Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Исраил Сапарбай. Есениннің хаттары

29.05.2019 878

Исраил Сапарбай. Есениннің хаттары

Алпыс жасына жетер-жетпесте көз жұмған Нарша (Қашағанов) ақынның «Хат жазып тұр...» деген әнге жазылған өлеңі еске түсіп отыр. «Ән жақсысы әншіден» демекші, мөлдір де таза дауысты Асқар (Жүнісбеков) інім осы әнді нәшіне келтіре орындаған сайын көңілім әлем-жәлем күй кешеді. Ән мен мәтіннің айнымай, адаспай қауышқаны соншалық, дәл осы халді дәл қазір, осы сәтте өз басыңнан кешіріп отырғандай аңсар арманың әлдеқайда алып қашып, көңілің әлдекімді іздеп алабұртады. Әлде кім деген әншейін-ақ, әйтпегенде, көз аяңнан алыс тартып, өң мен түстің әлетінде әне-міне оралсам деп жүрген ғазиз ғашығың ол!..

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Исраил Сапарбай. Ұшпалы-қонбалы сезім, аумалы-төкпелі махаббат

Хат демекші, ертерек дүниеден өткен тағы бір ақынның – Камардин Бектұрсынұлының:

«...Жалын да шоқ, от та шоқ,

Жаным да шоқ, күрсінсем...

Хабар да жоқ, хат та жоқ,

Қай ауылда жүрсің, Сен?..»

деген өлеңі бар. Ысынған, жанған, өршіген, өртенген жүрек шоғын көгершін қанатына бергісіз тілдей хат қана өбектей жүріп, су бүркіп басатындай!.. Үшбу хатты үшкір тұмсығына ілдіріп аралықта қаншама Көгершін қанатын талдырды десеңші!.. Ояу жүрекке қаяу түскенде екінің бірі, егіздің сыңары бола алған да осы Хат екен-ау. Оны айтасыз, осыдан оншақты жыл бұрын Тәшкендегі қазақ елшілігінің қызметінде жүргенде, сондағы бір ғалым ағамыздың үйінен Мұхтар Әуезовтың 300-дей хатын кездестіргенім бар. Үш жүз жұмыртқаны бауырына басып алған аналық тауықтай ағамыз, қанша қиылсам да қолыма ұстатпай қойған. Саф алтынға бергісіз сол рухани қазына қайда қазір? Қазақы оқырманға жетті ме? Білмеймін...

Хат демекші... амал нешік, біз одан айдың күні аманында қол үзіп қалдық. Қол үздірген: өзімшіл өркениет, ұрда-жық урбанизация, зымыран уақыт, үргедек үрдіс, тағысын тағылар... Не керек, эпистолярлық жанр атаулы әлдеқашан-ақ көңіл мауқы, заман зауқы болудан қалды...

Есениннің анасына, қауым-қарындастарына, қаламдас, қадамдас достарына жазған хаттарын оқып отырып, шынымды айтсам, қарадай қара жамылмағаныммен, ностальгиялық хал-ахуалды басымнан кешіргенім рас. «Жазылған хаттар көңіл күйдің әрқалай ауаны болмаса, көркем шығарма емес қой...» дейді Есенин бір хатында. Сөйтеді де езіліп, елжіреп, ашынып, ақтарылып тұрып, хат жазатынын қайтерсің!?. Жоғалғанын қайдам, табылғанының өзі үш жүзге таяу екен! Ақын қалай десе олай десін, толық томдықтың ауқым-аясын молықтырып қана қоймай, мазмұнын да керегінше тұздықтап тұрған осы шынайы һәм ақжарма дүниелер. Едел-жедел, аумалы-төкпелі, ащылы-тұщылы ақын тағдырын талғай оқып, тани жүрсін деген ниетпен біз осы үшбу хаттардың қайсыбірін тәржіма түрінде қазақ оқырманына тарту етуді жөн көрдік.

«...Үй ішінде маған бас-көз болатын көбіне Әжем, өңгелері әр жаққа жұмысқа кететін. Ол кісі мен білетін, талай естіп құлақсіңісті болған аңыз, ертегілерді айтудан әсте жалыққан емес. Ал атайым жұмыс үстінде де ыңылдап ән айтып жүретін. Әжептәуір дауысы бар, әсіресе, мұңды, созылыңқы әндерге әуестеу. Демалыс күндері кешкілікте мені қасына отырғызып алып: «Інжілден», өткен-кеткен тарихтан, қызықты оқиғаларды айтып отыратын. Ал даладағы жағдайыма келсек, үйдегіден мүлдем басқаша – бірге ойнайтын балалар жетіп-артады. Көбі ұрыншақ, қайтпайды. Жеміс-жидегі уылжып пісіп тұрған бақшаға түсу басты ермегіміз. Шетке шығып, орман ішін аралап дегендей, үш-төрт күн жоғалып кететін кездеріміз де бар. Мұндайда үлкендерден оқсатып таяқ жейміз. Онымен тиыла қоятын біз бе – көл жағалап балық аулаймыз, суға түсеміз, күнге күйеміз...

Атайым мені тәп-тәуір жақсы көретін. Кешкілік мезгілде екеуміз Окаға ат суғаруға баратынбыз. Желсіз түн... Тұп-тұнық судың бетінде сәулесі төгіліп, себіліп дір-дір қағып тұрған топ-толық Ай... Қылша мойынын иілте, тұмсығымен сұғына су сіміріп жатқан сүйріктей сұлу ат... Менің есі-дертім суда емес, Айда... Міне-міне, ат аузына Ай жақындап келеді... Сумен қоса жұтып салады-ау енді... Жоқ!.. аман қалды... Ат беріге шегініп, Ай әріге жылжып барады, ұзап, қалқып, балқып...Қуандым, шын қуандым...».

«...Ауыл балаларының ішінде ұрыншағы да, сүріншегі де мен болдым. Аттың құлағында ойнайтын да мен. Төбелеске де төтеп беремін. Бет-аузым не қанап, не көгеріп қайтатын кездер аз болмайтын. Бұл қылығым үшін көбірек ұрсатын, әрине, Әжем. Ал ағатайым араға түсіп: «Әй, кемпір, мұнымен шаруаң болмасын! Жерден жеті рет таяқ жеп өспеген бала бала емес, шала!..» деп отыратын, маған мейірін төгіп...»

Есениннің қолжазбасы

«Өлең құрастыруды ерте бастадым. Оған себеп болған Әжемнің балдай тәтті аңыз әңгімелері, одан қалса ертегілері. Еріксіз еліктіріп әкетеді. Қайсыбір ертегілерінің аяқталуы ұнай бермейді. Сонан соң оларды өзімше өңдеп, өзімше аяқтаймын. Ел аузындағы ойнақы өлеңдерге (частушка) есім кете елең қағып, құныға бастағаннан соң ғана шынайы өлеңдер өзінен-өзі туатын болды....»

«...Өмір. Мақсаты не, мәні қандай? Мен түгілі бұл жайында Христос та жаңалық аша алған жоқ. Ол тек қалай өмір сүруді ғана нұсқап кетті, ал қалғаны...ешкімге де белгісіз, құпия, жұмбақ, тылсым... Ауызыма тек Кольцовтың: «Әлем деген – Тәңірінің тылсымы,

Ал Тәңірі – Жаратылыс жұмбағы...» деген жолдары түсе береді. Бірі жұмбақ, бірі тылсым екен, түптің-түбі осы күйінде қалады да. Дегенмен...не үшін өмір сүрмек керек екенімізді де біліп, сезінуіміз лазым шығар-ау? Әрине, сен де мұны тап басып айта алмайсың. Бірақ, былай дегенің бар: «Бізге тиесілі өмірден кейін де басқа өмір бар...» Мен де осылай дер едім, бірақ оның мән-маңызын өз басыңнан кешпесең, сезінбесең, тіршіліктің несі қызық? Біздің ішіміз де, тысымыз да, тіпті, көрген түсіміз де, жаралы жанымызбен қоса жалбыз жапырағынан өрілген «қаралы гүлдестенің» түр-түсінде болар ма?.. Өзің кешіп отырған тіршіліктің сиқыр сырын өзің шеше алмауыңнан артық бейшаралық бар ма екен?..

Кім шешеді жаратылыс жұмбағын?

Жұлдыз барда сезінемін түн барын.

Гүл де үнсіз, мұңды мылқау сыңаймен,

Тылсым күшті қалай сезем бұлай мен?

Құдіреттен бар ма екен деп із, белгі

Көк пен жерге талай көзім сүзгем-ді...

Ойланатын, толғанатын кез бүгін:

Аузымдағы жаратты екен сөзді кім?..»

(Г.А.Панфиловқа жазған хаттан, 1913 жыл)

«Мойындағы шынжырды ал, аяқтағы тұсауды ал!

Құдай мені сақтасын құл-құтанға ұсаудан...

Еркіндігім барында – азат құс та, мен де бір,

Еркіндігім жоғында, көкке шалқып ұша алман!..

Амал нешік, Сен анда да мен мұнда... Саған ештеңе таң емес, өз ұжмағың өзіңде. Шалғайдасың, шеттесің. Мамыражай марғау күндерің алғаусыз, алаңсыз өтіп жатыр. Ал мұндағы өмір... бірде жалын, бірде мұз-адуын, аласапыран ағыс, әншейіндегі әмбебап тірліктің астан-кестеңін асты-үстіне шығарып жатыр!.. Шындық қайсы, сұмдық қайсы – ажыратып болмайды. Мұз құрсанған құбыжыққа ілесіп келіп жатқан да бар, кетіп жатқан да бар... Бір құдайым білсін, ертең не болып, не қоймағын...

...Жә, жарайды, өзің қалайсың? Барға мәзір, жоққа қанағат. Бірақ, айықпас мұң ба, жәй ұқпас жын ба, көкіректе бір зіл жатыр... Міне, жаймашуақ жаз да жүгін жайғап, тайлап әлдебір жаққа жиналып жатыр. Жылуы кем, жылауы жиі күз де жақындап қалды. Мұның бәрін типография терезесінен аңдап, бағып отырмын. Қайда көз салма – сұп-сұр үй, көнетоз көпір, көшелі нөпір, таста да, тастақта да 1905 жылдың қанды таңбасы бар...

Рас, мұнда да гүл бар, көгал да бар, бірақ өзің туып-өскен өлкенің өңі мен көркіне қайдан жетсін?! Адамдары да басқаша. Иә, досым, идеализм бұл жерде өз күнін тауысып біткен білем, біржола!.. Кімнің ауызын бақсаң да: «Ақша – құдай, Адам – құл». Қарсы келсең: «Шикі неме, көресің, көнесің, әлі-ақ көзің жетеді...» деп қағып тастайды. Мещандық тұрмысқа, дүниеқоңыздық қылмысқа әбден көндігіп алған. Байлық пен баршылық – олар үшін бал татыған бақыт. Бай – өз үйінің мейманы. Кедей – өз үйінің бейбағы. Ғайыптан тайып Христос өмірге қайта келе қалса, артынша өле қалар ма еді, кім білсін... Ұйықтап жатқан жүректің қайсыбірін оята алсын ол жазған... Қысқасы:

Өмір өңсіз, көңіл көнпіс, шыдамды,

Күніне мың қайталайсың бұл «әнді»...

...Айтты-айтпады, сенің Пыриков досыңа қызығам... Тәңір ие оны бек жақсы көрген болар, әйтпегенде, тым ерте алып кетпес еді ғой?..

Таңға жетпей, кәне, енді,

Таң қалдырып әлемді,

Ағып түссең жұлдыздай...»

(Г.А.Панфиловқа жазған хаттан, қараша, 1913 жыл)

«Өмір – өрескел әзіл. Одан өзге ештеңе емес. Жиренішті, одан қалса үйреншікті. Азғындық асқынған жерде қасиетке орын жоқ. Кімді көрсең де, жеңсік сезім жетегіндегі ләззатты аңсап тұрады. Мұндағы Махаббаттың, міне сиқы осы!!!»

(М. П. Бальзамова жазған хаттан, 1913 жыл)

«Бір ғана үлгі-үрдіс пен мектептің аясында қалған ақын – күрмелшек, күшеншек ақын. Еркін суреткер ғана елеулі дүние тудыра алады...»

«Мына дүние неткен тар, мұңлы, құсалы еді?.. Ілбіген, мүлгіген мимырт тіршіліктің көңілге қаяу түсіргеннен өзге түгі жоқ. Рас, жүріс-тұрыс, әрекет-берекет бар, бірақ... Мысал керек пе? Тихо-рецкийден Пятигорскіге келе жатқанбыз. Кенет есерсоқ немедей әлденеге елеңдескен, ентелескен жұртқа көзіміз түсті. Сөйтсек, біз мінген пойызға ілесе ерке құлын құлдыраңдай шауып, құйындай ұшып келеді екен. Басып озғысы бар-ау, шамасы. Ұзақ шапты. Шаршап, болдырды білем, ақыры қалып қойды...

Басқаны қайдам, бұл көрініс мені әртүрлі ойға қалдырды. Кешеден бүгінгі, бүгіннен ертеңгі жылдамдық...Тегеурінді темір тұлпар желік буған желең жүйрікке жеткізбеді...»

«...Осы жылдар ішінде мен тіл мен сөздің астар сырына көп үңілдім. Ең қауіптісі сол, Пушкин де мына менімен қосып бәріміз де өлеңді оқсатып жаза алмайды екенбіз. Өлең дегеніміз, ең қарапайым түрде, сыртқы болмыстың ішкі анықтамасы емес пе? Солай екен, лирикалық нұсқада, эпикалық ауқымда немесе қайсыбір ұтқырлық ұрымтал, ұғымтал сәттерде суреткер сөз бен сөздің арасындағы дыбыстық үндестікке қол жеткізуі тиіс, яғни сөздер бірде жақын, бірде қашық аяда кемел кеңістікке шығуы керек. Олай болмайды екен, еңбек еш. Қарапайым дейсіз бе, қарабайыр дейсіз бе, мына ұйқастарға қараңызшы:

Болды – толды

Кетті – келді

Өтті – жетті

Өлді – солды...т.т.

Осылай сілтей берсек, екінің бірі ақын болып кетпей ме? Айталық, бізде 29 әріп бар. Ұқсастығы мен төркін тегіне бөліп салсақ, одан да кем. Бұл, енді, мүлдем жарамайды ғой?! Ең құрығанда, мазмұндық, мағыналық ұғым, түсінігіне үңіле отырып, сөз қайталаудан қашсақ болмас па? Бұған қарап өзінікі таңсық, өзгенікі қаңсық деп ойлап қалмаңыз. Поэзиялық өң мен түрдің өзгеше теориясын ұсынып та отырғам жоқ. Керісінше, өзін ақын санатында санайтын адамға, менің өз көзқарасым бар: тек ұйқас-пұйқастың ғана айналасында құрақ ұшқан адамда менің шаруам жоқ. Өткен хатымда Блок, немесе, Клюев жөнінде жазсам, оны тек осы тұрғыдан қабылдауыңызды қалаймын. Ақын, егер ол шынайы болса, әр сөзіне әр сатылық биіктен үңілсін...»

(Р.В. Иванов – Разумникке жазған хатынан)

«Менің қайсыбір әріптестерім өлеңсөздің сыртекі түрі мен түсіне ғана қызығуға әбден машықтанып алған сияқты. Олар үшін сөз де, образ да бір өлшемге саяды. Ащы айтсам, кешірсін, киелі де кірпияз өнер атаулыға бұлай қарау кещеліктің бір сықпыты. Оқырманның ішкі жан дүниесі мен қалауын, хақысын зерттеп, зерделей алмаған ақынға – шөп те өлең, шөпшек те өлең. Өнердегі шынайы шеберліктің қай-қайсысы болмасын (сурет, музыка, мүсін, поэзия...) шексіз де шетсіз Адамзат әлемінің, шындап келгенде, бір-бір бөлшегінен асып кете алмайды. Рухани дүниемен қарулану – қалғанын жеңу. Ал енді оның анықтамасына келсек: бәрі Адамнан шығады, Адамның қалауынан туады, Адамның қалауы – тұрмыс-тіршілік, ал тұрмыстіршілік дегеніміз – Өнердің өзі»

«...Іші бос, сырты хош доссымақтардан мезі болдым. Мәскеудің де оңып тұрған жері жоқ. Өз үйім бе? Ол да жоқ, жалдап алған пәтерден де жалықтым, қайдағы селтеңбайлар тыным бермейді. Менімен ішу, мәңгіру, қаңғыру олар үшін мәртебе. Желімдей жабысқақ мұндайлардан қалай құтыларымды да білмеймін. Айналып кел-генде өзімді-өзім ұрсамын, жерлеймін, аяймын да...

...Ақша жетпейді. Табу керек. Адал еңбекпен. Жақында үлкен бір дүниеге отыратын шығармын, пісіп-жетілген сияқты, іште...»

(Р.В. Иванов – Разумникке жазған хаттан)

«...Күні өткен капиталистік құрылымның ойлау жүйесінен баз кеше отырып біз өз шығармашылық образымызды, мәселенки, мына төмендегі Николай Клюев түзгендей емес, басқа бағыттан іздеуіміз керек:

Тысячу лет и Лембэй пущей правит,

Осенщину дань собирая с тварей:

С зайца шерсть, буланый пух с лешуги,

А с осины пригоршню алтынов.

(Тәржімалаудан бұрын біз үшін осы төрт жолдағы «Лембэй» мен «алтынов» сөздерінің төркін тегін анықтау керегірек болып тұрғаны. Алым-салықтың бір түрі қай кезде де «алтын» болғаны бесенеден белгілі. «Лембэй» ше? Біздің Ли Бэйді (Қытай жұртының ұлы ақыны) өзімізге теліп Елібай деп долбарлап жүргеніміздей, оқыған-тоқығаны мол Клюев те аталмыш ақынды өз тілінде жаңылыстау жазып жүрмегей?.. Әбден мүмкін-ау... (аудармашы).

Аталмыш образ революция әлдеқашан күресінге ысырып тастаған ескі үлгі, үрдістің бір көлеңкесі. Қаншама ұтымды шыққанымен, біздің жаңарған жанымыздың аясында ол шіркінің жансыз мүрденің қу сүйегін көз алдымызға елестетеді...»

«Қымбатты Шура! Өмір сүріп жүрмін бе, жоқ па – өзіме де беймәлім. Ақша құрғыр титықтатып бітті. Сирек жазып жүрмін. Кешегі достар бүгін жоқ. Клюевпен есеп айырысқам, Клычковтың қарасын жоғалтқаны қашан... Орешин қабағының астынан қарайды, қорқау қасқырдай жеп қойғысы бар. Ол қазір Сарытауда, төңкеріс жайында болмағыр өлеңдер жазып, көрінгенмен жаға жыртысып жүр. Оны адал досқа балағаным да рас, жаныма жақын жүрсе дегем. Бірақ ол, мен бір басын кесіп алатындай, кері кергуін қоймады. Арамыздағы байланыс үзілген, мен туралы не ойлап жүргенін кім білсін...

Ал Клюевке келсек, қымбаттым, әркезде әрқалай. Қу түлкі сияқты, өзің де білесің, өзімшіл. Сүйкімсіз сиырға бұқаның мүйізін бермегені үшін құдайға мың шүкір. Дәмесі дырдай да, күші аз. Өз өлеңдерінен айнымайды: қисық, бұралаң, сырттай қарапайым көрінгенімен, ішінде сайтан ойнақ салып жүр...

Клычков керісінше. Былайша... түр-өңі түзік, мінезі жұмсақ көрінгенімен, өн бойында жетіспейтін бір нәрсе бар. Ақын ретінде мен оны жақсы көремін, Орешиннен тым тәуір. Меніңше, Клюевтен де, бірақ толайым емес. Қайда жүр, одан да бейхабармын.

Сен, әсіресе, әңгімелеріңмен маған ерекше ұнайсың. Өлеңдерің де... бірақ оларды, өлеңдеріңді айтам, түркістандық инженерлердің әйелдерінің айтқаны бойынша қайта-қайта өңдеп, жөндейтін көрінесің. Мұны, досым, былайғы жұрттың сан саққа жүгіртетінімен шаруаң бар ма? Кімге сеніп, кімге көніп жүрсің, өзі? Соңғы кезде тым көпіртіп жазатын болдың, оның ішінде маған ұнай бермейтін Шығыс жәйлі өлеңдерің де бар...»

(А. В. Ширяевецке жазылған хаттан, 26 шілде, 1920 жыл)

Суреттер ашық интернет көздерінен алынды


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар