Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Ханс Кристиан Андерсен: Түймеқыз

23.01.2018 3160

Ханс Кристиан Андерсен: Түймеқыз

Ертеде бір баласы жоқ әйел сиқыршы балгерден бала тілеп келіпті. Ол әйелге сиқырлы дән береді. Дән гүлдейді, гүл қауашағын жарғанда, ішінен түймедей ғана Түймеқыз пайда болыпты.

Бір күні түнде Түймеқыз ұйықтап жатса, бөлмедегі ашық тұрған терезеден бір дәу бақа ыршып кіреді.

- Қандай сұлу қыз еді! – деп таңданыпты бақа. – Менің ұлыма осыдан артық қалыңдық табылмас.

Бақа Түймеқызды төсегімен қоса көтеріп алып, бақшаға бірақ секіріпті.

- Бақ-бақ, бақ-бақ! – деп айқайлап жібереді бақаның ұлы Түймеқызды көргенде.

Таңертең ертемен оянған Түймеқыз өзін айнала қоршап тұрған ұсқынсыз бақаларды көріп шошып кетеді.

Ол тұңғиық гүлінің жапырағына отырып алып, еңіреп жылай беріпті. Түймеқыздың ұсқынсыз күйеу жігітке, бақаға тұрмысқа шыққысы келмепті, балдыр батпақта тұрғысы да келмепті.

Осы кезде саратан қоңыз жанынан өтіп бара жатады. Ол Түймеқызды шап беріп ұстай алып, биік ағашқа көтеріп ұшып шығып кетеді.

Қоңыз бүкіл туыстарына жар салып, қызды көруге шақырады. Түймеқыз оған қатты ұнайды, дереу қызға үйленбек болады.

- Екі аяғы ғана бар, ұша алмаса да, жорғалай алмаса да әп-әдемі екен, - деп кеңеседі қоңыздар. Қоңыз да олардың айтқанымен келіседі. Ол Түймеқызды төменге алып келіп, гүлге отырғызып қояды.

Осылайша Түймеқыз орманда өмір сүре бастайды.

Кешікпей жаз бен күз алмасады. Суық та түседі, тамақ та азаяды. Қоңыздардан дәрмен кеткен кез. Түймеқыз қыстап шығатын баспана іздемек болыпты. Ол тынымсыз еңбекқор дала тышқанының ініне келеді.

Тышқанның іні жып-жылы екен, қыс бойы өзіне жетерлік бидай дәнін де әзірлеп жинап қойыпты.

Тышқан сонда Түймеқызға:

- Мен жалғыз өзім тұрамын, екеуіміз бірге тұрсақ, көңілді болар еді, осында қалсаңшы! - дейді. Түймеқыз оның өтінішін ризашылықпен қабыл алады.

- Бүгін бізге қонақ келеді, - депті бір күні таңертең тышқан Түймеқызға: - Ол көп оқыған, білімді әрі өте бай. Оның үлкен үйі бар, үстінде тіпті патшаның өзінде жоқ әдемі қара ішігі бар. Бұл туралы маған туысым үй тышқаны айтқан. Оны көртышқан мырза дейді. Мен сені соған атастырамын.

Сөйтіп көртышқан келеді. Келіп танысқан соң дала тышқан мен Түймеқызды жер астындағы ұзыннан ұзақ шытырман індерді аралатып, серуендетеді. Шығар есіктің маңындағы бір іннің жанында тоқтап:

- Мұнда әлдебір құс жатыр. Одан қорқудың қажеті жоқ, тіпті өліп қалған сияқты, – дейді.

Бұл қарлығаш болатын. Түймеқыз оның кеудесін тыңдап көріп, жүрегі ақырын ғана соғып жатқанын естиді. Түймеқыз қарлығашты сауыққанша қыс бойы бағып-күтеді.

Түймеқыз оған көртышқанға тұрмысқа шыққысы келмейтінін айтады. Көктемде қарлығаш іннен ұшып шығады. Кетерінде күзде Түймеқызды келіп алып кетуге уәде береді.

Ол сөзінде тұрыпты.

- Біз жылы жаққа ұшамыз, - дейді қарлығаш Түймеқызға, - ондағы көк теңіздің жағасында жыл бойы көктем болып тұрады, хош иісті гүл толы көркем алаңдар бар.

Қыз құстың қос қанатының ортасына отырады да, мықты бір қауырсынынан тас қылып ұстап алады. Олар көкке көтеріледі де, соң көзден ғайып болады.

Сиқырлы ертегілер еліне жеткен қарлығаш Түймеқызды жайқалған әсем гүлге отырғызады. Міне, ғажайып! Гүлдің ортасынан ол басына алтын тәж киген кіп-кішкентай бір адамды көреді. Осылайша Түймеқыз эльфтер патшасымен танысады. Эльфтер патшасы қызға үйленуге ұсыныс жасайды. Түймеқызға да сыпайы эльф қатты ұнайды және ол оған қуана келіседі.

Жұбайлар ұзақ жылдар бірге, тату-тәтті ғұмыр кешіпті.

Аударған: Асылбек Байтанұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар