Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Голливудта алғаш қобыз тартқан қазақ

18.07.2018 1166

Голливудта алғаш қобыз тартқан қазақ

Бұл жазбамызда небәрі қырық тоғыз жасында мезгілсіз өмірден өткен талантты қобызшы, әнші, жыршы-термеші, сатирик жазушы Ерназар Ыбыраевтың шығармашылық қырларына барлау жасауға тырыстық.

Көкшетау - ән бесігі, жыр бесігі

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары – қиындығы мен қызығы астасқан ерекше бір кезең еді. Жоспарлы экономика келмеске кетіп, тапшылық, қымбатшылық елді меңдете бастағанымен, мұның бәрі жаңа құрылған тәуелсіз мемлекет тап болған өтпелі кезеңнің уақытша қиындығы екендігіне сенетін еді, жұрт. Сол тұстағы Көкшетау қаласында да қазіргі тілмен айтқанда шын мәніндегі ұлттық рухани жаңғыру жүріліп жатқан еді. Қазақ педагогикалық колледжі, қазақ музыкалды драма театры, қазақ филология факультеті т.б. құрыла бастауы ұлттық тіл мен ділге қан жүгірткен алғашқы қадам еді. Әрине, Құлагердің дүбірі, сал-серілердің әні қалған өңірдің әдеби-мәдени өңірі тоқсаныншы жылдарға дейін де өз ырғағымен өмір сүріп келді. Бірақ тоқсаныншы жылдар – ерекше бір серпілісті кезең болғаны сөзсіз. Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалды драма театры 1996 жылы ашылуы – Көкшетау халқы үшін ерекше бір оқиға болып еді. Бұл күнде театр – өз көрермендері қалыптасқан, еліміздің мәдени өмірінде өзіндік орны бар, өнер ұжымына айналған.

Дегенмен, 1996 жылға дейін де Көкшетауда, дәл осы театр орналасқан ғимаратта «Көкше» атты театр студиясы болғаны, тоқсаныншы жылдары ән-жырмен, өзге де ерекше дарынымен ерекшеленген бір топ азаматтар болғаны ел есінде болар. Ұлтсүйер азамат Жанат Қасымның бастамасымен, тікелей қаржылық қолдауымен құрылған бұл өнерлі де шығармашыл ұжымда Мереке Бекмағамбетов, Жабай Қалиев, Құдайберген Насыров, Ерік Асқаров, Ерназар Ыбыраев және т.б. азаматтар болған еді. Сол кездегі «Қазақ лицейі» – шын мәніндегі Көкшетаудағы қазақ руханиятының локомотиві іспетті еді ғой. Түрлі концерттік шаралар, байқаулар, кездесулер, мерейтойлар, айтыстар өткізілетін. Тіпті кейде ток кетіп қалғанда майшам жағып қойып та жалғастыра беретін заман еді ғой. Сол кезде отыздың арғы-бергі жағындағы өнерпаздардың арасында Ерназар Ыбыраевтың шоқтығы биік көрінетін. Көзге таныс түрлі аспаптарды нәшіне келтіріп ойнайтындығына қоса, қазақ жұртына әлі де болса етене бола қоймаған қара қобыздың құлақ күйін келтіріп алып аңырата тартып, буырқана шырқағанда сонау ықылым замандағы Қорқыттың өзі кіріп келіп сахнада отырғандай әсер қалдырушы еді. Бұл кез – «Доспамбеттің сарынын» бебеулеткен Бекболат Тілеухандар, Саян Ақмолдалардың әлі көрінбеген тұсы еді. Сондықтан да қобызға ән қосып айтқан өнерпаз болса, ойымызға өмірден ерте кеткен Ерназар марқұм оралады да тұрады. Иә, Ерназар Ыбыраев – қырық тоғыз жастық ғұмырында қазақ өнері мен әдебиетінде жасындай жарқ етіп өте шыққан талантты қазақтың бірі еді. Ендеше, Ерназар Ыбыраев кім еді?

Ерназар Советұлы Ыбыраев 1959 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Аққайың ауданындағы Аралағаш аулында дүниеге келеді. 1976 жылы ауылдағы қазақ орта мектебін тәмамдаған соң әл-Фараби атындағы Шымкент мәдениет институтының қазақ ұлт аспаптары бөліміне түсіп, 1980 жылы бітіріп шығады. 1981-1982 жылы Кеңес Армиясы қатарында әскери борышын өтейді. Армиядан келген соң жолдамамен Торғай облысына барып, сол кездегі республикадан тыс өңірлерге де кеңінен танымал «Шертер» ансамблі құрамында қобызшы болып өнер көрсетеді. 1985-1991 жылдар аралығында туған ауылы Аралағашта музыка мектебінің директоры болып қызмет атқарады. 1991-2005 жылдары Көкшетау облыстық мәдениет басқармасында, облыстық филармонияда, Ақмола облыстық телерадиокомпаниясында, кейін республикалық «Алаш үні», «Шығыс спорт өнерлері» газеттерінде қызмет істейді. Жігіт ағасы жасқа келген Ерназар Советұлы талантының нағыз ашылып, құлашын кең жазар кемел шағында, 2007 жылы мезгілсіз дүние салды.

Голливуд аспанын қобыз үніне бөлеген

Ерназар Ыбыраев – кәсіби маманды қобызшы. Шымкент мәдениет институтында төрт жыл бойы оқып игерген мамандығы болған соң, Ерназар Ыбыраевты жұрт ең әуелі қобызшы ретінде танып білді. Әсіресе, жоғарыда атап өткеніміздей, «Көкше» театр труппасы құрамында жүріп қобызшылықты жолға қойды. Кейіннен «Көкшетау» университеті жанында «Қорқыт ата» атты қобызшылар квартеті құрылуы – Ерназар Советұлының нағыз өнер жолында кең тынысы ашылған шағы болды. Көкшетау төңірегінен асып, республикаға таныла бастаған квартетке Америка Құрама Штатына барып өнер көрсетудің сәті түседі. Жанат Қасымның демеушілігімен АҚШ-тың көптеген қалаларында концерттер береді. Әлем киноиндустриясының алыбы Голливудтың төрінде қазақтың қыл қобызын алғаш аңыратқан – осы Ерназар Ыбыраев. Осы сапар туралы Жанат Жақыпсейітұлы былай деп еске алған екен: «Біз барғанда аспанды бұлт торлап, жаңбыр сіркіреп тұрған-ды. Мұхит асып алыстан келген соң осы арада қобыз үнін шығарғымыз келді. Ішімнен тәуекел деп Ерназарға: «Қыл қобызыңды осы арада бір тартып жіберсеңші», - деп ұсыныс жасадым. Ол бір қойтастың үстіне жайғасып отырып алып, қыл қобызын аңыратып қоя берді. Каньонды тамашалап жүрген әр түрлі ұлт өкілдері қобызды тыңдап, жиналып қалды. Арада бірер минут уақыт өтті ме, өтпеді ме, каньон жақтан жел көтеріліп, әп сәтте аспанды торлаған қалың бұлтты айдап ала жөнелді. Енді бір сәтте жаңбыр сап тыйылып, аспан шайдай ашылып, күн жадырап шыға келді. Бұл құбылысқа өзіміз де, өзгелер де таң қалды. «Бұл – қыл қобыздың қасиеті ғой», - дестік бәріміз де».

Иә, Ерназар күйші бастаған қаракөздер жат елде жүріп қобыздың құдіретін осылай танытыпты. Сыр суының бетінде мәңгіліктің күйін тартқан Қорқыттан, қыл ішекті қу ағашты аламаннан оздырған Қойлыбайдан, кейінгі заманның күйін болжап «Кертолғауын» аңыратқан Ықыластан жеткен тылсым әуен, адуын сарынның алапат күші ғой, бұл. Ерназар қобызшы Тамаша» ойын-сауық отауының шақыруымен Республика сарайы сахнасында өнер көрсетіп, ол бағдарламаны республикалық телеарналардан таратқан болатын. Ерназар Советұлы аз ғұмырында АҚШ, Польша, Филиппин, Корея, Жапония сияқты шетелдерде болып өнер көрсетеді. Біздің жоғарыда «қобызшы» деп атап, соған баса көңіл бөліп отырғанымызға қарап, Ерназар талантты тек қобыз ған тартқан деуге болмайды. Бұл туралы өнердегі әріптесі, өмірдегі досы, белгілі әнші Мереке Бекмағамбетов былай деген екен: «Айтайын дегенім, Ерназар сегіз қырлы, бір сырлы азамат еді. Ансамбльге, орекстрге араласып кетсе, оның ойнамайтын аспабы кемде-кем. Ол қай аспапқа музыкант жетпей жатса, соның орнына отырып ойнай беретін. Телевидениеге барса – журналист, газетке барса – тілші болып кететін. Ол жолдастыққа, достыққа өте адал еді. Жолдастарын ешқашан сатпайтын». Міне, нағыз сегіз қырлы, бір сырлы дейтін азаматқа тән сипаттама.

Сатираның сайыпқыраны

Ерназар Ыбыраевпен алғаш танысуым – немере ағам Ерболат Баятұлының үйінде болып еді. Жеңгеміз Гүлжан Ахметованың бір ұжымда жұмыс істейтін әріптестері, ағамыздың достары Ерік Асқаров пен Ерназар Ыбыраевтардың жарасымды әзіл-қалжыңы мен өнерлеріне тәнті болып, менмендіктен ада қарапайым тұлғаларын танығандай едім. Әзіл-қалжың демекші, Ерназар Ыбыраев талантының ең бір тамаша қыры – әдебиеттің әзіл-сықақ жанры. Көкшетауда бұдан оншақты жыл бұрын қазақ газеттерінің саны әлдеқайда көбірек, әрі қалыптасқан оқырмандары да бар еді. Қазіргідей гаджеттердің емес, газеттердің дәурені жүріп тұрған тұста жергілікті басылымдарда Ерназар Ыбыраевтың сатиралық әңгімелері, скетчтері, өлеңдері жиі жарияланатын. Сатиралық болғанда, нағыз садағының кірісі ащы тотияйынға суарылған, нысанасына дөп тиер шынайы да, түсінікті туындылар. Тіпті кейбірін қазіргі күні оқығанда, анау-мынау жүрексіздер айналанысына қуыстана қарап апалақтап қалатындай дүниелер екен ау деп те қаласың. «Айтарын ашып айтқан, абайламай! Дариға-ай, Махамбеттер, Абайлар-ай!», - деп Мұқағали айтқанындай, расымен де көп дүниені өз тұсында жазып-жазып тастаған екен-ау, азамат дейсің... Ерназар Ыбыраев қаламынан шыққан көптеген туындыларды бүгіндері әзіл-сықақ ұжымдары үлкенді-кішілі сахналарда орындап жүр. Соның бірі – қай театр ойнайтыны есімде жоқ, «Пәтер сату» атты қойылым. («Үш комнаталы квартира сатам» атты туындысы). Ерназар Сответұлының туындылары жергілікті газет-журналдардан өзге «Қазақ әдебиеті», «Ара» т.б. республикалық басылымдарда жарық көріп қазақ сатирасының серкелері Сейіт Кенжеахметұлы, Ғаббас Қабышұлы, Көпен Әмірбектердің назарына ілініп, батасын алып, жарқырай көрініп келе жатқан еді. 2005 жылы «Сүйіскің келе ме?» 2007 жылы «Қисық кітап» атты әзіл әңгімелер жинағы жарық көрді.

Аттарының өзі айтып тұрғандай, екі кітап та әзіл-сықақ жанрында жазылған. «Қисық кітап» кітабының дизайнының өзі де «қисық». Ерназар Ыбыраев сықақтарының бәрі өмірдің өзінен алынған десек қателеспейміз. Әрбір жазбасында дерлік кездесетін Жәни, Игібай қатарлы қожанасыр қазақтар – өз заманының шынайы кейіпкерлері.

Тіпті көптеген кейіпкерлер осы күні Алланың қуатында Көкшетау мен Қызылжардың арасында тірлік кешіп жатқаны және анық. «Орны қалар ойсырап, бір күні көрге кіргенде», - деп Жәнібек Кәрменов жырлағанындай, бір өзі қобызшы, әнші, сатирик жазушы, жыршы, көсемсөзші Ерназар Ыбыраевтың өшпес өнері, өлмес туындылары қалды, соңында жан жары, қос ұлы Нартай мен Мараты қалды. «Әке көрген оқ жонады» демекші, Марат бауырымыздың тележүргізушілік қырымен көпшілікке танылып келе жатқандығын да әке қанмен берілген ізгі қасиеттің ұшқыны, атадан балға жалғасқан киелі топырақтың нәрі дер едік. Ізгі қасиет, киелі топырақ демекші, сөз соңында Ерназар Ыбыраевтай азаматты тал бесікте тербеткен киелі топырақ туралы да аз-кем тоқтала кеткеніміз жөн болмақ.

Аралағаш – айтулылар мекені

Арқаның жер шоқтығы Көкшетаудың солтүстігінен Есіл бойы Қызылжарға дейінгі орманды-далалы кең алқапты мекендейтін қазақтардың денін Дәуіттің он екі ұлынан тарайтын атығай рулары құрайды. Абылайға ақыл қосқан әйгілі батырлар Құлеке, Құлсары заманында осы өңірлерді ен жайлаған естек руларын біржола тықсыра келіп қоныс қылған атығайдың бір бұтағы Қойлы атығайдан тарайтын бір қауым ел Көкшетау мен Қызылжар ортасындағы Жолдыөзекті мекендейді. Әрбір қыстаулықта өмір сүрген халық Қазан төңкерісінен соң топтастырыла бастайды. «Аралағаш іргесін жесір әйелдер мен балар, кемпір-шалдар соғыс жылдары қалады», - деп жазған екен жергілік өлкетанушы ұстаз Молдахмет Сұрағанұлы «Ауылым – алтын бесігім» атты кітабында. Аралағаш десе, арал ағаш – кезінде сыңсыған орыс орманның ортасындағы қазақ руханиятының шағын аралы іспетті бұл ауылдан Қазақстанның тұңғыш Ішкі істер Халық комиссары Зікірия Мұқиұлы, Қазақстан ЛКЖО Комитетінің бірінші хатшысы болған Қайсар Тәштитов, Қаз ССР Оқу ағарту министрінің орынбасары болған Мұстақым Нұрғалиұлы қатарлы белгілі азаматтар шыққан. Бұлар – сталиндік зұлмат құрбандары. Бір айта кетерлігі, жоғарыда аты аталатын Зікірия Мұқиұлы туралы жазушы Сапарғали Бегалиннің «Замана белестері» атты кітабында мынадай жолдар бар: «Енді бір жолдасым Зікірия Мұқиев. Бұл бір адамның алыбы. Отыз пұт теңді иығына салып жүре береді. Оның жолдастары арасындағы аты – «Қазбек гора». Тұлғасына қарап қойылған». Демек, Зікірия алып – жарты тонна жүкті иыққа салып алып жүре беретін күш иесі деген сөз.

Аралағаш аулынан шыққан белгілі тұлғалардың бірі – қазақ киносының жаңа туған жарқын жұлдызы Самал Есләмова. Аралағаш аулында 1984 жылы дүниеге келіп, осы ауылдағы қазақ мектебінде оқыған Самал Ілиясқызы 71-рет өткен Канн фестивалінде «Үздік әйел рөлі» аталымын жеңіп алған. Мінеки, қазақ даласының қиыр солтүстігінде жатқан кішкентай ғана қазақ ауылы Аралағаштың қазақ тарихындағы, мәдениеті мен әдебиетіндегі орны осындай. «Елдің атын ері шығарады» дегендей, елінің атын шығаратын ері, ерінің атын ұлықтайтын елі барда тәуелсіз еліміздің келешегі кемел, бостандығы бекем болмақ. Азғана ғұмырында соңында өшпес із қалдырған өнерпаз шығармашыл тұлға Ерназар Советұлы Ыбыраев туралы әлі де талай айтылып, жазылары анық. Себебі, ел үшін жасалған еңбек ұмытылмақ емес.

Асылбек Байтанұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Ең көп оқылғандар