Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
Абай-175
Имдат Авшар. Абай – мәдениет пен өркениеттің тасым...

28.10.2020 4979

Имдат Авшар. Абай – мәдениет пен өркениеттің тасымалдаушысы 12+

Имдат Авшар. Абай – мәдениет пен өркениеттің тасымалдаушысы - adebiportal.kz

Белгілі ақын, жазушы, аудармашы, Әзірбайжан Жазушылар одағының, Еуразия Жазушылар Одағының және Дүниежүзілік жас түрік Жазушылар Одағының мүшесі Имдат Авшар (İmdat Avşar) 1967 жыл 5 маусымда Түркияның Кыршехир қаласында дүниеге келген. 1989 жылы Гази Кыршехир университетінің колледжін бітіріп, сабақ бере бастаған. Осыдан кейін де Түркияның белді университтетерінде білім алуын жалғастырады. Имдат Авшар 2007 жылдан бастап шығармашылықпен дендеп айналыса бастаған. Оның өлеңдері мен әңгімелері Түркиядағы «Түрік әдебиеті», «Аағайынды карандаштар», «Херфен», «Кероглу», «Санжактар», «Гөкбайрак», «Наш Кульде», «Берчесте», «Шехрияр», «Кун әдебиеті», «Кумбеталты», «Агора», «Цинги», «Алату» сияқты журналдарында жарық көреді. Ол түрік текті бауырлас халықтар әдебиетін, поляк, орыс әдебиетінің біршамасын аударып, олар Түркияның маңызды әдеби журналдарында жарияланып келеді. Ол «Түннің үнсіз әуезі» (аудармалар жинағы) кітабы үшін Халықаралық Расул Реза әдеби сыйлығын (Әзербайжан, 2010), «Шехназ Баян колледжі» әңгімесі Аббас Саярдың Мәдениет министрлігі конкурсында бірінші жүлдесін (Йозгат, 2010), Түрік мәдениетіндегі қызметі үшін «Жаңа көкжиектер» қауымдастығының сыйлығын (Кайсери, 2010), Юнус Эмрені еске алу үшін Эскишехирдің Мәдениет министрлігі ұйымдастырған махаббат тақырыбындағы «Суық арман» байқауында бірінші жүлдесін ( Стамбул, 2011) жеңіп алады. Ақынның шығармашылық жолындағы жетістіктерін тізе берсек жетерлік, осы жерден қысқа қайырдық. Имдат Авшар осы уақытқа дейін «Түрік Түрік» (2009-2013, 7-ші басылым), «Суық түс» (2012-2015, 5-ші басылым), «Әзірбайжан Евлия Челебидің ізімен» (2012), «Ана сағаты» (Әзірбайжан түрік, Баку, 2012), «Совик ключ» (өзбек-түрік, Ташкент, 2015) сияқты бірқанша кітаптары жарық көрген. Сонымен қатар әрелде көптеген аударма еңбектері жарық көрген түркі топырағына кеңінен танымал қаламгер. Биыл Абайдың 175 жылдық мерей-тойы аясында Халықаралық түркі академиясы тарапынан Абайдың таңдаулы жинағы түрік тілінде жарық көрген болатын. Осы аударма жұмысына түрік бауырларымыздан біршама қаламгерлер ат салысқан екен. Айталық, Экрем Аян, Зафер Кибар сынды шайырлар Абайдың сатиралық өлеңдерін аударса, белгілі ғалым Абдуахап Кара осы аудармаларға редакторлық етіп, Абай өлеңдерін түрікше сөйлетуга ақын Имдат Авшар бел шешіп кіріскен. Біз ақынмен Абай әлемі хақында аз ғана тілдесіп үлгірген едік, енді соны назарларыңызға ұсынғанды жөн санадық.

– Абай шығармашылығымен алғаш қашан таныс болдыңыз, қандай әсер алдыңыз?

– 1917 жылғы большевиктер төңкерісінен кейін Анадолы түріктері мен Орта Азиядағы бауырларымыздың арасындағы байланыс үзіліп қалды. Осы себепті біз 90-жылдарға дейін Орталық Азиядағы бауырларымыз туралы, олар өсірген ұлы тұлғалар туралы білмедік. Бұған тарихтың импотенциясы себеп болды. Бірақ 1990 жылдардан бастап КСРО ыдырай бастады және Қазақстан өз тәуелсіздігін алды. Сол жылдардан бастап біз қазақ бауырларымыздың мәдениетімен, әдебиетімен таныса бастадық. Біздің Қазақстанмен болған саяси және мәдени байланысымыз осы жылдары дами бастады. Сол кезде біз хакім Абайды, ақын Мағжан Жұмабаевты, жазушы Мұхтар Әуезовты біле бастадық. Мен Абайды алғаш 1990 жылдары университет қабырғасындағы студенттік шағымнан біле бастадым. Ол кезде қазақ тіліндегі шығармалар түрік тіліне сирек аударылатын. Мен Абайдың өлеңдерін және «Қара сөздерін» өз күшіммен оқуға тырыстым. Мен Абай шығармаларын алғаш ежіктеп оқып, аздап түсіне бастағанда, оны Ұлы Түркістан топырағында туып-өскен және бүкіл түркі жұртының пірі болған Қожа Ахмет Яссауи дәстүрінің өкілі деп ойладым. Сонымен бірге Абай барша адамзатты ізгілікке, теңдікке шақырушы деп қабылдадым. Шын мәнінде Абай исі адам баласын адалдыққа, ақиқатқа, сұлулыққа, махаббатқа, ғылым мен білім үйренуге шақырушы. Және осы ілімнің түркі жұртындағы негізгі бастау көздерінің бірі.

– Абай өлеңдерін аудару барысында қандай қиындықтарға кезіктіңіз?

Абай өлеңдерін түрік тіліне аудару жұмысына бірнеше қаламгер қатысты. Экрем Аян мен Зафер Кибар сатиралық өлеңдерді аударды. Абдувахап Кара осы аудармалардағы қателіктерді жөндеді. Абай – қазіргі қазақ әдебиетінің негізін салушы. Ол өз шығармаларында парсы және араб сөздерін қазақ тіліндегі нұсқаларында жиі қолданған. Сондықтан оның тілі өте қиын болды. Оның поэтикасын ашып, оның поэзия туралы түсінігін сезіну маған өте қиын болды. Өйткені, Абай поэзиясында байырғы классикалық өлеңдер мен қазіргі поэзияның ерекшеліктері қат-қабат ұштасып жатады. Бастапқыда өлеңдерді аударуға қиналсам да, аудару жұмысы үстінде, жан-жақты ізденістердің нәтижесінде Абайдың поэтикалық танымы мен поэзиясындағы ішкі өрнектерідің нәзік ирімін түсіне бастадым. Осыдан кейін менің жұмысым оңайырақ болды. Барлық қиындықтарға қарамастан, біз Абай өлеңдерінің ең керемет аудармасын жасадық деп ойлаймын.

Ақын Имдат Авшар "Берчесте" әдеби журналында

Абай шығармаларында, әсіресе қара сөздерінде, өзінің туған халқын қатты сынайтын тұстары жиі кездеседі. Сіз бұны қалай қабылдадыңыз?

Әр ұлттың зиялылары мен өз қауымының арасында белгілі бір дәреже де қақтығыстар болады. Бұл кез келген халық үшін қалыпты жағдай. Зиялы қауым өкілдері өзі өмір сүрген уақыт пен заман ағысын өте жақсы сезіне алады. Сол арқылы ұлт болашағын да айрықша түйсіне қабылетке ие. Олар әдетте, өз халқының қай кезеңде де өркениетті, еркін және тәуелсіз адам ретінде өмір сүргенін қалайды. Абай туралы да осы мәселені айтуға болады. Абайды жай ғана ақын, иә, жазушы деп айта салу дұрыс болмас еді. Ол – өзі өмір сүрген заман келбетін, уақыт ырғағын өте жақсы саралап, болашақта қазақ халқын не күтіп тұрғанын және қазақ халқына не болуы мүмкін екенін болжай алған ойшыл. Осы себептен Абай қазақ халқын көбірек оқуға, ғылым үйренуге, өндіріс пен өркениетке араласуға шақырады. Әрине, қарапайым адамдар ойшылдардың бұндай болжамдарын үнемі қабылдай бермейді. Аз уақыттың ішінде бүкіл халықты өркениетпен қамту тағы мүмкін емес. Өз халқының Абай қаламынан ауыр сынға ұшырауының басты түйткілі осы. Оның үстіне Абай сынды Хакімдікке көтерілген тұлғаның бұл сындарын тікелей қазаққа ғана айтылған сын деп түсінуге болмайды. Бұндай ойшылдардың сыны тек жақсылықтан туады. Өз халқын сүйген, бағалаған адам ғана өткір сын айта алады. Мұндай қасиет әлемдегі ойшылдардың баршасына тән. Айталық, бізде Мехмет Акиф Эрсой деген ақын бар. Ол сонымен бірге ұлттық әнұранымыздың авторы. Абай сияқты, М. Акиф Ерсойдың шығармаларынан, өз халқын аямай сынаған тұстарын көп кезіктіруге болады.

Тұтас түркі жұртының бірлігін сақтауда, Абай шығармашылығы қандай рөл атқарады деп ойлайсыз?

Абай – ғасырлар бойына тарихтың ауыр сындарынан өткен бүкіл түркі әлемінің, тіпті бүкіл адамзаттың ортақ мұрасы. Осы себепті Абай – тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл түріктердің ақыны әрі ойшылы. Қожа Ахмет Яссауи, Юсуф Хас Хасиб, Эдиб Ахмет Жүкнеки, Мевлана, Юнус Эмре, Хаджи Бекташ-Вели барлық түріктердің ортақ құндылығы сияқты, Абай да біздің барлық түріктер мен түркі әлемін біріктіретін ортақ құндылығымыз. Оның қазақ халқына деген үндеуі – бүкіл түркі халықтарына жасалған үндеуі. Екінші жағынан, Абай – мәдениет пен өркениеттің тасымалдаушысы. Абай өз шығармаларында түріктердің ортақ құндылықтарын, ортақ мұраларын сәтті көрсетіп қана қоймай, сонымен бірге рулық-тайпалық бақталастықты сынап, түрік халықтарын бірлікке шақырды. Оның өсиетіндегі бұл өміршең ойлар болашақта түрік халықтарының бірлігін сақтауда маңызды рөл атқарады.

Ақын ретінде қазақ поэзиясын қаншалықты бағалайсыз?

Менің ойымша, қазақ поэзиясы екі бағытпен дамып келе жатыр деп ойлаймын. Бұл түрік поэзиясында да кездесетін жайыт. Біріншісі – дәстүрлі қазақ поэзиясы, екіншісі – қазіргі заман қазақ поэзиясы. Шындығында, қазақ поэзиясына жан-жақты және нақты баға беру үшін, қазақтың бұрынғы ақындарын да, қазіргі заман ақындарын да толықтай түрік тіліне аудару керек. Егер осы аударма жұмыстары жүргізілсе, біз қазақ поэзиясын жақынырақ біле бастайтын едік. Бұл бауырлас қаламгерлерді жақындата түсетін игі іс болар еді. Сонымен қатар, біздің қазақ поэзиясына берген бағамыз әділірек, анығырақ болары сөзсіз. Бұндай аударма жұмыстары алдағы уақытта кеңінен өріс алады деп ойлаймын. Тұтас түрік халқы қазақ поэзиясымен қауышуға қашанда ынтық.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар