй жолдастарымыздың» біреуі артына қараған жоқ қой!..

Бұл дер кезіндегі әйелдіұ даусына ұқсайды. Қалжыңдаса кетуге де, айтыса кетуге де дайын, өзіне-өзі сенімді, бабындағы әйел даусы. Екінші бір жастау әйел даусы оны қостай кетті:

- Әзір елбесігі еріп келе жатырмыз ғой. Қай жерде бізді тастап озып жүре беретіндерін кім білсін…

- Озғымыз келсе мана озып кететін едік қой... Бірақ үй жолдас болған соң... – дей бергенімде бір аяғымды су толы жыраға тығып алып, аз-ақ ұшып түспедім.

- Ойбай, құлай көрмеңіз, – деді жаңағы әйел. Мені сүйей бергісі келгендей оң қолын соза беріп кейін тартып қалды.

- Пальтоңыздың етегі аяғыңызға орала бермегенде алдақашан озып кеткендей екенсіз, – деді тағы бір жастау әйел даусы. Мен бір ұпай ұтылғанымды мойындап, үндей алмай қалдым.

Жағдайың осындай болған соң аузыңа жөні түзу жауап қайдан түсе қойсын? Пальтомның етегі аяғыма оралған жоқ дейін бе, құлай жаздағаным жоқ дейін бе, не айтайын? Әйелдердің арасынан сыпайы ғана шықса да, менің шымбайыма инедей қадалған сыңқыл күлкі естілді.

- Шырағым, бұлардың қалжыңын ауыр ала көрме. Жаңбырлы күнде жабыға берсең, өзің жабыға айналасың деген сөз бар ғой... Келіндер мына жаңбырдан жасымайық деп қалжың айтып келеді. Әйтпесе, ерігіп жүрген біреуі жоқ, бәрі де жұмыстағы адамдар, – деді сөз бастаған мосқалдау әйел.

Бyл кісінің сөзі мағыналы шыққанын қанша жақсы түсінсем де, менің жаныма сөніп бара жатқан отты үрлеп қалғандай тиді. Әлгі жерде оқыс жеңілгенім ұмытыла салудың орнына, ішімді қайтадан тырналап, мазалап кетті. Мен!.. Мен бола тұра!.. Нағып..! Нағып оп-оңай жеңіліп қалдым? Нағып сол жеңілгенімді жауапсыз қалдырып, үндемей арқалап кете беремін?!

Есіме Марк Твен түседі. Ол былай дейді: «Менің ақыл-ойымның өзі шегі-шеті жоқ мол болу керек. Соны жинап алғанымша көп уақыт өтіп кетеді де, дер кезінде қайтарар жауапты таба алмай қаламын», – дейді. Қолма-қол жауап қайтара алмау жағынан Марк Твен менің көшіме де ере алмайды. Сөйте тұра, кінә өзімде екенін біле тұра күйініп келемін, күнәсіз әйелдерден кегімді алғым келеді. Ұзамай сөз таба алмаған кінә өзімде ғой деген ой жеңе бастағанын сезіндім, қарсыласқаным жоқ. Әйелдермен қайта қалжыңдасып кеттім.

«Жеті жидеден» екі километрдей ұзаған соң Еле-ағаң бізді тосып алды. Енді ол қашанғы әдетінше біздің мылтықтарымызды өз мойнына асып алады.

- Аяңдаңдар, аяңдаңдар! – дейді содан кейін. Онда да жүрісіміз оңала қоймаса, азық-түлік салған рюкзагімізге жармасады. Енді біз, амал жоқ, ұялғаннан еріп отырамыз. Еле-ағаң біздің командиріміз, тықсырып отырады. Тағы да баяулай бастасақ, маған ұрса бастайды. Қалекең мен Еле-ағаң ұрса жүріп еркелете білетін адамдар еді.

Біз қуып жеткен соң Еле-ағаң бізге:

- Кәне, мылтықтарыңды бері әкеліңдер! Әкеліңдер! Дауай! Мен сендерді Шабынды көлдің жағасында тосамын. Сендер жеткенше таң да атар, ет пісіп, шай да қайнап тұрар, – деп Мұхтар екеуміздің мылтығымызды сыпырып алып, мойнына асына бастады.

- Бәсе, менің де бір сандырағым келетін болды, – деді манағы дер кезіндегі әйелдің даусы. Үй жолдастарға жарыған екенбіз.

Тағы бір әйел:

- Бұл кісілердің жүк артатын түйелері де бар екен ғой! – деді.

Еле-ағаң жалт бұрылып, жаңағыны айтқан әйелдің алдына тізерлене кетті.

- Елуге жеткенше кім екенімді біле алмай жүр едім. Түйе екенімді тауып бердің ғой, шырағым... Кәне, жүгіңді арқама арт та, өзің иығыма міне ғой! – деді.

Әйелдің қатты ұялғаны байқалды. Даусы жыламсырай шықты:

- Ағатай-ай, байқамай қалдым... кешіре көріңізші. Аяғыңа жығылайын, кешіре көріңізші, – деді.

Еле-ағаң атылып тұрды.

- Айналайын-ай, ойнап айтам деп жылатып алдым-ау... өзің кешіре гөр, айналайын, – деді әйелге.

Мана сөз бастаған мосқалдау әйел басалқа айтты:

- Ие, ойын-қалжыңды көтере алмасаң үйіңнен шықпа. «Әзілің жарасса атаyмен ойна» деген бар. Күн жаңбыр, түн қараңғы, қызыңыз байқамай қалды... ауыр ала көрмеңіз, отағасы…

Қалибек Қуанышбаев Құнанбай рөлінде

Осылай бір ұтылып, бір ұтып жаңбырлы түнді қалжыңмен жеңіп, әйелдердің қолхозына – айрылысар жерге жақындап қалдық. Әйелдердің аяңы ширай бастады.

- Міне, үй жолдас деген осы болады, ауылдарыңызға жеткізіп салдық,– деді Мұхтар.

Оған мосқалдау әйел жауап қайырды:

- Шырақтарым-ау, мынау қарлы жаңбырлы түнде кайда барып паналайсыңдар? Одан да біздің ауылға қонып, баратын жерлеріңе ертең бармайсыңдар ма? – деді.

Бұл ой мені манадан бунап келе жатқан. Мұхтар да ойлаған жерден шыға келді:

- Үй жолдас болып келе жатқан адамдардың бұл сияқты мырза бейілдеріне ырза көңіл білдірген дұрыс болар? – деді Мұхтар маған ақырын ғана.

- Мен шақырмаса да осы ауылға қонбай кетпес едім, – дедім.

- Еле-ағаңды көндіріп көр.

Еле-ағаң біздің ыңғайымызға бір шарт қойып көнді:

- Сонау шығысқа кетіп бара жатқан үйрек ерте ұшады. Төрт жарымда маяның үстінде болуымыз керек. Үште оятамын. Оянбағандарыңды тастаймын да жүре берем.

- Болсын, Еле-аға, болсын! Тұспалдап тұрғаның мен ғой, оянбасам обалым өзіме. Қалып-ақ қояйын…

- Сирағыңнан сүйресем де алып кетем.

- Оған да көндім.

Ұзамай алма иісі аңқып, мұрныңды жарып тұрған жып-жылы үйге кірдік-ау, әйтеуір... Осы күні сол әдеттері сақталды ма, жоқ па, білмеймін, ол кезде Алматы облысына қарайтын қазақ ауылдарының бәрінде де сандықта сақталатын алма болушы еді. Жеп көрген емеспін, ал енді иісі! Сол кездегі жаман үйлердің ішінде алманың піскен кезі сақталып қалғандай сезілуші еді. Өз салмағынан өзі майысып тұрған алма бағы көз алдыңа келетін.

«Үй жолдастар» бірімізді біріміз шам жарығында көрдік. Үй иесі манағы мосқалдау дауысты деген әйел болып шықты. Ашаң жүзді, әлі де ажарлы, аршынды, айбарлы жаралған адам. Көрген жерден құрмет көрсеткің келіп тұратын жаратылысы бар. Аты Жамал екен.

Манағы дер кезіндегі әйел дегеніміз осы үйдің келіні, аты, бұл елде гүлсіз әйел аты сирек кездеседі, Еркегүл екен. Бұл да ақжарқын, жұғымды жаралған, сүйкімді әйел. Жұбайы майданға алынғалы үш жыл, ақ қағаз да жоқ, қара қағаз да жоқ…

- Ал енді ойын-қалжың өз алдына, шын өз алдына, шешініңіздер, жігіттер. Су киімдеріңізді тастап төрге шығыңыздар, – деді Жамал апай. Бір ғажабы осы екі әйелдің екеуіне де су жұқпаған сияқты. Еркегүл сыртқы киімдерін тастай сала самауырды көтеріп далаға шығып кетті. Жамал апай ауыз үйде бірдемелерді айналдырып жүр. Жаурау түгіл тоңазымағандай.

Meн ботинкелерімді шамалы ғана сілкіп қалып едім, былш етіп табалдырыққа соғылып барып қылжиды. Екеуінен шөлейтті жерде кездесе қалса екі түйені суаруға жететін су сорғалай бастады.

- Шырағым, пальтоңды маған берші, пешке жауып қояйын, – деп Жамал апай менің пальтомды ала бергенде үйге кірген Еркегүл:

- Сөйт, апа... түйенің су болған жабуын пешке бір түн жауып қойсаң таң атқанша кеуіп қалатын еді ғой, – деді. – Бұл – маған атылған оқ.

Қалжың өрістеп кетсе жалғыз болмайын деп мен:

- Мына кісінің жауабына да орын қалдырыңыз, – дедім. Содан кейін енді Еркегүлдің өзіне тиіскелі аузымды аша бергенде Еркегүл:

- Ағай-ай, тұра тyрыyызшы. Мына кісі Мұхтар ағай екен ғой! – деді.

Бұл кезде Мұхтар сырт киімдерін шешіп, «құсқа көрсетпейтін» кепкесін тастап, Мұхтардың өзіне едәуір ұқсастығы бар қалпына келіп қалған екен, жас әйел тани кетіпті.

- Мұхтар аға, кешіре көріңіз... Өзіңізге қадап ешнәрсе айтпасақ та, сіздің алдыңызда айтылмайтын бірдемелер айтылып-ақ кеткен шығар, кешіре көріңіз…

- Жоқ, айналайын, кешірім сұрауға түк себеп болған жоқ. Мен сондай қарлы жаңбырда қабақ шытпағандарыңа әрі қуанып, әрі қызығып келе жаттым. Араласа кетуге үлкенді-кішілі біріңе лайықсыз соқтығып қаламын ба деп аузымды ашпай, іштей қалжыңдасып отырдым да үндемедім. Мынаған, бұл Ғабит деген ағаң, сен тайынба деп итермелеп едім, бұл оп-оңай жеңіліп қалды... Анау түгіне түк жұқпай төрге барып, сұқсыр алған қаршығадай шаншылып отырған Елубай ағаң... Ол болса поездан түсе сала кетіп отырды.

Еркегүл ауыз үйде біздің киімдерімізбен әуреленіп жүрген енесіне дауыстап:

- Апа-ау, өзің айта беретін, ғайыперен, қырық шілтенді түгел шақырып әкеліппіз үйге... Бері келші, бері келші, апа! – деді.

- Естідім, айналайын. Бәрін де естіп, орнымнан қозғалмай қалдым... Аман-сау болдыңыз ба, Мұхтар аға! – деп екі қолын бірдей созды.

Мұхтар қазақтың бірінші номерлі жентельмені, тұра келіп амандасты. Төрт қоңырқай қолдар тоғысып, бірін-бірі ұзағырақ қысып қалыпты. Мұхтар етігін тастап үлгірген, жалаң аяқ. Балақтарынан су сорғалап, жігі ашылған еден тақтайларының арасына қарай жыландай жылжып барады.

Жамал апайға мен қолымды орнымнан тұрмай ұсындым. Басымды да идім. Шын жүректен құрметтеген қалпым жүзіме де шыққан болу керек. Қолдарын қысып отырып:

- Жамал апай, Мұхтар ағаңнан аққан су арықтай болып барады, мен тұрып амандассам, менен сорғалаған су сіздің Шабынды көлдей болады,– дедім.

Жамал апай «ештеңе етпес» деп азғана езу тартты да, басқа сөз қатқан жоқ.

Төрде отырған Еле-ағаңа барып амандасты. Содан бізге қарай орала беріп:

- Сіздер екеуіңіз де балақсыздарың бар шығар, шалбарларыңызды шешіп беріңіздерші маған, кептіріп берейін, – деді. Мен шеше бастадым, Мұхтар бөгеліп барып шешті. Жамал апай Мұхтар екеумізге екі көрпе әкеліп берді.– Жамылып төрге шығып отырыңыздар.

Өмірінде бірінші рет иықтарында көрпе, екі жалаң сирақ, екі жалаң аяқ жазушы бірінші кездесіп отырған үйдің төріне барып отырды.

Шай ішіле бастағанда үш еркек, екі әйел едік. Шай аяқтала бергенде он бес әйел, үш еркек болып қалдық. Екі домбыра, бір сырнай келді.

Бұл араның әйелдері қалаға жиі қатынасады екен. Алматыда болып жатқан жаңалықтардың бәріне таныс. Алғаш қойылған операларға барған адам бір-бір ән алып келетін кезі. Бұлар да сол опералардың әндерін түгел білетін болып шықты.

- Мұқа, келіндеріңіз сіздердің құрметіңізге концерт бергелі жиналып келіпті, Ауылдың «алты ауыз» дейтіні де сол болар. Содан кейін Елекеңнің «Нақ-нағын» естуге құмартып отырғандар да аз емес, – деді Жамал апай.

Концерт басталып кетті. Бұл кездегі қазақ операларының бәрі де қазақтың қолтума әндерімен, өз күйлерінен құрастырылған екен. Сол опералардан күнде естіп жүрген әндеріміздің өз топырағында, өз сахнасында өз даусымен, оркестрсіз салғандағы әсері бізді баяғы ауылға, «Алтыбақан» басына апарып тастағандай еді. Әрбір өнердің бүгінгі көрінісі мен сенің көкірегіңде сақталған түпнұсқасын салыстыра отыру әшейін ермек емес ол. Бар мен жоқтың, асыл мен жасықтың мөлшерін салыстыру арқылы ғана танылмақ.

Дала қызының еліне еркелеген, жеріне еркелеген, назданған, қайғырған, қарғаған үндері таза күйінде, анайы сәби күйінде естіледі. Мұңмен бірге жігер де бар. Жалынышымен бірге жалыны бар. Жан тазалығы, саудаға салмас ар-ұят тазалығы бар. Сен де сондай кіршіксіз тазалығыңмен тыңдасаң ғана ләззәт аласың. Біз бір сәт осындай жайда болдық.

Бұл әйелдерде опералық дауыстар жоқ, әрине. Бірақ ән ырғағымен бірге толқындаған адал жан, арлы жүрек бар. Сағыныш мұңы да бар, күту де бар, сенім де бар. Соғыс тұсындағы ерлік, қайрат-жігер әндері түгел. Баяғы «Айналайын, қарағым, сәулетайымдар» жоқ. Күйдім-жандым, құшақ құмарлығына тыйым салынғандай, бірінің аузына түскен жоқ. Сол бетке қарай жетелейтін кейбір ескі әндерді қолдан илеген жаңа өлеңдермен айтады.

Қызығы мынада ғой: бұл үйде тозығы жетпеген бір нәрсе жоқ. Домбыраның шегіне дейін түйіншек-түйіншек. Қайғы-мұңсыз бір жан жоқ бұл үйде – біреудің әкесі, біреудің баласы, біреудің жары соғыстан қайтпай жатыр. Салған әндері де, ақжарқын жүздері де сол қайғы-мұңға қарсы ұстаған қарулары сияқты. Мана келе жатқанда Жамал апай «жабыға берсеy өзіy жабыға айналасың» дегені менің есімде осы мағынада қала барды.

Әйелдер бізге толық мағынасында көңіл толарлық концерт берді де, әрі беті жарық, әрі үзік шекті домбыраны Еле-ағаңның алдына әкеліп қойды. Еле-ағаң домбыраны бірер қағып қалды да:

- Әдейі менің даусыма арнап жасалған домбыра екен, – деп жұртты бір күлдіріп алды. Жарты сағат «Ақ сyyқар», «Ақ Айшаларымен» біраз айналдырып еді, аяғында «Нақ-наққа» көшпеске амалы қалған жоқ.

– «Нақ-нақ»!

- «Нақ-нақ!» – деген әйелдер қоймады еркіне.

- Ал, ендеше «Нақ-нақ!»

- Сөйле десең сөйлейін сөз келгенде... е-һау!..

Менің білуімше «Нақ-нақ» сөзсіз Еле-ағаңның өзі шығарған ән, өзі шығарған өлең. Мұндай әнді, мұндай ән текстің өзі ыңылдап, домбырасы дыyылдап отырып, мың рет бұзып, мың рет түземесе жасап шығаруы мүмкін емес. Мен 16-18-жылдарда Еле-ағаңның елінде болдым. Талай-талай шілдехана, тойларда Қостанай елінің әндерін естідім. Сонда «Нақ-нақтыy» өзі түгіл, алыстан ұқсайтын ән естіген емеспін. 23 – 26-жылдарда Еле-ағаң да, мен де Орынборда оқыдық... «Нақ-нақ» сол кезде туды, сол кезде түгел аяқтанды.

«Нақ-нақтың» әні де, өлеңі де қызық. Өлеңі 11 буынды қара өлең өлшемінен басталады да 12-13 буынды өлеңге ауысып, аяғына қарай 7 буын, 4 буын, 2 буынмен тынады. Мысалы:

Сөйле десең сөйлейін сөз келгенде – е-һау (11-12 буын).

Киер көйлек шара бөз келгенде тамаша-ау... (13-14 буын).

Денің сау ма, құдаша-ау? (І буын). Тобылғыны түбінен қазып алдым, былқ-былқ (13-буын). Бөдененің етінен азық алдым, сылқ-сылқ (13 буын).

Абай, қыздар абаубақ, (7 буын).

Тырнамақтай туай тақ. (7 буын).

Қыр басында қыз ойнақ, (І буын).

Күндіз мәжіліс, түнде ойнақ (І буын),

Екі манақ (4 буын) нақ-нақ (2 буын).

«Нақ-нақ» халықтық өлеңдерге де, әндерге де ұқсамайды. Өлеңнің ішінде «тырнамақ, тай, туай тақ, екі манақ» деген сияқты бұлыңғыр сөздер де бар. Мен «тырнамақтай туай тақ» дегенді тырнадай шулап деген мағынада түсінгім келеді. Ал енді, «екі манақ, нақ-нақ» деген сөздер, даусыз, ойда бұрын туған ән ырғақтарының, қазақша айтқанда бос қалған қуыс-қуыстарын толтыруға алынған. Сонысының өзі әннің атына айналып кеткені ән шығарушының құнды бір табысы болғаны да!

Мен «Нақ-нақтың» өлеyін түгел келтіріп отырғаным жоқ, көркемдік құрылысындағы ерекшелігін көрсеткім келді. Менің ойымша «Нақ-нақтың» ерекшелігі сонша, мұндай өлең де, мұндай ән де екінші рет қайталанбайды, ешкім қайталай алмайды. Оның себебі «Нақ-нақтың» әніне бұрынғы өлең өлшеулерінің бір де бірі сыйыса алмайды.

Еле-ағаң «Нақ-нағымен» тағы жарты сағат ұстады. Сағат түнгі екі жарым болыпты.

- Киіне бастаңдар! – деді Еле-ағаң. Жылы үймен, жылы жүзді, бауырмал жүректі адамдармен жыртылып айрылардай болып киіне бастадық.

Көл жағасына жеткен соң бізге:

- Үшеуміз үш маяда бөлек-бөлек отырамыз, – деді Еле-ағаң. Әйтпесе сендер бір-екі үйрек құлаған соң соны мақтаныш көріп, сөзге айналып кетесіңдер. Аңда жүргенде бойың көрінбесін, дыбысың шықпасын!

Содан кейін Еле-ағаңүш мылтық пен үш рюкзакты бір маяға апарып тастап келді. Екінші кезекте Мұхтарды, үшінші жолы мені арқалап әкетті. Су мұздай суық. Тереңдігі тізеден ғана болғанымен асты батпақ.

Бізде суға киер етік жоқ деп Еле-ағаңа үйден шықпай тұрып айтқамыз.

- Судан өзім көтеріп өткіземін де бір маяның төбесінен үй жасап беремін. Үйрек-қаз алдыңа келіп қонады. Жамбастап жатып ата бересің, – деген Еле- ағаң.

Ұлы жазушы Ғабит Мүсірепов

Біз Еле-ағаңның сөзін қалжың көріп едік, қалжың емес, шын болып шықты. Жағадан жетпіс метр жердегі маяға Еле-ағаң бір сағаттың ішінде үш рет барып оралды. Маялардың арасы да сондай жер. Мұхтар екеуміз екі шеткі маядамыз, Еле-ағаң ортадағы маяға орналасты. Орналастырып болған соң, Мңхтар екеуіміздің мылтықтарымыз бен рюкзагімізді әкеліп берді. Менің нәрселерімді әкеліп бергенде Еле-ағаң, мынадай әмір берді:

- Енді жарты сағаттан кейін үйректер ұша бастайды. Біреуі ұя салам деп қалпағыңа келіп қонса да атпа! Ол жергілікті үйрек. Батыс жақтан топ-тобымен келе жатқан үйректі атамыз. Ата бастайтын кезде мен монокпен белгі берем. Дарқоңырдың моногі. Ұмытып та қалма, ұйықтап та қалма!

- Бәрін де айтқаныңыздай орындаймын, Еле-ағасы!

- Жоқ, айтқаныңды орындауға келгенде сенен Мұхтар жақсы!

- Еле-ағау, Мұхтармен салыстырғанда мен көш ілгері аңшы емеспін бе!

- Көш ілгері екеніңді әуелі аңшылықтың тәртібін сақтауда көрсет!

- Бүлк еткізбей орындаймын, Еле-аға. Енді кішкене отырыңыз, темекі тартайық.

- Міне, міне, сен аңшыны осылай бұзасың! Сені Қалекең еркелетіп қойды да, өзгеміздің айтқанымыз құлағыңа кірмейді. Бүгін мен оны сенен бөлек орналастырамын.

- Өйтпеңіз, Еле-аға. Қайсымызбен бірге орналасамын десе де еркі білсін.

Еле-ағаң кеткен соң мен маяның құс келер жақ шекесінен ұңғып барып ұя жасап алып едім, жылына бастадым. Кешірек шауып, кептіріп үйген көкше құрақтың иісі де көптен бері мұрныма келгені осы. Жылына бастадым деу мен үшін ұйықтап кетіппін деудің астарлап айтқан баламасы ғана ғой – ұйықтап қалыппын. Еле-ағаңның дарқоңыр моногін естімеппін. Олар Мұхтар екеуі атыстың қызығына түсіп кетіп, менің ұямнан жарты сағат бойы үн шықпағанын аңдамапты да.

Дәл төбемнен мылтық даусы үш рет қат-қабат гүрсілдегенде оянып кеттім. Еле-ағаң тағы атқылайын деп отыр екен, мен мылтығымды көтеріп «бармын» деген белгі бердім. Елеағаң маған жұдырығын түйді.

Үйректер лек-легімен төмен ұшып көлге құлай қонып жатыр. Мұхтар мен Еле-ағаң маяларының айналасы едәуір шұбартып қалғандай екен. Мен де ата бастадым. Төмен ұшып көлге тобымен төңкеріле берген үйректің азғана алдын ала мылтықтың қос құлағын біріне-бірін жалғастыра тартып үйренсең, бұл осы күні адам иланбайтын қырғын. Мұндай топтанған үйрек тұқымы үшеумізге де жиі кездесіп қалып, сиреп кетіп барады. Еле-ағаң үйрек тобымен құлап жатса да қозғалмайды, қаз құласа маядан түсе сала ұмтылады. Алып келіп маяның үстінде бауыздайды. «Жараланған» құсты азаптамай, тезірек өлтірген дұрыс».

Қарлы-жаңбырлы, бұалдыр-бұлыңғыр таң алды. Батыстан шығысқа қарай топтанып ағылған үйрек-қаз, аққу, тырналар мыңдаған километр жол бойында екі рет – жазғы тұрым және күзді күні үлкен қырғынға ұшырайды. Жазғытұрым, ең кемі екі жеті құс жолындағы елдердің барлық аңшылары бізге ұқсап, ертелі-кеш, қарлы-жауынды, қалың тұманды, буалдыр-бұлыңғыр күн райын тілеп, қазір әрқайсысы бір тасада отыр. Күзге қарай тағы екі жеті осылай болдық.

Таңертеңгі жетіде әлі таң атпағандай сезіледі, қараңғы. Сегізден асқасын да атуды тоқтата алмадық, құс бейшара ағыла берді. Жаға жақтан біреу айғай салды. Таныс дауыс – Қалибек! Қайран Қалибек! Қайран Қалекең!

Қалекең менің тұсыма жақынырақ келіп тұр екен. Мен басымды көтеріп «маған кел!» – деп қол бұлғадым. Еле-ағаңдар қоңыр моногін үш рет дар-дар еткізіп маған қатал сөгіс жариялады. Кейін білдім – біреуі басымды көтергенім үшін, екіншісі – қол бұлғағаным үшін, үшіншісі – бейсауат жүрген бөгде біреуді лұқсатсыз маяға шығарып алғаным үшін…

Қалекең іркілмей суға етігімен түсіп жүре берді. Жақындай келе аяғындағы ұзын қонышты етікті таныдым – қала бастығының етігі, басындағы бөркін таныдым – Құнанбайдыұ бөркі. Қазір өзі де толық денелі, биік кеуделі, кең жауырынды, жауын соғып тұрған жағындағы көзін қысыңқырап алған екен, аумаған Құнанбайдың өзі! Сахнада өзі жасаған Құнанбай! Құнанбай өрмелеп маяға шығып келеді.

- Соз қолыңды!

Маяға шығып алған соң Қалекең: «Бері әкел» – деп менің мылтығымды жұлып алды.

- Келген қонаққа орын берер болар! – деп менің орныма орналасып алды.

- Өзіңе орын тауып ал! Бірінші атқанда тимесе мылтығыңды суға лақтырып жіберем!

Әрі аға, әрі құрбы, ерке шалға не айтасың?!

Үйрек әлі қалың ұшып тұрған. Қалекең бірінші атқанда-ақ екі үйрек дөңгеленіп түсті,

- Пай-пай, Қалибек Қуанышбаев! – деді өзіне-өзі.

- Пай-пай, Мүсіреповтің мылтығы! – дедім мен.

- Не дейсің, әй?

- Пай-пай Қалибек Қуанышбаев деймін…

- Бәсе, солай болар. Құй жүз грамды!..

Қалекең кейде құсқа тигізіп, кейде көк жібек шымылдықтай дірілдеп- дірдектеп тұрған жаңбырға тигізіп ата бастады. Мен су өтпеген көк құрақ маяға аяғымды тыға түсіп, Қалекеңе қарадым да жаттым.

Қалекеңді мен театр сахнасының аруағындай көремін. Артистердің талайынан – «Қалекеңмен бірге ойнағанда өзіміз құтырынып кетеміз, кейде бұрын істей алмаған бірдемелерді оп-оңай істеп кетеміз», – дегендерін ылғи естуші едім.

Жаңа жазған сахналық шығармаларын театрға апарып оқығанда Қалекеңнің алыстан орап, жаныңды ауыртпай айтатын әртүрлі ескертпелері жазушыға да көп ой салатын еді. Не болмаса қабылданған шығармада Қалекең ойнай қалса, өзінен қандай олақтық кеткенін жазушы ойын үстінде көруші еді. Тегінде аруақ дегеннің бере алатын жәрдемі болса осылай қолма-қол болу керек қой. Оныy аты – Қалибек Қуанышбаев, Қалекең болу керек!

Қалекең орысша оқымаған адам. Қазақшасының өзі де оқыған деуге үйлесе бермейтін шамада. Тегінде заты зейінді, зерек адам – қараптан-қарап жүріп үйреніп кеткен болу керек. Бірақ енді адам өмірінен байқағандарында, түйгендерінде түп жоқ қой, түп жоқ! Адам өмірінің әрі зерттеушісі, әрі зергері сияқты еді.

Ленинград, Москва театрларында «Ревизорды» көрген адам аз емес шығар.

Өмірінде қала бастығы дегенді көрмек түгіл, естімеген Қалекең қала бастығының бейнесін сол театрлардан төмен шығарған жоқ. Соғыс жылдары Алматыда сол екі астананың талай-талай басты режиссерлары көріп таңқалатын еді. Қалекең шет елдерге де барған емес. Венецияның дож дегені кім, сенатор дегені кім, білген емес. Солай бола тұрса да Венеция сұлуы Дездемонаның әкесі Брабанцио мен падуан тентек қызы Катаринаның әкесі Миноланың бейнелерін біріне-бірін ұқсатпай екеуін де нанымды, екеуін де танымал бейтаныс етіп шығару – Қалекеyнің ғана қолынан келді. Қалекең үшін адам мінезіндегі қалтарыстар мен құбылыстар қайта-қайта оқылған, қайта-қайта жатталған кітаптай еді.

Менің осы күнге дейін есімнен кетпей қойған Қалекең жасаған Абай мен Абайдың әкесі Құнанбайдың бейнелері. Бұл да бір нағыз дарынның сиқырлы құдіреті болар – Қалекең бүгін Абайды ойнаса – Абай, ертең Кұнанбайды ойнаса – Құнанбай еді ғой!

Мұхтар жасаған Абай да, Құнанбай да ақыл-ойға терең, сират-көпірден де тайсалмай өтіп жүре беретін күшті адамдар. Әке мен баланың арасында ой биіктігі, сезім тереңдігі сыналатын қырқалар бар. Әке бір баспалдақтан түсіп келеді, бала сол баспалдақпен жоғары өрлеп барады. Арада әкелік пен балалық дәстүрі бар. Әкенің жеңілері, баланың жеңері ата-ананың жүректерінде дақ қалдырмай өтуі керек. Бірақ, әділет жолында, тартыс жолында келісім жоқ, ымырашылдық болмасқа керек. Осындай тар өткелдері көп, аяқ басқан сайын дарын сыналар, түптеп келгенде қарама-қарсы бейнелерді жасағанда Қалекең бір сүрінген емес. Абайына да сенесің, Қyнанбайына да сенесің. Қалекең Абайды ойнаған күні Құнанбайды кім ойнаса да іш тереңдігі жағынан Құнанбай жеңіледі. Қалекең Құнанбайды ойнаған күні сол тереңдік жағынан Абай жеңіледі.

Менің есімнен кетпейтін Қалекең жасаған тағы бір-екі бейне бар... Мүмкін, бейнесіздердің бейнесі деуге де болар. Шахмет Құсайыновтың «Алдар Көсесінде» Қалекең уәзірдің ролін ойнайды. Сонда уәзірдің мыс қазанды жалап отыратын бір жері бар. Қазан жалау деген түк емес қой. Қалекең сол түк еместен есте қалар ойлар туғызушы еді. Хан дегендеріміз, уәзір дегендеріміз кім, кімге бағына беріппіз, қандай замандар басымыздан өтіпті? Қалекең соны сөзсіз-ақ үлкен сұрау ретінде қойып ойнайтын еді.

«Ақан сері – Ақтоқтыда» мылқаудың ролін ойнайтын Қалекең маған шындап кетсе Ақанды да, басқаларын да басып кетердей сезілетін еді. Анайылық, көнбістік, меңіреулік тұтқыны бір кезде зұлымдықты бар күшімен, жан күшімен, жүрек күшімен түгел сезінгенде сол тозған қауымды талқандап тастардай болатын еді. Мылқау балуан тілі бар адамнан анағұрлым көп ой айтатын қайран Қалекең, өмір бойы ойнаған рольдерінде бір рет сынға ілікпей өткен жалғыз-дара сен едіy-ау!

Аңшы айызы қанардай болды. Құлаған үйректі санау ұят болардай көп. Түске тармаса күн де ашылды, ату да тоқтады. Мылтықтарды сүртіп, құрғатып, көкше құрақтың арасына тықтық. Еле-ағаң атылған құстарды жинай жүріп маған: – Сен әй, Қалекеңнің етігін киіп, атқандарыңды жинап ал! – деді. Мен маядан түсіп Еле-ағаңа үйрек жинастым.

- Уай, бері келіңдер! – деп Мұхтар айғайлады. – Бері келіңдер!

Мұхтар дауысы көңілді шығады. Бірінші қазды мана Мұхтар түсірген. Біз жақындап келген соң:

- Бірінші түстік біздің маяда болсын. Елеке, сен Қалекеңнің етігін өзіне апарып бер де екеуің бірге келіңдер. Ғабит, сен маяға қазір шығып ал да қал осында. Кәне, соз қолыңды!

Мұхтар үйректерін шөптің арасына таман әрегірек тығыпты. Қазы шалқасынан түсіп, басын қайырып әкеліп төсіне салып берірек жатыр. Қартаң, жолбасшылардың бірі болу керек, үлкендігі дуадақтан кем емес. Кеудесін кере құлағандай жап-жалпақ.

- Ал, келдік жәнәбыңызға.

- Хош келіпсіз... ғиззат, уа хүрмет, уа елтифат!.. Мынаны көресің бе?

- Көріп тұрмын. Қиыр шығысқа сапар тартқан барлық қаз атаулының генералы болар!

- Маршалы!.. Алдыңғы жағынан бір метр ала тартып жіберіп едім, тәңірі жарылқағыр төңкеріліп түсті. Тілге де келген жоқ.

- Паһ-паһ! Тілге де келген жоқ па?

- Келген жоқ.

- Бұл енді той жасауға тұратын қаз болды.

- Той ауылда болады, қазір давай, түстік әзірлейік.

Екеуміз түстік әзірлеуге кірістік. Жазушы көңілі қопарыла көтерілу үшін де, қопарыла кұлау үшін де көп нәрсе керек емес. Атқаның қаз ба, үйрек пе, саршұнақ па, оның бір де бірі не қуанышқа, не мұңайысқа себеп бола алмайды. Аттың – тигіздің! Әyгіме осында ғой. Мұхтардың көңілі тасып, төгіліп отырған бір кезі еді.

Маяға өрмелеп шығып келе жатқан Қалекеңнің белуардан жоғары жағы көрінді. Мұхтар қолын соза бергенде Қалекеңнің арт жағынан арс етіп қалған қасқыр, Қалекеңді кейін қарай жұлқып қалғандай болды. Қалекең айғай салды:

- Елубай, Елубай! Қасқыр, қасқыр! – деді де тынып қалды. Содан кейін үн шығармай сұлай кетті. Жаман састық. Маяның етегінде Елубайдың даусы шықты. «Кет-ай, кет! Ә!.. Кеңірдегің түсті ме қолға! Һа! Һап!»

Маяның етегінде, тізеден жоғары суда адам мен қасқыр жанталасып жүр. Біресе қасқырдың ырылы мен ырсылы басым шығады, біресе адамның ақырғаны, айғайы басымырақ шығады. Кейде қасқыр мен адам даусы араласа шығады. Төбеде тұрған біз адамды да көре алмаймыз, қасқырды да көре алмаймыз. Қалекеңді қолынан тартып маяның төбесіне шығарып алдық. «Қалеке, Қалеке!» дейміз, Қалекең қабағын тыржитады, дыбыс бермейді.

Бір кезде адам мен қасқырдың алыс-жұлысы бәсеңдеп, қасқырдың әуелі кылғынып-ырылдағаны, ұзамай суды борылдатып тұншыққан, құмыққан дыбысы келді. Маяның үстіне Еле-ағаң шыға келіп:

- Мұқа, қасқырдың үні өшті! Байланыңыз, – деді.

Қалекең басын көтеріп алып:

- Шайна! – деді оған.

Ойын екенін біз сонда ғана түсіндік.

Манадан бергінің бәрін істеп жүрген адам да, қасқыр да жалғыз Еле-ағаң екен. Біз аң-таң болып аузымызды ашып қалыппыз.

Әсіресе Мұхтар шексіз таңданған екен:

- Міне артист! Міне Еле-ағаң! – деді Мұхтар, – Табан аузында тапқан қандай ғажап драма, қандай қанды айқас! Өзім көрмесем иланбас едім. Басқалардың ойына өмір бойында бір келместі табан аудармай суырып салу – қандай тапқырлық!

- Елубай артес қой ит, сегіз қырлы артес! Мені аяғымнан демеп маяға шығара беріп, арт жағымнан «арс» етіп қалғанда мен де жаман састым. Аумаған қасқыр! Артынан: «Е, Елубай антұрғанның ойы бірдемеге кеткен екен. Мен аралассам бүлдіріп алармын» дедім де, құлай кеттім...– деді Қалекең.

Екі атақты артистеріміздің бірін-бірі сөзсіз түсіне кеткені бізді тағы таңдандырды.

Түстігіміз ең берісі «тоқал қатынның» тойынан кем болмай өтті. Үш жылға созылып бара жатқан соғыс кезінің күйзелістерін «қатын-балаға» қалдырып, бой жазып қайтуға шыққамыз. Көсілте бір серуендейікші дескеміз. Енді міне, ауылда болдық. Қалекең де келді. Мұхтар бар, Еле-ағаң бар. Еле-ағаң жоқ жерден ойын көрсетті. Құс көп. Атқан оғың далаға кетпейтіндей көп. Серуен деген осы емес пе! Еркелікті көтере бермейтін соғыс уақыты «жетер, жігіттер!» дегендей бәріміздің ойымызда ауызға жақын отыр екен.

- Қашан қайтамыз? – деді Қалекең.

- Қайтқан дұрыс болар, – деді Мұхтар.

Аңшы төртеу, атылған қаз үшеу-ақ еді, кешке қарай тағы бір қаз атып алдық та, қалаға қайтып кеттік…

Көрнекі сурет: Василий Петров "Аңшының әңгімесі", 1871 ж.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар