Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

24.02.2020 6499

Ғалым-Ұстаз 12+

 Ғалым-Ұстаз - adebiportal.kz

Арап Сләмұлы Еспенбетов - есімі елімізге кеңінен танымал бірегей тұлға.

Адами ғұмырын ұрпақ тәрбиелеуге, ағартушылыққа арнаған ғалым-ұстаз Арап Сләмұлының тәлімі мол, өнегелі ғұмыры өзгелерге үлгі.

Бүгінде бір сөзі мың ділдәдан артық ақылман, жастарға жол сілтер жанашыр жан, белгілі ғалым Арап Сләмұлы Семей мемлекеттік педагогикалық институтын бітірген сәттен бастап-ақ, оқу мен ғылымды қатар ұштастырып, еңбек жолын оқытушылық пен ғылыми ізденіске қатар өре білді.

Филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Халық ағарту саласының озық қызметкері, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Арап Сләмұлы белгілі түріктанушы, алаш арыстарының ізі, ұстазы Бейсенбай Кенжебайұлының кеңесімен пенделік ғұмыры ерте солса да, ақындық ғұмыры дәуірлермен таласқан Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармаларының жарыққа шығуына, ақынның ғұмырнамалық өмір жолының әдеби-ғылыми бірізділенуіне зор үлес қосты.

Еліміздегі тұңғыш әрі бірегей сұлтанмахмұттанушы А.Еспенбетовтің Торайғырұлының энциклопедиясының жарыққа шығуына қосқан үлесі мен еңбегі ғылым жолында жүрген талай жастарға зор үлгі.

Ең алғаш бакалаврда оқып жүргенде "ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті" дәрісінде Б.Кенжебаев сынды талай арыстарымыздың еңбектерін портфеліне салып әкеліп, студенттерге таныстырған сәттерде ол еңбектердің кейіннен қатпарлы архив қойнауларынан ыждағаттылықпен жиналғанын, екінің бірінің қолы жететін сөрелердегі емес, қат еңбектер екендігін сол кезде әсте ой елегінен өткізе қоймағанымыз да рас.

Артынан 2-3курстарда студенттік ғылыми жобаларымыздың тақырыбын таңдап, пединституттан Әуезов университетіне баратын едік ұстазымызға. Ол кезде сол университеттің ректоры бола тұра, жұмысының тығыздығына қарамастан, бізге арнайы уақытын бөле отырып, қалай жазу-сызуды үйрететіні де күні бүгінгідей көз алдымызда.

Докторлық диссертациямызды жазуда ұстазымыздың өнегелі кеңесі өшпестей өзінің өрнегін салды ойымызға: архив материалдарымен жұмыс істеу машақатын түсіндірді; қиын іске еппен енгізіп, ажырамастай серік етіп берді қолжазбалармен жұмыс істеуді. Қиындығы мен рахатын қатар сезініп, көне басылымдармен жұмыс істеуге отырғанда, күні бүгінге дейін ұстаз қалыптастырған дағды мен әрекеттен ауытқымайтынымыз анық.

Арап Сләмұлының ізгі қасиеттерінің бірі - үлкен-кіші деп талғамай, кез келген адамды зор ықыласпен тыңдай білуінде.

Кез келген іс-шараға белгіленген уақыттан он бес минут ерте келуге дағдылансақ; әрбір материалдың сілтемесіне қарай сол кітаптың парағына көз жүгіртіп барып, белгілі бір ғылыми тұжырым жасауға дағдылансақ; студенттерімізді мұқият тыңдап, кез келген жағдайда ойымызды бүкпесіз ортаға салып, шындықты айтуға ғадеттенсек; бұл - ұстазымыздың төл тәрбиесінің жемісі деп білеміз.

Туған жердің қадірі де ғалым-ұстаз үшін бір биік шың. Ұзақ жылдар табан аудармай, Қайым сынды ағалардың ізін жалғап, Семей топырағында жемісті еңбек етуі бүгінде өзі туған топырағында әдеби мектептің негізінің қалыптасуына зор ықпал етті.

Көз көргендер мен құлақ естігендер тамсана тілдеріне тиек ететін "Еспенбетов мектебі" деген із де талай ғылыми арналарға жол ашып үлгерді...

Еспенбетов ғылыми мектебі бүгінде қанатын кеңге жайып, ғалымның алдын көрген шәкірттерінің өзі талай буын ұрпақты тәрбиелеп шығарған аға буын өкілдеріне айналып үлгергені қашан?.. Мәуелі бақтың жемісі де: екі ғылым докторын, он тоғыз ғылым кандидатын, талай ғылым магистрлерін қорғатқан ғалымның ғылыми мектебі қанатын кеңге жайған. Құнды ғылыми мақалалар мен бірегей ғылыми еңбектер, әдістемелік оқу құралдары да Еспенбетов қаламынан дүние келіп, ұрпаққа білім нәрін себуде талай буынға жарық сәуле сыйлауда.

Абайдың ақындық өмірбаянынан бастап, Шәкәрімтанудың қалыптасу тарихымен жалғасқан, Әріп, Көкбай, Әсет, Тайыр т.б. өнегелі тұлғалардың шығармашылықтарын әр қырынан өз шәкірттеріне зерттеу тақырыбы етіп ұсынып, олардың ғылыми дәрежесі бар маман ретінде қалыптасуларына зор ықпал еткен ұстаз ғұмыры оқытушылықпен де біте қайнасып жатыр. Талай студентке дәріс оқуда ғалымның дәрісі инновация мен ғалам жаңалықтарынан әсте тыс қалған емес.

Білмеген сұрақтың жауабын іздеуде Арап Сләмұлына жүгінеріміз де рас. Ғылыми ізденістеріміздің тұжырымын қорытындылауда да Арап ағамыздың кеңесі негізгі бағдарымызда тұратыны да хақ. Туған қаламыздан шалғай кетпей, шетел қумай, орнығып, елімізде еңбек етіп, жоғары білім алған ұямыздың қадірін өз уақытында сезіне білуімізге де ұстазымыздың ықпалы терең болғанын ешқашан жасырмақ емеспіз.

Семейдегі адами ғұмырының әрбір белесі маңдай терімен еткен еңбегіне қарай абырой-беделінің жемісін берді.

Осы күнге дейін Елбасының, ел Президентінің қолынан талай биік марапаттарды алған біздің ұстазымыз - елдің маңдайалды ағартушысы.

Иә, біздің ұстазымыз - белгілі ғалым. Шәкіртінің әрбір қадамын қадір тұтатын, олардың жетістікке жетуі жолдарында аянбай тер төге білетін бағбан ғалым.

Ол - адами-әдеби бағыттың тура жолын көрсетіп отыратын шәкірттерінің Темірқазық бағдары.

Біздің ұстазымыз - еліміздің құрметті азаматы. Елдің алғысына бөленуден артық бақыт адамзатта бар ма екен...

Ғылымдағы ұстаздары Б.Кенжебаев, З.Қабдоловтардың ізін жалғаған, жетпіс бестің асқарына көтерілген Арап Сләмұлының өзіне тән ұстаздық болмысы, байыпты көзқарасы, терең білімі, замана көшіне лайық көреген ойлары әрбір шәкіртіне теңдессіз тағылым.

Арай Жүндібаева,

әдебиет зерттеушісі, қауымдастырылған

профессор, философия докторы (PhD),

Шәкәрім университетінің Халықаралық факультеті

деканы орынбасары


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар