Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ықылас Ожайұлы: Екіжүзділік эпидемиясы...

06.06.2016 5587

Ықылас Ожайұлы: Екіжүзділік эпидемиясы

Ықылас Ожайұлы: Екіжүзділік эпидемиясы - adebiportal.kz

                        

 

ы0ылас.jpg

Қазақтың сойы бөлек, сойқан  перзентінің  бірі - Төлен Әбдік. Жанымдай жақсы көретін осы жазушымның өзі ұнатпайтын, алайда жұртшылыққа кеңінен  танымал  еткен туындысы «Оң қол»  екендігі  мәлім. Әңгіменің алтын арқауында Алманың психологиялық ахуалы сөз болады. Алма:  «Маған қастандық жасаған мынау, бұл менікі емес, мүлде бөтен қол, мені өлтіргісі келіп жүр» деп өзінің оң қолын көрсетеді. Бізде мұны ішкі тұлғаның екіге жарылуы деп айтады.  Психопатологияның бір түрі. Яғни, бір дененің ішінде екі түрлі «жан иесінің» кезектесіп, не қатар өмір сүруі».

 

Біз  бұл жолғы жазбамызды автордың аталған  ойларының  негізінде  өрбітсек  деген ниетіміз  бар.  Әрине, әңгіме  тұздығы үшін Төлен Әбдік шығармасынан  азғантай  үзінді  келтіріп отырғанымыздың себебі де  сол.

 

Ағайындық аралас-құраластығымыз бар аңғалдау бір  ағамыздың «Бізде не көп, кейіпкер көп, шіркін-ай, соның түбін түсіріп жазатын жазушы жоқ қой» дегені бар-тын.  Рас айтады.  Қазіргі қазақ қоғамының психологиясындағы  ауруларды жіпке  тізсек,  бұл бір  байтақ әңгімеге жүк. Соның ең  бір көкейкестісі «ішкі тұлғаның екіге жарылуы» деген болар едік. Қайран қаламын. Қысқа күнде қырық құбылған әр әріптесімнің әрекеті сәт  сайын  көз алдымда.  Көбісінің  кәсібі  жазу мен сызуға тиесілі  осы «достарымның»  жай  күндері  басқаша сөйлеп, қолына қаламсап тисе болғаны  басқаша жаза  жөнелетін құбылмалы құйыршық қылықтарын алғашында қабылдай  алмай  жүрдім.


Тағы да бір  мысал.  Бүгінгі жүйенің  кем-кетігін  ұдайы  сана сараптамасынан өткізіп,  азаматтық жанашырлықпен қарайтын  бір «ағамды» қатты  құрметтейтін  едім.  Бірде  «Хабар» арнасын қарап отырсам әлгі  көкем: «Бізді бақытты еткен мұндай  жүйеден айналып қана кетейін» деп  микрафон  алдында мекіреніп  отыр. Мұны  енді  ми мен жүректің  немесе  тіл мен қолдың  өзара қайшылығы дейміз бе, не десек екен?!  Мүмкін, мұсылманшылдықтағы мұнафықтық (екіжүзділік)  дегеніміз,  сірә,  осы  болар? Шариғат таразысына салсақ,  адамның ЖҮРЕГІ мен ТІЛІ,  СӨЗІ мен  ІСІ  бір  болмаса, ондай пенденің жан дүниесінде қабағат қайшылықтарға толы  дерт  бар деген сөз.  ЕНДЕШЕ, БІЗДІҢ  ӨЗ  СӨЗІМІЗГЕ ӨЗ  ІС- ӘРЕКЕТІМІЗДІҢ ҰДАЙЫ  ҚАРСЫ КЕЛУІНІҢ  ЖОҒАРЫДАҒЫ  АЛМАНЫҢ  АХУАЛЫНАН БІРМЫСҚАЛ ДА  КЕМДІГІ ЖОҚ  ҚОЙ.

 

Керісінше,  мұндай  індеттің   «Оң қолды» он орап кететіндей пәрменде екендігін дұрыс түсінгеніміз жөн  секілді. Әзірге  екіжүзділік  эпидемиясына қатысты сөзімізді осымен тәмам ете тұрайық.  

Ендігі  дестелемек  дерегіміз  «мұртты көсемнің»  лаңына  қатысты болмақ.  Рас,  біз  сырттай  қарасақ, Сталиннен толыққанды құтылған секілдіміз.  Жоқ,  жарқыным... Біз  бар болғаны  Сталиннің төрдегі портреттері мен алаңдағы  ескерткіштерінен  ғана құтылдық. Ал сананы меңдеген «мұртты көсемнің»  елесі мен  үрейі  әлі  тірі.  Түсінесіз бе,  әлі  тірі.  Ол жасаған «қызыл түсінік»  ұлттың  алпыс екі тамырын  қуалай күні  бүгінге дейін  ағып жатыр.  Шіркін, деймін!.. Кеңес  кереуетінен (метрополясынан) мертігіп  шыққан рухымыздағы сталинизмнен  қай  күні  құтылар  екенбіз?! Осы күн (құтылған сәтіміз) Алаштың ақсарбас  шалар  айтулы  мерекесіне  лайық. ҚАЗАҚТЫҢ ҚАҒАЗ ЖҮЗІНДЕГІ ЕМЕС, ШЫН МӘНІНДЕГІ РУХЫНЫҢ АЗАТТЫҚ АЛҒАНДЫҒЫ ДӘЛ ОСЫ КҮННЕН БАСТАЛМАҚ...

 

                                                                                                   

 

 

 

 

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар