Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Гүлжан Амангелдіқызы: «Кімді қалай жақсы көрсек, с...

11.05.2022 3262

Гүлжан Амангелдіқызы: «Кімді қалай жақсы көрсек, соның азабын да бірге арқалаймыз» 12+

Гүлжан Амангелдіқызы: «Кімді қалай жақсы көрсек, соның азабын да бірге арқалаймыз» - adebiportal.kz

Гүлжан Амангелдіқызының тұңғыш кітабын оқи отырып әр көрініске өз «көзілдірігімен» қарайтын талант иесінің досына айналуыңыз мүмкін. «Раушангүл» – сана зиратынан беймәлім құбылыстарды оятып, жүректің шоғын маздатады. Нәзік құбылыстарға терең сезім шұңғылын тосып, әркез жараланып жүретін кейіпкерлер иесімен әңгімелескен едік.

– «Ерте үзілген әнде» терең лиризм, жылы гуманистік сарын байқалады. Адам тағдыры сізді көбірек алаңдататын секілді.

«Ерте үзілген ән» – туған әпкем Әлия туралы еді. Екінші сыныпқа баратын жылы әпкем қайтыс болды. Аяқ астынан келген қайғы бәрімізді күйретіп кетті. Бәрінен де шешеме ауыр тиді. Ол кезде төрт-бес жаста ғанамын. Әпкемді бейіт басына әкетіп бара жатқаны, шешемнің аңырап жылағаны... бәрі-бәрі дәл кешегідей көз алдымда. Жалпы, менің өмірдегі шексіз мұңым шешеммен байланысты. Кімді қалай қатты жақсы көрсек, соның азабын да бірге арқалаймыз ғой. Шешемді содан кейін қатты аяйтын болдым. Бала күнімнен оның қаншама көз жасын көрдім... Осының бәрі менің жанымды мұңға бөледі. Өлім дегенді алғаш сезінгенім де сол кез еді. Содан бастап жақсы көрген адамдарымды жоғалтып алудан қорықтым. Әсіресе, әке-шешем өліп қалады-ау деген ойдан ұйықтай алмай түнімен жылап шығатын едім. Тіпті малдың өлгенін көрсем де жаным күйзелетін. «Қозының көз жасы» деген әңгімемдегі кейіпкер де өзіммін. Мал болса да бізбен етене араласып, бала құсап ойнап жүрген қозыны әкем бауыздап жатқанда көзінен аққан жасты көрдім. Сол мөлтілдеген жас менің бүкіл болмысымды өзгертті. Өмірде ештеңенің мәңгілік емесін, адам тұрмақ мал-мақұлық, тіршілік атаулының бәрі бір кездері жоқ болатынын, өмірде айырылысу, қайғы-қасіреттің болатындығын, өмір бар жерде өлім барын, тіршіліктің түбінде немен аяқталатынын жақсы білдім.

«Раушангүлді» оқыған жазушы Ділдар Мамырбаева апай: «Өлім туралы неге көп жазасың? Әңгімелеріңнің көбі дерлік өліммен аяқталады екен», - дегені бар. Бәлкім, әңгімелерім сол кездегі әсермен жазылғандықтан да шығар. Енді шығарма жазсам мүлде басқа сарында жазатыныма сенемін. Өйткені бұрын арманның орындалмайтынына, үміттің жеткізбейтіненіне сенсем, енді керісінше армандардың орындалатынына, үміттенген дүниеме қай кезде де қол жеткізе алатыныма сенемін.

– «Қияли қыз» атты әңгімеңіз шығармашылыққа терең дендеген кезіңізден көрініс беретіндей. Әу баста нені армандап едіңіз?

– Дұрыс айтасың. «Қияли қыздың елесі» бертінде тұрмыс құрғаннан кейін жазылды. Менің ішімде «кішкентай Гүлжан» өмір сүретін. Өмірге де сол кішкентай Гүлжанның көзімен қарайтын едім. Тіршіліктен алған ләззатым шамалы, бір күні іштегі сол Гүлжанды «өлтіріп», шынайы өмір сүргім келді. Нағыз өмір қандай болатынын білмесем де, өзімнен «құтылғым» келді. Алғаш салған үйіміз судың жағасында еді. Құлағыма бақаның құрылы мен шегірткенің шырылы келді. Алыста қалған балалығымның, ауылымның бір көрінісі көз алдыма елес берді. Үйге келдім де лезде осы әңгімені жазып тастадым. Қияли қыз керісінше бала Гүлжан, ал кішкентай қыз есейген Гүлжан еді. Содан кейін ішімдегі қияли қыздың орнын ештеңеге селт етпейтін, байсалды келіншек алмастырғандай болды.

– Қаламгерлердің арасынан кімді ұстаз тұтасыз?

– Әңгімелерімді біреуге оқытып, ақыл-кеңесін алып көрмеппін. Бала кезде «Ұлан» газетінің бас редакторы Сұлтан Қалиұлынан «сенен алысқа шабар нышан байқалады» деген сынды хат алатынмын. Соған төбем көкке бір елі жетпей қуанатын едім. Содан кейін Маралтай Райымбекұлы бір әңгімемді «Қазақ әдебиетінің» қосымшасы «Жас қаламға» шығарған. Менің көңілімді көтергісі келгендігі ме «жазушысың» деп мақтап қоятын. Содан бертінде Ақберен Елгезек «Кентавр» газетін ашып, сонда бір-екі әңгімем жарияланды. Сирек болса да әңгімелерімнің газетке шығып тұруы жаңа құлшыныс, серпін беретін. Менің шығармашылықтағы жанашырым – Қалмаханбет қой. Менің ара-арасында шимайлап жазғандарымды жинақтап, бір папкаға жинап жүреді. Әдебиеттен алшақтап, күйзеліске түскен сәттерімде де қолдау білдіріп, бұрынғы жазғандарымды байқауларға жіберіп, қорытындысы шыққанға дейін менен бұрын қобалжып жүретін. Әңгімелерімді өзі жұмыс істеп жүрген «Талдықорған» газетіне, одан кейін «Дала мен қала» газетіне жариялатты. Мені тоқтап қалмаса екен, жазса екен деген ниетін ол кезде түсінбесем керек. Шығармаларымның жариялануына Қалмаханбет қамқорлық жасағанымен, мен қолыма қалам ұстамай кеттім.

Оған не себеп болды?

– Әйел қаламгерлердің ерлерге қарағанда мүмкіндіктері шектеулі ғой. Әрине, отбасы мен шығармашылықты қатар алып жүрген қаламгер әйелдер баршылық. Десе де аз. Қазаның тасып, балаң жылап жатса қандай шығармашылық? Бүкіл үйдің тіршілігі, бала тәрбиесі, күйеудің бабы... осының бәріне үлгеру мүмкін бе? Ас үйде жүргенімде кейде керемет ойлар келеді. Бірақ, отыра қалып жазып тастауға мұршаң болмайды. Осылайша көп шығармаларым ас үйде келіп, қағаз бетіне түспей ішімде «тұншығатын». Көп жағдайда адам екі нәрсені таңдау керек болғанда біреуін құрбандыққа шалады. Мен де сөйтсем керек...

Шығармаларыңызда көбіне өмір сүруге бейімделе алмаған, өз әлемінде ғана ғұмыр кешетін кейіпкерлер басым. Бәлкім олар табиғат сыйлаған тұма болмысын жоғалтып алудан қорқатын шығар?

– Менің әңгімелерімде дерлік деп айтпай-ақ қояйын басым бөлігі – өзімнің сезінгендерім. Сонан кейін де шығар қарапайым оқырмандарыма әсер етіп, ұнап жататыны. Әңгіме жазғанда шебер жазайыншы, небір сұлу сөздермен тізбектейінші деп жанығу менде болмайды. Жүрек басына төгілген ойды қағаз бетіне тезірек түсіруге тырысамын. Алғашқы әсермен қалай жазылады, солай тұрады. Екінші рет, ұнамай қалса қайта жазып шығу менде жоқ. Сосын көбіне қоспасыз, болған оқиғаларды жазамын. Не нәрсенің шынайы, таза болғанын қалаймын. Нағыз өмірде шынайылық аз ғой... Шығарма – жазушының жан айнасы. Бәлкім, кейіпкерлерімнің өмір сүруге бейімсіз болатыны да сондықтан шығар.

Әңгімелескен Батырхан Сәрсенхан


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар