Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Ықылас Әділетұлы. Қызыл рең

02.02.2019 402

Ықылас Әділетұлы. Қызыл рең

Қызыл рең,

үздіксіз соғылыстардың,

дүмпуге ұласқан нәзік кірпігі ғана.

Қызыл рең,

жіп-жіңішке сызықтардың,

топырақ бетінде шашылған тұқылы ғана.

Қызыл рең,

темекі түтініндегі,

сансыз жолақтардың биікке сермелген күркірі ғана.

Қызыл рең,

іңір сұлбасындағы,

ару ернінде күйреген,

ажалдың бүршігі ғана.

Қызыл рең,

тозақ гүлінің өңіндегі,

қиралаңдаған сыбырдың иісі ғана.

Қызыл рең,

жұмақ отында билеген,

тамшылардың тағатсыз тырсылы ғана.

Қызыл рең,

үрпідегі сүттің,

іңір өңешінде іріңге айналып аққан,

уақыт табанындағы әспеті ғана.

Қызыл рең,

бақбақ ұлпаларының,

салмағы сан-сапат, тоқтаусыз гүрсілі ғана.

Қызыл рең,

тас бетіндегі қанның ызыңы ғана.

Алап тынық сезім бе?

Алап тынық

сезім бе?

Қарап тұрып,

көзіңе,

тағат тұнып, өлдім бе?

Бас игем

шексіздікке, Өткерсем

мәңгілікке

Сенбес ем

желпініске

Ерер ем

Серпіліске.

Іштім мен,

қанықтығын

Көрдім мен

кашықтығын

Төзімнен

тарықты мың

Ішімнен

алып тыным

Сездім мен

алыптығын

Сездім мен

анықтығын

Кезімнен жаңылыппын

Есімнен

танып тындым...

Алап тынық,

сезім бе?

Қарап тұрып,

көзіңе,

тағат тұнып,

өлдім бе?

ОЛ

Ол,
бір қаншыққа табынып кетті,
тәңірді ұмытып.
Ақ көйлек оның құмарына айналды
ежелгі құштарлық суынып.
Кеш, көз байланды.

Ол,
бір дауыстың іргесін ұмытқан
еріннің сыйқыры бөлеп.
Жалаңаш, түннің тәніне құныққан.
Ғасырлық жығылмайтын өзек -
сұмдайрық өксігі булыққан,
жас - сынбайтын сұрақ.

Ол,
бір үннің кірпігіне мас болды,
сүттің қанына аунап.
Нәзік ыңқылдың тасасында жоғалып кетті,
саусағын от аққан үрпіге жалғап.
Шыңғырған байғыз күйі жетті.
Таң атты, тұр..

Алау атқан сезімі...

Алау атқан сезімі,
Шыдатпады төзімді,
Қызығыңа масайрап,
шалқып жүрек есірді.

Сезім көктен төгілді,
ынтық көңіл жегілді.
Сырбаз түнді аймалап,
сүйдім лағыл ерінді.

Шексіз шабыт өрілді,
Ақ параққа терілді.
Ақ Мамықта тотыдай,
Ақ аруым керілді.

Алаулады сезімі,
Ару арбап көзімді,
еліктім де өзіне,
мас жүрегім езілді.

Сүйем әсем әуенді,
Сырды қайтар әуелгі,
Шабытыма шомылған,
Жырды қайтар әуезді.

Алау атқан сезімі,
шыдатпады төзімді,
Қызығыңа масайрап,
Шалқып жүрек есірді...

Уытты леп

Уытты леп,

қанағатсыз тайталас.

Ыстық құшақ,

жібек түнгі аймалас.

Шылпара ғып,

шекке жеткен төзімді. Арпалысты,

екі тән мың өл-өшті.

Ессіздікке,

қосылады шексіздік. Шексіздікпен, есіреді ессіздік.

Тынық ауан,

шексіздікте ессіздік. Ессіз көңіл,

аңсағаны шексіздік.

Серпіліс ол -

өлмейтұғын мәңгілік.

Тоятсыз ол -

сезім еді мәңгірік.

От сүйіс,

ай желсіз – ақ көрпе.

Бұраң белім,

саған ердім селтеңге...

Түсінші,

мені, кезген бір елес.

Бұл – махаббат,

бұл – пенделік емес.

***

Сен мені білесің бе?

Өзіме күлесің бе?

Жалтайған ессіздермен,

Шыдаман күресуге.

Мұршам жоқ күрсінуге,

Адастым өзгеруге.

Болар ед сенде мені,

Аз болсын түсінуге.

Азғынып қуам кейде,

Ғашықпын бұраң белге,

Ол мені менсінбеді,

Ерінгем тілдесуге.

От кеудем сөнбеген бе?

Ергенмін селтеңге де.

Ойнаймын бас сергітіп,

Қызарып кеш келгенде.

Есіргем өр дегенге,

Өзіме жетпеген бе?

Жетпей жүр маған, саған бір кем дүние..


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


(0)
Пікір қалдыру:
Captcha

Көп оқылғандар