Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Халықты танытатын ең алдымен әдебиет...

20.07.2013 3459

Халықты танытатын ең алдымен әдебиет

Халықты танытатын ең алдымен әдебиет - adebiportal.kz

thumb.jpgӨз ортамызда төл әдебиетіміз жөнінде сөз қозғасақ, көкке көтере мақтай жөнелеміз. Онымен қанағаттанбай, «ақын-жазушыларымызға Нобель сыйлығын неге бермейді?!» деп, жатып кеп бүкіл әлемге ашуланамыз. Ал, шын мәнінде кімдерге ренжиміз? Өз шығармаларын бүтін дүниеге таныта алмай жатқан қаламгерлерімізге ме, әлде оларды оқи алмайтын жер шарындағы тұтас адамзат қауымына ма?

Мүмкін, шет ел түгілі өз елімізде әдеби дүниелердің насихатына көңіл бөлмейтін өкіметке өкпелеуіміз керек шығар? Биліктің ойлайтыны онсыз да бастан асады десек, вилла, меншікті ұшақтарға шығындалып, өлеңнен қорған соғатын, қара сөзден қаймақ алатындардың кітабын шығарып беруге ақшасын аяйтын қалталы азаматтарымызға салмақ салу керек шығар онда?

Ұлттық әдебиетке жаны ашитын әрқайсымыздың ішімізде осындай сұрақтар жатқаны анық. Дегенмен, бұл сұрақтардың түйіні тарқайтын кезі де келген сияқты. Оған өзіміз куә болған төмендегі жағдай себеп.

Жақында Ұлттық академиялық кітапханада әдебиеттегі ақсақалдарымыздың бірі, Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Қан мен тер» және «Соңғы парыз» романдарының ағылшын тіліндегі аудармаларының тұсаукесері өтті. Мамандардың айтуынша, шебер аудармашы Кэтрин Фитцпатрик тәржімалаған бұл кітаптар сонау мұхиттың арғы жағында Нью-Йорктың  «Liberty» баспасынан шықты.

Шараға жиналған белді, белгілі қаламгерлер оны қазақ әдебиетінің үлкен жеңісі, жемісі ретінде бағалады. Расымен, әлемдегі бір миллиардқа жуық халық ағылшын тілінде сөйлеп, оқи алса, мұны әдебиетіміздің жеңісі демей көріңіз. Демек, енді осымен тоқтамай, аударма мәселесін мықтап қолға алуымыз керек.

Соның ішінде, ұлтаралық қарым-қатынас тілі саналатын ағылшын тіліне әдеби жауһарларымызды аударуымыз шарт. Ең бастысы, бастауын алған істі әрі қарай жалғастыру. Сонда жалпақ әлем қазақ әдебиетін мойындайтын күн де келер, тіпті Нобель сыйлығы да ақын-жазушыларымыздың уысына түсер.

Әдебиетіміздің алдыңғы буыны қазірде арамызда жүрген осы Әбдіжәміл Нұрпейісовтер. Ең алдымен Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин секілді алыптар тобының көзін көріп, ақылын тыңдаған олардың шығармаларын ағылшын тілінде аудару заңды да сияқты. Бірақ, тек қана бұл буынмен шектелуге болмайды.

Олардың өкшесін басып, өткен ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдары қазақ әдебиетіне ұлы Мұхаңға «жыл келгендей жаңалықты сезіндірген» үлкен лек келді. Дүниеден өткендері бар, 60-70 жастың жотасынан асып, сексеннің сеңгіріне беттеп бара жатқандары бар, олардың атын атап, түсін түстейтін болсақ, Әкім Тарази, Қабдеш Жұмаділов, Мұхтар Мағауин, Төлен Әбдік болып жалғасып кете береді.

Бұл тізімде кейінгі кезде бірыңғай драма жанрына көшкен Дулат Исабековтың есімін әдейі атамадық. Оның «Ескерткіш операциясы» комедиясы биыл жыл соңына қарай Лондонда қойылатын болғандықтан. Бұл да қазақ әдебиетінің әлемге бір танылуына септігін тигізер үлкен уақиға болмақ. Дегенмен, оқырман қауым сүйсініп оқитын «Қарғын» романын да ағылшын тіліне аудартқаны артықтық етпес еді.

Алдында айтылғандардан кейін әдебиетке Мархабат Байғұт, Смағұл Елубай, Қуандық Түменбай, Несіпбек Дәуітайұлы, Роза Мұқанова, Нұрғали Ораздардың буыны келді. Бұлар да осалдардың сойынан емес. Мысалы, осы буындағы Әлібек Асқаровтың «Қара аю» әңгімесін оқып, жылап-күлгеніміз бар.

Өмірден ертерек өткен Марат Қабанбай мен Талаптан Ахметжанды да шетелдік оқырманға таныта алсақ, ғажап емес пе?! Аяқ астынан жазушы атанған британиялық Джоуан Роулинтің әлем балаларын жаулап алған «Гарри Поттерінен» біздің Мараттың  «Жиһанкез Титиі» артық болмаса, кем емес.

Әдебиетшілер ортасында «ХХІ ғасырда мықты прозашылардан мақұрым қалдық» деген пікір айтылады. Ауызды қу шөппен сүрте бермей, Айгүл Кемелбаева, Думан Рамазан есімдерін атасақ та, қазір прозамыз шарықтау үстінде болмаса да, дағдарыста емес екенін дәлелдей аламыз.

Тағы осы буында шет тілдеріне шығармаларын аудартқан жазушы да бар. Ол - «Қарқаралы басында» кітабы әлемнің бірнеше тіліне аударылған (олардың ішінде ағылшын тіліне де) Дидар Амантай.

Біздер тек қана прозамызды аудару жайында ой өрбіттік. Ал бұған поэзия, драматургияны қосар болсақ, сөзіміз одан әрі созылып кетер еді. Және әдебиеттің осы жанрларында да аударуға тұрарлық дүниелер жетерлік екенін оқырман қауым жақсы біледі.  

Тұсаукесерде Ә. Нұрпейісов ұлы Мұхаңды еске алып, жақсы мысал келтірді. Кезінде «Литературная газетада» Мұхтар Әуезовтің мақаласы шыққан екен. Сонда  солтүстіктегі Ресеймен шектесетін облыстарда және Ресейдің өзінде отырған қазақтар ана тілімізге жарымай отырғаны айтылған.

Әбдіжәміл Нұрпейісовке сол жазылғаны ұнап, Мұхаңа айтқанында «Бұл бір зың ете қалған оқ қана секілді» деген жауапты естіген. Жалғыз Әбдіжәміл Нұрпейісов романдарының ағылшын тіліне аударылуы да сол сияқты жағдай. Оны Әбең өзі де мойындады.                      

Бағанадан бері жазып жатқанымызды қарт жазушы айтқан осы мысалмен де түйіндеп тастауға болар еді, бірақ қозғамасқа болмайтын тағы мына бір жайт бар. Жиырмасыншы ғасырдың ортасынан бастап осы күндерге дейін жарық көрген әдеби мұрамызды аударуды мемлекет қолдайды ма, әлде ол істі жекелеген қалталы азаматтарымызға артып қоямыз ба деген. Біздіңше, бұған екі жақ та атсалысуы тиіс. Себебі, жүк бір жағына қарай ауатын болса, көтере алмай қалуы мүмкін.    

Әрине, мемлекеттің де, кәсіпкерлердің де бұл тарапта атқарып жатқан істері бар. Алайда, мемлекет шетел жазушыларын қазаққа таныту жағын ғана ұстанып отырған секілді. Ал әдебиетті демеп келе жатқан кәсіпкерлердің арасында біздер тек «Алтын қыран» компаниялар тобының құрылтайшысы, әрі бас директоры Исламбек Салжановтың есімін атай аламыз.

«Қан мен тер» мен «Соңғы парыздың» ағылшын тіліне аударылуына да мұрындық болған Исламбек екен. Ұсынысты осы кісі жасап, Әбдіжәміл Нұрпейісовті көндірген. Аударманы жасатып қана емес, Әбеңнің қасына Ресейдің белгілі әдебиеттанушысы Николай Анастасьевты ертіп жіберіп, Вашингтон мен Нью-Йорк қалаларында кітаптардың тұсаукесері өтуіне жағдай тудырды.

Жалпы, басынан аяғына дейін кітаптың қаржылық шығынын бір өзі көтерді. Бірақ... «Бұл мәселені бір азаматтың ғана мойнына артып қоюға болмайды. Бизнес қауымдастығы бұл бойынша істерді бөліп алып, жүйелі жұмыс істеуі керек, өйткені ол бел қайыстырар өте ауыр жұмыс». Тұсакесерде сөз сөйлеген филология ғылымдарының докторы, «Егемен Қазақстан» АҚ президенті Сауытбек Абдрахмановтың осы пікіріне барлығы қосылар.

Шынымен де, Исламбек қазақ әдебиетіне үнемі қолдау білдіріп келеді. Мәселен, айтыссүйер қауымға оның есімі жақсы таныс. Оның себебі,  ешкімде жоқ қазақтың өнерін бірнеше жылдар көлемінде демеп келе жатқанында. Одан басқа ұлтымыздың бірнеше ақын-жазушыларының кітаптарының шығуына да қаржы бөлді.

Соның ішінде 1,5 жылдай бұрын екі прозалық (Құлтөлеу Мұқаш, Серік Сағынтай), төрт поэзиялық (Танакөз Толқынқызы, Асылзат Арыстанбек, Ерлан Жүніс, Мирас Асан) кітапты қаржыландырып, олардың «Меломан» сауда нүктелері арқылы сатылуына жағдай жасады. Мұхтар Шаханов, Исраил Сапарбай, Серік Ақсұңқарұлы, Үмбетбай Уайдин сынды белгілі қаламгерлердің кітаптарына демеуші болды.

Бала ақын Жамбыл Дүйсеновті өз қолдауына алды. «Сара Саңлақ» кітабын, Түркі мемлекеттері журналдары бас редакторларының Астанада бас қосуын қаржыландырды. Осылай тізе берсек, әдебиет үшін атқарған істері жеткілікті. Алайда – жалғыз. Кезінде айтысқа демеуші болған Амангелді Ермегияев пен Өмірзақ Сәрсеновтей бұған жағдайы келмей қалса, қайтеміз?! Сондықтан, қазірден бастап басқа кәсіпкерлерді де осы іске жұмылдыру қажет.

«Халықты танытатын ең алдымен әдебиет. Ғабең айтып кеткен: «Әдебиет пен өнер ұлы болмайынша, ұлттың ұлы болмайтынын ұмытпайық» деп. Соны осы оқиға тағы еске салып отыр...». Бұл тағы Сауытбек Абдрахмановтың сөзі. Оған енді алып-қосарымыз жоқ.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ
Ұлт порталы

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар