Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Хиуада ақындар бас қосты...

18.10.2021 3175

Хиуада ақындар бас қосты 12+

Хиуада ақындар бас қосты - adebiportal.kz

Тәуелсіз түркі республикаларының ұлыстар аралық мәдени байланыстарын нығайтуға құрылған Халықаралық Түріксой ұйымы кезекті іс-шарасын Өзбекстанда өткізді. Түркі мемлекеттері негізінде құрылған Түріксойдың штаб пәтері Анкара қаласына орналасқан. Ұйымды Қазақстандық Дүйсен Қасейінов мырза басқарады. Олардың қарары бойынша 2020 жылы түркі дүнисесінің рухани астанасы Өзбекстанның Хиуа қаласы болып белгіленген болатын. Пандемияға байланысты өткен жылы өтуге тиіс барыс-келістер биылға сырғытылып, осыдан аз бұрын бес мемлекеттің мәдениет министрлері бас қосқан ауқымды жиналыс болып өткен еді. Соның артынан іле-шала жуықта 12-15 қазан аралығында ежелгі ескі қала Хиуада «Түркі дүниесі шайырларының ұшырасуы» жыр фестивалі өтті.

Аталған шараны өткізуге Түріксойдың арнайы өкілі, ақын Қожагелді Күлтегін және аудармашы, зерттеуші Кенан Чарбоға мырзалар келді. Түркия, Қазақстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғыз елі, Македония, Башқұртстан, Саха республикаларынан болып он бес ақын ат терлетіп алыстан жеткен екен. Біздің елден ҚЖО-ның мүшелері, ақын, аудармашылар Дәулетбек Байтұрсынұлы мен Саят Қамшыгер барып қатынасып қайтты.

Түріксойдың көп жылдан бері жалғастырып келе жатқан бір дәстүрі – әр жылы бір қаланы Түркі дүниесінің рухани астанасы деп белгілеп отырады. Ол жыл бойы жалғасып мәдениеттер алмасу бойынша өнер шеберлері, суретшілер, музыкалық саланың байқаулары, ақындардың кездесуі жолға қойылған болатын. Сол жолмен биыл да аталған мемлекеттерден арнайы шақырумен келген ақындар әуелі Ташкентке қадам басып, онан соң Үргеніш арқылы Хорезм уалаятындағы ежелгі тарихи қала Хиуаға келіп бас қосты. Үш күнге тығыз орналастырған жоспар бойынша мәдени орталықтарда, университетте, мұражайларда, мектепте, кітапхана мен музейде, тарихи ескерткіштердің алдында кездесу шараларын ұйымдастырды. Хорезм мемлекеті заманынан бері бар, одан кейінгі Қоқан, Хиуа мемлекеттерін басынан кешірген, қалпы бұзылмай бүгінге жеткен ежелгі музей-қала Хиуаны экскурсия жасады. Түрікменнің төл перзенті, күллі түркі жұртына аты мәшһүр Мақтұмқұлы Фраки атындағы орталықта, Өзбек ақыны Огахи мұражайында, Өзбекстан, Түрікменстан, Қарақалпақстан үш бірдей мемлекеттің халық әртісі Камилжан Атаниязов атындағы «Мақам орталығында», Үргеніштегі ең үлкен мемлекеттік университетте, Президент мектебінде, кітапханада мәдени шаралар жалғасын тапты. «Түркі дүниесі шайырларының ұшырасуы» аясында өткен шаралар әрі тығыз, әрі жинақы бай мазмұнды қамтыды. Алыстан келген ақындарды әуелі Хиуа қаласының әкімі күтіп алып қабылдады, ең соңында Хорезм облысының әкімі және Үргеніш қаласының әкімі қабылдап, ХІХ ғасырда Хиуаның хандары орда еткен сарайда сыяпат беріп, сый-сияпатын ұсынып шығарып салды. Соңғы күні ақын Қожагелді Күлтегіннің ұсынысымен ежелгі Жейхун – Әмудариясының жағасына барып, ақындар аттан түсіп қолын шайып, бетін жуды.

Бұл жолғы басқосудың бір ерекшелігі үлкен жиналыстар мен әртүрлі кездесулерде аудармашы жұмысы қажет болған жоқ. Әр қонақ өзінің ана тілінде, сөзін сөйлеп, өлеңін оқыды. Аздаған айырмашылықты есепке алмағанда, түбі бір түркілердің перзенттері бір-бірін толық түсінді.

Сан ғасырлар мен қилы саясаттарды басынан өткізген Өзбек елінде тарихи мұралар өте мол. Солардың қатарында Хиуа қаласының келбеті өзгеше, құпиясы мен сырлары тереңде жатыр. Келген ақындардың таңданысы Хиуаның үстінде болды. Осы кезге дейін байырғы кейпінде тұрғаны адамды қайран қалдырады. Жиырма бірінші ғасырдан бірден орта ғасырларға күмп ете түсіп ертегілер елінен бірақ шығасың. Ондағы көшелер, мешіт-медіреселер, зергерлік шеберханалар, қолөнер бөлмелері сол баяғы күйінде нақышты өрнегімен алдыңнан шығады. Бүгінгі өзбек халқы өткенді қайта тірілтіп, туризмді мықтап қолға алыпты. Олар тарихты табыс көзіне айналдырып, күнкөріске пайдаланып жатыр екен. Өзбекстанның жан саны күннен күнге өсіп, ұлттық өнер мен жергілікті кәсіпкерлік барынша дамып жатқаны аңғарылады. Өздерінің айтуы бойынша 36 милион халықтың 6 милионы шетелде жұмыс істейді. Олардан әр жылы милиардтаған қаржы отаннына түсіп инвестиция тоқтаусыз құйылып тұрады. Ташкент, Самарқанд, Бұқара, Ферғана секілді тарихи өлкелері әлемнің түкпір-түкпірінен туристерді тартуда. Әсіресе, мұнаралары асқақ, мешіттері зәулім, көшелері көрікті Хиуаның жөні бір бөлек.

Тәуелсіздік алған отыз жылдан бері мәдени, әдеби қарым-қатынаста жабық болып келген Өзбек елінің түркі дүниесі ақындары жөнінен тұңғыш рет өткізіліп отырған шайырлардың бұл жолғы бас қосуына біздің елдің атынан барған екі ақын көк туымыздың астында жырларын оқып, жылы жүздесулердің ұйытқысы болып қайтты. Мәдени қарым-қатынастар нағыз дипломатия деуге тұрарлық жол. Ол арқылы халық пен халық, мемлекет пен мемлекет барынша жақындай түсері анық. Ақындарымыздың алған әсері орасан, түйіп қайтқан ойлары да мол болды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар