Әдебиет - ұлттың жаны. Ұлттық сана, тағдыр, жан жүйесі - көркемөнердің басты тақырыбы. Таптық жік арқылы әдебиет жасалмайды...
Жүсіпбек Аймауытұлы

Басты бет
Әдеби үдеріс
Ыстық шабыттың ықыласы

11.10.2017 4475

Ыстық шабыттың ықыласы

Расы керек, аз жазбаған, бірақ көп талданбаған ақындарымыздың бірі – Сәбит Баймолдин еді. Оның кейбір себептерін әріде Мұқағали Мақатаев, беріде Фариза Оңғарсынова айтыпты. Қосымша себептерін білетіндер және толықтыратын шығар. Дегенмен, қазақ поэзиясына өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының соңы мен жетпісінші жылдарының басында ат қосқандардың арасында Сәбит Баймолдиннің есімі ерекше естілгені анық. Себебі ол өлең жазудың қалыптасқан қағидаларына мойынсұна бермей, үнемі сақтаулы тұратын салқын ақылға ере салғаннан гөрі ықыласы асып-төгілетін ыстық шабыттың екпінін тежемеуге тырысқан аздардың бірі еді. Ал таныс соқпақпен алаңсыз тарта бермей, таңсық қырқаға қиялай із салуға ұмтылудың машақаты көп болатыны әуелден белгілі.

Алдағы наурыз айының бесі күні Сәбит Баймолдиннің туғанына 70 жыл толады. Осы ретте оқырмандарға әуелі ақынның «Қазақстан жазушылары» анықтамалығына түскен өмірдерегін толық ұсынғанды мақұл көріп отырмыз. Онда былай жазылған:

Сәбит Баймолдин 1942 жылы 5 наурызда Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Қарабұлақ аулында туған. 1964 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітіріп, өз ауылында мектепте мұғалім, директор болған. Кейін Қазақ КСР Ғылым академиясының М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аспирантурасын бітірген. «Қазақстан мұғалімі» газетінде Батыс Қазақстан облыстары бойынша меншікті тілші, «Стальная магистраль» газеті редакторының орынбасары, Ақтөбе облыстық кітапқұмарлар қоғамы басқармасында жауапты хатшы, Қазақ КСР Ғылым академиясының М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер, Қазақ КСР Баспа және полиграфия жөніндегі Комитетте бөлім бастығы, баспалар жанындағы Литоның Бас редакторы, «Егемен Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі болып істеген. Оннан астам жыр жинағы, таңдамалылары жарық көрді.

Шығармалары: «Жер-мекен». Тұңғыш кітап. Алматы, «Жазушы» баспасы, 1966 жыл; «Қырда туған». Өлеңдер. Алматы, «Жазушы» баспасы, 1967 жыл; «Монолог». Дастандар. Алматы, «Жазушы» баспасы, 1969 жыл; «Қызыл іңір». Өлеңдер. Алматы, «Жазушы» баспасы, 1971 жыл; «Сағыныш». Өлеңдер. Алматы, «Жазушы» баспасы, 1976 жыл; «Алтын гүл». Өлеңдер, дастандар. Алматы, «Жалын» баспасы, 1978 жыл; «Сенемін саған». Өлеңдер. Алматы, «Жазушы» баспасы, 1980 жыл. «Іңкәр күндер». Өлеңдер. Алматы, «Жазушы» баспасы, 1982 жыл; «Армия семьясы», Өлеңдер. Алматы, «Жазушы» баспасы, 1982 жыл; «Бесік жыры». Өлеңдер. Алматы, «Жазушы» баспасы, 1985 жыл; «Тал кеме», Өлеңдер. Алматы, «Жазушы» баспасы, 1988 жыл.

Ақынның бертінде жазған «Балалар» деп аталатын бір өлеңінде мынадай жолдар бар еді:

Болсын ол қаладағы, даладағы,

Боп жатыр бұлардың бар қалағаны.

Бұл күнде бақытты ғой бізден туған –

Алпысыншы жылдардың балалары.

...Бір кезде құйттай жетім – мына ағаңдар,

Құлаған шаңырақты құрағандар.

Біз сонау жесірлерден қалған жанбыз,

Тілегім – біздей құсап жыламаңдар.

Расында да Сәбит ағамыз құралпыластар дүниеге келген, есейген кезеңдер ер етікпен су кешкен, ат ауыздықпен су ішкен заман еді. Сонда да, бір ғажабы, сол алпысыншы жылдардың соңы мен жетпісінші жылдардың басында Ақтөбе облысының Байғанин ауданы қазақ әдебиетіне аса бір мырзалықпен, сол Нұрпейіс Байғаниннің туын құлатпаған, кейін бір-бір қадау тұлға болған ақын-жазушыларды төгіп бере салып еді: Сағи Жиенбаев, Тобық Жармағамбетов, Бәкір Тәжібаев, Өтежан Нұрғалиев, Есенбай Дүйсенбаев, Қажығали Мұқамбетқалиев, Мәди Айымбетов...

Қазақ жұрты тегіс танитын сол қаламгерлердің бірі Сәбит Баймолдиннің туғанына жетпіс жыл толуы, әсіресе, Ақтөбе жұрты үшін ерекше бір атаулы күн екені даусыз. Ақынның өнер мен өмірдегі іздерінің мол белгілері Байғанин өңірінің топырағы мен Ақтөбе қаласында сайрап-ақ жатыр.

Ал ақынның көп талданбаса да, көрікті дүниелердің иесі болғанының бір дәлелі – мына ұсынылып отырған лебіздер, қазақ әдебиетіндегі екі ерекше тұлғаның ертеректе жазылса да, есте сақталарлық жазбалары.

Ертай АШЫҚБАЕВ

«Ақтөбе» газеті, 23.02.2012.

(Қосымша М.Мақатаев пен Ф.Оңғарсынованың Сәбит Баймолдиннің шығармалары туралы жазған пікірлері мен ақынның бір топ өлеңдері жарияланған).


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Adebiportal@gmail.com 8(7172) 79 82 12 (ішкі – 112)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар