Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПРОЗА
Хорхе Луис Борхестің әңгімелері...

13.01.2017 7085

Хорхе Луис Борхестің әңгімелері

Хорхе Луис Борхестің әңгімелері - adebiportal.kz

 

 

 

1ab0d5a2831df18decbb442938d76e5d.jpg

 

 

 

 

Түске кірген жолбарыстар

 

Бала күнімде мен жолбарысты пір тұттым. Әрі олар Парана батпақтары мен Амазонка аңғарының тарғыл мысықтары емес - пілге мінген қарулы адам ғана қауқар көрсете алатын Азияның падиша мәртебелі жолақты жолбарыстары болатын. Сағаттар бойы тапжылмастан зоологиялық бақтардың торларын аңдыдым. Керемет жолбарыстары үшін қалың энциклопедиялар мен табиғат тарихына қатысы бар кітаптарды парақтадым. (Әйел затының түрі мен күлкісін есімде сақтай алмасам да, сондағы көріністер жадымда жазылып қалыпты). Балалығым өткен. Жолбарыстарға деген құмарым басылған. Бірақ, сол бір кезеңдер менің түсімде әлі күнге өмір сүріп жатыр. Мына бір терең суға салуға арналған шұбатылған тор тәріздес түстеріме де сол бір керемет кезеңдер ілігеді. Оның жайы былай: көзім ілінсе болды — сан түрлі түс көрем. Әрі түс көріп жатқанымды да айқын сезінем. Сол — сол-ақ, екен "мынау — түс, яғни көңілімнің таза қалауы ғой" деп түйем. Егер түстерге жүргізер билігім шексіз болса - мысық шақырғандай етіп, жолбарыстарды қасыма жинап алғанның несі айып?!

О, балаңдық! Қулықты аңыңды көрсетуге түстердің де құдіреті жетпейді екен. Иә, түсіңде жолбарыс көретін кездерің де болады. Бірақ, олар қандай сипатта? Қуыршаққа қапталған тері түрінде ғана! Әйтпесе өлмелі, әлсіз қалпында! Немесе, келбеті бұрмаланған тұрпайы түрінде ғана! Әрі сол жерде-ақ, көзден ғайып болмақ. Түсіңде ит немесе құс көргенде ғана әсерде қаласың сонда...

 

Тұтқын

 

 

 

Бұл оқиға Хунинде яки Тапалькеде өткен деседі. Бір шабуылда нәресте жоғалған. Дақпырттарға қарағанда үндістер ұрлаған. Ата-анасы іздепті - бірақ ештеңе де шықпаған. Жылдар өте келе елдің ішкі аудандарынан келген солдат сол бала болуы әбден мүмкін көгілдір көзді үндіс туралы айтқан көрінеді. Ақыры, туысқандары онымен де кездеседі (қандай жағдайда жолыққандары туралы деректер жақ ашпайды, білмейтін нәрсем туралы жорамал айтуға менің де құлқым жоқ). Іздеушілер әлгі үндістің жоғалған бала екеніне өздерін сендіріп бағыпты. Жабайылар ортасында қайта түлеген еркек, ана тілін басы бүтін ұмытқанды. Алайда туысқандарының үйге қайтып әкелуіне бей-жай қулықпен көнеді. Үй алдында сәл кідіреді. Шамасы, басқалар да тоқтаған сияқты. Бір сәт айғайлап, секірген қалпында ұлан-ғайыр қос қабат қорадан өтіп, ас үйге еніп бой тасалайды. Сол жерде нық сеніммен ошақтың күйе басқан өзегіне қолын сұғып жіберіп, өзі бала күнінде тыққан мүйіз сапты пышақты суырып алады. Көзі қуаныштан от шашып тұрған. Жоғалтқан ұлдарын тапқан ата-ана да көз жастарына ерік берген.

Жігіттің есіне бала күнінің басқа оқиғаларының да қайта оралуы ықтимал Алайда үндіс төрт қабырғаға қамалып отыра алмай, ақыры орманына кетіп тынады. Менде жігіттің өткені мен бүгінгі әмірінің бетпе-бет кездескен бас айналдырарлық сол сәттегі түйсігін сезінер ме еді", деген арманды қулық бар. Мүмкін өлген ұл қайта тіріліп, әлгі бір жүрек жарарлық оқиға үстінде өліп кеткен шығар, бәлкім нәресте немесе ит сияқты ата-анасы мен үйін тани бастаған болар...

 

Делия Элена Сан-Марко

 

 

Біз Онсе алаңындағы қиылыста айырылыстық.

Көшенің келесі бетінен саған қарап тұрғам. Маған бұрылдың да қолыңды бұлғап, қоштасу ишарасын жасадың.

Арамызда адамдар мен машиналардың толассыз өзені ағып жатты. Әдепкі қызыл іңір — кешкі сағат бес тұғын. Әлгі адам ағыстың кешу бермес қайғылы Ахерон боларын білсем ғой сонда!

Екеуіміз қайтып кездескен жоқпыз. Арада жыл салып, көз жұмдың.

Енді келіп сол бір көріністі естелік терезесінен суырып алып, қайта-қайта үңілдім. Оның жалған екенін ұғынам. Жай ғана қоштасудың артында мәңгілік ажырасу жатыпты.

Бүгін кешкі астан соң үйде қалып, осының мәнін ұғуға талпыныс жасадым. Платонның, ұлы ұстаздың аузымен айтылған соңғы өсиеттерін оқып шықтым. Адам жанының денені жансыздандырар ажал шеңгелінен құтыла алатынын білдім.

Енді келіп адам өлтіргіш бүгінгі пайымдарым мен сондағы жасандылықтан ада қоштасудың қайсысының ақиқат екенін айыра алмай далмын.

Егер жанның өлмейтіні ақиқат болса — ажал алдындағы қоштасудан ерекшелік күтудің қисыны не?!

Қоштасу - мәңгілік ажырасуды жоққа шығару деген сөз. Яғни, бүгін ажырасқандай боламыз, бірақ ертең... сөзсіз кездесеміз. Адамдар өздерін кездейсоқ әрі қас қағымдық құбылыс санаса да мәңгі өлмейтіндерін біліп, қоштасу дегенді ойлап тапқан.

Осынау бір күмәні басымдау пікірталасымызды қай өзеннің жағасында жалғастырар екенбіз, Делия? Сонда біз бір-бірімізден "жазықтардың бірінде, әлдебір қалада Борхес пен Делия болғанымыз рас па осы?", деп те сұрармыз-ау...

 

adebiportal.kz


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар