Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Харун Токак. Қанды қар...

19.11.2018 2815

Харун Токак. Қанды қар

Харун Токак. Қанды қар - adebiportal.kz

(әңгіме)

Күмбет – ала бас шыңынан қар кетпейтін Сүпхан тауының етегінде қарайып жатқан жалғыз ауыл. Аязы ақырып келген адуын қыс оңайлықпен кетем демейді бұл ауылдан; кербез көктем келем деп асықпайды.

Кедейліктің кесірінен ауылда шуылдасып ойнаған қара борбай баланың көбісі бастауыш мектептен кейін оқуын жалғастыра алмай қалады. Бозбаланың бүкіл арманы ауылды қоршаған таулармен ғана тұйықталады. «Күнделікті тіршілікті» – мына жалған өмір деп ұғады. Алайда жарлылығын жасырмаған ауылдағы жеті ағайыны бар Әли мен одан бір елі ажырамайтын Үсеннің жағдайы басқаша.

Анасының жазылмайтын кеселі, түні бойы сарнап жылағаны күн өткен сайын көз нұры Әлидің кіршіксіз таза жүрегіне батпандай салмақ түсіреді. Содан да ол денсаулықтың қадірін кішкентайынан түйсініп өсті. Дәрігер болуға бел байлады.

Әли – сыныптың ең үздік оқушысы. «Бала ұяты – әкеге» демей ме? Әкесі баласының оқуға деген ынта-ықыласы мен ыждағатын байқап, бар-жоғын сатып, ары қарай оқытуға бекінді. Үсен мен Әли бастауыш мектепті аяқтаған соң қалаға оқуға кетті. «Жаяуға жол жеткізбес» дегендей қалада жатып оқуға мүмкіндігі болмады. Күніге таң атпастан жолға шығып, кешкісін ауылдың автобусымен кері қайтады.

1990 жылы көгілдір көктемнің жылы ағысымен дүр көтерілген түрлі-түсті гүл-шешектер жан-жағын қуаныш нұрына кенелтіп еді. Қыстың ызғары қарып түсетін қара желінен әрең құтылып, ұзақ уақыт қалың қардың астында қалғып жатқан ылғалды қара топырақ көкірегін күнге қарай керіп, бой-бауыры бусанып, бар-жоғын жайып салуға әзір екенін сездірді.

Көктемнің көне салтымен құстар балапандарына ұя салып, күллі әлемге тіршілігін паш етіп сайрайды. Гүлден-гүлге қонып, үлбіреп ұшып жүрген көбелектер даланың сәніне айналды.

Ауылдың автобусы әдеттегідей даланың шаңын аспанға атып, Күмбет ауылына қарай зымырап келе жатты. Жол бойы үнсіз отырған Әли кенеттен Үсенге бұрылып:

– Үсен! Көресің осы, дәрігер болсам, ауылдағы науқастарды емдеп шығамын. Қазір анашыма ұсынатын ем-домым жоқ. Ал дәрігер болсам, анам да, әкем де ауырмайтын болады, – деді.

– Әли, сен де қызық екенсің. Дәрігер болу оңай дейсің бе?

– Оқимын Үсен, оқимын. Ауылдағы адамның да өмір сүруге қақысы бар. Оларды да емдеу керек.

Ауылға жақындап қалды. Әли бір түрлі терісіне сыймай қобалжи бастады. Шешесіне ауруды сездірмейтін дәрі-дәрмегін алып еді. «Осы түні анашым тыным тауып, тыныш ұйықтаса екен» деп ойлады. «Өзім де ұйқыны қандырып, мазам кетпес еді».

«Неге түнде ауруы қозады? Неліктен таң атқанша жылап шығады?» Оның жай-жапсарын білмейді, бірақ күн батса-ақ анасының ауруы қайта оянатын құбыжықтай қорқыныш ұялатады.

Сүпхан тауының арғы бетіне күн ұясына қонар-қонбаста соңғы шұғыл бұрылыстан кейін ауылдың қарасы көріну керек болатын. Алайда дәл сол мезетте қолдарына қару ұстаған бір топ қарақшы лаңкес жолдарын кесіп өтті. Бұрылып үлгермеді. Ауылды көре алмады.

Лаңкестер жолаушылардың барлық бұйымдарын тартып алды. Оны қанағат тұтпай Әли мен Үсенді де өздерімен бірге алып, тау асып жоғалды.

Ауылдың қабырғасы қайысты. Әли мен Үсеннің туған-туысы күндіз-түні күңіренді. Сүпхан тауы үйлеріне қопарылып құлағандай күй кешті. Қаралы күндер тоқтаусыз күйдірді. Нешелеген уақыт бойы Әли мен Үсеннен тырс еткен хабар болмады.

Белгісіз бір лаңкестік ұйым жас балаларды Сириядағы әскери лагерьге алып кеткен болатын. Ол жерде жаттықтырады. Адам өлтіру, аналарды жылату, жетім мен жесірлердің санын көбейту сынды сабақтар өтеді.

Әли мұндай қатыгез өмірге көндігер болмады. Әсілі, ол тіршіліктен үміт үзген жандарға өмір сыйлау сабағын алып жүрген-ді, бірақ кенеттен жолы кесілді. Қиялы екі қастың дәл ортасынан шаншылды. Қашып құтыла алмады мәнсіз өмірден. Соңғы қашуында аяғынан атып, жарты жолдан қайтарған. Әуелі өндір арманды жас жаны, содан соң жұмсақ тәні қатты жарақаттанды. Бұдан былай жүремін дегенде, үзілген үмітіндей ақсандап қалды. Өмірде ешбір жақсылық қалмаған сияқты. Қашып құтылуға шамасы жетпеді. Неше жыл бойы иттің етінен жек көрген адамдарға қызмет етуге мәжбүр болды. Өліп кетсе де, бәрібір еді. Бір ғана арманы: туған ауылын бір көру.

Күндердің күнінде лаңкестік ұйымнан қашып құтылудың сәті түсті. Жан досы Үсенге қашатынын айтпады. Неше күн бойы таудың қараңғы үңгірінде, қой тастардың арасында тығылып жатты.

Қыстың боранды күндерінің бірінде жан түкпірінде аялаған ауылына жақындай түсті. Мойнын ішіне тығып, ызғарлы желге қарсы жүріп келе жатты. Қар түйіршіктері тоқтаусыз ұруда. Боран жауған қарды іліп әкетіп, жан-жақты алай-түлей етуде. Ауылға жетіп өлсе арманы жоқ. Әлсіресе де, тоқтамай жүре берді.

Кенет алыстан өлімсіреген жарық көрінді. Сүпхан тауының екі қанатының астын паналаған ауыл бораннан бүрісе солып кеткендей еді. Бір-біріне жабысып, қар астынан қылтиып көрінген аласа балшық үйлердің мұржасынан шығып жатқан әлсіз түтін Әлидің жан-жүйесін жылытып қоя берді. «Анашым-ау! Жеттім-ау! Балаң келе жатыр! Сенсіз тауда тоңып жүрдім, енді ыстық құшағыңда жылынамын,» – деп, бір жағы қобалжып, бір жағы бойына күш бітіп, ақсаңдап жүгіре бастады.

Кенет ауылдағы мүлгіген үнсіздікті иттердің үргені бұзды. Иттер бекерден-бекер үрмеуші еді. Ауылдың күзетшісі төбешікке шығып, жан-жағына мұқият көз салды. Түн ортасында ақсандаған біреудің көлеңкедей қалбаңдап ауылға қарай жақындап келе жатқанын көзі шалды.

Күзетші құс ұшырмайтын әккі мерген еді. Оның үстіне сүйікті баласын алып кеткелі лаңкестерді иттің етінен жек көретін. Күзетшінің «тоқта!» деп айғайлағанын боранды жел жұлып әкетіп, ауылға асығып келе жатқан Әлидің құлағына естіртпеді. «Тоқта! Атамын!» деп айғай салды күзетші. Әли естімеді.

Мылтықтың тарс еткен дауысы тау жақта жаңғырды. Ауыл тұрғындары үйлерінен атып-атып шықты. «Не болды?» деп, жұрт тау жаққа аңырды.

Әли теңселіп барып, жерге құлады. Күзетші «тағы бір лаңкесті өлтірдім» деп, атып құлатқан адамына қарай жүгірді. Жақындай бергенде, жас жігіт мұзға соғылған балықтай алпарысты. Аппақ қарды демде сорғалаған қызыл қан басты. Басын күпәйкенің ішіне тығып, Әли зорға демалып жатты.

Күзетші күпәйкенің түр-түсін тінти қарап, тексеріп шықты. Әдеттегі лаңкестің киіміне ұқсайтындығына көз жеткізді. Кінәсіз біреуді өлтірмегеніне іштей риза болып, терең дем тартты.

«Анашым… анашым-ау!» деп, ыңырси сөйледі Әли. Күзетші қалтасынан қол шамын алып, жатқан жігітті өзіне қаратты. Әлидің жастайынан қайғы-қасірет тұнған қара көздеріне мұқият қарады. Жүрек жарған дауыс кенеттен аспанды тесіп, Сүпхан тауының етегінде жаңғырды.

«Әли-и-и-иім менің!!! Балапаным-ау!!!»

Әкесінің зары қанды қардың қанатымен Ағры тауының (Арарат) ақ шыңдарынан асып, тас қараңғылықта жоғалып кетті.

«Анаңа не деп айтамын, балапаным?! Тұра қойшы, құлыным менің…»

Мұздап кезерген еріндерін соңғы мәрте жыбырлатты Әли:

«Әке… әкешім! Анашым… а-на-шым қа-лай?..»

Түрік тілінен тәржімалаған: Мәлік ОТАРБАЕВ

Түрік жазушысы, журналист Харун Токак - 1955 жылы Ушак ауданы Кырка ауылында дүниеге келген. “Йени шафак” (Yeni Şafak) газеті жазушысы, Жазушылар және журналистер қауымдастығының бұрынғы төрағасы.

1979 жылы Измир Докуз Эйлүл университетінің Измир Жоғары Ислам институтын бітіргеннен кейін Анадолының түрлі қалаларында мұғалім болған. Бұл жылдарда түрлі аудан газеттерінде белгілі бір салада мақалалар жазды. Кейбір жергілікті телевизияда бағдарламалар жасады және кейбір жергілікті газеттер мен телевизияның құрылуына мұрындық болды. Білім және көптеген салаларда қызмет ететін үкіметтік емес ұйымдардың құрылуына да себепкер болды.

Харун Токак, Түркия Республикасы Ұлттық Білім министрлігі Білім беру басқармасында және Түркия Республикасының Үкіметінде кеңесші болып қызмет атқарған.

1997-2008 жылдар аралығында Жазушылар және журналистер қауымдастығының Төрағасы болды. Еуразия және түрік зиялыларының ғылым, білім саласын нығайту мақсатында айналысқан “Абант” және “Диалог Еуразия платформасының” сынды интеллектуалды ұйымдардың дүниеге келуіне мұрындық болды.

“Йени шафак Пазар” газетінде апталық әңгімелер жазған Харун Токактың, “Алда шапқан аттылар” (Önden Giden Atlılar), “Жолдағылар” (Yoldakiler), “Саңлақ сардарлар” (Işık Süvarileri), “Кімге аманат” (Kime Emanet), “Қыналы арғымақтар” (Kınalı kuheylanlar) сынды шығармалардың авторы.

Шығармалары орыс, қазақ, украин және әзірбайжан тілдеріне аударылған.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар