Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Хемингуэй, Гитлер, Құдай және мен...

18.06.2019 4341

Хемингуэй, Гитлер, Құдай және мен

Хемингуэй, Гитлер, Құдай және мен - adebiportal.kz

Норман Мейлер – (1923.1.31 – 2007.11.10) америкалық әйгілі жазушы, нон-фикшн әдебиетінің өкілі. XX ғасырдың 60-70 жылдары Мейлер көркем әдебиет стилінде нақты ғұмырбаяндық оқиғаларға құрылған, саяси түсініктемелер қамтылатын публицистикалық шығармалар жазды. 2005 жылы Мейлердің «Өлілер мен жалаңаштар» атты әскери романына – Америка әдебиетіне зор үлес қосқаны үшін мемлекеттік сыйлық берілді. Сонымен қатар, екі рет Пулитцер сыйлығын алған. Ол – әлемге өзгеше көзқарасымен танымал. Норман Мейлер 2007 жылы Нью-Йорктегі Маунт Синай ауруханасында бүйрек қабынуынан қайтыс болды.

2007 жылы қаңтарда, 84 жастағы Мейлер «Орман құлпы» атты соңғы романына нүкте қояды. Онысын әдебиеттанушылар жоғары бағалайды. «Нью-Йорк қонағы» хабарында: «Мейлер стилист ретінде жұрттың қитығына тиетіні рас болса, онда оның шеберлігіне өмір бойы таңғалып өтеміз», - деген пікір айтылды. Жазушы басты кейіпкерлер өмірінде кездесетін тыйым салынған нәрселерді зерттеуге тырысқан. Ал «Тәуелсіз газет» басылымы бұл – қызықты әрі өміршең роман деп бағалады. Романда бала Гитлердің образы арқылы дүниедегі ең жауыз адамның психологиясы сипатталған. Оқиға Дитер есімді кейіпкердің көзқарасы арқылы баяндалады. Дитер Саданның тапсырмасымен Гитлерді өз бойында енді ғана ояна бастаған зұлым пиғылын дамыта түсуге баулиды. Десе де, ХІХ ғасырлық Австриядағы орта таптың дисфункциясын зерттеуде Фрейд есімі бірінші аталады. Гитлер қандас адамдардың некесінен туған, әкесі өте тұрпайы, анасы да нағыз албастының өзі. Кішкентай Гитлер нәжіспен ойнауды, билікке қарсы әрекеттерді, холокосты жақсы көретін. Мейлер бұл деформацияланған кейіпкерді өте нәзік суреттейді.

Эндрю О'Хаган – Британдық романист. 2007 жылы 8 тамызда «Париж шолуында» жарық көрген бұл сұхбатты «Таймс» газеті көшіріп басты. Сұхбатта Мейлер жазушылық, Америка жазушылары, жанның реинкарнациясы туралы айтады.

О'Хаган: Хемингуэйдің өзіне қол салғаны туралы қаралы хабарды естіген сәтіңіз есіңізде ме?

Мейлер: Ол кезде Дженни Кэмпбелл екеуміз Мексикада едік, үйленбеген кезіміз. Қаралы хабар дүниені дүр сілкіндірді, бірақ ол өлді дегенге күні бүгінге дейін сенбеймін. Хемингуэй: Барлық романистер, мұқият тыңдаңдар, жақсы шығарма жазып, романист атанған соң, сен ең қауіпті рухани өткелден өтесің, осы кезеңде сен сабырдан айырыласың дегенді айтпақшы болды.

Эрнест Хемингуэй

О'Хаган: Хемингуэйдің өлімі оның ерлігіне деген көзқарасыңызды өзгертіп жіберген жоқ па?

Мейлер: Хемингуэйдің өлімі оған деген көзқарасымды өзгертіп жіберді дей алмаймын. Мен бір гипотеза жасайын: Хемингуэй өлімге жақындаған сайын оның денсаулығы жақсара түсті. Сондықтан меніңше ол тымық түннің бірінде Мэримен жақсылап қоштасты да жатын бөлмесіндегі мылтықтың ұңғысын аузына салып тұрып, шүріппені жай ғана басып қалды. Содан ол – өз жағдайын бақылау мүмкіндігі тұрғысынан өлімге қаншалықты жақындауға боларын өз көзімен көрді. Десе де дәл сол түні ол оралмасқа бірақ кетті. Бұл мен үшін өз миының парша-парша болғанын көргісі келген ақымақтың әрекетіне қарағанда адам сенерлік жағдай. Бірақ, менікі жай ғана болжам.

О'Хаган: Сіздің «Орман құлпы» романыңыз мотивацияның шекпенін кигені маған қатты әсер етті. Негізгі білгіміз келгені – Гитлер неге жауыздық типіне айналды?

Мейлер: Мен бұл шығарма туралы ойлай бастағанда-ақ, оқиғаны аша түсу үшін ібілістің қажет екенін сезіндім. Ібілісті айтпағанда, бүгінгі зиялы қауым өкілдерінің Құдайға да күмәнмен қарайтыны көптеген шығармаларда жазылып та, айтылып та келеді. Менің ойымша, Иса Мәсіхтың Құдаймен рухтасқаны сияқты, Гитлер де ібілістің жетегінде кетті, осыдан артық дәлел қажет те емес шығар деп ойлаймын. Егер адамдар Иса Мәсіх – Құдайдың көзі дегенге сенетіні рас болса, онда Гитлер ібілістің заңды ұрпағы екеніне сенбейтіндерді түсіне алмаймын.

Гитлер шешендік өнерін шыңдауда

О'Хаган: Құдайға сенесіз бе?

Мейлер: Әрине. Десе де, Құдайды – Иегова сияқты заң шығарушы деп қабылдайтындардан емеспін. Субъективті пікірім мынау, ол – дін қызметкерлерінің билікке баруының бейресіми формасы ғана. Ал Құдай дегеніміз – нағыз жаратушы. Сайып келгенде: Құдай да басқа жаратушылар қатарында бізді жаратты, десе де ол біздің барлық іс-қимыл, наным-сенімдерімізді бақылап отырған жоқ. Өте ушыққан жағдай астында адамдар Құдай болу үшін бәріне төтеп бере алады...

О'Хаган: Шығармаңызда ібіліс Гитлердің жүрегінде екенін тұспалдай келіп, ол тек ғана жүрегінің әміріне бағынушы екенін айтасыз, дәл осы тұста мистикалық процесіңіз қаншалықты орындалды, соны білгіміз келеді...

Мейлер: Гитлер де адам, ол туралы ешқандай түсініктеменің қажеті жоқ... Мысалы біз Сталиннің өмірбаяны арқылы большевиктік қозғалыстың әсерін, Ресейдегі жағдайды және орыс революциясын көре аламыз. Біз Сталиннің бейнесін адами құндылықтарға сәйкестіре отырып біртіндеп қалыптастырдық, ал Гитлер бұған мүлде ұқсамайды. Сталин өте қайсар болса, Гитлер өте нәзік. Германияның ұлттық сипатының тереңдеп кетуі Гитлер дейтін ібілістің таңдауының нәтижесі дейтін пікірді мойындайтынымыз болмаса, оны тілге тиек ету мүмкін емес еді.

О'Хаган: Романист шындықты қаншалық бояйтыны туралы айта кетіңізші. Тарихи шындық өнер туындысына айналғанда не өзгереді?

Мейлер: Тек қана фактілерге негізделген кез келген оқиға өзгеріске ұшырайды немесе жаңсақ пікір қалыптастырады дегім келеді. Шын мәнінде адам санасы да мүмкін нәрселерді екшеп алады. Болымыстың өзі іс-жүзіндік шындыққа жанаспауы мүмкін, ол – тек ғана адамдардың шектеулі санасы қабылдай алатын шеңбердегі шындық ғана, мысалы белгілі бір оқиға қалай туып еді деген сияқты. Фантастика – тарих емес, аңыз емес, мүлде болмаған да емес. Кейбір оқиғалар шындыққа жанасқан күннің өзінде де ол бәрібір фантастика. Роман жазып отырып сен өзіңді жоғалтып алуың мүмкін. Сен бас кейіпкеріңді өзің қызыққан мәлім бір істі істеуге мәжбүрлейсің, оның артына тіпті шырақ алып түсіп, сол әрекеттің салдарымен күресесің. Мүмкін екі айдан кейін, алты айдан кейін, тіпті екі жылдан кейін сол кейіпкеріңнің теріс жолға түскенін аңғаруың ғажап емес. Бұл - роман оқиғаларында үнемі қайталанатын құбылыс, өте қорқынышты деуге де болады.

Норман Мейлер

О'Хаган: Флобердің айтуынша Эмма дейтін кейіпкері автордың өзіне бір табан жақын. Ал сіздің кейіпкерлеріңізде өзіңізге қаншалықты жақындық бар?

Мейлер: Шығармадағы Уоррен Биттиге қатысты әңгімені жазар кезде «Багси» фильмін көрдім, ол кезде шоу бола қоймаған кезі. Фильмде зорлық-зомбылық әрекеттер көп. Қазіргі Уоррен Биттидің денсаулығы ақаусыз, спортшыдай қайратты, және соншалықты сұрқия деп ойламайсың. Мен сондай ғажайыптың да адамды тәнті етерлік қылмыс жасайтынына таң қалдым. Мен одан достарың мұны қабылдай ала ма деп сұрағанымда, ол қабылдайтынын, тіпті көбі актер болғандықтан достары мұны түсінетінін айтты. Рөлді сомдауда, сенің бойыңда сол кейіпкеріңнің 5%-ға жетер-жетпес ғана елесі болса жеткілікті екен. Ал кейіпкеріңді 75% меңгеріп алсаң тіпті жақсы. Гитлерге келсек, маған 5%-дың өзі жеткілікті.

О'Хаган: Сіз суреттеген ең мықты кейіпкерлердің бойында сіздің 75%-дық көлеңкеңіз болған жоқ па? Мен Пикассоны меңзеп отырмын.

Мейлер: 75% болуы мүмкін емес, болса да жартысынан аспайды. Олар бір-біріне ұқсай бермейтін кейіпкерлер, айталық, Ли Харви Освальд, Гэри Гилмор, Мэрилин Монро және Гитлер. Сен олардан қандай ұқсастық көрдің? Олар шын мәнінде дағдарысқа көп ұшыраған, түп-тамыры белгісіз адамдар.

Норман Мейлер мен Мұхамед Әли

О'Хаган: Мұхаммед Әли ше?

Мейлер: Меніңше ол жыл өткен сайын өз харектерін өзгертіп отыруы мүмкін.

О'Хаган: Неге?

Мейлер: Әли тек боксшы ғана емес, оның рейтингі де жоғары, жанкүйерлері де көп. Белгілі бір дәрежеде өзіне еркіндік бере алады. Сондықтан харекті өзгерген сайын, ол да тағы сол ешкімге ұқсамайтын күйінде қала береді. Ол тіпті жеке бас құжатын өзгерту конверсиясына тап болды.

О'Хаган: Онда Иса Мәсіх те солай ма?

Мейлер: Егер сен өзіңді Құдайдың ұрпағымын десең, онда талай мәрте бірегейлік дағдарысына ұшырайсың.

О'Хаган: Америкалық романистер белгілі дәрежеде дос-жарандарының пікірімен санасады, мысалы, Фицджеральд пен Хемингуэй, Шервуд Андерсон мен Дрейзер дегендей. Солай ғой ә?

Мейлер: Фицджеральд пен Хемингуэйдің достығы тұрақсыздау.

Уильям Стайрен

О'Хаган: Онда Уильям Стайрен екеуіңіздің достығыңызды қалай деуге болады?

Мейлер: Мен кейде Уильям Стайренге өте қаталмын. Ол өте талантты. Өзің де түсінерсің, біздің арамызда қиян-кескі бәсеке жүріп жатады. Романистерді ішкерелей түсінбейтін адамдардың өзі біздің қалай бәсекелесіп жатқанымызды көргілері келеді. Біз де спорт жұлдыздары сияқты өзара бәсекелеспіз. Біз бір-бірімізді көре алмайтынымызды неге айта алмаймыз, қабілетсіздіктен бе? Біз неге бір-бірімізде мақтамаймыз? Оны түсіндіру өте қиын. Біз бар болғаны бәсеке үстінде жүреміз. Сен спортшыларға, сендер не үшін бесекелесесіңдер дей алмайсың ғой, сол сияқты біз де бәсекелесу арқылы бір-бірімізді қатты құрметтейміз. Есімде, ол маған «Осы жерден мәңгілікке» дейтін кітабін сыйлаған еді, «Менің ең қорқынышты әрі ең сүйкімді қарсыласым – Мейлерге» деген қолтаңбамен. Міне, бұл достықтың мәні.

О'Хаган: Сіздің «Үй ішіндегі таланттыларға арналған жарасымды шолулар» дейтін әйгілі диссертацияңыз бар. Бұған өзіңіз аттарын атаған жазушылардың қайсысы таң қалды?

Мейлер: Джон Апдайк пен Росс. Себебі менің жазбамда ол екеуі қамтылмағанын жақсы білесің. Қателігім де сол болды. Мен романистердің қарсы пікірін ұнатам, тіпті мақтан тұтам десем де болады. Бұл әрекетім олардың қитығына тиер болса, олар соным үшін мені әлі өкінеді деп ойлайды.

О'Хаган: Сіздің өмірлік қас дұшпаныңыз кім?

Мейлер: Жалған намыс. Ол – сенің түбіңе жетеді. Байқұс Капоте Трумэнге қарашы. Оның миссиясы: адам өмір бойы танылмай кетсе, онда қоғамда қорқынышты оқиқалар көбейеді дейді. Жалған намыс пен атаққұмарлыққа жанаспау керек әрі өте сақтықпен оны айналып өтуге тиіспіз. Жалған атақ көп адамды күйретті. Сен егер кең тыныстағың келсе мархабат, тек өз әлеміңе үңіл де атаққұмарлықтан аулақ жүр.

Қытай тілінен аударған: Нұрбек КЕҢЕСБАЙҰЛЫ

Суреттер ғаламтордан алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар