Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Хамит Ерғалиев. ...Деген екен №21...

15.09.2015 3768

Хамит Ерғалиев. ...Деген екен №21

Хамит Ерғалиев. ...Деген екен №21 - adebiportal.kz



230067_1109031997_355_Ergaliev_Xamyt.jpg


Академик Ахмет Жұбанов пен Хамит Ерғалиев бірде Іле бойындағы бір үйде қонақта болып, түс қайта қалаға қайтады. Ахаң өзінің «ГАЗ-21» машинасын жүргізіп келе жатады. Мамыр айының тамылжып тұрған кезі екен. Жол бойының табиғаты малына құлпырып көз тартады. Осынау табиғат құшағына сәл аялдап, бір тыныс жасағысы келген Хамаң машина жүргізіп келе жатқан Ахаңның көңілін аулап, бір сөз бастапты.

–  Аха! – дейді Хамаң.

– Әу!

– Дүниенің жүзінде менен құдай ақын бар ма?

–  Дүниенің жүзі болған соң сізден де мықтырақ біреулер болатын шығар.

– Ойбай-ау, жоқ қой ол!..

Ахаң «мұнысы қалай?..» дегендей Хамаңа күдіктене бір қарап қояды. Хамаң болса шыншыл шыраймен әлгі пікірін орнықтыра түскісі келгендей:

– Шын, Аха! Дүниедегі ақын атаулының табынар тәңірісі жалғыз мына мен! – дейді.

Осы кезде Ахаң қабақ шытып:

– Осындай сөздің керегі не, бүгінгі жұрттың ішінде осыны да өсек қыла алатындар бар! – депті.

–  Ал, егер мен дәлелдесем ше?..

– Е, немен дәлелдемексіз?

– Білсеңіз айтыңыз, дүниенің жүзінде, қай континетте, қай елдегі ақынның шофері академик? – дейді Хамаң.

Сонда Ахаң заулатып келе жатқан машинасын дереу тежеп, жол шетіне тоқтатыпты да:

– Мұндайда шофер кісі тоқтап тұрып күлмесе болмайды! –деп, кеңкілдей күлген екен.

Мұнан әрі машинаның қобдишасы ашылып, табиғат аясында рахаттана тыныс алысса керек.


***


Белгілі ақын Хамит Ерғалиев бірде Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президумының председателі Саттар Имашевқа кіреді де, өзінің қартайған жасын ескертіп, Отан соғысына қатысқанын айтып, енді жүріп-тұрудың  қиын екенін білдіре келіп, машинасына бір шошала салдырып ала алмай  жүргенін  айтады.

С.Имашев болса, қазір елдің тұрмысының түзелгенін, машина алушылардың көбейіп кеткенін, қалада машина қоятын жердің жоқ екенін айтып, қараспан орнатады ғой. Сол кезде, Хамаң өзінің зор дауысымен қарқылдап тұрып күледі.

–  Неге күлдіңіз? –деп таңырқай сұрайды С.Имашев.

Хамаң күлкісін тиып, орамалымен суланған көзін асықпай сүртіп:

– Жай, әншейін, ат қора сала алмайтын корольдің болатынына күліп отырмын! – деген екен.

Сонда Саттар Имашев:

– Болды, болды, Хама, дегеніңіз орындалады! – деп, абдырай жауап береді.


***


Ақын Тұманбай Молдағалиев жайған дастархан басында Хамит Ерғалиев, Ғафу Қайырбеков, Сағи Жиенбаев бастаған бір топ ақындар болса керек. Бір кезде сөз кезегін Ғафу Қайырбеков алады да, ықылас-ілтифатын орталарындағы жасы үлкен ағасы Хамит Ерғалиевке арнайды: «Бір топ жүйрік даланың шаңын аспанға көтеріп шауып келе жатыр, – деп бастайды Ғафу әдеттегідей арқалана сөйлеп. – Көп дүрмектің алдында даланың ауасын еркін жұтып ақ боз арғымақ келеді. Сол арғымақ – Сізсіз, Хама. Мен анау көп шоғырдың ішіндемін».

Хамаң бұл сөзге қатты толқып, көзі жасаурап орнынан тұрып Ғафуды құшақтап, үнсіз сүйеді.

Содан бір мезгілде сөз кезегін Хамит Ерғалиевтің өзі алғанда: «Ғафу, рас айтасың, бір топ жүйрік даланың шаңын аспанға көтеріп шауып келе жатыр. Сол даланың таза ауасын еркін жұтып, мен ағып келе жатқанымда соңымнан қара үзбей келе жатқан торы құнанның демін естимін. Адымымды кең алып сермей түсемін. Әлгі құнан да қалысар емес, маған жетер-жетпес жерде келе жатыр. Сол сенің құнаның, Ғафужан!» деген екен.

Кейін, арада жылдар өткенде Тұманбай Хамаңа еркелеп, әлгі сөздерді еске алып: «Хама, сол жолғы қалың дүрмектің ішінен тай мінген Сағи екеуміз көзіңізге түскен жоқпыз ба?!» – деп әзілдейді ғой.

Сонда Хамаң ақын інісін бәленбай жыл бұрын өкпелетіп алдым ба дегендей көңілмен қауқылдап: «Тұмаш-ау, бар болғанда қандай, сол көп дүрмектің ішінде жұлдыздай ағып, суырыла шауып келе жатқан қос қоңыр – Сағи екеуіңнің тайың болатын!» – деген екен.


Ел аузынан жинаған: Ақселеу Сейдімбек

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар