Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Гүлнұр Қасымзада. Күнім...

17.03.2019 4788

Гүлнұр Қасымзада. Күнім

Гүлнұр Қасымзада. Күнім - adebiportal.kz

(Құс қанатындағы хат)

– Саған «күнім» сөзі несімен ерекше?

– Менің азан шақырып қойған есімім – Күнім. Марқұм әкем «Сен туып, сені қолыма алғанда, алақаныма Күн қонғандай күйге бөлендім. Көзін жұмып, аузын ашып «іңгә» әнін салған гауһарымды Күнім деп атадым» деп отыратын. Алайда, ата мен әжем құжатқа Арай деп жаздыртыпты. Іі-і арығарай..

– Сонымен Арай, Һәм күнмін де!?

Әрине!

– Ғажап!

– Ол, ол...

– Түһ, тағы да әңгіменін әуенін соған әкеп тіремексің бе? Осылай жалғастыра берсең... Сенде ауытқушылық бар деп ойлауым бек мүмкін!

– Қойсаңшы, Дәрігер, сау адамды жынды деу барып тұрған қылмыс қой!!!

– Дегенмен, сенде қиялилықтың белгілері бар!

***

...Қона да алмай, ұша да алмай безек қағам.

Ғайыптан жанартау атылды ма, сұмдық жарылыстан әлемімнің астаң-кестеңі шығып, сол алапатта бұлқына шырқыраған әзиз жанымды қоярға жер таппай аласұра жанталасамын кеп: «Қинамаңдар... Босатыңдар жанымды... Жіберіңдер еркінее... Қанатыма обал етпеңдер...»

Дабырласқан таныс та бейтаныс дабыстар естілді. «Таңертеңгісін психологпен тамаша әңгіме өрбітті, бұрнағы есімі Күнім екенін тілге тиек етті!» Кенет абыр-дабыр басылып түнек тыныштық орнай қалған. Булығып жылаған үн келді құлағыма. Анар емес пе? Сол сияқты ғой?.. Неліктен жылайды екен а? Не-геее? Ышқынып, сұрамаққа тырмыссам да даусым шықпай қойды.

– Сабыр етші! Сәл ғана?..

Әлсін-әлі дауыс естілді. Әлдекім салқын дәкемен маңдайымды, ернімді басады дембіл- дембіл... Ұзақ сандырақтап барып талықсып кетсем керек...

Есімді жиғанда қасымда шұқшиып Анар отыр екен. Қуанып кетті.

– Тұншығып барам...

– Қазір, су әкелейін бе?

– Ол?..

Ә дегеннен-ақ не сұрамағымды айтқызбай ұққан Анар жанарын тайдырып әкетті. Тіпті, кінәлі адамдай кірпігін жиі жыпылықтатып төменшіктей береді.

– Телефонымды әперші?

– Қазір - деді орнынан ұшып тұрып, - қаласаң ішіндегі, әлгі... естеліктерді қарай ғой... Бірақ...

– Естелік?

– Ой, кешір - деп сасқалақтаған Анар, көңіліме қаяу түсіргісі келмей, құрақ ұшып жүр.

Бүгін құрбым тым жұмсақ. Әдеттегі өжет, бірбеткей қалпынан тыс:

– Қайдағыны айтыппын-ау, ұнатқан дүниеңді карай ғой демек едім.

Айтса айтқандай-ақ Ол екеуміз желіде жазысқан хаттарды тұмарымдай сақтап келгем.

***

Уақыт:

14 желтоқсан

Міне, осы күні албырт, риясыз қуанған смайлик жіберіппін.

Ол:

– Күлесің де қоясың ба?- депті жылы ғана.

– Бұл - менің қуанған түрім ғой?!

– Қуанған, қуантқан Күнім! Алғаусыз көңіліммен құшақтаймын әркез!

15-желтоқсан

– Мен сені мың жылдан бері білемін. Іздедім. Күттім. Сенемін. Сырласқым келеді ылғи, еркелеткім...

– Бұл менің де сөзім ғой.. Мен айтқым келгенді айтыпсыз ғой!

– Күнім менің! Сені тауып алғаныма ризамын. Са-ғын-дың ба? Айтшы?

Екі беті дуылдап қоя берген. «Сағынамын» деп жазғысы келіп еді-ау сонда.

Бірақ, айтып салуға батылы бармай жазғанын бір өширип, бір жазып қатты ұялған бұл. "Сағындымды" астыртын жеткізер нәзік сөз іздеп толғанып отырғанда:

– Мен сағындым! - деген ыстық лебіз өзегін де өзін де өртей өткен!

Бірде екеу-ара бір тақырыпты талқылап отырып келісе алмай қалды. Анығында Ол өкпелетіп қойды.

Мынау сол кездегісі:

– «Шегінбеймін» дегенің жақсы екен. Әйел баласы тұрмысқа шығады...

Осы бір сөз сол күні кеудесіне қанжардай қадалып, ақ ұлпа арманын әп-сәтте күл-парша талқандағандай әсер етті. Бұл жылап қалған... "Мұнысы несі? Біреуге турмысқа шығасың дегені ме? Өзгеге қия салғаны ма?, Мен қалайша, басқаға..." Ішкі әлемін алай-түлейге түсірген сұрақтарымен арпалысып отырып, сол түні кірпігі де айқаспай, жұбана да алмай, таң ата өкпесін жайып салған хат жіберген.

– Күнім, теріс түсінгенің не, ол сақтандырғаным! - деген жауап та келді салмақты. Осыдан кейін-ақ біріне бірінің қадірі артып, татуласып кеткен екеуі. Сол бір әсем күндер-ай... Қазір табиғат та тым мұңды.

***

Орнымнан атып тұрып киімдеріме қарай ұмтылдым.

– Қайда барасың? Саған әлі демалу керек Арай, қорқытпашы мені?

– Неге хабарласпайды? Жек көріп кетті ме? Не үшін? Мені құлыптап тастапты. Fb, WhatsApp, бәріне тыйым салған.

Шыр-пыры шығып бәйек болған Анар жолымды кес-кестей: --саған әлі демалу керек- деп ал бір оралып қарсылассын.

– Осы сен табанастында неге жұмсақ бола қалдың? Оның хабарласпайтынын сезіп, мені жарым көңіл деп аяғаның ба? Ия, тұңғыш рет құлай сеніп ем. Тұңғыш рет...

Әупірімде аузына сөз түспегендей, көкшіл көздері шарасынан шыға жаздап қадалып қалған Анар әнтек бетіме тесірейген күйі мырс етті:

– Ендеше, тыңда мені. Күні кеше ғана бес-алты көлік ерсілі-қарсылы соқтығысып, бес бірдей адам тіл тартпай мерт болған, тірісі қазір жан сақтау үшін өліммен күресіп жатқан- көлденең кесапатты оқиғадан періштесі қағып дін-аман қалған жалғыз сен! Биікке шаншыла ұшып кетіп, бусанып жатқан жап-жасыл шалғынға бұрқ етіпсің. Қуан! Тәңірдің рахымы болар бұл. Мүлде көрмеген, кездеспеген адамға да осыншама ес ауады екен-ау. Тоба! Жолда абайлап, байқап жүрмесең... Есіл-дертің со боп... Өміріңді де танымайтын біреу үшін құрбан етпекпісің? Мен білем сені-і-і- деп, сөзінің аяғын жұтып, жылап жіберді.

– Қатыгезсің, өзіңе де өзгеге де... Тек өлме. Өлмеші!?

Аңырайып аузына қарап қалған мен жетіп барып құшақтап жатырмын:

– Өй, мен өлмеймін! Керісінше, мен қайта тудым. Ол маған өмір сыйлады!

Екеуміз де әудем уақ үнсіз қалыппыз. Күндіз бе кеш пе белгісіз, ойланып кеткен ойларды бұзып міңгірледім:

– Ол мені Күнім дейтін. Әкем ырымдап қойғанымен өзге ешкім бұлай атамап еді.

– Түу, тағы бастадың ба?- бұртиып отырған орындығын оқыс тастаған күйі, төрдегі креслоға жантая кетті, --есесіне "жаным", "айым", "гүлім", деген сөздерді білесің. "Күнімнің" бұлардан еш айырмасы жоқ.

– Кездейсоқтық па? Ал, ол...

– Оның бар ғой, кімге қалай сөйлеуді әбден меңгеріп, машықтанып алған! Тамырыңды тап басып сені шырмайтын "әуезені" де дөп басқан. Бары сол. Тісқаққан, әккі дерсің..

– Жоқ. Ол бар ғой-- бұлақ суындай тұнық, таза жан!

– ха-ха-ха!!!

Ішек сілесі қатқанша күлкіге қарық болды да қалды Анар, тіпті креслодан домалап түсе төселген кілемге аунап ішегі түйілді дейсің.

– Ойбай, қатырасың сен, таптың-ау тазаны. Бұғалықты лақтырған-ақ екен сабазың...

Сүт пісірімдей уақыттан соң ғана орнынан тұра беріп, маған тіктеле даусын пәсейтіп «ғаламторды қосайық» - деді самарқау ғана. Интернетті шұқылап отырып та тынбақ емес:

– Неге сенің бір суретіңе де лайк баспаған?- деп күңк етті, мұрнын тыржита жаратпай, – Келсеңші, неге состиып тұрсың, Арай? Менің аккаунтыммен ФБ парақшасын көрейік.

Шапшаң түрткілеп, көзді ашып-жұмғанша еш қиындықсыз-ақ санамнан жаңғырып кетпей қойған таныс бейнені жарқ еткізді. Көзінің қиығымен маған қарап қоюды да ұмытқан жоқ.

– Анар, сен... шын сүйіп көрдің бе?

– Ешқашан --деді жұлып алғандай нығыздап. – Сүйген емеспін. Сүймеймін де! Заман-- ақыл мен есептікі. Әлбетте, жігіттер маған құштар болуына қарсы емеспін. Ия, ғашық болсын... Мен үшін өртенсін! Өлсін! Селт етсем атым өшсін, Һа!

Дала түнерген тымырсық, көңілсіз. Ебіл-дебіл егіліп, жаңбыр жауар ма екен? Бұлтты күн тына қалғанмен, тыпыршып тұрған секілді. Мына даңғарадай жасаулы үй демімді неге тарылта береді? Әлдеқалай сақтап келген -күшім сарқылып шытынардай, таусылып барам...

– Мұнда қарашы, бүгін жағасы жайлау, ыржиып досымен түскен сүгіретін салыпты- деді Анар. – Әр суретті сұқ саусағымен түртіп басып, үлкейтіп зер салады өзі.

– Күліп түседі екен. Оған бәрі күлкілі ме? Мұнда біреулер өлейін деп жатса, һа... -- мұрнын тыржитты.

– Ал кеше әр әйелге бір жабысып суреттің көкесін танытыпты, таза адамың. Әйелден кенде емес-ау. Адам тани білу керек, Арай. Оның жүрегінде сен бар екенің жылтыраған жүзінен байқалмайды. Ұмытып кеткен... Қайтесің сол... Еркек деген осы-- саған не жазып, не айтқанынан да есеп алмайды. Бір оңбаған болар ма?..

Әрі қарай тыңдауға дәтім шыдамады ма, ваннаға тұра жүгіріппін. Салқын суды барынша ағытып, бетімді жуа бердім. Өзіммен арпалысқаным ба? Жоқ, ағыл-тегіл үзілген ащы да кермек жасымды жасырғаным ба?...

Ізімше жетіп келген Анар айқайлап тұр.

– Көкейіңе түйіп ал: Ғашықтық - ол ауру. Әлсіз жан ғана сезімін жеңе алмайды. Әлсіздер ғана...

– Тұр жолымнан!

– Қайда барасың?

– Бөгеме мені!

– Ағаң үйден шықпасын деген. Әбден сауығып стрестен арылғанша көзден таса қылмаңдар деген. Мен аз болсам сыртта соқталдай екі кісі күзетіп тұр.

Әуре болма!?

– Әй, кайда?

– Тоқта қайда барасың?

– Тоқта деймін?!

***

...Қиял ма, түсініксіз, аяқ-қолым жерге тимей құстай ұшып келе жатқандаймын. Бетім ауған жаққа безейін. Тек, токтатпаңдар мені! Тоқтасам күйіп кетем... Соңымнан қуған ессіз самал мен сайқымазақ өсек жетіп алмасыншы? "Сен жайлы ойламайды да, әлдеқашан ұмытқан" деп келемеждейді олар.

Кешір, Бағдаршам, бір секунд та аялдай алмаймын. Көшеде тежегішін баса қалған көліктер, ұрысып, сыбап қалып барады. Бірі сұқ саусағын шекесіне апарып "көзің қайда нақұрыс" дейді өктем. Кешіріңдер адамдар.! Асықпасам болмайды. Көшені, алып үйлерді, қақ жарып кешіп келем. Бір бейтаныс көлік ізіме түсіп "жеткізіп салайын, Бойжеткен" - дейді ғафу өтініп. Айып көрме, азамат тоқтай алмаймын..

– Тоқта, – дейді сабылысқан мына жұрт, - барамысың өлуге? "Жо-жо-жоқ, мен Өмірмен кезіктім, мен іңкәрмін өмірге!"

Өліп жатқан жерімнен, Өмір демімен тірілткен, Тау тағдырым мен сенімен тірімін. Жазықта ғұмыр сүре алман. Найзағайыңды күркірет, қара бұлтыңды нөсерлет, дауылыңменен сілкіп өт! Мен сен үшін жаралғам! "Не салсаң да тартамын"

Мен саған келемін!

Құзар шың болып қол бұлғап, құзыңа құлатқаның не? Аспан үніңмен қуантып, құрдымда жылатқаның не? Етегіңде бүр жарып, гүлің боп, жаңа бүрлеймін, ақ шаңқаннан кестелеп, ақ бұлт тарту етейін. Басшы бауырыңа, шақыршы мені өзіңе, төсіңде көктеп өнейін!

Азғырып елестеген, әзәзіл емес шығарсың? Айтшы соны? Айт!.. Ентігімді баса алмай ентелеп келем. Шықшы алдымнан? Мынау алып қаланы дүрсілдетіп, алқынған жүрегімнің үнін естімеймісің шынымен? Сіркіреп үдеген жауынмен қосылып, дамылсыз жүгіріп келем. Жанарымнан жаңбырмен жарыса төгілген сағынышымның тамшысын, көрмеймісің расымен?

***

Күн бе түн бе, өң бе түс пе? Кенет табаным алмағайып есікке тірелді. Асығыс ашып тінте қараймын. Қайда екен? Арғы жақтан бейтаныс көздер таңырқасып карасады. Жалт бұрылып келесі есікті аштым. Сосын Келесі.. Қаптаған есіктердің бірінен соң бірін ашып жан-дәрмен іздеп келем.

"Қарсы алшы? Көзіме тура қарашы, көзім алдамайды --сезім адал. Көрмегенің рас болса көз жеткізсін де түңілсін. Сендікке шарқ ұрған жаным аласыз. Жаныңды тыңдасыншы? Жатырқаса, жат болсаң- күңіренсін, күдерін үзсін."

Соңғы есік пе? Қалғаны қайда? Оған жетпейінше тоқтауыма болмайды. Сүріне- қабына есікке жармасқан күйі жығылып түстім. Тұтқадан ажырамай қанша тартқыласам да есік ашылар емес. Мен қайдамын? Сен қайдасың? Тұла бойым жалын құшқандай алып барады, жанып барам. Құтқаршы? Әлде, сенсің бе, мізбақпай мені өртемек? Үп еткен жалғыз лебімен, Мендегі отты тұтатқан, сен алып екенсің аяусыз! Өне-бойым тұтас лаулаған күйі, тұтқадан қолым сырғып, жерге сылқ түсті...

Бозмұнардан үркер жұлдызындай жамырап ақ моншақ шық қонып жатыр үстіме.. Үнсіз ғана сырласып, тұңғиық тылсым әуенмен маған үнемі қол ұшын созатын ақ жаңбыр ішке ене алмай терезені ұрғылап жылап тұр. Әлсіз жыбырлаған ерніме жел ғана құлағын тоса берді. "Әлсіз екем, мен әлсіз екем ол Мықты. Сүйеді екем, сүйем... Қолында өлгім келеді сол Мықтының!"

Ып ыстық отқа қарғыған жалғыз тамшы дем арасында ақ қанат аппақ құсқа айналып қалықтап самғай жөнелді, менің телефонымдағы иесіне жете алмаған, оқылмаған арманда хаттарымды арқалап...

***

...Дәрігер терезеден көз алмай телмірген маған бір қарап алып, алдындағы қағазға сүйкектеткен жазуын жалғастырды. Біткен соң, әлгі жазғанына көз сүзіп шықты да ызалана жыртып тастады. Сонсоң тағы жазды, тағы жыртты. Мамыражай мінезді психологтың тосын қылығына таңырқаған жоқпын : "Әлде маған қойған диагнозына сене алмай отыр мекен?"


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар