Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Гүлнар Нұрсұлтанқызы. Бұлтым барма мамырлап күрсін...

15.07.2020 3855

Гүлнар Нұрсұлтанқызы. Бұлтым барма мамырлап күрсінбеген 12+

Гүлнар Нұрсұлтанқызы. Бұлтым барма мамырлап күрсінбеген - adebiportal.kz

Жылдарға өлең

Ойхой, жылдар!...

Табиғатты жатасың түрге ендіріп,

Маусымдарды айшықтап түрлендіріп.

Жазды ұзатып, күзді әкеп қысқа өптіріп,

Оятасың көктемді бүрлендіріп.

Асыл сәуле төгіліп күн көрінген,

Ақ әлемді шарлайсың нұр көзіңмен.

Сені көріп жұлдызың жанса көкте,

Ай кірпігі қармайды түнді өзіңмен.

Бірі кетсе жылдарым, бірі келіп,

Сағатыммен заулайды тіліне еріп.

Қарғалдақ жыл келесің қайсар қыспен,

Мүйізіне ғасырдың гүлін егіп.

Өн- бойыңнан өбілген алғыс аппақ,

Қайтқан жылдың орынын алды сақтап.

Сен келді деп алаңсыз дала-жігіт,

Тынып жатыр тырп етпей қар құшақтап..

Кербез жылдан жақсылық сұранамыз,

Жүйрік мезгіл жылға еріп туады аңыз.

Ақ мамығын арқалап келген жылға,

Ақ шудалы көңілмен қуанамыз.

Бүйірінен бүр жарған еменді тау

Аспан жапса түндігін томағалай,

Демін шашып қарайды домалап ай.

Таңдайына құс жолы сүтін сауып,

Тау жұлдызды жұлқайды самаладай.

Торғын-самал тояттап елесінен,

Қоңыр жусан қол бұлғап белесінен.

Сілемдерің теңіздің толқынындай,

Киік көзі мөлдіреп кемесінен.

Тұнып тұрған тіршілік тілсім денең,

Теңбілің жоқ ажарсыз күн сіңбеген.

Малдас құрған мәрт бейнең маңайында,

Ьұлтың барма мамырлап күрсінбеген?!

Емендерің бүр жарып бүйіріңен,

Жең -жағаңа гүл шоғы жиі ілінген.

Қыран түлеп тасыңа, тағын сүйіп,

Шолып бәрін көзінің қиығымен.

Қоншыңды орай тізілген бұйра талың,

Бұрым өре толықтап тұр қатарын.

Жел жырлатса ақ терек жапырағын,

Әнін білмей кімдерге тыңдатарын.

Көркің елтіп жанымды баурап бірден,

Тыныс- демің, өлкеме қаулап кірген.

Байлық басқан жақпарлы қойнауларың,

Құс біткеннің жұмағы сайрап күлген.

Табанымды торқаңа малып келдім,

Өзен бойы...

алтын бас балық көрдім.

Омырауыңнан ұрттаған мөлдір зәмзәм,

Арасынан мөлтілдер тамып тердің.

Көкейіме көркіңді жинағамын ,

Сұлу десе тек саған иланамын.

Кіндік қаным тамған-ау қына тасқа,

Жырламасам тау сені қиналамын.

Қарақаттан тамған жыр

Киелі киік жортқан тобесінен,

Балдырғаның бал құсып денесінен.

Алақаты мөлтілдеп жанарында,

Гүл кірпігі ілініп көбесінен.

Қасықыр ұлып, қыраның шаңқылдаған,

Ақ бастауың - ақ айна жарқылдаған.

Жебесынен жел өтпей қарағайың,

Тікен жалы тырп етпес қалпында аман .

Бетіңде желмен жеңіл күй шалқыған,

Иығыңнан боз ермен иісі аңқыған.

Тас қораңның танауы нәрін жұтып,

Тарғыл демің танбай тұр си қалпынан.

Қолтығыңнан қол артып, арша біткен,

Әуен ойнап өзенің әр шабытпен.

Бар байлықты жидырып бас-етектен,

Ғаламшарың қастерлеп ханша кұткен.

Тәкаппар бейнең тілсім мызғымайтын,

Әкем, анам, бауырым бізге ұнайтын.

Жоныңнан етек бойлай көктем түріп,

Кеудеңнен кезең түлеп, күз құлайтын.

Сағынышын қоздаттың тағы үміттің,

Даңғаза тау!...

беймезгіл сағыныппын.

Түсімде найза ұшыңда жортуылдап,

Орқаш-орқаш қойыныңнан табылыппын.

Сирен тауым,

көркіңе қанамын ба?

Топырағың - құт әр басқан қадамыма.

Ақ параққа түсіріп суретіңді,

Қарақатың ніл төккен қаламыма.

Ай-сері

Мақпал түннің қойнында,

Ай нұры суға төгіліп.

Тынымсыз толқын мойынында,

Құшақтар сәуле беріліп.

Мөлдіреп теңіз қарайды,

Жанары нұрдан тұншығып.

Алаулап жанған арайды,

Ала алмай толқын құлшынып.

Тамсанып қарап сырыңа,

Табылып көлден көктегім .

Келбетің бүрлеп жырыма,

Керіліп тұрма көктемің?

Кеңістікте көркің көлбіреп,

Шұғылаң суда таранған.

Жамалың жайнап мөлдіреп,

Тұнықтан тұлғаң жаралған.

Қоңыр мезгіл

Қоңыр төсі жарқырап дала жатыр,

Көшкен бұлт па, қайтқан құс...

қарада тұр.

Қоңыр бақтың үкісі үрке ұшып,

Қоңыр самал қобыз үн салады асыр.

Қоңыр шекпен бүркеніп қоңыр дала,

Мезгіл көшіп барады қоңырлана .

Қоңыр ала қаздардан сәлем айтып,

Қоңыр белде отыр-ау қоңыр бала.

Қоңырланып ақ қайың сырғалары,

Қоңыр иіске бас қойып тұлғалары.

Алақаны айғыздап асыл нудың,

Қоңыр күзден келгенде бір хабары.

Қағып қоңыр жапырақ қанаттарын,

Тастап тынды күн өпкен парақтарын.

Қоңыр өрттен қорыққандай көркі күйіп,

Қоңыр шаққа қол жайып тараптарым.

Хикіметін қоңырдың сезе алдым ба?

Алтын үзбе, омырауы өз алдында.

Қоңыр мезгіл қолтықтап өтіп барам,

Қалың қоңыр қауышқан көз алдымда.

Көрнекісурет: Кристиан Бирмингем


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар