Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Гүлісхан Домалайқызы: Кітабымды төте жазумен де шы...

26.02.2016 3496

Гүлісхан Домалайқызы: Кітабымды төте жазумен де шығарып, Қытайда таратпақпын

Гүлісхан Домалайқызы: Кітабымды төте жазумен де шығарып, Қытайда таратпақпын - adebiportal.kz


Гулисхан3.jpg

Белгілі абайтанушы, ақын Алмахан Мұхамедқалиқызы "Сезімге толы ширақ өлеңдерін періште күйінде жеткізіпті. «Өнер жолы тегіс болып көрген емес, өнерде даңғыл жол жоқ, өз жолыңды өзің саласың» - дейтін еді алдыңғы ағалар. Талай тауды тесіп, темір етік теңгедей, темір таяқ тебендей болмай алыс арман, мәуелі мақсатқа жету екі талай. Мұндай азап сапарға, ғажап сапарға тек өнерге өле ғашықтар ғана шыға алады", - деп баға берген Гүлісхан Домалайқызы жуырда «Махаббат пен ғадауат» атты хикаятын басып шығарды. Онда қаламгер бүгінгі күннің шындығын көркем сөзбен шебер өре білген. Осы қуанышты жаңалығымен қаламгерді құттықтай отырып, әңгімеге тартқан едік. Сол шағын сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.


- Гүлісхан апай, ел сізді қазақтың ақын қызы ретінде біледі. Былтыр жыр жинағыңыз жарық көрді. ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында әдеби кешіңізді де өткіздіңіз. Ал енді міне, «Махаббат пен ғадауат» атты хикаятыңыз кітап болып шығып жатыр екен. Поэзия мен проза екі бөлек жанр ғой. Ақынға қара сөзден өлең оңай емес пе?


- Прозаға қарағанда ақын үшін өлең-сөз жеңіл, бірақ проза жанрының да өзіне тән артықшылықтары жетіп артылады. Айтар болсақ, проза қаншалықты бояусыз, шынайы болған сайын, соншалықты оңай да тартымды болып келеді. Ал поэзия қанша астарлы, көлеңкелі болған сайын терең болады. Егер мен әйел ретінде поэзия мен прозаның айырмасын заттық тұрғымен дәлелдейтін болсам, Поэзия мың түсті жіптің реңін сәйкестіре өрнектеп тіккен кесте дер едім. Оның тартымдылығы да, мағынасы да, әсемдігі де ою-өрнектерінің айшығымен өлшенеді. Ал Проза ешқандай әсірелеу мен бояуды қажет етпейтін асыл текті мата, оның айтар түйінді ойы - оның құнды материалы. «Біреуі шебер зергерді қажет етсе, біреуі сапалы құнды материалды қажет етеді» дер едім.


- Кітаптың айтар ойы не? Арқалаған жүгі қандай?


- Кітаптың айтар ойы үш түрлі. Әуелі: бұдан ұғатын мағына, «өмірде ешқандай еркек ажырасу арқылы тағдырдың ауыртпалығын жеңілдете алмайды». Өйткені қазақта «атың жаман болса, сатып құтыласың, қатының жаман болса, қайтып құтыласың» деген аталы сөздің шығуы тегін емес. Себебі кез келген адам үшін өмірдің мағынасы - айналаңдағы адамдарға жылу, мейірім сыйлап, көмек жасап, басқалардың алғыс-ықыласына бөлену. Ал жақсылықты өз баласына жасай алмаған ата-ана басқа біреуге ештеңе де жасап бере алмайды. Себебі балаң үшін сенен күтетін ең үлкен жақсылық, «ата-анасының жанында өмір сүруі» болмақ. Екінші айтар ой, қазір көптеген ата-ана, «балам, некеленуге асықпа, әуелі жоғары оқуға, магистиратураға тапсыр, диплом мен жұмыс қолыңа түскен соң үйленсең де, кеш қалмайсың, біз тұрғанда әлі баласың» - деген уәж айтады. Сондықтан да қазір отыз-қырыққа келіп, әлі отбасын құра алмаған сұрбойдақтар мен кәрі қыздар толып жүр. «Ез көбейді жылап ішер көжесін» дейтіндей. Біреулер мемлекетімізде қыздардың саны көп, ерлердің саны аз болғандығынан дейді, ендеше неге сұрбойдақ еркектер қаптап жүр. Жасы келген біраз қыздардың жақсы жұмысы, басында баспанасы болғанымен, «кеудем қаңырап бос жатқандай, сағынатын да, сағындыратын да адамың болмаған қандай өкінішті» дегенін жиі естиміз. Меніңше, М.Шаханов ағамыздың 12-3=0 (Он екіден үшті алуға болмайды) дейтін өлеңі осы мәселеге толық жауап беретін секілді. Бастысы, алғашқы үш айда бүр жармаған миуа ағашы қалған айларда ешқандай да жеміс бере алмайды. Міне бұл 20-25 жастың арасында отау көтеріп, махаббаттың отбасылық мейірімі мен азапты бақытын бірге тартпаған ер мен әйел отыздан асқан соң біреуді сүйіп те, сүйдіріп те жарытпайтын секілді. Себебі қыз баланың мінезі 25 жасқа дейін айналасына бейімделу үстінде, ал 30 жастан асқан соң өмірге, тұрмысқа өзіндік ұстанымы қалыптасып болады да, күйеудің ырқына көніп, жарасқан отбасы бола қоюуы екіталай.

Біреулер «Қозы мен Баян, Қызжібек пен Төлеген үйленбегені үшін ғана, мәңгілік ғашықтар болып қалып қойған», махаббат үйленбеуден тұрады!» – дейді. Міне, қолымыздағы «Махаббат пен Ғадауат» атты кітап сол түсінікті мүлде теріске шығарады. Яғни махаббат тас астында бастырылып жатса да, көктеп шығатын құнарлы, асыл текті дән секілді. Шын сүйген ерлі-зайыптылардың жүрегінде өкпе-реніш ешқашанда ұзақ өмір сүре алмайды. Тіпті қандай қиямет-қайымды бастан кешірсе де. Тағдыр екіге айырса да, жүректегі шын махаббат ешқашан сөнбейді.


- Ал енді кітабыңызға қайта ойысалық. Қанша дана жарық көрді? Кітаптың таныстырылымы қашан өтеді? Таралым жағы қалай болмақ?


- Кітап жайлы айтар болсам, қазірге мемлекттік тіркелімін алып, 500 данамен басылды, бұл өте аз тираж екенін білсем де, қазірге сынақ ретінде жұқа тыспен аз ғана қаражатпен шығардым. Енді «Жастар шығармашылығын қолдау қоры» атынан қатты мұхабамен 1000 дана етіп қайта бастыруға тапсырыс бердік. Тұсаукесер таныстырылымы да сол екінші кезекті басылымы баспадан шыққаннан кейін, наурыз айының соңын ала болмақшы. Қытай қазақтарының кітап оқу жағында біздегі халыққа қарағанда көш алда екенін ескеріп, сол жақтағы алфавитпен бастырып тарату да ойымда бар.


- Жалпы, бүгінде қазақ әдебиетінде көзге көбірек шалынып жүрген қандай жас қаламгерлерді атай аласыз?


- Бірнеше жанрда қалам тербеп жүрген Маржан Ершу деген қызымыз бар. Поэзияда өзім сүйіп оқитын ақындарым - Ерлан Жүніс, Дәулеткерей Кәпұлы, Бауыржан Қарағызұлы деп айтар едім. Бұлардың поэзясында нәзік сұлулықтан да сырт, рухты, ерлікті, батылдықты көресің, ал көптеген ақындардың күйдім-сүйдім жалаңаш өлеңін ұната бермеймін.


- Әңгімеңізге көп рахмет!


Әбу-Асқар Мекешұлы




Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар