Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЕСТЕЛІК
Қабдеш Жұмәділов. Бір қызық сапар...

21.06.2019 5059

Қабдеш Жұмәділов. Бір қызық сапар

Қабдеш Жұмәділов. Бір қызық сапар - adebiportal.kz

(Қаз-қалпында)

Бір ұрты май, бір ұрты қан Совет өкіметінің, басқасын былай қоя тұрғанда, ақын-жазушыларға қамқорлығы көп еді ғой. Жазушыларды ақшадан тарықтырмай, шыққан кітабына мол қаламақы төлеудің сыртында, қаламгерлерді қалада қамап отырмай, уақ-уақ ауыл аралатып, елге шығарып отыратын-ды. Сол үшін жазушылар одағында «Әдебиетті насихаттау бюросы» дейтін арнаулы кеңсе құрылды. Өзінің дербес директоры, қызметкерлері, бухгалтері, мөр-таңбасы бар. Бюроның қызметкері күні бұрын аудандарды аралап, шаруашылық басшыларымен келісім-шарт жасап қайтады да, әр ауданға жазушыларды кезегімен жіберіп отырады. Бір ауданда кемінде отыз кездесу болады. Кездесу ақылы. Ұмытпасам, әр кездесу үшін жазушыға он бес сомнан төледі-ау деймін.

Бұл жазушыларға барынша пайдалы еді. Табыс табудың сыртында, ел көресің, жер көресің. Кейде жаңа шығармаға тақырып тауып қайтасың. Алайда, насихаттау бюросының да өз қағидалары бар еді. Ондай іссапарға кім көрінгенді жібермейді. Іссапарға үш адам шықса, топ бастығы міндетті түрде танымалы жазушы, кемінде одақтың басқарма мүшесі болуы керек. Ол адам ертіп шығатын бригадасын өзі таңдауға ерікті. Не болмаса тілек білдірушілерден бюроның өзі жасақтайды. Мен қаланың у-шуынан, қапырық ауасынан зеріккенде, жылына бір-екі рет осы бюро арқылы қырға шығып тұратынмын.

Ұмытпасам, өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының орта шені болар, сол кезде республикалық баспалар комитетінде істейтін жас әдебиетші, қазіргі танымал жазушы, ақын Қажытай Ілиясов маған келіп, мынадай қолқа салды.

– Қабеке, біздің кеңседе іссапар деген атымен жоқ екен. Іш пысып, жарылуға айналды. Мені бір жаққа ертіп апарсайшы!

– Қайда барғың келеді?

– Жазушылар одағында Әдебиетті насихаттайтын бюро бар дейді. Солар кәдімгідей ақша төлеп, жұртпен кездесуге шығарып тұрады екен. Басқалар бізді «үйіріне» қоспайды. Сен де бір топ құрып, бізді өзіңмен бірге алып шықсайшы...

– «Бізің» кім сонда?

– Мен және керемет ақын Жұматай Жақыпбаев...

– Ол «кереметің» қайда тұрушы еді?

– Талдықорғанда... Іссапарды Талдықорғанның бір ауданына алсаң тіпті жақсы. Жұматайды жол-жөнекей қосып аламыз.

Қажытай екеуіміз «қызыл сызықтан» қол ұстасып бірге өткен адамбыз ғой. Маған артық-ауыс базына-тілекті сол ғана айта алады. Оның еркелігін мен ғана көтеремін... Қажытай да, Жұматай да ол кезде бір-бір жинағы шыққан жас ақындар. Одаққа мүше емес. Екеуін бірдей қосып алғанымыз қалай болар екен? Ал, Қажытайдікі – «тышқан інге кіре алмай жүріп, құйрығына қалжуыр байлапты» дегеннің кері. Ал Жұматай дегені орнынан табыла қоя ма, жоқ па, ол да белгісіз.

– Жарайды, мен бюромен сөйлесіп көрейін, – дедім Қажытайдың көңілін қимай.

Қажытай Ілиясұлы

Ол кезде Әдебиетті насихаттау бюросының директоры – Қалмұқан Исабаев ағамыз. Обалы кәнеки, ол кісі менің бетімнен қақпай, қалаған жеріме жіберіп тұратын. Ертеңіне сол кісіге бардым да:

– Қалеке, ми сергітіп қайтпасақ болатын емес. Мені Талдықорған облысының бір ауданына жіберіңізші! – дедім.

– Көрелік. Талдықорғанда біздің дайын договорымыз бар ма екен? – деп Қалекең алдына картасын жая бастады. – Бар екен, – деді әлден уақытта. – Тек Бөрлітөбе ауданы ғана қалыпты.

– Бөрлітөбеңіз қай жақта еді?

– Балқаштың жағасы, теміржолдың бойы. Өзің пойызбен Семейге қарай жүргенде Ақтоғай, Матай, Лепсі деген стансалардың үстінен талай өткен шығарсың...

– Ылғи тарсылдаған теміржол ма – баратын жеріміз?

– Жоға, жолдың екі жағында мал совхоздары сыңсып отыр.

– Жарап тұр, барамыз! – дедім мен басқа таңдау болмаған соң. – Балқаштың жағасы болса, қалың кұмның ішіне бұрын көп ешкім бармаған шығар, тіпті жақсы...

Қалекең сол арада тартпасын ашып, Бөрлітөбемен жасалған келісім шарттарын шығара бастады.

– Айтпақшы, қасыңда кімдер болады? Мен қосайын ба, әлде өзің таңдап аласың ба? – деді қағаздан бас көтермеген күйі.

– Мен оларды таңдап алып та қойдым, Қалеке!

– Кімдер олар? Мен аттарын атап, бұйрыққа қол қоюым керек қой...

– Жас сықақшы Қажытай Ілиясов пен жас ақын Жұматай Жақыпбаев... Бұрын мұндай сапарға шықпаған жігіттер.

– Екеуі де құнан емес, «тай» екен (ұйқасқан аттарының соңғы буынын айтып отыр). Байқа, өзіңе ауырлық келтіріп жүрмей ме? - деді Қалекең сақтық айтып.

– Ештеңе етпейді. Екеуі де талантты жас перілер...

– Мен сол «перілерден» қорқам – деді Қалекең. – Екеуі де одаққа мүше емес, елге барған соң бүлдіріп жүрмесін.

– Құдай сақтар. Тентектік істесе, тезге салып алармыз.

– Ендеше, жауапкершілік өзіңде. Біз сені ғана білеміз, – деді директор кесетіп.

Сонымен, бюродан он күнге жетерлік жол қаражатын алып, Қажытай екеуіміз аттанып кеттік. Талдықорған әуежайында бізді обкомның жауапты қызметкері қарсы алды. Қала шетіндегі обкомның резиденциясына әкеліп орналастырды. Демек, бүгіннен бастап обкомның қонағымыз. Біз үшін тамақ та, жататын орын да, бәрі тегін. Бізге бекітілген үгіт бөлімінің қызметкері жанұшыра қызмет етіп жүр. Біздің сапарымыз сол күндері облыстағы маңызды оқиға болып саналады. Өйткені «Әдебиет – партиялық істің бір бөлегі» (Ленин). Аузы дуалы ақын-жазушылардың көмегімен партия өз ойларын жүзеге асырып отырады.

Ендігі міндет – тағы бір серігіміз Жұматайды іздеп табу. Кеше ғана елеусіз көшеде жүрген Жұматай – бүгін қадірлі адамның бірі. Себебі, Жазушылар одағы жіберіп отырған арнаулы топтың мүшесі. Қажытайдың айтуынша, ол облыстық газетте ме, радиода ма, бір жерде қызмет істеуге тиіс. Бізге бекітілген обком қызметкері енді Жұматайды іздеп сабылуда. Бірақ ол еш жерден таптырар емес. Оның облыстық газетпен де, радиомен де байланысы бары рас екен. Бірақ «штаттан тыс» қызметкер көрінеді. Қалаған уақытта келіп, жазғандарын өткізеді де, ары қарай өз билігі өзінде, жүре береді.

Жұматайдың әкесінің қора-жайы, туған ағасы сол қалада екен. Сұрастырғанда, олар да ештеңе білмейтін болып шықты... Ақыры, оны білетін сыралғы таныстарының бірі:

- Қазір қалада облыс шопандарының слеті өтіп жатыр. Жұматай, дәу де болса, сол шопандар жатқан қонақүйде сайрандап жүрген шығар, – деп жөн сілтеді.

Біз, ақыры, шопандар орналасқан қонақ үйге бардық. Уақыт болса өтіп барады. Мен теріме сыймай ыза бола бастағам. Ауданға Жұматайсыз-ақ кете бергім келіп еді, оған Қажытай шырылдап көнбейді. Екеуінікі не достық екенін білмеймін, Жұматай десе жанын қиюға әзір... Ақыры, қонақ үйге кіріп кеткен Қажытай не заманда, бір бөлмеде ұйықтап жатқан жерінен Жұматайды тауып алып шықты.

Бірақ ол мына қалпында жолға шығуға дайын емес-ті. Өзі де, үстіндегі киімі де... Оны ауданға апару үшін әлі біраз дайындық керек. Ваннаға салып жуындыру, мұртын басып, сақалын алу, сонан соң іссапарымызға сай киіндіру деген сияқты... Сөйтсек, Жұматайдың тұрақты мекен-жайы жоқ екен. Бір қызы мен әйелі бұдан бөлек тұратын көрінеді. Жұматайда не көп - жолдас көп. Солардың ортасында көрінген үйге қона салып, «жаяу сері» боп жүрген жайы бар екен. Оны тастап кетейін деп бір оқталдым да, мынадай қорғансыз халін көріп, тағы аядым.

Облыстық газетте Жұматайдың тағы бір досы, ақын Әбен Дәуренбеков істейді. Енді оның жолға шығуына сол Әбен көмектесті. Ол Жұматайды үйіне ертіп барып, жуындырып-шайындырып, жол жүруге кәдімгідей дайындады. Екеуінің размері (бойтұрқы) мұндай дәлме-дәл келер ме, Жұматайға таза көйлек, костюм-шалбар кигізіп, аяғындағы тәуір бәтеңкесіне дейін шешіп беріпті. Міне, жолдас болсаң осындай бол! Қайтсін байғұс, ел атына, ақындар атына кір келмесін дегені ғой.

Жұматай Жақыпбаев

Осыдан кейін ғана мен обкомға хабарласып, өзіміздің жолға шығуға дайын екенімізді білдірдім. Бұл түс ауып қалған кез еді. Ондағы үгіт бөлімінің бастығы да бізге алаңдап отыр екен.

– Онда бүгін жүріп кетіңіздер. Аудан сіздерді күтіп отыр, – деді ол бізді жолға салғанша асығып. – Сіздерді ауданға өз машинасымен обком мүшесі Непейпиво апарады.

Мен басында ештемеге түсінбей аңырып қалғам.

– Кешіріңіз, бұл араға пиво ішудің не қатысы бар? – деппін аң-таң болып. Бөлім бастығы қарқылдап күліп жіберді.

– Қабеке, түсінбей тұрсыз. Непейпиво – кісінің фамилиясы. Біздегі облыстық орыс газетінің редакторы – сол Непейпиво жолдас.

– Мейлі, бізге «Непейводка» болса да бәрібір. Тек көлігі жайлы болса болғаны, – дедім мен де күле тіл қатып.

Не керек, күн еңкейе теміржолдың Матай бекетіне орналасқан аудан орталығына да келіп жеттік-ау! Айтқанындай, бізді аупарткомның идеология хатшысы Совет Кенжебеков бастатқан біраз адам күтіп тұр екен. Үшеуімізді қонақүйлерінің тәуір деген бөлмесіне орналастырып, келген құрметімізге шағын қонақасы берді.

– Үлкен қабылдау ертең, көл жағасында болады. Оған аупарткомның бірінші хатшысы Құндақбаев жолдастың өзі қатысады, – десті бізді қарсы алушылар.

Осы отырыста аптаға созылатын сапарымыздың графигін белгіледік. Әр күні өтетін кездесулердің сағат-минутына дейін қағазға түсті. Қасымызға аупартком кісі қосады. Астымызға құмға батып қалмайтын сенімді көлік береді... Көрдіңіз бе, біз енді ауданның қонағымыз. Қашан қайтқанымызша, әр қадамымызға аупартком жауапты.

Айтыстарына қарағанда, бұл өңір бір кезде Ақсу, Қапал, Сарқант аудандарының мал отарлататын қыстаулығы екен. Кейін ел іргесі кеңейіп, мал басы артқан кезде, жол бойындағы теміржол бекеттерін қосып, өз алдына дербес аудан құрыпты. Мал совхоздарының дені құм арасында. Балқаш жағасында балық шаруашылығы да бар. Тораңғы тоғайынын іші – толған қырғауыл. Сонымен таразының бір басында – мал баққан ел, екінші басында – балығы тулаған көл. Егер ұқсататын кісі болса, бұл аудан ешкімге алақан жаятын түрі жоқ.

Ертеңінде алғашқы кездесуіміз Мұқан Төлебаев атындағы совхоздан басталды. Осында Мұқанның мұражайы бар-тұғын. Алдымен соған ат басын бұрып, тауап еттік. Ұлы композитор Қазақстанның тұңғыш әнұранын осында отырып жазған... Түскі кездесу совхоз орталығында өтті де, кешке қарай көл жағасындағы бөлімшеге келдік. Бөлімше болғанмен, «соңғы түйенің жүгі ауыр» болатын түрі бар. Себебі, кешкі отырысқа бірінші хатшы Құндақбаев қатысады.

Екі жердегі кездесу де ойдағыдай жақсы өтті. Бұлар, шынында да, жазушылар көп шиырламаған, жиыннан ығыр болмаған, әлі сонысы басылмаған өлке екен. Халықтың әдебиетке, көркем сөзге деген ықыласы суымаған. Қанша дегенмен, Ілияс Жансүгіров пен ақын Сараның, Мұқан Төлебаев пен Ғали Ормановтың елі емес пе, өздерін сол деңгейде ұстағысы келеді... Ілияс – олар үшін мәңгілік мақтаныш. Сол алғашқы кездесуде Матайдың бір шалы Қажытайға қарап:

– Шырағым, ныспың Ілиясов екен. Біздің Ілекеңнің бірдемесі емессің бе? – деп сұрап қалды. Тосын сұраққа Қажытайдың сасыңқырап қалғанын сезіп, мен іліп әкеттім.

– Ақсақал, біз бәріміз де Ілекеңнің бірдемесіміз – дегенімде, жұрт жабыла қол соқты.

Жалпы, кездесу тәртібін былай белгілегенбіз: алдымен бізді бастап жүрген аупартком өкілі (кейде хатшы, кейде бөлім бастығы) бізді жұртшылықпен таныстырады. Сонан кейін сөз маған беріледі. Мен жалпы әдебиет туралы, өз шығармаларым жайында әңгімелеймін. Онда қазіргі атақ-дәрежемнің ешқайсысын алмаған кезім. Бірақ оқушы қауым мені жақсы біледі. Өйткені «Соңғы көшті» жұрттың бәрі оқып алған. Ол роман осыдан үш-төрт жыл бұрын «Жұлдыз» журналының бірнеше нөмерінде 200 мың тиражбен тараған ғой. Онда «Жұлдыз» журналы малшы қауымның қойны-қонышында жүретін кезі. Әңгіме соңында сұрақ дегенің жауып кетеді.

Менен кейін Қажытай мен Жұматай өлең оқиды. Қажытайдың қалжыңға толы әңгімесі мен сықақ өлендерін тыңдап, жиналғандар күлкіге қарық болады. Жұматайдың да лирикалық өлеңдері жақсы екен. Әзірше тақырып аясы тым кең де емес. Оқитыны – көбінше екі тақырып. Өлеңдерінің дені Ләйлі деген қыз бен Кенежирен деген сәйгүлікке арналған. Ләйлі – ақынның қосылмай қалған ғашығы. Оған деген құштарлығы бір суымай, бір жинақ бойында ішкі сырын үздігіп айтады да отырады. Жалпы, Жұматайды қағаздан оқу керек екен. Сахнада өз өлеңін жақсы оқи алмайды. Дауысы танауынан арыға ұзамай, сөздерінің жартысын жұтып, быдыңдап кетеді. Әйткенмен, жүйрік ат пен ғашықтық жырларға ауыл жастары құмар-ақ.

Кездесуіміз біршама тәуір өткенімен, алғашқы күні бізде сәл-пәл «ЧП» бола жаздады (ЧП – «черезвычайное проишествие» – қазақшасы «төтенше оқиға»). Екінші ауылдың бір ерекшелігі – қонақтарға арнайы үй тігіліпті. Кездесуден соң көл жағасындағы сол үйге апарды. Біз далада аялдап тұрғанда, екі-үш нөкерімен бірінші хатшы Бек Құндақбаев келді үстімізге. Сөйтсек, кеше айтылған «хатшының арнаулы қабылдауы» осында өтпек екен. Айтса айтқандай, жасау-жиһазды, сән-салтанатты киіз үй. Майысып тұрған дастарқан... Не жоқ дейсің бұл үйде?! Құстың сүтінен басқаның бәрі бар.

Бірінші хатшы – қырықтың ішіне енді ілінген, орта бойлы, жылы жүзді, әдебиеттен де мол хабары бар, өте сыпайы жігіт екен. Бірден тіл табысып, шүйіркелесіп кеттік.

– Жігіттер айтты, алғашқы кездесулеріңіз жақсы өтіпті! – деп бізді көтермелеп қойды. – Ал, енді біздің елде еңбек еткен адамның ішіп-жеуге ерікті екенін білесіздер. Кәне, ас алыңыздар!

Дастарқанда ас мол: үсті-үстіне келіп жатыр. Бағланның басы тұрыпты ғой, одан басқа Балқаштың балығы, қырғауылдың қуырдағы, неше алуан жылы-жұмсақ, тәтті-дәмділер. Ішімдіктің түр-түрі. Мұндайда аудан басшылары, совхоз жетекшілері қонақтың келуін сылтауратып, өздері де бір «демалып қалатын» әдеті. Тартынбай ішіп-жеп жатырмыз.

Әйтсе де, менің көңілімде бір алаң бар. Уақ-уақ қасымдағы серіктеріме қарап қоямын. Олар арбаға жаңа жегілген, мінезі шалкем-шалыс аттар секілді. Солар мына дастарқан сынынан сүрінбей өтсе екен деп отырмын. Екеуі де мұндай қонақасы-банкеттерде көп болмаған жігіттер ғой, сыр алдырып жүрмесе болғаны. Олай ойлауға себеп, маған олардың арақ ішу мәнері ұнамады... Тегін арақ табылса сілтей беретін сол баяғы студенттік машық. Байқап отырмын, рюмканың түбінде тамшы қалдырмай төңкереді-ау! Ақыры, «қаупің неден болса, ажалың содан» дегендей, серіктерім сыр бере бастады. Кеше ғана Талдықорғаннан талықсып шыққан Жұматай отырыстың аяғына жетпей «қор» етіп, ұйықтап кетті де, Қажытайдың да тілі күрмеліп, артық-ауыс сөздер айта бастады... Қонақтар қатардан шығып қалған соң отырысты ертерек доғаруға тура келген. Бірінші хатшы өте сыпайы, кең адам екен:

– Бұлар – ақындар ғой... Ақынға мұндай еркелік жарасады, – деп мені жұбатқан болады.

Ал, менің қандай ызаға булыққанымды сұрамаңыз! «Иттер, қолыма қазір түсерсіңдер!» деп, қонақ үйге жеткенше асығып келемін. Іштей: «Әй, өзіме де сол керек, осы екі жындыны ертіп шығып нем бар еді» деймін өзімді-өзім қажап.

Қас қарая қонақ үйге жеткенбіз. Бөлмеге кірісімен Қажытай мен Жұматайды шақырып алдым да:

– Қазір кешкі сағат онда Алматыға қарай пойыз жүреді. Екеулерің заттарыңды жинап алыңдар да, сол пойызбен қайтыңдар! – дедім түсімді суытып.

Жәй домбыту емес, шын ойым да сол еді. Тағы бір масқараға ұшырамай тұрғанда екеуін жолға салып, біржола құтылғым келген.

– Неге олай, Қабеке? Алда халықпен кездесу бар емес пе?! – деді өз кінәсін сезе бастаған Жұматай өтірік аңқаусып.

– Оған алаңдама, қалған кездесулерді өзім жеке өткіземін. Екеулерің үшін белбеуіме екі қурайды қыстырып алам да, жалғыз тарта берем...

– Неден жаздық? Кездесу жаман өтпеген сияқты. Өлеңдеріміз жұртқа ұнады, - деді Қажытай қызарақтап.

– Өлеңдеріңде дауым жоқ. Бәлкім, таланттарың да бар шығар, – дедім сазарған күйі. – Бірақ екеулерің де кісі емессіңдер!... Өздеріңді дастарқан басында қалай ұстауды білмейсіңдер. Ұят-ай, алғашқы күні-ақ сыр алдырдыңдар-ау!

– Не боп қалды соншама? – деді Қажытай әлі де иіле коймай.

– Не болушы еді... Әй, осы арақтан әкелерің өлді ме, сендердің? Тақ бір құндарың қалғандай шөпектеп, ыдыстың түбіне дейін ішетіндерің не? Нәтижесі не болды? Отырыстың аяғына жетпей екеулерің де құлап қалдыңдар...

«Е-е, арақ екен ғой – айтып отырғаны» дегендей, екеуі бір-біріне қарап қойды. Біршама жеңілейіп қалғандары байқалады.

– Ойбай, ағатай, онда кездесу біткенше, арақ ішуді тас қояйық! – деді Жұматай шыр-шыр етіп.

– Мәселе арақта тұрса, оның жарасы жеңіл ғой, – деді Қажытай одан гөрі немкеттілеу үнмен.

– Арақты ауызға алмау да - шынайы шешім емес, – дедім мен. – Дастарқан басында сендерді қалай қаңтарып қоям? Оны жұрт қалай түсінеді? Егер келіссеңдер, бұдан былай сапарды жалғастырудың бір ғана шарты бар.

– Айтыңызшы, Қабеке! Қандай шарт қойсаңыз да орындаймыз.

– Иә, орта жолдан қайтқанымыз ел-жұрттан ұят қой, – деп екеуі енді маған жалына бастады.

– Онда былай болады: дастарқан басында маған қарап отырасыңдар. Мен рюмканың қай жеріне дейін ұрттасам, сендер де сол мөлшерде тоқтай қаласыңдар. Келістік пе?

– Келістік, ағатай...

– Бұдан кейін өзіңе қарап отырамыз! – десті екеуі жанұшыра уәде беріп.

– Ендеше, сынақ мерзімін тағы бір күнге ұзартамын. Ертеңгі күннен аман өтсеңдер, сапарларың одан ары жалғасады.

Сапарымыз белгіленген график бойынша жалғасып жатты. Әр күні жаңа бір ауылға барып кездесу өткіземіз. Кездесу соңы – көл-көсір дастаркан. Ол – қазір жұрт «тоқырау заманы» деп атап жүрген дәуір ғой. Менің есімде қалғаны – ол бір дастарқаны тоқ, уайым-қайғысы жоқ кезең болатын.

Келесі күні-ақ біздің «серілердің» тәртібі жөнге келе бастады. Дастарқан басында екеуі жымың-жымың етіп, мені бағып отырады. Бұрынғыдай ыдысты түбіне дейін төңкеруді азайтып, олар да ұрттап қана қоятын болды. Бұрынғыдай шаршап-шалдығу, қалғып-шұлғу жоқ, сергек те ширақ жүретін болған екеуі де.

– Қабеке, мынауыңыз жақсы болды-ау! Осыны бұрын неғып білмей келгенбіз? – дейді өздері тақ бір «Американы ашқандай» таңданып.

Аудан аралап жүргенде неше алуан «қызықтар» да ұшырасып қалады. Бір күні арғы құм ішінде жатқан «Құрақсу» аталатын ауылға бардық. Жолы тым қиын екен, тораңғы тоғайының арасында көлігіміз неше рет құмға батып, күн еңкейе жеттік-ау, әйтеуір. Совхоз басшылары жұртты мектепке жинап, бізді күтіп отыр екен. Бұл ауылда ана бір жылдары Құдаш Мұқашев деген ақын ағамыз төрт-бес жыл партком хатшысы болып істеген екен. Бұл өңірге сол кісіден басқа ат ізін салған жазушы болмаса керек.

– Бұл енді, сөз жоқ, қазақ мектебі шығар – дедім мен кездесу басталар алдында.

– Жоқ, кешіріңіз, бұл – орыс мектебі! – деді мектеп мүдірі.

– Қалайша? Мұнда орыстар тұра ма?

– Жоға, бұл жақта орыс қайдан болсын... Жоғарғы жақ жоспарға солай енгізіп жіберіпті.

– Сонда сабақты кім өтеді? Орыс мұғалімдері өте ме?

– Жоға, мынадай құм арасына орысты қуаласаң келе ме. Сабақты білген орысшамызбен өзіміз-ақ өтіп жатырмыз...

Иә, Совет өкіметінің кейде осындай адамның ақылына сыймайтын зорлықтары да болушы еді-ау!

Сонымен, Бөрлітөбедегі сапарымызды бір аптада сәтімен аяқтап, пойызға отырып Алматыға қайттық. Бұл – менің құмды өлке табиғатымен алғаш танысқаным болатын. Осы сапар кейін менің шығармашылығыма да елеулі із қалдырды. Мен шығарма жазғанда, оқиғаны белгілі бір аймаққа «орналастыратын» әдетім бар. Бұл шығармаға нақтылық сипат береді. Осы сапар кейін менің «Бір түп тораңғы» атты повесім мен «Жемдеген қырғауылдар» деген әңгімемнің жазылуына түрткі болды.

Ал, Жұматай үшін бұл сапар шешуші маңызы бар, бұрылыс кезеңі болды десек қателеспейміз. Сол жолы ол бізбен бірге Алматыға келді. Насихаттау бюросынан тиесілі ақшасын алып, Талдықорғанға сонан соң бір-ақ қайтпақ. Осы сапар барысында байқағаным, Жұматай мына бетінде Талдықорғанға барса, құрдымға кетері көрініп тұр.

– Сен енді Талдықорғанды қой, Алматыда қалатын бол! – дедім мен оған пойызда келе жатып. – Әдеби ортаға келмесең, басқа жаңалық қоспай, тек Ләйліні жырлаумен өтесің...

– Келер ем, қызмет табылса, баспанаға қол жетсе...

– Ол жағын ойластырайық. Сен ақшаңды алған соң Талдықорғанға бар да, тез қайтып кел. Оған дейін біз де қарап отырмаспыз...

Жұматай уәдесінде тұрып, жарым ай мөлшерінде қайта оралды. Ол келгенше қызметтің де басы қайрылып қалған. Ол кезде «Жалын» журналының бас редакторы Тұманбай Молдағалиев болатын. Тұмекеңнен ештеме жасырмай, егер дәл осы тұста қол ұшын бермесек, Жұматайдай талантты ақынның құрдымға кеткелі тұрғанын ашық айттым. Бір тәуірі, Тұманбай оны сырттай біледі екен.

– Ол әлгі Ләйлі туралы өлең жазатын мұртты жігіт қой, – деді бірден елең етіп. – Бірақ ол қызметке қалай екен? Бір орында табандап отыра ала ма өзі?

– Оған қызметтің айы өтіп жүр. Отырады! – дедім нық сеніммен.

Сөйтіп, Жұматай келісімен Тұманбай оны жұмысқа алды. Ал, баспана жағына келсек, біздің үйдің дәл қасында (Жамбыл көшесі мен Иса Байзақов көшелерінің қиылысында) Мәдениет министрлігінің жатақханасы бар-тұғын. Онда бойдақ әртістер, әлі үй ала алмай жүрген үйлі-баранды әншілер тұратын-ды. Министрліктегі жігіттермен жалғасып, әлгі жатақханадан Жұматайға бір бөлме алып бердік.

Жаңылмасам, сол бөлмеде Жұматай жылға жуық тұрды. Кешкі асты, көбінше, біздің үйден ішетін-ді... Сонда бір байқағаным, сенің берген көмегің үшін, қол ұшын созғаның үшін Жұматай саған рахмет айтып жатпайды. Оның пайымдауынша, ол өте талантты ақын. Өмірде ұшырасқан адамның бәрі оған қызмет көрсетуге міндетті. Мұндай мінез, бәлкім, оның төре әулетінен шыққандығынан болар, сірә.

Мен жұмыстан келген сайын төр алдында домбыраны тыңқылдатып Жұматай отырады. Бір жолы менің қабағымдағы салқындықты аңғарды-ау деймін:

– Қабеке, мен болсам уағымен арағымды ішіп, Талдықорғанда тайраңдап жүрген жан едім. Қарап жүрмей Алматыға алып келген – өзіңіз. Енді, амал жоқ, мені біразға дейін асырайсыз, – деп қалжыңдаған болды...

Зырлап бара жатқан заман. Міне, содан бері де отыз бес жылдай уақыт өтіпті. Жұматай – бұл күнде бақилық болған талантты ақындар санатында. Оның қазақ өлеңінің хас шеберлерінің бірі екеніне қазір ешкім таласпайды. Рас, тым асырып айтатындар да бар. «Жан досымыз еді, қолын біз жеткізіп едік» дейтіндер де аз емес. «Арамыздан қыл өтпей тату тұрушы едік» деп сендіретін жесірлер естелігі өз алдына бір төбе.

Ал, біздің ондайлармен бәсекеге түсер жайымыз жоқ. Кейде әлгіндей шындыққа жанаспайтын, көпірме көп сөздерді естігенде, баяғы Бөрлітөбе сапары, ауыздықпен алысқан екі жас ақынға қалай «бас білдіріп» қайтқанымыз еріксіз еске түседі.

2011 ж, тамыз


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар