Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ілияс Жансүгіров өмірінің жарқын тұстары...

14.05.2015 4825

Ілияс Жансүгіров өмірінің жарқын тұстары

Ілияс Жансүгіров өмірінің жарқын тұстары - adebiportal.kz

Ілияс Жансүгіров

Ілияс Жансүгіровтің жан-жақты талант иесі екенін халық әлдеқашан мойындаған. Қаламгердің сан-салалы асыл мұраларының құны жойылмайтыны анық.

Осы баға жетпес дүниелерді зерделеу — қазіргі ұрпақ еншісінде. Ілиястың шығармаларымен қатар оның ғұмырлық жолын қарастыру да кешеуілдетуге жатпайтын мәселе.



Қазақ әдебиетінде қаламгерлердің биографиялық болмыс-бітімдері жөніндегі фактілерді зерттеу кеш қолға алынса да, біршама қазақ даналарының ғұмырлық кейбір қалтарыс беттері айқындалды.


Ілияс замандастары ішінде «тонның ішкі бауындай» болып кеткен тағдырлас Сәкен Сейфуллиннің өмірі жөнінде кітап филология ғылымдарының докторы, профессор Т.Кәкішевтің авторлығымен «Тамаша адамдар өмірі» сериясы бойынша Мәскеуден 1984 жылы кітап болып шықты, Кейін қазақ тілінде жарық көрді.


Бейімбет Майлиннің «Тамаша адамдар өмірінен» сериясы бойынша 90-жылдардың басында өзіміздің жерлесіміз, филология ғылымының кандидаты, әдебиетші-ғалым - Тоқтар Бейісқұловтың авторлығымен жарық көрді. Ал, Ілиястың өміріне қатысты бұл сериямен кітап шықпақ түгілі ғұмырнамалық (автобиографиялық) фактілері нақты анықталып болмаған. Бұл, әрине, өкінішті жайт.


Ілиястың творчестволық лабораториясы кең, ауқымды. Оны зерттеп, кей шығармаларының шығу жайы, тарихы жөнінде бір  қажет мәлімет болатын болса, өмірлік фактілері мен архив деректеріне жүгіну аса маңызды жайт.


Қаламгердің ресми түрде жазылған өмір тарихы жөніндегі деректерді оқи отыра, бір-біріне сәйкес келмейтін жолдарды көргенімізде, еріксіз талай фактілерді анықтауға, түрліше деңгейде жазылған әдебиеттерді қарастырдық. Көптеген дүниелерді анықтау жолында мұражайда мұрағаттар негіз болса, одан бері де Ілиястың балалары марқұм Үміт Ілиясқызы, кіші қызы Ильфа, ұлдары - Болат, Саяттар үлкен жәрдем тигізді.


Сонымен қатар, Ілиястың көзін көріп, араласып бірге қызмет істеген адамдар Әбділда Тәжібаев, Мұқаметжан Қаратаев, Сәду Машақов, Бекболат Мұстафин, Серпербай ақсақал, Зейнеп апай (Мейірман Ермектасовтың жұбайы, Мейірман Ермектасов Ілияспен бірге «Мамания» мектебінде бірге оқыған) және Ілиястың поэзиясын жете зерттеген филология ғылымдарының докторы Тұрсынхан Әбдірахманованың, филология ғылымдарының докторы, профессор Темірбек Қожакеевтің көмектері зор болды. 


Біріншіден, Ілиястың туған жылы жөнінде. Өзі «Жылқы жылы туыппын» дейді. Бұл 1894 жыл. Ал, туған айы жөнінде «Жазға салым» делінген. Ол тұста қолда құжат болмағандықтан, өзінің туған күнін 14 май деп жаздырған. Ал, басқа әдебиеттерде 1 май деп жазылған. Бұл турасында ілиястанушы ғалым Мырзабек Дүйсенов мынадай маңызды жайтты айтады: «Революциядан бұрын өмір сүрген қазақ туған жылы мен айын біледі, бірақ күнін дәл біле бермейді. Сәкен, Бейімбет үшеуі бір күні Ілиясты ортаға алып туған күнін сұрағанда (Ф.Ғабитованың дерегінен):


- Жазға салым туыппын, бірақ ай-күнін білмеймін, - депті.

-  Ендеше     жазға    салым    күннің    біреуін таңда, еуропалықтарша тойлаймыз туған күніңді, - деп Сәкен мен Бейімбет ұсыныс жасайды.


Ілияс: - Туған күнді тойлап, уақыт өткізіп жүреміз бе? - деп көнбейді. Екі құрдасы болмаған соң, ақырында ойланып тұрып:
-   Мереке күні бәрі бір жұмыс істемейміз, мейрамдаймыз ғой.

Ендеше, менің туған күнім сол 1 май күні болсын, -дейді».


Сондықтан, әр кітаптардағы 14 май не басқа емес, нақты бірінші май деп жазылса керекті. Өйткені, мектеп және жоғары оқу орнында пайдаланатын көп еңбектерде 14 май деп жазылған.


Тағы бір атап өтер жайт - Ілиястың туған жері туралы көбіне «4 ауылда» туған деген дерек кездеседі. (Оны өзі солай жазған). Бірақ, одан да аулақ болып, оқырманды не оқушыларды адастырмау мақсатында нақты «Ақсу ауданы, Қызылтаң ауылының маңындағы Кіндік төбе қыстағында туды» деп айтылса құба-құп. «Кіндік төбенің» ұшар басына Ильфаның жолдасы, марқұм Санжар Жандосов белгі қойған. Кішігірім цемент бағанада үш қарияның бейнесі салынған мыс металлдан жасалған панно.Кейін жерлестері қыстақ маңайынан өтетін жолға ескерткіш қояды.Белгі Қызылтаң ауылынан үш шақырым жердің шығыс жағындағы орналасқан қой фермасының сол жақ қапталында.


Ілияс туғанда ерекше қуанып, оның кіндігін сол жерге атасы Берсүгір көмген-ді. Сол уақыттан бастап сол төбені, «Кіндік төбе» деп кеткен. Берсүгірдің аздап өлең шығаратыны болыпты. Жас кезінде Ілиясты еркелетіп былай деп әндетеді екен:

«Сенің атың білемін Ілиястай,  
Саған келіншек әперсем сірә, жастай.  
Үйлендіріп еншінді бөліп берсем,  
Кетер ме едің әкене қарайласпай?  
Әлде сері боларсың жорға мінген,  
Әлде өлеңші боларсың ән күйлеген,  
Бақыт, дәулет, абырой әлі алдында,  
Сонда мені есіңе ал әлдилеген, 
- деп, Берсүгір Ілиясты құшақтап бетінен сүйеді.

Ілиястың ата-бабаларын айту үшін шежірені тарату жөн болар деймін. Біріншіден, Ілияс Орта жүздің Найман елінен, оның ішінде  - Төлегетай, одан-Матай, одан - Сүттіболат, одан - Аталық, одан - Қайнар, одан - Тоқпан, одан - Жарылғап, одан - Жамбай, одан - Берсүгір тарайды. Үлкен әкесі Берсүгірден Жансүгір, Шөкен, Сүлеймен (аталарының бірқатарын өзіне «псевдоним» етіп алады. «Матай», «Аталық», «Сүттіболат», «Қайнар», тағы басқа (М. Дүйсеновтың дерегі).


Жансүгір - үлкен ұлы. Бұдан үш қыз, үш ұл туады. Үлкені қыздар. Олар - Рахима, Рахия, Қани. Ұлдары-Бимағзұм, Ілияс, Қызырбек.


Жансүгір бірнеше әйел алған, бірінші әйелі ерте дүние салған. Одан Бимағзұм туады. Екінші әйелі Көкіш (кейбір деректерде ол Шөкі деп теріс айтылып жүр), Көкіштен Рахия, Рахима, Ілияс туады. Көкіш Сарқан жақтағы, кейін «Қызылту», совхозы тұрған жердің қызы. Әжептәуір әнші болған адам. Ол кісі Ілиястың төрт жасында дүние салып, ол кейінгі өгей шешесі Бибінің қолында өседі. Бұдан Қызырбек туады. Ал, сол немерелерінің ішінде Ілиястың бала кезінен ұғымтал, зерек болып өсіп келе жатқанына қуанған атасы Берсүгір оны ерекше жақсы көріп, «Қоңырым» дейді екен.


Ілиястың әкесі туралы айтар болсақ, 1928 жылы Ілиястың өз қолымен жазған өмірбаянында «Жансүгір — әкем көзі тірі, жылы жылан, жетпіс  бірде» дейді. 1928 жылы 71 жастағы кісінің туған жылын анықтау қиын емес. Сонда Ілиястың әкесі 1857 жылы туған болса, биыл 2011 жылы 154 жасқа келіп отыр. Жансүгір халық арасындағы Жанақ, Шөже, Бақтыбай, Құлмамбет, Шернияз, Базар сынды жыраулармен қатар, Ақан, Біржан-Сара айтыстары мен шығармаларын мұқият жинап, оларды ел арасында кеңінен насихаттаған адам. Ал Сүйінбайдың жырларын Жансүгір сүйіп оқитын болған. Балаға суық, қатал Ілиясқа қара танытқан да өз әкесі болды. Қазақстанда аштық жылдарында Оңтүстік Қазақстан жақтағы канал қазу жұмыстарына қатысып (Мақтарал ауданында), сол жерде 1932 жылы дүние салады. Жерленген жерін Ілияс түгіл, бейбіт өмірде кейінгі балалары іздеп таба алмайды.


Енді Ілиястың өз автопортреті жөнінде. Әдетте, суретке қарап ол кісі осындай екен ғой деп қоямыз, әрине фотосурет болғаны жақсы ғой. Бірақ ол кісіні тіл, сөз арқылы суреттегенде көп қызғылықты жайтқа кезігеміз. Біріншіден, фото өлі бейне, ал сөз арқылы (словесный портрет) жасағанда оны басқа қырынан танимыз. Ақын Әбділда Тәжібаевпен 1991 жылы қыркүйек айында кездесіп, Ілияс жөнінде біршама деректер алдым.


«Ілияс балуан тұлғалы, үлкен бетіндегі үлкен мұрыны ерекше еді», - дейді. Мұхаметжан Қаратаев Ілияс жөнінде: «Сом денелі, мықты кісі еді, жоталы алқам-салқам пішініне қарап, батыр немесе балуан дейтіндей». Бет әлпеті - «ат ерінді, ер мұрынды келсін» дегендей, кавказ мұрынды, кең маңдай, бүркіт қабақ жігіт екен. Елпілдеп, желпілдеп жан-жағына жалтақтап,  әркімнен  әр нәрсе жайында сөйлеп  отыратын кісілер сияқты емес, мінезі тұйықтау тұнжырық, ұстамды адам тәрізді.


Аз сөйлейді, жарқылдап, шешенсіп, өлеңдетіп сөйлеу онда жоқ. Қоңыр үнмен марғау, бәсең сөйлейді, бірақ сабырмен айтқан пікірлерінде қорғасындай салмақтылық, қиыннан қиыстырған қарапайым қисындылық пен ой жүйелілігі сезіледі. Дегенмен, ойлы, дәлелді сөйлеу және соз арасында жіңішкелеп әзіл-қалжың, мысқыл қыстырып сөйлеуге өте шебер» - дейді.


Бейсембай Кенжебаев өз естелігінде: Ілияс ұзын бойлы, ірі, алып денелі, балуан мүсінді десе де болар еді. Дене мүсініне бет әлпеті сай еді: кең мандайлы, қою қара қасты, жар қабақ, шүңірек қара көзді, үлкен қыр мұрынды, жазық бетті, сүйір иекті, қара торы еді. Сондай-ақ, шоқша қара мұртымен ол кавказдықтарға біраз ұқсар еді.Жүргенде Ілияс бірдеңеге құлақ салып келе жатқан тәрізді, басын сол жағына қисайтып, жайбарақат, сәл салқам жүретін. Жүрісі дене мүсінімен бет әлпетіне жарасып тұратын.


Ілияс аз сөйлейтін. Бірақ қу тілді болатын. Сөйлегенде сөзді тауып, ақылды, дәлелді, жүйелі, жатық, өткір, көп ретте күлкілі етіп сөйлейтін. Күлдіргі, мысқыл, әжуа әңгімелерді әрі көп білетін, әрі келісті етіп айтатын. Ол қандай қызық, күлдіргі әңгіме айтып, жұрт күліп жатса да өзі күлмейтін. Тек үстіңгі ернінің бір бұрышын бір бүлқ еткізіп қойып, отыра беретін. Ілияс тегі ауыр мінезді, сабыр иесі адам еді. Жүріс-тұрысы байсалды болатын, салмақты, ұстамды сөйлейтін.


Ілиястың дене құрылысы мен бет әлпетіне сай келмейтін жері — үні, дауысы болатын.Қатты қызуланып сөйлегенде оның үні шіңкілдеңкіреп шығатын (Азамат ақын. Алматы, «Жазушы», 1994, 104 б.). Ілиястың өнері туралы сөз қозғағанда оның әншілігін айта кеткен жөн. Оны замандастары былай деп еске алады: «Ілияс әнші еді, ән салғанда оның дауысын да ерекше бір қасиет пайда болатын. Ол әрі сылдырлы, әрі созылымды, өте таза, сонымен құлаққа жағымды болып шығатын, жазғы қоңыр желдей есетін қоңыраудай, таудан аққан тас бұлақтың суындай сылдырлайтын.


Ілияс жолдас-жоралары бас қосып отырған жерде, қонақта ән салуды жақсы көретін. Жұрт сұраса іркілмей ән сала беретін. Қазақтың көптеген тамаша әндерін әдемі айтатын. Әсіресе, Әсеттің әнін, «Сұршақыз», «Қаракөз», «Құлагер», «Жайдарман», «Екі жирен» әндерін келісті шырқайтын. Жұрттың құлақ құрышын мейілінше қандыратын. «Халық арасында айтылып жүрген «Шилі-өзен қамыс-ай» әнінің сөзін Ілияс жазған. Қазірде «Шилі-өзен қамыс-ай» деп айтылып жүр, ол дұрыс емес. Қамыс әдетте өзен емес, өзекте өседі дегені бар еді ғой, Фатима Ғабитова Мырзабек Дүйсеновпен бір сұхбатында. Шынында да, Ілиястың туған ауылының айналасын көргенімізде шилі, қамысты жерлерді көп байқадық. Ақын әдетте көргенін жырламай ма?


Ілиястың өнерінің тағы бір қыры - оның айтыскерлігі. Ол жас кезінде талай адамдармен айтысып, алдына жан салмай кеткен ақын еді. Оған дәлел Айтолық, Тойымбала, Әлиша тағы басқа ақын қыздармен айтысып, олардан озық шығады. 
Ілияс Жансүгіровтің отбасы туралы әр-әр жерде тамғұмдап жазылып жүр. Айталық, қаяу түсірер жайсыз әңгіме естіліп қалатыны да жасырын емес. Сондықтан, оның анық-қанығын білу үшін кейбір түйткіл жайды айқындап алу үшін де және халық, кейінгі ұрпақ Ілиястың өз басы жөнінде құлағдар, хабардар болу үшін осы төменгі жайды айтуды мақсат тұтып отырмыз.

Біріншіден айтарымыз, Ілияс жас кезінде өзінің табиғат берген қабілет-қарымы арқасында ауылды жердің «оқуын» толық игеріп алған еді. Оны алға, білімге жетелеген, тағы бір жайт - оның Барлыбек Сыртановпен кездесуі.Оны Барлыбек Сыртановтың баласы Әбдул-қадыр (Кәке) Сыртанов былай деп есіне алады: «Ілияспен жақын танысып араласып кеткенім әлі есімде. 1913 жыл еді. Онда әкем тірі. Ілияс менен ересектеу болатын. Біздің үйге келгенде, жас әнші жігітке әкем араб әрпімен басылған қазақ кітаптарын беруші еді. Орыс, Еуропа ақындары туралы айтып отыратын» (Азамат ақын. Алматы, 1994,180 бет).


Жас жігіт арман-қиялға батып, әрі қарай оқуды аңсайды. Бірақ оның тағдыры — қатал әкенің қолында. Балаларды оқытуға молда жоқтықтан Ілиясты Жансүгірдің өзі оқытты. Жансүгірдің Ілиясты өзі оқытқандығы күткен үміті – кәміл хат таныту, өмір өрісінде еңбекке баулу, өлгенде «әкесіне арнап, молдаларға құран оқыту дәрежесіне іліндіру» болған. Бірақ Ілиястың бала жасынан ынтасы дүниетану болды. Зерделі бала өмірдің сырын білуді, айналасын тануды арман етті» («Азамат ақын». Алматы, 1994, 132-бет, Құсайын Шөкеновтың естелігі). Ол «Ғалия» мектебіне баруға құштар еді. Әкесі: «Осы оқуда аз болмас, шырағым Ілияс, сені көз алдымнан қайда жіберемін, қалай шыдаймын? Тағы оқимын дегенің болса, ана Абдыра Бекеттегі Сары молдадан оқы», - дейді. Ілияс, «Сары молданың жинап отырған оқулығы ылғи «Мұхтасар», «Бақырған», «Афтиек», «Құран», онымен қанша жерге барамын, Сары молдадан оқымаймын» — дейді әкесіне. «Оқымасаң онда ауылда бол» деген ойды бекем ұстанған әкесі Ілиясқа өзінен едәуір үлкен Жәмила деген қызды айттырып қосады. Үш-төрт жылдай отасқанда, бала болмаған соң әйелінің өз ризалығымен оны төркініне жібереді. Бұл - 1919 жыл. Кейін Тасыбай деген елдің Аманша Берентайқызы деген бір қызын алып береді. Бірақ Аманшаға Ілиястың онша ықыласы болмайды. Оның үстіне Аманша ауру еді. Сол тұста анкета толтырғанда (1925) «әйелім    бар»    дегені    Аманшаны    айтқан.


«Шаруашылығымда бір атым және бір сиырым бар дегені - өз билігі өзінде, жеке отбасы болғаны» деп түсіндік.


Енді ол өзінің арман еткен оқуына аттанады. Бұл -1925 жыл. Мәскеудегі КИЖ-ге түседі. Онда Ілияс 31 жаста. Аманша өзінің әпкесі Балдыбаланың қолында тұрады. Бұрынғы Садық-Сыдық поселкесінде (қазіргі Еркін селосы) қалады. Өйткені, ауру еді. 
Ілияс Мескеуде жүргенде Аманша 1927 жылы босана алмай баладан өледі. Ал, 1929 жылы өзі сүйіп қосылған адамы Бәтима Ахметқызы Төребаева еді. Ол 1911 жылғы, Қызылорданың Жаңақорған ауданының қызы. Мамандығы - казақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі. Бәтима Төребаевамен екі жыл отасады, одан екі перзент көреді.Бірі - Саят Жансүгіров 1930 жылы ақпанда туған және қызы Сайра. Бірақ Сайра ерте қайтыс болады. Бәтима Төребаевадан ресми түрде бөлініскеннен кейін 1931 жылы Фатима Ғабитоваға қосылады. Одан үш перзент сүйеді. Үміт, Ильфа және Болат. Үміт 1997 жылы дүниеден өтті. Ал, Ильфа Алматы қаласында тұрады. Болат 2007 жылы қайтыс болады.

Ілиястың Фатима Ғабитоваға деген ықыласы ерекше еді. Фатимамен отасқанда оның ең бақытты және шабытты шағы оянғандай болған. Осы тұста оның қаламынан түрлі жанрда, түрлі формада сан жүздеген шығармалары жарық көріп, халыққа, жұртқа кеңінен танылады. Ол қиын-қыстау шақта, Ілияс қамауға алынғанда асқан батылдық пен қажырлылық танытып, оның шығармалары мен еңбектерін аман сақтап қалады. Бүгінгі күні сол Фатима Ғабитованың Ілиясқа деген ынтасы арқылы талай ақиқатты және көп еңбектерді оқып отырмыз, сол Фатима Ғабитова нағыз бақытты жан. Ілиястың 1957 жылы ақталуын және еңбектерінің жарық көргенінің куәсі болып, 1968 жылдың 6 қаңтарында асқазан ауруымен науқастанып, көз жұмды. Ол кісінің сүйегі Алматыдағы Кеңсай зиратында. Зиратты өз қолымен баласы Болат Ғабитов тұрғызған. Бір ескерер жайт, XX ғасырдың 20-30 жылдары қазақ зиялыларының көбіне орыс, татар ұлтының қыздарына үйленетіндігі ойланар факт. Мәселен, Ахмет Байтұрсыновтың әйелі Бадрисафа, Әлихан Бөкейхановтың әйелі - Елена Яковлевна Севостьянова, Қаныш Сәтбаевтің әйелі Таисия Алексеевна, Мұхтар Әуезовтің әйелі - Валентина Николаевна, тағы басқа қазақ зиялылары ұлты өзге қыздарға үйленген. Сонда қалай болғаны, әлде заман ыңғайы солай болды ма? Бұл тұста оқыған білімді адаммен тізе қосып, көңілін аулар, тең дәрежелес сауатты, ішкі және сыртқы эстетикалық мәдениеті бай қазақ қыздары некен-саяқ еді. Бұған ғасырлар бойғы қазақ халқының қыз баланы оқытуға көңіл қоймай, көбіне «Қыз жат жұрттық» психологиясы мен «Қызға қырық үйден тию» ұлттық болмыстың кесірі болуы әбден мүмкін?


Музейдегі экспонаттардың ішінде ерекше көңіл қояр екі құжат бар: ол Ілиястың қайтыс болғандығы мен атылу мерзімі көрсетілген анықтама қағаз.


Біріншісі: 1957 жылы 12 көкекте Кеңес одағының жоғарғы соты әскери коллегиясы анықтама берген қағазында «Ілияс Жансүгіровтің 1938 жылы 26 ақпан күні атылғандығын» растайды.


Екіншісі: «1947 жылы 19 көкекте қайтыс болғандығы», оны Алматы қаласынаың №2 бөлімшесінің Халық соты 29 мамыр 1957 жылы беріп отыр, осындай тағы бір анықтама қағазды 1961 жылы 22 наурыз күні берген. Осындай жағдайды басынан өткізген Ілиястың бала-шағасы әрі-сәріге түседі. Қайсы шын, қайсы жалған, әкелерінің не тірі, не өлгенін біле алмай дал болады. Өйткені, Ілиястың жерленген жері анықталмаған. Заң орындарына барса деген қағаздары анау, НКВД қасына адам жуытпайды. Негізгі ақиқатын білетін НКВД, Ілиясты солар әкеткен еді. Сол тұста «Мира-83» үйде тұратын Ілиястың отбасына бір белгісіз адам келіп (қазан айы 1955 жыл), «Мен қамаудан жуырда босадым, Сібірде әкелеріңмен бірге болдым. Көп ұзамай аман-есен босап келеді. Мені сол кісі жіберіп еді»-деп дүрліктірді. Әлгі адамды жақсы қарсы алып, дәмді, жылы-жұмсақ тағамды алдына тосады. Қаражаттың жоғына қарамастан, ол адамға киім-кешек әпереді. Сөйтіп, әлгі адамның асты-үстіне түсіп, бәйек болып қалады. Бір күні Хоппижамал (Ф.Ғабитованың шешесінің сіңлісі) төрде тұрған Ілияс пен Біләлдің суретін көрсетіп, «қайсысымен қамауда болып едің» дегенде, әлгі бейбақ Біләлдің суретін көрсетеді. Содан ол адамға сенімсіздік туып, оны Фатимаға айтқанда, Фатима Хоппижамалға ұрысады. Сол күннен бастап белгісіз адам көрінбей кетеді. Екі-үш ай өткенде әлгі адамды көшеде көрген Фатима бас салып ұстап үстіндегі Болаттың пальтосын шешіп алып қалады.


Ал, Ілиястың жерленген жері Талғар ауданы, Жаңалық селосы екені 1992 жылы наурыз айында анықталған тұста, осы жайды Үміт Ілиясқызы әңгімелеп берді. Тіпті, осы оқиға жөнінде кезінде поэма да жазады. Поэманың жазылу жайы да қызғылықты. Ол экспромтпен жазылған. Бір жолын Үміт жазса, екінші жолын Мұрат Әуезов жазады.


Сөйтіп, бір оқушының жол дәптері толады. Шығармаларының атын «Татар жөнінде поэма» деп атап қояды. 


Ілияс Жансүгіровтің 1938 жылы ақпанның 26-күні қаза болғанын білсек те, оның анық-қанығына жетпей-ақ, ие солай екен ғой деп те қоятынбыз. Оны әркім де мойындар.


Десек те, сол тұста-ақ атағы жер жарған ақиық ақынның кенеттен адам түсіне кірмес алапат жалалар жабылып, қамауға алынуы, кейінірек атылып кеткендігі жөнінде, тиісті орындарға хат жазып, алған жауаптарымыз, бір-біріне мүлдем кереғар дәйектерге кезіккеніміз бізді бей-жай қалдырған жоқ. Көптен бері: "Ілиясты соғыстан кейін көрдік. Ол кісімен Сібірде жолыққанымызда көзі соқыр болып қалыпты, тіпті ауылына келіпті, соны сезген НКВД қызметкерлері байлап-матап қайтадан алып кетіпті" деген қауссеттер аяқ бастырмайтын.


Кезінде, Сәкен Сейфуллин төңірегінде де сондай алып қашпа сөздер болды емес пе? Ол жөнінде "Қазақ әдебиеті" газеті жазды.


Ал Ілияс туралы айтылып жүрген аңыздар төңірегінде ақынның облыстағы әдеби мұражайының зерттеулері мен ізденістерін оқырман қауымға ұсынуды жөн көрдік. Әрине, болашақта әлі де болса біз білмейтін, естімеген деректер табылып қалуы мүмкін, ондайға тек тілектеспіз. Енді әңгімемізді жоғарыда атап өткен тиісті орындардан алынған құжаттардан бастайық:


1957 жылы 12 көкекте Кеңес Одағының Жоғарғы Соты әскери коллегиясы берген анықтама қағазы Ілияс Жансүгіровтің 1938 жылы 26-ақпан айында қаза болғандығын растайды.


Ал екінші анықтама қағазында, Ілияс Жансүгіров 1949 жылы 19-көкекте қаза болды (Алматы қаласы, Сталин ауданы 2-бөлімшенің Халық соты, 29-мамыр, 1957 жыл, Мемлекеттік Нотариалды Кеңсенің Алматы қаласы Фрунзе аудандық нотариусы, 22-наурыз, 1961 жыл" деген құжаттарға мән берсеңіз, осында бір шикілік бар екені белгілі. Ақиқатқа жету үшін, кейбір деректерге көңіл боліп, балаларымен кездесіп, осы күмәнді құжаттар төңірегінде әңгімеге тартуды жөн көрдік. Алғашында Ілиястың қай уақытта, қандай жағдайда қамауға алынғандығы жөнінде сөз қозғасақ:


1937 жылы Ілияс отбасымен жазғы демалыстарын Алматы мен Фрунзе аралығында, Дегерес жайлауында еткізбекші болады. Өзі жайлауға көп кешігіп келеді. Себебі, Қазақ драма театры ақынның "Исатай-Махамбет" спектаклін дайындап жатқан еді. Көп ұзамай тамыздың 11-де жазушылар одағының парторгі Әбдіқадыров Қалмақан Ілиясты Алматыға шақыртады. Екі күннен кейін Алматыға жеткенде, олардың "Ғаббас Тоқжановтың орнынан алынғандығына байланысты" шақыртқанын біледі. Сол күні үйлеріне қонаққа келген Мұхтар Әуезовпен шай ішіп, кешке ол кісіні шығарып салып, үйлеріне кіргенде, арттарынан НКВД-ның адамдары да еніп, ордерларын көрсетіп, үйдің ішін тас-талқанын шығарып тінтіп, қолжазбаларды, кітаптарды алып, Ілиясты қамауға әкетеді.


Яғни, Ілияс тамыздың 13-нен бастап түрмеде, НКВД қызметкерлері үй-ішімен ақынды кездестіруге бір-ақ рет рұқсат етеді. Ол 1938 жылдың ақпан айы. Сол тұста нәрестелі болған Фатима апай қолындағы құндақтаулы кішкентай ұлы Болатпен бірге барады. Сонда Ілияс ұлын қолына алып (халықтың аузынан тастамай айтып жүрген ақынның естен кетпес сөзі) тебіреніп тұрып: "Қайтесің, біздің алғашқы кездесуіміз осындай орында болды. Бұл ұлымыз етікші болсын, етік тігуге үйрет бұл ұлды", - дегенінде тергеуші "өзіңіздей жазушы болар" деп күлді. Ілияс тергеушіге қарап: "Жазушы болып жазықсыз жаза тартқанынша, етікші болып еркін өмір сүрсін", - деген екен ақын. Көп ұзамай әскери адам Ілиясты НКВД түрмесіне айдай жөнеледі.


Фатима апай кейін түрмеге қайта-қайта барып сұрап қоймағаннан кейін ол кісіге тергеуші: "Ілиясты 10 жылға алыс Сібірге айдатып жібердік", - депті. Бұл 1938 жылдың көкек айының соңы болатын. Ілияс ол уақытта түрмеде жоқ. Осы Фатима апайдың жазбаларын оқығаннан кейін: "Расында Ілиясты Сібірде кергендер болуы мүмкін, 1949 жылы қайтыс болған шығар" деген ой болғаны анық.


Десек те, балаларынан осы әңгіме төңірегінде ой бөлісулерін сұраған едік. Ілиястың үлкен қызы Үміт апайды жұртшылық білер, ол кісі әкесінің әдеби мұраларын көзінің қарашығандай сақтап, оларды жарыққа шығаруға, зерттеуге көп көңіл бөлген адам. Өзінің зерттеу еңбектері, мақалалары жарыққа шыққан. Ұзақ жылдар бойы медицина саласында қызмет істеп, кандидаттық диссертация қорғаған ғалым. 1997 жылы дүниеден еткен. Ол кісінің айтқанынан білгеніміз мынау; "шешем Фатима Ғабитова ұзақ қиындықты басынан кешіріп, 1949 жылы үйелменімен Алматыға көшіп келеді. Ол кезде Ілиястың ақталмаған сәті. Соған қарамастан балаларының бәрі оқып, жақсы тәрбие алып, әр түрлі қызметте, кейбіреуі жоғары оқу орнында оқып жүрген сәттері. Сол тұста біздер Мир көшесіндегі № 83-ші үйде тұратынбыз. Үйдегі балаларға бас-көз болып отырған Фатима Ғабитова мен әпкесі Хуппижамал-тын. 1955 жылдың қазан айы болуы керек, бір күні үйге танымайтын адам келді: "Ілиясты көрдім, екеуміз лагерьде бірге отырдық, көп ұзамай келуі керек", дейді. Үйдегілер жандары қалмай, оның асты-үстіне түсіп қызмет етеді. Жүректерінде үміт оты жанып, "келіп қалар" деп ұзақ сарылумен уақыт өткізеді. Бірақ ол кісінің алдап жүргенін сезген Хуппи, Мемлекеттік Қауіпсіздік комитетіне Фатима Ғабитованы "арнайы тексерсін" деп жібереді. Ол жердегілердің айтқаны: ондай су жұқпас сумақайлардың көбейіп кеткенін ескертеді, ол адам жай алдап жүргенін айтады. Тура сол күні ол кісі із-түзсіз көрінбей кетеді, Оның аты-жөні де есімде қалмапты. 


Міне, осындай жағдайлардан кейін Фатима шешемнің де, біздің де, туған туысқандарының да Ілиястың 1938 жылы 26 ақпанда қайтыс болғандығына көзіміз жетіп, елдің ішінде айтылып жүрген қауесетке сенбейтін болдық. Алып-қашпа әңгімелердің бәрі де Ілиястың атын жамылып, өз пайдасын ойлаған біреулер деген тұжырымға келдік" деген еді.


Біз ақын өмірінің нақты қай уақытта үзілгендігіне көңіл бөліп, іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатқанымызда, Мәскеуден бұрып-соқты көзге түспеген аса құпия құжаттардың бірі Ілияс Жансүгіров және тағы да 36 адамды ату жөніндегі анықтама қағаз қолымызға түсті. Бұл хатты талай уақыттан бері күткен едік. Хатта үкімнің шыққан күні мен тізімі бізге айтылған ойларға дәлел ретінде Ілиястың 1938 жылы 26-ақпанда атылғаны анықталды.


Ал жерленген жері Алматының шығыс жағында орналасқан Талғар ауданының "Жаңалық" ауылы. 2500 адам жерленген жер біршама үлкен екен. 


Міне, кеш болса да, ақын сүйегінің қайда жатқандығы анықталды. Өз тұсында мына өлең жолдарын Фатима Ғабитова жазған еді. Кім біледі, көпті көрген Фатима апай, Ілиястың осы ауыр тағдырын алдын ала сезген де шығар? Бір ескерер жайт, Фатима Ғабитова Ілиястың осы жоғарыда аталған жерде жерленгенін білмей, арманда болып кетіп еді.


Ылайланып, шыр айналып,  
Ақсу суы ағады.  
Біздің жүрек, біздің сүйек,  
Әлдеқайда қалады.  
Ылайланып, шыр айналып,  
Ақсу суы тынбасын.  
Біздер кешкен қиын жылдар,  
Ескерусіз қалмасын.


Талдықорған облысында Ақсу ауданы Сағабүйен селосында Нұртаза Дүйсеков деген адам тұрған. Ол кісі Ілияспен таныс болыпты. 1930 жылдары елдегі аштық дүниенің осындай астаң-кестеңі шығып жатқанда: "Қытай еліне барып бас сауғалайық" дегеніне Ілекең келіспей, осы жақта қалып қойған екен. Сол ақсақалымыз бүгінгі күнге дейін "Қайран асыл ер, осындай боларын сезіп ем, боздап кеттің-ау!" деп күйінеді екен. "Елім, жұртым" деп қалып қойған ақынның тағдыры Қытайға кеткенде мұндай болмас па еді деп те қоясың.



Иманғазинов Мұратбек Мүбәракханұлы 

ф.ғ.д., профессор


 

Әдебиеттер:

1. Байтұрсынов А.Әдебиет танытқыш. Шығармалары. А.,1989 
2. Дүйсенов М. Ілияс Жансүгіров. Монография. А.,1965. 
3. Әбдірахманова Т. Ақын арманы. А., Жазушы. 1965. 
4. Ақберен. Жинақ.- А.,1972. 



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар